Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Орхан ПАМУК: «ЖАЗУШЫ» «СЕЗІМ МУЗЕЙІ» РОМАНЫНАН ҮЗІНДІ (басы өткен санда)

Бұл кітапты жазу үшін мен Орхан Памук мырзаны іздеген болатынмын. Оқиғаны әңгімелегенді жақсы көретін, өз ісіне жауапты бір адам деп естіген едім. Әкесі мен ағасы, әкеммен, біздің туыстарымызбен кезінде бірге жұмыс істеген екен. Памуктер байлықтарын жоғалтқан ескі Нишанташы әулеттерінен болатын, сондықтан да басымнан кешкен оқиғамды жақсы түсінер деп ойладым. Орхан мырзамен алғашқы кездесуімізге дайындалып бардым. Пүсін туралы айтпас бұрын, оған соңғы он бес жылда жер бетіндегі мың жеті жүз қырық үш музейді аралағанымды, билеттерін де жинағанымды, қызығушылық танытар деп сүйікті жазушыларының музейлері туралы да айттым. Илье-Комбредегі «Марсель Пруст» музейінде жазушының романындағы қаһармандарының портреттерін көрудің маған роман туралы емес, жазушының өмір сүрген әлемі туралы бір түсінік бергендігін айттым. «Тагор» музейінде жазушының салған акварель суреттеріне сүйсіне қарағанымды , Балтиморда «Эдгар По» үй музейі маған ұнағаны жайлы әңгімеледім. Орхан мырзаға, өмірімде көрген ең тамаша жазушы музейі Римдегі «Марио Прац» музейі екендігін айттым. Сурет пен әдебиетке бірдей қызығушылық танытқан романтизмнің ұлы тарихшысы Марио Працтың үйіне мен сияқты қабылдау рұқсатын алып барар болса, ұлы жазушының керемет коллекциясының әңгімесін жеке-жеке роман сияқты әңгімелеген кітапты да оқу керек екенін айттым.. 
-Орхан мырза! Сізге басымнан кешкен махаббат оқиғасын  әңгімелеп берсем бола ма?
– Әрине, сізді тыңдап отырмын.
Осылайша Орхан Памукпен  алғашқы кездесуімізде, жаныммен не сезсем, соны бір оқиғадан екінші оқиғаға өтіп, үш сағаттай әңгімелеп бердім 
– Мен Пүсінді танимын, – деді Орхан мырза, – Жастай қайтыс болғанына жаным ашиды. Мына жердегі дүкенде  сатушы болған еді ғой. 
– Шынымен танитын ба едіңіз? Ғажайып жан еді ғой, солай емес пе?! Сұлулығын емес, жан-дүниесін айтып отырмын, Орхан мырза!
– Әрине, оған сөз бар ма?! Сізде шынымен Пүсіннің барлық заттары болса, оларды да көргім келеді. 
    Бір күні Орхан Памук Шұқыржұмаға келді. Бұрынғы ескі үйді музейге айналдырған ғимараттағы коллекцияларымды ұнатқандығын жасыра алмай  шын жүрегімен қуанып, қызығушылық танытты. Кейде бір затты, мысалы, «Шанзелизе» дүкенінде Пүсінді алғаш көргенімде киген сары туфлиін қолына алып оқиғасын сұрайды, мен де сол күнгі әсерімді айтып беретін едім. Кейін жүйелі түрде жұмыс жасай бастадық. Ыстамбулда болған кездерімде аптасына бір рет музей-үйімдегі шатыр бөлмесіне келіп, менің жинаған заттарым мен фотосуреттеріме қарап отырып, романда  не жазылуы керектігін сұрайтын, мен жауап беретін едім. Сөзімді мұқият тыңдап, өзінің қойын дәптеріне  қысқаша жазып алатындығын  ұнататын едім.
– Сіз романыңызды тезірек  бітіріңіз. Қызығушылық танытқандар ол кітапты алып музейіме келсін. Олар менің Пүсінге деген махаббатымды жақыннан сезіну үшін музей ішін аралап қарап жүргенде, мен шатырдағы бөлмемнен үй киіміммен алдарынан шығайын.
– Бірақ сіз әлі музейіңізді бітірген жоқсыз ғой, Кемал мырза, – деп жауап беретін еді Орхан мырза. 
– Әлемде менің әлі көрмеген көптеген музейлерім бар, – деп күлетін едім. Оған музейлердің үнсіздігінен ішімде бір рухани құбылыс оянатындығын айтып, сол күш мені алыс елдерге өзім әлі көрмеген музейлерге саяхатқа шақыра түсетінін айтатынмын. Саяхаттарымнан оралғанда, Орхан мырзаға телефон соғатын едім. Оған көрген музейлерім туралы айтып, билеттерін, таныстыру ақпарат кітапшаларын және өзіме қатты ұнаған кейбір музейлерден қалтама салып алған арзан заттарды көрсететін едім. Осындай бір саяхаттан кейін, өзімнің көрген музейлерім  туралы айта отырып, одан роман туралы сұраған едім. 
– Кітапты жіктік жалғауының бірінші жағымен жазып жатырмын, – деді Орхан мырза. 
– Қалай сонда?
– Кітапта оқиғаны өз атыңыздан әңгімелейсіз, Кемал мырза. Мен сіздің атыңыздан жазамын. Соңғы күндері өзімді сіздің орыныңызға қойып, сіз сияқты болу үшін жұмыс істеп жүрмін.
– Түсіндім, – дедім, – Ал сіз дәл мендей ғашық болып көрдіңіз бе, Орхан мырза?
– Ммм. Тақырыбымыз мен емес, сізсіз ғой! – деп ол үндемеді.
                                                  *** 
-Иә, тақырып ғажап емес пе, Орхан мырза ?! Музейімде тек түрік халқы үшін ғана емес, дүниедегі барлық ұлттарға, өмірімізді мақтан тұту керектігін жеткізгім келеді. Саяхаттадым, көрдім: Батыстықтар мақтанып жүргенде, басқа ұлттар ұялып өмір сүріп жүр. Ал егер өмірімізде ұят деген заттар көрмеде болатын болса, бұл да мақтанатын нәрсе екендігіне көздерін жеткізеді, – деді Кемал мырза.
Пүсін туралы оқиға, музейдегі  заттардан құралған ерекше жағымды орта мені өзіне баурайтын. Пүсінді есіне түсірген сайын шабытпен әңгімелейтін бұл адамды тыңдағым келетін еді. 
– Музейімнің кереметтігі, көрме алаңының барлық жерінен коллекцияларым мен витриналардың бәрінің көрініп тұратындығы екенін ұмытпаңыз, Орхан мырза, – дейтін еді Кемал мырза. – Бұл  жерден өткен заманның заттарын, яғни, барлық оқиғаны сезіне алғандықтан, музей қонақтары Уақыт сезімін ұмытады. Өмірдегі ең үлкен жұбаныш та осы. Мұны да кітабыңызға жазыңыз. Бұл кітапты сізге қалай жаздырғанымды, сіздің де қалай жазғандығыңызды оқырманнан жасырмайық. Кітабымыздың алғашқы нұсқаларын, қолжазбаңызды да жұмыс біткен соң беруіңізді өтінемін, оны да көрмеге қояйық. Кітабыңызды тезірек бітіріңізші. Кітапты оқығандар, әрине, Пүсіннің шашын, көйлектерін, барлық заттарын көру үшін  қызығып, сіз сияқты осында келетін болады. Романның соңғы бетіне, әрине, Ыстамбул көшелерінің  жол картасын да қою керек. Қызығушылық танытқандар музейімізге келер жолды айналып жүріп өздері тауып келе алатын болсын. Пүсін екеуміздің оқиғамызды білетіндер, көшеде келе жатып, мен сияқты естеріне түсіретін болады. Кітабымызды оқығандар үшін музейімізге кіру бір рет ақысыз болсын. Бұл үшін де кітаптың ішіне билетті де қояйық. Күзетшілер кітаппен келген қонаққа «Сезім музейінің» ерекшеленіп жасалған мөрін басып, кіргізетін болады. Оқиғамызға қанша кісінің қатысқандығын, қанша адам бізге куәгер болғандарын сіздің кітабыңыздан оқимын ғой, Орхан мырза. Өзім олардың атын есіме әрең түсіремін.
      Негізінде баяндап жатқан оқиғада орын алған адамдарды яғни оның таныстарын  іздеп тауып, әңгімелесуім  Кемал мырзаға ұнамайтын еді. Бірақ жазушылығымды ұнататын. Кейде кездескен адамдардың не айтқандығын, не істегендерін сұрайтын, кейде оларды керек қылмайтын, менің неге сонша оларға қызығушылық танытқанымды да түсінбейтін. 
– Музейімізге келетіндер, бір күні біздің оқиғамыз туралы естиді және Пүсіннің қандай адам болғандығын білетін болады, Орхан мырза. Кітапты тезірек бітіріңізші, өтінемін. Музейді аралап жүргендер, заттарға қараған сайын, Пүсін екеуміздің махаббатымызға құрмет көрсететін болады әрі өздерінің махаббатын біздің махаббатымызбен салыстырады. Музейдің ішінде көп кісі болмасын, қонақтар Пүсіннің барлық заттарын қарай алсын. «Сезім музейіне» бір мезетте елуден астам адамның кіргізілуіне тыйым саламын. Топтар, оқушы-студенттер  музейге келмес бұрын алдын ала қабылдауға жазылуы тиіс. Батыс елдерінде күн өткен сайын музейлерге баратын кісілер көбейіп барады, Орхан мырза. Біз жексенбі күндері кемеге мініп, жанұямызбен аралдарға серуенге барсақ, еуропалықтар жанұяларымен жексенбі күндері музейлерге барады. Біздің жексенбі күндері Босфор барларына барғанымыз сияқты, еуропалықтар да музей мейрамханаларына барып тамақ ішеді. Пруст өз кітабында, өлгеннен кейін әпкесінің үйіндегі заттардың  бір ашынажайға сатылғандығын, әпкесінің орындықтарын, үстелдерін осы ашынажайда көрген кезде заттардың мұңайып жылағанын сезінгенін жазған екен. Жексенбі күндері  келген адамның көптігінен музейдегі заттар жылайды, Орхан мырза. Батыстағы музей модасын көрген біздің мәдениетсіз, көрсеқызар байларымыз оларға еліктейміз деп заманауи музей ашқылары келеді. Сурет өнерінде ұлтымыздың үлкен білімі не талабы жоқ. Түрік ұлты өз музейлерінен  батысқа еліктеушілікті емес, өз өмірлерін көрулері тиіс. Бұл музей - Пүсін екеуміздің өміріміміз, басымыздан өткеннің барлығы шындық, Орхан мырза. Мүмкін кейбір заттар оқырманға сөредегі заттар сияқты ашық көрінбеуі мүмкін. Сізге өмірімді шынайы сезіммен айтып бердім, бірақ оның бәрін қалай айтып бергенімді менің өзім де білмеймін. Бастан өткергендерімді, махаббатымның қайғысын, Пүсіннің қасіретін, кешкі аста бір-бірімізге қарап жұбаныш тапқанымыздың, пляжда, кинотеатрларда қол ұстасып бақытты болғандығымызды , музейге келетін келешек ұрпаққа бәрінің шындық екенін, нағыз өмір суреті екенін айтуымыз керек. Бірақ уайымдамаңыз біздің махаббатымызды келешек ұрпақ түсінетіне сенімдімін. Енді елу жылдан кейін, Кайсериден автобуспен келген университет студенттері, жастар қауымы немесе есік алдында кезекке тұрған қолдарында фотоаппарттары бар туристер, сол кездегі Ыстамбулдың бақытты ғашықтары, Пүсіннің сырғасы мен сәмкесіне, көйлектеріне, тұздық салғыштарға, сағаттарға, мейрамхана мәзірлеріне, ескі Ыстамбулдың суреттеріне қызыға қарайтын болады. Қоқыс үйлерінде, ұйым жиналыстарында танысқан ыстамбулдық достарымның  кеме суреттерін, газ суының қақпақтарын, сіріңке қораптарын, пошта открыткаларын, әртістер мен танымал адамдардың суреттерін, сырға жинаған жинақтаушыларымызды және ойыншықтарға қарап, басымыздан өткен бұл махаббатты сезінетіндіктеріне сенімдімін. Сол күндері көрмеге келушілер мұражайда Пүсін мен Кемалдың махаббатына құрмет көрсетушілер, оқиғаның Ләйлі-Мәжнүн, Хұсни-Ашық сияқты тек ғашықтарды емес, бүтін бір әлемнің, яғни, Ыстамбулдың оқиғасы екендігін түсінетін болады, Орхан мырза!
                                                       ***
   ...Романымыздың қаһарманы, « Сезім музейінің» құрушысы Кемал Басмаджы, алпыс екі жасында 2007 жылы 12 сәуір күні, яғни, Пүсіннің туған күнінде, Миланда әрқашан тоқтайтын «Гранд  Хотел» қонақ үйінде жүрек талмасынан қайтыс болды. Кемал мырзаның «Өмірімдегі ең маңызды бес музейдің бірі» (қайтыс болғанға дейін 5723 музейді аралаған екен) деген Багатти-Вальсекки музейіне барған сапары екен. Кемал мырзаның қойын дәптерінде «Музей туралы мынандай соңғы жазбалары бар еді :
 «1. Музейлер қыдыру үшін емес, сезу және өмір сүру үшін керек.  
   2. Музейлердегі  заттың рухын коллекция сездіреді. 
   3. Коллекциямыз музей емес, көрме үйі болып саналады». 
Кемал мырзаның Тешвикие мешітіндегі жаназасына, кітабымыздағы кейіпкерлер тізіміндегі адамдардың бәрі қатысты. Кемал мырзаның оқиғасын жаза бастағаным үшін (барлығы да Пүсіннің оқиғасы дейтін) мақтан ететіндіктерін айтты. Мақсатым кітабымды бір кісінің ойымен ғана емес, басқалардың да ой-пікірін біліп жазу болатын. Заим әрқашан Кемалді жақсы көргендігін, өте шынайы адам болғандығын,  досын сағынғандығын айтқан еді. 
– Шынымен Кемал осы Пүсін ханымның барлық заттарын жинаған ба, шынымен музей жасалып жатыр ма? – деп таңғалып сұрады. 
-Иә, солай, музей жасалып жатыр, – деп жауап бердім. – Мен де кітап арқылы осы музейді жарнамалайтын боламын...
                                                       ***
  ...Пүсіннің құрбысы Жейдамен кездескенімізде, ол Пүсіннің бір фотосуретін Кемал мырзаға сыйлаған еді. Жейданың Мачкадағы үйінен шығып, Кемал мырзамен Нишанташыға қарай түннің үнсіздігін тыңдап біраз жаяу жүрдік. 
Кемал «Мерхамет» тұрғын үйінің алдына келіп тоқтады да, маған қарап күлімсіреді. 
– Орхан мырза, сіздің «Қар» атты романыңызды оқыдым, – деді. – Мен саясатты жақсы көрмеймін. Сондықтан ренжімеңіз біраз қиналдым. Бірақ соңғы тарауын ұнаттым. Мен де сол романның қаһарманы сияқты, оқырманға бір нәрсе айтқым келеді. Оған хақым бар ма? Кітабыңыз қашан бітеді?
– Сіздің музейден кейін, – дедім. Бұл сөз арамызда бір қалжың болып кеткен еді. 
– Оқырманға айтар соңғы сөзіңіз қандай болмақ, Кемал мырза?  
– Орхан мырза! Кітабыңызды оқығандар және музейіміздің қонақтары, бізді жақсы түсінеді деп ойлаймын. 
Осы сөздерді айтып тұрып қалтасынан Пүсіннің фотосуретін алып, «Мерхамет» тұрғын үйінің лампаларынан түскен жарықтан Пүсіннің жансыз бейнесіне көз алмай ұзақ қарады. Мен де оның жанында фотосуретке қарап тұрдым. 
– Қарашы, сұлу ғой, иә! – деді, тура отыз жыл бұрын әкесінің өзіне айтқаны сияқты. 
 Жасамыс екі еркек Пүсіннің «Сұлулық байқауына» түскен фотосуретіне, тоғыз саны жазылған лента тағынып, суға түсетін киімімен түскен суретіне, мөлдіреген жанарына, жарқыраған маңдайына, түп-түзу аяқтарына  қызыға қарадық. Фотодағы көңілсіздеу  жүзіне, сымбатты дене мүсініне фотосуреттің түсірілгеніне отыз төрт жыл өтсе де, біздің басымызды айналдырған сұлулыққа таңғалып, махаббатпен, құрметпен, іңкәр сезіммен қарадық.  
– Өтінемін, бұл суретті музейге қойыңыз, Кемал мырза, – дедім. 
– Кітаптағы соңғы сөзім былай болсын! Осы сөзіммен аяқтаңыз романыңызды. Орхан мырза, өтінемін ұмытпаңыз!
– Ұмытпаймын, Кемал мырза! 
Пүсіннің суретін сүйіп, күртесінің жүрек тұсындағы төс қалтасына салды да, маған жанарын мұңға емес, нұрға толтырғандай күлімсіреп, былай деді: 
– Бәрі де білсін! Мен өте бақытты ғұмыр кештім. Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін де бақыттымын!.. 
                                     (жалғасы бар)

  Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ