Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Орхан ПАМУК "Тұзақ" («СЕЗІМ МУЗЕЙІ» РОМАНЫНАН ҮЗІНДІ) (басы өткен санда)

1976 жыл мамырдың 19-ы. Пүсіннің үйіне қонаққа  бару үшін  кешкі сағат жеті жарымда, Четин эфенді екеуміз «Шұқыржұмаға» қарай жолға шықтық. Четин эфендіге Несібе тәтелердің «Шұқыржұмадағы» үйлеріне велосипедті апарып беретінімізді айттым. «Шевролеттің» артқы орындығына ыңғайланып отырып алған мен машина терезесінен шелектеп жауған жаңбырдан су толған  көшелерге қарап отырдым. Бір жыл бойы көз алдыма елестетіп, қиялдаған сансыз қауышу «сәтімізді» мынадай қатты жауынмен бірге елестетпеген едім. «Мерхамет» тұрғын үйіне бас сұққанымша үсті басым малмандай су болды. Велосипедті, әкем берген інжу сырғаны қобдишасымен алып жатып, жүрегімді қуаныш сезімі билеп кетті. Пүсінді көрмеген 339 күн бойы шеккен қайғы-қасіретімді бір сәтте ұмытқандай болдым. Тіпті мені осыншама бақытты сәтке жеткізген, жанымды  ауыртқан  ғашықтық ауруына ризашылық білдіргенім, ешкімді кінәламағаным есімде. Хикаямның басында болғанындай, алдымда керемет бір өмір күтіп тұрғанын ойлап толқып кеттім. «Сыраселвилер» даңғылында көлікті тоқтатып, гүл сататын  дүкенге соғып, қызыл раушан гүлдерінен үлкен бір букет жасаттым. Толқығанымды басу үшін үйден жарты стакан ракы ішіп шыққан едім. Сабырсыздық деген сары пәле махаббат қасіреті секілді мені ішіне тартып алған болатын. «Бейоғлыдағы» сыраханадан тағы бір стакан ішіп алсам ба деген ой келді. «Абай бол! – деді сол сәтте ішімдегі бір дауыс, – осы жолы қателік жасама!». 
    «Шұқыржұма» қалың жаңбырдан көрінер-көбінбес боп тұрған кезде  339 күн бойы шеккен азабымның өзі Пүсіннің маған берген ащы сабағы болғанын жақсы сезіндім. Ол мені жеңді! Енді оны көре алмау секілді жазаға душар болмау үшін оның қалаған нәрсесін жасауға дайын едім. Оны көріп қуанғаннан және Пүсінді шынымен де көргеніме сенгеннен кейін, оған үйлену туралы ұсыныс жасайтын едім. Четин эфенді үйлердің нөмірін оқуға тырысып жатқанда, бұрын ойымда жүрген үйлену ұсынысының сахнасы туралы қиялым көз алдымда жанданды. Үйге кіргеннен кейін бәрімен амандасып, қалжыңдап велосипедті беремін. Велосипед сылтау болатын. Одан соң Пүсіннің әкелген кофесін ішіп отырып, әкесінің көздеріне батылдықпен қарап, Пүсінмен үйлену үшін рұқсат алуға келгенімді айтатын едім. Дастархан басына отырғанымызда әкесімен «Ени Ракыны» ішіп, Пүсіннің көздеріне батыл шешім қабылдағаным үшін ризашылықпен қарап, сұлу жүзіне көзімді тойдырамын. Атастырылу және той туралы келесі кездесуімізде сөйлесеміз. Бірге күліп, әзілдесіп, шеккен қайғы қасіреттерімізді, күйзелістерімізді  естен шығарамыз. Көлігіміз жаңбырдан түрі байқалмаған ескі бір үйдің алдында тоқтады. Жүрегім дүрсілдеп есікті қақтым. Біраздан соң Несібе тәте есікті ашты. Мен велосипедті алып келе жатқан едім. Артымда маған қолшатыр ұстаған Четин эфендіге және қолындағы гүлдерге таңғалып қарағаны есімде. Әйелдің бетінде бір сабырсыздық болған. Бірақ мән бермедім. Өйткені Пүсінге қадам басқан сайын жақындай түсетініме қуанышты едім. 
    «Хош келдің, Кемал мырза!» – деп қарсы алды әкесі мені кіре берісте. Тарық мырзаны  соңғы рет бір жыл бұрын атастырылу рәсімінде көргенімді ұмытып, Құрбан айтта берілген астан кейін көрмедім деп ойлап жүріппін. Күйкі тірліктің оны тым қартайтып жібергенін сездім. Кейін Пүсіннің әпкесін көрдім деп ойладым, әкесінің артында Пүсінге ұқсайтын жүзі жабырқау арық қара қыз тұр еді. Анықтап қарағанымда бұл қыздың  Пүсін екенін білдім. Алдын ала жоспарлағанымдай, анасы мен әкесіне білдіртпей раушан гүлдерді оған беріп құшақтайтын болғанмын, бірақ көзқарасынан, толқынысынан Пүсіннің менімен құшақтасқысы келмегенін түсіндім. Қол алысып амандастық. «Қандай тамаша гүлдер!» – деді. Бірақ гүлдерге қолын созбады. Армандап келген кездесуімнің сценарийі бірінші сахнадан бұзылды.   
– Солай емес пе? – деді Пүсін көзімен қолымдағы гүлдерді  жанымызға келген бір жігітке  ымдап. Ымдаған кісімен көзбе-көз келдік. Толықша келген сүйкімді көрші жігітті тамаққа шақыратын басқа уақыт таба алмаған ба деп ойладым! Бірақ  жаңылысқанымды түсіндім. 
– Кемал аға, танысып қойыңыз, бұл менің күйеуім Феридун. Біз бес ай бұрын үйлендік, – деді Пүсін жай ғана. Қолымды алған етжеңді күйеу баланың көзқарасынан, ештеңеден бейхабар екенін түсіндім. 
– Оо, қуаныштымын! – дедім оған және күйеуінің артына тығылып тұрған Пүсінге күлімсіреп, – Жолыңыз болғыш екен, Феридун мырза, сұлу қызымызбен үйленіпсіз әрі бұл сұлуымыздың бала кезінің тамаша естелігі болған  велосипедті әкелдім. 
– Кемал мырза, сізді тойға шақырғымыз келген еді, бірақ әкеңіздің науқастанып жатқанын есітідік. Қызым, күйеуіңнің артына тығылып тұрғанша Кемал мырзаның қолындағы гүлдерді алсаңшы, – деді анасы.
Бір жыл бойы күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпаған жаным, гүлдерді қолымнан нәзік бір қимылмен алып жатқанында, албыраған алау жүзіне, томпиған ерніне, сымбатты мүсініне қарадым. Мойны мен кеудесінен шыққан тәтті бір иіс мені бір жақындатып, бір қашықтатты. Оның мына дүниеде бар болғанына қуанған адамдай мейірлене қарадым. 
– Кемал мырза, ракы ішесіз ғой, солай ма? – деді әкесі.
– Шиық-шиық, – деді тордағы құс.
– Иә, әрине, ракы ішемін.
Мұз салынған екі стакан ракыны аш қарынға тартып  жібердім, тез масайып қалайын деген оймен. Дастарханға отырмай тұрып әкелген велосипедім және балалық кездеріміз туралы сөйлескеніміз есімде. Пүсінмен  шаруам жоқ адамдай кейіп танытуға тырысып, алыстау ағайын боп келетін кедей бір туысына той сыйлығын беруге келген және өте маңызды жұмыстармен басы қатып жүрген, ниеті дұрыс бір бизнесмен болып көрінгім келді. 
– Иә, жас жұбайлар, бала қашан келеді өмірге? – дедім күйеу баланың көзіне қарадым ,әзіл айтқан адам құсап. 
– Әзірге ойлап жатқан жоқпыз, – деді Феридун , – бәлкім бөлек үйге шыққан кезде болар. 
– Феридун әлі жас қой, қазіргі таңда Ыстамбулда ең көп сұраныстағы сценарий жазушысы, – деді Несібе тәте, – «Смит сататын тәтені» жазған.
Сол кеш бойы киналдым, бұл отырыста айтылған сөздерді  іштей қабылдай алмай қойдым. Осы үйлену хикаясының бір әзіл болғанын, мені сынау үшін көршінің томпақ баласын Пүсіннің күйеуі еткендерін, біраздан кейін мұның бәрі бір әзіл болғанын айтар деп  кеш бойы үміттеніп отырдым. Күйеу мен қалыңдық  туралы әңгімелер айтылған сайын үйленгендеріне сенгенмен, естігендерімді қабылдай алмай , жүрегім қысылып кетті. Күшік күйеу жиырма екі жаста екен. Кино мен әдебиетті жақсы көреді екен. Әлі көп ақша таппаса да ,«Ешилчам» үшін сценарий жазады. Өлең жазатын ақындығы да бар дейді. Әкесі жағынан туыс болғандықтан, Пүсінмен кішкентай кездерінде бірге ойнағанын, тіпті менің әкеліп берген велосипедіме бірге мініп ойнағандарын естідім. Осыларды естіген сайын, Тарық мырзаның стаканыма толтырып құйып отырған ракының да көмегімен ішімдегі қыжылды жуып отырдым. 
   Пүсін үш рет ұрысқан кезімізде жасағандай демін ішіне тартып иықтарын жаймен көтеріп қимылсыз қалды. Оның күлгенін көрген сайын оған қарсы келе алмайтын бір қасқа сезім ішімде күнге ұмтылған күнбағыстай күй кешіп жатты. Көзімді арбаған сұлулығынан тараған нұр сәулесі мен үшін дүниедегі ең асылдың, ең ғажаптың өзі болып көрінді. Пүсінсіз  өткен күндер, айналадағы адамдар, жұмысқа байланып күн өткізулер өзімді алдаған бекершілік екен. Мұны тек ғана ақылым ғана емес, жүрегім де сезінгені үшін қазір оның үйінде, қарсы алдында отырған жоқпын ба?! Орнымнан тұрып бас салып Пүсінді құшақтап сүйгім келді. Осы ой басыма келгенмен одан кейін не болатынын ойлаған кезде жүрегім шаншып кетті. Өзімді бір аурудай сезініп, әрі қарай ойлай алмай, өзім де осы жерге жас жұбайларды құттықтауға келген бір туыстың рөлін ойнап отырдым. Тамақ үстінде Пүсін екеуміз көзіміз ұшырасып қалғанда, ол менің ішкі көңіл күйімді бірден сезіп, бақытты жас әйелдің қылығын көрсеткендей күлімсіреп, томпақ бет күйеуіне әзіл айтып ,аузына қасықпен бұршақтан салып отырды. Дастархан басындағы осындай қызық сахна қойылымы миымды жеп, іштей бір үнсіздіктің құшағында болғанменен мен де  өтірік күлісіп әңгіме-дүкен құрып, көңілді болғансыдым. Сыртта нөсерлетіп жауған жаңбыр әлі басылмай жауып тұрды. Тарық мырза «Шұқыржұманың» атына сәйкес аласа жерде орналасқанын, өткен жазда сатып алған осы ғимаратты бұрыннан да су басқанын білгендерін айтты. Мен де онымен бірге тұрып балкон терезесінен, төбеден төмен қарай құлап аққан суларға қараған болатынмын. Көшеде шалбарларының балақтарын түріп алған жалаң аяқ тұрғындар қолдарындағы мырыш шелектерімен, пластмасса кір жуатын легендерімен жаяу жүргіншілердің жолынан үйлерінің ішіне кірген суларды сыртқа төгіп, тастармен судың ағысын өзгертуге тырысып жатты. Жаңбырдың екпіні күшейген сайын үйдегілер: «Ойбай, аспан тесіліп кетті ме?», «Нұхтың ашуы ма?», «Алла сақтасын!» секілді сөздер айтып дастарханнан тұрып кетті. 
– Ойпырмай, көлік жүргізушіге қиын болды-ау мына жаңбырда, жаураған шығар? – деді Несібе тәте терезеден қарап.
– Оған жейтін бірдеңе бергенде жақсы болар ма еді? – деді күйеу бала.
– Онда мен апарып келейін бе? – деді Пүсін.
Мен бұл сөздеріне мән бермегесін олар тақырыпты басқа жаққа қарай аударып жіберді. Сол сәтте олардың маған біртүрлі қарағандарынан дастархандағы жалғыз мас адам өзім болғанымды түсіндім. Мен де үнсіз қалмай оларға қарап күлімсіредім. Дәл сол кезде көшеден аударылған бір бөшкенің қатты дауысы шықты. Пүсінмен көзіміз түйісіп қалды. Бірақ ол көзін аударып жіберді. Адам қалайша осыншама немқұрайлы бола алады? Осыны сұрағым келіп тұрды. Ғашығын сарыла іздеген ғашық адам «Кездескенде одан осыны сұраймын!» деп жанұшырып жүрмей ме?!
Дастархан басында жалғыз отырғанымды көріп  неге қасыма келмейді, мән-жайды маған айтып беру үшін осы жақсы жағдайды неліктен пайдаланбайды? Мен терезе жаққа қарадым. Көзіміз тағы түйісті. Қайтадан көздерін аударып жіберді. «Қазір Пүсін дастархан басына келеді», – деді ішімдегі сенімді бір дауыс. Жаныма  келсе осы асығыс тұрмыс құрған күйеуінен айрылып менікі болатынына бір белгі болмақ. 
Күн күркіреді. Пүсін терезенің алдынан бес қадам басып үнсіз қарсы алдыма орындығына кеп отырды. 
– Мені кешіруіңді өтінемін, – деді сыбырлаған бір дауыспен жүрегіме жеткізе, – Әкеңнің жаназасына келе алмадым. 
– Сені қатты күттім, – дедім мен.
– Солай ойладым, бірақ бара алмайтын едім, – деді.
– Дүкеннің бір жағы аударылып қалды, көрдіңдер ме? – деді Феридун үстелге жақындап. 
– Иә. Көрдік көңіліміз бұзылды, – деді Пүсін.
– Соншалықты көңіл бұзатындай ештеңе жоқ, – деді терезе жақтан оралған әкесі.
Қызының жылағандай болып екі қолымен бетін басып отырғанын көрді де, жүзі күреңітіп кетіп алдымен күйеу баласына сосын маған қарады. 
– Мұмтаз жездемнің жаназасына бара алмағаныма қатты қайғырып отырмын, – деді Пүсін қалтыраған дауыспен , – Оны өте жақсы көретінмін, жаман болдым естігенде.
– Кемал мырза! Әкеңіз Пүсінді өте жақсы көретін еді,– деді Тарық мырза. Өтіп бара жатып қызының шаштарынан сүйді және дастарханға отырып бір қасын көтеріп күлімсіреп маған бір стакан ракы құйды және қолымен шие ұсынды. 
    Әкем берген кішкентай қобдишаның ішіндегі інжу сырға мен Пүсіннің сырғасының сыңарын беруді мас болған басыммен армандап отырдым. Бірақ қалай берерімді білмедім. Жүрегімді соншалықты ауыр мұң басты. Орнымнан тұрдым. Алайда сырғаларды беру үшін орнымнан тұрмауым керек еді. Әкесі мен қызының көзқарасынан олардың да менен бірдеңелер күткенін түсіндім. Бәлкім кеткенімді қалап отырған болар, сырғаларды беруді қаншама армандасам да қалтамнан шығара алмадым. Қиялымдағы бір сурет қорғансыз, жылауық Пүсінге сыйлықтарымды бермес бұрын анасы мен әкесінен үйленуге рұқсат алып жаттым. Ал күшік күйеу бала әрі құрметпен әрі жек көріп, Түрік киноматографиясы, «Ешилчамда» жасалған фильмдер туралы, түрік халқының киноны жақсы көретіні туралы айтып жатты. Тұрақты әрі сенімді капитал табылса, тамаша кино жасай алатынын  айтты. Бас рөлді Пүсін сомдайтын жақсы сценарий дайындап қойғанын, бірақ ешқандай ақшалай қолдау таба алмағанын айтып қынжылды. Пүсіннің күйеуі ақшалай көмекке мұқтаж болғанын және мұны маған тікелей айтпай, Пүсіннің алдағы уақытта «Түрік киносының жұлдызы» болатынымен, мастықпен зіл-батпан болған басымды көп мылжың сөздерімен қажытып жатты. Қайтар жолда Четин жүргізіп келе жатқан көліктің артқы орындығында жартылай мас болып отырғанымда, Пүсінді атақты киноактриса ретінде елестеткенім есімде. Пүсін мен күйеуінің мені кино түсіру армандарын орындай алатын қалтасы қалың бір туыс ретінде жоспарларын айту үшін кешкі асқа шақырғандарын түсіндім. Бірақ бұл шақыру ракының күшімен менің ашуымды туғызбады. Керісінше көз алдымда  Пүсінжанды Түркияның атақты киноактрисасы болатынын елестетіп, оны ең тартымды түрік киножұлдызы ретінде елестеттім. Ғажабын-ай! «Сарай Синемада» жасалған  киноның тұсаукесерінде, Пүсін сахнаға қошеметпен менің қолымды ұстап шығатын еді. 
    Таңертең есімді жинағанда шындықпен бетпе-бет келгендей болдым. Кеше абыройым тапталып, оларға мазақ болғанымды ойлағанда  ызадан жарылып кете жаздадым. Аяғымды баса алмайтындай мас болғанымды, менің де сол жұпыны үйде отырғандардың ыңғайына көніп, өз-өзімді кемсіткенімді ойлап бұл ақымақтығымнан сабақ алмасам болмас дедім. Қыздарына қаншалықты ғашық екенімді біле тұрып, күшік күйеудің қияли кино түсіру арманының орындалуы үшін мені үйлеріне қонаққа шақырып алып, Пүсіннің анасы мен әкесінің мені мазақ еткісі келгендерін түсіндім. Бұл адамдарды енді «желкемнің шұқыры көрсін» деп ашуландым. Жакетімнің қалтасынан әкемнің маған берген інжу сырғасын көрген кезде қатты қуанып кеттім. Пүсіннің сырғасының сыңарын жуынатын бөлмеге тастап кеткенім қандай жақсы болған. Жанұшырып ақша үшін іздеген осы пайдакүнем адамдарға әкемнің қымбат сырғасын  жем қылмағаным  қандай оңды болған ?! Бір жыл бойы шеккен қайғы- қасіреттен кейін, Пүсінді соңғы рет көргенім де жақсы болыпты. Оған деген махаббатым Пүсіннің сұлулығынан немесе оның адамгершілігінен емес, Сибелмен үйленуден бас тартқан өзіндік ойымды сезген реакциядан туған болатын деп ойладым. Ертеде ескілікті замандарда аталарымыздың ішіне кіріп алып қаламаған нәрселерді жасатқан жындар болған-мыс. Маған да Пүсін үшін қаншама айлар бойы қайғы шектіріп, өзіме жараспайтын ұят нәрселерді жасатқан ішіме жын секілді енген бір күш болатын. Енді ол күштің айтқанына ермей, өмірімде жаңадан бір парақ ашып, Пүсінге қатысты барлық нәрсені ұмытуым керек деп шештім. 
    Осы мақсатта алдыменен маған жолдаған шақыру хатын жакетімнің жанқалтасынан шығарып конвертімен бірге пәршалап жыртып тастадым. Келесі күні түске дейін төсектен тұрмастан жаттым. Қайғы мен қорлауға қарсы күресу керек деген ішкі ойым маған жаңа бір күш беріп жатқандай болды. Кешеден бері төсектен тұрмағанымды байқаған анашым, түскі асқа жесін деп, Фатмаға менің сүйікті асым бұқтырылған сарымсақ қосылған креветки мен сығылған лимон мен зәйтүн майы қосылған жералмұрт тамағын дайындатып қойыпты. Енді Пүсінді көрмеу шешімінің берген рахаттығымен, көңілім көтеріліп, анам екеуміз асықпай түскі асымызды іштік. Ас үстінде бір-бір стакан ақ шарап іштік. Анам атақты бай, теміржолшы Дағделеннің кішкентай қызы Беллурдың Швейцарияда лицей бітіріп келгенін, өткен айда он сегіз жасқа толғанын әңгіме қылды. Қазір олардың отбасы банктерден алған несиелерін өтей алмай қиналып, ауыр зиян шегетіндері елге белгілі болмай тұрған кезде, қыздарын құтты жерге қондырғысы келетіндерін естігенін айтты. 
– Қызы өте сұлу екен! – деді бір құпия сыр айтқандай болып, –Көріп қайтайын қаласаң. Бұл жүрісің маған ұнамайды, балам. Қаланың сыртындағы әскерилер секілді күнде кешкісін достарыңмен арақ ішкеніңді көңілім қаламайды.
– Онда қызды бір көріп қайтсаңызшы, анашым, – дедім салмақты үнмен, – Өзім тауып, танысқан заманауи қызбен дәм-тұзым жараспады. Енді таныстыру әдісімен көрейік.
– Әй, балам-ау, бұл сөзіңе қаншалықты қуанғанымды білсең ғой, – деді анам, – Әрине, алдымен танысып, біраз кездесерсіңдер. Алдымызда тамаша жаз бар, қандай тамаша! Әлі жассыңдар, абайла, бұған жақсы қара! Сибелмен араларың неліктен суығанын айтайын ба?
Сол сәтте анамның маған тура  ертедегі аталарымызға жабысқан жындардай болған  Пүсіннің хикаясын өте жақсы білгенін, мені қайғы –мұңға батыратын  бұл тақырыптан ауытқып кетіп, басқа бір сылтау іздегенін түсіндім әрі оған шынымен риза болдым. 
– Себил өте тәкәппар, өркөкірек қыз болатын , – деді көздеріме қарап. Бұл сөзді Сибелді жамандау үшін қолданғанын байқап, тақырыпты ауыстырып жібердім. Түскі астан кейін үйден шығып «Сатсатқа» бардым,  Пүсін мен Сибелден бұрынғы «әдеттегі жаймашуақ» өміріме оралғаныма өзімді сендіріп жұмысқа кірісіп кеттім. 
   Пүсінді көруім айлар бойы шеккен ауруымның жартысын алып кеткендей болды. Кеңседе жұмыс істеп отырып, махаббат қасіретінен құтылғаныма шынайы сеніп, рахаттанатынмын. «Шұқыржұмадағы» балшық ішінде орналасқан сол тышқан мекеніне тағы бір рет бару тақырып бола алмайтын болды енді. Пүсінге , оның отбасына, күйеусымақ балаға да көп ренжуді ақымақтық деп білгенім үшін өзіме ызаланып, өмірімнің толықтай бір жылын, осы махаббат кесірінен азап ішінде өткізген ақылсыздығым үшін өзіме ашуландым. Бірақ өзім сезген осы сезім, негізінде ашу да емес еді. Жаңа өмір бастауыма махаббат қасіретімнің біткеніне өзімді сендіргім келіп, осы жаңа және ғаламат сезімнің де өмірімді өзгерте алатынына дәлел ретінде көріп отырдым. Пүсіннің сырғасының сыңарын қайтарған болатынмын, бірақ мұны ашық түрде берген жоқпын ғой. Масайыңқырап қалғанмын. Бұл – оларға да, маған да ұяттау. Абыройымды қорғау үшін оларға мұның қате емес, шын ниетпен жасалғанын сездіруім керек еді. Кейін кешірім сұрап әрі өмірімнің соңына дейін енді еш көріспейміз деген оймен Пүсінге күлімсіреп соңғы рет «Сау бол!» деп айтар едім. Мен есіктен шығып бара жатқанымда Пүсін соңғы рет көріп тұрғанын түсінер еді, бәлкім. Немесе енді қайтып жүздеспейтініміз туралы ештеңе айтпай-ақ, оған қалған өмірінде бақыт тілер едім. Ол да мені соңғы рет көріп тұрғанын сезініп толқып кететін еді. 
«Бейоғлының» артқы көшесінде ауыр ойларды басыммен көтеріп «Шұқыржұмаға» қарай келе жатқанымда, «Пүсін бұған бәлкім еш толқымайтын шығар» деген де ой келді ойыма. Өйткені ол қазір үйінде күйеуімен бақытты болатын. Есіктің қоңырауын бастым. Екінші қабаттағы балконның  терезесі ашылды. Пүсіннің әкесінің: 
– Кім бұл? – деген дауысы шықты қараңғыны үркітіп.  
– Мен. 
– «Менің» кім?
Кейін қарай қашуға қамданып, дайындалып жатқанымда, анасы есікті ашты. 
– Несібе тәте, кештің бір уақытында мазаларыңызды алғым келмеді.
– Аманшылық па, Кемал мырза, ішке кіріңіз.
Алғашқы келгенімдегідей, баспалдақтардан көтеріліп жатып: «Ұялма да, қысылма! Бұл – Пүсінді соңғы көруің!» – дедім өз-өзіме. Бұдан кейін өз басымды ешкімге кемсітпеймін деген шешіммен үйге кірдім. Пүсінді көргенде жүрегім мені ұялтатындай қатты соға бастады. Әкесі екеуі теледидардың қарсы алдына жайғасып отырыпты. Мені көре сала екеуі де таңғалып әрі қысылып орындарынан тұрды. Бірақ дертті халімді аузымнан шыққан арақ иісінен байқап,  кешірім сұрағандай болып әрекет етті. Өтіп бара жатып соққанымды, мазаларын алғаным үшін кешірім сұрағаным есімде.
– Неге? Жаңа ауданымызды ұнатпадыңыз ба?
– Ендігі кезек сіздерде, – дедім жартылай әзілдеп, – Анама айтайын. Сіздерді қонаққа шақырсын. Оларға бұрылып қарамаған күйімде баспалдақтан түскен сәтімде бір көңілсіздік басты денемді. 
   Даладағы таза ауа бетіме тамаша бір салқындық бергенде, Пүсінді енді қайта өмірімнің соңына дейін көрмейтінім ойыма келді. Бір сәтке алдымда дертсіз, мұңсыз, бақытты бір өмір барына сендім. Анамның мен үшін көруге баратын Дагделен отбасының қызы Биллурдің сұлу екенін армандадым. Бірақ аттаған әр қадамымда Пүсіннен қашықтағанымды ойлағанда, жүрегімнің жартысынан айрылғандай күй кештім. «Шұқыржұма» төбесінен жоғары қарай шығып бара жатып, рухымның артта қалдырған жерге оралу үшін сүйектерімнің сыздағанын, бірақ осы ауруды жеңсем осы ісімді бітіре алатынымды ойлап жаттым. 
Ойыммен арпалысып, біраз жол жүріппін. Ендігі ісім, өзіме бір ермек тауып алып, қайратты болу еді. Жабылып жатқан сыраханалардың біреуіне кірдім де  темекінің көкшіл түтіні арасында отырып, бір тілім қауын мен екі стакан ракы іштім. Сыртқа шыққанымда рухым, кеудем әлде де Пүсіннің үйінен қашықтамағанымды сездіріп жатты. Осы сәтте жолдан адасқан болуым керек. Тар көшеде таныс бір көлеңкемен кездестім. Ішімнен бір сәт жарқ еткен электр күші жүріп өтті:
– Ооо, сәлеметсізбе! – деді. Кездескен адам Пүсіннің күйеуі Феридун болатын.
– Қандай сәйкестік! – дедім. – Мен де сіздер жақтан келе жатыр едім. 
– Солай ма?
Жас күйеудің жастығына ма, әлде балалығына ма таңғалдым тағы да.
– Өткен жолы сіздерге келіп кеткеннен кейін сол кино ісін ойлап жүрмін, – дедім, – дұрыс айтасыз, Түркияда да Еуропадағы секілді кино түсірілу керек. Сіз жоқсыз деп бұл тақырыпты Пүсінге айтпадым. Сейсенбі кешкі сағат жетіде кездессек қайтеді? – дедім.
– Пүсін де келсін бе?
– Әрине, менің бар ойым мен ниетім– Еуропадағыдай кино түсіру әрі Пүсінді басты рөлде ойнату.
  Ұзақ жылдар бойы мектепте дос болып немесе әскерден дос болып көп қиындық көріп қауышқан, алдында байлық кешіп өмір сүру арманы бар екі ескі дос секілді бір-бірімізге қарап күлімсіредік. Көше шамдары жарығының астында Феридун мырзаның сәби – жанарына қарадым да, үн-түнсіз қоштасып жөніме кете бердім. Ойым сол түнгі қиялымдағы көрініске толып кетті. Ойхой, шіркін ! Пүсін басты рөлде ойнаған киноның тұсаукесер кешінің салтанаты басталды. Қолына микрофон ұстаған Пүсін «Сарай Синемасы» ма, әлде «Ени Мелек» сахнасында ма, жұртшылықтың алдына шығып толқып сөйлеп тұр! Киноға қолдау білдірген менің атымды атап,  шексіз алғысын айтып жатыр! «Санат фильмнің» бай продюсері болған мен сахнаға шыққанымда, өсек-әңгімеден хабардар болғандар залда отырып, жас киножұлдыздың осы фильм түсіріліп жатқанда продюсеріне ғашық болып, күйеуінен айрылғанын бір - біріне сыбырлап әңгіме қылып жататын еді. Сахнада Пүсіннің бетімнен сүйіп жатқан кезде түсірілген фотосуреттеріміз де газеттерде жарияланып, бұл газеттер елдің қолында жүрер еді.  
   Екі күннен кейін Четин эфендінің жүргізген «Шевролетпен» келіп, оларды үйлерінен алып кеттім. Есік алдында Пүсінмен көзіміз ұшырасып қалғанда, шегі жоқтай көрінген арман-қиялымдағы суреттерге ұқсамайтынын бірден түсіндім. Бірақ оны көру мені соншалықты бақытты етті. Көңіл-күйімді көтерді. Жас жұбайлар көліктің артқы жағына, өзім Четиннің жанына – алдына отырдым. Қаланың қараңғы көшелерінен, алаңдарынан өтіп бара жатып, қайта-қайта артыма қарап қалжыңдап, көңілді әңгімелер тауып айтқан болдым. Пүсін үстіне қызғылт сары оттай көйлек киіпті. Босфордан соққан жұпар иісті керімсал желге ұмсынғандай аққу мойнының сұлулығын паш етер көйлегінің кеудесіндегі үстіңгі үш түймесін ашық қалдырған екен. Автокөлік кеспе тас төселген Босфор жолдарынан секіріп -секіріп келе жатқанда, бірдеңе айту үшін артыма әр қараған сайын, оның жүзін көргенімде ішімде бір бақыт оты тұтанғандай болды. Үлкендередегі «Андон» мейрамханасына барған сол алғашқы түні де, киножобамызды талқылау үшін кездескен басқа да кештерде де, арамызда толқып отырғаны жалғыз өзім екендігімді түсіндім. 
– Кино – менің өмірімдегі ең маңызды нәрсе, Кемал мырза, – деп әңгімесін бастады өзінің арманының орындалуын көптен көксеген күйеу бала Феридун , – Жасыма қарап маған сенімсіздік көрсетпесеңіз деп айтып жатырмын. Үш жылдан бері «Ешилчамда» жұмыс істеймін, өте жолы болғыш адаммын. Барлығымен де жақсы таныспым. Шамдарды, декорацияны тасып жұмыскер де болдым, жетекшінің көмекшісі де болдым. Бірталай сценарий де жазып тастадым.
– Барлық сценарийлар да түсіріліп, жақсы жұмыстар жасалды, – деді Пүсін.
– Ол фильмдерді көргіміз келеді, Феридун мырза.
– Әрине, барармыз, Кемал мырза. Көбісі жазғы кинотеатрларда, кейбіреуі «Бейоғлыда» әлі де көрсетіліп жатыр. Бірақ ол фильмдер өзімнің көңілімнен шықпайды. Ондай нәрселерді түсіруге қазір құлықты да емеспін. «Конакфильмдегілер» менің енді жетекші бола алатынымды айтып жатыр. Бірақ мен ондай фильмдер түсіргім келмейді.
– Қандай фильмдер олар?
– Сауда, мелодрамалар, нарық үшін жасалған кинолар. Сіз түрік фильмдерін көруге барасыз ба? 
– Өте аз.
– Еуропаны көрген байларымыз түрік фильмдеріне тек мазақ қылу үшін барады. Ал Пүсін түрік фильмдерін қатты ұнатады. 
– Алла тілеуіңді берсін, маған да үйретіңдерші, мен де жақсы көрейін, – дедім.
– Үйретемін, – деді күйеу бала шынайы күлімсіреп, – Сіздің арқаңызда түсіретін фильм олардікі сияқты болмайды, уайымдамаңыз! Мысалы, бір қыздың ауылдан қалаға келіп, француз бала күтушісінің арқасында үш күнде бір мәдениетті ханымға айналатыны туралы фильм түсіреміз. Ауылдың аңғал қызының рөлі Пүсінге лайық болар еді. 
– Бұл рөл маған жарасып кетер еді, – деді Пүсін.
– Немесе бай туыстары тарапынан кедей болғаны үшін қорланған Синдирелла да болмайды біздің фильмде, – деп жалғастырды сөзін Феридун. 
– Сол бейшара кедей туысты ойнар едім негізінде, – деді Пүсін. 
   Сөздерінде маған деген мазақ емес, бір жеңілістің демін сезіп тұрдым. Аңқаулық мен шынайылыққа толы дастархан басындағы көңіл толқуын ұната бастаған күйеу бала да, сценарий мен фильм туралы армандарын әрі қарай айтпай риза көңілмен жымиып отырды. Четин екеуміз машинамен оларды үйлеріне жеткізіп тастадық та, төрт күннен кейін қайтадан кездесеміз деп уәделестік. 
   1976 жылы болашақта шығаратын фильм туралы сөйлесу үшін бірнеше рет Босфор мейрамханасына кешкі ас ішуге бардық. Жылдар өте осы мейрамханалардың теңізге қараған терезелерінен  қарағанымда, сол кезде Пүсіннің қарсы алдында отыруым айырылып қалған бақытым мен оны қайтадан қолға түсіру үшін қажетті сабырлылық сақтаған ойымның ішімде аласұрып жатқаны есіме түсетін. Кешкі ас үстінде Пүсіннің күйеуінің фильм тақырыптары және ой-армандарын, «Ешилчамның» және түрік аудиториясының болмысынан әрекет етулеріне құрметпен қарағанмен күмәндарымды ішіме жасырып тыңдайтынмын. Көп ұзамай ақылды әрі қолынан іс келетін Феридунді таныстырып, тамаша бір түрік фильміне қаражат бөлу туралы «Сатсаттың» қызметкерлерімен сөйлескенмін. Пүсіннің киножұлдыз болуы үшін «Нишанташы» көшелеріндегі бір пәтердің ақшасының жартысы қажет екендігі белгілі болды. Бірақ іске кірісіп кете алмағанымыздың себебі осы қаражаттың аздығы немесе көптігі емес, аптасына екі рет фильм түсіру сылтауымен Пүсінді көру – қасіретімді азайтқаны  мағынасына келетін. Соншама қайғы-қасіреттен кейін, сол күндерде осының өзі маған жеткіліксіз болғанын ұқтым. 
   Бір кеште «Яны» жерінде Пүсіннің қарсы алдымда отырып әңгіме-дүкен құруының берген рахаты ішімдегі махаббат жындарын тыныштандырып, бақыттың рецептісін тауып бергендей болып, өз-өзіме риза көңілмен ыңылдап әндеткенім есімде. Пүсінмен бірге үстелге отырған кезде сол шыдатпайтын махаббат қасіреті туралы ұмытқанымды ғана емес, оны көрмеген кезімдегі құса болғанымнан өзімді өлтіруге шақ қалғанымды ұмытып кететінмін. Осылайша Пүсіннің жанында отырғанда  махаббат ауруымның  мені қаншалықты шаршатқанын ұмытып, ескі «әдеттегі» уақытыма оралғанымды ойлап, өзімді күшті, сенімді әрі еркін сезіну алданышына түсетінмін.
    Махаббат қасіреті жеңілдеген кезде оның орнын қорлану ауруы басқан болатын. Пүсін де, осы қасіретті шектеуден абай болып, менің жаныма тиіп кететін қауіпті тақырыптардан алыс тұратын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ оның жаныма батқан ауыр сөздерінен кейін, ештеңе болмағандай әрекет жасай алмайтынымды түсіндім. («Шынымен ақша бересің бе?..  Біз әбден шаршадық енді»). Пүсіннің ауызынан осы сөздерді естігенімде, көңіліме алатындай сөздер айтылмады деп әрекет ете алмас едім. Көңілімнің түскені, қорланғаным  жүзімнен көрініп қалатын. Қорлаған сөздері  миымның ішінде сан мәрте қайталанып, ішімді қыз-қыз қайнатып жатқанда, ештеңе болмағандай қолымдағы газды су бөтелкесін алып орныма кеп отырдым. Қорланғанымды сезіну емес, көңілімнің құлазығанын Пүсіннің жүзімнен байқап қойғаны жаныма қатты батты.  Пүсінді көргім келмей тұрды. Күйеуінің түсіретін киносын қолдаймын деп, яғни ақша үшін достық құрған біреуді көргім келмей ызаланып тұрдым ішімнен. Сонымен қатар, ол мені ақша үшін жақсы көргенін жасырмай тұрды. Сол түні көлікпен оларды үйлеріне апарып тастағаннан кейін, бұдан кейінгі түнгі кино үшін кездесугеұмтылмадым. Үш күн бойы мен оларды іздемедім. Сол кезде алдымен ақылымның бір жағымен, кейін арта түскен, басқа бір ренжу түрін көрсетуді бастадым. «Дипломатиялық ренжу» деп атаған бұл ренжуімнің түрі жүрегімнің жараланғандағы қасіреті емес, «Сценарий жазам» деген күйеуінің киносына ақша бермеу және оның әртіс болам деген қиял-арманын күл-талқан ету болатын. «Кино түсірілмейтін болса, қайтер екенсіңдер, отырып ойланарсыңдар!» – деп өзімше ішімнен кекетіп күліп жаттым. Осылайша ренжішімді алдымен ішімнен ойлап жатып, екінші күннен бастап жазаның Пүсіннің жанын қалайша отқа түсіріп күйдіретінін армандай бастадым. Бұл иллюзия емес, шындық болатын. Пүсіннің өкініп қалғаны туралы армандаудың ләззаты, екінші күннен бастап шынайы ренжуіме ауыса бастады. Екінші күннің кешінде анаммен үйде үндемей түскі ас ішіп отырғанымызда, Пүсінді қатты сағынғанымды, ренжудің әлдеқашан өткенін сезіп, реніштің тек ғана Пүсіннің көңіл-күйін түсіретінін түсіндім. Анаммен ас ішіп отырып, өзімді Пүсіннің орнына қоюға тырыстым, оның атынан өте шынайы және қатыгез бір логика жүргізуді ойлап отырдым. Мен ол секілді сұлу әйел болсам, күйеуім түсіретін бір киноға түсіп киножұлдыз болудың орнына, бір ақымақ бай продюсердің жүрегін жаралап жұлдыз болу, өкініш қасіретін беретінін ойлауға тырысып жаттым. Маған көрсеткен ерсі қылықтары үшін Пүсіннен өш алғым келетін. Осы ойымның орынды болатыны соншалықты,  өш алып жатып өзімнің «судан таза, сүттен ақ» болып шығуыма бір мүмкіндік емес пе?! Өкпе-ренішім негізінде терең емес болатын, өш алу ниетіме бір тереңдік беру үшін жүрегімнің жарасын осқылап тырнап жаттым. Бірақ ойлай келе, ақыл-ойым Пүсінді кешіруге бел буды. Онымен тағы да кездесуді ойлаған кезде, барлық нәрсені жақсы жағынан көруді бастадым.
    1976 жылы қазан айының 12-сі. Сейсенбі. Ыстамбулда жаздан сыбағаға қалғандай жарқыраған бір керемет күн болатын. Дүкендердің түрлі-түсті әйнек сөрелері күнмен шағылысып жылтырап тұрды. Түскі асымды «Қажы Салихте» ішіп отырып, «Шұқыржұмаға» барып, Несібе тәтемен жарты сағат сөйлесейінші деп келгенімді өзімнен жасырмадым. Бұл мейрамханадан «Шұқыржұма» алты-жеті минуттық жерде орналасқан болатын. Мейрамханға келе жатқанымда, «Синема Сарай»  кинотеатрында сағат 13:45 -те жаңа сеанс бар екенін көргенмін. Киноға барсам, қараңғы залда барлық нәрсені ұмытып, ең кемінде белгілі бір уақытқа басқа әлемнің ішіне еніп, көңіл жұбатар едім. Бірақ сағат 13:40-те есепті төлеп, мейрамханадан шығып, «Шұқыржұма» төбесінен түсіп келе жаттым. Асқазанымда - түскі ас, төбемде -күн, ойымда- махаббат, жанымда толғаныспен қатар жүрегімде бір шаншу болатын. Есікті Несібе тәте ашты.
– Жоқ, жоғары шықпаймын, Несібе тәте,– деп,- қалтамнан «әкемнен мұраға қалған» інжу сырғаны шығардым.
– Бұл Пүсіннің... Әкемнен бір сыйлық еді. Өтіп бара жатып беріп кетуді жөн көрдім, – дедім...
       (жалғасы бар)
   Түрік тілінен аударған: Маржан ЕРШУ