Әбілмағжанның (азан шақырып қойған аты) шығармашылық қасиеті бала кезінде-ақ байқалған. Дүниеден бейқам отыра алмайтын ол, балалармен ойнауды ерте доғарған. Шелек десе, елек әкеліп, үнемі ой құшағында жүрген. Өнер қысқан естияр шағында лирикке айнала басталған. «Апасының Марғауы» (болмысы үшін осылай атаған) медреседе жүріп, 1912 жылы «Шолпан» атты өлең жинағын шығарады. Бұл туралы Башқұрстанның белгілі жазушысы Сайфи Құдаш былай дейді: «Қазақстанның талантты жас ақыны Мағжан «Ғалия» медресінде «Садақ» атты қолжазба журнал шығара бастады. 1912 жылы Қазанда оның тұңғыш өлеңдер жинағы да шықты. Сөйтіп, қазақтың поэзия әлемінде өзіндік беті бар ерекше ақын дүниеге келді. Абайдың классикалық дәстүрін алға алып барушылардың бірі саналмақ». Сонымен қатар, тағы бір мәлімет, 1911 жылы «Айқап» журналының 2-ші санында басылған.
Осылай басталған ақындық жолдың философиялық тілі не дейді екен? Оны мен ақын өлеңдерінің «мен!» деп тұрып «біз»-ге айналатынынан аңғардым. Мысалы «Гүлсімге» атты өлеңінде:
«Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді» деп, татар қызын суреттей отырып, сол заманның тіршілігін бір сөзбен сипаттайды. Бір жағынан Гүлсім деп сүйіктісін айтса, екінші жолында анасын сипатттағандай көрінді. «Орамал» өлеңіндегі, бақытсыз қыздар ақынның есіне түсті ме деп те қалдым. Өйткені, Мағжанның «М.Дулатұлының Жәмиласы шын өмірде жоқ. Ол қазақтың бірнеше қызынан жиналған» деген пікірі бар. Кейде ақын алдыңғы буынға еліктеген. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытов «Лениншіл жас» журналы (№5, 1923 жылғы) мақаласында, Абай мен Мағжанның ұқсастықтарын жазған. Абай:
Сылдырап аққан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап.
Ақ білегін түрініп,
Сыбырласып, сыңқылдап, -десе,
Мағжан:
Сылдырап аққан өзенге,
Үй тігіп дереу қонысып,
Бұрала басып былқылдап,
Әзілдесіп сылқылдап,
Жас келіншек, жас қыздар
Кереге жайып, уық байлар,- дейді» деп, өлең жолдарын салыстырып келтірген.
Сонымен қатар, татар ақындарына, Ахметке, Міржақыпқа да еліктеген. Бірақ, менің жеке көзқарасым бойынша, Мағжанды еліктеді деп, кінәлау ақылға қонбайды. Толстой Пушкинге, Пушкин Шекспирге ұқсағысы келген емес пе? Мағжан ақындықты осылай іздеп жүріп тапты. Алдыңғы қаламгерлердің философиясында жүзді. Оның шетел әдебиетінен аудармалары да тіке аударылмаған. Максим Горькийдің қазақ тілінде «Старуха Изергиль» деген атпен кітап болып шыққан әңгімесін, «Жұртын сүйген жүрек» атауымен аударыпты. Сонда шәкірті Б.Кенжебаев, аузында басқаша, қағазда жазғаны басқаша болуының себебін сұрайды. Мағжан: «Басқа тілден шығарма аудару ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, өгей бала екені мүлде білінбесе керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет» деген екен. Тікелей, сөзбе-сөз аударманың түпнұсқасы басқа тілдікі екені көрініп тұрары анық, сондықтан да Мағжанды бұл үшін кінәлауға болмас. Керісінше, тұлғалардың рухын өшірмей, өз сезімдерімен дүниеге әкелгені асқан шеберлік деп бағалауға болады.
Мағжанды зерттей келе, ол кісінің барлық ойы өлеңмен өріле ме деп қалдым. Ақынның түс көріп «Ботамды көрдім түсімде» деп өлеңмен ақтарыла салуы ғажап. Ал, эпиграммалары бір бөлек. Әлихан Бөкейхановқа:
Ел ағасы, Есенбісің,
Елдің басы О,Әли!
Әбілқайыр Досовқа:
Бетім-бетім Құдіретім,
Не дейін?!
Асхат Сайдалинге:
Көкек, көкек,
Менмен есек
Идейный.
Көсембісің, О, пәли!
Ел билейді-ау, Сөз сөйлейді-ау
Әбіл жын!...
Асхат, Асхат, Үйіңде жат,
Ереймей.
Көрген адамына эпиграмма шығарып тастайтын әдеті болған. Ол педагогика ғылымынан да алыс емес. Оның «Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар» деп тартудан басталатын, ғылыми еңбегі- «Педагогика». Мұнда методика, психология, философия қамтылған. Жан тәрбиесі мен дене тәрбиесі. Әрбір мұғалімге, тіпті анаға керек кітап. Өйткені, баланың қалыптасуына зор ықпал ететін кеңестер жазылған. Көру, есту, иіскеу, сипау, тату һәм тағы басқа сезімдерді тәрбие қылу керек деп насихаттайды. Абайдың «Құлақтан кіріп бойы алар, тәтті ән мен тәтті күй» фразасын үлгі ете отырып, жақсы нәрсе естіп өскен бала әділеттікті сүйе алады дейді. «Ана аузына тас салғандай жүрмесін» деп бесік жырының қадір-қасиетін ғылыми түсіндіреді. Грек данышпанының алдында тұрған кісінің сөйлеуіне қарап, бағалағанын да жете түсіндіріп береді. Адамның қозғалысы жанның бейнесі екенін дәлелдермен келтірген. Оны қазір ғалымдар жаңалық ашқандай жеткізуде. Бұның бәрі Мағжанның педагогикалық дана ойларында қамтылып кеткен. Ол психологиядағы іскерлікті, әсерленуді, суреттеуді, тұқымдастық, тағы басқа эффектілерді жіктеп, таптарға бөлген.
Онымен қоймай, алғы сөзінде: «..жалпы негізінде көп қателіктер болуы мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім» дейді. Тек өкініштісі, Мағжан ұлтшыл ақын ретінде ғана әйгілі. Жан-жақты қабілеттері оқырманға ашыла қоймаған.
Мағжанды сары уайымшыл, ескішіл, қаланы жек көретін, «Пайғамбар» сынды өлеңдеріне бола атеист деп сынайтындарды түсінбеймін. Кейбірі, мына өлеңіне қарап өзін Пайғамбар санайды деп ойлайды:
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар. Бұл өлеңнің астары терең, арғы жағында «Ғұн тайпасының ұлымын» деген сөз тұрғандай. Қазақтың тарихына жан-жақты үңіліп, зерттегені осы өлеңнен байқалады. Тарих тегершігі айналған кезде, кең даламызда желдей есіп, тіпті Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен қуатты тайпаның, Ғұндардың шежіресін білмейтініміз өкінішті! Мағжан бұл жерде өз халқының, өзі туған сардаланың асқақ айбынын суреттеген. Сөйтіп, «Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар» тіркесін қолданған. Көшпелі ғұмыр кешкен халық үшін Күннің орны ерекше болса, Гунді-Ғұнды күнге теңеуінің астарында терең бір мән бар екені анық. Мағжантанушылар бұл өлеңді әлі де сараптап, түпкі мағынасын ашып береді деп үміттенемін.
Ал мен мына дәлелді көрсетер едім. Мағжан 1937 жылы тұтқындалар алдында Қызылжардағы інісі Сәлімжанның үйінде болып, Алматыға аттанады. Осы кезде, қолындағы жайнамазын келіні Бибізайыпқа тастап кетеді. Жайнамаз санқилы шытырманнан өтіп, 2013 жылы ғана табылады. Логикаға салсақ, діндәр ата-бабасынан, «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деген пірі Абайдан асып, Мағжан қайда барсын?
«Айға» деген өлеңінде:
«Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,
Көл қылып, қан аралас жас төгейік» дейді.
Мағжанның шығармашылығы жас, әр сөзі астарлы, сыршыл болып келеді. Стилистикасы бөлек, жаңашылдық бар. Ішкі ұйқасы, ырғақтығы бар. Тіпті, өлең бағып жеті жыл айдауға түсіп, «қонақ боп қашан келер екен» деп күткен Қызылағаштағы нағашыларына бара алмайды. Сөйтіп, «Жауар азаматтарына» деген өлеңін қонаққа жібереді.
«Солай, Зеке, бір себептен келіп ем,
Өмір бір жол, адам-кешкен керуен.
Ес білгелі шетте жүрген жәйім бар,
Сергелдең де, серуен де- сергелдең!»
Сондай-ақ, 1936 жылы ағасын іздеп келген Мұхаметжанға, Шарбақкөлдегі нағашыларыма өзім бармасам да, сөзім барсын деп, «Нағашыларыма» деген өлеңді беріп жібереді.
Мағжан өлеңдері сезімшілдіктен туатына бір дәлел бар. Мағжан бір ай Қарауылда жатады. Сонда Зейніш замандасы:
-Ау, Мағжан-ау, өзің әйгілі ақынсың, ауылымызда ай жатып, бір өлең де шығармай кеткенің бе?-деп әзілдейді.
Сонда Мағжан:
-«Су түбінде жатқан тас, жел тербесе шығады» демей ме, Зеке?! Мен де бір себеп - салдарсыз өлең шығара алмайтын адаммын. Қолымнан келмейді,-дейді. Зейніш тапқырлықпен, ауылда батыр болған Еслам деген азаматтың қалай қайтыс болғанын айтып береді. Осы кезде Мағжанның жүрегін кернеп, «Есламға» деген өлең шығады. Бұл өлеңнің ырғақтылығы сондай, той-томалақтарда әнге айналып кеткен. Міне, Мағжанның өлеңдері - Хауа ана мен Адам атаның тілі атанған поэзия жауһары болды десек, несі артық? Мағжан «Ған» ұйқасынан шаршап, үнемі жаңашылдықты қалаған. Сол үшін мәдениеті жоғары ақын деп әдебиетшілер бағалайды. «Өлеңнің ұйқасы»:
Жалықтырды- «Ой» да «ған»... Құрысын өлең! Қой бағам!
«Балапан» журналына қара сөзбен жазған «Балапан қанат қақты» өлеңі бар. Осы жыр маржандары арқылы, ақынның сөз заңына бағынбайтынын, Мағжанның әлемі ерекше екенін көреміз.
«Балапан қанат қақты...
Жас еді. Қанаты қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты.
Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесінен өтті.
Қазақ халқының тұжырымды философиялық ойы - батыстағыдай келте қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзиялық шығармаларда, фольклорда, ауыз әдебиетінде, қанатты сөздерінде, мақал-мәтелдерде.
Ал, Мағжан шығармаларында айтылатын қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұлттық, ұлыстық, жалпыадамзаттық философиялық ой тереңдігі айқындала түскендей. Мағжан поэзиясының мәні – терең, көкжиегі – көркем. «Мен кім?» өлеңінде Мағжан «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді, Надан адам өлім жоғын білмейді» деген.
Мағжанның рухын жоғалту үшін, шығармаларын өртеді, жоғалтты, деректердің көзін жойды. Ал Мағжанның идеологиясы – шыңыраудай терең философия. Оның көзқарасы, жанының он екі арнасының ашықтығынан туған. Барды бар, жоқты жоқ деп сырын ақтара салады.
«...ға» деген өлеңдерінің бәрі Мағжанда сыр қалдырмады. Сұлу әйелді сұлу деді, опасыз әйелді обалы жоқ қатын деді. Бұл Мағжанның әйелдерді шектеткені емес, адамгершілікті іздегені. Қазаққа ортақ Жәмиланы жоқтап, әйелге жасалған зорлықты, діндегі шикілікті ашып айтты. Ол тек құр қиялдың қолшатырын ұстамады, ғылымды зерттеді. «Педагогика» ғылыми еңбегіне қарап, алдағы он жылдығын болжап сөйлейтінін байқадым. Өзгенің психологиясын түсінген Мағжанды есінен адасқанға жатқызғандарды көре алмаушылар деп түсіндім. Кемелдік, қайрат, жастық шақ- Мағжанның ғұмырында. Оның адалдығы дүниеге сыймай кетті. Замандастарымен ой көкжиегінде тілдесе алмады. «Мен кім?» өлеңіндегі өсиет- «...Менікі де өлмейді...» .
Дүкенбай Досжанның «Мағжанды өлтіргендер» әңгімесінде өлім алдындағы соңғы сөзі: «..Жазушылар одағының табалдырығында қол жайып, садақа сұрап қайыршы шал отыр еді, шығып баратқанда қалтамда ештеме болмай, садақа бере алмадым. Өкінішім сол ғана» депті Мағжан. Жүрегі осындай тап-таза адал ақынның қаламгерге тән дерегі мен шындығы бар, психикасы мен денсаулығы мығым, әділдігі жоғары, адами қасиеттері зор деп айтуға негіз бар.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. М.Жұмабаев «Шығармалар», 2, 3 томдық кітаптар, Алматы, Білім 1996
2. М.Жұмабаев «Таңдамалы» , Алматы, «Ғылым» 1992
3. М. Жұмабаев. Шығармалары (өлеңдер, поэмалар, қара сөздер) А., Жазушы, 1989