Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман НАҒИМОВ: «Зұлмат жылдар жаңғырығы...»

 XX ғасырдың 30-шы жылдары Гурьев уезі халқының «жаны мұрындарының ұшында болды» деп айтсақ, ешқандай қателеспейміз. Оны Атырау облыстық мемлекеттік архивтің қорларында сақталған деректермен танысқан әрбір адамның жақсы түсінетіне ешқандай күмәніміз жоқ. Ол кез -  Бүкілодақтық Коммунистік партияның басшылығымен совет елінде саяси қуғын-сүргіндердің әбден күшейген мезгілі.  Сол ауыр кезеңді 1938 жылы мамыр айының 15-23-і күндері Гурьев қаласында өткен 1-ші Гурьев  облыстық партия конференциясы нақты бейнелейді. 

       Конференцияға қатысқан Облыстық милиция бөлімінің бастығы Михитарьянц өз сөзінде облыста «халық жауларын» әшкерелеудің жәйін ашып көрсетіпті.  Ол былай деген: «Жолдас Өтеғалиев өзінің  баяндамасында конференция БКП(б) ОК-нің қаңтар пленумының шешімінің үлгісімен өтуі керек десе де, бірақ оның  баяндамасы пленумның шешімінің үлгісіне сай құрылған жоқ. Біздің ұйымда, көптеген шаруашылық ұжымдары мен басқа да ұйымдарда халық жауларының жұмыс істейтіндерін  ескеріп, баяндаманы бүкіл партия массасын жұмылдырып соларды, яғни, халық жауларын, диверсанттарды, шпиондарды, террористерді, бүлдірушілерді түп тамырымен құртудың қажеттігі туралы  айту керек еді. Жолдас Михайлов бұл адамдар туралы өзінің сөзінде айтты».
(Бұл жерде милицияның бастығы қауіпсіздік комитетінің бастығын, яғни,  Михайловты қолдап отыр).
«Біздің сауда орындар, шаруашылық және басқа ұйымдар неше түрлі алаяқтармен ластанған, олар жүз мыңдаған  сом ақшаны судай шашып, мемлекетке миллиондаған шығын келтіруде. Сұраңызшы жолдас Өтеғалиевтен, біздің облыстағы органдарды осындай адамдардан тазарту жөнінде не істелінді екен?  Мен айтсам, жақында нан комбинатында сол мекеме директоры Дүйсеналиев басқаратын банда анықталды. Олар Гурьев жұртшылығын шеге, әйнек, тас қосқан нанмен тамақтандырған. Нан комбинатының аппараты тап жауларымен ластанған. Мысалы, Арыков контрревоюциялық қызметі үшін, совет үкіметіне қарсы қарумен күрескені үшін 10 жыл түрмеде отырды. Оған алкаголсіз ішімдіктер заводын басқаруды сеніп тапсырды. Бұл тип наубайхана жұмысшыларын арақпен суарып, оларды сапасыз нан пісіруге үгіттеді, сөйтіп біздің қаланың халқын улағысы келді.  Сальников деген тип, бұрынғы кулак, бұл алаяққа наубайхананы басқартып қойыпты, ол осыны пайдаланып, қалай болса да халыққа зиян келтіруге тырысқан. Бізге, ең алдымен обкомға осындай халық жауларымен дұрыстап айналысу керек. Бұл жерде Теңіз аудандық партия комитетінің секретары Котельников сөйледі. Ол өзінің ауданындағы жұмыстар жөнінде большевикке жатпайтын әңгімелер айтты. Мысалы, «Морской» колхозын алсақ, оның басында бандит Дощанов отыр, «Советский» балық кооперативін бандит Бабушкин басқарады. Олар тек конрреволюциялық бүлдіру жұмыстарын жүргізді, олар колхозды балық аулау құралдарымен қамтамасыз етпеді,  азық-түлік жеткізбеді, әдейі мал басын кемітті, ақыры соның бәрі аштыққа алып келді. Бұл бандиттер Дощанов пен Бабушкин өздері мойындағандай, олар Теңіз котрреволюциялық орталығының тапсырмасымен барлық әрекеттерін  колхоздың барлық жұмысына кесел келтіру, мал басын жою, жұртшылықты ашықтырып, ақыр соңында, оларды совет үкіметіне қарсы қоюды көздеген. Мен бір-екі ауыз сөзді  Гутиннің сөзі туралы айтпақшымын. Ол партия обкомының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі бола отырып, обком жөнінде, өзі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Ол кемшіліктер бар екенін мойындаса да сол кемшіліктермен қалай күресу туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Ол күрес атымен болған жоқ, яғни, оның өзі өндірісте жаулардың іс- әрекетінің өсуіне жағдай жасады. Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті Гурьев облысын білмейді, оның мәселелерімен айналыспайды, сондықтан бұл өңірде халық жаулары қаптап жүр.
     Мирзоян мен Нұрпейісовтың қызметтен алынуы Қазақстанның Орталық аппаратының басшылық ретінде «шаруасы біткенін» көрсетеді. Қазір сөйлеген Гутиннің өзі жұртшылықтан әбден алшақтап кеткен, стахановшылар қозғалысын басқара алмайды, жұмысшылардың жағдайымен айналыспайды. Біздің өнеркәсіпті обкомның нашар басқаруына бірінші кезекте Өтеғалиев пен Сидоров кінәлі. Олар жолдас Сталиннің партияның 15-ші сьезінде сөйлеген сөзін басшылыққа алуы тиіс. Сталин айтты: «Егер біздер, большевиктер бүкіл әлемді сынасақ, Маркстің сөзімен айтқанда, аспанға шабуыл жасасақ, яғни, кейбір жолдастардың жанының тыныштығы үшін өзара сыннан бас тартсақ - онда біз өзіміздің ұлы ісімізді құрбан еткеніміз, одан ештеңе де шықпайды». Сталин жолдастың ұсынысын Өтеғалиев жолдас түсініп, қорытынды шығаруы тиіс. Жолдас Сидоровтың сөзін партияның орталық комитетінің хатшысының сөзі деуге келмейді, мен айтар едім ол өзара сынмен емес, сен тимесең мен тимен дегендей, дипомат сияқты сөйледі. Жолдас Сидоровтың сөзінен біз Өтеғалиевтің жұмысы туралы  бір ауыз сөз ести алмадық.
 Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің инстукторы жолдас Резников: 
«Кеше жарыссөз кезінде, мен жолдас Сидоровқа бірнеше сұрақтар берумен ғана шектелдім, себебі мен Сидоров жолдастың өзі әрбір большевикке тән ашықтықпен және шыншылдықпен өзінің биік шені мен лауазымына қарамастан, конференцияға қатысушылардың алдында өзінің Балқашта болған кездегі  саяси соқырлығын және әшкереленген, түрмеге  отырғызылған бандиттер Спировпен, Шабанбековпен, Алиевпен, Яхновичпен қандай байланыста болғанын және аталған халық жауларының Сидоровпен бірге Мирзоянның артынан Қазақстанға құйрықшық  сияқты еріп келгенін  айтатын шығар деп ойлаған едім. Бірақ олай болмады. Ол аздай Сидоров жолдас қазір сөйлеген кейбір жолдастардың айтқанындай, өзінің бұрынғы практикалық жұмысы мен Гурьевтегі жұмысы туралы да жұмған аузын ашқан жоқ».
 Бұл жерде Резников өзінен лауазымы көп жоғары Сидоровқа тектен тек ұрынып отырған жоқ. Бұл жерде саяси тапсырма болуы да мүмкін, себебі бұл конференциядан бұрын бірінші хатшы Мирзоян мен аталған коммунистер « халық жауы» ретінде тұтқындалған болатын.
«Біріншісінен, бастаймын: Балқаш маңында халық жауы болғаны үшін атылған Пятаков қойған Ивановтың қитұрқы әрекетінің кесірінен бүкіл еліміздің экономикасына орны толмас зиян келгеніне қарамастан, оны осы Сидоров барынша қолдады. Осы Ивановты Өлкелік Партия комитетінің Балқаштағы уақытша өкілі болған кезде Сидоров мақтаумен болды, егер біреулердің тарапынан Ивановтың дұшпандық әрекетін сынаған кезінде, ондай сындарды сол бойда өшіріп тастап отырды. Осының бәрі, кем дегенде Сидоровтың саяси соқырлығын білдіреді. Ивановты жер-көкке сыйғызбай мақтауы Сидоров білсе-білмесе  де, оның бүлдірушілік ісінің күшеюіне алып келді. Бұл жөнінде жолдас Сидоров  конференцияда айтуға тиісті еді. Екіншіден, ол кісінің халық жаулары Шабанбековпен, Алиевпен, Котеновпен, Яхнович және басқалармен байланысы туралы айтатын болсақ, жолдас Сидоров өзінің сөзінде Мирзоянның бұл құйыршығымен  кездейсоқ таныспын деп көрсетті. Конференцияға қатысушылар Сидоровтан бұндай жауапты күткен жоқ еді. Жолдас Сидоровқа бұл халықпен  тұрмыста етене қалай бірікті, қалай бірге ас-су ішті, соның бәрін бүкпесіз айтуы керек еді. Өзінің сөзінде Сидоров жолдас  тек мені ғана емес, барлық жолдастарды таң қалдырды. Жұрттың бәрі біледі. Жолдас Сидоров Мирзоянның ең бірінші жағымпаздарының бірі болды, оны Мирзоян бір жерден екінші жерге қызметке ауыстырумен болды, бір жерді  ақсатса, екіншісі дайын дегендей. Барлық жерде жұмыс істей алмаған Сидоровты ақыры Гурьев партия ұйымынан әкеліп бір шығарды. Сөйлеген жолдастардың және өзімнің жеке пікірім бойынша, Сидоров бұнда да Ленин мен Сталиннің ісі үшін күресте өзін жақсы жағынан көрсете алмады. Жолдас Сидоров сақ болсын, егер оны Алматыда, Семейде, Балқашта жақсы білетін болса, Гурьевте оны біле алмайды деп бекер ойлайды. Біздің париямыз - сондай партия, ешкім де өзінің арам пиғылы  мен құйрығын, қатесін бізден жасыра алмайды. Бұл жерде айтылуға тиісті бір мәселе: осында сөйлеген жолдастардың арасынан сөйлегендердің ешқайсысы Орталық Комитеттің жұмысына сын айтқан жоқ. Ал, сынауға оның қызметі тұрарлық. Мирзоян өзінің артынан құйыршықтарын тасумен болды. Олардың бәрі кейін халық жаулары болып шықты. Олардың арасынан Спировты, Яхновичті айтсақ та жеткілікті. Мысалы, әшкереленген Спировты айтсақ, ол Мирзоянмен бірге Свердловск облысында бұрынғы Кабаков аудандық партия комитетінде жұмыс істеген кезінде өзінің дұшпандық конрревоюциялық қызметін жүргізді, Қазақстанға келіп Жер Комиссариатында халық жауы Сарғабековпен бірге өзінің жаулық әрекетін жалғастырды. Мирзоян оны әшкерелеудің орнына Орал атқару комитетін басқаруға жіберді, ал ол сол жерде Орал облысын бұрын басқарған халық жауы Құрамысовпен бірге өзінің дұшпандығын одан да күшейте түсті, бірақ көп ұзамай ішкі істер органдарының қолына түсті. Жолдастар, мен былай деп есептеймін: Осы Гурьев облыстық партия конференциясы нағыз большевиктік туралықпен тек қана аудандық, облыстық партия комитеттерінің жұмысын ғана сынап қоймай, Қазақстан компартиясының орталық комитетінің де қызметін сынай отырып, жолдас Сталиннің тапсырмаларын орындайтын уақыт жетті.
Жолдас Сидоров ҚКП 2-ші секретары: «Кеше мен өз сөзімде жолдас Резниковтың  сұрақтарына жауап бердім. Бүгін жолдас Резников мені принциптік  саяси қателерге жол берді деп айыптады. Ол Орталық комитеттің январь пленумының шешімдерімен таныс болса, мені ондай айыптармен сынамаған болар еді. Резниковтың айыптаулары бойынша айтарым: Мен Балқашта 1934 жылы өлкелік партия комитетінің өкілі және аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқардым.Менің тарапымнан қателіктер болған жоқ деп айта алмаймын. Маған әшкереленген халық жауы Ивановты көкке көтерді деген айыпқа келетін болсақ, аудандық партия комитетінде  ол кезде Ивановты қаралайтындай ешқандай материалдар болған жоқ. Мен Ивановтың престижын, әрине, көтеруге тырыстым, оған орталық комитеттің сондай ұсынысы болды. Алматы ІІХК бастығы Шабанбеков, Алиев және басқа әшкереленген халық жаулары туралы айтатын болсақ, мен оларды бірінші рет  1933 жылы Алматыдан  оларды тек жұмыс бабында ғана білдім. Олар, әрине, біз жұмыс бабымен кездескен кездерде антисоветтік  немесе саяси тақырыптарда әңгімелер қозғады, бірақ мен олармен ондай әңгімелерді жүргізген емеспін. Менің басшылыққа ешқандай туыстығым жоқ, тек әйелімнің ұлты болмаса (бұрынғы әйелімнің армянка болғанын есептемегенде). Мені Мирзоянның құйршығы дейді, мен оны жасырған емеспін, бірақ мен нашар құйыршық болдым, неге десеңіз, мен өзімді әрқашанда бірінші кезекте большевик санадым. Мен тағы да ҚКП Орталық комитетінің, сондай-ақ жолдас Мирзоянның қызметі туралы айтатын болсам, ол өзінің практикалық қызметінде жолдас Сталиннің жұмыстағы большевиктік стиль туралы ұсыныстарын үнемі бұзып отырды, сын мен өзара сынға көңіл бөлмеді, жұмыс барысында өткір мәселелерді шешуден қашқақтады, парияның қалың көпшілігінің пікірімен санаспай, Қазақтанның партия ұйымының қызметіне зиян келтірді. Бұндай жағдайға әрі қарай төзу мүмкін емес еді. Сондықтан жолдас Мирзоянды БКП ОК-нің Қазақстаннан кері шақырып алуын дұрыс деп санаймын.
Конференцияда сөйлеген милицияның бастығы Михитарьянц пен Орталық комитеттің инструкторы Резниковтың сөздері  негізінен халық жауларын неғұрлым көбірек көрсетуге құрылған. Бұлардың сынының негізгі объектілері - Гурьев облыстық партия комитетінің хатшылары Өтеғалиев пен Сидоров. Себебі бұлардың республикадағы басшысы Мирзоянның сол кезде жағдайы мүшкіл, ол орнынан алынып,  тағдыры қыл үстінде Москва түрмесінде отырған болатын. Сөйлегендердің қолданатын трафареттік айыптары: сын мен өзара сынды жұмыстарында қолданбайды, саяси тұрғыдан соқыр, халық жауларын дер кезінде залалсыздандырмады, халықтың пікірін есепке алмайды және басқа айыптар тағылған. Олардың еқайсысы да қолмен ұстап, немесе көзбен көріп, дәлелденбеген құрғақ айыптар еді.
Жолдас Төрешев, облыс прокуроры: «Өте дұрыс, сын мен өзара сын жұмыстағы кемшіліктерді ашуға көмектеседі. Өтеғалиевтің баяндамасында өзара сын болған жоқ. Біз бүгін резолюцияның жобасын оқыдық. Ол сынды көрсетіп тұрған жоқ. Сондықтан  қызмет барысында сын мен өзара сынды  пайдаланбау халық жауларын әшкерелеуге көмектеспейді. Мен ұйымдастыру бюросы мен секретарлардың басшылығы туралы айтқым келеді. Өтеғалиев пен Сидоровтың жұмысының басында халық жаулары Байболов пен Гончаров және басқалары туралы бірнеше сигналдар болды. Мен ол сигналдар туралы Өтеғалиев пен Сидоровқа уақытында жеткіздім. Мен оларға Гончаровтың Рыбаксоюздың төрағасы болған кезде орасан зор ақшаны және мүлікті жойғаны, колхоздың уставын бұзғаны туралы, колхоздардың қаржылық жағдайын балық аулау кезінде үстеме баға қою жолымен қиындатқаны жөнінде айтқан болатынмын. Одан басқа мен оларға Гончаровтың халық жаулары Сафарбековтың, Гутиннің Яхновичтің, Мамоновтың қорғағанын хабарладым, олардың бәріне ол түкірді. Заготзернода Красноштанов мемлекеттік қаржыны талан таражға салды. Ол 88 мың теңгені ұрлады, үнемі маскүнемдікке салынды, осы уақытқа дейін оны жұмыстан босатқан жоқ. Мен ол жөнінде оргбюроға хабарладым. Конюховқа Сидоров ара түсіп түрмеден босатып жіберді. Ортяковты жолдас Воробьев облторгке жұмысқа тұрғызуға тырысты. Мен Воробьевқа Ортяковтың сотталғаны туралы айтып едім, ол оны ақталған деп құтылды. Есбол ауданы атқару комитетінің председателі Канцев бұрын колхоз төрағасы болған кезде өте көп мөлшерде мал басы шығын болғанына қарамастан, ол әлі жазаланған жоқ. Бюрода ол сөгіс алумен құтылды. Неге осылай? Бұл кемшіліктердің бәріне жолдас Сидоров кінәлі. Ол бұл мәселелермен дұрыс айналыспады, ал жолдас Өтеғалиев большевиктікпен материалдарды қарамай, Сидоровтың айтқанына көнді. Сидоров туралы. Мен Алматыда болған кезімде қызметкерлер, олардың арасында республика прокурорының көмекшісі айтты, жолдас Сидоров жолдас Мирзоянның бажасы, сосын Сидоров Закавказьеде жұмыс жасаған кезде ол Алиевпен бірге қызмет жасаған, ал ол болса бұрын «Мусаватистердің»  ұлтшыл ұйымына қатысқан көрінеді, ол жөнінде Сидоров білген, бірақ ешкімге тіс жарып айтпаған».  АОМА  ф-1, 1- тізбе, 1-іс, 72-74 беттер».
Міне, соғыстың алдында 1938 жылы мамырдың 15-23-і аралығында Гурьев облыстық партия конференциясында осындай мәселелер талқыланған екен. Конференция материалдарын оқығанда түйгеніміз, сол жылдары Ішкі істер халық комиссариаты мен милицияның беделі мен күші артып, керісінше, партия мен атқару комитеттері, шаруашылық және бюджеттік ұйымдар солардың ықпалы мен бақылауына мықтап түскен болуы керек. Тіпті, облыстық партия комитетінің хатшылары Өтеғалиев пен Сидоров кез келген  күштік органдардың қатардағы қызметкерлерінің сынына ұшырап, өздерінің істемеген ісін істедім деп мойындауға және басқа да кемсітушілікке, қорлауға көнуге мәжбүр болған. Мысалы, Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Сидоровқа: «сен Мирзоянның құйыршығы болдың» дегенде, ол  сол қорлықты мойындап: «Мені Мирзоянның құйыршығы дейді, мен оны жасырған емеспін, бірақ мен нашар құйыршық болдым, неге десеңіз, мен өзімді әрқашанда бірінші кезекте большевик санадым» деп айтуына тура келді. Конференцияда аттары аталған, «халық жаулары» деп айыпталған  Дощанов, Гутин, Шабанбеков, Сидоров, Ортяковдың бәрі де репрессияға ұшырады. Мысалы: Дощанов Өтепқали сол кезде Теңіз ауданындағы Морской ауылдық советтің төрағасы болып істеген, оның алдында балық колхозын басқарған. Конференцияда милиция бастығы Михитарьянцтың сынынан кейін 5 айдан кейін 1938 жылы 16 ноябрьде атылған.
Сидоров Дмитрий Иванович [07.11.1907 - ..] Елизаветполь қаласында (қазіргі Гянджа, Әзірбайжан) дүниеге келген. Әкесі – теміржолшы. орыс. 
Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясы Шығыс Қазақстан өлкелік комитетінің 1-ші хатшысы (10.1934); Бүкілодақтық коммунистік партия Қазақ өлкелік комитетінің есеп секторының меңгерушісі (04.1935-04.37); Оңтүстік Қазақстан облыстық ҚКП ОРПО меңгерушісі (04.1937); Бүкілодақтық коммунистік партия (б) Қазақ өлкелік комитеті – ҚКП ОК ООРПО нұсқаушысы (04-08.1937); ҚКП Гурьев облыстық комитетінің 2-ші хатшы міндетін атқарушы, Гурьев облыстық ҚКП Ұйымдастыру партия бюросының 2-ші хатшысы (08.1937-05.1938); 1938 жылы 18 мамырда ҚКП ОК Бюросының шешімімен ол «қолда бар компроматтарға байланысты» қызметінен босатылып, ҚКП Орталық Комитетінің қарауына қайтарылды.
1938 жылы 21-ші мамырда Гурьев облысында НКВД-ның қызметкерлерімен тұтқынға алынды. 26-шы қазан 1940 жылы КСРО НКВД жанындағы арнайы Кеңес (ОСО) РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1, 58-2, 58-8, 58-11 баптары бойынша сегіз жылға еңбекпен түзеу лагеріне сотталды. 15.10.1955 жылы ақталды. Филиппов С.Г. ВКП(б)-ның 1934-1939 жж. аумақтық басшылары. Каталог. М., 2016. б. 534.
Гутин Семен Абельевич, 1892 жылы туған, Беларусь, Могилев қаласының тумасы, еврей, Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің департаментінің Гурьев облысы бойынша бастығы. 06/10/38 РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1а, 8, 9, 11 баптары бойынша сотталған. Гурьев облысы бойынша УНКВД 30.07.38 жылы ақталған. 
Гончаров Федор Сергеевич, 1893 жылы туған, Сталинград облысы Капустин Яр селосының тумасы, орыс, Гурьев облысы бойынша УНКВД ЦМК Ұйымдастыру комитетінің хатшысы. 04.08.39 жылы  РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-2.6.7.8.11. баптары сай еңбекпен түзету лагеріне 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Оңтүстік Орал әскери округінің Әскери трибуналы 17 қаңтар 1956 жылы қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтады.
Сол конференциядан кейін де облыстық партия комитетінен бастап, ішкі істер халық комиссариатының облыстық басқармасының және басқа күштік органдардың ұжымдары саяси қуғын сүргіндерді одан әрі күшейте түскен. Оған архивте сақалған келесі құжат дәлел бола алады:
«Гурьев облысы бойынша Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының бастығы мемлекеттік қауіпсіздік комиссариатының лейтенанты жолдас Михайловқа
                                                                            16 сентябрь 1938 жыл
                                                                                    Ерекше құпия
ҚКП (б) осы хат арқылы бұрын облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеген, қазір әшкереленген халық жауы Сидоровтың кезінде бюрода КП қатарынан шығарылған коммунистерді қайтадан партия қатарына алу кезінде оларды осы Сидоров барлық әдіс тәсілдерді салып, олар коммунистің атағына лайықты болмаса да қайтадан қабылдатқан болатын. Бұдан бөлек, «Эмбанефть» тресінің бұрынғы бастығы Гутиннің, Қалалық атқару комитетінің бұрынғы басшысы Борщанскийдің, Межрыбакколхозсоюздың  бұрынғы төрағасы Гончаровтың істерін қарамай,   үздіксіз артқа қалдыра берді. Кейін бұл сұмырайлар халық жаулары ретінде тұтқындалып, НКВД органдарының қолына түсті.
Сол Сидоровтың арқасында партия қатарына қабылданғандардың мінездемесі:
   1.Қощанов Дияр «Эмбанефть» тресінің Қосшағыл кәсіпшілігінің партия ұйымының шешімімен 1937 жылы 7 октябрьде жартылай феодалдың баласы ретінде және 1920 жылы совет үкіметіне қарсы күрескен бандының құрамында болғаны үшін шығарылған болатын. Ол кейін ҚК Орталық комитетінің ұйымдастыру бюросына апелляция берген кезде баяғы сол Сидоровтың араласуымен партияға қайтадан алынып, оның қолына партия билеті тапсырылды, бірақ үш күннен кейін әшкереленіп, НКВД органдарымен  халық жауы ретінде тұтқындалды.
   2. Неталиев Сыдық 1937 жылы Жылойқоса аудандық партия комитетінің шешімімен партия қатарынан төмендегі қылмыстары үшін шығарылған:
   1) Троцкист Шумскиймен, ұлтшыл-фашистер Иманқұловпен, Балғониязовпен    тығыз байланыста болды.
    2) Жылыойда ұлтшыл-фашистер Меңдіқұловпен, Айтжановпен тығыз байланыста болып, Меңдіқұловқа 500 сом ақшамен бір сиыр берді.
    3) Өзінің әлеуметтік тегін жасырды, әйелі-ірі байдың қызы, әйелінің туысқандарымен байланыста болып, 1933 жылы ауыл шаруашылық училищесіне таныстықпен сотталған алыпсатар Қаусановтың қызын орналастырып, оны өзінің үйіне жатқызды. 
     4)  Аудандық ұйымдардың аппараттарын тап жауларымен толтырды.
     5)  Сынды қысым жасады, әкімшілікпен айналысып, колхозды қаржылай қысты. Неталиевты Жылой аудандық партия комитетінің талап етуіне қарамастан, Сидоров Неталиевті партияға қайтадан алуды талап етті. Ол аудандық партия комитетінің Неталиевті партиядан шығару туралы шешіміне қарсы болып, оларды негізсіз сынға алды. Неталиев кейін халық жауы ретінде әшкереленді.
 3. Борщанский партиядан шығарылған жоқ, бірақ округтік партия ұйымына оның үстінен сигнал түсті. Партия жиналыстарында «Правда» газетіне шыққан «Буржуазиялық-ұлтшылдардың етегіне ілесті» деген мақаласын талқылау кезінде сөйлеген коммунистер Борщанскийді айыптап, оны партиядан шығаруды ұсынды.  Себебі:
  1) Ол адай ұлттық топтың жұмысына қатысып, КАЗЦИК-тің мүшесі Ералинді өлтіруге қатысты.
   2) Саудагер Глинковскиймен байланысты болды. Ол - өзінің қайын атасы.
   3) Шовинизмен айналысты.
Борщанскийдің үстінен толып жатқан коммунистердің нашар пікірлеріне қарамастан, Сидоровтың талап етуімен  1937 жылы 12 декабрьде ол ақталып, билетін қайтып алды. Артынан Борщанский халық жауы ретінде әшкереленді. Олардан бөлек, партия қатарына Сидоровтың көмегімен троцкист Кушнер, ұлтшыл Алиев қайтадан алынды.
      ҚКП (б)  облыстық комитетінің хатшысы:                     Байманов
                            АОМА  ф-1, 1- тізбе, 22-іс, 93-94 беттер»
P. S. Біз бұл құжаттан  қарапайым адамгершілік пен ұрда-жық саясаттың күресінің мысалдарын көріп отырмыз. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Сидоров өзінің қарамағындағы коммунистер Қощановқа, Неталиевке, Борщанскийге,  олардың ешқандай жазығы жоқ екенін білгендіктен ара түсіп, партияға қайтадан қабылдануына көмектескен. Бірақ, атақты орыс мәтеліндегідей «Сүйменге қарсы айла жоқ» болып, жаңағылардың бәрі  де , оларға араша болған Сидоровтың өзі де «халық жауларына» айналып шыға келіпті. Біздің түсінігімізше, Сидоровтың өзі басқа өңірден келсе де, жаңадан танысқан адамдарға бостан-бос жала жабылып, репрессияға ұшырауын қаламай, осындай қадамға барыпты. Сондықтан Сидоровтың есімі  ризашылықпен еске алынуға  тиіс деп есептейміз.
Ескерту:

Мақала "Қазақстан азаматтарының негізгі базалық санаттары мен қосымша санаттары бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын іргелі зерттеу және ақтау" атты республикалық Жоба аясында жазылды.