...Апаттың салдарынан миыма аздап қан кеткендіктен терісі жыртылып, жан сақтау бөліміне түскен екенмін. Жедел жәрдем мені Ыстамбулдағы Чапа медицина факультетінің жан сақтау бөліміне жеткізіпті. Аурухананың жан сақтау бөлімінде тілсіз екі ай жаттым. Айтылған сөздер миыма қонбайтын, дүние бір орында тұрғандай еді. Аузымдағы түтікпен жатқанымда , анам мен ағам Османның әйелі Берриннің қасымда отырып жылағанын, олардың сол кездегі көз жастарын ұмыта алмаймын.
Заим, Тайфун, Мехмет сияқты достарым мені тура Осман сияқты біраз жазғырып бірақ соңында жанашырлықпен қарауларына, жол полициясының мәлімдемесінде жүргізушінің (Пүсіннің) мас болғандығы жазылғаны, оған қоса газеттерде бұл хабарға масқаралық қосып жазғандықтары себеп болған еді. Алты аптадан кейін маған жүру терапиясын жасады. Жүруді үйрену, өмірді жаңадан бастағандай сезім беретін. Бұл жаңа өмірімде күнде Пүсінді ойлайтын едім. Бірақ Пүсінді ойлауым, өткен жылдардағыдай келешекте қалаған бір арман емес еді, өткеннің естелік елесі бола бастағандай еді. Жаныма жұбаныш болар деп Пруст, Монтень сияқты жазушылардың кітаптарын оқыдым. Анаммен кешкі ас ішкен кезімізде ,ойға батып теледидарға қарап отыратын едім. Анамның ойынша, Пүсіннің өлімі әкемнің өлімімен бірдей еді, екеуміз де сүйіктілерімізді жоғалтқандықтан жанымыздағы адамдарға ашуланып, оларға себепсіз айқайлай алатын едік. Оған қоса, екі өлімнің де себебі бір еді. Бірінші себеп: Өлер алдында екеуінің де арақ ішуі. Екінші себеп: Олардың жан әлеміндегі бір құпия жарылыстың сыртқа шығуы. Әкем бір кездегі жас махаббатына қол жеткізе алмай арманда болса, Пүсін актриса болам деген арманына қол жеткізе алмағасын өз сезімін тұншықтырып жіберді. Анам болса екінші себепті жақтырмайтын еді, мен болсам осының бәрін айтқым келетін.
Ауруханадан шыққан соң алғашқы айларда, «Мерхамет» тұрғын үйіне барып, Пүсінмен жатқан төсегімізге отырып темекі тартып, көз алдымда тұрған заттарға қарап ойланатын едім. Басымнан кешкен оқиғаны айтатын болсам, ішімдегі қайғы азаятындығын сезетін едім. Сондықтан Пүсіннің заттарынан жинаған коллекциямды көпшілікке көрсеткім келді. Заим досыммен сырласқым келген, бірақ Сибел екеуі үйленіп бақытты тұрмыс кешіп жатқандарын естіген соң ,ол ойымнан айнып қалдым. Бір күні Нишанташының бір бұрышында Мехметпен кездесіп қалдым. Мехмет екеуміз Босфорға «еркектерше» өзіміз ғана кешкі ас ішуге келістік. Бұғаздағы мейрамханалар ендігі сән салтанатпен баратын жерлер емес, кешкісі барып отыруға келетін жерлерге айналған еді. Пүсіннің өмірден өткеніне алты ай болғанда, бұрынғы ортама қайта келмейтіндігімді түсініп, шешім қабылдаған едім. Тамақтанып отырғанымызда Мехмет жүрегіме жағатын бір нәрсе айтты. Бір күні бақытты болатындығымды, оны сезетіндігін айтып жатқанда, оның бұл сөздері маған бақыттың есігі жабылғандығын бұрынғыдан да бетер сезіндірді.
...Жылдар бойы оған сыйлаған әшекейлер, тарақтар, кішкентай айналар, көбелек пішіндес броштар, сырғалар, бәрі, Шұқыржұмадағы Пүсіннің кішкентай бөлмесінің кішкентай сөрелерінде сақтаған еді. Оған сыйлағанымды ұмытқан орамалдар, шұлықтар, анасы үшін деп алған ағаш түймелер, шаш түйреуіштері ,Жейда арқылы жіберген хаттарды сөрелерден көру мені ауыр халге түсіретін. Бөлмедегі Пүсіннің иісі сіңген шкаф пен сөрелердің жанында жарты сағаттан артық отыра алмайтын едім. Кейде төсектің шетіне отырып, темекі тартып отырып ойланатын едім, кейде көз жасымды төкпес үшін терезеден сыртқа қарайтын едім.
Пүсін қолданған заттарды және Пүсіннің үйіндегі барлық заттарды бір жерге жинастыру керектігін түсіндім. Бірақ ол қай жер болатындығын білмейтінмін. Бұл сұраққа жауапты, тек саяхаттарда, дүниедегі кішкентай музейлерді аралап жүріп түсінген едім. Кешкісін анама Парижге баратынымды, саяхаттың жаныма жағатындығын айттым. Парижге не үшін бара жатқанымды сұрайтын болса, жауап бере алмас едім. Не үшін бара жатқанымды өзім де білгім келмейтін. Ұшаққа отырғанда, көңілсіздігімді ұмыту әрі армандау үшін саяхатқа шыққанымды сездім. Ыстамбулдың әр бұрышы Пүсінді еске түсіретін естеліктерге толы еді. Ыстамбулда оны жаным жылап еске алсам, алыста сағыныш сияқты бір сезіммен еске алатын болдым. Жаныма жұбанышты музейлерді аралап жүргенде сездім. Лувр, Помпиду орталығы сияқты үлкен жерлерді емес, Парижде адамдар аз баратын музейлерді айтып отырмын. Армандап, бару үшін қабылдауына жазылған «Эдит Пиаф» музейіне (тарақтар, шаш щеткалары, ойыншық аюларды көрдім) бардым. «Полиция» музейі немесе заттар мен суреттер ерекше жарастырылып қойылған « Жакмар-Андре » сурет музейі (бос орындықтар, шамдар, қорқынышты бос бір жер) сияқты жерлерге барып жалғыз өзім аралап жүргенімде, өзімді жақсы сезіне бастадым. Бұл жаңа әлемнің оғаштығы қайғымды азайтатынын түсініп, жаныма жұбаныш табатын едім. Кейде өзімді жұбатып, өзімнің коллекциям туралы әңгімелеп айта алатынымды ұғына бастадым. Парижде бұл музейлерді аралап қыдырып жүргенімде, «Мерхамет» тұрғын үйіндегі коллекциямнан ұялмайтын едім. Мен осылайша жинаған заттарынан ұялатын адамнан коллекционерге айнала бастадым. Бойымдағы бұл өзгерістерді ойламайтын едім, тек музейлерді қыдырып жүріп өзімді бақытты сезініп, оқиғамды заттармен айтып жеткізе алатындығымды ойлап армандайтын едім. Осы кеште «Hötel du Nord» қонақ үйінің барында шарап ішіп отырып, шетелге шыққан барлық түріктер сияқты (шетелде білім алған, әрі бай) еуропалықтардың мен туралы не ойлайтындықтарын елестетіп отырдым. Кейін Ыстамбулды, Нишанташыны, Шұқыржұманы білмейтін біреуге Пүсінге деген сезімімді қалай жеткіземін деп те ойладым. Өзімді алыс бір мемлекеттен келген, сол жерлерде жылдар бойы өмір сүрген біреу ретінде елестеттім.
Енді тура антропологтар сияқты, жинаған заттарды, ұсақ-түйек заттар мен киімдерді, суреттерді көрмеге қойсам ғана басымнан өткен жылдарға бір мағына бере алатын едім. Прусттың бұл суретші туралы жақсы көріп жазғаны үшін, Париждегі соңғы күндерімді «Густав Моро» музейіне бардым. Суретші Моро, өмірінің ең көп кезеңін өткізген үйін өлгеннен кейін суреттерінің көрмесі үшін музей етіп жасақтауды ойлайды.Содан өзінің үлкен екі қабатты шеберханасының жанындағы үйді музей жасаған екен. Үй музей болған кезде, ішіндегі заттардың әр біреуінің өзіндік маңызы, естелігі болғандығы музейді «сезім» музейіне айналдырғандай еді. Күзетшілері қалғып, ұйықтап кетіп отырған үй музейлерінің бөлмелерінде ескі еденді сықырлатып жүргенде, бір тылсым деп те айтуға келетін бір сезімді сезіндім.
Ыстамбулға келген соң, бірден Несібе тәтеге бардым. Оған Париж, музейлері туралы қысқаша әңгімелеп, кешкі асқа отырғаннан кейін ойымды айттым:
– Қанша жылдан бері осы үйден заттар алып жүргенімді білесіз, Несібе тәте, – дедім, ауруынан жазылған науқастай күлімсіреп, – Енді осы үйді, осы ғимаратты алғым келеді.
– Қалай сонда?
– Осы үйді маған заттарымен қосып сатыңыз?
– Мен не істеймін?
-Мен осы үйден Пүсіннің естелігі ретінде бір нәрсе жасағым келеді,- дедім.
Күйеуі мен қызынан айрылып, жалғыз қалғаны үшін қайғыратынын айтып, Несібе тәте көзінің жасын көлдетіп жылай берді. Мен де көңілім құлазып отырып, Нишанташында Куйулу Бостан көшесінде жақсы бір үйде пәтер бар екендігін айттым. Бір айдан кейін Куйулу Бостан көшесінен Несібе тәтеге үлкен пәтер алып бердім. Несібе тәте Шұқыржұмадағы үйді астыңғы қабатымен және үйдегі бүкіл заттарымен бірге маған берді.
– Кемал балам, мен мына үйді, естеліктерімді тастап кете алмайтын сияқтымын? Оны не істейміз? – дейтін.
– Осы үйдегі естеліктерімізден , Пүсінді еске салатын үлкен көрме жасаймыз, Несібе тәте, – деп жауап беретін едім.
Парижге барғаным, басқа саяхаттарыма жол ашты. Жаңа бір қалаға барғанымда, қаланың ортасындағы ескі қонақ үйге баратын едім. Алдын ала кітаптардан алған ақпараттарым бойынша қаладағы барлық музейлерді асықпай аралап қыдыратынмын. Ескі заттар сатылатын базарлар, ұсақ-түйек, естелік ойыншықтар сатылатын дүкендер, кейбір антиквариат дүкендерін қарап, Пүсіннің үйінен көрген тұздық салғыш, қақпақ ашқыш сияқты ұнатқан заттарымды сатып алатын едім.
Жаңбырлы суық күні барған Хильсинки «Қала музейінің» бөлмелерінен ескі дәрі бөтелкесін көрдім. Штутгартта, ескі бекіністің мұнарасына жасалған «Вютемберг аймақтық музейінде» ойын карталарына, жүзіктерге, алқаларға, шахматқа, май бояумен салынған суреттерге қарап тұрып, Пүсіннің заттарынан жинақталған көркем бір көрме Пүсінге деген махаббатымның белгісі болу керектігін ойладым. Оңтүстік Францияда, Жерорта теңізінен алыстау жерде «әлемнің иіссу орталығы» саналатын Грас қаласының «Иіссу» музейінде Пүсіннің иісін еске түсіру үшін күні бойы жүрдім. Баспалдақтарына көтерілгеннен кейін өз музейіме үлгі тұтқан, Мюнхендегі Ескі Пинатокада көрген Рембрандтың «Хазірет Ибраһимнің құрбаны» атты картинасы ерекше әсер етті. Пүсінге осы Хазірет Ибраһим туралы әңгімені бұрын айтып бергенімді еске түсірді. Париждегі «Романтикалық Өмір музейінде» Джорж Сандтің шақпағына, әшекейлеріне, сырғаларына және бір қағазға оралған шаштарына ұзақ уақыт бойы қарап тұрып, денем тітіркеніп кетті. Гётеборг қаласының тарихы туралы «Тарих музейінде» Шығыс Үндістан фирмаларынан келген фарфорлар және табақтарға қарап отырдым.
1987 жылдың март айында Ослода , «Бревик Қала музейінің» ішінен үш жүз жылдық поштаны, фотосуреттер студиясын және ескі дәріхананы көрдім. Триестте бұрынғы кездерде түрме ретінде қолданылған бір ғимаратта орналасқан «Теңіз музейіне» барған кезімде басқа музейлерге қарағанда, маған Пүсіннің естеліктерімен аралас Бұғаз кемелерінің бір кішкентай моделін басқа заттарыммен бірге көрмеге қоя алатынымды білдім. Визасын алуда қиналып келген Гондураста, Кариб жағалауындағы Ла-Сейба қаласындағы «Көбелек-қоңыз» музейінде туристердің арасында жүріп, жылдар бойы Пүсінге сыйлыққа алып жүрген тура бір шын көбелекке ұқсайтын әшекейлерді көбелек коллекциясы сияқты көрсете алатынымды ойладым. Қытайдың Гуанчжоу қаласында, «Қытай медицина» музейінде Тарық мырзаның дәрілерінің қораптарын көргендей болдым. Парижде жаңадан ашылған «Түтін» музейінің коллекциясының менің сегіз жыл бойы жинаған коллекциямнан да аз екендігін көрдім. «Поль Сезанның шеберханасы» музейінде жарық бөлмелердегі сөрелерге, заттарға қызығушылықпен таңдана қарадым. Өткен күндердің заттарға рух сияқты біткендігін, үнсіз және кішкентай музей үйлерде мені өмірмен байланыстырған әсемдік, жұбаныш тапқандығымды Антверпендегі жақсы күтілген, жарқ-жұрқ еткен «Рококстың үй музейіне» барғанға тағы да түсіндім.
Бірақ «Мерхамет» тұрғын үйіндегі өз коллекциямды қабылдап ұнату үшін, тіпті басқа адамдарға мақтанышпен көрсете алу үшін Венадағы «Фрейд» музейіне барып, танымал дәрігердің ескі заттарының көрмесін көру керек болды. Францияның Безансон қаласындағы ескі бір сарайдың орнына орналасқан «Уақыт» музейінде, сағаттардың үнсіз көрмесінің арасында жүріп музейлер мен уақыт туралы ойландым. Голландияның Харлем қаласындағы «Тейлор» музейінде ескірген ағаш витрина ішіндегі мұнараларға, икебаналарға, медальдарге, ақшаларға, ескі құралдарға қарап жүргенімде, музейлердің үнсіздігінің ішінде, өмірімнің мәні болған және менің жанымды жұбатқан заттың не болғандығын шабыттанып айта аламын деп ойладым. Бірақ мені бұл жерлерге байланыстырған махаббатты жеткізе алмадым.
Тура осы қуанышты Мадраста, ағылшындардың Үндістандағы алғашқы бекінісі болған «Сенд-Джордж» музейінде, ыстық және дымқыл бір ауада үстімнен үлкен бір желдеткіш айналып тұрғанда, хаттар, май бояумен салынған суреттер, ақшалар және күнделікті заттар арасында да сезіндім.
Берлиндегі Мартин Гропиус ғимаратындағы «Заттар» музейі, маған керісінше болуы мүмкін екендігін көрсетті, ақылмен барлығын жинастыруға болатынын, жақсы көретін заттарымызды және сүйгеніміздің жақсы көретін заттарын жинау керек екендігін, бір үйіміз, бір музейіміз болмаса да жинаған коллекциямыз жақсы өлеңнің, көзге қуаныш сыйлар заттардың үйі болатындығы ақиқат емес пе?!
Флоренцияда «Уффици» музейінде Караваджоның «Исмаилдің құрбан болуы» атты картинасын көргенімде, бұл суретке Пүсінмен бірге қарай алмағандығым үшін көзім жасқа толды, сосын Хазірет Ибраһимнің құрбандық оқиғасынан алынатын сабақ, жақсы көретін заттың орнына басқа бір нәрсемен толықтыра білу, жылдар бойы жинаған Пүсіннің заттарына осынша байланғанымның себебін ұғындырғандай болды.
Лондонда, «Сэр Джон Соунның үй» музейінің бір бұрышында отырып қаланың шуын тыңдайтын едім, бір күні Пүсіннің заттарынан да осындай көрме жасайтынымды, періштелердің жанынан маған қарап күлімсірейтіндігін ойлап бақытты болатын едім. Бірақ Пүсіннен қалған заттармен не істейтіндігімді, маған жақсылап түсінуіме себеп болған -Барселонадағы «Федерик Марес» музейінің жоғарғы қабатындағы, шаш түйрегіштер, білезіктер, ойын карталар, кілттер, иіс судың бос бөтелкелері, қол орамалдар, броштар, алқалар, сөмкелерге толы сезімтал музейі болған еді.
Бес айдан астам уақыт бойы екі жүз жетпіс үш музей аралаған алғашқы Америка саяхатымда Манхэттендегі «Қолғаптар» музейінде, Барселонадағы өзім ұнатқан сезімтал музейді еске түсірген едім. Лос-Анджелестегі «Техникалық музей», кейбір музейде сезінген бір тылсым күш денемді тітіркендірді. Адамзат баласы басқа дәуірде өмір сүріп жатыр, мен болсам басқа бір, ескі дәуірдің ғимаратында естеліктеріммен қамалып қалғандай болған едім.
Солтүстік Каролинада орналасқан Смитфилд қаласындағы «Ава Гарднер» музейінде, кішкентай Аваның мектеп жылдарындағы суреті, түнде жатқанда киетін киімдерін, қолғап, етіктерін көргенде, Пүсінді сағынғаным соншалық саяхатымды бітіріп , Ыстамбулдағы үйіме қайтуға шешім қабылдадым. Шынайы коллекционердің өз үйі, өз музейі болуы керектігін түсіндім. «Мерхамет» тұрғын үйінде жиналған көптеген заттар бар. Бәрін бір жерге жинап, мен де музей ашып, сол жерде өмір сүргім келді. Өмірінің соңғы жылдарында, жинаған коллекцияларымен бірге өмір сүрген үйлерін өлгеннен кейін музейге айналдырған атақты француз суретшісі Гюстав Моро сияқты, әлемде үлгі тұтар тұлғалар бар. Өткен уақыттың белгісі саналар музейлерді жақсы көретін едім. Жер бетіндегі мыңдаған музейлерді көру үшін саяхатымды жалғастыра бердім...
КОЛЛЕКЦИОНЕР
Дүние саяхаттарында және Ыстамбулда тәжірибе жинақтаған жылдарымда мынаны байқадым. Өмірде коллекционерлер екі түрлі болады.
1. Коллекциясымен мақтанып оны жұртқа көрсеткісі келетін маңғаздар (көбіне батыстық мәдениетте болады).
2. Жинаған заттарын тығатын ұялшақтар (заманауи адамдардан тыс).
Маңғаздардың ойынша, коллекция жинаудың себебі не болса да, ең соңында бір музей төрінде көрсетілуі үшін жиналады екен. Кішкентай және жекеменшік Америка музейлерінің ресми тарихынан осыны байқадым: мысалы, Сусын қораптары мен Жарнама музейінің анықтамасында кішкентай Том мектептен үйге қайтып келе жатып, жерден алғашқы газ сусынының қаңылтырын тауып алғандығы жазылған еді. Кейін газ сусыны қаңылтырларының бәрін жинап музейде көрме ашу екен.
Ұялшақтар коллекциясын жинақтау үшін жинайды. Маңғаздар сияқты олар үшін де заттарды жинау (оқып отырғандар менің жайымнан да түсінген болар) өмірдегі қуанышқа не қайғы-дертке дауа, жанына бір жұбаныш. Бірақ ұялшақ колекционерлердің өмір сүретін қоғамдарында коллекция мен музейге маңызды мән бермегендіктен, жинақтау ақпарат алуға, үйренуге септігін тигізетін зат емес, тығылып ұсталуы тиіс ұят нәрсе сияқты қабылданады. Өйткені, коллекциялар ұялшақтардың мекенінде пайдалы бір ақпарат емес, тек коллекционердің жан дертін ғана көрсетеді.
Армандап ашам деп жүрген «Сезім музейінде» көрмеге қою үшін Пүсін екеуміздің 1976 жылдың жаз айында көрген фильмдеріміздің жарнамаларын, суреттерін, билеттерін, 1992 жылы Ыстамбулдың фильм заттарын жинақтаушы коллекционерлермен танысқанымда таптым. «Махаббат қасіреті өлгенде бітер» және «Екі от ортасында» сияқты фильмдердің суреттерін, маған Хыфзы мырза жақсы саудаласқан соң сатқан еді. Коллекциясына қызығушылық танытқанымды жүз рет айтқан соң, біраз маңғазданып, кеудесін керген еді.
– Өте жақсы көретін заттарымды сізге сатып жатқаным үшін, олардан айрылғандығым үшін жаным ауырады, Кемал мырза, – деген еді.
Іздеп жүрген фильмдерім туралы ақпарат, суреттерді қайдан таба алатындығымды сұрағанымда, Хыфзы мырза көптеген өзі сияқты ұялшақ коллекционерлердің үйлері фотосуреттерге, фильм афишаларына толы екенін айтты. Бөлмелері фильмге қатысты заттарға, суреттерге, газет, журналдарға толып өздеріне орын қалмай қалады екен. Үй аузы мұрнына дейін толып бір қоқыс үйге айналады. Кейін бұл коллекционерлер (көбісі үйленбеген) өлген кезде, жақындары олардың үйлерін «қоқысқа толып кеткен» деп тастап кетеді екен. Өтінішімді жерге тастамай Хыфзы мырза мені осындай бір қоқыс үйге алып барып кіргізді. Музейімдегі көптеген фильмдердің ақпарат қағаздарын, Ыстамбул суреттерін, пошта открыткаларын, кино билеттерін, кезінде сақтап қоюды ойламаған мейрамхана мәзірлерін, ескі қаңылтыр консервілерді, ескі газет беттерін, үстінде фирмалардың логотиптері бар пакеттер, дәрінің қораптары, бөтелкелер, әртіс және танымал адамдардың суреттерін және Пүсін екеуміздің тұрған қаламыз Ыстамбулдың суреттерін, осындай қоқыс үйлерден өзім тауып алдым.
Сол күндерде «Бейоғлыда» қырық жыл бойы той, атастырылу, туған күн, кәсіптік түскі астар, мейрамхана - барлардың фотосуреттерін түсірген соң, орын болмағандықтан және ешкімге қажет болмағандықтан барлық фотосурет негативінің коллекциясын отқа жағып жіберген грек фотосуретшінің драмасын тыңдаған едім. Осы қаланың орталығындағы болған барлық тойлардың, ойын сауықтардың суреттерін ешкім тегін де алғысы келмеген екен. 1996 жылдың желтоқсан айында Неждет Атсыз атты бір жинақтаушы (коллекционер деген дұрыс болмас) Топханеде кішкентай үйінде толған қағаздар мен ескі заттардың арасында өліп қалған екен. Бұл тек төрт айдан кейін жазда үйден шыққан жаман иіс шыға бастағанда белгілі болған. Заттар есікке дейін толы болғандықтан, өрт сөндірушілер терезеден кіріпті. Бұл жайттар газеттерде аздап мазақ қылып, аздап қорқытылып жазылғандықтан ыстамбулдықтар мұндай жинақтаушылардан қорқатын болды. Кітабымызда атының аталмағандығын қалаған бір коллекционер, әр ыстамбулдықтың өмір бойы жиырма мыңға жақын әр түрлі есік тұтқасын ұстайтындығын айтып «сүйген кісімнің қолы» осы тұтқалардың біреуіне тиюі мүмкін екендігіне сендірген соң, есік тұтқалары мен кілт коллекциясын сатып алдым.
1975 пен 1980 жылдар арасында жаназада жағаға тағылған марқұмдардың суреттерін жинаған, атын жазуымды қаламаған бір коллекционер, менімен әр суреті үшін саудаласқаннан кейін менсінбегендей бір сұрақ қойған еді, мен бәріне бірдей жатталып қалған жауапты қайтаратын едім.
– Бір музей ашпақшымын...
– Оны сұрап тұрған жоқпын, мына заттарды неге сатып алып тұрсың, ол сізге не үшін керек, соны сұрап тұрмын.
Бұл сұрақ, өз-өзінен зат жинаған, бұларды бір жерге жинастырған әр адамның ішінде бір жаралы жүрек, терең бір дерт, айтылуы зор бір рухани жара бар мағынасындағы сұрақ болатын. Менің қандай дертім бар? Сүйіктім өлгенде, жағама суретін таға алмадым деген дерт пе? Немесе бұл қайғы-дертім айтуға келмейтін ұят нәрсе ме еді?! Жеке адам музейлерінің дамымаған сәтінде, 1990 жылдардағы Ыстамбулдағы коллекция жинақтаушылар бір-бірлеріне ашық түрде менсінбеушілік мінез көрсететін еді. Бұл қорлаулар қызғанышпен араласқанда тіпті жаман болатын. Несібе тәтенің Нишанташына көшуі, архитектор Ихсаннын көмегімен Кескіндердің үйін тура бір музей ғимаратына айналдыру ынтам, яғни «тура Еуропадағыдай ерекше бір музей» жасап жатқаным және бай болғандығым жан-жаққа әңгіме болып тарап кеткен еді. Батыс елдеріндегідей тек ақшасы көп бай болғандықтан танымал болу үшін музей жасап, ескі заттарды жинап жүр деп ойлаулары мүмкін еді. Бірақ менің әуелден танымал қасіретім, Пүсінге деген махаббатым, жұртқа өсек боп жариялана бастады. «Мерхамет» тұрғын үйіндегі заттарды Шұқыржұмадағы музейге бір бірлеп апармас бұрын, Пүсінмен жиырма жыл бұрын сүйіскен бөлмеде жиналған коллекциямның жалпы бір суретін түсірдім. Заттар, барлық тұздық ыдыстары, ойыншық иттер, қаламдар, шаш түйреуіштері, күлсалғыш ыдыстары, тура екі жыл сайын Ыстамбулдың үстімен екі рет өтетін ләйлектер сияқты үнсіз қоныс аударып жатқандай еді. Пүсінге кезінде сатып алған осы шақпақтың бір сыңарын Атина және Римдегі ескі заттар базарында, соған қатты ұқсайтын біреуін Париж және Бейрутта дүкендерден көрген едім. Пүсіннің үйінің үстелінде екі жыл бойы тұрған мынау тұз ыдысы Ыстамбул кәсіпорындарында жасалатын. Оны тек Ыстамбул мейрамханаларында көрген едім. Бірақ Делидегі бір мұсылман мейрамханасында, Каирдің ескі аудандарындағы асханаларда, Барселонадағы жексенбі күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеде және Римдегі ас үй заттарын сататын дүкеннен көрген едім. Мүмкін бұл тұздық салғышты ертеде біреу бір жерде өндірген болар, басқа мемлекеттерде пішіні жасалып, ұқсастарын сатуға шығарған болар. Оңтүстік Орта теңіз, Балқан елдері және басқа да елдерде миллиондаған тұздық салғыштар өндіріліп, ұзақ уақыт бойы қаншама жанұяның дастарханында тұрған еді. Тұз ыдысының дүниенің төрт бұрышына қалай жеткендігі, тура көшпенді құстардың арасында қалай байланыс құратындығы сияқты жұмбақ болатын. Кейін басқа бір тұздық салғыштар өндіріліп, ескі заттардың орнына келеді, адамдардың көбі өмірлерінің маңызды кезеңдерінің куәгерлері болған бұл заттар арасындағы байланысын білмей , ойламай –ақ, бұрын қолданған заттарды ұмытып кетіп жатады.
Коллекциямды, «Мерхамет» тұрғын үйіндегі, Пүсінмен құшақтасып жатқан төсекті, көрпе және ақжаймаларды, музейге айналдырған ғамараттың шатырына апарған едім. Сол жерге төсекті апарған соң, үш рөмке ракы ішкен түні маған Пүсінді еске түсіретін барлық заттармен, олардың рухын сезіп құшақтап ұйықтағым келді, сосын бір көктемнің кешінде ендігі іші музейге ауыстырылған үйге, Далгыч көшесіндегі жаңа есігінен кілтпен ашып кірдім, ұзын және түп-түзу баспалдақтарды бір елес сияқты баяулап басып, шатырдағы төсекке жатып ұйықтап қалдым.
Кейбіреулер үйлерін заттарға толтырып, өмірлерінің соңына қарай сол үйлерін музейге айналдырады. Мен болсам, музейге айналған үйді, төсегім, бөлмем және заттарыммен қайтадан үйге айналдыруға тырыстым. Адамның түнде, терең әрі нәзік сезім естеліктеріне қатысты болған заттармен бір жерде ұйықтағаннан керемет не бар дейсіз?! Архитектор Ихсан ғимараттың ортасында ашық қалдырған бос жердің арқасында, тек коллекциямдағы заттарды ғана емес, ғимараттың бір құдыретін әр түн сайын сезінетінмін. Меніңше, шынайы музейлер – уақыт өте келе мекенге айналған жерлер.
Музей-үйімнің шатырында ұйықтап жүргенімді анам ұнатпайтын еді. Бірақ анаммен бірге түскі ас ішу үшін үйге жиі баратын едім. Сибел мен Заимнан басқа ескі достарымның кейбіреулерімен қайтадан достасып араласып жүрдім, жаз айларында Суадиеге, аралдарға яхтамен қыдыруға шығатынмын. Олар Пүсіннің бұл өмірде жоқ екендігіне тек осылайша ғана төзе алатындығыма сенгені үшін еш нәрсе айтпайтын еді. Берлиндегі «Берггрюн» музейіне барғанымда, бүкіл өмір бойы жинаған коллекциясының көрмесін жасаған атақты коллекционер Хайнц Берггрюн Берлин қаласымен жасаған келісім шарты бойынша, өлгенге дейін коллекциясы үшін берілген ғимараттың шатырында тұрғандығын айтқан болатын. Бір айлы түннің ортасында Шұқыржұмадағы үйде, шатырдағы кішкентай пердесіз бөлмемде бір керемет жарық сәулесінен ояндым, сосын артымдағы үлкен тесіктен музейдің бос алаңына қарадым. Кішкентай музейімнің терезесінен айдың күміс сәулесі ішке түсіп тұрды. Бос алаңды, тура шексіз бір мекендей қорқынышты етіп көрсетіп тұрды. Астыңғы қабаттарда отыз жыл бойы жинаған барлық коллекциямның көлеңкелері бар еді. Пүсіннің және Кескін жанұясының осы үйде қолданған заттары, «Шевролеттің» дат бөлшегі, пештен тоңызытқышқа дейін, үстінде сегіз жыл бойы дастархан жайып тамақ ішіп отырып көрген теледидарға дейін бәрін көріп және заттардың рухын сезген шаман ұстазындай осы заттардың хикаяларының ішінде оянғандығынымды сезінетін едім.
Музейімнің ішіндегі барлық заттардың оқиғалары әңгімеленген бір каталогтың болуы керектігін сол түні түсіндім. Бұл да әрине Пүсінге деген мәңгілік махабатым мен қайран жүрегім туралы оқиға болатын еді. Ай сәулесінде, көлеңкелердің ішіндегі және ауада ілініп тұрғандай көрінген бұл заттардың әрқайсысы, тура Аристотельдің бөлшектенбейтін атомдары сияқты, бөлінбейтін кезеңді көрсетіп тұрғандай еді. Аристотельдің айтуы бойынша, естеліктерді біріктіретін заман болғандығы сияқты, заттарды да біріктіретін бір оқиға екендігін түсіндім. Шіркін –ай! Осы Музейім туралы хикаяны роман етіп суреттеп жазар болса? Мұндай кітапты мен үшін кім жаза алатын еді? Жазушы іздедім...
(жалғасы бар)
Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ