Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Жаннат БАЙТОЛЛАҚЫЗЫ: «Қыр басынан күтейін» Өлеңдер

1979 жылы қарашада ҚХР, ШҰАР, Алтай аймағының Буыршын ауданындығы Шұңқыр ауылында туған. 1998 жылы «Іле Жастары» журналында өлеңдері тұңғыш жарияланған. Қазірге дейін 200-ге тарта шығармасы Шинжияңдағы қазақ тілді мерзімді басылымдарда жарық көрген. Алтай аймағы көлемінде өткен жыр мұшәйраларыңда, өлкелік телевизия жағынан өткен жас ақындардың «Ақ жалын-2» жыр мұшәйрасында жүлделі болған.

АҚЫН ҚЫЗДЫҢ МОНОЛОГІ 

Жанарым жалынына күйіп ардың, 
Ілестім ырғағына бұйығы әннің.
Дариға-ай, өтетіні шындық екен, 
Өмірді өз бетінше сүйіп әркім.

Қуат қып қуанышын қыз көңілдің, 
Іздедім игілігін ізгі өмірдің.
Басыма шарапаттан шаршы байлап, 
Мұң дейтін жүрегіммен мұз кемірдім.

Жақсыны жаны сүймес жасқағанды, 
Үйрендім ұлылардан асқақ әнді.
Ерте ержеттім тігем деп жанталасып, 
Бақыт дейтін жайлауға баспанамды.

Тірліктің арманға орап әр сағатын, 
Таусылды табыс қуып бар тағатым.
Жалынын жүрегімнің жырмен орап, 
Асырдым сағыныштың салтанатын.

Басқанда көкжиекке көктем ернін, 
Үмітімен жылындым өскен елдің.
Елітіп ерлігіне ерте ойландым, 
Елім деп етікпен су кешкен ердің.

Шектен аспас қашан да шешімі елдің, 
Ерлігімен қалады есімі ердің.
Аңғал жаным аңқылдап жүре бермей, 
Ақын дейтін қауымға несін ердім.

Сағым жыр сағыныштың салғызды әнін, 
Сезіммен сан өртеніп, сан мұздадым.
Енді менің тірлігім - қалам-қағаз, 
Енді менің ғұмырым- жалғыз-жарым.

Жанарым жалынына күйіп ардың, 
Ілестім ырғағына бұйығы әннің.
Дариға-ай, өтетіні шындық екен, 
Өмірді өз бетінше сүйіп әркім.


АУЫЛДАН СІЗ КЕТКЕЛІ

Күз келді... қоңыр таудың төсіне мұнар қонып, 
Таңданып жапырақсыз қарайды шынарға елік.
Самалдың сыбырына сіз жоқсыз сыр қосатын, 
Бағына бұлбұл-жаным сайрайды сыңар қонып.

Дамылдап дариға-үміт күтетін қуанышты, 
Көгінен көңілімнің аққу-жыр жырақ ұшты.
Талдырып қанатымды, тоздырып тағатымды.
Ауылдан сіз кеткелі ай аунап, жыл ауысты.

Бұйра бұлт, бұлдыр әлем... оранған дала сағым...
Қимастық күйі шалқып тербеген сана сазын.
Армандай тұлпар мініп, аймаңдай сұңқар жігіт, 
Қоштасып кетіп еді кешінде қарашаның.

Жол жаққа жанарымнан жасырын үзіп ұшқын, 
Жүремін жетегінде, дариға, қыз-үміттің.
Сабырын үзбей жаным, сарғайып сізді ойладым, 
Атқанда сүзіліп таң, батқанда сызылып түн.

Қадаумен сағат тілін, таппай бір тағат-тыным, 
Сапардың сіз оралар жүремін санап күнін.
Ару қыз асқақ жырын арнаса қандай бақыт, 
Талғамы тауға ұқсаған жолына талаптының.
Сапардың сіз оралар жүремін санап күнін...


ТАРТАДЫ ОҢ ҚАБАҒЫМ 

Бара жатыр көкжиекке күн құлап, 
Дала жатыр тұнжырап.
Арадағы жолдар, жылдар тым жырақ, 
Санадағы сағыныштар мың құрақ.

Таппай бір сәт тыныштық 
Сізді ойлаймын, 
Көздерімде - күміс шық.
Сезгеніміз - кездеріміз ертегі, 
Сөздеріңіз тым ыстық.

Қызықтырып келді тағы қыз-көктем.
Үміт, күдік екеуі де - ізгі, өктем.
Жолға қарап жанарымды талдырдым, 
Ауыл жаққа келмедіңіз сіз көптен .

Келді көктем қыз көркінен гүл өнген, 
Гүлдей нәзік сезімге еріп жүрем мен .
 «Ауылыңыз іргелі» ғой, болмаса, 
Сәлем айтып жібермейсіз біреуден.

Келе ме екен кешіктірмей хабарың, 
Неге десең тартады оң қабағым.
Ақ жейдеңнің жағасынан ай сүйіп, 
Жанды баурап жанарың...

Кешіктірмей келер ме екен хабарың?
Тартады оң қабағым.


ЕНДІ ОЙЛАСАМ 

Көк аспанның бұлттары бұла арманым секілді, 
Көктем келсе көңілді ой қуамын не түрлі.
Пүліш белдің төсіне көк майсаға тыныстап, 
Көл суымен көгілдір жуып өстім бетімді.

Алтай сынды ананың көк тасында кие көп, 
Күміс сәуле жатады тұла бойын иелеп.
Көк аспанның кермиық келбетіне тамсанып, 
Күннің нұры қалады көкжиекке үйелеп.

Көктем сынды арманым көкжиекпен ұласқан.
Көзім жұмсам көгілдір көз алдымда тұр аспан.
Көк жібектен көлбіреп көйлек киіп айшықты, 
Көк орманды сейілдеп, көк төбеге сыр ашқам.

Ұмыт қалды балалық ермейтін еш күдікке, 
Үйір болдым тамаша арман менен үмітке.
Аңқау, ізгі сезімнің жетегімен ержетіп, 
Жыр арнадым ең алғаш көгілдір көз жігітке.

Аңғармаса мерт болар тірлік деген жар еді, 
Сол қатерден сақтайтын бізде талғам бар еді.
Жақын жүріп адастық, 
енді ойласам себебін: 
Сенің көзің көгілдір, менің көзім қара еді.


ХАТ 

Өтсе де гүлге оранып неше көктем, 
Мен сені ұмытпадым не себептен?
Сұлу, қоңыр дауысыңды еске салып, 
Тырналар ұшып өтті кеше көктен .

Ұласса күлгеніме күрсінгенім, 
Оны да сен бір күні білсін дедім.
Жаз өтіп, жақсы елесін өшірсе де, 
Сен өшпей жүрегімнен жүрсің менің.

Білмейтін бұйығы едім шешілуді, 
Барлығын құрбың солай кеш ұғынды.
Көрші едік, көшіп кеттім тағы алыстап, 
Қар басып қалған шығар есігімді.

Қалса да жанарда жас, көңілде мұң, 
Әрине, арта алмаймыз өмірге мін .
Қанша алыс жүрсек-дағы, 
жүрегіміз 
Сертке берік дейтін бір сенімдемін.


КЕЛЕСІҢ ІЗДЕП МЕНІ

Көп кешікпей бір іздеп келем деп ең, 
Сосын мен жолға қарап елеңдеп ем.
Көңілі қылдан нәзік қыз баламын, 
Сертке берік болмасаң сенем бе мен?

Жаның жаз, жігіт едің күлкің айдын, 
Сағындым, қайда жүрсің, күн шырайлым?
Хат жазып қанатына қайтқан құстың, 
Сәулесін серік етіп сылқым айдың.

Қаламым қара түнге балдай батып, 
Қабағыма қарлығаш-таңды ойнатып.
Көзіңнен нұр төгілген, сөзіңнен гүл, 
Сені күтіп отыру қандай бақыт!

Көктем-жаз артта қалды бұлғап қолын, 
Ұрлап менің сырымды қымбат, керім.
Тілім-тілім жүрегім сағыныштан, 
Жырым-жырым болғанша жыр дәптерім ـ 
Әйтеуір келесің сен іздеп мені...


ҒАШЫҚТЫҚ НЕГЕ МІН

Гүл көктем сыйлаған қыз-көрік 
Кетті өтіп, 
Мұңайдым күзге еріп.
Тәтті ұйқы тербете бергенде, 
Оятып аласыз сіз келіп.

Жүзімді сүйеді түнгі ызғар, 
Мен сосын кеземін даланы.
Сырымды тыңдайды жұлдыздар, 
Жаудырап сағыныш жанары .

Беймаза күй тартып күрке-түн, 
Марғау маң қарайды сыздана.
Жыласам көзімді сүртетін, 
Қорғаным сіз ғана.

Шақырып арман-бақ шалғайдан, 
Кеттіңіз ауылдан алыстап.
Естілер сіз салған ән қайдан, 
Тұнжырап тұрады таныс бақ.

Адамға жетпеген арман бақ, 
Таусылдым - 
Табылмай керегім.
Түнді алдап, елеспен таң жалғап, 
Мен сізді сағына беремін.
Ғашықтық неге мін?

САҒЫНЫШ ЕҢ, АРМАН ЕҢ
 
Шуағындай көктемнің, 
Елесімен қымбат екен өткен күн.
Бұрынғыдай сағынышың жоқ маған, 
Қоштасайын деп келдің.

Жарығымды жат жанарға телісем, 
Тағдырымнан не күтем?
Қуандырып келесің де, 
қас –қағым 
Құлазытып кетесің-ау мені сен.

Жолына жүк қалдырмайтын ер едің, 
Ел айтты деп тағам саған неге мін?
Бәрінен де ауырлау 
  «Қоштасайын!» дегенің.

Қаталдаусың тым маған, 
Құшағында тербетеді түн, ғалам.
Сенің әнің, менің жаным секілді, 
Ал, басқаны тыңдаман.

Маң далаға құлағанда мұнар түн, 
Тек ішіңнен тынарсың.
Менің нәзік мұңым жайлы 
кешігіп 
Ойланатын шығарсың?!

Сағыныш ең, елес ең, 
Жарасады енді сізге не десем?..


КӨП БОЛДЫ СІЗДЕН ХАБАР АЛМАҒАЛЫ

Түн өтіп, білінгенде таң хабары, 
Тірліктің басталады, ә, арман-әні?
Көп болды тамаша жыр жазбағалы ـ 
Көп болды сізден хабар алмағалы.

Ақынының серігі- жыр, қайраты-бақ.
Ажарын абыз түннен ай жасырад.
Айғағы секілденген айбатыңның, 
Ақ тұлпар астыңдағы қайда, шырақ?!

Сағыныш қиын екен еленбеген, 
Мұндайда мұң шағамын өлеңге мен.
Тұлпар мінген серінің серті бекем, 
Сөзіңді күтіп жүрмін «келем» деген.

Жүзіңді сүйсе жел мен жалынды леп.
Айым, сен ойла мені сағынды деп.
Алыс жол азаматтың арын сынар, 
Жүресің жағаң кірлеп, жаның жүдеп.

Тотығар тозаң сорып болмаса өңің, 
Қашан да жігерсіздің жолдасы - өлім.
Қалжырайсың, қажисың соның бәрі, 
Өмірге өтер борышың ол да сенің.

Жанымның жазып болмай арман әнін.
Түн өтіп, берді тағы таң хабарын.
Жалғанда жолаушының жолын күтіп, 
Осы екен күнді түнге жалғағаным.
Көп болды сізден хабар алмағалы...


СЫРЫМДЫ ШЫТҚА ТҮЙІП ЖІБЕРСЕМ БЕ?

Тәңірден басқа бақыт тілеместен, 
Жетегінде жырымның жүр емес пе ем?
Таңдай тыныш көңілімнің айдынына, 
Сіз болып бір сағыныш түнеді еппен.

Көзімді мұң, көңілімді ызғар ұрмай, 
Күлкіге үйір өсіп ем күзгі ауылдай.
Сырымды шытқа түйіп жіберсем бе?
Баяғының бұйығы қыздарындай.

Ерке өскен елік-қыздың сертін біліп, 
Жер бетін сетер көңілің желпіндіріп.
Сосын сіз кеп, 
Асырып көркімді үміт, 
Сырлассам сырға-талға бөркімді іліп.

Ұялу, тартыну да былай қалып, 
 «Сағындым» десем бе екен құлай барып.
Періште пейіліммен паң ғаламнан, 
Шарапат тілесем бе шыр айналып?!

Жүрегін жаулай білген қыз баланың, 
Серісі, сетерісіз сіз даланың.
Жан емес жаратқаннан қызғанамын, 
Бір емес, жолыңызға жүз қарадым.

Көңілден көрік кетер сыр кетсе егер, 
Сағыныш керуені тізбекке ерер.
Сол тізбектің соңынан сізді күтем, 
Қарлығаш қарындасын іздеп келер...


АЛДЫМНАН ШЫҒАР МА АТАМ? 

Қыз едім қызықтаған қырдың гүлін, 
Ержетіп ерттеп жүрмін жыр дүлдүлін.
Көзіндей ме, асылдың өзіндей ме, 
Көп болды сағынғалы күннің нұрын.

Куәгер мұрасындай мың ғасырдың, 
Көктемдей сағынбайды сырласын кім?
Жеңгенің желегімен ызғар ойнап, 
Сұлудың сипамайтын сырғасын мұң.

Күн мынау көмкерілген дала нұрмен, 
Даламен жаным мұңдас бала күннен!
Санама сағыныштың сазын құйып, 
Сәуірдің аңсап жүрмін самалын мен.

Сыр іздеп құшағынан сарша таңның, 
Соңындамын сергелдең сан сапардың.
Көктемнің күлкі жауған келбетінен, 
Іздеймін мейірімін қарт атамынң.

Табады талғамды ердің талабын бақ, 
Сан арман бара жатыр сананы ұрлап.
Іздеп барсам қуана құшақ жайып, 
Үйіріліп отырушы ед «қарағым»-дап.

Баланың базарымен тыныс тауып, 
Тұратын таңдайынан ырыс тамып.
Келгенімде қуанып, кетерімде 
Қалатын қолын сілтеп, қырыстанып.

Тербетіп тырналардың тыраулы әні, 
Манаурап туған жердің тұр аумағы.
Ілесіп қайтқан құстың тізбегіне, 
Сол атам кеткеніне жыл аунады.

Күнді қайрат еткенмен, түнді шыдам, 
Құлазыңқы күйімді кімге ұсынам?
Қыр басынан күтейін маған арнап, 
Бір сәлем жолдады ма жыл құсынан.

Кім сүймес ақ сүт еміп өскен елін, 
Төгілсін елге терім текке менің.
Ауылға бұрайыншы аттың басын, 
Көктем бұл кезі екен ғой көп көженің.

Ағалар ата салтын жалғап асқақ, 
Қарсы алар қарындасын арманы аппақ.
Көже ішіп көңілденген көп ішінен, 
Алдымнан шығар ма атам қалбалақтап-
Сағынып немересін арманы асқақ?!


САҒЫНБАУҒА БАР МА АМАЛЫМ?
 
Күн сынды күлген көзің, 
Біліп тұрып сол күнге күйген де өзім.
Байлығым- бар сырыңды білген кезім, 
Бақытым - сізді ғана сүйген кезім.

Ерке едім, елік едім, 
Еркім бермей ешкімге келіп едім.
Сіз барда көктем еді бар ғұмырым, 
Гүл еді төңірегім.

Сезім жұмбақ, 
Сағыныш лаң салады төзімді ұрлап.
Қара жолдан бір жылы хабар күтіп, 
Жанарымды талдырған кезім қымбат.

Жүрегімде жүреді салған әнің, 
Сағынбауға сізді енді бар ма амалым?!?
Өмір мынау кешіксең кешірмейді, 
Өзің кеп үмітімді жалға, жаным.


ЖЫР ҚАЛДЫ ЖАЗЫЛМАҒАН...

Кеудесін күңіренген толтырып дала сырға, 
Күз келіп күннің көзі ауырлап баратыр ма?
Сабылған сағым жырға сағыныш сазын қосып, 
Құс қайтқан қоңыр белде тұрсың ба, дара тұлға?!

Қосылып қоюласа керуендей мұнарға мұң, 
Күй болып төгілді ме қоңыраулы бір арманың.
Жөн сұрап жолаушыдан, жүрсің бе жолға қарап, 
Назына жаз үміттің тербеліп шынар жаның.

Өмірдің жырдан бөлек жабықсам қалмай мәні, 
Есіме сізді аламын еріксіз шалғайдағы.
Баяғы баяны жоқ бақыттың балдай дәмі, 
Жайдары жанарыңа жанымды жалғайды әлі.

Ойымнан кетпей бір сәт, 
Есіл жыр - ертегі күн, 
Кіршіксіз жүрегімді кінәсіз өртеді мұң.
Жан едім жоғалтпаған серті мен өр сенімін, 
Кім білсін ерлігімнен басым ба еркелігім?!

Бұғаудан бұйрық дейтін босайды бұлқынып кім, 
Сыбаға, сыны бірдей заңы бұл тіршіліктің.
Жол қалды біз баспаған, жыр қалды жазылмаған, 
Бақытқа бұйырмаған өтерміз күрсініп мың.


ЕКІ ҮМІТ ТУРАЛЫ ЖЫР 

Арымды аман сақтап сан кінәдан, 
Таң құлаған таулардан ән құрағам .
Менің сүйіп өткенім - жалғыз өмір, 
Менің жырлап жүргенім-- жалғыз адам.

Құс келсе тамылжыған таңдайында ән, 
Қамығам хабар күтіп хал-жайыңнан.
Сағынышым - жырымның нарқы десем, 
Бақыт, сорым – қалайда маңдайымнан.

Еркін өсіп, несі сын ерте күлсең, 
Ел-ананың жырладық ертеңін тең.
  «Менің мынау ғұмырда тілеуімді 
Екі-ақ адам тілейді» деуші едің сен .

Асқақ арман сыйлаған балаң сенім, 
Бақыт күткен ол шақта балауса едің. 
Шырақ болып жолыңа мен жүргенде, 
Саулығыңды тілейді анаң сенің .

Тотықтырса даланың төсін аптап, 
Сыр ертемін арманның көшіне аппақ .
Екі үміттің өзегін өбістірген, 
Білсең, шебер тағдырдың шешімі асқақ!