(Мәстеков Тәжмағанбет пен Тәжмағанбетұлы Бердіқожа хақында)
2025 жылдың 22 мамыр күні Махамбет ауданының Есбол ауылындағы Мәдениет үйінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай, сол елді мекеннің кезінде дамуына зор үлес қосқан әкелі-балалы Мәстеков Тәжмағанбет пен оның үлкен баласы Тәжмағанбетов Бердіқожаны еске алуға арналған тарихи-танымдық шара болып өтті. Тарихи-танымдық шараны кіріспе сөзбен ауыл әкімі Алмас Ұзаққалиұлы ашты.
Шараның спикері, аудандық мәслихаттың депутаты Айзада Жексенғалиқызы осы шараға қатысуға арнайы шақырылған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымовқа сөз берді. Ол өз сөзінде әкелі-балалы тұлғалардың өлкенің дамуына қосқан елеулі үлестеріне қарамастан кеңестік биліктің тарапынан қуғын сүргіндерге ұшырап, есімдері мүлде елеусіз қалғандығына тоқтала келе, оларды мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асырудың қажеттігін,сол мақстатта екеуіне де туған ауылы Есбол елді мекенінде жаңа көшелерге аттарын беруді ұсынды. Мәстеков Тәжмағанбет заманының зиялы тұлғасы болғандықтан қазан төңкерісіне дейін түрлі әкімшілік қызметтерді атқарғандықтан, Батыс Алашордаға қатысы үшін 1928 жылы сайлау құқынан айырылуына байланысты лагерге қамалып, хабарсыз кеткен. Оның ұлы Бердіқожа Тәжмағанбетовтің 1947 жылы колхоз малын тасқын судан құтқарам деп жүріп, Жайыққа кетіп қазаға ұшырағандығын айтты.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин Атырау жұртшылығының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі мен шығыны туралы айта келе, майданда ауыр жараланып елге оралған Бердіқожа Тажмағанбетұлының бейбіт жылдары колхоз басқарып, көктемгі су тасқынында үкіметтің малын апаттан құтқарамын деп қазаға ұшырағанын, сол үшін ол кісі қандай да атаққа лайықты екеніне тоқталды. Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Серік Қуаныш өзінің хабарламасында Атырау облыстық мемлекеттік архиві материалдарының негізінде бұдан бірнеше жыл бұрын «Гурьев уезінің зиялылары» атты зерттеу еңбегінің жарық көргендігін, сол жинаққа Есбол Қызылүйінің түлегі Мәстеков Тәжмағанбеттің осы өңірде болыстың хатшысы болып қызмет атқарғаны туралы деректердің енгенін, кейін ол кісіге сол қызметінің өзіне пәле болып жабысқанын айтты. Осы шараға қатысқан ғалымдар мен ауыл тұрғындары өзінің екі атасын ақтауға байланысты ұрпағы Жоламан Тәжмағанбетовтың ерен еңбегін атап көрсетті. Осы жиынға қатысқандар қазақ халқы үшін орны толмайтын қасірет пен қайғыны әкелген 30-шы жылдары Тәжмағанбеттің ұрпақтарының бәрінің де ешқандай жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандығы жөнінде білді. Енді сол Мәстеков Тәжмағанбет деген кім еді? Жоламан жинақтаған құжаттардан білгеніміз: Мастеков Тәжмағамбет Есенғараұлы 1891 жылы Гурьев облысы Бақсай ауданы Есбол ауылында туған. Қызылүй орыс-қазақ мектебінде оқып орысша білім алған. Кейін Гурьев қаласындағы қазақ-орыс училищесінде оқып, білімін жетілдірген. Оқуды аяқтағаннан кейін Гурьев қаласында тілмаш, хатшы болып қызмет атқарған. Кейін Жылой уезінде болыстың хатшысы, Гурьев уезі болысының хатшысы болып жұмыс жасаған. Атырау облысы мемлекеттік архивінің 2021 жылы Атырау қаласынан басылып шыққан «Гурьев уезі зиялыларының өкілдері» (тарихи-өмірнамалық анықтама) кітабында ол кісінің 1920-1923 жылдары уезде әр түрлі салада еңбек еткені туралы жазылған. Атап айтқанда кітапта мынадай мәліметтер келтірілген: «Отыз жасында Гурьев уезі болысының сайлауына қатысып, кандидат болып тіркелген. Кеңес үкіметі келген уақытта Бақсай ауданы, Құмшығанақ (7-ауыл) ауылдық кеңесінің хатшысы, ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Есбол (11-ауыл) ауылдық почта меңгерушісі болып қызметін атқарған кезінде 11.10.1941 жылы ҚК-нің 58 бабы, 10 тармағы 11- бөліммен үгіттеу кінәсы бойынша қамауға алынған. Гурьев облыстық сотының 1942 жылы 9 қаңтардағы үкімімен 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. ҚССР Жоғары Сотының ұйғарымымен 18.08.1960 жылы қылмыстық құрамы болмауына байланысты қысқартылып 08.10.1960 жылы есептен алынған».
Ол кісі сол кеткеннен оралмапты. Жазасын қай жерде, қай лагерьде өтегені белгісіз. Қай жерде жерленгені, қай жылы қайтыс болғаны туралы ешқандай деректер жоқ. Суреті де қалмаған, сақталмаған. Артында қалған жолдасы Бекмағамбетқызы Мақта 1980 жылы қайтыс болды. Ұлдары: Бердіқожа 1947 жылы қайтыс болды.Ол - Ұлы Отан соғысының мүгедегі, соғыс ардагері. Аманқожа 1998 жылы, Хайролла 2008 жылы, Есқожа 1943 жылы, қызы Ақмәнет 2008 жылы қайтыс болды.
Тәжмағанбет Мәстековтан тараған ұл-қыздарына «халық жауының» ұрпағы деген таңба басылып, олар өздерінің өмір жолдарында көп қорлық көрген. Тәжмағамбетов Бердіқожа Тәжмағамбетұлы 18.10. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына Дала майданына алынған. Бұл майданға Бердіқожа сияқты саяси тұрғыдан шаталған адамдардың балалары алынғандықтан, ешқандай жеке іс қағаздары жүргізілмеген. Яғни, бұлардың сұрауы жоқ болған. Бұларға ешқандай марапат берілмеген. 1943 жылы 21 тамызда соғыста сол аяғынан ауыр жарақат алып, 1943 жылдынң 6 қыркүйегінен 1944 жылдың 23 наурызы аралығында госпитальде емделген, кейін мүгедек болып елге қайтқан.Сол кездегі тәртіп бойынша ауыр жарақат алып, жеті мүшесінің біреуіне зақым келген жауынгерлер Совет Одағының ордендері мен медальдарымен марапатталуы тиіс болған. Қатыгез саясаттың кесірінен бұл заң «халық жауының балаларына» таратылмаған.
Соғыста 57-ші армия құрамындағы 303-ші атқыштар дивизиясының, 64-ші атқыштар корпусындағы 849–шы атқыштар полкінде пулеметші қызметін атқарған. Анықтама: «Дала фронты (Степной фронт). Ресей Федерациясының Москва облысы Подольск қаласының орталық архивінен 21–ші ақпан 2024 жылы келген. 1943 жылдары үйге жазған хаттарында адресі: «Полевая почта в/ч. 78132.8 «Д». Бұл құжат Махамбет аудандық музейінде сақталған.
Елге келгеннен кейін Бақсай, қазіргі Махамбет ауданындағы Есбол ауылында колхозда бас есепші болып жұмысқа орналасқан. 1945 жылы үйленіп, 1946 жылы өмірге ұлы Тәжмағамбетов Хамидолла Бердіқожаұлы келеді. 1947 жылы Жайық өзенінде қатты тасқын болып, елді мекендердi су тасқынынан корғау жұмыстарында ұйымдастырып жүрген кезде 1947 жылдың 1-ші мамыр күні aтпен судан өтіп келе жатқан кезде астындағы аты cүpiніп cyға құлап, мүгедек aяғын аттың үзенгісінен шығара алмай суға кетті, өмірден озды.
Тәжмағамбет атаның екінші ұлы Тәжмағамбетов Аманқожа 1932 жылы 5 мамырда туған. 1949 жылы орта мектепті бітірген соң Орал, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға түседі. Бірақ барлық жердегі оқудан халық жауының баласы болғаны үшін шығарылған. 1951 жылы Гурьев ауылшаруашылық техникумына түседі, сол жылы да оқудан шығарылады. Сол 1951 жылы күзде Совет Армиясы қатарына шақырылып, Армения Республикасында үш жыл әскери борышын өтеп келгесін, Гурьев қаласында шоферлік курста оқып, Зауральный совхозында жүргізуші болып еңбек етті. 1956 жылы Құбайқызы Болғанмен шаңырақ көтеріп, өмірге төрт ұл, қыз ұрпақ әкеліп, 1998 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Жолдасы Құбайқызы Болған 1938 жылы туған. Зауральный совхозында ұзақ жылдар тракторист, егіншілердің звено жетекшісі, бригадир болып ебек етті.1967 жылдан КПСС мүшесі, Махамбет аудандық партия комитетінің Пленумы мүшесі, облыстық атқару комитетінің депутаты болды. 1970 жылы «В.И. Лениннің туылғанына 100 жыл» мемлекеттік медалімен наградталған. 1992 жылы зейнетке шығып, 2023 жылдың 24-ші желтоқсанында ауыр науқастан өмірден өтті. Ұрпақтары Атырау қаласында, Қызылқоға ауданында, Ақтау қаласында тұрады.
Тәжмағамбет атаның қызы Тәжмағамбетова Ақмәнет 1935 жылы туған. 1952 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтқа окуға түсіп, кейін оқудан «халық жауының ұрпағы» деген айыппен шығарылды. 1953 жылы Гурьев қаласындағы кітапханашылардың бір жылдық курсын оқып, бітіріп, Бесікті ауылында кітапханашы болып жұмыс жасады. Кейін сырттай оқып, білімін жетiлдipді.
1958 жылы Оңдағанов Мақсотпен шаңырақ көтеріп, Редут (Талдыкөл) ауылында тұрды. Редут мектебінде Мақсот Оңдағанұлы мұғалім болып, Ақмәнет кітапханашы болып еңбек етті, өмірге 10 ұрпақ әкеліп, Батыр Ана атанды. Мақсот та саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Дүйсекенұлы Oңдағанның ұрпағы. Мақсот 2006 жылы, Ақмәнет 2008 жылы өмірден өтті. Ұрпақтары Талдыкөл (Редут) ауылында. Атырау қаласында, Құлсары қаласы, Ақтау қаласында тұрады.
Тәжмағамбет атаның үшінші ұлы Тәжмағамбетов Хайролла 1936 жылы туған. 1953 жылы мекmenті бітіріп, колхозда еңбек eттi. 1955 жылы Кеңес Армиясы қатарына. шақарылып үш жыл Қиыр Шығыстағы Хабаровск өлкесінде әскери міндетін атқарған. Әскерде жүріп КПСС мүшелігіне кандидат болып қабылданғaн. Жақсы қызметі үшін 1958 жылы әскерден келіп, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға қабылданады. 1963 жылы оқуды жақсы бітіріп, қазіргі Томарлы селосындағы Қ. Смағұлов атындағы орта мектепте еңбек етті.
Атаның төртінші ұлы Тәжмағамбетов Есқожа 1939 жылы туған, 1943 жылы 4 жасында қызылша ауруынан қайтыс болды. Атырау университеті ғалымдарының Есбол ауылының екі көшесіне Мәстеков Тәжмағанбет пен Тәжмағанбетов Бердіқожаның есімдерін беру туралы ұсыныстарын Махамбет ауданыны Мәслихатының хатшысы Мәжиев Қайыржан, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жайлашев Самат, Есбол ауылының әкімі Ұзаққалиев Алмас қолдады.
Шараның барысында Тәжмағанбет Мәстековтың ұл-қыздарының және олардан тараған ұрпақтарының көрген зорлық-зомбылықтары туралы аудан азаматтарының айтқандарын естіп жағамызды ұстадық. Негізі, бұл әулеттің аман-есен өсіп жетіліп, адам қатарына қосылуына Тәжмағанбет атаның әйелі Мақта әженің еңбегі ұшан-теңіз болып шықты. 1928 жылы патша өкіметінің бұрынғы қызметкері деп Мәстеков Тәжмағанбетті сайлау құқынан айырғаннан кейін, оның әйелі Бекмағанбетқызы Мақтаны еш жерге жұмысқа алмапты. Қолында қалған төрт ұл мен бір қызын жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіріп жеткізген. «Халық жауының балалары» деген таңбаны иеленген ұлдары мен қыздарының қандай қорлық көргені жоғарыда айтылды.
Тәжмағанбетов Бердіқожаның жалғыз ұлы Хамидолла туралы, марқұммен он жыл бірге мектепте оқыған ардагер Мақанова Мерует ол кісінің бірінші кластан мектепті бітіргенге дейін Қожиев деген фамилиясының болғанын айтты. Бұл жерде біз, үкімет ұйымдарынан талай рет қысымшылық көріп, запыс болған әжесі Мақтаның немересіне «халық жауы» деп жазықсыз жазаға ұшыраған атасы үшін қорлық көрмесін деген іс-әрекеті болар деп қабылдадық. Тәжмағанбет атаның қызы Ақмәнеттің ері Мақсот пен қайнысы Махамбетке де оңай болмаған. Олардың әкесі Оңдаған Дүйсекенұлы да 1938 жылы жалған жаламен атылған еді. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған Мақсот Оңдағанұлына бүкіл класс оқушыларының алдында мұғалімінің айтқанын біз қайталамауды жөн көрдік. Бойы өсіп, буыны бекімеген бүлдіршіннің қандай күйде болғанын бұл жерде айтып жату артық болар. Мақта әженің соғыстың ауыр жылдары ашыққан ауыл тұрғындары мен кішкентай балаларды қалай қамқорлағаны туралы, ол кісінің немересі, ардагер ұстаз Жәния Тәжмағанбетова былай деп еске алды: «Менің әжем «халық жауының жұбайы» болса да, өзін өте байыпты, салмақты ұстады.Өзінің басынан кешкен қиындықтарын тіс жарып, ешкімге айтпастан өмірден өтті. Әжемді бүкіл ауылдың үлкендері қатты сыйлайтын еді. Әжеммен көрісуге Әділбай, Әлдеш, Ақбисен аталар келетін. Олар біздің әулетті қатты құрметтеуші еді. Менің атамның халыққа жасаған жақсылықтарын еске алып отыратын. Ол кісілердің келіндерінен әжем туралы мынадай әңгіме естідім. Олар: «Біздер, сенің әжеңе қандай қызмет қылсақ та еңбегін өтей алмаймыз» дейтін. Сонау соғыс кезінде ішетін ас шамалы, отын да аз, қыс қатты болды. Сол кезде осы Мақта шешеміз, менің енемді және басқа көршілерін бүкіл бала-шағасымен аштықтан құтқарып қалыпты. Қалың қар жауып, боран соғып үйіміздің есігі ашылмай қалады. Менің әжем ерте тұрып, қара қазанға су құйып, оған бір уыс бидайды салып қайнатып, піскеннен кейін оның үстіне түйенің сүтін құйып көже дайындағаннан кейін, аш отырған ағайындар мен көршілердің үйіне сол кезде 11 жастағы менің әкем Аманқожаны үнемі жұмсап тарататын болған. Қыстың сол күні көршілердің қар басып қалған үйлеріне әкем барып, қолынан келгенін істеп кірсе, аштан бұралып ұйықтап жатқан балаларды көреді. Оларды әзер дегенде оятып, әжемнің дайындаған көжесін үлестіріп беріп, талай бүлдіршіндердін жанына араша түскен көрінеді. Мақта әжем ағайындары мен көршілердің сол ауыр жылдары қандай жағдайда өмір сүріп жатқанымен үнемі хабардар болып, қолынан келген көмегін еш уақытта аямай отырған. Ол отбасылардың әкелері майданда, жұбайлары жас, балалары кішкентай болғандықтан, көп қорлық көріпті. Менің әжем оқымаған педагог, экономист болатын.Өте еңбекқор әжем, соғыстың қайнап тұрған кезінде, өзінің кішкентай қызы Ақмәнет екеуі жүн иіріп майдандағы жауынгерлер үшін шұлық, қолғап тоқып дайындап, колхоз басқармасына тапсырған. Соғыстан кейінгі жылдары колхозда жұмыс жасаған ауылдың ағайындарының балаларын алып, бағып кешке жұмыстан келген аналарына табыстап отырған. Кішкентайларды жуындырып, тамақтандырып, ойнатып, арқалап жүрген. Менің әжем өмірде көп қиыншылық көрсе де, оған мойымай, аналық мейірі мен жүрегінің жылуын айналасына жұмсап, бүкіл ауыл жұртшылығының «апа» деген атына лайықты болып өмірден өтті».
P. S.: Жәнияның өзінің әжесі Мақта Бекмағанбетқызы туралы естелігімен танысқаннан кейін менің ойыма бұдан бұрын жазылып, Республикалық «Сарайшық» журналы мен республикалық «Сахара» газетіне, облыстық «Атырау» газетіне шыққан мақалаларымның кейіпкерлері Омаров Ғилымғалидың Мәрия әжесі мен Байғазыұлы Кәкімбектің жұбайы Дәме әже түсті. Жұбайлары «халық жауы» аталып, кеңес үкіметі тарапынан қудалаудың құрбандарына айналып, ен малдан тігуге тұяқ қалмай қиналғанда, осы әжелер асқан табандылықпен бойлары өсіп, буындары қатып үлгермеген ұрпақтарын өсіріп, жеткізген болатын.
Сондықтан, менің ұсынысым: Есбол ауылындағы көшелердің біріне ерлі зайыпты Мәстеков Тажмағанбет пен Бекмағанбетқызы Мақтаның есімдерін беру қажет. Облыс орталығы Атырау қаласында саяси қуғын-сүргіннің өзге де құрбандарымен бірге қазақ анасының символдық ескерткіші орнатылуы тиіс.