Жаңа туынды
Ақын Маржан Ершу ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы -2025» аясында еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері, танымал тарихи тұлға, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкері, Ақкиізтоғай - бұрынғы «Құрмет Белгісі» орденді «Коммунизм таңы» совзының директоры Тұрдығали Мәмбетовтың 100 жылдығына орай «Жалғыз қол» атты поэма жазды. Жақында кітап болып жарық көретін жаңа туындыда Тұрдығали Мәмбетовтың өнегелі өмір жолы, еңбектегі ерен үлгісі, кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттері, жастарға өсиеті жырға арқау болған. Тұрдығали Мәмбетов жөнінде Жылыой (Ембі) ауданы мен Гурьев облысы партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі төрағасы Саламат Мұқашев өз естелігінде былай деген екен:
«Колхоз кезінде де, совхоз болып ұйымдасқасын да бұл ұжымды білікті де білімді қызметкер Шафих Ізбасов басқарды. Ферма басқарушылары Назар Ершуов, Абдолла Оразбаев, Әбдір Биманов, Ильяс Қазиев қазақтың байырғы мал түліктерін өсіруде шеберліктерін танытқан, облыс көлімінде белгілі болған азаматтар еді. 1964 жылға дейін «Коммунизм таңы» совхозын шебер басқарған Шафих Ізбасовқа аудан ауылшаруашылығын басқаруды тапсырдық. Осы ұсынысты естігенде Шәкеңнің: «Совхоз директоры дәрменсіз болса, бүкіл ауданның күштері жабылып қолдаса да , ол шаруашылықты жақсарта алмайды. Сондықтан егер орныма Тұрдығали Мәмбетовты жіберсеңіз, қарсылығым жоқ»,- деп кесіп айтты. Пайдалы пікір қабылданып, аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы Т.Мәмбетов совхоз директоры боп шыға келді. Тұрдығали Оңдасұлы жаңа қызметке қызу кірісіп кетті. Есепті күшейтті, тәртіпті нығайтты. Орынсыз шығын болдырмау, өнімнің сапасын арттыру, техниканы ұқыпты пайдалану, малдың басын өз төлімен көбейту, тағы басқа тиімді шараларды тез іске енгізді. Ол жұмысқа жан-тәнімен берілген адал адам еді. Қой фермаларының экономикалық көрсеткіштері облыс көлемінде жоғары дәрежеге көтерілді. Мәмбетовтың өзі және көптеген жұмысшылар мен мамандар орден-медальдармен марапатталып, есімдері республиканың «Құрмет Кітабына» енді. Бүкілодақтық Көрменің төрінен орын алды. Облыстағы «Құрмет белгісі» орденін алған алғашқы совхоз - «Коммунизм таңы» болса, совхозды басқарған Т. Мәмбетов еді. Шынымды айтайын, келесі кезекте Тұрекеңнің өзін «Социалистік Еңбек Ері» деген құрметті атаққа ұсынсақ деген ойым болып еді. Өкінішке орай өмірден ерте кетті. Жақсының ізі қалды, іскерлік-қайраткерлік қолтаңбасы қалды артында». Ал Жылыой (Ембі) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Гурьев облыстық партия комитетінің хатшысы болған Мұсабай Сағынбаевтың естелігі де естігенді енжар қалдырмайды. «Тұрдығали Мәмбетовті Жылыой өңірінің экономикасы мен мәдениетін, халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсартып, жан жақты дамытуға сүбелі үлес қосқан тарихи тұлға деп білемін. Әсіресе ол кісі танығыштық қасиетімен, ауыл шаруашылығын дамытудағы қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жергілікті кадрларды тәрбиелеп, даярлауда шеберлік іс-әдістерімен ерекшеленді. «Осы Тұрдығали Мәмбетов кім?» деген қысқа сұраққа мен өзім: «Еңбекқорлықтың үлгісі, адалдықтың айғағы, сөз бен істің байламы, әділдіктің, кісілік пен кішіліктің қайнары» дер едім. Тұрекеңнің тағы бір ерекше қасиеті: есепке өте жүйрік, ауызша кез келген күрделі есептерді тез шеше беретін және ұмытпай есінде сақтайтын. 1973 жылы ауданға обком секретары А.А Погорелов пен бірге Мәскеуден «Правда» газетінің тілшісі В. Фомин келіп, бірнеше күн «Коммунизм таңындағы» шаруашылықты аралады. Сонда корреспондент В.Фомин кейбір деректерге күмән келтіріп, бухгалтерлік есептермен салыстырғанда дәл келгеніне риза болып, «Тұрдығали Мәмбетов көреген басшы екен, шаруашылықты біліп, жалғыз қолымен совхозды шырқ үйіріп басқарып отыр» деп баға бергені бар». Ескі естеліктерді сөйлете отырып, ерен еңбек иесі Тұрдығали Мәмбетовтың өмір және еңбек жолын жырға арқау еткен Маржан ақынның «Жалғыз қол» поэмасынан үзінді жариялап отырмыз.

«ЖАЛҒЫЗ ҚОЛ» (поэмадан үзінді)
ОТТЫ ЖЫЛДАР
1943. Шайқас. Курск доғасы,
Бомбалардан құлақ тұнды.
Днепр, орман қан жаласып
Азалы аспан жылап тұрды.
Курск доғасы - әйгілі шайқас,
Көк күрсініп аһ ұрғандай.
Фашист жауға жалын болып
Ыза-кектер атылғандай.
Днепр бойында ұрыс қызды,
Қыстың сызы маңдайды ұрып.
Бомбалармен көпірді бұзды
Жау аспаннан оқ жаудырып.
Түндер батты, таңдар атты,
Ертеңгі күн алаңдар-ды.
Соғыс өрті жалмап жатты
Қамалдарды, адамдарды.
Отан үшін отқа түсіп,
Совет жағы қамдар күшін.
Днепрдегі талқандауға
Фашистердің қорғанысын.
«Түнгі операция» - бүгінгі ісің,
Днепрден қайықпен өту.
Совет солдаты ұғынды шын
Не болса да Жеңіске жету!
Белді буынып, тас түйініп,
Қорқыныш та сан алмасып.
Алдарында тұр түйіліп
Алдарында -жау ордасы.
Қан кешкенде қауіп те ұмыт,
Қалың әскер қайыққа мінді.
Сезімдерін сауыт қылып
Жарып келеді қара түнді.
Днепрге жүзген қайық,
Жүз жігітте самғау бір-ді.
Жау көзіне түсіп қалып
Самолетпен оқ жаудырды.
Оқ бораны құйын тіпті,
Баудай түсіп, суға құлар.
Күтпеген бұл қиындықты
Таудай болған қайық сынар.
Аспан мен жер тына қалды,
Тыныштыққа оранып.
Қараңғы түн. Су бетінде
Қайық қалқып барады.
Тұрдығали есін жиды,
Жолдасына таянып.
Жатты Днепр күңіреніп
Қызыл қанға боялып.
Тұрдығали қайық шетін,
Ұстап біраз қарады.
Оқ тиген қол жаны кетіп
Төмен тартып барады.
Қас қағымда жұлдыз сөніп,
Уақыт зырлап өтеді.
Қайықтағының бәрі өліп
Тірі қалған - екеуі.
Екі солдат қол ұстасып,
Кері жүзді екпінмен.
Бар күштерін бойға жиып
Жағалауға жеткін дем.
Оқ тиген қол ауырлады,
Күші бітіп әл-дәрмені.
Жанындағы жолдасына
Қарады да,
Аңтарылып қалған еді.
Ет қызумен байқамапты,
Ішінен оқ түйреген дөп.
Ішектері шұбатылып,
Су бетінде ирелеңдеп.
Батып бара жатты суға,
Жолдасы сол жансыз бейне.
Сан мың ойлар ойнар мида
Түсіргендей небір күйге.
Жалғыздығы жанға батты,
Не азабың бар тағы да?!
Қолы қарысып қатып қапты
Өлі солдат оң қолына.
Қолын жұлқып бар күшімен,
Ажыратты өлі жаннан.
Тағдырының талқысы ма
Тар кезеңде аман қалған.
Жүзуге де дәрмені жоқ,
Аяқ жерге тигендей ме?
Бір алып қол пәрмені көп
Маңдайынан сүйгендей ме?
Бір құдырет жарық берген,
Әлде өңі, түс-ағын бең?
Бір алып қол құшағымен
Жағалауға алып келген.
Күндер өтті, түндер өтті,
Ессіз-түссіз жатты жерде.
Жаралы солдат мекені енді
Кім біледі: өр ме, көр ме?
Күн артынан күн туғанда,
Келді артынан алып күш.
Жаралы солдатты госпитальға
Соғыста жеткізу қалыпты іс.
Оң қолының жарақаты,
Асқынғаны бұл анық!
Адам өмірін сақтау үшін
Шешім алынды. Құба-құп.
Оң иығынан қолын кесті,
-Шыдарсың !- деп –Жігітім!
Жалғыз қолмен қалсаң-дағы
Үзілмесін үмітің!
Деп күрсінді дәрігерлер,
Бойдан күші кеткендей.
Қиналмайды нағыз ерлер!
Өмірді сен жек көрме!
Қыршын кеткен жолдасты ойлап,
Күйзелді шын жас алып.
Жалғыз қолмен жауға шапсам
Болар оның несі айып?
Аман шықсам госпитальдан,
Сұранармын майданға.
Жалғыз қолмен соғысармын
Тисін елге пайдам да!
Жігіт сөзі жиналғанды,
Мұңайтты да жылатты.
Жаралылар, майдандастар
Ер мінезді!
Сол қазақты ұнатты.
1944-те елге оралды,
Жиырма бірде. Жас еді.
Жалын еді,
Қылыш мінез тас еді!
Жалғыз қолды,
«Соғыс мүгедегі» деген аты
Енді қашан өшеді?
Намыс күші қайнағанда қанында,
Ата-баба қасиеті тұрар тамырда.
«Қара жерді қапсыратын күшім бар»
Деді Тұрдығали жанарынан от шашып
Жігер күші жалындап...
СОҒЫС МҮГЕДЕГІ
Соғыс өрті.
Дүлей дүние қорқынышты,
Қасірет бар қас-қабақта.
Төңкерілген жердің үсті
Тыныштық жоқ аспан жақта.
Автоматтар гүрсілдеген,
Бомба жауып, снаряд ұшып.
Пулеметтер оқ жаудырған
Ормандарға мина түсіп.
Сұм өмірдің қаталын-ай,
Қанша шаңырақ қайғы құшты.
Қасірет жанға батады да
Көңілдерден күлкі ұшты.
Отан қорғау –басты міндет,
Майданның да, тылдың ісі.
«Шегінбе» деп Жеңіске үндеп
Алып шыққан елдің күші.
Майданда - от жалындаған,
Тылда - еңбек күні-түн.
Жер-Анамыз күрсініспен
Алып жатты тынысын.
Кешқұрым шақ. Қара жолдан,
Көрінгенде бір қара.
«Солдат келді! Алақай!» деп
Жүгіреді бар бала.
Шаршаулы екен
Суық сорған реңі,
Балаға сәл езу тартып күледі.
Ұзын шинел, керзі етік, қапшығы,
Бәрі түгел... неге жоқ?
Құшақтайтын оң қолының білегі?
Үнсіз қатып тұрып қалды,
Көздерінде сұрағы көп топ бала.
Сосын кейін жүгіреді
«Алақайлап» шаттана.
«Солдат келді!»,
«Тұрдығали көке келді!» деп бәрі
Шапты ауылға мақтана.
Көрші –қолаң у-шу болып жиналды,
Қайтқан ұлға сыбағалы сый бар-ды.
Мөлтілдеген жанарларда –сағыныш
Домбыраның шанағынан күй тамды.
Қарап тұрды бәрі оған қуанып,
Жұрттар естіп келіп жатты шұбалып.
Жүгіріп жүр қарындас пен інісі
Шылапшын мен қол жуатын су алып.
Тұрдығали есепші боп,
Кіріп кетті еңбекке,
Қиындықты елмен бірге жеңбекке.
Еңбек деген есіл ердің маңдайын
Ащы термен терлеткен.
Жыл айналып, Жеңіс келді елжіреп,
Шайып өтіп күрсінткен көңіл-күнді.
Қызыл Тулар тұғырларда желбіреп
Қуаныштың көз жасынан өмір күлді.
Өмір күлді... Тұрдығали жанарында,
Қиындықтың кеткен жоқ балағында.
Үмітжандай арумен тағдыр қосып
Болашақтың биігіне қарады да.
Әкесі - Оңдас, шешесі - Жәния оңды кісі,
Қарттардың көрінетін жөн білісі.
Ұрпақтарын адалдыққа тәрбиелеу
Дейтұғын тәрбиенің ең дұрысы.
Адамдықтың биік қой құны тіптен,
Барды - жоқты жасынан біліп өскен.
Он бір жан мейірім жылылықпен
Алақандай бір үйде ғұмыр кешкен.
Тәрбие көрген осындай шаңырақтан,
Тұрдығалидың талабымен таңы да атқан.
Бел шешіп, қызу іске кіріседі
Аудандық жоспарлау бөлімінде
Есепші,
Бөлім бастық
Өзі-мақтан, халыққа ісі жаққан.
Соғыстан соң соңғы жылдар,
Ауыр, мұңды, таршылық.
Еңсесін ел көтереді, ұмтылады
Құламауға талпынып.
Анау қиын, мынау оңай демеді,
Не істі де жасайтұғын жан салып.
«Білім алсам» деген ойы көп еді
«Оқиын» дер болса-дағы қаншалық.
Өмір - есік ашқаннан соң өрісін,
Тұрдығалидың даңғыл жолы басталған.
Саратов, Гурьев техникумын бітіріп
Орындалды өзі күткен жақсы арман.
Осылайша өзі жақты жарықты,
Мүгедектікті өзі жерге тығыпты.
Білімі мен еңбекқорлығы танытты
Тепсе темір үзетұғын жігітті.
1964жыл. Қайырайын қысқадан:
-«Қызмет туын бастан биік ұстаған,
Жас та болса қайыспайтын күшті адам!
Тұрдығалиды директорлыққа, совхозға
Лайық!- дейді Шафих Ізбасов
Көңілім-көзім түсті оған»!
Танитұғын көктейтұғын шынарды,
Ізбасов сөзі қашан да оған ұнар-ды.
«Қолдаймын» деп аудан хатшысы Мұқашев
Шәкеңнің дана ұсынысын құп алды.
Тұрдығали айтар:
Мен де бір шағылып жатқан шақпақпын!
Совхоздың атын көтеру үшін жақпақпын.
Ойымды –шырақ, күшімді-қалқан етіп- ақ
Етермін қызмет,
Сенімдеріңізді ақтап мың!




