Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ықылас ОРАЗБАЙҰЛЫ: «Құсни ғалам» (Өлеңдер)

1983 жылы ҚХР, ШҰАР, Алтай аймағы Көктоғай ауданының Дүре ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Іле педагогика иниститутын тәмәмдаған. Шинжияң халық радиосынан  «Сен мені алдамадың» ,   «Ай мүсіні»  атты радио театрлары және басқада мерзімдік басылымдардан 80-нен астам өлең,  әңгіме,  мақалалары жарық көрді. 
 2012-ші жылғы дүние жүзі қазақ қауымдастағының 20 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйрасының бас жүлдегері.

              КӨКТЕМ 
 
Шек бар ма екен құдіреттің ісінде,  
Мен далама айналыппын түсімде. 
Маңдайларым мәрт, асқақ 
Айналыпты жалама құз жартасқа. 
Жанарымда жайын тулап,  ай түнеп,  
Қабағымда қайың,  талдар бой түзеп. 
Кеңсірігімді жұпарлы жұмбақ ән кеулеп,  
Миығымда миллион гүлдер сәнге өрлеп. 
Ерінімде ақша бұлттар дамылдап,  
Иегімде аққу,  қаздар мамырлап. 
Тауға айналған танауымды күн өбіп,  
Мұрттарымның арасынан бұғы өріп. 
Сол құлағым бөрілерге апан боп,  
Оң құлағыма дұға оқыпты апам кеп. 
Оң қолымда қойшы жігіт ысқырып,  
Сол қолымда сұлу қыздар іс тігіп. 
Көбелерімнің көк кіреуке мұзы еріп,  
Алақанымда ару атандар күзеліп. 
Аяғымда көш керуені бақытты,  
Жыл құстарын ертіп келе жатыпты. 
Екпінімен теңселтіп жер бесікті,  
Дәл кеудемнен миллион жылқы өтіпті. 
Жалы жалын,  от орнындай тұяқты,  
Тұлпарлардан дауыл тұрған сияқты. 
Дауыл ғажап бір аунатып өлкені,  
Шырын түстің жыртылыпты желкені. 
Түс түңлігі жыртылғанда орасан,  
Ояна сап жан- жағыма қарасам. 
Төсқалтамнан телефоным тепкілеп,  
Безектейді бір сигнал кепті деп. 
Телефонымды дір- дір еткен,  дір еткен,  
Қолыма алдым тұлпар боп шапқан жүрекпен. 
Әлім жетпестен дауысымды да түзеуге,  
Дірілдеп кетті саусағым,
Дірілдеп кетті тізем де. 
Батылданар да езбелеп,  
«Мақұлдан»  арыға сөз де жоқ. 
Тұтыға бердім әншейін,  
Тұқыра бердім әншейін,  
Аяғымменен жер қасып,  
Шықшытты шылқа тербесіп. 
О,  дариға-ай. . . 
Түсімде тау боп кетсем де,  
Өмірде дәу боп өтсем де. 
Бекер екен ғой,  бекер ғой,  
Уыздай жап-жас бір қыздың 
Уысында ғана екем ғой. 
 
         *    *   *      

Көздеріңді өлең ғып,  
Сөздеріңді өлең ғып,  
Алқынбаймын мен енді. 
Сені сұлу дегендік- 
Аққуды ақ құс дегендік. 
 
Құлатып жыр көшкінін,  
Құламаймын кеш,  күнім. 
Ақылды деп сені айту 
Ауылыңа ескі ұғым. 
 
Ел мен жұртты мәз етіп,  
Алқау бәлкім әдеті. 
Ару әнші деп жазды 
Аймағыңның газеті. 
 
Майда тілмен өбектей,  
Ән де арналды көп өтпей. 
Саған қала сыйлау да,  
Еш жаңалық емес қой. 
 
Шоршып жүрек қолқамда,  
Ауаға іліп қолтаңба. 
Сені сүйем деп айттым 
Мың бірінші болсам да. 
 
Өтінішімді өргенде 
Қол жеткендей орденге,  
Көп күттім деп бұл сөзді 
Күлгеніңді көргенде. 
 
Тәтті тілмен балдан да,  
Сүйіп мені алғанда,  
Талып қалар едім ғой,  
Оянып кетпей қалғанда. 
 
Тәкаппарлық сенің тек,  
Жолдасың деп жорушы ек. 
Сол жолы құдай сақтады,  
Сақтамаса да болушы ед. 
 
Манаурап күн де сөнерде,  
Мама қаз бұлттар шөгерде. 
Мені де сүйе қалсаң сен,  
Өңім боп сол сәт егерде. 
 
Көңілге мүлде орнап сен,  
Көңілді мүлде торлап сең. 
Биіктен киік көргендей 
Аңқая ғашық болмас па ем. 
 
Тәкаппарлық та сенің тек,  
Жолдасың- ау деп жорушы ек. 
Сол жолы құдай сақтады,  
Сақтамаса да болушы ед...
 
 
                АҚҚУ ҚҰС 
 
Таудың басына тамып бір қалған көл тұнық,  
Жағалауында майсалар желмен желпініп,  
Жағалауында аспанға қарап ұлиды 
Көкжал баулыған бөлтірік. 
 
Адал да аңғал ақ мамық бұлттар адасқан,  
Биіктік пенен шексіздік болып О бастан. 
Жердегі көлдей,  мендегі көздей мейірлі,  
Көктемгі таза көк аспан. 
 
Көгілдір дүние сені де баурап алған ба? ?  
Сырыңды жазып судағы сурет жалғанға. 
Еркелей күліп шомылғың бар ма көзіме,  
Айналып бұла арманға?! 
 
Жүзіңде лаулап жүрегіңдегі өскін күш,  
Тылсымнен туған тілсіздің әні боп тұңғыш. 
Көк пенен көлдің махаббатының жырынан,  
Жаралған ба едің аққу құс. 
 
        *      *      *
 
Түндерде көз іле алмаймын,  
Күндіз де кезіге алмаймын. 
Жабығып жазған жырымды,  
Жасырын өзіңе арнаймын. 
 
Шуақты күн нұрындайсың,  
Бұлақтың сыңғырындайсың. 
Жұмақтың жұлдызындайсың,  
Жымыңдап мың құбылғайсың. 
 
Раушан реуішті едің,  
Ойыммен мың өбіскенмін. 
Қиялмен қосқамын талай 
Тағдырдың релістерін. 
 
Ғашықтық мектебіндейсің,  
Ғаламат көктемімдейсің. 
Тәңірдің өзісің ғой сен,  
Табынтып,  тек көрінбейтін. 
 
Жүрекке қонған құсым ба ең,  
Ауаға салған мүсін бе ең? ?  
Әлде бір арман түсім бе ең,  
Жаңылып жалған түсінген? ?  
 
 
              ТЕҢГЕ 
 
Пенделер теңгелердің түлкісі еді,  
Теңгелер пенделердің күлкісі еді. 
Ауылдағы қаймақты қала жейді,  
Киіз үйдің түтінін бұлт ішеді. 
 
Бұлт ішеді мұржалы мырзалардай,  
Мырзалардай қарғалар құр қалардай 
Жапырласып шоқиды жауыр атты,  
Таздың басын айырмен тырнағандай. 
 
Қызыл-жасыл дүние ,шіркін, елес,  
Біреудің қоңыздығы күлкілі емес. 
Әйелі ұл табуын көксеп тұрып,  
Малы ұрғашы төлдеуін кім тілемес?! 
 
Айласыз адамдығың нұрланбайды,  
Пайдасыз жағаңыз да қырланбайды. 
Тек өзгенің қолымен еңбек еткен,  
Пенденің тырнағында кір болмайды. 
 
Өмір деген ойласаң албасты ойыны,  
Қамытқа жеміт болып алмас мойны. 
Арғымақтар арбаға жегілді де,  
Қанден иттің алдына жамбас қойды. 
 
Шын қайғырар шақтарда мұңаймай түк,  
Көзіміздің жасын да лайлаттық. 
Орманнан шырпы алғаны шыжғырады,  
Құндыз ішік жамылған құмай бастық. 
 

ТУҒАН ЖЕР 
 
Тұғырлы туған далам,  нән байтағым,  
Өзіңде өскенім де қандай салым?! 
Елігіңнің өзінен ерлік көрдім,  
Аюыңының көзінен ән байқадым. 
 
Күміс сырға тағынса бал қарағай,  
Күміс сақал қайқайды малға қарай. 
Күміс дүние бір күн де қойған емес,  
Менің балалығымды балға орамай. 
 
Арман бар ма,  даламда салқын,  дарқан,  
Тың қуаныш сыйласа әр күнге әр таң. 
Тұман жеңілдемеген ала таңда,  
Құман алып шығатын қартың болсам. 
 
Күшігендер кісінеп қайың жақтан,  
Ой кемесін бір сәтке байырлатсам. 
Туырлықтың іргесін түріп тастап,  
Жайнамазды жасаңға жайып жатсам. 
 
Адам исін алыстан сезе қашқан,  
Ақ бөкенге қызықтап көз алмастан. 
Намазымды тәмәмдәп болғаннан соң,  
Қағазымды қолға алып кезең ассам. 
 
Айдың сүті төгілген осына әлем,  
Қағазыма қалдырса жосыма өлең. 
Мен жабайы гүлдердің жұпарынан,  
Анамның исын сезіп отырар ма ем?!
 
Жаға-жеңді жинамай жел-өкпектен,  
Теңге қуған тірліктен бөлек кетсем. 
Бүлдіргенді бір-бірлеп татып тұрып,  
Бүлдіршіннің ерінін елестетсем. 
 
Туған жер мәртің де арман,  қартың да арман,  
Қойныңнан қожырамас халқым да арман. 
Тал мінген балалығым жеткізбей жүр,  
Борбайы жарқылдаған. 
 
Ұзақ сынап бұл тірлік ұзақ қысты,  
Көңілдегі көп арман ұзаққа ұшты. 
Жартасыңа еліктеп ержетіп ем,  
Менің де жүрегіме сызат түсті. 
 
Бұзам деп талпынсам сан арналарды,  
Балға малды бұл тірлік, қанға малды. 
Сенің ақ бас шыңыңдай болсам деп ем,  
Менің қара шашыма қар да жауды. 
 
Жаралы жан-жүрегім емделер деп,  
Мен келдім өміріме өң берер деп,  
Әлемді алты айналып іздесем де, 
Ананың мейіріне тең келер жоқ. 
 
Шіркін сенің мейірің мүлдем тәтті. 
Менің жүдеу жүрегім бірге аңсапты. 
Анамның құрсағында жатқан кезбен,  
Даламның құшағында жүрген шақты. 
 
 
МЕН ҚАЗАҚПЫН  
 
Зар заманның ызғары мен өкпегін 
Көріп тасқа арша болып көктедім. 
Оймаққа иба,  аймаққа иман дарытса,  
Иығымнан айға ұлыған көк бөрім. 
 
Жаңбыр жауды,  жебе жауды,  қан жауды,  
Тарихымның есінде тек ән қалды. 
Туырлықтай қанатымның астында 
Ту тесілу,  бас кесілу болған-ды. 
 
Жасанған жау оқыс тисе аптығып,  
Ноқта салмай ноқала болған ат мініп,  
Азаматым қапы кеткен шақ қанша,  
Қазанатым қақпан басып,  қас сынып. 
 
Бозінгенге сынық бесік оңгеріп,  
Бала аманда бас сауғасын оң көріп 
Елім қашса,  құрбандықтар жау тосты,  
Жайыл-сұмдар құйылатын жолда өліп. 
 
Оғлан ұлым ойлы,  батыр әрі ізгі,  
Адалдықпен ада етеді парызды. 
Ал қырмызы қыздарымның бұрымы,  
Қайсарлықтан өрген қайыс тәрізді. 
 
 «Ойлы ғұмыр сыйлағайсың ояуға,  
Бергеніңе шүкір дейтін,  ей,  Алла. . . »  
Кетік тісті жетім ұлдың әжесі 
Шылауышын жайнамаз ғып жаярда. . . 
 
Заман өтсе қырқысу мен аңдыспен. 
Уыз да ішкен,  қымыз да ішкен,  қан да ішкен,  
Бөрі текті,  жылқы мінез халықпын,  
Сосын елден мейманасы мәңгі үстем!  
 
Мен қазақпын!  
 

              ЖҰМБАҚ 
 
Қасыма кеп отырса сұңғақ көктем,  
Қаламым ғой қаз тұрып жырлап кеткен. 
Түріңнен айналайын мың толғанған,  
Тіліңнен айналайын жұмбақ шешкен. 
 
Жұмақтай жүргімде тербетілген,  
Мен жұмбақ өлең болып ержетіп ем. 
Тоқсан тарау жол қуды егіз ішек,  
Домбырамның тоғыз тал пернесінен. 
 
Тіліңнен айналайын сұңғыла жан,  
Күлкіңнен айналайын сыңғыраған. 
Көзіңнен айналайын жұлдыз тамған,  
Жұпарлы жұмбақ көлдей тұнжыраған. 
 
Жұмбақ көлге қараймын,  
Алыс аңыз. . . 
Толқындарға толғанып табысамыз. 
Аққуларға күй шертіп отырады,  
Аппақ нұрға бөленген ханыша қыз. 
 
Сен жымисаң ғаламның көркі ашылмақ,  
Биік қылсын арудың еңсесін хақ. 
Қағаз бетін ойып бір кететіндей,  
Хас сұлулық ізіндей ерке шумақ. 
 
Ханышаға теңедім өзіңді әлгі,  
Мөлдіреуден жазбасын көзің мәңгі. 
Тез табылған жұмбақтан тұрмыс туып,  
Шешілмеген жұмбақта сезім қалды. 
 
 
                  БЕСІК
 
Шіркін- ай,  алып құсқа айналар ма ем,  
Айқассам ай бетінде айдаһармен. 
Сонда сен сонау тұстан бір қарасаң,  
Бұрымың бұлаң қағып ойдан өрген. 
 
Бұрымыңды тарқатып самал леппен,  
Еркелесе өзіңе ғажап көктем. 
Ертегінің үстінде отырар ма ең,  
Сағыныштай ерте бір заманда өткен. 
 
Сағыныштай кеудемді мың қарыған,  
Кірпігіңнен жебедей мұң дарыған. 
Қанатымды қыраулап қайтсам қандай,  
Туған жердің ғұлама шыңдарынан. 
 
Ақиығым бұлттарды кесіп,  тіліп,  
Туған жердің саумалын есіп тұнық. 
Самғап кетсе самала жұлдыздарға,  
Сен қолдарсың кеудеңді бесік қылып. 
 
Бесігіңде мен жазған нәресте өлең,  
Іңгәласа арманның бәрі өскелең. 
Айдаһарды айырып тастасам да,  
Әдемі өлең жаза алмай әуестенем. 
 
Несіптен хақ,  сыйласа есіктен бақ. 
Өлең де алтын біреуге көшіп қонбақ. 
Аңыздарды аралап жүруші едім. 
Мезгілдердің ішінен бесік таңдап,  
 
Қандай ана өзіңді тапқан есіл. 
Алға әкеттің арманның ақ кемесін...
Өзегімді ақтарып айттым саған,  
Өлеңімнің бетінен қақпай өсір. 
 

СОҢҒЫ АЛМА 
  
Мен түсімде алма бақты көп кездім. 
Күз желіне жаурамадым,  тек сездім. . . 
Нарттай жанған алма көрдім,  соңғы алма. . . 
Қос қолымды  «Бисмиллаһи»  деп создым. 
 
Бисмиллаһи,  күздің соңғы алмасы,  
Арманымды арманыма жалғашы. 
Сөйленбеген сөйлемімдей сүйікті ең,  
Сен суықта қалмашы. . . 
 
Жалғыздығы жабырқау һәм қуатты  
Сені көріп жүрегімнен күй ақты. 
Уақыттың ең бір әсем нұры сен,  
Ұлы әжемнің соңғы тісі сияқты. 
 
Жапырақтар жауып жатқан кездерде,  
Әз мұңыңды сидыра алман сөздерге. 
Көкке ұшып кеткің келген шығар-ау,  
Көрінбеуге тырыстың ба өзге елге. 
 
Мерген үшін соңғы оқтай мүлт кетпес,  
Ғалым үшін соңғы цифр кілт тектес. 
Ақын үшін ақырғы ойы секілді,  
Самайынан салма-салма бұлт кетпес. 
 
Бұтаққа іліп түйіндеген құндылық,  
Сен қызардың мың мұңайып,  мың күліп,  
Сен өлеңнің өзі болып жетілдің,  
Түннің нілін,  күннің нұрын тұндырып. 
 
Мен анамның ақ сүтіне шөлдегем,  
Жұпарыңмен жан жарамды емдегем. 
Соңғы алмаға жолығатын жандар көп,  
Сүйгеніне сыйлайтындар кемде- кем. . . 
 
 
         АРҒЫМАҚ
 
Тағасының шегесі қағыс кірген 
Өлең жазсам буады намыс бірден. 
Әттең,  сенің мойныңды бұру үшін 
Өмір бойы алқынып,  алыстым мен. 
 
Жалындай жалыңды мен өріп тұрып,  
Жанарыңнан іздеуші ем көріктілік. 
Өмілдірік тақпай-ақ өрге шапшып,  
Көрмегенсіп кетер ем көріп тұрып,  
 
Көріп тұрып қиылған таң жанарды,  
Оқып тұрып парақты әнге ораулы. 
Такаппар боп кетуші ем тауып сеннен,  
Сүйгенінен басқаны таңдамауды. 
 
Ойхой, өлең, арман боп келетінсің,  
Кірпігім кірлесе де өлетінсің. 
Шын сүймеген жан үшін қағаз жайсам,  
Қаламымның ұшына тебетінсің. 
 
Тарпаң табиғатыңмен кісінесем,  
Гүл біткеннің енуші ең түсіне сен. 
Оқыранып қараушы ең ақ қағаздан,  
Қаламымен дән еккен кісіге сен. 
 
 Қуса жетіп,  қуғанға жеткізбеген,  
Қайда жүрсің арқырап текті ізгі өлең. 
Сен шығарсың жарықтың жылдамдығы,  
Сен шығарсың бар болса шексіз деген. 
 
Жатырқай қарауың да маған айқын,  
Жүрегім бар орныңды бағалайтын. 
Тұрмысқа шідерленсем айналсоқтап,  
Осқырынып ойыма жоламайсың. 
 
Ойхой,  менің киелі арғымағым,  
Өн бойыңнан табылар барлық әнім. 
Жүрегімде кісінеп жүре берші,  
Мен ертеңге өзің боп жаңғырамын. 
 
 
          АЛҒАШКЫ ҚАР 
 
Самалың әр парағын алмастырар,  
Сенде өткен қай кезіме қанбас құмар. 
Жапыраққа жапырлап қонып жатыр,  
Ұлпа қанат, торғай бас,  алғашқы қар. . . 
 
Ұялатқан қоңыр ән,  жаныма арман,  
Өткен күннің санасам бәрі маржан. 
Қардан адам жасаушы ек,  ғашығымыз 
Аппақ болып жолықты ары қардан. 
 
Бұлақ сыңсып ағатын жылғасынан,  
Сыр саулайтын қайыңның сырғасынан. 
Қардан тұлпар жасаушы ек,  арман болып 
Оқыранып қарайды шың басынан. 
 
Тұман тұтып ауылдың торғын кешін,  
Тарғыл мысық іздейтін тамның пешін. 
Ауыл иты дәмете искелейтін,  
Соғымның қаны тамған қардың бетін. 
 
Қылаң ұрған түлкіні құс ілетін,  
Қыраны бар құсбегі ісінетін. 
Жұмыртқадай томпиған ауыл маңы,  
Шанаң жоғын есіңе түсіретін. 
 
Сонау ала көлеңке ескі іңірде,  
Бисмиллаһир- рахим. . . деп күбірлеп. 
Шақайымды жамайтын атам байқұс,  
Мәйкемді апам тоқитын пеш түбінде. 
 
Ініме әкем жаттатып жеті атасын,  
Шешем, шіркін, былқытып ет асатын. 
Ауыл да аппақ еді онда,  адам да аппақ,  
Адалдықпен табатын нәпақасын. 
 
Несібесін Тәңірден,  таңнан күткен,  
Ғұмыр кешкен мәрттікпен,  аңғалдықпен. 
Аппақ дала- атамның жайнамазы,  
Шылауышы апамның қардан тіккен. 
 
Барлық тәтті елестер жатқан ізгі,  
Не сағынтар ауылдан басқа бізді. 
Жауып бола еріген күнгей беттер,  
Жазып бола жыртылған хат тәрізді. 
 
Алғашқы қар,  ақ қанат арда құсым,  
Үміттерді үмітке жалға бүтін. 
Алғашқы қар тез еріп кететіні,  
Алғашқы сезім ыстық болғаны үшін. 
 
Самалың әр парағын алмастырар,  
Сенде өткен қай кезіме қанбас құмар. 
Жапыраққа жапырлап қонып жатыр,  
Ұлпа қанат,  торғай бас,  алғашқы қар. . .