- Толығырық
- : Тарих
- Read Time: 1 min
- Көру саны: 182
Мақалада XXVII-XXVIII ғасырларда өмір сүрген атақты Есболай батырдың ұрпақтарының 20-30- жылдары совет үкіметі тарапынан саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандығы баяндалады.
Олардың ешқандай сот үкімінсіз атылып, қайда жерленгендігі белгісіз болғандықтан, мемориал қоюдың қажеттігі ұсынылған.
Кілт сөздер: Есболай батыр еңбегі, Қарабау байларының тәркіленуі, босқындар тағдыры, сайлау құқынан айыру, жазықсыз атылғандар.
- Толығырық
- : Тарих
- Read Time: 1 min
- Көру саны: 356
Мемлекетіміздің Батыс қақпасында - Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Ресей Федерациясымен шекаралас Қиғаш өзені бойында Кудряшов ауылдық округі орналасқан. Кудряшов округінің негізі 1918 жылы «Тәрбай» Кеңесі болып құрылған. 1922 жылы «Бірлік» Кеңесі боп атауы өзгеріп (кейіннен, әлденеше құрылымдық өзгерістен соң), 1937 жылдан бастап, Кудряшов ауылдық Кеңесі болып аталған.
Округ көлемінде 3 елді мекен бар – «Жаңа ауыл», «Арна», «Кудряшово».

Осы округтің Жаңа ауыл елді мекеніндегі Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебінде 402 бала білім алып, 57 мұғалім дәріс беруде. Мектеп директоры Әділжан Өтепбергенов.
Ғ.Мүсірепов атындағы мектеп оқушылары білім жолында үздік нәтижелерге қол жеткізіп, түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда мектеп абыройын асқақтатуда. Дарынды шәкірттердің табандылығы мен ізденімпаздығы олардың жоғары жетістіктерінен айқын көрініс табуда.
Мектеп оқушылары аудандық олимпиадалар мен байқауларда өте көптеген жүлделі орындарды иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті.Дегенмен, аудан көлемінде жүлделі бірінші орындарды иеленіп, облыс деңгейінде мектеп намысын қорғаған оқушылардың ішінде де жүлдегерлер бар.
Облыстық деңгейдегі дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінген негізгі мектеп мақтаныштары - 5 сынып оқушысы Алекс Жарқынай, аудандық іріктеуден кейін облыстық «Зерделі ұрпақ» олимпиадасында І орын иеленіп, облыстық «Алтын сақа» олимпиадасында ІІ орынға лайық деп танылды.Сонымен қатар, «SiIkway Genius Oiympiad» олимпиадиасында да жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп мерейін үстем етті.
11 сынып оқушысы Шапетов Тұрлыбек орыс тілі пәні бойынша ғылыми жобалар байқауында ІІ орын иеленіп, білім мен ізденістің үлгісін көрсетті. Сондай-ақ «Ауыл олимпиадасы» және облыстық олимпиадада география пәні бойынша ІІІ орынға ие болды.
Мектепте тәрбие бағыты бойынша да жетістіктер аз емес. 9 сынып оқушысы Алекс Айсана «Табиғат және өнер» байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, шығармашылық қабілетімен ерекшеленді.
Спорт саласында да, мектеп оқушылары жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Облыстық қол добы жарысында Уахитова Гүлжан мен Мейрамбекова Ақтоты жүлделі ІІорынды иеленіп, мектеп намысын абыроймен қорғады.
Осындай жарқын жетістіктер – сапалы білім мен саналы тәрбиенің нәтижесі.
Біз де, жеңімпаз шәкірттер мен жетекшілерін мақтан тұтып, алдағы білім додаларында да, толағай табыстар биігінен көрінулеріне тілекшіміз.
«Өзін белгілі бір ұлттың өкілімін деп санайтын адам, сол ұлттың тарихын білуі тиіс». М.Арын
Дүрбелең дүниенің көшінде жаһандануға жұтылып кетпес үшін, ұлттың ақуыз қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық құндылықтарды, тарихи сананы қалыптастыру кезек күттірмейтін іс. Осы орайда, «Алтын қазық –Туған жер»дің тарихы шежіреленетін Рухани орда – Тарихи-өлкетану мұражайының ықпалды жұмысы маңызды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Ұлттық Мұражайы мен «Туған жер»-Қазақстандық өлкетанушылар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында, Атырау облысы Құрманғазы ауданының өңірлік тарихы бойынша, аталған мектепте 2025 жылы 20 мамырда Тарихи – өлкетану мұражайы ашылған еді(меңгерушісі Б.Гапуов, тарих пәні мұғалімі).
Мектепте Тарихи-өлкетану мұражайының ашылу Салтанатына ҚРГуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Еңбегі сіңген қызметкер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Атырау облысының, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Туған жер» бірлестігінің Үздік өлкетанушы төсбелгісінің иегері, жазушы, өлкетанушы, Құрманғазы ауданының «Өренді өлкетанушы» Клубының жетекшісі Ө.Қажымғалиев, өлкетанушылар Ж.Ғұмаров, Р.Сұлтанияев, З.Сағыпазова, «Серпер» газетінің тілшісі Қ.Ғұмаров,аудандық Мұражайдың басшысы Ж.Хайрошева, ардагер ұстаздар, ұстаздар, өзге мектептерден мұражай меңгерушілері, т.б қатысқан еді.
Құрманғазы ауданының «Өренді өлкетанушы» Клубы мен Ғабит Мүсірепов жалпы орта мектебі тарихи-өлкетану мұражайының 2025-2026 оқу жылындағы жұмыс жоспары, мектеп директоры, аудандық Білім беру бөлімімен келісіліп, Құрманғазы ауданының «Өренді өлкетанушы» Клубының жетекшісі Ө.Қажымғалиевпен бекітілген.
Тарих... «Тарихқа үңілу керек,оны таразылау керек, өйткені тарих жолы-адамның жолы, ал адамның басына, халықтың басына түскен тауқымет, оның маңдайалды ұлдарының тағдырынан тасқа басылған таңбадай айқын көрінген» Ә.Әлімжанов
Мұражайға округтегі ауылдардың әр жылдардағы өмір-шежіресі іспеттес округтің, мекемелердің, мектептің құрылу тарихы, «Туған елдің тарландары»,«Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы», «Өткен өмір-болашақ бастауы», «Ұстаз еңбегі –алтын қазына» атты көрнекіліктер, сыр тұнған айғақтар болып табылатын танымал балықшылардың, тұлғалардың суреттері, соғыс және тыл ардагерлері, ардагер ұстаздардың өмірдеректері, киіз үй макеті, нумизматикалық,этнографиялық, тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдері т.б құнды жәдігерлер қойылған.
Мұражайдағы Қазақ КСР Балық шаруашылығының Министрі, күллі ел сыйлап, құрметтеген, өзінің алып денесіне сай, ісі де, күші де ірі, асыл адам Шайхы Әбішұлының өміржолы туралы деректердің – ұлағаты мол екендігі шүбәсіз.
(Атап өткен жөн, 2025 жылдың шілде айында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-топонимикалық экспедициясының Сафон, Кудряшов ауылдық округтері көлеміндегі жұмысы кезінде, мектеп тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Б.Гапуов мұражайда жинақталған деректерге сүйеніп, жер-су атауларын анықтауға қолдау көрсетіп, олардың қазақша атауларына ұсыныс та берген).
Тарихи-өлкетану мұражайы – қор толықтыру, қосымша көрнекілектермен жабдықтау, үгіт-насихат, экскурсиялық қызмет көрсетуді, т.б жүргізуде.
2025 жылы тамыз айында, мектеп Мұражайының қорына, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, өлкетанушы З.Сағыпазова тарихи танымдық, туған жер тарихы шежіреленген «Құт-Тұмар» кітабын табыстады.
Н.В.Гоголь атындағы орта мектептің 1966-1976жж.түлектері қоғам дамуының сан-саласында еңбек етіп, зейнет төріне өрлегендер. 50 жыл өткен соң, осы жылы мамыр айында, түлектер мектептің мұражай қорына айырықша екіжақты көрнекілік(стенд) тарту етті..
Мектеп –тек білім беретін орын ғана емес, ол алдымен тәрбие мен тәртіп қалыптастыратын орта. Сондықтан, бұл – түлектердің осы «Алтын ұя» мектебіне, 10 жыл білім берген ұстаздарына деген құрмет әрі өскелең ұрпаққа өсиет-өнеге тұрғысында жасақталған.
Мұражай – тарихи-рухани зерде ордасы. Бұл Орданың өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке, перзенттік тәлім-парызды ұлықтандыруға, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мен тарихи сананы қалыптастырудағы ұлағат-тағылымы – ұшан-теңіз.
І.«Туған жер – тұғырым» (ауылдық округтің, жергілікті балық шаруашылығы ұжымшарлары мен мекемелері, Озаттар қатарындағы балықшылар, әйел балықшылар, мәдени және әлеуметтік нысандар тарихы, тарихи ғимараттар, т.б)
ІІ. «Ұстаз – ұлық емес, Ұлы қызмет» Б.Момышұлы
(Мектеп тарихы, 1966-1976жж. оқу жылындағы мектеп директорлары, білім берген ұстаздар 27 фотосуреттері, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» иегерлері, мектеп түлектері,т.б)
«Мектептің жаны – мүғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса,ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім » Ахмет Байтұрсынұлы
Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектептің қысқаша тарихы
Тұрғындардар арасында «сауатсыздықты жою» («ликбез») мақсатында құрылған сауат ашу курстары негізінде, «Бірлік» ауылдық Кеңесінде, 1929 жылы Ф.И.Голощекин атындағы бастауыш 4 кластық мектеп ашылған (алғашқы мұғалімдер Қазбеков Байдабай, Елеуов Жолман, Алиев Сәлмен, Утеушов Калимолла)
1942 жылы мектепке В.И.Чапаев атауы берілген, 1943 жылдан бастап Жеті жылдық мектеп болды.
1946 жылы мектепке Г.К.Жуков атауы берілген.
1955 жылдан мектеп Сегіз жылдық болған.
1957 жылдан мектеп Н.В.Гоголь атында.
1969 жылдан бастап, Орта мектеп бағдарында жұмыс жасауда.
2009 жылы Н.В.Гоголь атындағы және «Кудряшов» орта мектептері біріктірілді, Н.В.Гоголь есімі беріліп, жаңа мектеп ғимаратына қоныстанды.
2020 жылдан мектеп Ғ.Мүсірепов атында.
Мектеп үш қатарлы, ғылыми-техникалық базасы заманауи ғылыми-инновациялық талаптарға сай жабдықталған, 2009 жылы салынған, «Жаңа ауыл»-да орналасқан
Мектеп Директорлары туралы деректер
1946-1956жж. Төлешқали Ғабдолов, Казақ ССР-не еңбек сіңірген мұғалім
1957-1960жж. Шолпан Әлиева
1960-1962жж. Қыдырқожа Хасанов
1962-1975жж. Зұлхарнай Сейтқазиев
1975-1985жж. Қайсағали Байғазиев
1985-1988жж. Александр Лұқпанов
1988-1990жж. Айғаным Тұрақбаева
1990-1999жж. Тарих Досниязов
1999-2003жж. Сағындық Рамазанов
2003-2004жж. Закир Шамбилов
2004- 2007жж. Нұргүл Кайрлиева
2008-2010жж. Шұға Сабырғалиева
2011-2012жж. Нұрлан Сатимов
2012-2013жж. Архимед Ғайседенов
2013-2019жж. Асылбек Далиев
2019 -2022 жж. Махамбет Қибашев,
2022- 2023жж. Марида Құрманғазиева
2023-2024жж. Сабыржан Жұпарғалиев
2024 жылдан Әділжан Өтепбергенов
Н.В.Гоголь атындағы орта мектеп мұғалімдері:
ҒабдоловТөлешқали «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мұғалім» атағының иегері
«Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы иегерлері::
Салахаденова Мнаура
Хитарбаев Темірәлі
Осы мектепті бітіріп елімізде және шет елдерде қызмет етіп, ерен еңбегімен халықтың абыройына бөленген әйгілі азаматтар:
Нұрқанаев Амангелді , белгілі фтизиатор, шахматшы
Мендалиев Амангелді, ҚР генерал-майоры
Айтжанов Ғалымжан ҚР белгілі хирург
Қазиханова Баян, химия ғылымының кандидаты, доцент
Ахметжанов Мейрам, Мұнай және Газ жөнінде Қазақстанның Ресейдегі өкілі
Ізбасов Ерен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.
Физика пәні мұғалімі Бақыт Байжұмаева.
Химия-биология пәні мұғалімі Мария Меңдіханова.
Бастауыш сыныптар мұғалімі Рысты Нәжимова
География пәні мұғалімі Күләш Лұқпанова
Кудряшов орта мектебі тарихы
Мектептің негізі 1874 жылы Жанбайда (Никольское) қаланды.Осындағы шіркеу-приход мектебінде ауқатты орыс байлары балалары оқыған. Кейін екі сыныптық мектеп болған.1937 жылы тұрғындар Кудряшов ауылына көшіп, мектеп бастауыш мектепке айналды.
1939 жылы жеті жылдық мектеп болды. Жетіжылдықты бітірген балалар Ганюшкин немесе Сафон селоларына барып,оқуын жалғастыруға мәжбүр болған.
1957 жылдан бастап, орта мектеп болып, мектеп базасы кеңейтілді..
Әр жылдары мектеп директорлары болып – В.И.Степанов, Л.Г.Хан, С.А.Котельников, Ю.А.Степанов, А.А.Тульчинский, А.Ф.Плотыцин, А.Лұқпанов, Е.К.Шараухова, С.Тышқанбаев, Ғ.Әлімғалиев, М.Қибашев еңбек етті.
«Қаз.ССР еңбек сіңірген мұғалім» атағына ие болған Кудряшов орта мектебінің мұғалімдері: Степанова А.М., Солодовникова Н.А.
Алғыс пен құрмет - ұстазға!
Қай заманда да ұстаздың шоқтығы биік. 2026 жылы сәуір айында 50 жыл бұрын білім берген ұстаздарымыз Б.Байжұмаева, М.Мендыханова, Р.Нәжімова, К.Лұқпановаға ілтипат танытып, Алғыс хаттарымен құрметін білдірген Құрманғазы ауданының әкімі А.С.Жанғалиевқа алғыс айтамыз.
Сондай-ақ, Ұстаздарымыздың ауылдық округтердегі мәдени шаралар төрінде сый-құрметке бөленуіне қолдау көрсеткен Кудряшов, Құрманғазы, Орлы ауылдық округтерінің әкімдері Б.Т.Вахитов, Ә.Р.Муса, Ж.М.Бектемировке ризашылығымызды білдіреміз.
Иә, Ұстаз құрмет пен тағзымға лайық тұлға...
Ал, «Тарих- бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын» деген емес пе ақиық ақын Жұбан Молдағалиев?!
- Толығырық
- : Тарих
- Read Time: 1 min
- Көру саны: 391
(Саяси қуғын- сүргіндердің жазықсыз құрбаны Есениязов Сейітбаттал хақында)
- Толығырық
- : Тарих
- Read Time: 1 min
- Көру саны: 492
Өткен 2025 жылы дүниежүзіндегі прогрессившіл жұртшылық ІІ Дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі Ұлы Отан соғысындағы женістің 80 жылдығын кеңінен атап өтті. Соған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлы Жеңіске қалай қол жеткізгеніміз туралы тың деректер жарияланды. Осыған орай біз оқырмандар назарына жаңа архивтік деректер негізінде кейін белгілі болған төмендегі оқиғаларды ұсынуды жөн көрдік.
«МАТРОСОВШЫЛАР ДЕГЕН КІМДЕР?»
Ұлы Отан соғысында кеңес әскерлері фашистерді ел аумағынан қуып шығару барысында қан майданда талай жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың ішінде кеңес әскерлерінің шабуылын қамтамасыз ету жолында жауынгерлердің жаудың атыс ұясын өз денелерімен жабуы сияқты ерліктерін ерекше айтқан абзал.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ДЗОТ-тардағы пулеметтердің аузын денесімен жауып, кеңес әскерінің ілгері шабуылдауына жағдай жасағандарды әдетте «матросовшылар» дейді. Себебі, осындай ерліктің біреуін 19 жасар қызыләскер Александр Матросов жасаған. Ол 1943 жылдың 27 ақпанында Калинин облысына қарасты Чернушки деревнясын жаудан азат ету үшін болған ұрыста өзінің денесімен жау ДЗОТ-ның аузын жауып, әскеріміздің ілгері жылжуына мүмкіндік берген, сол жерде өзі де қаза тапқан. Қызыләскердің осындай ерекше ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Соғыс кезінде А.Матросов сияқты ерлік көрсеткен офицерлер мен солдаттар саны 470-тен асқан. Дейтұрғанмен, соғыс аяқталғаннан кейінгі 80 жылда соғыс тарихын зерттеушілер А.Матросовтың ерлігін одан бұрын да жасаған жауынгерлердің болғандығын дәлелдеді. Солардың бірі - 1942 жылы қаңтар айында Гурьев облысы, Есбол (қазіргі Индер) ауданынан майданға аттанған қызыләскер Боран Нысанбаев.
Алайда, осы жерде бүкіл Атырау халқы және республика жұртшылығы білуге тиісті екі нәрсені ерекше айтқанымыз жөн болады. Ол - біріншіден, 1942 жылы қаңтар айында Гурьев облысы, Есбол ауданынан 1918 жылы туған екі Боран Нысанбаевтың майданға аттанғандығы, екіншіден, сол екі жауынгердің әскери өмір жолдары туралы мәліметтердің соңғы жылдарға дейін мейлінше шатастырылып келгендігі. Соған байланысты біз әр Боранның әскери жолына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік. Олардың біріншісі - Боран Нысанбаев Мәстекнемересі, екіншісі - Боран Нысанбаев Арыстаннемересі.
АТҚЫШ БОРАН НЫСАНБАЕВТЫҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ЖОЛЫ
Алғашқы әңгіме Нысанбаев Боран Мәстекнемересі туралы. Нысанбаев Боран Мәстекнемересі –руы Құлкеш Беріш, 1918 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданы Қаңбақты ауылдық кеңес аумағында туған. 1942 жылы 6-шы қаңтарда Есбол аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған. Әкесі - Мәстеков Нысанбай.
2023 жылғы 14 шілдедегі РФ Қорғаныс министрлігі орталық архивінен (Подольск, Москва облысы) Боран Нысанбаевтың ұрпақтарына келген № 11/14054 хатта Боран Нысанбаев Мәстектегі сауатсыз деп көрсетілген, партияда болмаған. Подольскдегі әскери архивтегі деректер бойынша Боран Нысанбаев 1942 жылы 137-атқыштар дивизиясының, 771-атқыштар полкінде тіркелген.
1943 жылы 16 ақпанда Шалимово деревнясы үшін болған ұрыста сол жақ құлағынан жараланған. Оны полк командирі подполковник А.И.Гордиенконың Боранның 1943 жылы 23 ақпанда госпитальге жіберілуіне байланысты шығарған № 36 бұйрығы растайды. Боран 1943 жылдың 27 ақпанынан 2 наурызына дейін Тула қаласында № 1145 госпитальде емделген (РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивының филиалы, әскери-медициналық құжаттар архиві. Санкт-Петербург қаласы. Жараланғандар мен ауруларды есепке алу картотекасы).
Нысанбаев Боран Мәстектегінің жауынгерлік өмір жолы туралы Ресейдің Подольск архивінен 2023 жылғы 17 қазанда алынған № 8117048 құжаттан мынадай жолдарды көреміз: «Балтық жағалауы әскери округінің запастағы 204 майдандық атқыштар полкінің 1943 жылғы есепке алу кітабында былай деп жазылған «...494. 2 - атқыштар батальонының қызыләскері Нисамбаев Бурак 19.03.43 келді, ал 11.04.43 215-запастағы армиялық атқыштар полкіне 1943 жылы толықтыруға келгендерді есепке алу кітабында былай деп көрсетілген: «... 654. 1-атқыштар батальонының қызыләскері Нисамбаев Буран 28.04.43 336-атқыштар дивизиясына жіберілді». Ол 1943 жылдың 6-шы мамырынан бастап 336-атқыштар дивизиясының 1130-атқыштар полкінде мина тасушы болған.
Өкінішке орай, Б.Нысанбаев сол 1943 жылдың 14 желтоқсанында Житомир облысында соғыста қаза тапқан. Ол туралы архивтік деректерде былай деп көрсетіледі: «Подносчик мины 1130 стрелкового полка, 336-стрелковой дивизии красноармеец Насанбаев Бурак, 1918г. рождения, уроженец Гурьевской области, Испульского района, Канбактинского с/с, призван 6 января 1942г. Испульским РВК Гурьевской области. Погиб 14 декабря 1943 года, похоронен 200 метров южнее дома лесника Федоровского с/с, Малинского района, Житомирской области. Отец-Мастиков Насанбай, поживал по месту рождения учтенного».
Мәстек немересі Боранға қатысты соңғы құжат мынадай: 336-атқыштар дивизиясы, 1130-атқыштар полкі командирінің 1943 жылғы 24 желтоқсанында қол қойған №07/а бұйрығында былай делінген: «§1.1 Төмендегі сержанттар мен қатардағылар құрамы полктің тізімінен және барлық қамтамасыз ету тізімінен шығарылсын:
2- атқыштар батальоны бойынша: 31. Қызыләскер Насанбаев Барак 14.12.43. қаза тапқан».
Атқыш Боран Нысанбаевтың қазіргі жерленген жері – Житомир облысы, Малин ауданы, Ворсовка селосының орталығындағы № 824- қабір.
Боранның қаза тапқаны туралы қағаз елге 1946 жылы желтоқсан айында жеткен. Атқыш Боран Нысанбаев соғыста жаралы болған, бірақ ешқандай награда алмаған.
Мінеки, қызыләскер атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегінің әртүрлі қателіктерден мүмкіндігінше тазартылған бар жауынгерлік жолы - осы. Жоғарыдағы келтірілген барлық архивтік құжаттардан мынадай қорытындыға келуге болады: Боран Мәстектегінің 1943 жылғы 6-шы ақпандағы Лески деревнясы үшін болған шайқасқа еш қатысы жоқ. Сондықтан да, атқыш Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ешқандай негіз де жоқ. Дейтұрғанмен, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Грамота атқыш Б.Нысанбаев Мәстектегі отбасына тапсырылған.
МИНОМЕТШІ БОРАН НЫСАНБАЕВ ЖАСАҒАН ҰЛЫ ЕРЛІК
Келесі әңгімеміз - 1942 жылы қаңтар айында Есбол аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы. Нысанбаев Боран Арыстаннемересі 1918 жылы туған, руы Жастабан Таз, Анасы - Разия Өтеғалиева. Ол отбасындағы төрт ұл, екі қыздың бірі. Туған жері - қазіргі Махамбет ауданы, Бақсай ауылдық округі (Бұрынғы Орал губерниясы, Редут болысы, Бесарал ауылдық кеңесі) БЛКЖО мүшесі. Ұрпақтарының айтуынша, Боран Таңдайда интернатта жатып, бастауыш білім алған. Үйленген, әйелі Ұрқия Дәлуова. Боран 1942 жылы 14 қаңтарда, ал ағасы Ерші 1943 жылы 13 ақпанда майданға аттанған. Алайда, екеуі де хабарсыз кеткен. Бастапқыда оларды іздеу барысында ешбір нәтиже болмаған. Өкінішке орай, Атырау облыстық архивінде Боран Нысанбав Арыстантегі туралы деректер жоқ болып шығады. Содан кейін ұрпақтары, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының және Ресейдің Подольскідегі әскери архивтерге хат жазып, «Память народа» сайтымен хабарласқан. Сол Ресейден табылған деректерге сүйене отырып, Боран Нысанбаев Арыстантегінің жауынгерлік жолы туралы қысқаша мынаны айтуға болады.
1943 жылғы 6 ақпанда 48-Армияның 137-атқыштар дивизиясы, 771-атқыштар полкі, 1- батальонының әскерлері Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын жаудан азат ету үшін шабуылға шыққан. 40 минуттық артиллериялық дайындықтан кейінгі кеңес әскерлерінің шабуылынан еш нәтиже болмаған. Себебі, жаудың ДОТ тәрізді етіп жасалған мықты да үлкен ДЗОТ-ынан пулеметтер жоғарыдан оқ себелеп, жауынгерлердің ілгері жылжуына мүмкіндік бермеген. Осы кезде 1-минометшілер ротасының минометшісі Боран Нысанбаев пулеметтердің себелеп тұрған оғының астымен екі рет жау ДОТ-ына жақындап барып, гранаталар лақтырады. Бірақ, пулемет үні өшпей әлі де атылып тұрады. Содан соң, командирден пулеметтердің үнін өшіруге рұхсат алған Боран өз денесін айналдыра гранаталармен байлап, қолына танкіге қарсы қолданылатын екі граната алып, ДОТ-тың есігіне дейін жорғалап барады, сосын есікті теуіп ашып, ішіне секіріп түседі де гранаталарын лақтырады.
Жойқын жарылыс нәтижесінде пулеметтер түгелімен істен шығып, батальон жауынгерлері жау әскерлері орналасқан төбені басып алады. Тас талқаны шыққан жау ұясының ішінен 28 фашист солдаты мен офицерінің өліктері және комсомол мүшесі Боран Нысанбаевтың денесі табылады. Осылайша, минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі Отанын басқыншы жаудан азат ету жолында ерлікпен қаза табады.
Архивтік деректерге үңілсек, 771-атқыштар полкінің командирі, подполковник А.И. Гордиенко Лески деревнясын жаудан азат етуге қаһармандық көрсеткен минометші Исимбаев Буран деп көрсетеді. Неге Исимбаев Буран деген сұраққа былай деп жауап беруге болады. Ол мезгілде танкіге қарсы қолданылатын екі гранатамен бункерді жарып, өзі де қаза тапқан, денесі әбден пәршаланған қызыләскердің кім екенін анықтау қиынға соққан. Тек төсқалтасынан алынған, қанға малынған комсомолдық билеттің қалдығы негізінде құжат Исимбаев Буран деп толтырылған.
1943 жылдың 7 сәуірінде Исимбаев Буран (өлгеннен кейін) «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Алайда, 48 - армияның қолбасшысы генерал Романенко марапат бетшесіне: «Орденом Отечественной войны 1- степени. Описать подвиг для родных и районных организаций, в армейскую газету» деген бұрыштама жазады. Сөйтіп, Буран Исимбаев 48-армияның 1943 жылғы 19 сәуіріндегі №26/Н бұйрығымен 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (өлгеннен кейін) марапатталады.
Б.Исимбаевтың ерлігі армиялық газетте жарияланғаннан кейін, майдан штабы 1943 жылдың 14 мамырында оны «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Ұсынысқа 137-атқыштар дивизиясының командирі полковник Алферовтың, армия қолбасшысы армия генералы Рокоссовскийдің, әскери кеңес мүшесі генерал-майор Телегиннің қолдары қойылады. Осы ұсыныс негізінде 1943 жылғы 23 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы М.И. Калининнің қолымен «Неміс-фашист басқыншыларымен күресте майданда командирование тапсырмасын үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін қызыләскер Буран Исимбаевқа (өлгеннен кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін» деген жарлық шығады.
Осылайша, неміс басқыншыларының ажал оғын сеуіп, бас көтертпей қойған «аждаһа бункерін» құртып, сол жерде 25-ке енді ғана толған жасында өзін де құрбан еткен, комсомол мүшесі, батыр жауынгер Буран Исимбаев ерлігі айрықша құрметке ие болады.
Соғыстан кейінгі және 50-ші жылдарда Гурьев облысында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, батырдың шын аты-жөні Боран Нысанбаев екендігі және оның туған жері Қазақ КСР-ы, Гурьев облысы, бұрынғы Есбол ауданы екендігі анықталды. Осыған орай 1963 жылы батырдың аты-жөні түзетіліп, жаңа жарлық шығады. Онда былай деп жазылған:
«Кеңес Одағының Батырына Грамота.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 23 қыркүйегіндегі жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен болған шешуші ұрыс кезінде командированиенің жауынгерлік тапсырмаларын үздік орындап және бұл істе батылдық пен ерліктің асқан үлгісін көрсеткені үшін Нысанбаев Боранға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Л.Брежнев
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы М.Георгадзе
Москва, Кремль. 1963 жыл 10 маусым».
Сондықтан да біз бұдан былай минометші Буран Исимбаев демей, оны шын аты - жөнімен Боран Нысанбаев деп жазатын боламыз.
Осы жерде мына жағдайға назар аударуымыз жөн болады: біріншіден, Боран Нысанбаев бір жылда ерлігі үшін екі рет марапатталған қызыләскер. Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, қызыләскер А. Матросов өз ерлігін 1943 жылы 27 ақпанда жасаған. Ал, Б.Нысанбаевтың ерлігі А. Матросовтан 21 күн бұрын жасалған. Олай болса, Б.Нысанбаевты «матросовшы», яғни, А. Матросовтың ерлігін қайталаған деуге еш негіз жоқ. Оған қоса, олардың жасаған ерліктерінің сипаты да екі түрлі. Атап айтқанда, минометші Б.Нысанбаев ДОТ-тың ішіне кіріп, өзін жарып, қаза тапқан. Сөйтіп, 4 ротадан тұратын батальонға жол ашқан. Ал, А.Матросов болса, ДЗОТ амбразурасын кеудесімен жауып, пулемет үнін өшірген, өзі де қаза тапқан. Олай, болса керісінше А.Матросовты Б.Нысанбаев ерлігін қайталаған деуге болады.
Үшіншіден, 1963 жылы шыққан жарлықты көргеннен кейін мен 10 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы, профессор М.Қозыбаевқа хат жазып, онда осы оқулықта аталатын Б.Исимбаев шын мәнінде Гурьев облысы, Индер ауданынан 1942 жылы майданға аттанған Боран Нысанбаев деген қызыләскер және ол өзінің өшпес ерлігін А.Матросовтан бұрын 1943 жылдың 6 ақпанында жасағанын дәлелдеп, көрсеттім. Сонымен қатар, автордан оқулықтың келесі басылымдарында Б.Исимбаевты Б.Нысанбаев деп түзетіп жазуды сұрадым. Шындығында солай болды да, кейінгі оқулықтарда индерлік Боранның аты-жөні дұрыс көрсетілетін болды.
Осылайша, Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, қаза тапқан Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы әскери өмірбаян толықтай қалпына келтірілді деп айтсақ та болар еді. Өкінішке орай, олай болмай шықты. 1963 жылы Б.Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Л.И.Брежнев шығарған Жарлықтан кейін Ресейден Гурьев және Индер әскери комиссариаттарына өкілдер келіп, Боранның туысқандарына іздеу салған. Осы кезде Есбол ауданы әскери комиссариатынан 1942 жылы қаңтар айында 1918 жылы туған екі Боран Нысанбаевтың майданға шақырылғандығы белгілі болған. Батыр Грамотасын тапсыру үшін, сол кездегі тәртіп бойынша екі Боранның да жанұялық жағдайы тексерілген. Тексеру барысында минометші Боранның ағасы Ерші соғыс кезінде бас бостандығынан айырылған болып шығады. Осы жағдай, яғни, Нысанбаев Боран Арыстантегінің жанұясында жеті жылға сотталған ағасының болуы, оған Батыр атағының берілгендігі туралы Грамотаны тапсыруға кедергі келтірген.
Бұл жерде мына жағдайды ескерген жөн болады. Атырау облыстық архивінде Боран Арыстантегіне байланысты құжаттардың болмауы да жоғарыда көрсетілген себептерге (отбасында сотталған адамның болуы) байланысты болуы әбден мүмкін.
Ал, Мәстеков Нысанбай алғашқыда әскери комиссариатынан әкелінген Батыр грамотасын алмаған, тек екінші барғанда ғана қабылдаған. Бұдан әрі Гурьев облысында Боран Нысанбаев Мәстектегі Кеңес Одағының Батыры екен деген сөз тез тарай бастады. Боранның атына Гурьев және Орел облыстарында мектептер беріледі, мәдени-тарихи байланыстар күшейеді. Суретші И.И.Никель оның суретін салып, кеуде мүсінін жасайды.
Інісі Оңдасын Нысанбаевтың айтуынша, атқыш Боранның жақын туыстары 1985, 2015 жылдары Боран Нысанбаев жерленген орынға барып та қайтады. Осылайша кеңес Одағының Батыры атағы атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегіне берілген болып шығады.
Біз Батыр Грамотасының атқыш Боранның жанұясына тапсырылуына мынадай жағдайлар себеп болды дей аламыз: Біріншіден, атқыш Боран Нысанбаев 1943 жылы 14 желтоқсанда қаза тапқан деген 1946 жылы келген қаралы қағаздың мәтініне көңіл аударылмаған. Екіншіден, жанұяда сотталған адамның болуына байланысты, сол кездегі тәртіп бойынша минометші Боран Нысанбаев отбасына Кеңес Одағының Батыры атағының берілгендігі туралы Грамотаны тапсыру мүмкін болмаған.
Мынадай түсініксіз жайлар да кездеседі. Атап айтқанда, 137 атқыштар дивизиясының 771- атқыштар полкінің жауынгерлер мен сержанттарды есепке алу кітабында (РФ ҚМОА. Қ.7427,Т.580869с, І.4,П.5023) түзету бар екені байқалады. Әуелі Боран Нысанбаев Мәстектегі 16.02.43 жылы жарақат алған деп жазылса (шындығы осы- А.Ш.), кейін ол құжат 06.02.43 жылы «өлген» деп түзетілген. Архив құжатын кім, қашан түзеткені белгісіз.
ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛГЕН ТАРИХИ АҚИҚАТ
2019 жылдан бастап минометші Боран Нысанбаевтың ұрпағы Гүлзада Әбілдаева атасының әскери өмір жолы туралы ресейлік құзырлы органдардан деректер жинай бастаған. Оның айтуынша, батыр Боран Нысанбаевтың жерленген жері туралы сұрақтарына Орел облыстық әскери комиссариатынан келген жауап та күтпеген оқиға болған. Осы кезге дейін жазылып келген Батыр Боран Орел облысы, Покровск ауданы, Дросково селосында жерленген деген ақпарат қате болып шыққан. Ол жерде де Лески деревнясы болғанымен, ол аумақ 1928-1963 жылдар аралығында Дросково ауданы деп аталған. Бертін келе Дросково ауданы таратылып, 1965 жылы оның жері Покровск ауданына берілген. Яғни, 1943 жылы ол аумақ Лески деревнясы Дросково ауданы деп аталатын.
Боран сол жерде қаза болса, «Марапат бетшесінде» Дросково ауданы деп жазылуы керек еді. Құжат бойынша батыр Боран 1943 жылы Лески деревнясы, Покровск ауданында қаза тапқан. Олай болса, батырдың Дросковода жерленуі мүмкін емес еді. Сол күмән расталған. Батыр ол жерде жерленбеген болып шықты, қабірге қойған белгі де қалай қойылғаны белгісіз.

Орел облысы, Покровск ауданы, Никольское деревнясындағы Боран Нысанбаев Арыстантегі жерленген Бауырластар қорымы.
Гүлзада Әбілдаева былай дейді: «Орел облыстық әскери комиссариаты Боран Нысанбаевтың нақты жерленген жерін анықтау үшін Гүлзадаға «Огненная дуга» жастар іздестіру бірлестігінің басшысы Н.А. Андреевпен хабарластыруыңыз керек» деп кеңес берген. Ал, Н.А. Андреевтің айтқаны мынау: «2019 жылы елсіз қалған Лески деревнясында қазба жұмыстары басталды. Оған мынадай оқиға себепші болды. Сол жердің тұрғыны, қарт әжей кенеттен немересі мен күйеу баласынан елсіз қалған Лески деревнясына апаруды талап етеді. Ол жерге барғасын бір төмпешікті көрсетіп, сол жерге ауылдастары соғыс кезінде қаза болған кеңес жауынгерлерін жерлегенін айтады,. Іздеушілер бола қалса осы жерді көрсетуді аманаттайды. Бірнеше күннен кейін әжей қайтыс болады.»
2019 жылдың жазында қазба жұмыстары жүргізіліп, сол жерде кеңестің 232 жауынгерінің мүрдесі табылады. Орел облысы Покровск ауданы әкімшілігінің 2025 жылдың 9 қаңтарында Гүлзада Әбілдаеваға жазған хатынан (№24 құжат) үзінді келтірсек: «...На месте дер. Лески поднято 232 бойца и командира Красной Армии, погибших в период со 2 февраля по 12 февраля 1943 года,,, Списочно потери за дер. Лески совпали с количеством поднятых бойцов в яме. В том числе среди поднятых находился и Герой Советского Союза Буран Нысанбаев (посмертно) (1918-6 февраля 1943)-минометчик 771-го стрелкового полка 137-стрелковой дивизии 48 Армии Брянского фронта ».
Осы оқиғаға орай 07.05.2021 жылы Орел облысының «Комсомольская правда» газетінде «Как в Орловской области нашли место захоронения Героя СССР Бурана Нсанбаева» деген мақала жарияланған. Мақаламен сайтта танысуға болады. Ал, Н.А.Андреев өз хатында былай дейді: «Боранның денесін көтергенде, оны граната жарылысынан қалған іздерінен бірден таныдық. Монголоид, бет сүйегі қысқа, шашы қара, шинельсіз. Боран бет жағында жатты. Бұл шұңқырға ол соңынан әкелінген.»
Н.А.Андреев Гүлзадаға батыр Боранның сүйектерінің фотосын жіберген. «Ол фотоларды көргенде мен атамызды түйсікпен таныдым. Сондай ыстық сезім болды. Дәл сол кезде маған, ол батыр ма, батыр емес пе, ерлік жасады ма, жоқ па, оның еш маңызы болған жоқ. Өзімнің туған адамымды, атамды таптым. Табылды! Шүкір Аллаға!» деп толғанады Гүлзада Әбілдаева.
2025 жылғы 9 қаңтардағы хаттан мынадай жолдарды оқимыз: «27 августа 2019 года поднятые останки бойцов и командиров Красной Армии были похоронены с подобающими воинскими и духовными почестями в братском захоронении в д.Никольское. Имя Героя Советского Союза Бурана Нысанбаева внесено на гранитной плите на братском захоронении в д. Никольское вместе с именами погибших бойцов.
Отдельная мемориальная плита, увековечивающая память Б.Нысанбаева на братском захоронении в д. Никольское будет установлена к 9 мая 2025 года
Глава администрации района А.В. Решетников.» (Осы жерде айта кететін жай, сол Мемориалдық плита 2025 жылғы 12 маусымда орнатылды – А.Ш.)
Сонымен бірге, 2024 жылы 8 қарашада Г.Әбділдаеваға Орел облыстық жастар саясаты және патриоттық жобаларды жүзеге асыру департаментінен жолданған №5-3-О-43 хатынан үзінді келтіре кеткен де артық болмас. Хатта былай деп жазылған: «Изучив архивные материалы связанные с боевыми действиями на территории Дросковского и Колпнянского районов во время Великой Отечественной войны в период с 3 по 10 февраля 1946 года администрацией Покровского района было издано распоряжение от 11 августа 2023 года №358-р, на основании которого в августе 2023 года данный памятный знак с надписью «Здесь погиб Герой Советского Союза Буран Нсанбаев минометчик 771 сп 137 сд в бою за освобождение дер. Лески 6.02.1943 г.» был перенесен в дер. Лески Колпнянского района на место гибели Героя Советского Союза Бурана Нсанбаева. 27 августа 2023 года была проведена встреча с жителями Покровского района с участием главы Покровского района Решетниковым А.В., заместителем главы администрации Покровского района Кустовым А.В., присутствовало 50 человек.
По итогам проведенной встречи от жителей поступило предложение об установке памятного знака на месте перенесенной. Но уже с другой надписью. Данное предложение было поддержано участниками встречи. В ноябре 2023 года в дер. Лески Покровского района за счет спонсорных средств индивидуального предпринимателя установлен новый памятный знак в честь Героя Советского Союза минометчика 771 сп 137 сд Буран Нсанбаева.
…в списке захороненных в братской могиле в дер. Никольское Покровского района Орловской области есть сведения о красноармейце 771 сп 137 сд Исимбаеве (Нсанбаеве) Буране 1918 года рождения, уроженце Казахской ССР, Гуревской области, убитом 06.02.1943 года, перезахороненном из дер. Лески Покровского района Орловской области. Шефство над данным захоронением осуществляет администрация Топковского сельского поселения Покровского района.
Приложение: фото памятного знака в дер. Лески Колпнянского района на 1 л. В 1 экз.
Руководитель департамента молодежной политики и реализации патриотических проектов Орловской области И.А. Самотолкина.»
Жоғарыда келтірілген барлық архивтік деректер 1943 жылғы 6 ақпанда Лески деревнясы үшін болған шайқаста теңдесі жоқ ерлік көрсеткен жауынгер минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі екендігін нақты дәлелдейді.
Сонымен, әңгімеміздің қорытындысы былай болып шығады: 1942 жылы қаңтар айында қазіргі Индер (бұрынғы Есбол) аудандық әскери комиссариатынан майданға екі Боран Нысанбаев аттанады. Біреуі-Нысанбай Мәстековтың, екіншісі-Нысанбай Арыстановтың баласы. Майданда олар бір армияда, бір дивизияда, бір полкте болады.
1943 жылы 16 ақпанда минометші Боран Мәстектегі құлағынан жараланып госпитальге түседі. Госпитальдан шыққаннан кейін әртүрлі шайқастарға қатысып, ақыры 1943 жылы 14 желтоқсанда Житомир облысындағы Федоров деревнясын азат ету барысында қаза табады.
1943 жылы 6 ақпанда ерлікпен қаза тапқан Боран Нысанбаев Арыстантегі (өлгеннен кейін) әуелі «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталып, ал сол жылдың қыркүйек айында оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі. Алайда, аты-жөніндегі қателіктер нәтижесінде барлық марапаттарда оның есімі Буран Исимбаев деп жазылады. Тек соғыстан кейін және 50-ші жылдары оның дұрыс аты-жөні Боран Нысанбаев екендігі және оның Гурьев облысы, Есбол ауданының тумасы екендігі анықталады. Жаңа деректер негізінде Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жаңа жарлық шығады. Кейін орталық Комитеттен Батырдың марапаттарын тапсыру үшін арнайы өкілдер келеді.
Алайда, олар ойламаған қиындықтарға кездеседі. Оның бір себебі, 1942 жылғы қаңтар айында, Есбол аудандық әскери комиссариатынан 1918 жылы туған екі Боран Нысанбаевтың майданға аттануы болды. «Қай Боранның ата-анасына майданда ерлікпен қаза тапқан ұлының марапатын тапсыру керек?» деген сұрақ туындайды. Сол кездегі қатаң тәртіп бойынша олардың жанұяларында сотталған адамның бар-жоғы тексерілуі керек болады. Тексеру барысында Боран Нысанбаев Арыстантегінің ағасы Ерші соғыс кезінде сотталған болып шығады. Соған байланысты Кеңес одағының Батыры Грамотасы атқыш Боран Нысанбаевтың әкесі Нысанбай Мәстековке тапсырылады.
Шындығында, қазіргі қолда бар құжаттар бойынша атқыш Боран 1943 жылдың 14 желтоқсанына дейін тірі болған. Ал, минометші Боран (өлгеннен кейін) 1943 жылдың сәуір айында 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, қыркүйек айында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Батыр Грамотасының атқыш Боранның отбасына тапсырылуына байланысты кейбір архивтік деректер өзгертілген болып шықты. Мысалы, «жараланды» деген сөз сызылып, «қаза тапты» деп түзетілген.
Сонымен қатар соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі жылдарда да қызыләскер Боран Нысанбаевтар туралы көптеген қателіктер жіберілгендігін де айтқанымыз жөн болады. Шын мәнінде, ерлік жасаған адамның аты-жөні белгісіз болды. Кейін батырдың есімі белгілі болғанымен, сол кездегі саяси талап ерліктің нағыз үлгісін жасаған адамның отбасына Кеңес Одағының Батыры деген атақты тапсыруға мүмкіндік бермеді. Батыр атағының Грамотасы, жоғарыда көрсетілгендей басқа қызыләскердің отбасына тапсырылды. Соған орай құжаттар да түзетілді. Нақтылап айтсақ, екі Нысанбаевтың арасындағы айырмашылықтарды аңғару қиын емес болатын. Атап айтқанда:
1.Біреуі Арыстанов Нысанбайдың, ал екіншісі Мәстеков Нысанбайдың баласы. Туған жерлері әртүрлі;
2. Арыстанов Нысанбайдың баласы комсомол мүшесі, ал Мәстеков Нысанбайдың баласы ешқандай қоғамдық ұйымға кірмеген;
3. Нысанбаев Боран Арыстантегі майданда минометші болса, Нысанбаев Боран Мәстектегі-атқыш болған;
4. Минометші Боран Нысанбаев 1943 жылы 6 ақпанда Орел облысындағы Лески деревнясы үшін болған шайқаста қаза тапса, атқыш Боран Нысанбаев 1943 жылы 14 желтоқсанда Житомир облысындағы Федоров деревнясын азат ету барысында қаза тапқан.
Бұл қателіктерге екі Боран Нысанбаевтың, олардың ата-аналарының еш кінәсі жоқ еді. Атқыш Боран Нысанбаевтың ата-анасы Батыр Грамотасын сұрап алған жоқ, ал минометші Боран Нысанбаевтың ата-анасының баласының батырлығын дәлелдеуге мүмкіндіктері болмады. Тек еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана минометші Боранның ұрпақтары батыр аталарын іздеу жолында аянбай тер төгіп, ақыр соңында мақсаттарына жетті, батыр аталарын тауып, әділеттілікке қол жеткізді.
Атырау облысы және республика жұртшылығы бұдан былай қос Боранның қайсысы Лески түбіндегі шайқаста өзін құрбан еткенін білетін болады. Сөз жоқ, бұл кештеу болса да ортамызға оралған тарихи шындық. Сол үшін де біз Нысанбай Арыстановтың ұрпақтарын шын жүректен құттықтап, өз ризашылығымызды білдіреміз. Тек Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында 83 жылдан бергі қателік түзелді. Әлі де атқарылар жұмыстар жеткілікті, болашақта да жолдарыңыз оң болып, күш-жігерлеріңіз мұқалмасын дейміз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында Атыраулық минометші батыр Боран Нысанбаев Арыстантегінің ерлігі туралы тарихи-танымдық бағыттағы шаралар жан-жақты жүргізілді. Ресей Федерациясы, Орел облысындағы Лески деревнясын фашистерден азат ету жолында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсеткен жауынгер Боран Нысанбаев Арыстан немересі туралы менің зерттеу мақалаларым республикалық, облыстық Бұқаралық Ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Баспасөз беттерінде сол мақалаларға оң пікірлер де жарық көрді. Сол редакциялар ұжымдарына, мақала авторларына көптен - көп алғысымды білдіргім келеді.
Осы мақалаларды оқып, танысқаннан кейін Арыстанов Нысанбай ұрпақтары батыр бабалары Боран Нысанбаевтың суретін салдыруды қолға алды. КСРО Суретшілер Одағының және Қазақстан Республикасы (ҚР) Суретшілер Одағының мүшесі, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, белгілі қылқалам шебері Бақтыгерей Телеубай Отанымыздың тәуелсіздігі жолында 25 жасында қан майданда өзін құрбан еткен Боран батырдың бейнесін салып, ағайындар талқысына ұсынды. Аз ғана түзетулерден кейін Боран Нысанбаев Арыстантегінің ұрпақтары Б.Телеубай салған суретті мақұлдады.
2025 жылдың 12 маусымында РФ, Орел облысы, Покровск ауданы, Никольск селосы маңындағы Бауырластар зиратындағы минометші, Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев жерленген орынға суретші Б.Телеубай салған Боранның бейнесі бар мемориалдық (ескерткіш) тақта қойылды. Тақтада «Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев Арыстантегі (руы таз, жастабан бөлімі)» деп жазылып, Лески деревнясын азат етудегі Боранның ерлігі және оған өлгеннен кейін «І-дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталғаны, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі көрсетілген.
Боран Нысанбаевтың соғыс кезіндегі ұлы ерлігін жоғары бағалағаны үшін қазақ халқы, соның ішінде атыраулықтар РФ үкіметіне, Орел облысы және Покров аудандық әкімшілігіне (администрация) шын жүректен алғыс білдіреді. Осының өзі Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы, орыс және қазақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастық одан әрі нығая түсуіне зор ықпалын тигізетіндігіне деген сенімділікті арттырады.
Арыстанов Нысанбайдың ұлы Кенжеш немересі Азамат Қабдірашұлы өткен- 2025 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында Ресейдегі соғыс жағдайына қарамастан Орел облысының Покровка ауданына барып, батыр бабасы Боран Нысанбаев жерленген зиратқа туған жерден апарған топырағын қойды.
Москва облысы, Подольск қаласындағы мемлекеттік әскери архивтен алынған құжаттар арқылы Ұлы Отан соғысы тарихының тағы бір беймәлім беттері ашылып, Қазақстан Республикасы, Атырау облысындағы кәзіргі Бақсай (Таңдай) ауылынан Кеңес Одағының Батыры шыққандығы белгілі болып отыр. Бұл - біздің Атырау өлкесінің, соның ішінде Махамбет ауданының тарихына қосылған жаңа бет десек, артық айтқандық болмас.
Қорытындылап айтсақ, бақсайлық батыр Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы кейін белгілі болған құжаттарды, зерттеу еңбектерін, ғылыми мақалаларды жинақтап кітап етіп шығару; Б.Нысанбаев атындағы мектептердің музейлеріндегі кейбір жәдігерлерді өзгерту; Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев Арыстан немересі туралы телевидеофильм шығару; оқушылар мен студентер арасында Боран батырдың Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігі туралы дөңгелек үстелдер өткізу және басқа да шаралар арқылы Боран Нысанбаев Арыстантегінің қаһармандығын жан – жақты насихаттау – бүгінгі күннің басты міндеті болуы керек деген пікір білдіргім келеді.
Бүгінгі ұрпақтың алдындағы басты мақсат - батыр Боранның ерлігін дәріптеп, тарихи шындықты қалыптастыру, оның екінші, мәңгі өмірін жалғастыру.

Батырдың немере туысы Азамат Кенжешов батыр бабасы қаза тапқан жерде. 9.05.2025
- Толығырық
- : Тарих
- Read Time: 1 min
- Көру саны: 535
Тарих және тағылым
Сіздердің назарларыңызға орыс этнографы Н. Ивановтың «Астраханский вестник» журналына 1889 жылы басылып шыққан «Этнографические очерки» атты материалынан үзіндіні аударып, қажетті түсініктемелерімен бірге ұсынып отырмын. Себебі, бұдан 130-140 жыл бұрын өмір сүрген біздің тікелей ата-бабаларымыздың өмір сүру әдістері, икем дағдылары мен салт дәстүрлерінен қазіргі және болашақ ұрпақтың алатын тәрбиесі аз емес деп есептеймін.
Тағы мақалалар...
- Тарих ғылымдарының кандидаты Нағима Нажмеденқызы САРМУРЗИНА: «Қуғын-сүргіннің ұрпаққа тигізген зардабы»
- Қазақстан Жазушылар одағының, «Qyr balasy» қоғамдық қорының, ҚР Ұлттық құндылықтар академиясының корреспондент-мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы Әлібек БАЙБОЛ: «БЕЙБІТ ҚОЙШЫБАЙ ЖӘНЕ ТАРИХИ ТАНЫМ»
- «Атырау өңірі: 1920-1930-шы жылдардағы ашаршылық іздері»
- Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы Әлібек БАЙБОЛ: «Гутенбергке дейін... Гутенбергтен кейін...»




