Елінің аманатына адал болған Ұстаз, үлгілі ісі мен ұрпаққа өнеге болатын жұлдыздай жарқыраған жолдары қалған ержүрек жауынгер, батыр барлаушы Дүйсенғалиев Мәтеш 1913 жылы Жылой ауданының Жаршық ауыл кеңесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан үш жасында айырылған Мәтеш аға апасы Ағилашпен бірге өмірде жетімдіктің зарын тартып қиналса да, құрыштай қайнап, жетіле түсті. Қаңбақтыдағы орта мектептің бастауыш сыныбын зерек оқып, спортқа, ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнауға бейімделіп, адамгершілікті, достықты жоғары ұстады. Бұл талпынысы кейінгі өмірінде Мәтешке көп пайдасын тигізді.1939 жылы Гурьев педагогикалық училищесін, 1954 жылы мұғалімдер институтын тәмамдаған. Ол Махамбет, Балықшы аудандарындағы Бақсай балалар үйінде, Дамба, Құлтай мектептерінің мұғалімі, облыстық оқу бөлімінде мамандар бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Алғашқы ұстаздық жолын Жылойдағы мұнай өнеркәсібінің Қарашүңгілден кейінгі қара шаңырағы Қосшағыл мұнай кәсіпшілігіндегі М.Ю.Лермонтов атындағы орта мектепте бастаған Мәтеш Дүйсенғалиев еңбекке белсене араласып, өзінің білімді де, білікті ұстаз екенін көрсете білді, мектептегі мәдени-көпшілік қоғамдық жұмыстарға жүйелі қатысып, көркемөнер жұмысын дамытуға атсалысты. Алайда оның ұстаздық еңбегі 1939 жылдың күзінде әскери қызметке шақырылуына орай үзіліп, соғысқа аттанады. Фин және Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер Мәтеш Дүйсенғалиев майдандағы ерен ерлігі үшін ең жоғары жауынгерлік орден боп саналатын ІІ-ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталған соң елге оралған Мәтеш барлық күш-жігерін, арман-мақсатын бейбіт еңбекке, мұғалімдікке арнады. Ол өзінің жігерлігімен, ізденгіштігімен, табандылығымен алдына қойған арман-мақсатын жүзеге асырып, Гурьевтегі екі жылдық мұғалімдер институтын тәмамдап, математика пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шығады. Институтты бітірісімен Дамбы ауылындағы орта мектепке директор етіп жіберіледі. 1969 жылдан 1973 жылға дейін бастауыш кластар және математика пәні мұғалімі болып еңбек етті. Соғыстан бұрын да, кейін елге оралғанда да халықтың баласын оқытып, тәрбиелеп, көкірек көзін ашу жолында аянбай адал еңбектің, адами қасиеттің, мұғалім деген мамандықтың мәртебесін өсіре білді.
Ұстамды, ұлағатты Мәтеш Дүйсенғалиев өмірінің ақырына дейін мұғалімдіктен қол үзген жоқ. Қарапайым еңбек адамы, қатардағы мұғалім, ержүрек жауынгер, батыр барлаушы Мәтеш ағаның өнегелі өмір жолы, ұстаздық ұлағаты байырғы журналист, Жылой ауданының Құрметті азаматы Қонаш Қалдыоразұлының 2001 жылы «Ақ Жайық» баспасынан шыққан «Шуақты жүрек» атты деректі повесіне арқау болды. Мәртебелі де мақтан тұтар азамат Мәтеш аға 1979 жылы 66 жасында өмірден өтіп, бақиға жол тартты.
Мәтеш ағаның соғыстан кейінгі ұстаздық қызметі өзінің өмірлік кредосына адалдығын көрсетті. Халыққа білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін Кеңестік басқару жүйесінен ешқандай награда алмаса да, барлық күш –жігерін, өмірлік бай тәжірибесін, терең білімін жас ұрпақ тәрбиесіне аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесін шәкірттері мен қызметтестері ешқашан ұмытпақ емес.