Осы әңгімені жазбасыма болмады. Алтын бесік ауыл іші ғажап қой, сен өмірде болсаң да, болмасаң да, елден ерек қасиетің, не соған татырлық бір ісің болса, ол ұзақ уақыттар бойы жұрт бас құраған жерлерде айтылады. Ел жады магнитофон таспасынан да мықты, тозбайды, еш нәрсе де ұмытылмайды. Жаманның қасиетсіздігі ұрпағын ондайдан аулақ болу үшін еске алынса, әрине, жақсының жақсылығы өнеге тұтылады.
Ел іші «Көбейгір» атап кеткен Шамқаның анасынан туғанда еншілеген ныспысы Самиға екен. Келін болып түскенде енесінің есімі де Самиға болып шығады. Ене мен келіннің аттары бірдей болуын ыңғай көрмеген жанашыр туыстар жас келінді Шамқа атапты. Өсіп-өне келе олар тұратын бүкіл Дыңғызыл ауылы, есіктерін жиі ашатын Құрманғазы мекенінің зиялы қауымы, бұл Шамқаға «Көбейгір» есімін теліген. Неге десеңіз, Шамқа қолынан қасығы түсіп кетсе де, ниетіне орай құдай бере салған он үш ұрпағының бірі қадамын шалыс басса да кейбір әйелдердей «бақа бол», «көктеме, көктемегір!» деп үрейлі қарғыстарды айтып жатпай, зекісе де, өз балам ғой деп шамадан шыққан бірін қағып жіберсе де «Көбей, көбейгір!» деп жөнге салатын. Осынысы қалың елге ұнағаны, сірә, сол келін болып түскен шамадан бұл тірліктен талқаны таусылғанша «Көбейгір» атанумен өтті.
Мен де осы әулетке күйеу бала болып келемін. Есқалидан тараған Әліп, Шалау, Әлімғали, Таумаш, Имаш, Әзидолла аталатын ұлдарының Әлібінен тараған балаларының Қоңқаш ұлының үлкені, ұстаз Зояның өмірлік серігімін. Бірақ, Шамқадай елді ауызына қаратқан би ананың алдын көру маңдайыма жазбапты. Есесіне осы бір текті жанды көрмесем де, көргендей түсінікте болуым-арада жылдар өтсе де елінің, айнала-маңның оған деген құрметінің сейілмеуі. Есті ағайын Ана, келін, ене болудың, ұрпағына иманды тәрбие берудің, тума-туыс, көрші-қолаңның арасына дәнекер болудың, ерін сыйлаудың, қонақ күтудің қандай болуы керектігін өмірден өткеніне 52 жыл болуына қарамастан осы бір «Көбейгір» атанған жүзі де сұлу, жүрегі одан асқан сұлу Шамқа марқұмның болмысынан іздейтіндей. Ғалымның хаты өлмесе, жақсының аты өлмейтіндігіне «Көбейгір» ананың өткен дәуренін анық куәға тартамыз бұл жазбамызда.
Есқали ол жылдары әулетімен, Адайдың Тоқпанбет бөлігінен тарайтын аталастарымен Нарын құмының үлкен бөлігі Мыңтөбені тұрақты қонысына айналдырған. Марғау жатқан алыс қырдың төсінде өкпек желдің ауық-ауық құмнан боран ойнатқаны, бөрі-қарының кейде «шаруаң қалай?» деп тиісіп кететіні болмаса, көзін таба білгенге құдығының ортаюды білмейтін суы тұщы, құмаршығы мен мортығы, жусаны мен бүргемі, т.б. құнарлы шөбі көкірек сарайыңа жұпарын сыйлап-ақ тұрғаны. Орталықтан сан жүздеген шақырымдар алыс болғанымен, төрт түліктің өсіміне қолайлы, жанға тыныш, жайлы мекен.
Есқалидың аталастарымен бірге үйірлеп Үйшік базарына мал айдап апарып, пұлдап, керек-жарақтарын молынан қамтып ауылына қайтқан беті. Қоңыр күздің қысқа ұласқан шағы ғой, кенеттен бұзылған ауа-райы жүруге жайсыз, әрі кеш түсіп кеткен мезгіл. Есқали серіктеріне:
- Мініс көліктер де өзіміз де дем алайық, одан әрі жүру қиындап кетер,-деп теңіз жағалап отырған шағын ауылдың шеткісін қамшысымен нұсқап:
- Мына үйге тоқтаймыз,-деді қора-жайы келісті, биіктетіп үйген пішені мол зілмәңкеге көңілі толған кейіпте.
Ортаңқол шаруасы бар, балықшы үйдің отағасы Түнеш, аман-саулықпен қатар «төрлеңіздерін» айтты. Құдайы қонақтар ат басын тіреген сәттен есігін ашып, жолшылардың үлкені ғой деп, өзін қолтықтап аттан түсіргеніне Есқали қарттың іші жылып, ойына «көргенді адам болдың-ау» деген сөз келе қалды.
«Қонақ аз отырып көп сынайды» демекші, талайды көрген Есқалидың көзіне шай әзір болғанша анасына көмектесіп жүрген 12-13 жасар шамасындағы сұңғақ бойлы, ажары айдай ашық, нұрлы жанары өткір, қыр мұрын, құмырсқа бел, бұрымы тобығын қаққан сұлу бойжеткен еріксіз шалынды. Жасы он үшке келіп, отау иесі деп жүрген үлкен ұлы Әліпке «осы баланы айттырам-ау, асылы, бізді құдай айдап әкелген болар бұл үйге. Қағу көрмей өскені пысықтығынан білініп тұр, кісіні жатырқамайды, бірақ ізетті, ибалы бала екен» деп бір қойды іштей. Толыбайдай болмағанымен аттың сынын бір кісідей білетін Есқалидың көзі қақпақтай жауырынға, қыпша белден төменгі тоқ жамбасқа кідіріп: «бұйырса қиналмай балаңды туып, ұрпағымды қойдай өргізетін қарағым болармысың»деген ойға келді.
Мыңтөбенің бұлар отырған Айбас құмы бойында Есқали қарияға тоқтамайтын жан жоқ. Үлкені де кішісі де көсем-көкелерін құдайындай сыйлап, ақылын тыңдайды, айтқанымен жүреді. Қиянатқа қия басқан әлдебір тентегі жайлы естісе, алдына келтірмей қоймайды. Жон арқасын сегіз өрме бұзаутіс тілгілеген әлгі бейшара тізесі дірілдеп кешірім сұрап, енді қайтып мұндайға бармауға ант-суын ішеді. Осы ақылгөй, алымды да шалымды Есқали ақыры сол жылдың көктемі түсе теңіз шарлап тіршілігін балықпен де тыңайтқан Түнештің үйіне құда түсіп, қалың малын апарып, ақыры көз нұрын суарған сұлу қызын Әліп ұлына өмірлік жар етіп қосақтады. Дәулеті шалқыған Есқали Айбас бойына айлап жатып күй шалатын әйгілі Динадан бастап өңірдің балбармақ күйшілерінің біразын алдырып, бұл маңайда болмаған бір той өткізді, тұңғыш ұлы 13 жастағы Әліпке арнап. Ат шабыс, құнан, тай жарыстан ат жетектеп кеткен шабандоздардың, көзін ойнақшытып асау өгіздерді олжалаған палуандардың кімдер екендігі Айбастағы көнекөздердің сақалдарын саумалап қойып айтар әлі күнге әңгімесі.
Сонымен, кейін аузынан шыққан сөзі «Көбейгірден» басталып, есімі елге «Көбейгір» болып тарап кеткен бұл келін Есқали әулетіне 13 жасында келіп 13 ұрпағымен өрісін ұзартты, абыройын асырды, оң аяғымен аттаған босағасына береке бітіреді, ырыс-бақ дарытты, өзі де бақытты болды.
Басында, дейді екен «Көбейгір» анамыз:
- Мен он үште, отағасы да он үште, көрмей, білмей үйлену деген осы ғой, ұялшақтап бір-бірімізге жуымай қойдық. Отағасы менен киіз үйді айналып қашатын, мен одан... Күндер өте келе, айларды артқа сала табыстық, ол мені, мен ашаң жүзді, келбетті, жанары ой мен мейір төгіп тұратын, асып-саспайтын, дарақылықты, артық ауыс қимылды білмейтін байсалды, домбыра десе бар дүниені ұмытып, күй сазымен мүлгіп кететін оны жақсы көріп кеттім. Оның да мені көзімен ішіп-жеп тұратынын сезіндім. Бір-бірімізге әбден бой үйреткен соң бір көпшікте басымыз түйісті. Бұл мәселе де жеңгелеріміздің жетелеуімен. Мен де ол да он тоғыз жасқа келгенімізде тұңғышымыз өмірге келді. Ылғи да бірімізді-біріміз көргіміз келіп, ынтық көңілде жүретінбіз. Махаббат-сахаббат деген пәле осы шығар шамалауымша.
- Әй, Сағадат, айтпасты айтқызып отырсың ғой, сен маған, көбейгір, болды, өз тірлігімізбен айналысайық,-деп тулапты бірінде Шамқа осыларды айтып бола. Сағадат деп отырғаны Құрмашы, Қоңқашы, Құрашы, Әсимасы, Сақташынан кейін көрген егіз ұлының бірі - Есенбайының жұбайы. Оңтүстіктің аруы, Жамбылдың Қордайынан. Перінің де тілін табатындай епті, қойыны-қонышыңа кіріп кететін сұлу сөздің әйелден шыққан су жорғасы. Бір басына құдайы ажар-көрікті де аямай берген. Жанары жарқылдап, әзілдесіп, кіммен де тіл табыса кетеді. Үйіне қонақ келсе ағынан жарылып құрақ ұшады. Ұстаздық жұмысы, ас-ауқат мәселесі, бала күтімі, азамат қамы оған сылтау емес. Түнеріп келгенді жадыратады, артық кеткенді майдалап отырып сабасына түсіреді. Ауыл-аудан мойындаған «Көбейгір» енесіне көп қылығы ұқсас келін болып қалыптасты. Содан да ғой енесіне айтқызбас сырын айтқызып отырғаны.
Әліп атамның әулеті ұрпағынан-ұрпақ өскен, ауыл-аумақты былай қойғанда аудан-облысқа, тіпті Республикадан бері қарайғы қонақтар түсетін елге белгілі шаңырақ атанды. Он үш ұл-қыздың үшеуі ертерек бақилық болса, қалғандары ылғи оқып-тоқыған құрылысшы, инженер, экономист, ұстаздар болып бір-бір мамандықты еншілеп, бір-бір шаңырақты шалқытып ұстап отырған үйлі-барандылар. Мана алдыңғы буын аталғанда, жастары кіші екеу айтылмай қалды. Олар: ағалы-қарындасты Аманжол, Гүлжиһан екеуі де ауданның мақтан тұтар ұстаздары. Әліп ата ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы кеңшарда бас есепші болып еңбек етті. Осылардың ішінде екінші ұл Қоңқаш ғана оқымай қалып, жастай сиыр бақташысы болып жұмыс жасады. Оқымауы себебі қаршадайынан үйдің бес батпан тірлігін жалғыз өзі атқаратын анасы «Көбейгірге» көмекші болған, кейіннен анасының қасында томпаңдап жүретін тілалғыш ұлы анау-мынауға бас ауыртып жатпай кеңшардың табын-табын сиырын бағып абыройлы болды. Кеудесіне «Құрмет белгісі» ордені жастай тағылды. Құдай қосқан жұбайы Зібира да ерінен қалыспай бірнеше дүркін ауданның «чемпион сауыншысы»», әлденеше қайтара аудандық кеңестің депутаты болды. Алмаған атақтары, бармаған жерлері жоқ. Кеңшардың малына қоса, өз малдары да көбейіп өсті. Бауыр десе жүрегі езіліп тұратын Қоңқаш әке шаңырағының да, бауырларының да қыстық соғымын, той-томалаққа қажетті етті жылдар бойы өтеп келді. Үйлі-баранды болған бауырларының балаларына күйі келіскен ірі қара мал атау оның міндетіне айналғандай. Демалыс дегенді білмей, малмен таңы атып, малмен күні байыса да ерлі-жұбайлы Қоңқаш-Зібира шалқып өмір сүрді. Зібираның әкесі Қамариден «Үйшік-Аштархан» темір жолын салу» деген қара жұмысқа ықтиярсыз алынып, ауыр еңбек үстінде шалдығып өлген соғыстың алдыңғы жылдары. Жұбайы Секер бір ұл, бір қызын құшақтап жалғыз өзі қала барған. Тірлік үшін арпалысып, қашан қол-аяғы сырқырап белі көтертпей пайдадан қалғанынша әртелден бері қарайғы құрылымдардың малын сауған. Жалғыз ұлы Тәжімұрат кейін белгілі болғанындай бір белсендінің баласының орнына он жетіге толмай жатып соғысқа алынған. «Ерлік өліммен қаза тапты» деген қара қағазды белсенділер колхоздың сауыны қалып қояды деп, қашан соғыс аяқталғанша бермей қояды. Соғыс біткен соң естігенімен, «қой, олай болуы мөмкін емес, менің ұлым келеді» деп қара жолдан қылпы көрінген жанның алдынан шығып, тәсі қайтса да «келеді» деген сеніммен өмірін аяқтаған сормаңдай «қара кемпірдің» бірі де бірегейі.
Секер-«қара кемпірдің» жалғыз қызы Зібира жесір атанған анасын көзін қадаған кім көрінгеннен қызғана жүріп ол да бой жетті. Әуелі колхоздың, кейіннен кеңшардың табын-табын сиырын сауа жүріп, Әліп атаның екінші ұлы бақташы азамат, Қоңқашпен танысып, күндер өте келе бір-бірін түсінісіп, ұғынысып, ақыры жұптасып тынды.
Қызының бақытын тілеген кейуана Секер әже көз жасын сығымдап, қараша үйдің ішінде жалғыз өзі қала барды. Бірақ, бұл жалғыздық ұзаққа созылмады. Көргені көп құда-құдағиы Әліп-Шамқа («Көбейгір») ұлы Қоңқашты алдарына келтіріп:
-Енеңді қолыңа аласың балам, жалғыз кемпірді ана жерде шошайтып қойғанымыз жарамас, құдағидың онсыз да тартқан тақсыреті, шеккен қайғысы аз емес, өздеріңмен бірге болсын,-деді.
Баламның қисайған жағынан тұрмайтын қырсықтығы да бар еді, көнбей қоймас па екен қаупімен Әліп қартынан кейін «Көбейгір» анасы сөзге араласып:
-Құдағидан пайда болмаса, зиян көрмейсіңдер, тілектеріңді бізбен бірдей тілеп, тірліктеріңе ақылын қосып отырады ғой. Оның үстіне, түсте, кешке келгенде дастархандарың жаюлы, самауырларың қайнап, тамақтарың пісулі тұрар, құдағи қолы алдына сыймай қарап отыратынның сортынан емес те, бұйырса құдай берген балаларыңды бағысар,-деп «Көбейгір» анасы Қоңқаш ұлының алды-артын бірдей орап тастады. Сөзге сараң азамат «жақсы-жақсы» деп елпілдей қоймаса да ата-анасының жөн сөзін іштей құптаған ниет білдірді.
Арада өткен бір қыдыру жылдар «Көбейгір»-Шамқаның айтқанын бұлжытпай алға тартты. Секер ана:
-Ей, жаратушы құдірет, жалғызымнан қызық көрсетпесең де, ұлыма татырлық күйеу бала бергеніңе мың мәрте Алғыс ,- деген тағзымын ауызынан тастаған жоқ, қашан өмірден өткенше айтқандай күйеу-қызынан көрген тоғыз бірдей жиендерінің өсіп-өнуіне, мектепте оқуларына, жұмыстан шаршап келгенде ас-суларын әзірлеп қоюларына бүкеңдеп жүрсе де біліктілік көрсетті. Көп сөзге жоқ Әліп қартын өмір бойы Әлеке деуден жаңылмаған «Көбейгір»-Шамқаны Әлекең де Шәке,-деуінен жазбады. О баста кемпірі оған:
-Әлеке, не ойлағаның бар, ағайын-тума, ауыл-аймақтың жақсыларын қонақ қылмай отырмаймыз ғой, Секер құдағиды бірге алуды әдетке айналдырайық, көбейгірді,-десе, көп сөзге жоқ қарты қайдан қарсы болсын:
-Мұның табылған ақыл екен, өзің солай ұйымдастыра берсең болды емес пе,- деген де қойған.
Сөйтіп «Көбейгір» құдағиының арқасында Секер бұл үйдің төрінде жаулығы ақ шатырдай болып отырудан қалыс қалып көрген емес. Өмірі қиындықпен өрілген соғыс жесірінің бастапқыда мынадай құрметтен қысылып-қымтырылғаны рас. Тіпті бірінде Әліп қарттың Алматыдан домбырашы інісі, әйгілі Әзидолла Есқалиев бір топ әртіс-серіктерімен келгенде:
- Құдағи төрге шықсын!-деп, өңкей ығай мен сығайларды былай қойып, мұнын орнын төр еткен де - «Көбейгір»-Шамқа құдағиы. Қандай кішіпейіл жандар дейсің, ел-жұрт қоғадай жапырылып:
-Әзеке,-деп жалпаң қағып жатқан жымия күлген жұмсақ жан ысырылып жанынан орын берді.
Құрманғазы атындағы кеңшардың табын-табын малын баққан Қоңқаш-Зібираның қоныстары кеңшар орталығынан алыс емес, әрі кетсе 7-8 шақырым жерде, Зібираның күрпілдетіп сиыр сауатын пермісі де осында. Бұл «Көбейгір»-Шамқаға тіптен жақсы болды. Кеңшардың кез-келген автокөлігін тоқтатып мінеді де келін-баласының үйіне тартып отырады. Ешкім оның бетіне келмейді. Аяқасты автокөлік керек болып қалған басшысына әлгі жүргізуші:-«Көбейгір» маманы перміге, балаларына апарып келдім десе, зіркілдеп тұрғаны да қайнауы басылған самауырдай жым болатын көрінеді. Өйтпей қайтсін, осы ауылдың басшысы оның қосшысы да есігі жабылмайтын бұл үйдің төрінде талай төрлеп жатқандар, «Көбейгір» шешелерінің ықыласына мелдектеп тойғандар.
«Көбейгірдің» аяқтасты перміге шапқыласа, жаны құтырып жүрген жоқ. Не бір ағайыны, иә бір сыйлы қонақ осы ауылға келіп, «қонақ түсетін үй» болып о бастан қалыптасқан Әлекеңнің шаңырағына бас сұғады екен. Қашан осы Дыңғызылдың тірілеріне сәлем беріп, марқұмдарына бата етіп болғанша үш-төрт күн өтсе, сол қонақтардың қона жататын үйі осы шаңырақ. Бұл апта сайын қайталанып жататын дағды. Кеңселерінің алдында іштегі басшыларын күтіп тұрған автокөліктердің бірінші кезіккеніне:-Әйда балам, кеттік перміге, бастығыңа өзім айтам, деуінен жаңылмайтын жаулығы дағарадай, көйлегінің етегі жер сызған ұзын кемпірдің бетіне ешкім қарсы келмей дүр еткізіп көлігіне от алдырып, ызғыта жөнеледі. Көргенәлі директордан бастап барша басшы-басшысамақтардың автокөлігі оның құзырында. Ерке кемпір «Көбейгірдің» қолынан дәм татпағаны болмас сірә, бұл маңайда. Барғанда келер қонаққа малшы баласының бір қойын өңгере, қаймағы, сүті, сары майын іле қайтады. Келіні жұмыста, үйдегі Секер кемпір құдағиы жүгіре басып қажеттерін түгендеуге көмектеседі, жайраң қағып. Аллаға шүкір, Қоңқаш баласының шаруасы шалқып, үкіметтікі де, өзінікі де басына-бас қосылып, өсіп жатыр. Перміде отырғанмен бұл үйден де қонақ арылмаса қартайған аналары Секердің демеуімен бәрі де үйлесіп жатыр. Бірінде түске жақын уақытта:
- Үйге менімен бірге ауданнан келген төрт-бес азамат, өзіміздің директор да бар, шайға барамыз,-деді бас есепші болып істейтін Әліп қарты. Солай деді де мұның сөзін тыңдамастан телефон тұтқасынан қоя салды. Қарты солай десе,бұған сенгені.
- -Әй, Әлеке-ай, соның бәрі сендерге айта салуға ғана оңай, барды ұқсатып беруге дайындық, уақыттың керектігін ескермейтінің-ай,- деді де, самауырына шоқ салып, көрші келіншекке қалғанын тапсырып, өзі су тасып жүрген «водовозды» тоқтатып мінді де перміге қарай құстай ұшты. Келсе Секер құдағиы қазандықта пісіп жатырған еттің шоғын көзеп жатыр екен:
-Құдағи, жай шаруа, Әлекең түстікке бірнеше азаматтарды әкеледі екен, енді ет асып үлгермеймін, мына пісіп қалған етіңді 10-15 минут қайнатып, іңкәлін саламын да кәстрөлге қотарып алып кетемін, бүгінше амалдаңдар!
Түстікте қонақтардың алдына былбырап піскен бағыланның еті келгенде кеш айтылғанын білетін директор Көргенәлі:
-Жеңеше қалай үлгердің?-демесі бар ма, жеңгесінде жасырын сыр бар ма:
-Перміге барып, Қоңқаштың қазанында пісіп жатырған осыны кәстрөлге қотарып алдым. Ас алыңдар, жүгірген жетпейтіні, бұйырған кетпейтіні рас қой, сендерге бұйырған екен, алыңдар, айналайындар,-деп ағынан жарылды. Сөйткенше, бүлкілдеп қайнағанын ызыңымен білдірген болыскей самауыр да көрші келіншектің қос иығынан демеуімен босағадан аттап кіріп келе жатты. Қонақтар мәз, «Көбейгір» кемпір олардан өткен мәз, құдай ниеттеріне беріп тұр, тартынары жоқ. Осы оқиға кейіннен сол қонақтардың аузымен айтылып, әлі күнге еске алатындар барлығын қайтерсің?!
Тек арасында көп сөзге жоқ қарты Әлекең «Көбейгір»-Шамқасына:
-Сен басшылардың көлігін мініп кете бермесеңші, кеше зоотехник аяқ асты ауданға баратын болып, біраз кідірістеген соң өзімдікін бердім,-деді. Оған аузын бұртитқан баладай. «Көбейгір» қарап қалсын ба:
-Совхозда жалғыз сол көлік пе, біріңдікіне-бірің отырып, солай амалдасаңдаршы, маған да керек болды ғой, Көбейгірің!-деп қоя салды.
«Көбейгір» өте көпшіл, көңілі кең, барды-бар, жоқты-жоқ деп турасын айтатыннан. Осы өңірде оның тәрбиесіне жүгінбейтін кемде-кем, шайпау келіндердің талайының жынын қағып алғаны жиі айтылады. Енелерінен запы болған ауыл келіндерінің талайы алдына келіп, көз жасын көл қылса, «кімдікі жөн!» әуелі осыны анықтап алады да сосын әрекетке көшеді, көбейгірлеп жүріп. Үйінің айналасы қоқыстан ыбырсып жатса, кірдің суын есіктен шыға сала төге салса, «Көбейгір» қарап қалады деп ойлама! Өзі қандай таза болса, үйінің іші-сыртын бірдей таза ұстап, көрші-көлем, ауылдастардан да мұнтаздай тазалықты талап етеді. Көктем түсе 1-мамыр, Жеңіс күні мейрамдары келмей тұрып үйлердің сыртын әктеуді ауылдастардан түгел талап етсе, біздің міндетімізді орындап жатыр дей ме, селолық кеңестегілердің көктен тілегені жерден келіп, мәз болады ғой, шіркіндер! Біздің үйдің отанасы Зоя немересі «Көбейгір» мамасын есіне алып жүрегі елжірейді. «Әй, әрмиядан жаңа келген кірзі етікті солдат сияқты тарсылдатып тақылдатпай, жай жүріп, жай тұрып үйрен, қыз баласың» дейтін сөзін кейіннен өз қыздарыма айтатын болдым, енді немере-жиендеріме...
Мамам қызық еді-ау, жарықтық, «Дыңғызыл-құм қызыл» деп Жұмекен нағашым жырласа, жарқырай керіліп, тып-тыныш момақан жатқанымен уілдеп жел тұрса үй айналасына құм иіреді, жүріп-тұруды қиындатады.
Құм да болса, оның бейбастақтығына жол бермейді біздің мама. Сағат үштерге таяу алты сабақтан шаршаңқырап келе жатқан бір топ бала бізді күтіп тұрып, өзінің бұйрығын жариялайды:
-Так, балақайлар, самауыр қайнап, бір табақ бауырсақ пісіп сендерді күтіп, дастархан әзір тұр. Қолдарыңды жуып үйге кіресіңдер, ас-ауқаттарыңды әбден ішіп болған соң «құммен күрес» деген субботникке шығамыз,-дейді. Маманы сыйламайтын кім бар, бір-біріне күлімсірей қарасқан сыныптастар үйге толып кіріп, шай ішеміз. Сосын біріміз ескі алаша, кенепке құм салып, қолы жеткендерге носилка бұйырып мамамның «Құммен күресіне» кірісіп, қыза-қыза үй айналасын тап-таза етіп береміз.
Апта сайын болмағанымен ай сайын мұндай сенбіліктері бізді, бізден басқа да ауыл балаларын күтіп тұрса, бас тартқанымыз жоқ. Үйдің айналасын шөп басып кетсе де-сенбілік! Қыста қар аршысу да - қолға жұқпайтын жұмыс.
«Көбейгір» ұйымдастыру мәселесіне келгенде алдына жан салмайды. Онысы ауыл-аймақтан асып ауданға тарап кеткен. 1969 жылдың жазы еді-ау, ол уақыт. Бұл үйдің егіз ұлдары Аманбай мен Есенбай бірі болашақ экономист, бірі инженер Алматы ауыл шаруашылық институтын бітірежақ кезде Аманбай медицина инситутының студенті Фатимаға, Есенбай қыздар мемлекеттік институтын бітірежақ түлегі, болашақ музыка маманы Сағадатқа үйленетін болып, тойлары сол ару қала-ол кездегі астанада өтетін болып келісілген. Той шығыны ата-ана Әлекең мен Шамқа-«Көбейгірдің» мойнына түсетіні белгілі. Шаңырақ иесі бас есепші Әлекең сол жайбырақат, жер қозғалса да қозғалмайтын мінезінен айнымай, шотын сартылдатып соғып, бар шаруаны кемпіріне итере салды.
Шамқа дайындықтың Туын өз қолына алды. Неше адам, кімдер барады, мейрамханаға кететін қаржы, китке қажетті және басқа да толып жатқан керектер шығынын есептеп қағазға түсірді. Өзінен тараған он баласының кімінің жағдайы қалай, сол бойынша көмектерінің шамасын белгілеп берді,көбейгерлердің анасы. -Балам, біраздап малыңды сатасың,-деді анасы Қоңқаш ұлына. Ұлының үнсіздігі-келіскені, негізгі шығынды да озат малбегілер Қоңқаш пен Зібира көтерді ақыры, оған қиналып жатқан олар жоқ, қайта екі баланың басы екеу болатынына қуанысып, ебіл-себіл болып баққан малдарының керектеріне жарағанына мәз. Сол уақытта Зібира келіні жетінші ұрпағын өмірге әкелген, жеңілденгеннен кейін үкімет тарапынан берілетін қаржыны да аз деуге келмейді, сонысын да түп-түгел шашу етті мөлдіреген қос тамшыдай қайнілерінің тойына.
Бұл Зібираны «Көбейгір» енесі өзгелерінен биігірек көретіні Қоңқашына сенімді серік болғаны үшін де! Қамариден қызы деген әке есімінен ауысып Әліпова атанып, еңбектің жұлдызы, ауданның бірнеше дүркін сүт сауудан чемпионы, депутаты болғаны үшін де шығар. Әсіресе, бұл Зібира келіні тоғыз құрсақ көтерсе, соның бірде-біреуінде дәрігерге бармаған. Толғағы жететін күнін біліп, өзі қазанға отын жағып, су ысытып, басқа да дайындықтарын жасап, ешкімнің көмегінсіз өзі босанып, кіндігін өз қолымен кесіп, кейіннен бір жақын адамына:
- Бұл баламның кіндік шешесі сен бола қойшы,-деп өтінеді екен. Әсіресе, мәселен таңға жақын, иә, түсте жеңілденсе, түс қайта белін байлап, жүз қаралы сиырының күрпілдетіп желінін созған. «Көбейгір»-Шамқа енесі өзінің көзінше көпіртіп мақтамаса да оны көрсе жүзінен мейірімі шуақтайтыны осындай елден ерек қасиеттеріне, табандылығына, қажыр-қайратына, еріне-серік болғандығына, ақжарылқап пейіліне бола шығар сірә!
Сонымен 1969 жылдың 13-і ақпанында бұрынғы Фурманов көшесіндегі неке сарайында бір-бірінен ажыратуы қиын егіз ұлдар Аманбай-Есенбайдың некеге отыру салтанаты ұйымдастырылды. Екі жастың бас қосуына байланысты барлық жұмыстарды Әліп қарияның туған інісі, қазақтың белгілі күйшісі Әзидолла Есқалиев жұбайы Жаңылсынмен бірге қолға алды. Жұбайлармен бірге оқитын төрт жоғары оқу орнының студенттері осынау салтанатқа куәгерлік етіп құттықтап, құшақтарын гүлге толтырды. Әз-ағаның үйіндегі жаюлы дастарханға ағайын-тума, жақын дос-жолдастар шақырылып, астатөк тілектер айтылды.
Ертеңіне Есенбай-Сағадатымен Әзидолла ағаның Көкшетау көшесінен уақытша тұруға тауып қойған жалдамалы пәтерін көріп келуге кеткенде Алматыда тұратын ағайын-тумалар ауылдан келе жатқан той иелері Әліп ата-«Көбейгір»-Шамқа ананы күтіп алуға әуежайға кетті. Абыр-сабыр болып, артынып-тартынып олар жетті бір кезде. Ағайындар түгел жиналып шай дастарханы дайындалып жатты.
Бір мезгілде «келінімізді көрсетіңдер» деген дауыс бізге анық естілді. Сірә, болашақ ене болса керек, «Көбейгір», әрине! Сағадат келінді немере аға Елеместің жұбайы Марфуға, Фатиманы күйші Әзекеңнің бәйбішесі Жаңылсын қолтықтап, үлкен бөлме толы қонақтардың алдына апарды. Келіндер қазақы дәстүрмен сәлем салды. Ата мен енені жас келіндердің алғаш көруі.
Аталары Әліп қария көзінің қарасынан ағы молдау, қызыл шырайлы, өңді, байсалды өте сабырлы екендігін байқатса, бұларға Шамқа деп таныстырылған ене өзгелерден анағұрлым бойшаң, ірі денелі, өңі сүттей ақ, қызыл шырайы екі бетінің ұшына бояғандай көрініс берген, көздері жаңа туған құлынның көзіндей мөлдіреген, гүл ерін, қақ айырылып таралған қара шашы кемпір болуына қарамастан белін орай төгіліп жатқан заманында болған хас сұлудың өзі екенін айғақтайды.
Аталары Әліп қария ақ батасын беріп, келіндерін әкеліп көрсеткен екі абысынға тырс етіп әмиянын ашып көрімдік ұсынды. Жас келіндер Сағадат, Фатима орындарынан көтеріле бергенде «Көбейгір»-Шамқа ененің: «Сәл кідіріңдер!» деген дауысы саңқ ете түсті. Ол кездегі тойлардың дені «Комсомолдық» болған соң ата-аналары, тума-туыс, бауырлары да қатысатын дәстүр бар. Сағадат жақтан, Жамбылдың Қордайынан ата-анасы, басқасы бар он бестеген адам келген де, Гурьевтің қиян шетінен Фатима келінге ешкім келе алмаған.
Фатима келіннің жүзіндегі кірбіңді байқап үлгерген Шамқа-«Көбейгір» ене:
-Сенің неге көңілің құлазып отыр, ата-анаң жердің шалғайлығына байланысты келе алмайтындықтарын айтыпты. Бірақ, өз қалауыңмен баламның қолынан ұстаған жоқсың ба, Көбейгір!
Жұптасқан өмірлеріңе тек жақсылық тіле, көз жастарыңды көрсетпеңдер, балаларымның көңіліне қаяу түсірмеңдер!-деп Сағадатқа да жанарын туралап қадады, бұл екеуіңе де ортақ талап дегендей.
Қос келін жаймен тұрып, өздеріне бөлінген бөлмеге келіп, бірі-бірін құшақтай кетті:
-Ойбай, отыр дегенде отырғызатын, тұр дегенде тұрғызатын енеге тап болыппыз,-деп Сағадат булыға күлді.
Бәрі де Әзекеңнің беделінің арқасы. 1969жылдың 15 ақпанында Алматының «Жетісу» мейрамханасында егіз ұл, қос келіннің басқосу тойлары гүрлеп өтті. Қазақтың күміс көмей әншісі, Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев беташарды құлақ құрышын қандыра келістіріп, асаба да өзі болды.
Бұл шаңырақта енді алты келін болды. Ең кенже бала Аманжол келер жылы ҚАЗ.МУ-дың филология бөлімін тәмамдайды, бұйырса. Он ұрпақтың ең кенжесі Гүлжиһан Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтында оқиды.
-Келіндерім!-деп сөз бастады ене:
-Бәріңді бірдей көремін. Балаларымның тілегін қабыл алып, осы әулеттің босағасын аттадыңдар, енді тірлігіміз бір, осы үйдің адамысыңдар. Орталарыңда жері-суы бөлек Сағадат келінім бар. Үлкендерің «мен үлкенмін», кішілерің «мен кішімін» демей, елдің салт-дәстүріне, бұл жақтың тұрмыс-тіршілігіне үйренісіп кеткенінше оған білгендеріңмен көмектесіп, бар шаруаны бірлесіп атқарыңдар!
-Фатимажан,-деді оған қаратып:
-Аманбай дүниеге Есенбайымнан жарты сағат кеш келді, демек Есенбайдың ағалық орны бар. Сағадаттың жолы сенен үлкен деуімнің себебі де сол. Осы әулетке 13 жасымда келін болып түскеннен үлкенін-үлкенше, кішісін-кіші ретінде сыйлап, бауыр тұттым, қолымнан келген құрметімді көрсеттім. Екі-үш қайнымның жұбайлары, балаларын, өзімнің үйлі-баранды болған балаларымның әйел-балаларын бір үйдің адамдарындай бірлікте, туыстықта болуларына үнемі көңіл бөлдім. Аталарың үй тірлігіне араласа бермейді. Бар шаруаны қалғандарымыз ақылдасып шешіп, бірлесіп атқарамыз. Алты келінім, сендерге басты айтарым: «Абысын тату болса, ас көп» деп қазағым бекер айтпаған. Сендер сыйластықта, өз жөндеріңді біліп, апалы-сіңлідей тату болсаңыздар, азаматтарың да бауырмалдық шеңберінен шықпай тату-тәтті өмір сүреді. Ағайынның арасындағы араздық негізі орамал тартқан біздерден шығады. Менменшіл, қызғаншақ, дүниеқорлық, өсек болған жерде үйде береке болып жарытпайды, ырыс қашады, ынтымақ бұзылады. Кең болыңдар, «келісіп пішкен тон келте болмайды», сөйтіңдер, көбейгірлер,- десе, бұл үйдің бірде-бір келіні қалыптасқан ынтымақты бұзбай ұрпақтарынан-ұрпақ өргізіп, бақытты ғұмыр кешті, Есқали-Әліп атадан тарағандар. Ал, оған жолбасшылық көрсеткен заты әйел демесең кемел де көреген, ауыл-аймақ қадір тұтқан «Көбейгір»-Шамқа ана екені даусыз.
Зоя немересінің мына сөзі де ойлануға шақырғандай:
-Үлкен маманың тәртібіне сай біз Қоңқаштың балалары әкемнің ағасы ағаш шебері Құрмашты «тәте», ал әкемнің інісі, ұстаз Құрашты «папа» дедік. Өз әкемізді «аға» дейтінбіз. Біздің біразымыз жастайымызда тәтеміздің үйінде жатып оқыдық. Құрмаш тәтенің кейбір балалары Құраш папаның үйінде жатып оқыды. Осылай ағайындылардың балаларын ауыс-түйіс жасамаса, ішкені бойға тарамайтын «Көбейгір» мамамыздың тәртібіне қарсы келген не келіндерін, иә, балаларын көрген емеспіз.
Қай баласының үйінде топырлап басымыз қосылса да кешке ұйықтар алдында мама өзі қарап тұрып, немерелерінің алмасып жатуын қадағалайтын. Мысалы, менің жанымда туған інім Қайырболат жатса, оны орнынан тұрғызып, тәтемнің Кларасының жанына жатқызады да, оның інісі Әбілсейітті менің қасыма әкелгізеді, бір үйдің екі баласының қатар жатуына мүлде жол бермейді. Міндетті түрде екі балаға бір жамылғы, тоңсаң амал жоқ қойындасып жатасың. Бала кезімізде түсінбей маманың мұнысы несі?-деп жүрдік. Кейін өсе келе қайран ақ мама «Көбейгірдің» бауырлар бір-бірінің иісін алып, бәрі бір әулеттің қаны бірге ұрпақтары екенін сезініп өссін дегені екен ғой.
Үлкеніміздің тарылып қалған киімдерін ағайындылардың жасы кішілеріне кигізуді бұйыратын. Әлде бір киіміміз тарлау, не кеңдеу соғып жатса, жасымыз шамалас екеумізге «қане, мына бешпеттеріңді, не көйлектеріңді ауыстырып киіңдер, болыңдар, тез-тез» дейтін ақ мама! Сонда 60-қа тарта немере-жиендерінің бір үйдің баласындай тату болып, ертең өскенде осы қалыптан жазбай бір-біріне қарайласуға, бауырмал болып өсуге баулығаны екен ғой! Бүгін де ағайындылардың балалары бір-бірімізге өліп-өшіп, жоғымызды түгендесіп, той-топыр, келеңсіздеу жағдайларымызға жабыла кетсек, ауырып-сырқай қалсақ бір-біріміздің басымызды сүйесек, ол-ақ мама-«Көбейгір» әжеміздің санамызға сіңірген, бойымызға құйған асыл қасиеті, тәрбиесінің жемісі екен.
Бүгінде өмірде жоқ Сағадаттан қалған сөз:
-Енем өте балажан, мейірімді болды. Бірақ онысы қас-қабағынан білінетін де көп сездіре бермейтін. Кенжесі Гүлжиһан Алматыдан қысқы каникулға келді. Бәріміз шулап құшағымызға алып, бетінен сүйіп жатырмыз. Енем қызына қарап:
-Иә, аман келдің бе, жол қиыншылығын көрмесең болар, ондағы ағайындар аман ба?- деп сағынып жүрген қызымен салқындау амандасты.
Өзімнің анам есіме түсті. Ол даладан құшағын жая келе шөпілдетіп сүйіп, көз жасына ерік беретін, бауырына басып иіскелеп ұзақ тұратын. Мынасы қызық екен деген ой еріксіз келді басыма. Шай ішіліп, ас желініп болған соң қонақтар тарады. Мен сарайда ыдыстарды жуып болып, есікті жайлап ашсам енем Гүлжиһанын бауырына қысып, маңдайынан иіскеп, қолдарын кезек-кезек сүйгіштеп жатыр екен:
-Сағынышымды енді бастым, сен келгенде бауырыма басып құшарлана сүйгім келді. Бірақ, өзімді-өзім тежедім. Сағадатым да анасын сағынып жүрген болар, ойына түсіріп, жылатып алармын деп барынша өзімді салқын ұстағаным, оның ата-анасы алыста ғой, құлыным!-дегенін естігенде шынымен де анашымды қатты сағынып, көзіме ықтиярсыз келген жасты оларға көрсетпей ішкі бөлмеге өтіп кеттім!
Шамқа-«Көбейгірдің» ел айта қалған қызықтары әлі күнге ауыздан-ауызға тарап, үлкен ауыл ішін кезіп жүр. Көшеде кетіп бара жатқан үлкен-кішіні дауыстап сәлемдесе «шай ішіп кетсеңші»-деп, қолынан жетелеп үйге кіргізеді. Ас-суым әзір еместігін қабағымен байқатқан келініне:
-Қысылма көбейгір, қазір нан да піседі, қуырдағың да дайын болады. Мен қонақпен әңгімелесе тұрайын,-дейді. Төргі бөлмедегі өзі жетелеп әкелген қонағымен біраз сыр шертіскенше, шынымен, шай да келеді, толық жабдығымен. Бұл осы бір әзиз жанның бойына сіңіп кеткен дағды, сол қара шаңырақтың төрі бүгін де қонақтан арылмаса.
Қолына тәуір мата түссе, қашан ойында жүрген жандарға сыйға бермейінше көңілі көншімейтін енеге үлкен келін Тәслима:
-Өзіңіз тіктіріп кисеңізші, жұртқа үлестіре бермей,- дегенді айтып қалды бірінде.
- Тәк, көбейгір, олай деме, мен кімге беретінімді білем, оның да иығы жаңарсын, балаларым-сендер аман болсаңдар, менде көйлектің түр-түрі бар емес пе? - демесе ол Шамқа-«Көбейгір» болар ма?!
Егіздің үлкені Есенбай Құрманғазы кеңшарының бас экономисі ол уақытта. Ұлдар мен келіндердің бәрі дерлік оқыған, ұстаз, т.б. қызметтерді еншілеген, айдың соңында отбасына біраз қаржы кіреді. Шай үстінде Есенбай:
-Мама, қазіргі жақсы автокөлік-«Москвич-412» деген.
Әкей екеуіңізге анда-мында қыдырыстауға өте жақсы, жүйрік әрі жұмсақ,-деді.
-Ол машинаға неше адам сыяды?
-Төрт адам еркін отырады.
-Ту одан да қорапты «Газик» алсақ болмай ма, киіз төсеп отырып алсақ үй-ішімізбен сыямыз. Жыңғыл, пішен тасуға да қолайлы.
Үй-іші, қыран-топан күлкіге бөгіп жатыр, қорапты машина жекеге сатылмайды, сол «Москвичтің» өзін қолға түсіру оңай емес ғой,-дейді күлкіден көз жасын сүрткіштеп Есенбайы. Иә, кеңестік жүйе кезінде қорапты машина, тракторларды жекеге алуды ойламайтын да едік ғой, расымен.
Шамқа-«Көбейгір» түрлі-түсті гүлмен бедерленген ақ түсті матадан көлкітіп тіктіріп кең көйлек кигенді ұнататын. Сағадат келіні оны бөлек легенге салып, жеке дара жуатын. Қолының әлі келмей әзер сығып шығаратын. Көршінің үйінен келді де аула ішіндегі үюлі құм үстіне отыра кетті «Көбейгір» ене.
Жанына жайлап келген Сағадат:
-Мама, сізге не болды, жаңа ғана таза қалпында кидіңіз ғой, лас жерге отырмасаңызшы-деген сөздің қалай айтқанын өзі де аңғармай қалды ма, енді ұрыс естимін-ау дегенінше: -Топырақты таза емес деп кім айтты саған? Адам баласы топырақтан жаратылып, қайтадан топыраққа айналатынын біліп жүр! Тіршілікте бір-бірімізге қонақпыз, жер бетіндегі жаны бар пенденің ешқайсысы мәңгілік емес, сондықтан сыйластықта болудың мәні осында. Ал, таза құм үстіңе жұққан анау-мынау кірді алып түсетінін ұмытпа, шырағым!-деп езу тартты. Артықтау сөйледің деп келінін жерден алып, жерге салатын ақылсыз «Көбейгір» емес қой, бұл Шамқа, қайта өзінің өмір тәжірибесінен орайы келгенде келініне өз білгенін дәрістеп қалды.
«Енемнен көп нәрсе үйрендім» деп кейін өзі айтып жүретініндей Сағадат келіні ұзағырақ қолында болғанында көп нәрсе үйренді, адамның білетінінен білмейтіні көп екен ғой шынымен.
Бірінде ол сабақтан келсе 4-5 сауын сиыры кәдімгі өздері ет жейтін табаққа салынған қауын-қарбыздың қабықтарын, нанның қалдығы және басқа да шала желінген тамақтарды күтірлетіп жеп тұрды. Әудем жерде күйбеңдеп бір нәрселерді істеп жүрген енесін көріп:
-Мама, өзіміз күнде тамақ ішіп жүрген, сыры да ұшып бүлінбеген таза табақтарды малдың алдына неге қойдыңыз, енді бұдан қалай ас ішеміз?-деді.
Ененің көзі алақандай болып, сұстана қарады.
-Сиырдың өзі харам болса етін, қаймағын жеп, сүті мен айранын неге ішіп жүрміз? Күтімі келіссе төрт түлік малдың олай-бұлай дейтіні жоқ. Одан да тамағыңды іш те осы табақтарды жуып ал. Судың тазартпайтыны бар ма? Сағадат келін ас-ауқатын ішіп табақтарын ыстық суға сода қосып жуып еді, қайыра айнадай жарқырап шыға келді. «Ұят болды-ау» деп ойлады жас келін. Енесі жекіп қатты ұрыспаса да жөнсіздігін сезініп, төменшіктеп, қайбыртыңқырай жүрді біразға дейін.
Шамқа-«Көбейгір» барлық мейрамдарға қонақ келеді деп қатты даярланатын. Әсіресе Наурыздың 14-не келетін көрісу айтына. Өз үйінен бастап көрші-көлемнің жігіт-желеңі, қыз-келіншектеріне «қыстан аман шықтық, қазақтың жаңа жылына, көрісер айтына мұқият дайындалуымыз керек» деген пәрменін де орындаттыратын.
Жыл сайын ауыл адамдары, ауылдан алыс тұратын бала-келіндері, немерелері, құда-жекжаттары, кеңсе аппаратындағылар, ұжымдар басшылары-қосшыларымен кезек-кезек келіп, бұл үйдің есігін ашып, көрісуді әдетке айналдырған.
Көрісудің бірінші күні сүрленген еттерді, ұнның арасында жатқан қазыларды, тұзға пісірілген көгілдір өркештерді, жілік, жамбас, төс, т.б. сақтағандарын табақ-табақ етіп шығарып:
-Көбейгірлер, көрісудің бірінші күні қазан тоқ болсын,-деп шоландағы төрт құлақты қара қазанға толтыра салып, келіндеріне қайнаттыратын.
Ара-арасында келіп қарап:
-«Көбейгірлер, қатты қайнатпай, табына пісіріңдер бүлкілдетіп, сын маған емес, өздеріңе келеді,-деп ескертуді де ұмытпайтын.
Бауырсақты да бірнеше табақ етіп мол пісіріңдер, дастарханымыз нанға толсын, ырысымыз ортаймасын,-деп те айтып кететін. Кеңшар директоры, кеңсе аппаратындағылар асықпай келіп көрісіп, карталарын ойнап, қыз-қырқын әнін айта жүре мәзірді қоюға, жинауға көмектесіп, мәре-сәре болып қалатын. «Басқа-басқа, жеңешемнің сүрін айтсаңшы» деп қойып Көргенәлі директор шара табаққа қолды көстірте салып, өзі де асаңқырап, серіктеріне де «алайық-алып отырайық» деп көсемсіп жол бастайтын.
Ал, әулеттің құда-құдағилары болса қона жатып аттанып, өздері де үйлеріне шақырып кететін. Көрші-көлем, ауыл үлкендері, бала-шаға да сыбағасыз қалмайтын бір дәурен еді-ау ол кез. Әліп үйінің қазаны үш-төрт күн бойы оттан түспесе, алдын ала дайындығы арқасында. Шамқа-«Көбейгірдің» көл-көсір дастарханынан дәм татпайтын бұл маңайда жан қалмайды-ау,сірә!
Көреген ененің келіндеріне ескертуінің бірі:
-Ас-ауқаттың шұрайлысын артқа сақтаңдар, қонақтың несібесіне қол тигізбеңдер, қонағың босағаңнан разы болып аттанса, ырысың артады! Қонақ әуелі қабағыңа, сосын барып тамағыңа қарайды, жайнап, жадырап жүріңдер, ықылас-пейілдеріңе ішіп-жемей тойып-ақ қалсын,-деу де ененің аузынан жиі шығатын ескерту сөз еді.
Осы Шамқа-«Көбейгірдің» белсенділерге пікір қосатын, ретті жеріңде бұл азаматтардың шаруасы-ау, демей, білгенін туралап айтып қалатыны да ауыздан-ауызға көшіп жүрген көшелі әңгіме.
Кеңшар директоры Көргенәлі ауылдастарымен жиі шақырысып араласқан, көргені көп білікті басшы. Әліп қарияның бас есепшілігі өз алдына кісілігін, байыпты мінезін қатты сыйлады. Сондықтан да оның үй-ішін төріне жиналған қонақтан шет қалдырмайды. Бұл жолы да солай. Қарты мен екеуі тездетіп киініп, Сағадат келінді күтіңкіреп қалды.
Бұл шыққанда оны ененің мына сөзі тосып алды:
-Екіншіде бізден бұрын дайын бол, «шақырған жерге бір жеңіңді киіп, бір жеңіңді кимей бар» дегенді мен емес, бұрынғы бабалар айтып кеткен, бабалар өсиетін мансұқтауға болмайды, киесіне ұшырайсың, көбейгір! Және де сабақты, басқаны сылтау етіп, қонақтан қалып жүрме, еріккеннен ешкім шақырмайды, ниетіне ұшырайсың, көбейгір! «Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың» да бабаларымыздан қалған өсиет!
Аста-төк дастархан, көл-көсір пейіл үстіндегі еркін отырыс, ән де шырқалды, күй де шалынды. Сөздің орайы бір келгенде Көргенәлі директор нөкерлеріне қаратып:
-Жігіттер, біз ылғи қой өсіретін шаруашылықпыз, кеңшарды мүйізді ірі қара өсіретін ұжымға айналдырсам ба деп көптен ойланып жүрмін, қалай болар екен, ақыл қоссаңдаршы-деген өтінішін тастады ортаға.
Бұл бір күтпеген жай болды ма, үнсіз тыныштық орнады. Осындағы шаруа білетін бас зоотехник, бас экономист, бас мал дәрігері, орта буын мамандар сілейіп қатып қалғандай. Кенет төрде отырған Шамқа-«Көбейгірдің» өткір дауысы қырандай саңқ етті:
–Қой, қайным, мұның дұрыс емес, сиыр дегенің шаш етектен шығын. Шалқып отырған шаруаңды бүлдіріп аласың, сиырдың ішіп-жемі мол, пайдасын жоқ демеймін, бірақ шығыны өзін-өзі жаппайды. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір»-деп бабалар текке айтпаған болар,-дей келе:
-Әй, көбейгірлер, мал мамандары неге ақыл қоспайсыңдар,-деп айналасына барлай қарады.
-Жеңеше, өзім де шығынынан қорқып жүр едім, азаматтарға ақыл салып жатқаным ғой, «сиырға көшіп ал»-деп жоғары-төменнен ұсыныс етіп жүргендер де бар, ойланып көрсем, сіздің айтқаныңыз да жөн-ау осы,-деді, парасатты басшы сөзін жаймен сабақтап.
Айтқандай жылдар өте келе Құрманғазы ауданының бірөңкей сиыр малымен қалған кеңшарларының шаруалары шатқаяқтай берді. Пайдасы шығынын жаппады. Ал, таза қой шаруашылығымен айналысқан кеңшарлардың экономикасы тұрақты өркендеді. Соның бірі-Құрманғазы атындағы ұжымшар. Осыдан соң Шамқа-«Көбейгірді» әулие демей гөр! Өйткені, ол күйеуі соғыстың қара жұмысына алынғанында елде шиеттей бес баламен қалып, өлместің қамы үшін колхоздың сиырын бағып, үкіметке қаймақ пен сүтті жоспарға сай өткізіп, көк шалап айранмен күнелтісін айырған, сиыр бағудың пайдасы мен зиянын бір кісідей білетін Шамқа-«Көбейгір» еді ғой, не керек.
Сол көк шалап сүт қаймағы алынса да бұлардың да, көрші-көлемнің үлкен-кішісінің де өзегін талдырмады, әйтеуір аштықтан аман алып қалды. «Қара су да көрінім жерге жеткізеді» делінген, оның қасында малдың желінінен шыққан нәр ғой, нанның орнына жүрмесе де, өлместің қамына жарады әйтеуір, көздерін қарайтқан жоқ.
Шамқа –«Көбейгір» үйдің сауын сиырлары алдына өздері ас ішетін табақтарға салып ас берсе, Зеңгі баба тұқымының қадірін білгендігі. Кейуананың жүрегінде сол бір қиын уақыттың шемен боп қатқан талай сырлары жатыр ғой. Бүгінгілерге ол аңыз-ертегідей. Сол себепті ондайды көрмей өскен Сағадат келінін де, өзге ұрпағын да кінәлай алмайды.
Бұрын «Қызыл оба» аталған елді-мекен - бүгіндері кешегі соғыстың қаһарман батыры Ғиззат Әліпов ауылы. Сонда болған колхоздың қиындығын Шамқа-«Көбейгірмен» бір бөліскен аналардың көбісі бір төбенің басына барып бір төбе құрады. Азын-аулақ қалғандарының өзі сол күндердің бейнетінен жүріп-тұрулары қиындап, бойларынан әл кеткен.
Әбден еңкейген Қалима ғана балаларының көмегімен өткен әзірде келіп, Шамқа-«Көбейгірдің» бұлдамайтын көп жақсылығын айтты. Екі мұңлық сол күндердегі ебіл-себіл тірліктерін, әлдіден болған қиянаттарын, ауыр бейнеттерін айтып, көз жасқа да ерік берді.
-«Көбейгірім»-ау бойыңнан әлің құрып, қолыңнан айырың түспей жамау киім киіп, жадау тірлік құрап жүрсек те сен осы сөзді ауызыңнан тастамаушы ең, ақыры Алладан тілегенің болды, он ұрпағыңнан қызық көріп, ел-жұрттың алақанында жүрсең, ондық еңбегің де, өнегең де, тек өз шаңырағыңа ғана емес, төңірекке түгел түсірген сәулелі шуағың да аз емес, ұзағынан болғай!
Көк шалап айраныңды қиналып жүрген маңайға қасықтап жеткізіп, қажымауға, уақытша қиындыққа мойымауға жігерлендіретін өзің едің ғой, "Көбейгірім!» Сенікі-менікі демей, буыны бекіп, бойы өскен балаларды түгел еңбекке баулыған да өзің едің, одан жаман болғаны жоқ. Қиындық көріп өскен сол кездің балалары бір-бір азамат-азаматша болып қалыптасса да, әлі күнге сенің есіміңді айтып «ақ мамалап» отырады. Іштей Тәубаға келіп, өлмей қалып, өсіп-өнуімізге себепші болған өзіңе Алла әлі де ғұмыр берсін, саулығын кемітпесін, балаларынан қызық көре түссін, қарты Әлекеңмен бір көпшікте түйіскен бастары ажырамасын деп күнде тілеп отырамын. Сол күндергі жақсылығың бізден қайтпас, бірақ жаратушы құдірет жалғыз Алланың өзінен қайтсын, енді қайтіп көрісе алмасақ, қиямет мақшарында рухымыз табыссын,-деп, бір-бірімен құшақтары әзер ажырасып хош айтысты. Қалима әжеге жиі айтатын Алласы ишара берді ме, оның бұл үйдің есігін соңғы рет ашуы екен.
Шамқа-«Көбейгірдің» соңғы кездері беймәлім сырқаты үдей түсіп, жүдегеннің үстіне жүдеп, сырықтай жіңішкеріп қалды. Көңілін сұрай келген кімге де бойын тіктеп жарқырап амандасқанымен қуқыл тартқан жүзі, ұясына тереңдей түскен жанары бойына қонған дертті бәрібір жасырып қала алмайтын. Алыс-жақындағы білікті деген дәрігерге қаралып, бақсы-балгердің біразын адақтады. Бірақ, күннен-күнге тамағынан ас өтуі қиындай берді. Соңғы рет облыс орталығындағы «мықты біледі» деген дәрігерге жеңіл көлікпен апарып қаратты қарты Әлекең мен балалары. Өзіне айтпағанмен, өмірлік серігінің жүзіндегі ауыр мұң, балалары жік-жапар болғанымен олардың көңілсіздігін ұқпай қалатын Шамқа-«Көбейгір ме?»
- Түрліше дәрілерді жазып берді, қазір аламыз, соны күнбе-күн ұмытпай ішуің керек, Шәкем,-деді оған өзінше еркелеткен болып қарты.
Оларға білдіртпегенімен іштей жағдайының қандайлығын шамалап:
- Жақсы, өлмейтін пендесін Алла жаратпайды, туралап жіберсе, қарсы алдық, тек артым тыныш, бала-шағам аман болғай деп бекінді.
Ол күн өткен сайын аққудың мойнындай жіңішкеріп, тарамыс денесінің еті босап, жүзі қуарып, өңі қаша түсті. Бірақ, сонда да балаларының қой дегеніне қарамай күнделікті қыбыр-жыбыр үй шаруасынан қалғысы жоқ.
Әдеттегідей ботасын қосып иітіп, бүгін де інгенін сауып келіп, сырлы шелектегі аппақ сүтті табаққа сыздықтата құйды.
–Тәслима,-деді үшінші ұлы Сақташының жұбайына қаратып, олар араларында үй жоқ, көрші тұратын.-Әлгі күрең сиырдың баспағы бүгін үшінші күні өрісінен келмей жүр, сен соны іздеп тауып әкел.
–Зоя!-деп дауыстап шақырды бақташы ұлы Қоңқашының естиярын.
–Сабағыңды сосын оқырсың, көбейгір! Мына тізімге жазған тағамдарды алып кел дүкеннен.
-Мамаң қалай, тәуір ме-деп жатыр ауылдас апалар да келіншектер дүкен ішінде бұған.
Бұл болса, «тәуір» демей не десін, жаңа ғана інгенді сауып, өздерін жұмсап отырған әжесін. Тізім бойынша айтқандарын алып, қалған ақшасын қолына қысып үйге келсе, нағашы әжесі Секер жылап, төргі бөлмеден шығып келеді екен, «неге жылайсыз?»-деп сұрады аңтарылып ол.
-Мамаңнан айырылып қалдық,-деген сөз есеңгіретіп, төргі бөлмеге кірсе, бетін ақ жаймамен жауып тастаған мамасының жанында атасы орамалымен көз жасын сүртіп отырды. Бұл атасының алдына құлай кетіп қосыла жылады.
Кейін білді ғой, Есенбай-Сағадатымен, Аманжол-Натифасымен бәрі де ұстаздық қызметінде. Өз жұмыстарында жүрген ұлдары-келіндері, Әсима қызы-Зариф күйеуіне, басқа да ет жақын ағайындарына Темірболат пен Әбділда үлкен немерелерін «кештете біздің үйге келсін» деп жұмсаған. Бас есепші қартының айтуынша оған:
-Әлеке, үйге келіп кетші,-деген телефонмен.
Он үшінде отау иесі болған, бүгінге дейін шәй деспеген екеу бір-бірімен бақұлдасу сәтінде айтарын айтып, Әлекесінің соңғы сөзін тыңдап бола қол-аяғын созып бақи дүниеге аттанып жүре берді. Ешкімнің мазасын алмай, тек қартымен екеуі ғана болып, қыздай қосылып бетін ашқан Әліп оның иманын үйіріп, маңдайынан соңғы рет сипап, бетін жапты.
Ерекше өмір иесі-Шамқа-«Көбейгір» ерекше өлімімен де ел-жұртының есінде біржола қалғаны анық.




