Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

ЗАРЯ ЖҰМАНОВА: «КӨБЕЛЕК ҚАНАТЫНЫҢ ДІРІЛІ» (хикаят)

«Жердің бір қиырындағы көбелектің қанат қаққаны 
көкжиектің ар жағындағы теңізді толқытуы мүмкін...»
(Шығыс даналығы)

Кеше ғана жайлы креслода  шалқая кофе ішіп отыр еді. Жеті қат көкте. Күміс қанат алып ұшақтың ішінде... Жанын рахатқа бөлеген музыкаға құлақ түріп... Әлде сол түсі болғаны ма?!. Ол ғұмыр бойы осынау суық желі сарнаған сары даладан ешқайда табан аудармаған сияқты. Бар өмірі түн құшағында мүлгіген шеті мен шегі жоқ бұйрат-бұйрат құм төбелер ортасындағы осынау ойқыл-шойқыл қара жолдың үстінде өтіп жатқандай. Әлде  тас түнек түн де, түн қойнауын өткір сәулесімен тінти тілгілеп, біресе ойға құлдилап, біресе өгіздей өкіріп, ышқына өрге тырмысқан ескі «Нива» да оның мән-мағынасыз түсі ме екен?! Тақтайдай тегіс, тақыр жолға түскесін тылсым тыныштықты әлдилеген мотордың бір сарынды үніне құлақ түріп, қалғи бастаған, «Шойқара» кенет: 
- «Ғұлама», темекі тартасың ба, ұйқың ашылсын!? Әрине, біздікі сасық, арзан темекі ғой. Сендер астаналықтар тек қымбат, шетелдік шылымдарды шегетін шығарсыңдар? - деп бұның көзіне тығыла бастаған ұйқыны  тым-тырақай қуып  жіберді. Шылым шекпесе де, қыз құсап бәлсінгісі келмей, ол ұсынған түрі қораштау қорапқа қол созды.
- Темекі дегеннен шығады ғой, қарап отырғанша әңгіме болсын... Алғаш осы бәлені қақалып-шашалып енді-енді үйрене бастаған кезім еді, - деп көлік жүргізуші әп-сәтте аядай кабинаның ішін көк түтінге толтырды, - Айтпақшы, менің баяғыда... тоғызды бітірместен, мектепті тастап кеткенімді білетін шығарсың?  
-    Ой, сен де қызықсың... Ауылдан тым ерте кеткен жоқпын ба? 
-    Иә, иә... Оны білем ғой. Әлгі Кәрім ағай әлі күнге: «Мені осал деп кім айтты? Әне, анау Ғалымбегім бесіктен белі шықпай жатып, республикалық әлемпиәдіде топ жарып көзге түсті. Оны Алматыдағы өңшең өзі сияқты басы қатты істейтін дарынды  балалардың мектебі бірден қағып алды!»- деп  кеудесін  ұрады. Иә, иә, сен сол кеткеннен мол кеттің, тіпті ауылға ат-ізін де салмадың ғой.
-    Иә, ел жаққа бір жол түспей-ақ қойғаны рас...
-    Мектепті алтын медәлмен бітіргеніңді, сосын Мәскеуге оқуға түскеніңді  естідік... Бала кезде саған «Ғұлама» деген атты бекер қойдық па?! Құдай ауызымызға салған шығар.  Бақылау жұмысы болса, ылғи сенен көшіруші ем. Бір күні тіпті қызды-қыздымен дәптерімнің сыртына, байқамай, тіпті сенің аты-жөніңді көшіріп жазыппын ғой. Мұғалім айдақ-сойдақ жазуымнан танып қойып, айдай әлемге масқаралап еді ғой. Есіңде ме? – Ол бұдан құптау күтпестен, терезеге көзін тіге кеңк-кеңк күлді. Тап бір өткен жылдар көрінісін тап қазір түн түнегінен көріп отырғандай. Шыны керек, одан бері қанша жыл өтті. Сол оқиға Ғалымбектің мүлде есінде жоқ. Тіпті осы «Шойқараның» шын аты кім еді, Құдай-ау?!. Есіне түсіре алсашы. Ауыл балалары бір-бірін келекелеп ат қоюға шебер еді ғой. Шашы кірпінің түгіндей тікірейген, түр-түсі шойындай жылтыр қара баланы әйтеуір жұрттың бәрі «Шойқара» дейтіні ғана ойында қалыпты. 
-    Бәрін Әлекеңнен, сұрап, біліп жүреміз ғой. Енді әлгі... нені, Құдай-ау тілімнің ұшында тұр еді, күнде айтып жүрмегесін, тарс есімнен шыққанын қарашы, жарайды, ...иә, иә, әспирантура дей ме, десертәтсия дей ме...соны қорғауға аз қалғаныңды айтып, қуанып жүрген. Аяқ астынан ауырып қалғанын көрмейсің бе енді?!
-    Иә,  естіген бойда,  бірден жолға шықтым ғой... Айтпақшы, сен жаңа бір әңгіме бастап едің, темекі жөнінде, иә, сонымен не болды?- деп Ғалымбек қақпайлап, аяқсыз қалған әңгімені бұрынғы арнасына қайта бұруға тырысты. 
-    Бір күні  ауылдағы тірәктірші, шопыр, өңшең ересек жігіттерге қосылып, кеңсенің қақ алдында танауымнан көк түтінді бұрқылдатып тұрғам. Анадай жерде Әлекең келе жатыр екен. Өзімше жігіт болып, паңқып тұрған мен онша ыға қойғам жоқ. «Жүр, ішке кір, сөйлесейік!» демесі бар ма. Ойымда ештеңе жоқ, ізіне ілесе бергем, бір жігіт қолымен «барма» деп ымдағаны. 
-    Неге?
- Тұра тұр, қызығы артында. Ол кезде әлгі жігіттің неге өйткенін ұққан жоқпын. Әлекең мені кәбинетіне кіргізді де, есікті ішінен жақсылап кілттеді.  Ішім бір түрлі қылп ете қалды. Бірақ, шешем айтпақшы, «нағыз кессе, қан шықпастың» өзімін ғой, міз бақпай тұра бердім. Сосын ол қасыма таянып: «Иә, қарағым, шиырып шылым шегіп, өзіңше жігіт болып қапсың ғой? Жігіт екенің рас болса, енді байғұс шешеңнің иығындағы ауыр жүгін жеңілдет! Қанша жылдан бері   шапқылап жүр...  Арқа еті арша, борбай еті борша боп. Тірліктің бар ауыртпалығын бір өзі арқалап. Кәрі ата-енесіне қарап қап, әкеңді  оқуға жіберген, ол әумесер жас қатын алып, қалада қалып қойды. Дариға сорлы жарытып жар қызығын да көрген жоқ. Бірақ, үш балам өскесін, қолымды жылы суға малар деп, сендерден үміт күткен шығар. Сүтінің алды, суының тұнығы, тұла бойы тұңғышы  сен емессің бе?! Анаңның үмітін қашан ақтайсың?»-деді көзіме қадала қарап. Біреу қос қолдап тұрып тас төбемнен ұрғандай, есеңгіреп қалдым. Әкеміз кішкене кезімізде қайтыс болды деп жүрміз ғой, қайдан білейік... Оллахи, билляхи! Білген жоқпыз. 
- Ауыл адамдары ғажап қой, ә?! 
-  Сонда деймін... ешқашан әкемнің бар екенін, тірі екенін ешкім тіл ұшына алмапты-ау! Әйтпесе, құлақтарына бірдеңе тисе, тентек балдар талай рет мазақтап, өскенше қанымызды ішер еді ғой. «Тастанды», «тірі жетім» деп... Расында, үлкендерден гөрі, жас балалар қатыгездеу ғой.
-  Жалпы, бұрынғының адамдары «Мал құлағы саңырау» деп, жамандықты айтпауға, мән бермеуге, өршітпеуге  тырысады екен ғой... Иә, сонымен, не болды?...
- Нені айтасың? А, әлгі темекіге қатысты әңгіме ме?! Кенет қара саным шым етіп, удай ашып қоя бергені. Ішке кірерде езуіме қыстырған шылымды шалбарымның қалтасына сала салғам, сол бықси жанып, көкемді көзіме көрсетсін.. Әрі Әлекеңнің сүйектен өтер жаңағы сөзі шымбайыма батып кетті ме...Көзімнен жасым сорғалап, сыртқа атып шықтым.
     Еріккен жігіттер сыртта топталып әлі тұр екен.  «Қалай, басекең шойындай жұдырығымен құлақ шекеңнен бір қойды ма?  Білем ғой. Ол сөйтеді. Ана жолы жұмысқа қызулау кеп, әркімге бір тиісіп жүрсем, кәбинетіне кіргізіп алды да, есікті іштен кілттеп қойып, әкемді танытты ғой. Бірден мастығым тарқап кетті, содан бері жұмысқа ішіп келуді қойдым»,-дейді әлгі тірәктәріс жігіт ыржалақтап. «Жоқ, ұрған жоқ», -дедім де көз жасымды жұртқа көрсеткім келмей,  теріс айналып кеттім. Мені шынымен де бастықтан таяқ жеді деп ойлады ма, ересек жігіттер сыртымнан қарқ-қарқ күліп  жатты.
   - Қойшы, біздің әкей сондай ма еді?! Біздің біреуімізге қол тигізіп көрмеп еді, -  деп Ғалымбек аң-таң. 
- Иә, оның рас. Сырты сұстылау болғанымен, Әлекең сұмдық балажан кісі ғой. Әлі күнге көз алдымда... Кешкісін жұмыстан үйге қайтып келе жатады. Бәрің алдынан таласып-тармасып жүгіресіңдер. Үйге жеткенше  сендерді алма-кезек иығына мінгізетін. Мәз-майрам сендерге терезеден қарап тұрып, «Әкеміз тірі болғанда ғой, ол да өстіп бізді мойнына мінгізер еді!» - деп сырттарыңнан қатты қызығатынмын. Қазір енді өзім де жаман балаларымды Әлекең құсап, аяқтарын сереңдете төбеме көтеріп,   еркелетіп жүрмін,-деп «Шойқара» басын шайқап, ақырын күлді. 
Оның осы сөздері келмеске кеткен күндерді тағы да еріксіз есіне салды. Иә, Алматыға алғаш барған жылдары Ғалымбек жусан иісі бұрқыраған бұйығы ауылын, базарлы балалығы өткен туған үйін үнемі сағынып жүретін. Сосын ба, түн баласы қимастыққа толы көріністер көз алдынан өтетін... Сағыныш жанын сыздатқан кездерде.  Дыбыссыз кино құсап.  Жұмыр Жердің бір түкпірінде  өзін аңсап-күтетін ең жақын адамдар бары ғана жанын жылытатын. Сол сәт өзінің әлемдегі ең бақытты бала екенін сезінетін. 
- Бұрын мұғалімдер маған: «Ой, оңбаған, «Шойқара» сен бе, сен адам болмайсың!» деп зіркілдеп ұрсып жататын. Шешем де кей-кейде жанары жасқа толып: «Ойпырмай, қарағым-ай, сен қашан адам болар екенсің.  Әне, жұрттың баласына қарашы...» деп күйіне сөйлеп-сөйлеп, ақырында: «Мейлі, жаман болсаң да аман жүрші, әйтеуір!» деп қоя салатынына етім үйреніп кетті ме... Ақыл айтып, ұрысқан жұрттың сөзін шыбын шаққандай көрмеуші ем. Тіпті масаның ызыңындай естілетін. Бір сөздері құлағыма кірсе не дейсің. 
Бірақ, ойлап қарасам, өмірімде ешкім маған Әлекең құсап жанашыр көзбен қарап, кемшілігімді жаныма батыра айтып, сөзін жүрегіме жеткізе алмапты.  Сол күннен бастап, ол мені көзінен таса қылмайтын болды. Көбіне науқандық жұмыстар кезінде «барып кел, шауып кел» шаруаларға   жұмсайтын. Өйткені нақты мамандығым жоқ, қолдан содан басқа не келуші еді. Сосын сваршіктің, електриктің, тірәктәристің, шопырдың курстарына алма-кезек жіберді де отырды. «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» деп... Ауылға қелген су жаңа тірәктір, мәшиналарды алдымен маған берді. Қайда қиын жұмыс болса, мені сонда салды. Тындырымды ісіме риза болса, «Міне, азамат!» деп арқамнан қағатын. Өмірі мақтау естіп көрмеген басым, кәдімгідей мадиықтанып, еңсем көтеріліп, төбем көкке бір елі  жетпей қалатын. Сөйтіп, адам қатарына қосылуға тырысатынмын. Аллаға шүкір, ол кісіні ұятқа қалдырған жерім жоқ. Әттең,  сәбет үкіметі құламай тұрғанда, кім біледі, кеудеме медәл, өрдін де тағар ма едім?! – Ол қарқылдай күлді.
- Әзіл ғой... Сол салдырлаған сары ала темір кімнің жанына араша болатын еді. Омырауы өрдінге толы Брежнев те өмірден өтті ғой. Оның көзі жұмылысымен, заман да, адам да өзгерді. Бас-аяғы  аз ғана жылда.  Баяғы дәулеті дүркіреп тұрған біздің ауылдың да жау шапқандай тоз-тозы шықты. Көлденең көк аттылар бәрін талап әкетті. Өңшең облыстан, ауданнан келгендер... Әттең, тірәктір, камбайын, мәшиналар да, асыл тұқымды малдар  да ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында, ту-талақай болды ғой. Соның бәрі Әлекеңе сұмдық ауыр тиді,- деп «Шойқара» темекісінің көк түтінін үсті-үстіне бұрқыратып, біраз уақыт үнсіз отырып қалды да:
-  Ақыры міне, ес-түссіз жатып қалды,- дегенді қосты.
- Қанша дегенмен, жас кезінде  күн-түн демей, жан-тәнін сала  аяғынан тұрғызған шаруашылығы еді  ғой. Соның күйрегенін өз көзімен көру оңай болды дейсің бе?! –деді Ғалымбек. Сосын әңгіме арнасын өзгерту үшін:
-  Өзің қайда, не жұмыс істейсің қазір?-деп сұрады.
- Е, ауылда ненің жұмысы?! Түк жұмыс жоқ. Алайда, қол қусырып қарап отырған мен де жоқ. Бұрын ауыл маңында «баяни шәстілер»   болып еді ғой, есіңде ме? Сәбет  үкіметі тарасымен, сондағы салдаттар да әписерлерімен қоса құрыған. Солардан қалған темір-терсекті жинап, өткіземін. Аздап мал сатамын... Шешем қолымда. Екі інім қалада. Оқып жүр. Әйелім қазір үйде. Істеп жүрген бәлнесі жабылып қалды. Сонда медсестрә еді. Құдай көпсінбесін, үш-төрт қара домалағымыз бар. Солай... Әйтеуір біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жүріп жатырмыз... Өзің әлі  үйленген жоқсың ба? 
- Иә, ол жағынан ұяттымын. Оқу-тоқу деп жүріп қол тимеді...
- Е, солай десеңші. Нешауа, жер бетінде қыз көп қой. Саған да маңдайыңа жазылған біреуі жүрген шығар... Сен сияқты оқыған-тоқыған, сымбатты жігіттер келіншекті шекесінен шертіп жүріп алады ғой. Осы ауылда да тым-тәуір қыздар бар ғой. Ііргелес  көршілеріңнің де бойжетіп отырған немере қызы бар. Үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді қыз. Тек ты-ым жас демесең... Былтыр қаладан келді. Өгей әкесімен басы піспеген-ау сірә... Жас болғанда тұрған ештеңе жоқ. Қайта қулық-сұмдықты білмейді. Рахат емес пе, өзің тәрбиелеп, оқытып аласың! Ой, әңгімемен отырып, ауылға да кеп қалыппыз ғой, әне,  анау биік ағаштарды таныған шығарсың?! –деп «Шойқара» ауылды қанша жыл көрмеген бұдан бетер қуана дабдырлап қоя берді. 
***
Алыстан қарауыта көзге түскен биік бәйтеректерді көргенде Ғалымбектің жүрегі ерекше лүпілдеп кетті. Табиғаты қытымыр өңірде жасыл желегі самал желмен желбіреп, алыс жолдан, аптап ыстықтан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушының бәріне алыстан қол бұлғап, саясына шақыратын, өзінің жанға жайлы «жасыл аралын» қалай танымасын? Күллі әлем сұлуланып кеткендей ме, қалай. Жабағы бұлттардың арасынан жарқырап ай шығып келеді екен. Төңіректің бәрін сүттей нұрға бөленген.
  Мәшина анау шамы ояу еңселі үйдің тұсына тоқтады.  Апасы  орамалы ағараңдап, әлсін-әлсін түнгі тыныштыққа құлағын тігіп, бір кіріп, бір шығып, жаны байыз таппай жүр ме екен? Қара жолға қарайлап, екі көзі төрт болып. Міне, ол елден бұрын құшағын жая, айналып-толғанып алдынан шықты. Шыңға біткен шынардай ұзын бойлы жігіт иіліп маңдайын тосты. Жүзін терең әжім шимайлаған анасы мейірлене иіскегенде,  Ғалымбек  тебірене толқып кетті.Тіпті  көзіне жас келіп-келіп барып, өзін әзер ұстады. 
Бір кездегі нардай әкесі, енді пеш түбіндегі биік төсекте бір уыс шүйкедей боп бүрісіп жатыр екен. Шыдай алмады. Көзінен кермек тамшылар ыршып кетті. Қимыл-қозғалысы ширақ, өте шаруақор жан еді. Осы жасқа келгенше оның басы ауырып, балтыры сыздағанын естімепті де, көрмепті де. Бала кезінен көрген мехнаты шар болаттай мықты ғып, әбден шынықтырып, ширықтырып тастаған. Өмірі қартаймайтындай, ауырмайтындай көріп жүруші еді...
Бұл МГУ-ді бітіргенше жыл сайын артынып-тартынып келіп тұратын. Қағылез кемпірін қасына ертіп. Мал-мүлікті көршілерге аманаттап. «Алыстағы Алматыдан гөрі ауыл іргесіндегі Мәскеуде оқығаның дұрыс болды-ау»,-деп келген сайын балаша қуанатын. Сөйткен әкесінің жатысы мынау... Құр сүйегі қалыпты саудырап. 
-    Ауырып жүргенін неге жасырдыңыздар? Ертерек естісем, үлкен жердегі дәрігерлерге көрсетер едім ғой,-деді Ғалымбек төрт көздері түгел отырғанда  өкініші мен өкпесін жасыра алмай.
-    Қарғам-ау, ауру айтып келе ме? Алдында бір келіп кеткенімізде ширақ, жақсы еді. Жылдағыша отын-суын әзірлеп, қора-қопсысын жөндеп, шаруасын істеп шауып жүрген,-деді  Ордадан келген үлкен апайы Қымбат күмілжи отырып.
-    Бұл ауылда қазір  бәлнес жоқ. Баяғыда жабылған. Ал енді өзімізбен бірге алып кетіп,  доғдырға көрсетуге жолға жарамады. Әрі ол жақтағылар «енді сендер бөлек мемлекетсіңдер» деп, бұндағыларды қарамайды да, - деді ауылдан таяқ тастам жердегі Ресейдің  теміржол стансасынан келген кіші апасы Сымбат.
-     Иә, бұрынғыдай емес, қатынас жағы қиын. Екі арада шекарашылар тұр, тәмөжнә деген бәлесі тағы бар. Әйтеуір, орыстар жағының тексерісі сұмдық енді. 
-    Бұрын қалаға мал апарып сатып, керек-жарақтарын алып, емін-еркін шапқылап жүрген бұяқтың қазағы қазір сап тиылған. 
-    Тиылмағанда қайтсын?!. Қит етсе, рұқсат қағаз сұрайды. Сосын көбінесе шаруасы бар жұрт алыс та болса, ешкім тексермейтін, құм арасындағы елсіз жолмен Қанішкенге, одан әрі Атырауға тартады. 
-    Көлігі мықты болмаса, кез-келген кісі тәуекел етіп жолға шыға да бермейді... Өтірік айтып қайтеміз, біз де сол тек айналма жолдармен, анда-санда қашып-пысып келіп-кетеміз, -деді апа-жезделері бір-бірінің ауызынан шыққан сөзді іліп алып.
-    Нешауа, біздің атамыз асарын-асады, жасарын-жасады ғой. Айтқан жерде бәле жоқ, біздің жақта қылқандай-қылқандай жастар да өмірден мезгілсіз кетіп жатқан жоқ па?! - деді  кіші жездесі мұрын астынан елеусіздеу ғана.  Оған Қымбат пен Сымбаттың бірден оқты көзбен ата қарағандарын Ғалымбек аңғарып қалды. 
-    Іргеміздегі баяни пәлигөн құдайдың құтты күні дүңкілдетіп атады да жатады. Қысы-жазы. Сәмөлет пе, рәкетә ма бірдеңелер аспанда бірін-бірі қуалап жүргені. Түйіскен кезде артына будақ-будақ із қалдырады. Аспанды ақ жолақ қып...Сап-сау жүрген жастар мезгілсіз кетсе, соның кесірінен кетіп жатыр ғой,-деп  Сымбат  ауыр күрсінді. Үнінен - шаршау, түрінен шарасыздық байқалады.
-    Құдайдың басқа салғанын көрерміз. Әкелерің жасы келген үлкен адам ғой. Жастар, сендер аман болыңдар. Өзі де: «Құдайға шүкір,  қыздарым құтты орындарына қонды, иншалла, енді тек жалғыз ұлдың үйленіп, үй болғанын көрсем», -деуші еді... Көзі тірісінде, әйтеуір баласының үйге келгеніне шүкір. Өзін көрсе, қуанып, бәлкім тәуір боп, орнынан тұрып кетер,-деді апасы кіші күйеу баласының ойпыл-тойпыл айта салған сөзінің тігісін жатқыза.   
***
  Жол соғып, шаршап келгендікі ме, таңға дейін Ғалымбектің кірпігі кірпігіне мүлде жуымай қойсын. Төсекті төр бөлмеге, жағы қушиып, көзі шүңірейіп, сақал-мұрты өсіп кеткен, мүлде бөтен адам сияқты әкесінің маңына салған  екен.  Оны кеудесінде жаны бар, жүрегі соғып тұр демесең, басқа бір тылсым дүниеге бет бұрып, дәл қазір  шыбын жаны беймәлім әлемді байыз таппай шарлап жүрген адам секілді. Бір сәт бойын үрей биледі... Жұмсақ төсек жамбасына жайсыз тигендей, аласұрып, әрі аунап, бері аунады.
  Қызға жат жұрттық қонақ деп қарап, ұлға уызы құрығанда, әке-шешесінің көсегесін көгерткені кәні?!.  Жылдан жылға шөгіп, мейірімге шөліркеген екеуінің тезірек қолын ұзартып, ертерек немере сүйгізуді неге ойламағаны? Өз қара басының қамын күйттеген не деген тасбауыр еді? Осы күнге дейін тек ғылым баспалдақтарымен биікке өрлеуден басқаға бас қатырмапты... 
Бір аяғы жерде, бірі аяғы көрде тұрған ауру әкесін енді қараусыз қалай қалдырады? Ол екі айрық жолға тап келіп, қайсысына түсерін білмей абдыраған жолаушының  халін кешті. Бала кезден жанын баурап, жүрегін жаулап алған Хорлан қыз: «Жақынбыз және бөтенбіз, ал, енді қайтер екенбіз?» деп, жолдың екінші айрығында, қарақат көзі жәудіреп, телміре  қарап тұрғандай. Апырмай, енді қайтеді? Атақты академиктің алақанына салып отырған егіз қызының бірі шағыл құмдар ішінде жатқан шағын ауылға ат басындай алтын берсе келер ме? Алатау баурайындағы жасыл баққа оранған мәңгілік жас қаланы тастап. Әй, қайдам...
 Жан-жақтан араша талаған жауабы жоқ сұрақтардан қашып, Ғалымбек сыртқа,  есік алдына шықты. Шығыс жақтан таң арайы біліне бастапты. Бірдеңе шықыр-шықыр, шиқ-шиқ етеді. Беймәлім шиқыл тақтаймен қоршалған пішен қораның арт жағынан шығатын сияқты. Ойпырмай, бұдан да ерте тұрған біреу бар екен-ау!.. Ерінбей мойнын созып қарап еді, біреу шығырлы шеген құдықтан қауға шелекпен су тартып жатыр екен. Орталықта тұратын бұлар түгілі, тіпті ауылдан шалғай отырған жалғыз-жарым малшылардың да  бұдан оншақты жыл бұрын шыңырау құдықтан су тартатын «АБ-1» моторы  болатын. Жайнап-жақсару орнына, ауыл кері кете бастағаны ма шынымен. Жиырма бірінші ғасырда.
Жақ жаппай маңыраған жас төлдер маңайды азан-қазан ғып жіберді. Жан-жақтан құдыққа қарай лап қойған сиырлар бір-бірін мүйізбен жасқап, ентелей астауға ұмтылуда. Шүйкедей біреу үлкен қауға шелекпен мықшия су тартып, онысын шашып-төгіп, ұзын ағаш астауға құйып жатыр екен. Үстінде шолақ тоны бар, басына үлпілдек ақ түбіт шәлі орап, аяғына ұзын қонышты ақ пима, оның сыртынан басы қайқиған резеңкі қара галош киіп алған кісіні Ғалымбек көрші кемпірлердің  біріне жорып, «Апа, сәлем бердік»,- дей сала, қолындағы суы шүпілдеген қауға шелегіне жармасқан... 
«Апа» дегені алма бетін аяз сорған, жап-жас қыз екен. Жанары жәудірей бұған қарап қалыпты. Таң алагеуімде қолындағы су толы  шелегіне тарпа бас салған бейтаныс жаннан қаймықты ма, кім білсін. Сосын  жігіттің түпкі ойын дереу түсіне қойып: «Қайтесіз, үстіңіз бүлінер. Күнде істеп жүрген тірлік қой... »-деп шелек тұтқасына айырылмай қойсын. Ғалымбек қаршадай қыздың қарсылығына қайрат көрсете алмай және сол дәрменсіздігін іштей мойындағысы келмей, әрі-сәрі күйде тұрып қалды. Бір сәт сол бейтаныс жанның орнына Хорланды ойша қойып көрмек болған, онысынан түк шықпады. Аққу мойыны иіліп, сүйріктей аппақ саусақтары майысып, Листтің, Бахтың, Шопеннің сиқырға толы сазды әуендерін пианинода беріле ойнайтын кербез қыздың ақ тер-көк терге түсіп, жанталаса мал суарып жатқан сәтін қанша қиналса да көз алдына елестете алмады. 
Әйтеуір абырой болғанда, «Ға-лы-ым-жан! Қайда кетіп қалдың? Шәй-ға-а жү-үр!»-деп дауыстаған апасының жанға жайлы жұмсақ үні  оны ыңғайсыз халден дер кезінде құтқарды...
***
Таңғы шәйларын енді ауызға ала бергенде,  «Асса-лау-ма-ға-лей-күм!» деп қырылдақ үнін барынша созып біреу ішке кірді. Сақалына қырау қатып, өзімен бірге бұрқыраған бу мен шыңылтыр аяз лебін  ілестіре келген  Орақ қарт екен.  Ғалымбектің бала кезінде тап осындай еді. Сол күйі түк өзгермеген сияқты. Әлі баяғысымен қарап тұр... Қунақ, ширақ қалпы. Не деген сүйегі асыл жан еді. Ғалымбек орынынан ұшып тұрып, қос қолын ұсынды. 
- Өй, айдолайын, Ғалымжан кеп қалған ба? Өй, садағаң кетейін, амансың ба?  Қашан келдің? Кеше сені кеп қала ма деп кешке дейін қарайлап, біраз отырып ем... Қалай ат-көлігің аман, жақсы жеттің бе? Мал-жан аман ба? Балдарың қалай, өсіп жатыр ма?-деп салдырлап тоқтамастан, амандық-саулық сұрап жатқан қария дастархан басындағыларды қыран-топан күлкіге қарық қылды.
- Оу, жездеке, әлі үйленбеген жігіттен балаларын сұрағаныңыз қалай? Қартаяйын дегенсіз бе?- деп Қымбат балдызы  сөз ортасынан килікпесе, аман-сәлемінің бітер түрі жоқ еді.
- Қайдан білейін, мұндай кезімде өзімнің бір емес, екі әйелім болғасын...-деп Орекең күмілжіп, желкесін қасыды.
- «Қазақ байыса қатын алады, өзбек байыса үй салады» демей ме. Екі әйел алғаныңызға қарағанда, сірә, жас кезіңізде бай болғансыз ғой,-деп Ғалымбектің үлкен жездесі байқатпай ғана отырғандарға көзін қысып қойып, әңгімеге тамызық тастады. Арқасын құс көпшікке сүйеп, малдас құра төрге жайғасқан Орекең:
- Ойбу,  қарағым, ненің байлығы болсын. Астыма мінген жалғыз атым мен бес-алты қой-ешкімнен басқа, маған өмірі басы артық дәулет біткен емес. Дәл әрмияға кетер алдымда, әке-шешем қоярда қоймай, қыз айттырып, келін түсірген. Армия бітіп, енді елге қайтқалы тұрғанымда соғыс басталды. Келіншегім өзі хат танымай ма, әлде шала таныс адамға хат жазуды ыңғайсыз көре ме, маған өмірі хат жазбайтын. Тек бір-ақ рет «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты Құдай қосқан қосағым» деп көршінің баласына айтып отырып, хат жазғыыпты. Әкем де, шешем де о дүниелік болғанын хабарлап, маған көңіл айтып дегендей... Әйтеуір, Құдайдың құдыретімен, бастан-аяқ соғыс біткенше, бәле-жаладан аман жүрдім. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген жаны бар сөз... Тек дәл кетер кезде бір қаңғыған оқ мына тобығыма тиіп, содан жарадар боп, елге балдақ ұстап қайттым ғой.
- Ойпырмай, абырой болған екен, ә!?.
- Соғыстың бітуін күтіп, окоптың ішінде тығылып отырғансыз ғой,-деп балдыздары кәрі жезделеріне сөзбен шымшып-шымшып алады. 
- Соғыс бітіп елге оралдық. Майданда бірге болған жігіттер бірінен соң бірі алма-кезек қонаққа шақырып, ауыл-ауылды аралап, әйда қыдырыстап жүруші ек. Бір күні әлгі сендердің жаман апаларыңды көріп, бір көргеннен  ұнатып қалдым ғой. Ол кезде қазіргідей тісі жоқ мылжа-мылжа кемпір емес, піскен алмадай уылжып тұрған кезі ғой.
- Иә, нағыз «Любовь с первого взгляда» болды десеңізші!
- Күйеуінен қара қағаз алып, қаршадай ұлымен аудан орталығында тұрып жатыр екен. Содан екеуміз бас қосып, түтін түтеттік. Бір күні ойымда ештеңе жоқ, елең-алаңда далаға шықсам, біреу дәл есігіміздің алдына үстіне жүк  артқан нар қоспақты  шөгеріп жатыр екен. Сөйтсем, үш жыл - әрмия, төрт жыл - соғыс, бас-аяғы жеті жылдан бері көрмеген, тіпті түр-түсін ұмытып қалған алғашқы әйелім екен. Үстімнен әлі әскери киімім түспеген кез. Ол  мені сырт киіміме қарап, шырамытса керек. Әйтеуір, жалғыз ұлдарын  бір көруге зар болып, арманда кеткен әке-шешемді айтып зарлы дауыспен  сұңқылдап жоқтау салғаны. Үні сай-сүйекті сырқыратады. Тап бір ет-жақын тусымды көргендей көңілім босасын. Жас әйелім біз екеумізге басу айтып, азар тоқтатты. 
«Өзіңнің соғыстан аман келуіңді Алладан тілеп, қанша жыл шаңырағыңның отын өшірмей, әке-шешеңнен қалған мал, мүлкіңе бас-көз болдым. Енді солардың сен үшін жиған боқ-дүниясына өзің ие бол. Әу бастан жал-құйрықсыз жалғыз едім, осы жарық дүниеде сенен басқа жақыным да жоқ. Ата-енеміздің ақ батасымен қосылып ек.  Өлсем, енді менің сүйегім сенің босағаңнан шығады!»-деп кесімді сөзін бір-ақ айтты. Обалы нешік, екі әйелім өмірі бір жүз шайысып, «ищай» дескен жоқ. Апалы-сіңлілі жандардай сыйласты. Бірі - үйдің, бірі түздің шаруасын келісіп істеді. Бір шаңырақтың астында қаншама жыл  тату-тәтті тұрды. Несін жасырайын, ертелі-кеш боз жорғаға мініп ап, қайда той, қайда жиын деп елеңдеп тұратынмын. Шаруаға түк қырым жоқ еді. Маған кейде екеуі әзілмен тиісетін: «Құдай-ау, сені отқа, суға түсірмей бағып-қаққан әке-шешеңе көп рахмет!»- деп... Беу, дүние-ай,
- Е, о заманның адамдары кең пейіл ғой, несін айтасың! Соғыс кезінде ер азаматтардың қадыры өтіп, әбден зарыққан байғұс әйелдер от пен оқтың ортасынан оралған бір еркектің бар еркелігін көтермегенде қайтеді! – деді Ғалымбектің шешесі. Қанша дегенмен замандасы ғой.
- Бәйбішемнің өмірі пұшпағы қанамағанмен, Құдайға шүкір, сендердің апаларыңның қойыны құтты болды. Жылма-жыл, шілдехана той істеп, мәре-сәре боп жатушы ек. Балалар кішкене қарақұлақтанғасын-ақ, үлкен шешелерінің қолынан түспейтін.  Балалар өз шешелерінен көрі, соған жақын болды. Жарықтық кең адам еді ғой. Жер қозғалса, қозғалмайтын...Сөйткен бәйбішем де келместің кемесімен кетті..., - Үні қамыға шыққан Орекең бір сәт үнсіз отырып қалды. 
- Мына балдызыңызға жаным ашып, тоқал алайық, қолың ұзарсын деп айтып, басым бәлеге қалғаны бар. Әлі күнге сонымды бетіме басады, - деп Ғалымбектің  үлкен жездесі ойнаған боп, ойындағысын айтып қалды.  Ойы – онға, санасы санға кеткен Ғалымбектің дастархан басындағы айтылып жатқан әңгімемен мүлде ісі жоқ. Бар көңілі - «хор қызындай тамсандырған» ару Хорлан жүрген жақта еді. Әуежайға сүттей аппақ, судай жаңа «Лексусымен» құстай ұшырып өзі әкеліп салмаса,  бұл алыс сапарға аттанғалы тұрған үлкен ұшаққа үлгермес те еді. Ақ бұлттарға араласып, түпсіз аспанға сіңіп бара жатқан алып лайнерге қол бұлғап қалған  аяулысын енді қашан көрер екен?! 
-  Қарақтарым, сендердің де өз бала-шағаларың, өз тірліктерің бар ғой. Соған қарамастан, қанша жыл алма-кезек келіп, қарт әке-шешелеріңді қамқорладыңдар. Іздеріңнен ерген жалғыз інілерің алаңсыз оқысын, қатарынан қалмасын деп... Еткен еңбектерің Алладан қайтсын. Естіп-көріп жүрген ел-жұрт сендерге риза. Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы әкесінің  көзі тірісінде тезірек келін әкеп, бәріміз енді тек тойда бас қосайық! Әумин! -деп Орақ қария алақан жайып ас қайтарып, дастарханға бата бергенде ғана, Ғалымбек өзінің қайда отырғанын ептеп есіне түсірді. Таяғы тықылдап кетіп бара жатқан шал, отырған жерінде бірдеңесін ұмытқандай, табалдырыққа жете бере артына қайырылып:
-  Айтпақшы, мынау Ғазиза кемпірдің немере қызына жіп тағып қою керек. Біреу қағып кетпей тұрып. Биыл мектеп бітіреді екен.  «Жақсыны жатқа жіберме» деген. Бағы ашылмаған байғұс шешесі де ажарлы, ибалы жан еді ғой. Мына баланың да кескін-келбеті содан    айнымайды екен. Тура бар ғой терісін сойып-қаптап қойғандай.  Қашан көрсең де тап бір төрт құбыласы түгел адам сияқты жымия күліп жүреді.  Әуелі өгей әкенің қас-қабағына жәутеңдеп, сосын өгей шешенің  отымен кіріп, күлімен шығып жүр деп кім айтар?! -  деді тамағын кеней. 
- «Қарғаның бір көзі оқта, бір көзі боқта» демекші, жездеміз өзі қартайса да, көзі қартаймай, әлі күнге жас қыздардың жақсы-жаманын аңғарып жүргенін көрмейсіңдер ме?-деп үлкен балдызы сөзбен іліп қалды. Пешке арқасын сүйеп, самауыр түбінде отырған Ғалымбектің апасы қызының әкесіндей адамға орынды-орынсыз тиісе бергенін онша жақтырмай, сәл қабағын шытты да:
-  Сол Жадыражан екі күннің бірінде біздің үйде жүрген. Сырттан қыз-күйеулер келгелі, онша жоламай кетті. Ұяла ма. Екі үйдің де ішкі, сыртқы шаруасына білек түре кірісіп кете беретін. Тіл ауызым тасқа, шаршадым деп қабақ шытуды білмейді. Сонда да сабақ үлгерімі жақсы, қолы қалт етсе, кітапқа үңіліп отырғаны,- деп Орақ шалдың сөзін тірілтті.
- Иә, рас айтасың. Таңның атысы, күннің батысы бір тыным жоқ. Бүгін де  сол өрімдей қыз құлқын сәріден қыруар малды суарып жатыр,- деп Орекең оның сөзін одан әрі  қоштады.  
Көрші Ғазиза кемпір демекші...  баяғыда, бала кезінде болған бір оқиға Ғалымбектің есіне түсті.  Іргелес көршінің жалғыз ұлы Ордабай армиядан келіншек ала келді.  Қаланың қызы екен. Үріп ауызға салғандай  сүйкімді, саусақтары салалы, тырнақтары әдемі жас келін жер басып жүрген кәдімгі пенде емес, көктен түскен періштедей көрінетін Ғалымбекке. Байғұс енесі жалғыз келінін үбектеп үйге отырғызып қойып, бар шаруаны өзі істеп, асты-үстіне түсуші еді. Қадари-халінше жұрттан қалмай, дүбірлете той істеді. Шашылып-шабылып құдаларын шақырды. Қара күзде   жас келіннің шешесі әй-шәй жоқ, ауылға жетіп келді. Келді де: «Қызымды салпыетек әйел қып, айдаладағы аядай ауылға отырғызып қоя алмаймын!»деп мамыражай отбасының ойран ботқасын шығарсын.
 Тап сол кезде Ордабай үйде жоқ, тракторымен егіс басында жүрген. Өзін досқа күлкі, дұшпанға таба ғып, шешесіне еріп, төркініне кетіп қалған көркем келіншегін іздеп, артынан  баруға намыстанды ма, әлде одан көңілі қалды ма, біраз жыл сыбай-салтаң жүрді. Кейінірек ауылдың қарапайым бір қара қызына үйленген. 
Алайда сол, шешесінің жұлмалауымен көлікке мініп, көзінің жасы көл боп, кетіп бара жатқан сұлу келіншек бала Ғалымбектің  көпке дейін көз алдынан кетпей қойғаны.... Қазір ол енді бөтен біреу емес, өзінің Хорланы сияқты елестеп кетті. Оның кербез шешесі  де қызының алыс ауылға келін боп келуіне келісер ме екен.  Әй, қайдам!
- Сүттей ұйып отырған тым жақсы отбасының шырқын бұзып, аяғы ауыр қызын күшпен алып кеткен сол құдағи да өмірден өтіпті. Бейшара иманды болсын,- деп Орекең ақсақал басын шайқады. 
- Беу, дүние-ай, десеңші... - деді шешесі.
- Тентек құдағи туа сала тұңғыш жиенін бауырына басып, өз қызын біреуге ұзатып жіберген екен. Өлер шағында қызын шешесіне қайтарған-ау, сірә. Алайда, бөлек жатақ боп өскен қыз бала бөтен үйге сіңе алмапты. Әрі өгей әке де өгейлігін істеп, қарғадай қызға күн көрсетпеген-ау шамасы. Отырса опақ, тұрса сопақ деп... Ақыры,  өз аяғымен әкесін іздеп келді ғой,-деді Орекең оқиғаны өз көзімен көріп келгеннен бетер тәптіштеп. 
- Бәлкім байғұс шешесі жөн сілтеді ме, кім білсін. Шалы өліп, көңілі құлазып жүрген Ғазизаға іздеп келгені жақсы болды оның. Қасынан екі елі шықпай қалды ғой әйтеуір,-деді Ғалымбектің апасы.
- Ойпырмай, ә! «Жан тартпайды, қан тартады» деген сол шығар! 
- Қайта бұл қыздың еті тірі екен.
- Иә, өз шешесі секілді босбелбеу емес екен әйтеуір!
- Айналайын, жүз жасағыр,  бір алтын бала өзі. Оны алған жанның маңдайының бағы бес елі шығар!-деп апасы көзінің астымен өз ұлына елеусіздеу қарап қойды.
***
Күміс қанат алып лайнер әп-сәтте бұлттарға араласып, көзден ғайып болды. Хорлан бір сәт өзінің жаны сол ұшақпен бірге зеңгір көкке сіңіп кеткендей сезінді. Күллі қала жабырқау тартып сала берді. Алға басқан қадамы кейін кеткендей боп, аяғын санап басып, көрікті де көрнекі көлігіне көңілсіз беттеді. Талай рет Ғалымбекті осы әуежайдан шетелдерге шығарып салып жүргенде, бүйтіп жаны құлазымайтын. Оны халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қанша рет өзі аттандырды. 
Ешқашан бұлай  жалғызсырамайтын. Қалаға қайтқанша, еңсесін езген ауыр ойлардан арыла алмай-ақ қойды. Үйге келе сала, өз бөлмесіне кірді де, шам жақпастан жұмсақ керуетіне құлай кетті.  Іле-шала артынып-тартынып супер маркеттен келген Хұсни:
- Хорлашка, не болды? Әлгі «Ауылбегіңмен» ренжісіп қалдың ба? Все что не делается к лучшему. Айтпақшы, өткенде саяхаттап жүргенде  танысқан  Жан деген жігіт ше, сол осы аптада келгелі жатыр... біздің үймен танысуға, – деді ойнақы үнмен. 
- Қойшы, шын ба?
- Иә, сол... француз жігіт сонау солтүстік Африкадан мен үшін келе жатыр. Міне, махаббат деген осындай болады!
Ортадағы кең бөлменің қабырғасында ілулі тұрған жұқа теледидар алдында жайлы креслоға жайғасып ап, өзінің сүйікті сериалын көріп отырған етжеңді ақ бәйбіше  қос қызының сөзіне күтпеген жерден киліге кеткені: 
-    Солтүстік Африкада не ғып жүрген француз ол?
-    Ой, мам, бір кезде Францияның отарлығында болған ел ғой. Әлі күнге солардың ықпалы анық сезіледі. Аэропорттарын көрсең, супер современный!..
-    Ол не істейтін жігіт өзі сонда? – Ақ бәйбіше киноны ұмытып,  тәптіштеп сұрауға көшті.
-    Ну как сказать...Өзінің екі адамдық жеңіл самолеті бар. Сонымен туристерді серуендетіп, ақша табады. Мінезі ашық, кісі жатырқамайтын, веселый жігіт, оны туристердің бәрі  всегда жақсы көреді.
Салған төсектей салиқалы бәйбіше сабырынан айырылды. Қанша уақыттан бері аш шектей шұбатылып не бітпей, не қоймай қойған киносы жайына қалды.  
-    Самолеті бар дейсің бе? Онда жағдайы жақсы адам болғаны ғой. Достойно қарсы алу керек. Как никак, әкелерің ел танитын академик, профессор дегендей...Бәрі өзіміздің статусымызға сәйкес болуы керек,- деп  жоқ жерден әбігерге түссін. Оның самбырлаған дауысы өз кабинетінде жазуын  жазып, тыныш отырған  шалының да құлағына шалынған-ау.
-    Елде ер жігіт құрығандай, шетелдік біреуге неге сонша жік-жапар болып жатсыңдар?- деп қалың көз әйнегінің үстінен үдірие  қарап, есіктен басын шығарды. Шау тарта бастаған шалының сұрағы шабына от тастап жібергендей ақ бәйбіше шар ете қалды: 
-    Осындай ақылына ажары сай, қос-қос дипломы бар, бірнеше шетел тілін білетін сұлу қыздарыңды анау ауылдан келіп арба сүйреп, арса-арсасы шығып базарда жүрген берекесіз біреулерге бермексің бе сонда? Әлде байлардың үйін қарауылдап, есігін күзетіп отырғандарға ұзатасың ба?
-    Неге? Осы өзіміздің қазақтардың ішінде оқыған, тоқыған, білімді жігіттер аз ба? Мынау Хорланға келіп жүретін анау Ғалымбек деген жігіт кімнен кем? Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалым, басы істейтін бала...
- Басы істесе, алдымен өзіне басына баспана жасап алмай ма? Үрерге иті, сығарға биті жоқ, жалаңаяқ «жас ғалымды» ертең сен асырайсың ба? «Болашағынан үміт күттіретін» дейді ғой, жүдә!..
- Вообще, мен сені түсінбеймін... Қанша жылдан бері жүрсің бір жігітпен әуре боп. Не үйленбейсіңдер, не қоймайсыңдар.  Жасы отызға тақады, не ойлағаны бар оның?!.- деп Хұсни сөзге қосыла кетті.
- Құдай үшін қойыңдаршы, сыртынан құлағын шулатпай!-деп тарс бүркеніп, өз бөлмесінен шықпай қойған Хорлан бір жағынан шешесі мен өзінің сыңарына ашулы. Оның үстіне, ауылына кеткелі хабар-ошарсыз жатқан Ғалымбектің үнсіздігін неге жорырға білмей басы қатты. Қалта телефонына бірнеше рет өзі қоңырау шалған, алған жалғыз жауабы  - «байланыс аясынан тыс жерде». Хұсни мен анасының дастархан басындағы бар әңгімелері  сырттан келетін сыйлы қонақ төңірегінде өрбиді.
- Ой, мам, Жан интернеттен қазақтың салт-дәстүрлері туралы оқыпты. Өзі тіпті мен білмейтін қайдағы ырым-жырымдарымызды біледі. Невестаның үйіне құда түсу үшін ең кемі бес-алты адам келуге тиіс екен деп, өзімен бірге ертіп келетін адамдардың санын көбейте алмай жатыр.
- Құрысын, кім бұрын қыз ұзатып көріпті. Ол түгілі мен өзім де қазақтың ырым-жырымдарын білмеймін. Анау әкеңнің ағайын, туыстарынан құдалықта не істеп, не қоятынын сұрап, білу керек болды ғой енді,-дейді ақ бәйбіше абыржып. Осы қалаға ауылдан көшіп келгелі есік ашпаған абысын-ажындарын сол бойда дереу іздестіре  бастады.  
- Жанның әке-шешесі ертеректе ажырасып кеткен екен, «Қазақтарда семья ең үлкен ценность саналады, сондықтан үйлену тойымызда екеуің де сыр бермей бірге болып, болашақ құда-құдағиларыңмен танысуларың керек», - деп әке-шешесімен переговор  жүргізіп жатыр... Мам, сен де папамның әр сөзіне ілігіп, қит етсе қарсы шығып, жоқ жерден жанжалдаса кетпе. Настоящая «женщина востока» боп, инабатты мінез көрсетуге тырыс,-деді Хұсни тағы бірде. Әкесі ішіп отырған шәйіне шашалып қала жаздады:
-  Ойбай-ау, өмір бойы арыстан құсап жалын күдірейтіп жүрген шешелерің бір күнде қайдан момақан мысық болсын. Қой, одан да оның қолынан келетін бірдеңе айтсаңдаршы!-деп көзінен жас аққанша күлсін кеп... Хорлан бір сәт Хұснидың орынына өзін қойып көрді. Егер бұл Ғалымбекке күйеуге шығар болса, анасы алыс ауылдан келер құдаларын күтуге өстіп әбігерленер ме еді?! Әй, қайдам!? «Өмір бойы қалада өскен адамдармыз, отсталый қазақтардың салт-жоралғыларының бізге не керегі бар!?» деп бет қаратпасын іші сезеді... 
- Жан менің Шығыстың «Мың бір түн» ертегісіндегі арулардай боп жүргенімді ұнатады,- деп Хұсни өзінің омырауы аңқиған, кіндігі түрілген, денемен дене боп жабысқан тар киімдерінен безіп, ательеден ателье қоймай, етек-жеңі ұзын, қынама бел, желбіршекті әдемі киімдер тіктіретін  тігінші таңдап, аяғынан тозғалы қанша күн. Одан күміс алқа, білезіктер мен салпыншақ сырға соқтыратын шебер зергерлер іздеп күллі қаланы шарласын. Ұсталармен кездесу, тігіншілермен кездесу, дизайнерлермен кездесу... Әйтеуір  кешкісін төсегіне талып құлайды. 
Бір ана, бір әкеден туған егіз қыздың түр-тұлғалары да, мінез-құлықтары да, талғам-танымдары да туғаннан әр басқа. Әкесі сияқты қарапайым Хорлан әу бастан ашық-шашық киінгенді, баттаса боянғанды ұнатпайтын. Ал шешесінің ауызынан түскендей ерке де тәлпіш Хұсни керісінше шашын бірде аққа, бірде сарыға бояп, бір құлағын төрт-бес жерінен тесіп, тіпті кіндігі мен мұрнына да сырға тағып, заманауи сәннің көшін бастап, басқалардан оқшауланып, әлем-жәлем  жүруге бейім жан еді.  Өз алдына туристік фирма ашып,  шетелдерге  барыс-келісі жиілегелі, оның қарақат көзінен басқа, тіпті қазаққа ұқсайтын жері қалмай бара жатқан.
 Сол  Хұсниды аяқ астынан  осынша  алапат өзгерістерге ұшыратып, қазіргі газет тілімен айтқанда, «ұлттық бастау бұлағына бет  бұрғызған» ненің күші екенін Хорлан түсіне алар емес.  Махаббат күші деуге, ауызы бармайды. Жаушы-жаламда шала танысқан шетелдік біреуге қалай күйеуге шықпақ болғанына таң-тамаша. Алғаш рет бұның тып-тыныш жатқан тұнық көңіліне толқын туғызып,  албырт жүрегіне от тастаған  Ғалымбектің жөні бөлек қой.
 
***
Хорлан онда дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінде оқитын. Тіпті айтулы мектептің маңдай алды озат оқушыларының бірі еді. Республикалық олимпиадада қара көзінен ұшқын шашқан, кірпі шаш қайсар қара бала талайды шаң қаптырып кетті. Жердің шетіндегі, желдің өтіндегі алыс ауылдан келді деп кім айтар.  Хорлан оқитын таңдаулы мектеп дүбірлі сайыста басқалардан оқ бойы озық келген әлгі баланың аяқ-қолын жерге тигізбей бірден қағып алды.  «Қызыл алма жеп өскен Алматының аппақ қызы» сол жолы одан кейін қалып қойғанына қатты намыстанған. 
Әсіресе, анасы бас жүлде қайдағы бір ауылдың қара баласына бұйырғанына шала бүлінді: «Әкесі бір ауылдың байлығын үріп-ішіп, шайқап-төгіп отырған біреу болар. Комиссиядағылардың  көмейін алдын-ала тығындаған ғой. Қалада тұратын, қағаз кемірген  академик әкең несін берсін оларға?!»-деп... «Ауылдың баласы озса, несі бар екен?!. Мен де бір кезде шаңдағы бұрқыраған аядай ауылдан шықтым. Бірден академик боп аяғым аспаннан салбырап түсе қалған жоқ»,-деп әкесі жазуынан бас көтермей, жайбарақат отыра берді. 
Сарыала күз басталып, алғашқы қоңырау соғылған күн еді. Ақ бантикті алма бет қыз әкесінің ақ «Волгасынан» (ол кездері кез-келгенге арман болған көлік қой!) асықпай түсіп, портфелін  бұлғаңдата, еркелей басып мектеп ауласына кіріп келе жатқан. Бірге оқитын құрбыларының бәрі оны қаумалай қоршалап, шұрқыраса кетсін. Ала жаздай бір-бірін қатты  сағынып қалған-ау, сірә... Қауқылдай сөйлесіп, қарқ-қарқ күліп, бейғам тұрған ұлдар тобына қосылмай, шеткері тұрған жеңімпаз баланы  анадайдан аңғарды. Ол да бұған қадала қарап тұр екен. Кірпік қақпастан. Хорлан оны көрсе де  көрмегенсіп, тұсынан тез-тез  өтіп кетуге тырысты.  Бірақ іштей,  «Бас изей салғанда не тұр еді, мұным дұрыс болмады-ау?!» деп өзін-өзі кінәлады. 
Ғалымбек есеп-қисап жағына мықты болғанымен, тіл жағына шорқақтау екен. Әсіресе, орыс тілі мен ағылшын  тіліне. Ауыл мектептерінде жақсы мамандар жетіспейтіні айдан анық қой. Алайда, қаланың қу тұяқ балалары оның әр сөзін күлкіге айналдырып, реті келсе кемсітіп, мұқатып қалуға тырысатын. Құдай-ау, өздері құлап жатып сүрінгенге күлетіндер аз ба?! 
Дегенмен, Ғалымбек өте намысқой бала екен. Бір жақсы қасиеті - қиындық көрсе жасымай, қайта өршеленіп алға ұмтылады екен. Әйтеуір күндіз-түні кітапхандан шықпайтын.  Сабақтан соң қосымша дәрістер алып, жатпай-тұрмай өз бетінше де дайындалатын. Жоқтан өзгені іліп ап, қит етсе мазақ етуге бейім қала балалары көп ұзамай ауыздарын жапты. Ұрмай, соқпай. Білегі күшті - бірді, білімі күшті мыңды жығатынын Ғалымбек іспен дәлелдеді. Аз уақыттың ішінде. Табанды түрде. Сірә, сол нақыл сөзді бала кезден санасына мықтап сіңірсе керек. Қайтпас қайсар баланың табандылығына ұстаздары да керемет тәнті еді. Хорлан өзін онымен іштей егесіп, жарысқа түсіп жүргендей сезінетін. Сабаққа күн сайын мұқият дайындалып баруды әдетке айналдырды. Одан қалып қоймас үшін. 
Бірге оқитын өр кеуде ұлдар енді онымен жолдас, дос болуды өздеріне мақтаныш көретін. Бәрі де үзіліс кездерінде соның маңына топталып, білетіндерін содан сұрап жататын. «Гадкий утенок» - «Үрпе-түрпе үйрек балапаны» сөйтіп аз ғана уақыттың ішінде қатты өзгерді. Оның күн қақты қоңырқай жүзі ашаңданып, бойы тарала бастады. Тіпті бұлшық еттері білеуленіп, сымбатты тұлғасы бірден көзге түсетін. Өйткені қолы қалт етсе, спорт үйірмелеріне қатысады екен. Онысын бұл кейін білді. Оқушылар арасында өткен қалалық жарыстарда суға жүзуден, шығыс жекпе-жектерінен алдына жан салмайтын. Соның бәріне ол қалай уақыт тапты десеңші?! Биресми топтың бетке ұстар көсеміндей көрінетін. Мектеп бітірер кезде оған орынды-орынсыз әзіл айтып, майысып маңынан шықпайтын қыздар да көбейе бастады.
 Тек Хорлан ғана сол «шамды» айналған көбелек-қыздарға қосылмай, балаң жігітке  алыстан ұрлана көз тастап, өзімен-өзі жүретін. Неге екенін білмейді, әйтеуір оны сыртынан бір көрмесе, көңілі көншімейтін. Ақырын тербеткен жайлы «Волганың» ішінде келе жатып, ол күнде таңертең «бүгін мектепке менен бұрын келді ме екен?» деп ойлайтын. Еріксіз. Ол болмаса, күллі мектеп қаңырап бос қалғандай көріне ме, құдай-ау. Маржандай тізілген тістері аппақ боп, риясыз күліп, ол ішке кіріп келе жатқанда, тас қараңғы бөлмеде жарқ етіп қуаты жоғары прожектор жанғандай болушы еді. Бетіне қараса, тап бір көзі қарығып кетердей, жүзін төмен салып, алдындағы кітабына шұқшия үңіліп, бас көтерместен отырып қалатын. 
Мектеп бітірер жылы озат оқушылардың «Құрмет тақтасына» екеуінің фотосуреті қасқайып қатар ілінді. Хорлан тіпті жақын барып, жақсылап қарауға жұрттан ыңғайсызданушы еді. Бір-ақ рет мектепке  елден ерте келіп, ешкім жоқта сүйсіне қараған. Екеуінің  суреттерінің арасына біреу аппақ бормен «қосу» белгісін салып кетіпті. Ешкімге де, тіпті өзіне де беймәлім құпиясын былайғы жұрт біліп қойғандай, беті ду ете қалды.  Бірақ, жасыратын несі бар, белгісіз бұзақыға ренжудің орнына, бір түрлі іші жылып қалды. Дегенмен, Ғалымбектің өзі осыны көрді ме екен, көрсе не ойлады екен?! Алайда, ол өз сұрағына жауап таба алмады... Бұның жанына жақын кеп, тіпті ешқашан тілдесіп көрмеген балаң жігіттің  ойында не барын бұл қайдан білсін?! 
Мектеп бітірер сәт таянған сайын, Хорланның бір түрлі дегбірі қаша бастады. Ғалымбектен «оқуға қайда барасың?»  деп сұрауға талай оқталып, бірақ соның ретін келтіре алмады. Әйтеуір одан  көз жазып қаламын ба деп қатты қауіптенген. Бағы жанып, Ғалымбек екеуі Мәскеудегі айтулы университетке қатар түсті.  Бірақ бұрынғыдай бір-бірін күнде көру қайда... Бөтен жер, бөгде орта, қарбалас тірлікпен бір-бірін іздеуге де мұршасы жоқ. Әрі қыз басымен, бірінші боп, өзі іздеп баруға тағы арланады. Тек көңілге медеу тұтары - екеуінің бір жердің топырағын басып, бір қаланың ауасын жұтып жүргендері ғана.
***
Бірінші курста оқып жүрген кезі еді. Хорлан таң алагеуімінде әуежайға бармақ боп, көшеге шыққан. Күртешесінің күләпәрәсін көзіне түсіре киген елеусіз біреу елең-алаңнан сыпырғышы сыр-сыр етіп, жатақхана маңында сары ала жапырақтарды сыпырып жүр екен. Тіпті оған онша зер салып қарай да қоймады. Жол сөмкесінің дөңгелегін зырылдатып, аялдамаға таяна бергенде, біреу кенет бұның иығына асқан титімдей сөмкесін бар күшімен жұлып алмасы бар ма. (Құрғыр ұрының қапелімде сайтандай сап етіп қайдан шыға келгенін кім білсін). Сосын дереу қараңғылық ұйыған қалың ағаштың арасына қарай тұра қашты.  Хорлан бар дауысымен еңіреп жылап жіберді. Жыламағанда ше?! Бар ақшасы, ұшақ билеті мен құжаттары соның ішінде кетсе... Бейтаныс жанның соңынан биік тақа етікпен қуып жете алмасы айдан анық. Қуып жетсе де қайратты еркекке істер қайраны жоқ.. Дәрменсіздіктен іші өртенді. Ыза болғаны сонша, бар өшін екі көзінен алды.
Әлгі жайбарақат көше сыпырып жүрген кісі соның бәрін сырттай байқаса керек, дереу  қолындағы сыпырғышын көлденең ұстап, көзді ашып-жұмғанша қою ағаштың ішіне қойып кеткені... Ешкім артымнан қуып келер деп қауіптенбей, ұры ұзын баулы қол сөмкені қолтығына қысып, күзгі бақтың ішімен алшаң-алшаң басып кетіп бара жатыр екен. Алқын-жұлқын ққасына жетіп барды да, сыпырғышының ұзын сабын әлгінің екі аяғының арасына шалт қимылмен қыстыра қойды. Ұрлықшы  шалыныса сүрініп, оңбай құлады.  Көше сыпырушы еңкейіп, сөмкені ала бергенде, ұры оның балағына жармасты. Олжасынан оңайлықпен айырылсын ба.  Екеуі алыса кетті. Жексұрынның қолында ұшы біздей, өткір пышағы бар екен, Құдай сақтағанда, көше сыпырушы дер кезінде байқапты. Әйтеуір, суық  қаруды бойына дарытпай, бар күшімен жанталаса жұлып алды да, алысқа лақтырып жіберді... Ен көшені басына көтеріп, егіл-тегіл  еңіреп отырған ерке қыз соның бірін білген де жоқ. Көше сыпырушы бауы үзілген сөмкені былқ еткізіп қолына ұстата салғанда, ол өз көзіне өзі сенбеді. 
-    Ға-лым-бек?! Сенбісің?.. Сен бұнда қайдан жүрсің?
-    Сен...Сен...осындай беймезгіл шақта көшеге неге жалғыз шықтың?- деп қазақша сөйлеген жігіттің мойнына Хорлан үнсіз асыла кетті. Қанша жыл бірге оқыса да, сыртынан сүйсініп, қасына баруға қаймығып жүрген  балаң жігіт емес, тап бір Алла тағала бұның көз жасын көріп, қысылтаяңда жіберген құтқарушы періште секілді. Бетінен шөпілдете сүйіп жатыр... Біресе жылап, біресе күледі.  
- Жарайды, жолыңнан қалып қоярсың. Такси ұстап, отырғызып жіберейін.  Жұрт оянбай тұрып, жұмысымды аяқтауым керек,-деді Ғалымбек қысылғаннан білегіндегі  сағатына қарағыштап. Сол қыз үшін басын қатерге тігіп, қарулы ұры-қарыдан жасқанбай, ерлік көрсеткенімен мүлде  ісі  жоқ. Күнделікті істеуге тиісті міндетін атқарған жан дерсің.
-    Алматыға, папамның юбилейіне ұшамын, -деді Хорлан қоштасарда. 
-    Қашан келесің? Қарсы алайын. Әйтпесе, тағы бірдеңеге ұшырап қаларсың, -деді бұл қамқор көңілмен. Тап бір осы қыздың қауіпсіздігіне енді өмір бойы өзі жауапты жан секілді. 
-    Әуре болып қайтесің. Сабағыңнан қалма. Қайтқанда жарық кезде келемін,- деп жымиды Хорлан. 
Аста-төк үлкен тойдан «құтқарушы періштесіне» сарқыт әкелген, бірақ оны жатақханадан іздеп таба алмады. Сөйтсе, Ғалымбек көше сыпырушыларға берілетін бір  бөлмелі қызметтік пәтерде бір өзі тұрады екен. Сабақ оқуға тыныш, оңаша деп. Көбінесе ауылдан шыққан студенттер мен аспиранттар  көше сыпырушы боп орналасады екен ғой, оны бұрын кім білген. Ол тіпті Мәскеуде оқитын қазақ жастары арасында бұрыннан қалыптасқан үрдіс секілді. 
Көп адам студенттік өмірді ешқашан бітпейтін, ырду-дырдуға, қызық пен қуанышқа толы алаңсыз, қамсыз, жайбарақат кезең санайды. Ал Ғалымбек болса, сабақтан тыс уақытының көбін кітапхана мен зертханада өткізетін. Өмір бойы өзін-өзі қамшылап, өзін-өзі сүйрелеп келе жатқан Ғалымбекті Хорлан кей сәтте Джек Лондонның  Мартин Иденіне ұқсататын. Қолы қалт етсе,  екеуі бірге театр, кино, концерт, көрме залдарына баратын.
 Дегенмен, соңғы жылдары Мәскеуде жалғыз-жарым қыдыру қауіпті еді. «Неонацистер» дей ме, «әсіре ұлтшылдар» дей ме, топ-топ боп, ұрынарға қара таппай жүретіндер бой көрсете бастаған кез. Әйтеуір Орта Азия мен Кавказдан келген, өздерінен түр-түсі бөлек қыз-жігіттерге қырғидай тиетін тақырбастарға тірі жанның тісі батпайды.  Сірә, қолтықтарына су бүркіп, басқа ұлттарға айдап салып отырған құзырлы орындар мен құдыретті біреулерге арқа сүйесе керек. Ауық-ауық милициялар да рейд деп, өңі орысқа ұқсамайтын жүргіншілердің бәрін тоқтатып,  құжаттарын шұқшия тексеретін. Қазір келемін деп, мына тұрған жер ғой деп жеңіл-желпі шыға салуға болмайды. Қалтасына төлқұжатын салмай, жатақхана маңындағы  дүкенге, шаштаразға шыққандардың бәрін  «менттер» тар камераға қойша тоғытады. Олардың кім екені анықталғанша, сағаттап  қамап тастау қалыпты іске айналғалы қашан.  Екеуінің қыдыра шығып, аяқ астынан тар қапасқа қамалған кездері де болды. Бірақ қасында Ғалымбектей арқа сүйейтін азамат болғасын ба, Хорлан ондай-ондайда аса қамыға да, қаймыға да қоймайтын. Әйтеуір қасында сол болса бітті, төрт құбыласы түгел сияқты.  
Қанша уақыт бойы егіз қозыдай жарасып,  жұптары жазылмай, бірге жүрсе де, Ғалымбек ешқашан Хорланға өз сезімін ашып айтқан емес.  Бүр ашпаған бәйшешек қауызындай үлбіреген пәк сезіміне дақ түсіріп алардай жасқана ма... Әлде жүрегінің терең түкпірінде жатқан жан сыры сыртқа шықса, бар қадыр-қасиетінен жұрдай болардай қаймыға ма... Қарулы қарақшыдан тайсалмаған  жүрегі қыз алдында неге қобалжитынын өзге түгілі өзі де түсінер емес. 
***
Жасыратын несі бар, бұрын Ғалымбек не істесе де  талғамы нәзік, талабы биік ортада туып-өсіп, қаланың тәрбиесі мен тәртібін ана сүтімен бойына сіңірген бекзат бойжеткеннің көзіне түсу үшін істейтін. Соның алдында ұятқа қалмау үшін ұмтылатын. Оның деңгейіне жету үшін. Тіпті реті келсе, асып түсуге тырысатын... Рас, оның білім  деңгейінің жоғары екенін Хорлан баяғыда-ақ мойындаған.   Алайда, қыз анасының бұған онша іші жылымайтын. Әрі соны ұғымтал жігіт ол кісімен алғаш танысқан күні-ақ аңғарған... 
Оқу бітіріп, Алматыға аспирантураға түскен жылы Хорлан оны үйіне қонаққа шақырды. Хұсни екеуінің туған күнін сылтауратып. Ғалымбек егіз қызға қандай сыйлық таңдарын білмей, көп қиналды. Бір қыз емес, бір үйдің екі қызына  бірдей тәуір сыйлық таңдау оңай ма?!  Ақыр соңында  қызғылтым  түсті голландиялық райхан гүлдері толы үлкен гүл себетін қолына ұстап, қыздар ұнататын қымбат француз әтірінің екеуін қалтасына салып ап, қаланың қақ ортасындағы көп пәтерлі жайлы үйлердің бірінің қоңырауын басты.
  Есікті күмпиіп піскен бөлке нан сияқты былқылдаған  аппақ маңғаз бәйбіше ашты. Бұны бастан-аяқ шола бір қарап шығып, сырт-сымбатына  көңілі толды ма, «Қарағым, төрлет, Хұсни қазір келеді, қолы босамай жатыр»,-деді жылы үнмен. Басындағы бигудилерін алып үлгермеген Хұсни атып шығып, бұған басын изеді де: «Хорлан, к тебе!» деп, қайтадан өз бөлмесіне зып берді. Ақ бәйбіше бұның қолындағы гүл себетін немқұрайлы алды да: «Осы құрғырға аллергиям бар еді»,-деп мұрнын тыржитты да, балконға шығарып тастады. Гүл-гүл жайнап қасына келген Хорланға бұл: «Әкелген гүлім, әне, мұздай суық балконда тұр!» деп қайдан айтсын. Бәлкім бұл кеткесін, көрер. Әлде апасы үсік шалған гүлдерді оған көрсетпестен, қоқыс шелекке салып, сыртқа шығарып тастар...
Шынымен де ол кісінің тап осы гүлге аллергиясы болса, бар да шығар. Қап, алдын-ала сұрап білуім керек пе еді деп бір ойлады. Дегенмен, есі дұрыс қай адам: «Саған гүл сыйласам, ол сенің әкеңнің, шешеңнің, аға-апаларыңның денсаулығына зиян болмас па екен?» деп ақылдасушы еді?! Ғалымбектің әбден мазасы кетті. Былқылдаған жұмсақ диван емес, мұздай суық қара тастың үстінде отырғандай. Бір сәт осы үйге келгеніне өкінді.  Бірақ, Ғалымбек шайдай ашық көңіл көгін  торлай бастаған қара бұлтты жанына жуытпауға тырысты. 
Сау болғыр, есік қоңырауы  кенет шар ете қалғаны. Үй иелері бәрін тастай салып, сүрініп-қабынып дереу есікке ұмтылды.  Қолында қып-қызыл оттай гүл шоғы бар, ақ дубленкалы бір жігіт иіліп-бүгіліп ішке енді. Аққудай мамырлаған кербез бәйбіше оның әкелген ... райхан гүлдерін тырна мойын күміс құмыраға салды да, дәмге толы ақ дастарханның қақ ортасына қойды.  Жұқалтаң өңді сыпайы жігіт қолтырауын терісінен тігілген жуан портфелінен жылтырақ қағазға оралған бір қорапшаны әспеттей алды да,  дастарханға қойып:
- Бұл макруд деп аталатын печенье. Тунистегі  үйлену тойында дастарханға қойылатын  дәстүрлі десерт. Оның құрамында ұсақ туралған құрма мен  інжір бар. Аздап бал қосып,  зәйтүн майына пісірілген, - деді. Оның әйелдер құсап тамақ жөнін тәптіштей түсіндіргенін Ғалымбек іштей ерсі көріп қалды. 
- Айтпақшы, Мурка, то есть  Муратик, Тунистен кеше ғана келген. Танысып қойыңыздар, Мурат Хамраевич осындағы жекеменшік турфирманың президенті,-деп таныстырды Хұсни. Мұрат қай ортаға болсын бірден сіңіп кететін көпшіл жігіт екен. Дастархан басында жұрттың бәрін ауызына қаратып алды.
-  Тунистің  Сиди Бу Саид деген өте шағын, көне қаласынан келген бетім осы. Сиди Бу Саид  - ақшыл көгілдір қала деген сөз. Ол жақтың халқы үйлерінің қабырғаларын аппақ қып әктеп, көше жақтағы сәл шығыңқылау  бетін көк түспен бояп қояды екен. Қаланың атауы да содан шықса керек. Сондай романтикаға толы қала!.. - 
- Ойпырмай, ә! 
- Қызық екен!- деп әйелдер жағы таңғалған сайын Мұрат одан әрі желпіне түсті. Тіпті қалтасынан  экраны жалпақ  ұялы телефонын суырып алды. 
- Міне, мынау суреттен өздеріңіз көріп отырған үйдің сәл алға шығып тұрған, жіңішке ағаштармен жабылған кең балконы  мушарабье деп аталады. Әйелдер көбінесе   сол мушарабьеде  бос уақыттарын өткізеді. Тасада, елеусіз отырып ап,  теңізді, қаланы, жүргіншілерді  тамашалайды. 
- Вау! Супер!
- Бұрынғы заманда  қала тұрғындары тек қана атпен жүретін бопты. Сыртқы есіктеріне салт аттының деңгейінде мынадай металл шығыршықтар орнатылған.  
- Не үшін?
- Үйге қонақ келгенін хабарлау үшін.  Сол жақтағы шығыршықты – ер адамдар, оң жақтағысын - әйел адамдар, төмендегісін – балалар қағатын болған. Кірген қонақ бірден шағын аулаға тап болады. Аула  ішінде моншақ құсап тізбектеле салынған мынадай үйлер бар.  Қожайынның  әр әйелі жеке-жеке  сол үйлерде тұрған екен. 
- Сонда ол елде әлі де көп әйел алушылық сақталғаны ма?-деп шегін тартты ақ борық бәйбіше. 
- Жоқ, тәтешка, Тунисте көп әйел алушылыққа тиым салынғанына  жарты ғасырдай болды ғой, -деді Мурка, ... Мұрат. 
- Ал бізде керісінше қазір парламент депутаттары көп әйел алуды заңдастырмақ боп, жанталасып жатыр ғой,-деді Хорлан кекесінді үнмен. 
- Міне, мына суреттегі  мешіт - Солтүстік Африка мұсылмандарының бас мешіті. Ол біздің дәуіріміздің 7-8 ғасырларында салынған,- деп бір тыныс алған  Мұрат, алдындағы суып қалған шәйін  ұрттап қойды. 
- Е, арабтар, солтүстік Африканы жаулап алып, халифатқа қосқан кезде тұрғызылған екен ғой,-деді әңгімені үнсіз тыңдап отырған ақбас академик -  Хорлан мен Хұснидың әкесі. 
-     Өткен жолы мен Мағрибтың ең киелі қаласы Кайруанда  да болғам,-деді Мұрат. 
- Иә, ол мұсылман сүннитер қажылыққа келетін, күмбезді мешіттерімен әлемге әйгілі  қала ғой,-деді Ғалымбек үнсіз қалуға ыңғайсызданып.
-  Да, да... Ол, сондай-ақ, Тунистің кілемдер астанасы ретінде де танымал қала, - деді Мұрат шанышқыға түйрелген жалғыз түйір мантыны күміс пышақпен кескілеп отырып.
-    Сонда қалай, ол жақта кілем тоқитын фабрикалар көп пе?- деп елең ете қалды ақ бәйбіше.
-    Онда кілем тоқитын фабрика вообще жоқ. Әйелдер үйлерінде отырып, бос уақыттарында  кілем тоқиды. Сосын арнаулы госкомиссияның тексеруінен өткесін, сапа сертификаты тағайындалады. Одан соң әлгі кілемдер саудаға түседі.
-    Біздің елде де солай етсе ғой, қанша әйел үйде отырып, ақша табар еді. Ала қап арқалап, базар жағаламай,-деді ақ бас академик байыппен сөйлеп.
-    Вы не представляете...Тунисте кілемнің түр-түрі бар.Түйенің жүнінен тоқылған кілем дейсіз бе...Қой жүнінен тоқылғаны дейсіз бе...Тіпті  ешкінің тонкий  түбітінен тоқылған легкий кілемдер керек пе...Чистый жібектен тоқылған натуральный кілемдер де бар. Олар  түбітті – Кашмирден, жібекті  Қытайдан әкеледі. Кілемдерінің узорлары сондай керемет, тура бар ғой, көздің жауын алады!-деді Мұрат  алдындағы тамағынан қарбыта асап қойып. 
-    Шіркін, соларды осында әкеліп сатсақ, қыруар пайда түсер еді-ау!- деді қашанда коммерцияға бейім  Хұсни қиялға шомып.
-    Ол  кілемдердің өрнектері тек жай ғана ою-өрнектер емес,  онда дәстүрлі мистикалық қорғау нышандары бейнеленеді.  Жергілікті халық ондай кілемдер үйді бәле-жаладан сақтайды деп сенеді,- деп, өзінің де Тунис жөнінен білетіндерін академик ортаға салды.
-    Кілемді жай төсеніш емес, киелі тұмар секілді көреді десеңші.  Өздері біздің қазекең секілді, ырымшыл халық-ау, сірә!-деп бәйбіше шалының сөзін тірілте түсті.
-    Бұрын тунистік қыздар будущий күйеуі мен оның туыстарына сыйлау үшін кілем тоқиды екен. Сондай тардиция бопты. Қазір ол неке қию шартына кірмейді. Бірақ, жас қыздар  әлі күнге өз мамаларынан кілем тоқудың қыр-сырын үйренеді екен,-деп Мұрат та  қояр емес. 
-    Ойпырмай, ә!-деп ақ бәйбіше тақылдата таңдайын қақты. Жыланға арбалған торғайдай  боп, әйелінің бөтен біреудің ауызына түсіп кете жаздап отырғанына намыстанды ма ақ бас шал: 
-    Оның не таңғалатыны бар?! Бұрын кез-келген қазақ ауылында қаршадай қыздар үй маңына өрмек құрып ап, теру алаша, қақпа алаша тоқып, өз жасауларын өздері дайындайтын еді ғой. Жас кезіңде өзің де талай көрген шығарсың...Қазақстанның оңтүстігінде қыздар қазір де кілем тоқиды,- деді де, басқалардың  дастарханнан тұруын күтпестен, ас қайтарып, өз кабинетіне кіріп кетті.  Оның ту сыртынан  оқты көзімен жақтырмай қараған бәйбіше  дастархан басында Мұраттан басқа жан жоқтай:
-    Қарағым, әңгімеге алданып, дұрыстап тамақ та алмадың ғой,-деп, майы тоңазыған мантыны жылыту үшін бәйпең қағып ас үйге кеткен кезде,  Ғалымбек қипақтап сағатына қарады. Қызу әңгіменің шырқын бұзуға қысылып:
-    Кешір, тығыз шаруам бар еді, -деп Хорланға сыбырлаған, көңіл-күйін жазбай таныды ма, ол бұнымен бірге ақырын орнынан тұрды. Әкелген сыйлығы есік көзінде ғана есіне түскен Ғалымбек дәл табалдырықта тұрып, қос-қос  әтірді Хорланның қолына ұстата салды.  
-    Бұл немене?-деп таңғалды Хорлан.
-    Туған күндеріңмен!
-    Ә, бүгін бәріміз аяқ астынан Туниске «аттанып» кеттік те, туған күніміз атаусыз қалды ғой,-деп жымиды Хорлан. Өзі күлімсірегенмен, ойлы көзінде  терең мұң бар екен...
***
Еңсесін езген ауыр ойлардан құтылғанша асыққан Ғалымбектің бүгін тығыз шаруасының бары рас еді. Қосымша жұмыс іздеп жүргеніне көп болған. Бүгін соның орайы түскен сияқты. Қалаға іргелес ауыл мектептерінің бірі физика мен математика пәнінен сабақ беретін мұғалімге ділгір екен. Соны естіп, директорымен кездесуге алдын-ала  келісіп қойған. Телефон арқылы. Кешігіп барса, ұят қой. Директор ұзын бойлы, бұйра шашы  сирей бастаған, имек мұрын, маңдайы жарқыраған, шикіл сары кісі екен. Неге екенін кім білсін, себепсіз ыржалаңдап күле береді. Жас қыз емес, жас шамасы елуге кеп қалған ер адамның орынды-орынсыз күле бергенін   Ғалымбек онша ұната қоймады. Бірақ,  ол әй-шайға қарамастан: 
-    Қазір біздің үйге барамыз. Дастархан басында отырып, асықпай, сөйлесейік, танысайық,-деді. Бұл ыңғайсыздана, сыпайы сылтау айтып, бас тартып көрген, бірақ оның алды-артына қаратар түрі жоқ. Директор айналмалы былғары креслосынан қопарыла тұрды да, есік алдындағы қара «мерседесіне» беттеді. Бұл лажсыз ізіне ілесті. Қайта әйтеуір, үйі жақын маңда екен, лезде еңселі ақ үйдің ауласына кірді.
-    Біз келдік!-деп ол дабдырлай табалдырықтан аттады.  Ас үйден сүр еттің дәмді иісі аңқиды. Түпкі бөлмеден толықша денесі ұршықтай үйірілген, өңі-басы келісті, орта бойлы ақ сары әйел күндей күлімдеп шыға келді. Қарақат көздерінен мейірім төгіле: 
-    Кел, айналайын, төрлет,-деп, Ғалымбекті көптен бері танитын адамдай, жатырқамастан, жылы қарсы алды. Өзі күйеуінің сырт киімін алып, иіліп аяғына  жұмсақ сүйретпе кигізді.   Ғалымбек іштей қайран қалды. Ойпырмай, қалада да күйеуін пір тұтып, ерекше құрметтейтін әйелдер бар екен-ау, ә?! Ерінің айтқанын екі еткізбей істеп, ішіндегісін айтқызбай білетін, ескінің көзін көре қалған, ауылда тұратын өз шешесінің жөні бөлек. 
-    Танысып қой, мына жігіт ертеңнен бастап біздің мектепте  сабақ береді. Физикадан. МГУ бітіріпті, аспирант. Ғылыми диссертациясын  жазып жүр екен, - деп дабдырлаған жігіт ағасы жерден жеті қоян тапқандай мәз...  
-    Атың кім, айналайын? Қысылма, төрлет,-деп күлімсіреді әйелі.
-    Ғалымбек.
-    Ғалымбек деймісің? Әке-шешең әу бастан баламыз ғалым болса деп армандаған екен ғой. Талабың оң болсын! Дегеніңе жет, қарағым -деп жылы сөйлеген бидай өңді биязы әйел Ғалымбектің көптен білетін жақын адамындай көрінді. 
-    Ой, Әбеке, неғып тұрсыздар? Кәне, қолдарыңызды жуып, тездетіп дастарханға келе қойыңыздар. Ас суып кетер,-деп күйеуіне наздана сөйлеген кезде  тіпті жүзі нұрланып кеткендей. Не деген шуақты жан еді! Қазақтың иман жүзді адам дейтіні  сірә осындай адамдарға қатысты айтылған сөз-ау деп ойлап қойды Ғалымбек іштей сүйсіне.
-    Алтынгүл деген осы кісі, саған жеңге бола ма, апай бола ма... Жата-жастана жөн сұраса жатарсыңдар екеуің. Кел, бауырым,  «Ұрыста тұрыс жоқ». Суып кетпей тұрып, тамақ алайық,...-деп үй иесі өзі бастап, табақтағы таудай ғып туралған, иісі тәбет шақыратын  майлы сүр етке қолын созды. Үш адам емес, он шақты адамға емін-еркін жететін мол асты көріп, үйге  менен басқа да біреулер келе ме деп ойлаған.  Алайда үй иелерінің қаперінде ештеңе жоқ. Мүлде қонақ күтіп отырған жанға ұқсамайды. «Ал-алдың» астына алып, тіпті бұның алдындағы тарелкені қиғаштай жұқалап әдемі туралған  қазы-қарта, жал-жаяға толтырып тастады.
-    Екеуден-екеу  шошайып отырғанда адамға ас бата ма, үйге қонақ келсе қуанып қаламыз,- деді Алтынгүл апай  алтын өрнекті ағаш тостағанға құрт қосылған қою сорпадан құйып жатып. Бағана Хорланның үйінде қысылып-қымтырылып отырып, ештеңеге қол созбаған еді, қарыны ашып қалған екен. Сүр етті қарбыта асап, дәмді  сорпаны сүйсіне ішті.  Тура өз анасының асқан еті сияқты екен. Ет баптауы да сонікіндей. Қала қазақтары әдетте дүкеннен, не базардан сатып әкелген жас етті бірден тоңазытқыштың мұздатқышына тығады. Солары  несі екен.  Ал тұз сіңбей, үсіп кеткен етте не дәм, не қасиет болсын... Мына тамақтың дәмі бөлек. Астың бабын білетін қолы берекелі адам екені айдан-анық.  Ішіне ел қонғасын, Ғалымбек ептеп жан-жағына көз жүгіртті. Алтын жиекті жақтау ағаштарға салынып, қабырғаға қаз-қатар ілінген  көлемді  суреттерден көз алмастан  қарағыштап отырғанын аңғарған Алтынгүл апай:
-    Бала-келіндеріміз ғой. Үйлену тойларында түскен. Анау ең шеткі суреттегі  жалғыз қызымыз бен күйеу баламыз. Былтыр Астанаға ұзатылған,-деді байыппен.
-    Құдайға шүкір, қазір екі ұлдың екеуі де – шетелде. Бірі - елшілікте, бірі - шетелдік ірі компаниялардың бірінде қызмет істейді. Қызымыз - банкте, күйеуі бала да сонда,-деп әйелі Әбеке деп ілтипатпен атаған үй иесі екі езуі екі құлағына жете. Иә, мынадай тамаша әйелі, анадай жақсы қызметте істейтін ұл-қыздары болса, ол мәз болмағанда, кім мәз болсын. Не деген төрт құбыласы түгел, бақытты отбасы!-деп іштей сүйсінді Ғалымбек. 
-    Шәй қайнағанша фото суреттер қарай тұр,-деп Әбекең түпкі бөлмеден бір құшақ альбом көтеріп келді. Ішінде бір танысы болмаса да, үлкен адамның көңілі үшін сарғая бастаған суреттерге үңілді.
-    Міне, мынау – біз ғой. Ха-ха, құлағымыздан тура күн көрінгендей. Екеуміз бар ғой  біреу түртіп қалса, құлап түсердей арықпыз-ей!
-    Студент кезде үйленген екенсіздер ғой?
-    Бірінші курсқа түскен жылы қыста үйлендік. Өзім де қумын ғой, келе-сала біреу қағып кетпей тұрғанда, курстағы ең сұлу қызға қармақты лақтырдым ғой,-деп кеңкілдей күлді Әбекең.
-     Курстың алғашқы тойы болғасын ба, кураторымыз да, курстас балдар мен қыздар да күшті көмектесті. Қазіргідей ресторан қайда, тойымыз мынадай жұпыны асханада өтті. Бірақ сондай қызық болды, -  дастарханға алма, кәмпиттерін қойып жатқан Алтынгүл апай да әңгімеге араласты.
-    Әбекең курстың старостасы, әрі оқу озаты еді. Куратор ағай екеуміздің де әкесіз жетім екенімізді, жалғыз шешеміз ғана барын, көп балалы әулеттен шыққанымызды айтып, жатақханадан бір бөлме әперді. Деканға қайта-қайта кіріп жүріп. 
-    Міне, мынау біздің пойызда проводник боп жүрген кезіміз. Жазғы демалыс уағында. Ақша табу үшін екеуміз не істемедік?! Әбілтай түнде вагоннан жүк түсіріп, күндіз сабаққа баратын. Қыста...қасымыздағы моншаның отын жағатын. Мен сол моншаның  еденін жуатынмын. 
-    Алтын апайың мода журналына қарап отырып, түрлі-түсті жіптерден қолғап, шарф, бас киімдер  тоқитын. Ол кезде дүние - қат, тіпті ақшаға тәуір киім табу қиын кездер ғой. Жатақханада тұратын студент қыздар одан қызыға сатып алатын. 
-    Өмірі бөлмемізден адам арылмайтын. Бірі кіріп, бірі шығып жататын. Дастарханымыз өмірі жиылған емес. Барымен базар деп, қолда барды қоятынбыз. Достарымыз да бізден ештеңелерін аямайтын. 
-     Екі баламыз да студенттер жатақханасында өмірге келді. Ертелі-кеш студенттердің қолынан түспейтін... Олар тіпті бір-бірінен қызғанып, бір-бірімен таласып, алма-кезек көтеріп жүретін. «Полк баласы» дейтін. Кейін өскесін, солардың көмегімен, балдарымыз қызметке тырнақ іліктірді ғой. Құдайға шүкір,  біреуі бізге салмақ салған емес. 
-    Оқу бітіргесін қалада қалдық. Пәтер жалдап, қаланың әр бұрышына көшіп жүрдік. Сығандар құсап. Ауылдағы бауырларымызды шетінен қалаға тарттық. Оқыттық... Сөйтіп жүріп, адам болдық қой.
-    Қазір солар  ауылға барсақ, аяғымызды жерге тигізбей қарсы алады. Тік тұрып қызмет етеді. Аллаға шүкір, ішкеніміз - алдымызда, ішпегеніміз - артымызда. Елден асқан бай болмасақ та, өзіміздікі өзімізге жетеді,-деді ерлі-зайыпты екеуі бірінің ауызынан шыққан сөзді бірі іліп ап. Ғалымбек іші кірсе шыққысыз: тап-тұйнақтай, тап-таза, әр мүлкі талғаммен жиналған, дастарханы дәмге толы, берекелі шаңырақтан  қанаттанып шықты... Алғашқыда сүйкімсіздеу көрінген жігіт ағасының шикіл сары түрін де, тым күлегештігін де, тіпті бойындағы  бар кетік-кемшілігін де қанша жылдан бері өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қасында жұп жазбай бірге келе жатқан  ақсары өңді, ақжарқын әйелі байқатпай жіберген секілденді. «Қандай бақытты жандар! Не деген жарасымды отбасы!» деп оларға шын пейілімен сүйсінді. 
-    Жаным, мен мына қонағымызды аялдамаға дейін шығарып салайын,-деп, қалбаң қаққан Әбекеңі де бұнымен қосарлана есік алдына шықты.  Жапалақтай қар жауып тұр екен.  Жер-дүния теп-тегіс аппақ. Түтіндеген көліктерге толы, қапырық қала емес, шеті мен шегі жоқ, алысқа-а-а  кетіп жатқан беймәлім кеңістік секілді. Сол аппақ әлемде Ғалымбек жалғыз өзі ғана келе жатқандай. Көшедегі жүргіншілерді де, шуылдай жүгіріп, бір-біріне жұмарлай қар лақтырып жүрген жастарды  да аңғармады. Өз ойымен өзі. Бағанағы ренішінен із де қалмаған. Бәрі  жаңа жауған аппақ қардың астында қалып қойғандай. Бойы сергіп, жаны тазарғандай сезінді... Хорланды ертіп ап, көз көрмес, құлақ естімес тыныштық тұнған бір жаққа кетіп қалғысы келді. Осынау  сұлу әлемге сіңіп кеткісі келді. 
Ойын телефонның әуезді үні бөліп жіберді: «Бірін бірі білмейтін, Ай да, Күн де жақсы ғой» деп телефоннан шыққан  танымал әншінің дауысы жанды баурап барады...
-    Жаным сол, қазір барамын, сәл күте тұр! Үйге елден ұятты қонақтар кеп қап, жаңа босадым. Шын айтамын, ақ сазандай тулаған саған кім жетсін! Әттең, балдардан қаймықпасам, сол кемпірдің қасында бір минут та қалмас едім,-деп Әбекең телефон ішіне кіріп кетердей боп елпек қақсын.
 Ғалымбек  қолына ұстап, сүйсіне қарап отырған қымбат ойыншығы ойда-жоқта күл-талқан болған жас бала құсап, жыларман халге түсті. Сосын ашудан тұла бойы қалшылдап кетті. Жұдырығын бір ашып, бір жұмып, аңтарыла тұрып қалды. Аппақ қар емес, қара топырақ борап тұрғандай, алға басқан аяғы кейін кетіп, сол сәт не істерін білмей қатты абыржыды. Қар басқан сұп-суық әлемде жалғыз қалғандай жаны құлазыды...
***
Ғалымбек өмірі мұрнына су жетпей сүрнігіп жүретін. Ауылға қайтып келгелі, уақыт бір орынында табандап тұрып алған сияқты.  Таң атса, кешті болдыра алсашы.  Бұрын қалада жүргенде,  ай  басталар-басталмастан, әп-сәтте құйрығы шолтаң ете қалушы еді. Оның бар ермегі - сырттағы азын-аулақ ұсақ мал. Түпсіз терең ой құшағында жүріп, солардың жем-шөбін береді, астын тазалайды, суарады.  Ақ тер-көк тері шығып, құлаштап отын жарады. Үйге су әкеледі, көмір тасиды. Бұл кезде апа-жезделері бәрін бір Аллаға аманаттап, үйлеріне қайтып кеткен  еді.
Ақ түтек боран апталап соққан күндері  сыртқа аттап шыға алмай, пеш түбінде жіпсіз байланып қалған дімкәс шешесі жалғыз ұлының үйден күл шығаруына өлердей қарсы. Терезесіне ақ қырау өрнек салып, есігінің жиегіне аппақ мұз қатқан кірер ауыздағы ұзын дәліздің екі босағасына сапқа тұрған солдаттар құсап күл толы шелектер тізіле жиналып қалатын.  Кейде шыдамай, Ғалымбектің сыртқа апара жатқанын көріп қалса, байғұс анасының жаны шығып кете жаздайды. Бірақ өзінде қауқар болмағасын, амал жоқ, көнбегенде қайтеді. 
Кеңестік кезеңде «Ильч нұры» деп әспеттеген электр жарығы да аядай ауылда бірде болса, бірде жоқ. Болған күнде де, теледидар қарап, кітап оқымақ түгілі, аяқ жолыңды әзер көретіндей бірдеңе. Кейде соның өзіне зар боласың... Өлімсірей сығырайып тұрады да, қызыл іңірден жалп етіп өшіп қалатыны бар.   «Алған білімім, ең болмаса, елдің бір кәдесіне аспаса, қанша жыл қағаз кеміріп,  ғылым жолында несіне жүргем?» деп Ғалымбек іштей шамырқанулы. Құдайдың құтты күні  дерлік  тынбай соғатын долы желден қуат алатын, электр тогының орнын басатын, бір қондырғы жасауға бел буған. Қолы қалт еткенде жобасын қағазға түсіре бастады.  
 Ең алғаш көрші үйдің әлі қабырғасы қатып, бұғанасы беки қоймаған балауса қызы тал шыбықтай майысып түпсіз терең шыңырау құдықтан шығырмен су тартқанын көрген күннен бастап, сол ой оның жанына  маза бермей жүрген. Сол ұяң қыз  ара-тұра үйге кітап, дәптерін көтеріп келіп, өзі шығара алмаған есептерін көрсетіп, түсіне алмай жүрген кейбір сабақтарын бұдан қысылмай сұрайтын халге жетті. Өзі ұғымтал-ақ. Қарақат көзі жылт-жылт етіп, Ғалымбектің ауызынан шыққан әр сөзді қағып алып, араға уақыт салып, қайта сұраса, қаз-қалпында айтып бере салатынын қайтерсің?! 
Жадыра  үй тірлігіне де икемді-ақ. Қолы-қолына жұқпайды-ау тіпті. Ғалымбектің қарсылығына қарамай, үйдің ішін әп-сәтте айнадай жарқыратып қояды. Шаң басқан төсеніштерді қатқыл қарға қағып-сілкіп, еденді де сулы шүберекпен лезде сүртіп шығады. Көзді ашып-жұмғанша, тау-тау ыдыс-аяқты жуып тастайды. Оның әр ісіне сүйсінген апасы:
- «Жас келсе іске, қарт келсе асқа» деген  рас-ау!-деп балаша қуанады. Жайшылықта ұятты қонақ келе қалса керек болар деп, баяғыдан бойына сіңген әдетімен әрменірек тығып қоятын тәтті-дәмдісінің бәрін дастарханға шығарып, қалбалақтап қалатын.
Екі дүниенің арасында қанша уақыттан бері ес-түссіз жатқан әкесі ептеп есін жия бастады.  Кеше таңертең көзін ашып, жан-жағына қарады. 
-    Әке, әке, таныдыңыз ба? Ғалымбекпін ғой,-деді бұл қуаныштан жүрегі алып-ұшып. 
-    Мен қай-да-мын?  Мәс-кеу-де-мін бе?- деді ол тілі сәл күрмеле. Бір кеседей салқын су ішті, әбден шөлдеген екен, сосын қайтадан талмаусырай ұйықтап кетті.
-    Жүрегінің мықтылығымен ғана жатыр ғой. Бұндай науқастар кейде жылдап төсек тартып жатады екен, -деп апасы  басын шайқады. Сосын, терең күрсінді де:
-    Бұл да болса Құдайдың бізге жіберген бір сынағы шығар, балам. Тас түскен жеріне ауыр, басқа салғанын көрермін. Бірақ сен алға қойған мақсатыңды аяқсыз қалдырма,- деп жалғыз ұлына қарады. Келгелі ой үстінде, бір шешімге келе алмай, іштей қиналып, екіұдай  халде жүрген Ғалымбегінің жүрек түкпірінде жатқан мұңын қайран ана қапысыз ұқса керек. 
-    Сіз де қызықсыз, апа... Әкем мұндай күйде жатқанда, оны  тастап қайда кетемін?  Сіз де күннен күнге жасарып келе жатқан жоқсыз. Ол жақта - мен, мына жақта – сіз ішкеніміз ірің, жегенім желім болып жүргенде, мен қалай алаңсыз ғылыммен айналысады екем?   Құдайдан ұлды не үшін сұрадыңыздар? Тәуекел, басқа түскен ауыртпалықты  өзім көтеремін, апа! - деді байыпты үнмен. 
Ғалымбек  мән-жайды жасырмай, Хорланға, ғылыми жетекшісіне, сосын өзінің жұмыс орнына хат жазды. Иығынан бір ауыр жүк түскендей боп, бойы жеңілдеп сала бергенін сезді. Араға ай салып,  Алматыдан асыға күткен алғашқы хат та келді. 
Сексеннің сеңгіріне шыққан ғұлама ғалым бұның  болашағынан үлкен үміт күтетінін айта келіп, алыста жүрсе де шәкіртінің  ғылымнан қол үзбей, жазып жатқан еңбегін тиянақтауын өтініпті.  Хат соңын: «Қара басын, ғылыми карьерасын ойламай, перзенттік борышын терең түсінген сендей ұлы бар әкең қандай бақытты! Сені тапқан алтын құрсақ анаңнан айналайын! Егер сен келгенше тірі жүрсем, жолыңа жасыл шамды жағып қоярмын, қарағым!» деп аяқтапты. Жалғыз ұлы әйелімен бірге, Ресейге көшіп кетіп, кең сарайдай үйде кемпірі екеуі ғана қалған қамкөңіл жанның жазғанын апасына дауыстап оқып беріп еді, ол иегі кемсеңдеп, сөйлей алмай, булыға жылап жіберді...
Көп ұзамай, екінші хатына да жауап келіп жетті. Өзі мұғалім боп істеп жүрген мектебіндегілер бұның еңбек кітапшасын хатпен салып жіберіпті. Мөр басылып, директордың қолы деген жерге  бөтен біреу қол қойыпты. Қашан көрсең де сойған түлкі құсап ыржиып, езуінен күлкісі жиылмай, өмірге де, өзіне де тән риза  боп жүретін Әбекеңнің аяқ астынан қайда кеткенін түсінбеді...
 Ал үшінші хатқа келер жауапты күте-күте Ғалымбектің екі көзі төрт болды. Тым-тырыс. Ләм-мим бір сөз  жоқ. Шектей шұбатылған үрейлі үнсіздік тым-тым ұзаққа созылып бара ма, қалай өзі...