...Сол жылы жазда Пүсін, шешесі Несібе тәте және «Шевролетті» жүргізшіміз Четин эфенді төртеуіміз «Автомобильмен Еуропаға» атты сапарға шықтық. Жолда қонақ үйге тоқтадық. Аспан күркіреп қатты нөсер жауын басталды. Қатты жаңбырдың дыбысын тыңдап жатып , Пүсін екеуміз бір-бірімізді құшақтадық. Ұйықтап кетіппін. Оянғанымда жаңбыр басылған екен. Пүсін жанымда жоқ еді. Қызыл көйлегін киіп жатқан еді.
– Су алып келемін, – деді, – Көп ішкен екенбіз. Қатты шөлдедім.
– Мен де шөлдедім, – дедім, – Сен отыр, мен төмендегі тоңазытқыштан көрген едім.
Бірақ мен тұрып үлгергенше, ешнәрсе айтпай есікті жауып кетіп қалды. Біраздан соң Пүсіннің келетіндігін ойлап, жан-сарайым ашылып, бақытты боп жатып, ұйықтап кетіппін. Біраз уақыттан кейін оянғанымда, Пүсін әлі келмеген екен. Орнымнан тұрып, терезеден сыртқа қарап , темекімді тұтаттым. Әлі күн шықпаған екен, дала қараңғы еді, кішкене ғана бір жарық бар болатын. Ашық тұрған терезеден, су топырақтың иісі сезілді. Арғы жолдағы май құю бекетінің, «Семирамис» қонақ үйінің жазуы жазылған тақтайшаның жарығы, асфальт жолдың бойындағы лампалардың жарқыраған шамдары суланған жерге және қонақ үй алдындағы біздің «Шевролеттің» үстіне жарқырап түсіп тұрды. Терезеден сыртқа көз салғанымда, қонақ үйдің жол жағында орналасқан кішкентай бақшадағы інжір ағашының жанында тұрған орындықта Пүсіннің отырғанын көрдім. Жаңбыр суынан сол жердегі орындықтар мен жастықтар су болып қалыпты.
Тезірек киініп төменге түстім.
– Қайырлы таң, сұлуым! – деп сыбырладым.
Ешнәрсе айтпады, ойға батып кеткен екен, қайғырып отырған бір кісідей жай ғана басын иді. Орындықтың үстінде бір рөмке ракыны көрдім.
– Су алып жатып көрдім, ашылған бөтелке бар екен, – деді.
– Дүниенің ең керемет таңында ішпегенде қайтеміз, – дедім, – Жолда ыстық болады. Жол бойы көлікте ұйықтармыз. Ал қазір жаныңызға отыруға бола ма, кішкентай бикеш?
– Мен кішкентай емеспін!
Жауап берген жоқпын, ешнәрсе айтпастан жанына отырдым. Алдымыздағы әсем көріністі қарап отырғанымызда, «Сарай» кинотеатрында отырғандай қолынан ұстадым. Біраз уақыт үнсіздікке ырық беріп, дүниенің бірте-бірте жарықтанғанына қарап отырдық. Тым алыста әлі де болса көкшіл найзағай ойнап жатты. Қызғылт бұлттар Балқан жақта ма, әлде бір мекенге жаңбыр жаудырып жатты. Қала мен қала арасында жүретін үлкен автобустар бірінің соңынан бірі өтіп жатты. Көз алдымыздан жоғалғанға дейін автобус артындағы қызыл жарығына қарап отырдық.
Қара құлақтары салпаңдаған бір ит құйрығын бұлаңдатып, май құю бекеті жағынан бізге қарай келді. Ешқандай ерекшелігі жоқ, тегі жоқ, жай көше иті еді. Ең бірінші мені, кейін Пүсінді иіскелеп жанына тұрып қалды.
– Сені жақсы көріп қалды, – дедім.
Пүсін жауап берген жоқ.
– Кеше осында келгенімізде екі рет үрді, – дедім, – байқадың ба? Сіздің үйде теледидардың үстінде осыған ұқсас ойыншық ит болатын еді ғой ?!
– Сол ойыншық итті сен ұрлап алып кеттің?
– Ұрланған болып саналмайды. Не үшін алғанымды бірнеше жылдан кейін білетін едің?!
– Солай ма?..
– Не айтатын еді?
– Ештеңе. Әкемнің маған жаны ашитын. Анам маңызды емес сияқты кейіп танытатын. Ал мен киножұлдыз болғым келетін.
– Боласың.
– Кемал, өтірік айтпашы! Мен саған сенбеймін! Шынымен ашуланамын ,сен оңайлықпен өтірік айта саласың.
– Неге?
– Енді менің ешқашанда киножұлдыз болмайтындығымды білесің. Енді маған ештеңе де қажет емес.
– Неге қажет емес? Сен қаласаң бәрін жасаймын!
– Мен шынымен де қанша жылдан бері осыны қаладым, Кемал. Өзің де білесің.
Ит Пүсінге жақын кеп, аяғын тұмсығымен жалады.
– Пүсін, мына итке қарашы! Тура сол сіздің үйдегі ойыншық ит сияқты. Оған қоса құлақтары да соныкіндей сары, қара аралас, – дедім.
– Кемал! Мен сені түсінбеймін?! Сен сол ойыншық итпен, тарақпен, сағаттармен, темекі тұқылдарымен не істедің? Бізді ойыншық қылғың келді ме?
– Сен не деп тұрсың! Олар менің жанымды бақытқа бөледі, бұл деген өткен күндердің естелігі ғой, – дедім біраз ашуланып. – Қазір бәрі «Мерхамет» тұрғын үйінде үлкен бір коллекция сияқты жинаулы тұр. Сенен ұялмаймын, сұлуым, Ыстамбулға барғанымызда өзіңе көрсеткім келеді.
Маған қарап күлімсіреді де , мазақ қылғандай дауыспен:
– Мені тағы да даяшы ретінде алғың келе ме? – деп сұрады.
– Енді маған ештеңе де қажет емес! – деп ашуланып, өзінің сөзін қайталадым.
– Дұрыс айтасың, кеше түнде мені алдадың. Үйленбестен барымды алдың, мені иелендің. Енді сен сияқтылар үйленбес. Сен сондай бір жаман адамсың.
– Дұрыс, – дедім кішкене ашумен, кішкене қалжыңмен. – Тоғыз жыл бойы осыны күттім.Қиналдым. Енді неге үйленейін, сендей бір кішкентай қызға?!
Қалжың ұрысқа айналмасын деп, оны бар күшіммен өзіме қарай тартып, ернінен сүйіп алдым. Пүсін басында сүйіп, кейін ернін кері тартты.
– Сені жек көрем! Сені өлтіргім келеді! – деп ашуланып орнынан тұрып кетті.
– Өйткені сені қаншалықты жақсы көретінімді білесің.
Бұл сөзімді естіп-естімегендігін білмедім. Ашулы, ренжулі қалпымен биік өкше туфлиін тық-тық басып, масаңдау сұлуым жол бойына қарай кетіп бара жатты. Ит құйрығын бұлғақтатып артынан кетті. Пүсіннің рөмкесінің түбінде қалғанын іштім. Арттарынан ұзақ қарап отырдым. Жол Едирнеге қарай түп-түзу боп, соңы жоқ сияқты еді. Күн шыққан сайын Пүсіннің үстіндегі көйлектің түсі анық көрініп тұрды. Бірақ біраз уақыттан кейін аяқ дыбыстарын да естімей қалдым. «Ешилчам» фильдеріндегі сияқты Пүсін алдымен қызыл нүкте сияқты болып көрініп, артынан жоқ болып кетті. Мен мазасыздана бастадым. Біраздан сол қызыл нүктені көрдім. Ашуланып, кетіп бара жатты сұлуым. Ішімде керемет мейірімділік оянды. Өміріміздің соңына дейін түндегідей сүйісіп, жаңағыдай ұрсысып өткізетін едік. Сонда да онымен аздап ұрсысып, одан соң көңілін аулап, оны бақытты қылғым келді.
Едирне-Ыстамбул бағытында көлік көбейе бастады. Жолдың бойында келе жатқан, қызыл көйлекті әдемі әйелдің мазасын алатын еді. Қалжың бұзылмай тұрып, машинаға отырып, артынан жолға шықтым. Бір шақырымнан кейін, бір шынар ағашының қасынан итті көрдім. Пүсінді күтіп тұрған еді. Ішім қылпылдап, жүрегім дүрсілдеді. Машинаны біраз баяу жүргіздім. Бақшалар, күнбағыс егістіктері, кішкентай шаруашылық үйлерін көрдім. Үлкен жарнама тақтайшасында «Қызанағымыздың дәмін тат!» деген жазулар тұрды. Көліктерінен шаршағандар жарнаманың дәл ортасынан оқ атып, тесіп тастаған екен. Бір минуттан кейін қызыл көйлекті көргенімде, қуанғанымнан күліп жібердім. Жақындағанда баяу жүрдім. Пүсін ашулы қалпымен жолдың шетімен жүріп келе жатты. Мені көргенде де тоқтамады. Қолымды созып, көліктің оң жақ терезесін аштым.
– Қане , жаным, отыршы машинаға кетейік, кеш қаламыз.
Бірақ жауап берген жоқ.
– Пүсін, шынымен де бүгін жүретін жолымыз ұзақ. Алдымызда –үлкен саяхат, қаншама ел бар.
– Мен ешқайда бармаймын, өздерің кете беріңдер, – деді жас баладай бұртиып.
Көлікті де оның жылдамдығына сай жүргізіп, жүргізушінің орнында отырып онымен сөйлесіп келемін.
– Пүсін, жаным, мына дүниенің әсемдігіне қарашы, – дедім, – Босқа ашуға, ызаға уақыт жоғалтудың қажеті жоқ.
– Сен түсінбейсің.
– Нені?
– Сен үшін өмір сүре алмадым, Кемал, – деді, – Мен шынымен де актриса болғым келді.
– Кешірім сұраймын!
– Кешірім сұраймын дегені несі? – деді қатты ашуланып.
Кейде оның жүрісіне көліктің жылдамдығы сай келмей, бір-біріміздің сөзімізді түсінбей жаттық.
– Кешірім сұраймын! – деп айқайладым, мені түсінбегенін сезіп.
– Феридун екеуің менің фильмде ойнауыма кедергі болдыңдар. Осы үшін кешірім сұрайсың ба?
– Сен шынымен де Папатия сияқты, «Пелюрдегі» мас актрисалар сияқты болғың келді ме?
– Бәрібір мас емеспіз бе? Кім ішпей жатыр? – деді, – Оған қоса мен олар сияқты болмас едім. Бірақ сіз, мені тізгіндеп ұстадыңыз, көмектеспедіңіз! Танымал болып кетсе, тастап кетеді деп қорықтыңыз.
– Сен өзің де жаныңда еркек болмаса, жалғыз өзің шығуға қорқатын едің, Пүсін?
– Не?!
Шынымен қатты ашулы еді, мұны түсіндім.
– Кел, жаным, көлікке отыр. Кешке тағы ішіп, тағы талқылаймыз, – дедім, – Сені өлгенімше сүйемін. Алдымызда керемет өмір бар, көлікке отыршы!
– Бір шартым бар, – деді,- Балалық шағындағы велосипедін үйге қайта әкелуін қалағандағы сияқты.
– Иә?
– Көлікті мен жүргіземін.
– Болгарияда жол полициялары парақор екен. Көп тоқтатады деп естідім.
– Жоқ, жоқ, – деді, – қазір қонақ үйге қайтар жолда жүргізгім келеді.
Көлікті тоқтаттым, есігін ашып сыртқа шықтым. Орын ауыстырар алдында Пүсінді құшақтап алып, бар күшіммен сүйіп алдым. Ол да бар күшімен мойныма асылып, кеудесін кеудеме басып қапсыра құшақтады. Сәлден соң құшағын жазып, машинаға мініп, рөлге отырды. Сол қолының шынтағын америкалық атақты киноактриса Грейс Келлидің «Ұрыны ұстау» фильміндегі сияқты ашық терезеге тіреп отырды. Бұрылып жайлап жүре бастадық. Саз ауыл жолы мен тас жолға шығар бұрышынан бірден шықпақшы болды, өте алмады, көлік тоқтады.
– Ілінісу педалін байқа! – дедім.
– Сен менің сырғаларымды да байқамадың ба? – деді.
– Қандай сырға?
Көлікті жүргізіп келе жатқан еді.
– Қатты жүрме! – дедім, – Қандай сырға?
– Құлағымда...– деп наркоздан жаңа оянғандай міңгірлеп айтты.
Оң құлағында жоғалған сырғасының біреуі бар еді. Түнде бар ма еді? Мен қалай байқамадым? Көлік қатты жүріп келе жатты.
-Жылдамдықты біраз баяулат, – деп айқайладым. Бірақ ол газды соңына дейін басты.
Алыстан досымыз – жолда кездескен ит көлікті, Пүсінді танығандай жолдың ортасына шығып келе жатты. Пүсіннің жылдамдықты асырғандығын, газды соңына дейін басқандығын көріп жолдан шыққандығын қаладым, бірақ кетпеді. Көлікті қатты айдап келе жатты, жылдамдықты одан сайын асырды. Итке белгі беру үшін Пүсін көліктің сигналын баса бастады. Біресе оңға, біресе солға жүрдік, бірақ ит әлі алыста болатын. Осылай келе жатқанда жолды қиып өткендей, көлік түп-түзу сызықпен жүре бастады. Бұл жолдың шетіндегі жіңішке сызық еді. Алдымыздағы қонақ үйге қарай емес, жанымыздағы жол бойындағы шынар ағашына қарай бар жылдамдықпен жақындап қалғанымызды байқадым, апаттан құтыла алмайтындығымызды түсіндім. Көлік бар жылдамдықпен шынар ағашына қарай зуылдап келе жатты. Машинаны оған қарай Пүсін бағыттаған еді. Өзіме болашақта оның жанынан басқа орын көре алмадым. Қайда бара жатсақ та, онымен бірге баратын едік. Бұл дүниенің болашағын жоғалтқан едік. Өкінішті, бірақ бұдан қаша алмайтын едік. Тағы да «Байқаа!» деп айқайладым. Пүсін не болып жатқанын көрмей келе жатқандай еді. Негізінде бір қорқынышты түстен оянып, шын өмірге оралу үшін түсімде айқайлағандай едім. Рөлдегі Пүсін мас еді, оған менің ескертулерім қажет емес еді. Көлікті сағатына бес жүз километр жылдамдықпен, не істеп келе жатқандығын білетіндей, әдейі бес жүз жылдық шынар ағашына апара жатқандай еді. Өміріміздің соңы екендігін түсіндім.
Әкемнің көзі, елу жыл отбасымыздың сенімді көлігі болған «Шевролет» бар жылдамдықпен және зор күшпен сол жақтағы ағашқа барып соғылды. Бір гараждан бірнеше айлардан кейін тапқан «Шевролеттің» бөліктерін ұстап, жылдар өткен соң көрген түсімде, апаттан кейін Пүсін екеуміздің бір-бірімізге қарағандығымызды еске түсірді. Өліп бара жатқанын түсінген Пүсін маған жалынышпен қарады. Екі-үш секунд қана көзіміз түйісті. Оның жанарынан «Құтқаршы мені, Кемал! Менің өлгім келмейді. Мен әлі жаспын ғой» деген қимастық сезімін көрдім. Мен болсам, өзімнің де өлетіндігімді ойлап, өмірлік жарыма, мәңгілік махабатыма қарап, о дүниеге бірге баратындығымызға қуанып бақыттан күлімсіредім. Бұдан кейін не болғандығын, ұзақ уақыт ауруханада жатқанымды да, жылдар өткен соң есіме түсіре алмадым. Басқалардың әңгімесінен, апат құжаттарынан, кейін апат болған жерде куә болғандарды тауып сұрастырып білдім.
Пүсін апат болып, алты-жеті секундтан кейін консерві банкасы сияқты майысқан көліктің ішінде кеудесіне батқан рөльден қысылып өліп кеткен. Басын алдыңғы терезеге қатты соққан екен. (Түркияда көліктің сақтық белдігін тағу міндеті он бес жылдан кейін пайда болды) Апаттың зерттеу құжаттарында жазылғандай, Пүсіннің бас сүйегі сынып, миының қабығы жыртылған, ауыр мойын сүйек жарақаты болыпты. Кеуде сүйектерінің сынықтары мен маңдайындағы шыны кесіктерінен басқа, сол әдемі көздері мен томпақ еріндері әдемілігімен еш бүлінбей жерленіпті.
(жалғасы бар)
Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ