Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Республикалық «Алаштың ақ жолы» байқауының лауреаты Бауыржан СИСЕНОВ: «ЖҰБАН ҺӘМ ОНЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚТАРЫ»

Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан солтүстікке қарай 90 шақырым жердегі биік төбенің үстінде Жұбан мазары (тамы) орналасқан. Ол ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде республикалық дәрежеде қорғауға алынған. Мазардың күмбезімен қоса алғандағы биіктігі 9,05 метр, тік бұрышты жоспарда (5,85 х 6,75 метр) салынған. Мамандардың айтуынша, ескерткішті құрылысы жағынан алып қарағанда Батыс Қазақстандағы көптеген тақта тасты мазарларға ұқсайды. Сырты мен іші әшекейленіп, оюланған мазарды салуға пайдаланған әктас-ұлутас Қабыланды аталатын жердегі Таскескен карьерінен жеткізіліп, ішкі қабырғалары түрлі-түсті бояумен өрнектелген. Оның ішінде бес қабір және Жұбан байдың құлпытасы бар. Ал осы Жұбан бай туралы не білеміз? Ол қай жылы туып, қай жылы дүниеден өткен? Жалпы, мазарды салған кім, және оны қай жылы салды? Енді осынау сауалдарға жауап іздеп көрелік. 

Суретте: Жұбан тамы
 Расында, жоғарыда айтып өткеніміздей Жұбан Еламанұлы  - өте бай кісі. Оның малының көптігінен кезінде жер қайысатын көрінеді. «Маңғыстау» облыстық газетінің 1991 жыл  7  ақпандағы санында жазылған Жолдасқан Сүйесіновтің мақаласына сүйенсек, оның 20 мың жылқысы,12 мың түйесі, 6 мың сиыры, 4 мың қойы болған. Бұл қазіргі күндегі есеппен есептесек бірнеше ауданның малы емес пе?! Осы тұста, Жұбан Еламанұлымен туысқан болып келетін Дәрібай Нұрсұлтановтың атасы Нұрсұлтанға жасаған жақсылығы туралы ел аузынан естіген мынадай әңгімесіне тоқтала кетейік:
«Нұрсұлтан атамыз бес қаруын асынып, ит ертіп, аң аулап, жақсы ат мініп, ел аралап жүретін сері кісі болған деседі. Оның аңшылықты ұнататыны сондай, жолында жақсы тазы кездесе қалса, ол мініп келе жатқан атын сол тазыға  ауыстырып алған кездері болған. Тіпті, аң аулайтын итінің санын он үшке дейін жеткізіп, тазыларын «Біреуін көрініп қашқан аңды жібермей, қуып жетіп алады десе, екіншісін ізшіл, қалың бұталықтың ішінен аңды өзі тауып аулайды, үшіншісі інге, үңгірге кірген аңды құтқармайды» деп сынайтын көрінеді. Бір жылы Нұрсұлтан атамыздың мал өсімі болмай, қыста жейтін соғымға мал сұрап ағайыны Жұбан байға барады. Жұбан бай Нұрекеңе қонақасы беріп, түнімен әңгімелесіп, екеуі бір үйге қонып шығады. Таңертең Нұрекең оянып кетсе, Жұбан бай жатқан үйінің кереге басын айналып:
-Япырмай, мына ініме не беремін-ай,-  деп өзімен-өзі сөйлеп жүр екен. Мұны естіген Нұрекең (өр, тік мінезді болған):
- Әй, ағасы, жынмен сөйлесіп жүрсің бе, беретін малың болса бермейсің бе?- деп даусын шығарыңқырап жібереді. Бірақ Жұбан бай өзінің салмақты, биязы, парасатты мінезіне салып, інісінің жаңағыдай шыдамсыздық көрсеткеніне ашық реніш білдірмейді. 
Бұлар таңертеңгі шайды ішіп болғаннан кейін, Жұбан бай інісіне:
- Соғымға бір көген арқанға сыятын   қой  ал,-  дейді. Сол сапарында Нұрсұлтан атамыз Жұбан ағасынан бір көген арқанға қосарлап елу шақты қой алып қайтады.
Ауылға келген соң, хабарын ағайындарына айта отырып:
-Қап, өзімнен де болды, егер оған дауыс көтеріп, мінез көрсетпегенімде бұдан да көбірек мал беретін реті бар еді,- деп өзінің шыдамсыздығына налыған екен деседі.» (Бұл дерек Дәрібай Нұрсұлтанов пен Есенбай Құли құрастырған «Зәкәрия: Жазайын жауап толғаудан» атты кітаптан алынды,  Ақтау қаласы, 2013 ж. «CASPIY PRINT” ЖШС баспасы) 
Демек, бұдан Жұбан байдың ағайындарға деген мырзалығын, әр нәрсеге байыппен қарайтын азаматтық қасиетін көруге болатындай.  
Енді бүгінгі ХХІ ғасырға дейін архитектуралық құндылығын жоймай жетіп отырған «Жұбан тамы қай жылдары салынып, оларға кімдер сүбелі үлесін қосты?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.  
 М.Меңдіқұловтың «Памятники народного зодчества Западного Казахстана» кітабында: «Жұбан тамы 1895 немесе 1898 жылдары салынған» деп жазылған. Алайда, әлгінде айтып өткен Жолдасқан Сүйесіновтың жазуынша, Жұбан 1871 жылы 48 жасында өзіне там салдырып, там салынып біткен соң ол сол маңға 500 үй тігіп, үлкен той жасаған. Сол тойға күйші баба Құрманғазы Сағырбайұлы  мен атақты ақын, жыршы Қашаған Күржіманұлы да барған. Жұбан сол кезде 18 жастағы қызды тоқалдыққа алған екен. Келіншектің құйған шайына риза болған күйші Құрманғазы «Шайың балдай тәтті екен» деп «Балқаймақ» күйін тартып берсе, Қашаған ақын:
«Аққұба,толық жүзді, ақша маңдай,
Ажарың рауандап атқан таңдай.
Ұзын шаш белге түсіп серпілгенде
 Шаттанған сезімінен сыр ұққандай» деп басталатын жыр арнапты. Жырдың толық мәтіні сақталмаған. Осы жерде маңғыстаулық өнертанушы Ізбасар Шыртанов: «1850 жыл мен 1900 жыл аралығындағы екінші ас - Жұбан Еламанұлының асы. Бұл - Қосай ауылының асы. Жұбанға там да салған. Ол қазір де бар. Мемлекет қарауында күтілуде. Аста  400-500 шамалас үй тігіліп, бас бәйгі 50 жылқы болған. Бәйгіні Кете Дауылтайдың аты алыпты.» («Маңғыстау» газеті, 3 шілде, 1990 жыл) деп қостай жөнеледі. Соған қарағанда, Жұбан тамын «Өлгенде жылқымның дүбірін естіп жатайын» деп тірі кезінде салдырғанға ұқсайды. Ал, А.Қартбаевтың «Адай, Құдайке шежіресі» (Алматы. 2007 ж) кітабында: «Тіней Жұбан Еламанұлына Сағыз бойында 1899 жылы  400 ақбоз үй тігіліп ас берілген. Бекболат, Құдайберген, Жұбан астарында онсыз да Құдай қолдаған Тінейлер мерейі өсірілген. Ат бәйгесінде Әлім, Кете Дауылтайдың арғымағы озып, бас бәйгеге байланған 50 жылқыны алған. Қосайлар қарсы алған қонақтар абыроймен жөнелтілген. Асқа шақырылмай ұмыт қалған Қызылқұрт Құрманғазы күйші келгенде Адай ақсақалдары кешірім сұрай қарсылаған. Бір иығында домбыра, бір иығында мылтық, екі қарақұйрықты атқа теңдей келе, Тәңірдің көктен түскен сазын орындаушының нағашы жұртына бір міндеті өтеліп:
-    Әкем нағашысы да сіз Адай-Таз емес пе едіңіз? Дәмдес болған аға асына шақырмағаныңыз неңіз? Адайларға салмақ салмайын  деп, жейтін тамағымды ала келдім, орынды-орынсыз демеңіз,-  депті. Дәулескер күйші сыйлы қонақ болып, нағашыларының ақпа-төк пейілі мен дархан дастарханына, балқаймағына риза болып:
-    Әй, бай нағашыларым-ай болудан болған,
Ақ дастарханыңыз балқаймақтан толған. 
Бұл не деген ғажайып молшылық,
Ойсыл Қарадан!» деп белгілі «Балқаймақ» күйін толғаған. Жұбанның ұлу тастан салынған үлкен мазары Жем өзенінің оң жақ бетіндегі Дәулеталы көлінен 15 шақырым жерде» деген дерек бар. Ғалымдардың зерттеуінше, Құрманғазының Маңғыстау тақырыбындағы күйлерінің өзі онға жетіп құлайды. Олар «Төремұрат» («Төремұрат-Нарымбай»), «Төремұраттың ақ арғымағы», «Тас астау, тас дере», «Адай», «Ақсақ киік», «Балқаймақ», «Маната», «Тойбастар», «Бозқаңғыр», «Бас Ақжелең», «Қыз Данайдың қырғыны» (Мұның өзі «Қыз Данайдың күлкісі», «Қыз Данайдың кербез жүрісі», «Қыз Данайдың айдай келбеті», «Шәйсандық» сияқты бірнеше күй). (А.Әміржанұлы. Атыраудың аруақты ақындары, «Ақ жайық», 1999, 54-бет)      
Бұдан түйетін ой: даңқты Құрманғазы күйшінің асқа шақырылмай қалдым деп реніш білдіруіне қарағанда,  Жұбан баймен бұрыннан нағашылы-жиенді  сыйлас, сәлем-сауқаты түзу,  дәм-тұзы жарасқан секілді.Онымен қоса, 1871 жылы 48 жаста болғанда Жұбан 1823 жылы туған. Шамасы, Құрманғазымен құрдас немесе бір-екі, әрі кетсе  үш жас айырмашылығы бар замандас болуы да мүмкін.  Екінші айтарымыз – Жұбан қайтқаннан кейін балалары әр жерде бірнеше рет әкесінің рухына құран бағыштап, ас бергенге саяды. Алайда  А.Қартбаев Сағыз бойында берілген астың жылын шатастырып алған сияқты. Себебі, біршама өлкетанушы, ғалымдардың еңбектерінде бұл ас 1895 жылы болды деп жазылып жүр.                                                                                                                                                                                                                                    

Суретте: "Жұбан тамының" ішкі көрінісі
Көнекөз қариялардың айтуына сүйенер болсақ,  ғасырдан-ғасырға көне мұра боп сақталған Жұбан тамының құрылысына 20 мың рубль, 10 жылқы, 1 пұт шай, 15 пұт секер жұмсалған деседі.Бірақ осынау алыстан менмұндалап көз тартатын әдемі ою-өрнекті тамды кім салғаны хақында да әртүрлі деректер бар. Мәселен, М.Меңдіқұловтың жоғарыда аты аталған кітабында: «Нұғыман ұста салған» десе, Жолдасқан Сүйесінов: «Оның шәкірттері Адай руының Қараш бөлімінен тарайтын шеберлер Сартай мен Төреғұл екен» дейді.  Мамандар болса, мазардың ішкі қабырғасындағы соңғы жазуларда «Құрылысты салушы Шәнен Бекбайұлы» деп жазылғанын айтады. Сондай-ақ, олар осы сирек кездесетін мазарды танымал сәулетші Қаражүсіп ұлдары: Дүйсенбай, Өмір, Игібай салды дегенде дерек барын тілге тиек етеді. Сол сияқты, Жұбан байдың қызы Үбіштен туған Ығылманның қызы Айнахан Есет (Облыс, республикаға белгілі журналист, қазір Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында тұрады. Деректерді шежіре әкесі Ығылманнан  жазып алған  Б.С.) өзінің «Жұбан тамының салынуы туралы хикаятында» былайша суреттеп жазады:
«Жеті ағайынды жігіттің қай –қайсы да осал емес, бірақ  бәрінің ішінде Талпақтың орны бір бөлек, бедел-білігі озық. Содан болар Жұбан шалға там салатын шеберді таңдау Талпаққа  тиесілі болды. «Мен Адайдың мықтысымын» деген тамшы шеберлердің қолтаңбасын саралап, сұрыптап ол ақыры Қаражүсіп баласы  Жары Дүйсенбай шеберге тоқталды.  
-    Бәске таласым жоқ. Бірақ әкемнің атына сай там тұрғызсақ деп едік. Тірлігінде сән салтанат тұрмысты талғап, арғымақ мініп,  қалап киім киіп, таңдап ас ішкен, ақшасы аз деп арзанға қызықпаған адам еді. Мәңгілік мекені де соған лайықты болсын! Әкемнің тамы Адайдың осыған дейін салынған барлық тамынан артық   болып салынсын. Ал қол ақы еңбегіңе осыған дейін  там салғаныңа ешкім беріп көрмеген мың қой, жүз қара берем, оны аздық етсең сұрағаныңды тағы берем, көкейтесті қалауыңды айт,- деді Талпақ мырза оған.
Мұны естіген Дүйсенбай  шебер қуанғаннан қапелімде айтарға сөз таппай қалсын! Әлден уақытта барып:
-    Бүйтпесең Талпақ болармысың!  Айтқаның болады.   Жұбан байдың тамын салудың өзі бір мәртебе. Адайдың көп тамшысының ішінде бұл қызмет бізге бұйырған екен. Бұған дейін   өліге үй салғаны үшін мың қой, жүз қара алған ешкім жоқ еді. Разымын,-  деді. 
Уағдалы күні бәтуаласқан іс басталып кетті.  Талпақ мырза там салушыларға естен кетпестей бап жасатты. Үш ай бойы  күнде түстігіне - бағланның еті,  кештік асқа - сүтке пісіріген  құлынның еті, былайғы кезде - жылқының қызыл қуырдағы мен қазы- қарта, жал – жая мен жылы-жұмсағына  қарық қылды, сусаған кезінде қулық биенің қымыран қымызы мен інгеннің қою шұбатын  қанып ішкен Дүйсенбай шебер мен оның көмекшілері  біраз жұмыстың басын қайтарып –ақ тастады. Уағдалы күні жазық дала төсінде күмбезі жарқырай көрінген жаңа кесене «Жұбан тамы» бой түзеді. Өнері шынайы бағаланған соң  Дүйсенбай шебер де аянсын ба, күмбезді кесененің ішкі өрнегінің бояуларын бұған дейін ешбір тамға пайдаланып көрмеген өзінің құпия әдісімен сырлап шықты. Қабырғасын қиюластырған қоспаны да ешбір көмекшіні араластырмай, ешкімді қатыстырмай  жеке-дара  құпия дайындады. Тамның салынуына Жұбан байдың  жеті ұлының да көңілі бітті. Тамшы шебер де бастаған ісінің сәтті біткеніне қуанып, мың қой, жүз қараны айдап,  ауылдарына қайтар сәт туған. Алайда кесенені келіп көріп, оның бұрынғы тамдардан артық салынғанын байқаған Дүйсенбай шеберге ағайын болып келетін  Майлан жары Әкім балалары әңгіме тапты.
-    Ай, Дүйсенбай –ай, мынау там керемет болып бітіпті.  Сен ғұмырлық өнеріңмен Жұбан байдың тірліктегі атағын енді мәңгілікке өшпестей етіпсің. Талпақтың малын аядың ба? Мың қой мен жүз қара деген не, биылғы жыл қыс қатты болса, жұттан қырылады да қалады. Одан да өміріңе жетерлік қолақы сұрамайсың ба? 
«Адамзатты сөз бұзар» деген.  Дүйсенбай шебердің көңілі аяқ астынан нілдей бұзылды. Әрі ойланып, бері ойланып көріп бұрынғы уағдадан айныды. Алды кең, жомарт көңіл Талпақтан тағы да  сұрағанын алатынына көзі жетті.
- Бұл там өзім ойлағаннан да артық болып салынды. Әкең Жұбанның сүйегін  алып басқа жерге  қой.  Тамды басқа біреуге сатам,- деп Талпаққа хабар салды. Талпақ шебердің бұл сөзіне ашуланған да жоқ, апшыған да жоқ.  Әңгіменің қай жақтан өршігенін нобайлады. Абайлады да, пендешілікпен азғырған сөзге ерген тамшыға аяушылықпен қарап:
 -Сұрағаныңды айт!- деді.
Дүйсенбай  шебер  уәдеге тұрмай, бәтуаны бұзғаны енді  есіне түскендей үндемей қалды.
 Шеберге енді не берерін  тағы да Талпақтың өзі шешті.  
-    Өле өлгеніңше жыл сайын астыңа таңдаулы бір ат мінгізіп, соғымыңды беріп тұрайын, одан қала берді жыл сайын сауып ішер бір мойнағыңды үйіңнің алдына байлармын –деді. 
Дүйсенбай  бұдан артық бұлтарып қайда барсын!  
-    Күшім қайтып, там салуға шамам болмаған кезде   ғұмырымның соңына дейін соғымым мен сауыным тегін, мінер атым дайын болса одан артық не тілейін,- деді. Бұл енді ешкім азғыра алмастай келісім еді.
 Күмбезі көкпен шағылысып, өрнегі сағыммен арбасқан Жұбанның мазарына жұрттың бәрі таң қалысты.
«Қарағай моладағы» Жұбан тамын  көрген де арманда, көрмеген де арманда»  десті жұрт.
Қалай болғанда да тарихи мұрамыздың алтын қазынасы болып есептелетін бұл мазарды кім салса да сақтап, кейінгі ұрпаққа тұщымды түсінік беру парыз екенінде дау жоқ. 
«Әкеге қарап ұл өскен...»
      Ежелден аттың жалында, атанның қомында өскен қазақ халқы «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мәтелді текке айтпаса керек. Өйткені, ата жолын жалғастырып, ата-ана абыройын асқақтату - кез-келген ұл-қыз үшін мұқалмас міндет. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біз әңгімелеп отырған Жұбан Еламанұлы  балаларының шоқтығы биік. Олай дейтініміз, Жұбан ұлдарының қай-қайсысы да әкенің ізгілікті ізін жалғастырған, өз заманында үлкен беделге ие дәулетті азаматтар болған. 
   2007 жылдың көктемінде Жұбанның шөберелері Терекбай, Ысқақтармен кездесудің сәті түсті. Сол кезде бізді Ақтау қаласында тұратын Жұбанның Шам деген баласынан өрбейтін Ысқақ есімді шөбересі  80 жастағы ағасы  Терекбай Қалиевпен кездестіруге алып барды. Ол Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан 12 километр қашықтықтағы Құланды деген жерде тұрады екен. Олардың айтуларына қарағанда, Жұбанның Шам, Талпақ,  Өжек, Жақай, Жарылғап, Бозым, Қали, Көпек деген ұлдары, Үбіш, Бибіш есімді қос қызы болыпты. Оның ұлдары туралы ақын, жыршы Сәттіғұл Жанғабылұлының «Зәкәрия, Шам, Талпақ» деген арнауы да бар. Жыршының аталмыш арнауына тоқталмас бұрын Жұбанның шежірелік түзілімдеріне көз жүгіртейік. 
  Ол - айбарлы да адуынды Адайдың ұрпағы. Адайдан екі бала Құдайке, Келінберді. Құдайкеден Қосай, Қосайдан Тіней, Тінейден Арық, Таңат, Арықтан Құдайберген, Тәңірберген. Құдайбергеннен әлгінде айтқан Сәттіғұл жыршы: 
«Пайғамбар Хызыр дарыған
Атаңыз ғазиз Жұбанға-ай
Бержағың - Жұбан, аржағың -
Билік құрған Бекболат –
Дәреже, бақыт, байлыққа
Толыққан бар ма бұлардай?
Арғы атаң екен Бекболат
Көрсетіп үлгі – жол салған,
Кеңесін кеңнен мол салған
Би екен артық ауданды-ай,
Төресін бұрмай алдынан
Тарқатқан екен дауларды-ай
Қайраты мәлім ауылсың
Сынбаған сағы жау қандай?» деп «Зәкәрия, Шам, Талпақ» атты арнауында жырға қосқан
 Бекболат, Бекболаттан - Өтеш. Өтештен Сары, Сарыдан - Қалқаман, Қалқаманнан- Еламан, Жанаман, Еламаннан  - Жұбан, Қалнияз. Жұбаннан - әлгінде айтқан Талпақ, Шам, Өжек, Жақай, Жарылғап, Бозым, Қали, Көпек.  Талпақтан- Қаражігіт  Қаражігіттен жоғарыда аты аталған Терекбай қария. Шамнан - Асқар, Масан. Асқардан  - Ысқақ (жоғарыда айтқан), Жетібай, Бекболат, Қуаныш. Осыған қарап, Жұбанның ұрпақтары да бір қауым елді құрайды-ау деген ой туады.   Олай болса, әкелеріне сәні мен сәулеті келіскен,  ғасырлық ғибраты мол там салдырған   Жұбан Еламанұлының ұрпақтары заманында кім болған? Олар тарихта аты қалатындай қандай  тағылымды істер атқарды?  Екі ғасырдың куәгері, жалынды жыршы Сәттіғұл Жанғабылұлы:
«Өжек пен Жақай, Жарылғап,
Келдес пен Мамай – бесеуі
Жігіттер екен дұшпанға
Кетпеген әртүр есебі.
Абыройменен өткеннен
Болған жоқ бөтен өсегі.
Бәрін де хәкім – хан қойған
Ресей патша кешегі.
Мархұмдарды солардай
Адай – ел керек деседі» деп жырға қосады. 
Ақынның бұлайша, жыр төкпелетуі дұрыс та. Оған себеп, әлгінде аттары аталған   Жұбанның ұлдары - баймыз деп дәулеттілігін бұлдамаған, жарлыға жәрдемдесіп, кедейге көмектесіп, жетім-жесірге қарасуды міндет санаған абыройы асқақ азаматтар. Жұбанмен бірге туған Қалнияз ауылынан тарайтын, өзі кезінде Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Қопа елді-мекеніндегі Абдолла хазіреттің «Көкмешітінде» білім алғаны үшін 5 жылға сотталып келген, бүгінде бақилыққа аттанған Сұпығали Бейішевтен ұрпақтары  1998 жылы видео кассетаға жазып алынған  деректерге сүйенсек,  Жұбан балалары Маңғыстаудан шығып, Қобда, Арқаға дейін ат артып, жолшыбай жоқ жітіктерге ат мінгізіп, сауда жасаймын дегендерге ақшасын, сауын ұстаймын дегендерге сауынын беріп кете беретін көрінеді. Ендеше, Жұбан байдың Жарылғап, Өжек, Талпақ, Шам сынды балаларына жеке-жеке тоқталып, олардың халыққа жасаған игілікті істері туралы шежіреші Сұпығали Бейішев қарттан естігенімізді баяндап көрелік. 

Жарылғаптың жақсылығы
 Мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа бару. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисіне сүйенсек, кіші және үлкен қажылық өтеп жүрген қажылар – Алланың жердегі өкілдері. Егер олар Алладан тілек тілесе, қабыл етеді. Міне, осыны жете сезініп, жүрегіне имандылық нұрын ұялатқан Жұбанның үлкен  ұлы Жарылғап ағайын туысын жинап алып:
«Әкем Жұбан өлгенде жинаған дәулетін  өзімен бірге ала кеткен жоқ. Дүние қолдың кірі екенін көзіммен көрдім.  Бұл дәулетті босқа жинап не қылам? Одан да елдің қажетіне,  мұсылманның парызды жолына жұмсайын. Қажылыққа барғалы отырмын. Осы жолға ниет еткендерің бар болса  ала кетем. Жол шығындарың мойынымда» дейді.  Сөйтіп, Жарылғап Тіней ауылының сегіз азаматының жол-шығынын өзі көтеріп, қажы атандырады. Солардың бірі -  Жұбанмен бірге туған Қалнияздың баласы Жанұзақ қажы. Ол  1863 жылы Сағыз өңірінде дүниеге келген. Аты кіші жүзге кең тараған Абдолла Хазіреттің  шәкірті, Бұхарадағы діни мектепте дәріс алған. Меккеге қажылыққа барған көзі ашық, өз заманындағы  алғыр адам  болыпты. Кейіннен Былқылдақты елдімекенінде (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылдық округіне  қарасты) мешіт салдырып, сол  төңіректегі  балалардың  діни сауатын  ашқан.  Кеңес үкіметінің  алғашқы  жылдары  мешіт ғимараты  құлатылып, оның  құрылыс жабдықтары  қора салуға  пайдаланылды.  Соңғы жылдары  жергілікті  халық, қажының  шөбере-шөпшектері оның  зиратының орнына  көпшілік  түнеп зиярат ететін  кесене тұрғызды.   

Талпақтың тағылымы
Жұбан балаларының ішінде тарихи деректерде есімі  көбірек аталатыны – Талпақ. Ол 1872 жылы Ойыл ауданының 22 ауылында туған. Жоғарыда айтқан, Терекбай қарияның түсіндіруінше, оның мыңғырған малы, алты әйелі болса да тұяғын басар ұл бала болмаған. Десек те, қазақта бала тұрсын деп туысқанының бір баласын беретін ырым бар емес пе?! Осы ырым негізінде інісі Шамда Қаражігіт есімді ұлын ағасы Талпақтың бауырына басады. Алайда, 1929 жылы нәубетте Талпақты ұстап әкеткеннен кейін көп ұзамай, яғни 1930 жылы ұлы Қаражігітті де тұтқындайды.
«Әкемізді ұстаған кезде мен небәрі төрт жастамын. Шешем мені өзінің тегіне өткізіп, Түркіменстан еліне өтіп кетеді. Ол кезде «халық жауының» ұрпақтарының бәріне қырғидай тиді ғой. Осы күні фамилиямның «Қалиев» боп жүргені де сондықтан»  дейді Терекбай  қария.
 Жалпы,Талпақтың  адамгершілік, ар-ұятты алға ұстаған азаматтығы,тағылымды істері  туралы әңгімелер көп. Оған тоқталмас бұрын біз алдымен  оның атбегілік қасиетін баяндайық.
 Қай уақытта да, жылқы десе елең етпейтін халық некен саяқ. Өйткені, жылқының сайын далада көсіле шапқаны, қыстың қақаған аязында бауырын сызған қалың қарды теуіп жайыла беруі оның басқа түліктерге қарағанда ерекше қасиеті бар екенін аңғартады. Ақын Өтежан Нұрғалиевтің тілімен айтсақ:
 «Алты аяқты аладан,
 Аяңдауды үйрендік.
Жеті аяқты жиреннен, 
Жорғалықты үйрендік.
Сенен көрдік майданда, 
Омпа тұрып құлауды....
Көзден нұрың тайғанда, 
Адам құсап жылауды.
Өтті күндер адамда,
Ерлік пенен ат егіз»
Содан болар, бабаларымыз жылқы малын жүйрік, жорға, аяңшыл, жүк тартқыш деп ерекшелейді де «Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір басқа. Жылқыда  да жылқы бар, Қазанаты бір басқа» деген қанатты сөзбен түйіндеп, қылқұйрықты жануардың ішінен аламан бәйгеде алдына ат салмайтын, дене бітімі ірі, шымыр, мүсінді, құйма тұяқ,  ұзақ жолға шыдамды қазанатты қадір тұтып, әспеттейді. Осы орайда, бабалар құрмет тұтқан қас жүйрікті қиядан танып, атпен бірге тұрып, бірге өретін ат сейістер қандай құрметке де лайық. Солардың бірі – Талпақ Жұбанұлы. Облыс, республикаға белгілі атбегі Есет Сақыпов 1965 жылы Адай руының, Тіней бөлімі, Маябас тармағынан тарайтын Аққожа ақыннан және Ойыл ауданындағы (Ақтөбе облысына қарасты) қарттардан естіген Талпақтың атбегілігі туралы әңгімелерін былайша өрбітеді:
«Талпақ өте бай, иелігіне қора-қора қой, он бес қос жылқы біткен (қазіргі есеп бойынша 15 мың жылқыға сай келеді) кісі екен. Оның үйір-үйір жылқысы болса да, ішінен бәйгеге шабатын ат таба алмай қынжылады. Сөйтіп жүргенде өзінің серілік құрып, өлең айтатын Шыңғыс атты інісінің мініп жүрген Көк атына көзі түседі. Іштей «Бұл атты баптаса, жақсы сәйгүлік шығады-ау» деп үміттенеді. Бірақ сұрау оңай емес. Өйткені, «Осы Талпаққа не жетпейді, мыңғырған малы тұрса да, інісінің сүмірейген атына қарап» деген жұрт сөзіне қалармын-ау» деп ойлайды.
Бір күні Талпақ  «Көкжар» базарына барып, бір татар жігітке:
«Маған інім Шыңғыстың мініп жүрген Көк атын саудалап бер. Саған еңбегіңе екі бие, бір ат беремін және сен саудалап алсаң, сенен сатып аламын,» деп қолқа салады. Татарға да керегі осы емес пе?  Лезде Шыңғыстан Көк атты саудалап алады. Келісім бойынша Талпақ татарға еңбегін береді де:
«Біздің жылқымыздың қанын бөгде жердің адамы иемденіп барады. Қасиетті Қамбар ата тұқымы жат жерге кеткенше өзімізде қалсын» деп татарға көп ақша береді де сатып алады. Сол атпен күзде Маңғыстау жаққа қой айдатып, сол жақта жүргенде ащы терісін шығара баптап, бәйгеге қосады. Ақыры әуелгі үміті ақталып, шашауына шаң жұқтырмайтын Батыс өңіріне танымал Талпақтың Көк тұлпары атанады. 
Жалпы, Талпақ туралы заманында «Алып жүрсің жарыссаң, Алаштың бермей байрағын» деп Сәттіғұл Жанғабылұлы  жырға қосқан. Себебі, ол  жаратқан жылқылары бәйгенің қай-қайсысынан да олжалы оралған.  Бұл орайда, Терекбай қарт атасының атбегілігі хақында  мынадай әңгіме естігенін алға тартады.
Кете Ожырай қай жылы екені белгісіз бір жылы ас береді. Сол асқа Талпақты да шақырады. Талпақтың бір әйелі осы Кете руының қызы екен. Сондықтан Ожырай: «Талпақ атым қалады – деп қорықпасын. Бұл аста жығылған палуанға да, қалып қойған атқа да хал-қадірім жеткенше жүлде беремін» деп хабаршыларынан сәлем айтып жібереді. Кете Ожырайдың бұл сөзі Талпақтың намысына тиіп:
«Қой, онда барайық. Әйтпесе, ұят болар.» дейді де оншақты нарға жүк артып, жолға шығады. Сол аста тек адай елі үшін 50 үй тігілген екен. Соның біреуіне жайғасып, бәйгеге қосуға жаратып әкелген Көк аты мен Көк арғымағын (Бұл екі атта құлын күнінен биенің сүтімен суарылған. Ол уақытта атбегілер бәйгеге қосатын атты құлын күнінен танып, оларды өзге жылқылардан бөлек ұстап, ерекше күтіммен қараған)  және «Сайдауыл қара» деп аталатын торы биені осы асқа «Құла» ат жаратып келген Адай руының Тобыш бөлімі, Бегей тармағынан тарайтын Бәйдес деген атсейіске сынатады. Бәйдестің алдына алдымен Көк арғымақ әкелінеді. Бәйдес арғымақты бір қарайды да:
- Аттың жабуын жап,- дейді.  
-«Қолтығымнан қанат шыққанда төрт аяқтыға жоқпын» деп тұр ғой. Яғни, алдыма ат салмаймын дегені.  Екінші әкелген Сайдауыл қараның алдына шығады, артына шығады, қапталынан қарайды, ақыры Бәйдес:
- Көзінің алдында бір жас бар. Бірақ, ол не жас екенін айыра алмай тұрмын,-  дейді.
«Көк» атқа да солай көп айналып:
-Дымын қоймай жаратқан екенсің, бірақ, аяғында күш болсын. Аз-маз аяғына күш жинату керек. Қамшыға сүйеніп шабады.Жел жаққа шығып шапса, алдына ат салмайтын түрі бар,- деген сын айтады. Бұл сынның барлығын Талпақ  екі етпей орындайды. Ол заманда бәйгеге шабатын аттар тоғыз көш жерге айдалатын болған. Қазіргі күнде есептеп жүрген шақырыммен  70-72 километр. Атты айдап жіберіп, ат келгенше палуан күрес, айтыс, ән-жыр шашу, теңге алу, қыз қуу сияқты ұлттық  өнеріміз бен спорттық ойындарымыздан сынға түсіп, ас немесе тойды дүбірлі думанға айналдырған. Осы жарыста ат сыншысы Бәйдестің «Көзінің алдында бір жас бар.Ол не жас екенін айыра алмай тұрмын» деген Сайдауылқарасы (тор бие) сегіз көш жерге дейін алдына ат салмай, тоғызыншы көшке таяп қалғанда жер иіскеп барып, құлын тастайды. Сөйтсе Талпақ  бұл аттың тай күнінде түбі бір жүйрік шығатынын байқап қалып, бауыры Жақайдан сұратып алады да, бір ай шамасында бос жіберіп қояды. Бірақ та, сол кезде оған айғыр шаптырып алғанын өзі де  малшылары да байқамай қалған. Тек оны аламан бәйгеде желдей жүйткіп келе жатып, құлын тастағанда-ақ бір біледі. Шамасы, ат сыншысы Бәйдестің тұспалдап тұрған болжамы осы болса керек. Ал қалған екі ат Сайдауылдың артынан ілесіп келе жатқан болуы ләзім. Екеуі де бірінен–бірі қалмай Көк арғымақ бірінші, Көк ат екінші келеді. Сөйтіп, Талпақ  Кете Ожырайдың асынан олжалы қайтыпты.
Бұл әңгімені сол аста әлгінде айтқан аттарға шапқан Жақайдың баласы Малшы («Көк» атқа шапқан 1917жылы туып, 1967жылы қайтқан), Шамның ең кіші баласы Масан («Көк» арғымаққа шапқан 1917-1975 жылдары өмір сүрген), Заман («Сайдауыл қара» атқа шапқан.Кімнің баласы, қай жылы туған, қайтқандығы белгісіз) сынды ағаларымнан естідім. Оларды өз көзіммен көрдім. Тіпті, олар «Көк арғымақ  Түркіменстан елінен әкелінген деп әңгімелеп отыратын» дейді Терекбай қарт. 
Терекбай қарияның айтуынша, Талпақтың Райкер атты тағы бір жүйрігі болыпты. Оның жүйріктігі сондай алдына ат салмайды екен. Әрдайым, осы сәйгүлігін мақтаныш тұтқан Талпақ: 
«Сұрасаң, арғы бабам - Құдайберген,
Қайтқан жоқ әлі тауым Райкерден.
Төбесі Райкердің көрінгенде
 Баласы Әлімдердің жылай берген» деп өлеңдететін көрінеді. Ал,  бұл әңгімені Талпаққа жиеншар болып келетін журналист Айнахан Есет әкесінен естіген әңгімелерге сүйене отырып, былайша толықтырады:
«Талпақ Тәңірберген Тіней Рай ағасының үйіне көрісе барғанда, қулық биесі құлындап, кер құлын аяғын әлтек –тәлтек басып тұр екен. Талпақ сейістің қырағы көзі жүйрік болып туылған құлынның белгілерін тап басып таныды. Жаңа туған құлынға Талпақ мырзаның көңілі құлап тұрғанын Рай  да байқаған.   Ақыры қалауын айтты:
-    Ықыласыңа қалып жүрмейін, мен бердім, сен алдың, бір құлынды Талпаққа қимай не болыпты,- дейді Рай ағасы.
-    Құдай қаласа, бұл кер құлын талай бәйгені алады. Аға, сенің атыңды шығарып бұл құлынның атын Райкер атаймын,- дейді Талпақ.
 Қалаулы кер құлынды Талпақ мырза бөбектей баптады. Құнан шыққанда  қарымын байқап көрді, дөнен шыққанда дүрмекке қосты. Райкердің ұшқан құстай саулаған шабысын шалқып жырға қосты.
«Тәңірберген Ер еді,
Райдан алған кер еді.
Алқалаған жиында
Алдыменен келеді!»
   Сағыз өзенінің бір шалғайы «Былқылдақтыда» (қазіргі Сағыз ауылдық округіне қарасты Былқылдақты елдімекені)  Талпақ мырза ең кенже інісі Өжекке арнап ас берді. Талпақ шақырған жиынға Кіші Жүздің белгілі адамдары қалмай келетіні - қашаннан қалыптасқан әдет. Бұған Әлімнің беделді азаматары Жиде Кете Дауылтай, Көктаубай, Құдайқұл Кете Жиеналы Қазырет,  Құлашолақ, Қарайғыр, Жиренат деген үш жүйрігін, Таз Әбіш Құлайғырын әкелді.  Тіней ауылының қашанғы салтанатымен  асқа жүз елу үй, ат  бәйгесіне жүз қой, он қара, он алтын  тігілді. Тіккен тименің бәрі бар. Бәйгеге ерен жүйрік сексен ат қосылды. Айтып айтпай не керек, сол сексен сәйгүлікті қапы қалдырып,  Талпақтың Райкері бәйгенің алды болып келді.
Сонда Кете Дауылтай бай басын шайқап былай депті: 
«Адайдан ала алмадым,
Майлыбайдан қала алмадым!»
 Майлыбай дегені  Кете руының ұраны екен. Тағдыр Талпақ мырзаға даңқ пен дәулетті қатар берді, ауыр азапты да аямай үйіп төкті. Тінейлер ауылында жиырма бес таңбалы Кіші Жүздің белгілі бектері қатысқан Қалнияз бен Жұбанға,  Өжекке  берілген астан соң Талпақ «Қоңыраулы» (Ол да қазіргі Сағыз ауылдық округіне қарайды Б.С.)  деген жерде  тете інісі Шамға ас берген-ді. Бұл 1922 жыл болатын. Алты жүз үй тігіліп, аламан бәйге болған аста Райкер сәйгүлік бас бәйгені тағы алды. Ал, ағасы  Жақайға ас бергенде оның артында қалған «Қарақасқа» атын Талпақ жаратып, бәйгеге қосып осы ат бас бәйгені алады. Жалпы,  Тінейлер берген  той мереке, ас жиындарда бәйгеге тігілген жүз қой, он қара, он алтын шашау шықпай, ошақ басына қалып жүрді. Оның барлығы Талпақ мырзаның атсейістігінің арқасында болған еді. 
Әлбетте, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген емес пе?  Бұл орайда, жоғарыда айтқан Қаражігіт ұрпақтары Терекбай мен Жолдыбайдың шоқтығы биік. Өйткені, олар ата жолын жалғастырып, ат баптаған азаматтар. Мәселен,  Терекбай қарт үкілеп, бәйгеге қосқан торы айғыр «Солдат торының баласы» 1973-1983 жылдары Красноводск ауданы – Балқан өңірінде алдына ат салмаған сәйгүліктердің бірегейі болса, Жолдыбайдың торысы да он жылға жуық жүйріктігімен танымал болып, 1991 жылы Ақтау қаласында  ақын, жыршы  Қашаған Күржіманұлының туғанына  150 жыл толуына  арналған аламан бәйгеде бас жүлдені жеңіп алды. Өкінішке орай, бұл күндері Жолдыбай мен Терекбай  қарт бұ дүниеден өтіп, бақилық болды. Олардың ұрпақтары Маңғыстау облысы, Қарақия ауданына қарасты Құрық, Құланды кенттерінде тұрып жатыр. 
Міне, бұл -  Талпақ Жұбанұлының атбегілік қасиеті. Ал, оның мұқтаж жандарға көмек қолын созып, өзге байлар секілді байлығын көрінгеннен қызғанып отырмай, игі істерге жұмсап отырғаны жөнінде де деректер жетерлік. Мәселен,  жыршы Сүгір Бегендікұлы:
«Арғы атаң сенің Ер Қосай,
Үстіне сауыт жамылған, 
Қолына найза алынған.
Қыдыр көрген бай өтті,
Қалнияз бен Жұбандай,
Зәкәрия ,Шам, Талпақ,
Аш арықты қамқорлап,
Алтын мен күміс тағынған.» деп жырға қосса, екі ғасырдың куәсі,  ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы былайша жырлайды:
«Бұл күндегі заманда
Сендерге бар ма тең келген?
Тілегі болар жандарсың
Әлсіздер келсе дем берген,
Арттырып дәулет меңгерген,
Дүниеде армансыз
Үстіңді Қыдыр иемденген,
Қадірлі және хәкімсің
Тергесең тентек жөнделген,
Сахилыққа жалықпай
Қатар көшкен халыққа-ай
Келесің жәрдем бергеннен.
Қатардан озған бай Талпақ
Қасиетті ханның баласы,
Әруаққа сендермен
Бар еді кімнің таласы?
Сай келген жоқ тұсында
Кіші Жүздің баласы.
Пақырлардың панасы,
Жетімдердің анасы,
Алшыннан озған ғанисың
Игертпей жүрген қарасы.
Құтылдың ердің құнынан
Жабылған күні жаласы,
Осындай қылған ісіңе
Туырлықты қазақтың
Келмес деп жүрміз шамасы.»
Одан әрі, Сәттіғұл жыршы Талпақтың болыс болып, ел басқарғанын айта келіп, Кіші жүзде бұлардың байлығының алдына түсетін адам болмағанын, Көкжар, Теке, Орынбордағы жәрмеңкелер бұларсыз қызбайтынын  тілге тиек етеді.
«Сынбаған сағы жау қандай?
Көкжар мен Теке, Орынбор
Қызбайды дейді сендерсіз,
Салмасаң барып саудаңды-ай
Байлықпен және байладың
Жиырма бес таңбалы
Кіші Жүздің аймағын.
Шалқыған көлсің ауданды
Ашылмай жатқан қаймағың,
Ұшан-теңіз шеті жоқ
Дүниенің малын айдадың,
Қатарыңмен салғанда
Қазақ түгіл қорқыттың
Қалалы жұрттың байларын.» 
 Бір ғажабы  -  Талпақ Жұбанұлы өз заманының ақын-жырауларын қатты сыйлаған. Тіпті, көпшілігін қасына ертіп жүріп халықтың рухын көтеру үшін таңды таңға ұластырып жыр арнатқан. Демек, әлгінде айтқан Сүгір Бегендікұлы мен Сәттіғұл Жанғабылұлының жыр төкпелетуі осындай ізгі істерді көзімен көріп, көңілге тоқығандарының бір парасы болса керек. Осы орайда, Маңғыстау ақын-жырауларының шығармаларын жинақтаушы Жетібай Жылқышыұлы  Ақтау қаласынан 1995 жылы жарық көрген «Жыр - Дария» атты кітабында ақын, жыршы Сүгір Бегендікұлының Талпақ байдың үйінде болғандығы жәйінде мынадай дерек келтіреді:
«Сүгір жас кезінде ел аралап жүріп, жаздың бір күнінде Тіней Жұбанұлы Талпақ байдың ауылына келеді. Байдың бәйбішесі төрт-бес әйел болып киіз басып жатыр екен, Сүгірге:
-    Шай ішсең, жата тұр. Қолымыз тимей жатыр,- дейді. Әрі-бері жатқан ақын бәйбішенің асықпас сыңайын байқап, орнынан тұрып:
-    Мен асығыс едім, жүремін,- десе, 
-    Асығыс болсаң кете бер. Сені кім ұстап отыр? - дейді бәйбіше. Мына сөзге ренжіген Сүгір атына мініп тұрып, домбырасын суырып алып ат үстінде:
-Манадан келіп ауылыңа
Сыртыңда жаттым-екпемнен,
«Жоғал» деген бір сөзің
Өтіп кетті өкпемнен,
Басқа біреу болғанда
Тарттырар едім сазаңды,
Әдебім ұстап, өзімді
Ұялып кетіп барамын
Қаракісі, Талпақ бектерден.
Сөйлей берме, құдағай – 
Әрі-бері қарғадың,
Жаттым соған шыдап-ай,
Саған жазған жазығым
Бір шәйнек ақ су сұрап-ай.
Суың қалды жаныңда-ай,
Мен көрмедім Адайда
Сен секілді залымды-ай.
Ашаршылық жоқ еді –
Неге сонша сасасың,
Ырысыңды тартып алам ба,
Неге менен қашасың?
Жара баққан мен емес
Шешек тұқымын шашатын,
У зияндас емеспін –
Жақындаған әйелді
Албасты болып басатын.
Баласы қайда байлардың
Ауылына қонақ келгенде
Балпаңдай басып шығатын?
Әй, дейтұғын әже жоқ,
Қой дейтұғын қожа жоқ – 
Көргені жоқ бұл сабаз
Кім иттің қызы ед бұл қатын?...- деп атын қамшымен бір ұрып жүріп кетеді.  Жырау ауылдан алысқа ұзамай-ақ Талпақ бай ауылына келіп, хабарды естиді де:
-    Кім дейсің, Сүгір мен Ұзақбайдың бірі шығар. Тез қуып жетіп шақырып кел,-  деп бір жігітті Сүгірдің ізімен жібереді.  Әлгі жігіт көп ұзамай Сүгірді артынан қуып жетіп тоқтатып:
-    Көкем сізді шақырып жатыр,-  дейді.
-    Көкең кім?
-    Талпақ,-  деп жауап береді жігіт. Сүгір ішінен «Япырмай, ұят болды-ау» деп ойлап, жігіттен манағы бәйбіше қай ауылдың қызы деп сұраса, Мұңалдың қызы екен, апасы болып шығыпты. «Әй, не болса да бара көрермін» деп ауылға келсе, Талпақ бай сыртта күтіп тұр екен:
-    Сүгірмісің? Не болып жүр саған қатынмен қатын болып? - дейді күліп. 
Далада көлеңкеде мал сойылып жатыр екен. Үйге кірсе, дастархан жасаулы, шай дайын. Қолын жуып, төрге озғасын Сүгір манағы бәйбішеге көзі түсіп кетсе, ол өзінен-өзі ашулы отыр екен. «Қой, бүйтіп ішкен шай бойға тарамас, өкпесін тарқатайын» деп қолына домбырасын алып, жырау сол жерде өлеңге басады:
«Адасып айтқан бір сөздің
Көрдің ғой мана көшесін,
Қателестік, жаңылдық –
Енді айталық есесін.
Тіл тимейтін жан бар ма
Араға шайтан кіргенде,
Әркімдер де қайтарған
Әкесі менен шешесін,
Жақсыға жанай сөз айтқан
Бұрыннан қалған нақыл да,
Тәңірім желсөз бергесін,
Інісі үйге келгесін
Сыбағасын алсын апам да.
Әйелдің ерден несі кем –
Толысып жетсе қатарға,
Бұрынғының жолымен
Мұңалдан келдің Қосайға,
Дәулеті «Алхам» оқылып
Адайдан шыққан парымен
Дәурен сүріп отырсыз
Бейбітшілік дәбімен.
Келбетіңе қарасам:
Көбеже қарын, кең құрсақ,
Мақтаған емес – дұрысы-ақ,
Ар жағынан айтқанда
Мұңалға кетер сөз құрсақ.
Үйіңе келіп отырған
Мен де Мұңал – ініңіз,
Жыршылық еді кәсібім –
Өтірік емес – шынымыз.
Ішінен Бекет – пір өткен
Туына елді түнеткен
Әли менен Бәйімбет,
Жаулы менен Шоғымыз.
Отырсыз, міне, Қосайда
Асылдан жаулық салынып,
Сары алтын түйме тағынып,
Сіз үшін шай, шекер
Шәһәрден отыр алынып.
Жас елуден өткесін
Сізге қазан не керек – 
Намазыңды оқып, тәубе ет
Бір Аллаңа жалынып.
Мал мен бас қатар біткесін
Сен бір әйел екенсің
Тұсауың кеткен алынып,
Қызметің де көп екен
Жүрген адам сабылып,
Бұл секілді дәреже
Мұңалдың қызы болғасын
Сіз көтеріп отырсыз
Басқа біреу болғанда
Әлдеқашан, апеке-ау,
Кетуі мүмкін жарылып....» дейді. Сонда ашулы отырған апасы күліп жіберіпті. Үй іші жадырап, шай ішіліп, түнімен жыр жырланып, ертеңіне кетерде жырауға атақты бай үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіп аттандырыпты...». Сондай-ақ, Жылой, Қызылқоға өңіріне танымал шежіреші қарт, Құрметті теміржолшы,Жылыой ауданының Құрметті азаматы Мыңбай Сәдуов көзі тірісінде әкесі Сәдуден естіген 70 шамалы әңгімелерін жазып қалдырыпты. Солардың арасында Талпақ пен Шам туралы әңгімесі де бар. Оны бізге бүгінде Мұқыр ауылында (Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты) тұратын ұлағатты ұстаз Амангелді Сәрсембаев арнайы қағазға түсіріп, табыс етті. Міне, осы естелікке сүйенер болсақ, Сәдудің бірінші алған әйелі Адай руының Тіней бөлімінен тарайды екен. Сондықтан, ол аталмыш азаматтармен көп араласқан. Енді Талпақ пен Шамды көзі көрген Сәду қарттың әңгімесіне құлақ түрелік:
«Бір жылы Талпақтың үйінде біршама кісі қонақта болдық. Мал сойылып, шәй ішілді. Шәй мен еттің арасында алты-жеті кісі келіп Талпақтан мінуге ат сұрады. Солардың үш-төртеуіне ғана ат беріп, қалғандарына атты бермейтінін айтып шығарып салды. Сонда Талпақ «Сәдужан, бізді жұрт Жұбанның балалары Талпақ мырза, Шам мырза  деп сырттан айтады. Бірақ, мен даулы мырзамын, оның себебі жаңа өзің көріп отырсың, алты-жеті кісі келіп ат сұрады. Мен солардың үш-төртеуіне беріп, қалғандарына жай айтып, ат бермей жібердім. Ат алғаны мені «Мырза» деп, ал алмағаны «Сараң» деп дауласып барады. Менде мың бастай ғана жылқы, ат сұраушы да соған жақындап қалады. Сұрағандардың бәріне берсең, жылқыдан айырыласың. Даусыз мырза - Шам ғой. Шамның төрт мың шамалы жылқысы бар. Күнде неше кісі келсе де ат береді, сондықтан ол - даусыз мырза» деп еді. Сол Талпақ 1929 жылы кәмпескеге ілініп, жауап алуға Ойыл ауданының орталығы Көкжарға апарылды. Соңынан бір-екі ай өткен соң «Талпаққа сәлем берейін, қиыншылықта көңілін аулайын» деп Абдолла деген ақын ағамызға өлең шығартып алдым. Көкжарға келсем екі қанат кішкене үйде екінші әйелімен тұрып жатыр екен. Мен барған соң базардан бір тоқты алып  сойдырып, құрмет көрсетті. Мен Абдолла ағамыздан жаттап алған өлеңімді айтып бердім. Қатты риза болып қалды. Сонда маған: «Әй, Сәдужан, сенің қара сөзге шебер, шешен екеніңді білемін ғой. Мына өлеңіңе қатты толқып отырмын. Өзің шығармаған боларсың. Кім де болса үлкен рахмет. Осыдан елге аман-сау оралсам өлең шығарған кісіңе ат мінгіземін, мойнымда» деп қатты риза болған еді. Бірақ, ол содан оралмады».

Шамның шапағаты
 Әлбетте, «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген қағиданы жете сезінген Шам Жұбанұлы алдыңғы буын ағалардың жолын жалғастырып, ізгілікті іс тындырудан қалыс қалмаған. Оның қайырымдылығы жөнінде ел ауызында әңгімелер көп. Соның бірін шежіреші Сұпығали Бейішев қарт былайша баяндайды: 
«Шамның ағасы Талпақ болыс болу ниетімен Кетік қаласына аттанып, сайлау болғанша інісі Шамға «Бір жылға жетер малдың ақшасын алып келсін» деп сәлем айтыпты. Мұны естіген Шам қасындағы нөкерлеріне «О, Қадірше, Қадірше Талпақ болыс болам дей ме, орыс болам дей ме, бір жылға сатқан малдың ақшасын қоржынға сал» дейді. Сөйтіп, жазғытұрым мал туатын уақытта  Шам жарау айғырға мініп, ақшаны алып Кетікке қарай келе жатса, жолай зор денелі қара кісі кездеседі. Ол Медеттің болысы Қара Тілеген екен. Шам да денелі кісі болса керек, таудың жықпылымен келе жатса тартпа бос тартылып, жарау айғырынан Шам сыпырылып түсіп қалады. Тілеген жуас айғырды қайырмалап  ұстап берейін десе, Шам диуаналау мінезіне салып «Е, неге жығылдым, неге жығылдым, Қара Тілегеннің қырсығы бар деуші еді, содан ба?» дейді. Сөзі сондай болғанымен қадірлі адам ғой деп ұққан Тілеген Шамның атын ұстап беріп, өзінің оязға салық төлеуге кетіп бара жатқанын айтады. Сонда Шам:
«Қой, шырағым бар, бар, бар. Орыстан құтыл, орыстан құтыл, орыстан құтыл» депті. Оның бір сөзді үш рет айтатын әдеті екен. Содан ол Кетіктегі Талпақтың жатқан жеріне келсе, ағасы нөкерлерімен ел аралап кетіпті. Бір кезде сол үйдің шәйін ішіп, жастығын жастанып жатқан Шамға манағы кездескен Тілеген келіп салық төлеу үшін 1000 сом бере тұруын сұрайды. Сол шақта, бір қой бір сом болғанда, мың сомға мың саулық келеді екен. Шам Тілегенге:
«Ақша бар ғой. Қоржынның аузын аш та, өзің ал, мен ақша білмеймін. Әйтеуір, шырағым, орыстан құтылғаның жөн»  дейді. Тілеген өзіне керек ақшаны алып, қоржынның аузын бекітіп қояды.  
Сөйтіп, Қара Тілеген кетіп қалады. Талпақ ағасына ақшасын тапсырып Шам да еліне қайтады. Бірақ, Қара Тілеген ақшаны жаз жәрмеңкеде әкеле алмай, күз жәрмеңкеде алып келеді. Сонда Шам: 
 «Мен ақшаны қайтар деп берген жоқпын. Орыстан құтыл деп бердім. Одан да сол ақшаға астыңа тәуір ат мін, қалғанын келінге апарып бер» деп қайтарып береді. Содан Медеттің болысы Қара Тілеген еліне келіп ауылдастарына «Сендер мына Тінейлермен құдыққа, жесірге, қонысқа ренжісіп, төбелесіп жүрмеңдер. Мына Тінейдің Шам деген адамы диуаналау дегенмен, тегін кісі емес, бір ердің құнынан мен тірілей құтылдым» дейді. Соның арқасында, Тіней ауылы мен Медет ауылы құда-құдандалы болыпты.»  Бұл Шамның жетім-жесір, кедей-кепшіктерді демеп жүретін қасиетінің бір мысалы болуы керек. Жалпы, Шам Николай патшаның тұсында Тайсойған, Қиыл, Ойыл аймағындағы жерлерді жайлап, Оралдан хакімдікке сайланған. Ол туралы Сәттіғұл жыршы  былайша тебірене жырлайды:
«Ізденіп келдім алыстан
Зәкәрия, Шам бар деп
Дүниеде озған жандар деп,
Сөйлеуге келдім алдыңа
Сөз форымын аңдар деп-
Сендерден жәрдем алған көп.
Николайдың тұсында
Қағазың жүріп оралған
Тайсойған, Қиыл,Ойылдан
Бұланттап бөліп жер алған,
Таласқан күні түттірмей
Талай тартып алдыңыз
Хәкімдікті Оралдан.»
Сондай-ақ, көнекөз қариялардың айтуынша,1915 жылы  Шам өзінің Тілеген деген қызын Адай руының Байпақ бөлімінен тарайтын Қыздарбайға ұзатып, еншіге 200 түйе мен жылқы, екі жүздей түрлі қымбат бұйым беріп, тоғыз нарға жүк арттырыпты. Бұл да бір сол замандағы игі дәстүрдің сабақтастығы болса керек.
Өжектің өнегесі
Әманда, дүние, байлық ешқашан мәңгілік жолдас болмайды. Ол бүгін бар да, ертең жоқ. Ал, дәулетің тасып, төрт құбылаң түгел болса, кедей-кепшікке көмек қолын созып, халыққа жақсылық жасағаннан артық қандай бақыт бар? Демек, көзіңнің тірісінде  халқыңа қалтқысыз қызмет етіп, еселі еңбекпен жинаған байлығыңды жұртшылықтың  игілігіне жұмсасаң керемет емес пе?! Сонда ғана абыройың асқақтап, беделің  биіктеп, халқымыздың «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөзінің дұрыстығына көз жеткізгендей боласың. Міне, осындай қазақи философияны бойына сіңіре білген Жұбан байдың кенже ұлы Өжек алдыңғы толқын ағалардың ізімен «Бұл дәулетті не қылам? Жәрмеңкеден қайтқан Адай, Алашқа қонақасы беріп отырайын, мені танысын» деп 40-50 сауын түйеменен, 100 қаралы биеменен, бір-екі отар қойменен Ойылдың жолында отырады. Әйтсе де, бір күні бір жиені келіп:
«Әй, Өжек-ай, дүниеңді босқа шашып қайтесің? Одан да елдің кегіне шашпайсың ба? Төменгі жақта ұсақ байұлылар сендердің Тәзікелеріңе қорлық көрсетіп жүр. Пәленшенің жесірін, түгеншенің алайын деп отырған келінін алып кетті, сен болыс болып солардың кегін алып бер»  дейді. 
Осы сөзді естіген бойда, Өжек малдарын жинап, ауылға жайғастырғасын Оралға жол тартып, уезд бастығына өзінің болыс болғысы келетіндігін айтады. Мән-жайға қаныққан уезд бастығы «Қызылқоғаға бәлен уақытта барамын. Үйіңді тігіп әзірлене бер» дейді. Сол кезде Қызылқоғада жеті дүкен бар екен. Ондағы сатушылардың барлығы татар. Кандидатурасын ұсынып, дауысқа түсетін мезгілде Өжек аталмыш сатушы татарларға «Өжекке дауыс беремін дегендерге затты тегін, әншейін бер» деп тапсырма береді. Содан жұрттың барлығы Өжекке дауыс береміз деп жеті дүкендегі заттарды түгелдей сыпырып алып кетеді. Сөйтіп, Өжек төрт жыл болыс болып, жәбір көрсетіп жүргендердің сазайын береді. Алайда, осынау өнегелі іс атқарған Өжек болыстың атының сол жақ үзеңгісіне бір жалдамалы у жағып, соның кесірінен қайтыс болады. Сүйегі әкесі Жұбанның қасына қойылған деседі.  
Түйін сөз
Сайып келгенде, салынғанына ғасырдан астам жыл өтсе де өз мәнін жоймай, бүгінгі және кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып келе жатқан Жұбан тамы осындай сыр шертеді. Тарихтан мәлім, байларды кәмпескілеген тұста Жұбанның ұрпақтары да азап шегіп, «Халық жауы» атанып, атылып кетті. Заманында Кіші  жүз аймағын түгел жайлаған мыңғырған малдың бірі жоқ. Десек те, тарихта алтын әріппен жазылған бір ғана атау бар. Ол – Жұбан тамы.