Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ: «Қарой. Махамбет» Поэма

Жарысып жел деген бір желөкпемен,
Тамырың жоқ қайтейін, әй әттеген!
Ұшарын жел, қонарын сай біледі
Қаңбақ ұшып барады дедектеген.

Барады екен сол қаңбақ қайда асығып,
Бір пана табар ма екен айла асырып.
Шіркін-ай, аялдар сәт болар ма екен
Сәл де болса дамылдап, бой жасырып.

Аз болған жоқ тағдырдың зобалаңы,
Қайда қалды балталы ел, бағаналы.
Тиянақ, түйсігі жоқ сол бір қаңбақ
Сардалада сандалып домалады.

Қаңбақсың, тұрақтайтын болмайды үйің,
Сен ұшасың өмірге жандай бейім.
Тамыры жоқ, тұрақты мекені жоқ
Тағдыры қаңбақтардың қандай қиын.

Тағдырынан таяқ жеп, соры қайнап,
Тескентаудан асырған малын айдап.
Адыра қалып Атажұрт, қалың елі
Зар илеп, көш түзеген елім-айлап.

Тоналса да қарақшыға жарты жолдан,
Бойларын үсік шалып, салқын алған.
Сол қаңбақтар ұзаған көшке ұқсайды
Шаңырағын атанға артып алған.

        Ереуіл атқа ер салған

Білмеймін ажырады ірге неден,
Жүзсек те өмір атты бір кемемен.
Ұлы Су-Жайық бойы астан кестең
Әйтеуір көз ашпады дүрбелеңнен.

Бекініп зұлым жаумен өштескенде,
Ахиреттік достармен қош дескенде.
Отты добы домалап орыстардың
Соғыс болды ғаламат Таскескенде.

Бір Алла салған іске көндігеді,
Қатары сарбаздардың селдіреді.
Шейітсайда шайқасып жанұшыра
Таусылды ер Исатай соңғы демі.

Бөрі еді жолдан табар азығын да,
Жер кіндігі-табан тіреп қазығында.
Махамбет тұрып жатты секемденіп
Мәңгірген мұңлы Қарой жазығында.

Ашатындай өкпек жел кең тынысты,
Аспанда топ қарғалар қалқып ұшты.
Қарғыс атқан жер ме екен Қарой деген
Бір түрлі тасбауырлау, қорқынышты.

Сыр аңдайды сағымды сар даладан,
Күн кешеді тірлігін жалғап адам.
Қып-қызыл боп Қаройда күн батады
Бейнебір қорқаулардай қан жалаған.

                     Торығу

Арылармыз бір күні бар күнәдан,
Өкінеді өмірге бәлкім адам.
Жапан түзде ымыртта жел өтінде
Қараша үй жел өтінде қалтыраған.

Жапты жала өзіне бүлікші ғып,
Сондада мойымады сынып, шіріп.
Махамбеттің көңілі алабұртып
Қараша үйден жүреді кіріп, шығып.

Ең болмаса шықпады-ау жаназасы,
Батыр еді, текті еді дара басы.
Көзі ілінсе түсіне жиі енеді
Исатайдай ақ сауыт жан ағасы.

Артында құм Нарыны абат аймақ,
Жауға қарсы шапқан жер сан атойлап.
Еңіреп жүрген ер еді намыс үшін
Ұлы сүргін атқа қонған «Ағатайлап».

Жүздірейін айдында ой кемемді,
Уысында ұстаған байтақ елді.
Шабамын деп тұрғанда тізгін тартқан
Иі жұмсақ Исекемді қайтем енді.

Бұла дәурен басынан ұшты бәрі,
Қиналып өкінеді қыстығады.
Батырға суық хабар жеткізгендей
Долы жел шегін тартып ышқынады.

Киіз үйді жүреді күнде айналып,
Уақыттың өткенін де білмей қалып.
Жан жары Әуесі де жабырқаулы
Қалғандай соңғы кезде тіл байланып.

Ояздың естілгендей өктем үні,
Аңсайды түз тағысы-көкбөріні.
Көзін жұмса келеді сары жағалы
Тыныш, сірә, қалдырмас Гекке мұны.

              Қанқұйлы қылмыс

Дегендей иманды үйір, бекін бүгін,
Тар жерде қапы қалып, өкінді кім?
Суыт жүріс салт аттылар жетіп келді
Арасында намазшам екіндінің.

Келмей жатып бұйымтай сұрамайын,
Деп төрге қонағымды шығарайын.
Ықыласты таныды топ ішінен
Басқасы да әйтеуір кіл ағайын.

Отырмады жымысқы жау ойланып көп,
Осы жолы жасаймыз тойды анық деп.
Көк желкеден семсермен шапты бірі
Махамбеттің ту сыртынан айналып кеп.

Қас қағым сәт, жан беріп , жан алысқан,
Алдарында арыстандай дара «дұшпан».
Өлгеніне әлі де сенбегендей
Қайқы қылыш тиді тағы қара құстан.

Қызыл қанға боялып үсті-басы,
Дір еткендей айбарлы сұсты қасы.
Дөңгеленіп дүние көз алдында
Иығынан батырдың ұшты басы

Біреулерге айтамыз босқа мадақ,
Айтам  дейді, кімсің сен досқа қарап.
Қап-қап деп тісін қайрап бара жатты
Жауын жеңген рухымен бас домалап.

Не дейміз алдан оның атсын ақ таң,
Өтті ғой талай шайқас, көп сынақтан.
Жер бетіне жайылып бара жатты
Алқызыл қан өңештен шапшып аққан.

Осындай сұмдық болды күзде күрең,
Зор қайғы Махамбеттің үзгені дем.
Батырдың қанжығаға басын іліп
Кері қайтты қанішерлер іздерімен.

Қорықпай қалың елдің қарғысынан,
Жанталасып өзара жан қысылған.
Махамбеттің басына арнап тіккен
Дәмелі ақ патшаның қаржысынан.

Батуға жақындады күн қызарып,
Көк аспаннан түскендей жұлдыз ағып.
Қарақшылар қараша үйден ұзай берді
Көлеңкесі  бірде қысқа, бірде ұзарып.

Жендеттер патша ағзам жалдап алған,
Өздерін бір күткендей алдан арман.
Бара жатты адам емес, хайуандар
Шімірікпей қолдарын қанға малған.

Жоқтайық, Махамбетті еңірейік,
Танытайық өзімізше бөрі кейіп,
Қарайды төңірекке Қарой үнсіз
Тілін кескен бақсыдай меңірейіп.

Орнатса да ескерткіш, арайлы бақ,
Маздаса да басында талай шырақ.
Сол сурет көз алдында қалып қойған
Қанішерді кешірмейді Қарой бірақ...

Өмірдің көп қой сірә бұралаңы,
Тағдырына кім қарсы тұра алады.
Батырдың қаны тамған сол алаңқай
Бұл күнде жайқалған бақ, гүл алаңы.

Сен мәңгісің, Махамбет айдан анық,
Іштен тынған Жайығың жайлап ағып.
Өңкей шайыр сапарға аттанады
Саған келіп, намысын қайрап алып.

Жан едім киелі сөз нарқын білер,
Бұл заманның шайырлары шалқып жүрер.
Сөздерімнен ши шықса, шалыс басып
О,Маха ақ бурадай тарпып жібер!

                 Тұлпар рух
Мұндайда шабыт құсы самғамай ма,
Жүзімізді сүйдіріп таңғы арайға.
Поэзия күндері өтіп жатты
Қасіретті , киелі сол Қаройда.

Қиын емес өлең жазу ақынға түк,
Ақыр заман, жұмақты жақындатып.
Кілең шайыр мінберге көтеріліп
Өлеңнің отын жақты лапылдатып.

Сол күні болып қалды тосын жағдай,
Ақынын ардақтаған ғасыр қандай.
Тоқпақ жалды торы айғыр жетіп келді
Батырдың аруағына бас ұрғандай.

Назар бұрды көрініске алқалы жұрт,
Оянғандай кеудеде шалқар үміт.
Исатайдың тастүйін әскеріндей
Үйірі тұр сәл кейін аңтарылып.

Жылқы да адам жанын түсінеді,
Ермен бірге шайқасқа түсіп еді.
Қайшылап қос құлағын, жерді тарпып
Күңіреніп, күмбірлеп кісінеді.

Жүрегі шайлықпаған қайбір жаудан,
Білмеймін өкінішім, қайғым қайдан.
Бәлкім бұл рухы ма екен Махамбеттің
Өлгенде тарпаң мінез айғырға ауған.

Мен де сол сәт марқайып көтерілдім,
Қадірін Ұлы ақынның жете білдім.
Қасымда куәгерім «Егеменнің»
Тілшісі, Жолдасбегі Шөпеғұлдың.

Уа, Маха, той-думаның тарқамаған,
Жырыңды оқып, өзіңмен арқаланам.
Опырылып ақындардың түсті бір кез
Төбесінде шатырлары қалқалаған.

Байлайын тұлпарыңды белдеуге мен,
Туған жерді қорғадың өр кеудемен.
Ақсақ-тоқсақ мінберден түсіп жатты
Ақындар кеуделерін жел кеулеген.

Ағатайлап жауға шаптың, ұрандадың,
Азаттығы еліңнің бір арманың.
Өзіңе арнап жазған жырым осы,
Қабыл етсін бір Алла, Құран-Кәрім!

Селт еткізер рухы, тосын айбат,
Ондайда есеңгіреп, жасымай бақ.
Махамбет мазарына барған кезде
Адамдар тұру керек басын ойлап...

                             Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
                  Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,  Махамбет ауданының Құрметті азаматы.
                  Атырау облысы