1979 жылдың сегізінші қарашасында «Ақшам» газетінің «Әлеуметтік топ» атты «Өсек бағанасында» мынадай хабарлама жарияланды:
«Кино және Қоғам: Болмашы бір насихат».
Голливуд пен Үндістаннан кейін Түркияның да әлемде ең көп кино түсіретін мемлекет болғандығын ұнатамыз. Бірақ өкінішке қарай бұл жағдай өзгеріп келеді: Отандастардың кешкісін көшеге шығуға қорқытатын оңшылдар мен солшылдар терроризмі туралы кинолар мен порнофильмдер адамдарды кинотеатрлардан алыстатып жіберді. Танымал кино түсірушілері болса, кино түсіретін қаражат да таба алмайтын жағдайға жетті. Сондықтан қазіргі уақытта, «Ешилчамға» келіп, «көркем фильм» түсіргісі келетін бай кәсіпкерлерге Түрік кинематографиясы бұрынғыдан да қатты мұқтаж. Бұрын киноны қолдаушы демеушілер тобы әдемі жас актрисалармен танысқысы келетін бай адамдардың арасынан шығатын. Сыншыларымыздың керемет деп мақтаған «көркем фильмдері» шындығын айтар болсақ, Батыс интеллигенциясының кинотеатрларында көрсетіліп, Еуропа ауылының кино жарыстарына да қатыспаған. Бірақ біздің киноларымыздың арқасында жас қыздар қалталы бай адамдармен танысып, олардың арасында үлкен ғашықтық сезімдердің пайда болуына жол ашқан. Бірақ бұрын осылай болатын. Заманға сай қазір жаңа үрдіс, жаңа сән басталды. Қазір мәдениет пен киноға қызығушылық танытушы қалталы байлар, «Ешилчамға» әдемі актриса қыздармен танысу үшін емес, сүйіктілерінен киноактриса жасау үшін келетін болды. Солардың бірі, өте бай бір әулеттің ұлы, Ыстамбулдағы қоғам кайраткері қаймақтарының арасындағы салт басты сері жігіт – К...деген мырза. Атын біз өзгерттік. Бұл кісі «Алыс туысым» деп өзі айтатын бір қызға ғашық болыпты. Ол қыздың күйеуі бар. К... мырза «алыс туысқаны болатын қарындасын» өліп-өшіп сүйетіні соншалық ол қызға арнап сценарийін өзі жазғызған «көркем фильмнің» түсірілуіне өзі көнбей отырған көрінеді. Ұзынқұлақтан естуімізше, «Оның фильмде басқа біреумен сүйіскеніне шыдай алмаймын!» – дейді екен, мұнымен қоса, сол жас сұлу әйел мен режисер күйеуінің қасынан көлеңке сияқты айрылмайды екен. К... мырза «Ешилчам», «Босфор» барларында мас болып, қолында стакан толы ракымен жер бауырлап жүреді екен. Тіпті әдемі әрі заңды күйеуі бар жас актрисаның да үйінен ұзап шығуын да қызғанады екен. Бірнеше жыл бұрын «Хильтонда» барлық қоғам қаймақтарының қатысқан, біз де бұл жайды бұрын өз мақалаларымызда жазған болатынбыз, керемет бір салтанатта зейнеткер бір дипломаттың сүйкімді қызымен сөз байласқан бұл бай адам, айтуларға қарағанда, «Сені актриса қыламын!» деп сөз берген әдемі туысқан қыз үшін, сөз байласқан қалыңдығын тастап кеткен екен. Бұл жауапсыз, бай, сері жігіт Сорбоннада оқыған, мәдениетті дипломат қызынан кейін, енді қазір барлық қатынқұмар еркектердің қызығушылығын тудырып отырған П...-нің келешегін де бұзатынына немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан үгіт-насихат оқудан жалыққан оқырмандарымыздан кешірім сұрай отырып, К... мырзаға ақыл-насихат айтқымыз келіп отыр: К... мырза, америкалықтар Айға барып келген осындай заманауи мәдениет дәуірінде, сүйіспейтін «көркем фильм» болмайды! Сіз өзініз бір шешімге келіңіз, не басында орамалы бар ауыл қызына үйленіңіз! Батыс киносы мен өнерін ұмытыңыз, не болмаса басқалардың қарағанынан да қызғанатын «сұлу туысқан қарындасыңызды актриса жасаймын» деген ақымақ ойдан бас тартыңыз. Әрине, Сіздің ниетіңіз жай ғана «актриса қылу» болса...
«БК»
Мақала «Ақшам» газетінде жарияланған күні таңертең анам екеуміз таңғы асымызды ішіп отырған болатынбыз. Анам күнде екі газетті алып басынан соңына дейін оқып шығатын, әсіресе қоғамның қаймақтары туралы жазылған мақалаларды көзден таса қылмайтын. Ол ас үйге кеткен бетте, оқып отырған сол бетті жыртып алып, қалтама салдым. «Тағы да не болды! – деп сұрады анам есіктен шығып бара жатқанымда, – көңіл-күйің жоқ қой!». Кеңседе өзімді бұрынғыдан да көңілді ұстауға тырыстым. Хатшым Зейнеп ханымға қалжың айтып күлдірдім. Кеңсе коридорынан ысқырып өттім. «Сатсаттың» күн өткен сайын көңіл-күйі түсіп, жұмыссыздықтан «Ақшамдағы» сөзжұмбақтарды шешіп отырған кәрі қызметкерлерімен қалжыңдастым. Бірақ түстен кейін, жүздеріндегі өзгерістен, хатшы Зейнеп ханымның маған мейірімді ықылас танытып, әрі қорқынышпен қараған көздерінен, газеттегі хабарды барлық «Сатсат» қызметкерлерінің оқығандығын білдім. Түскі ас уақытынан кейін, анам телефон соқты. Мені түскі аста күткендігін, келмегендігіме ренжігендігін айтты. Әрқашан айтатынындай: «Қалың қалай, жаным?» – деді, бірақ бұл жолғы дауысында жылы ықылас сезілді. Хабарды естігендігін, газетті тауып оқығандығын, жылағандығын (дауысынан белгілі болды), жыртылған газет бетін менің де оқығандығымды сезгендігін білдім.
– Адамдар да кейде тағы аңдардай ғой, балам, – деді анам, – Ешнәрсені көңіліңе алма.
– Не туралы айтып тұрсыз, анашым ? – деп сұрадым.
– Жай, балам, – деді анам.
Сол кезде, ішкі дүниемнің қалауымен анаммен сырласар болсам, алғашында сүйіспеншілігін және түсіністік танытып, артынан менің де кінәмді іздейтіндігін білгендіктен және Пүсіннің оқиғасын егжей-тегжейлі білгісі келетіндігіне сенімді едім. Мүмкін, біреу маған теріс дұға оқытып қойғандығын айтып жылар ма еді?! «Үйдің бір бұрышына, күріш немесе ұн ыдысының ішіне, кеңседегі сөрелердің бұрышына оқытылған және сені өзіне ғашық ететін тұмар тығып қойған болар, соны тауып алып отқа жағып жібер!» – дейтін бе еді?! Бірақ қайғымды бөліспегендігіме, одан да маңыздысы тақырыпты еш ашқызбағандығым үшін біраз көңілінің түскендігін байқадым. Бірақ жағдайыма сыйластықпен түсінушілік танытты. Әлде бұл жағдайымның соншалықты қиын болғандығының белгісі ме еді?
Қазір «Ақшам» газетін оқып отырғандар мені сыртымнан қорлап қаншама сөздер айтып жатыр екен ? Ақымақ әрі ашкөз ғашық халімді мазақ қылып, күліп жатыр екен? Бұл хабарға қаншалықты сенді екен? Күні бойы осы сұрақтар басымнан кетпеді, бір жағынан Пүсіннің де бұл хабарды оқығанда қатты қайғыратындығын ойладым. Телефонда анаммен сөйлескен соң, Феридунға телефон соғып, Пүсін мен отбасына «Ақшам» газетінің бүгінгі санын оқымауларын қадағалауды өтінгім келді. Бірақ олай істей алмадым. Бірінші себебі, Феридунді көндіре алмаспын деген ой еді. Екінші себебі, негізінде мені қорлап, ақымақ деп жазуларына қарамастан, бұл хабарға іштей қуанған едім. Бұл қуанышымды тіпті өзімнен де жасырған едім, енді міне бірнеше жыл өткен соң түсіндім: Пүсінмен болған қарым-қатынасым, оған деген жақындығым, бұны қалай атасаңыз да, түбінде газет бетінде жазылып, бір мағынада бұл жағдайды қоғам қабылдаған болатын! Барлық Ыстамбул дың игі жақсылары, сүт бетіндегі қаймақтары оқитын газеттің бағанасындағы ұят, мазақ қылып жазылған хабарларды оқыған адамдар бірнеше ай бойы ауыздарынан тастамай, талқылап жүретін. Бұл өсектің барлығы, жақын арада Пүсінмен үйленіп қоғамдық өмірге оралуымның алғашқы адымдары ретінде, ең құрығанда осындай бақыттың соңын ойлап өзімді қуантуға тырыстым. Бірақ бұл ойлар үмітсіздіктен жаралған жұбаныш ойлар еді. Қоғамдағы өсек, шын өтірігі белгісіз хабарлардың арасында біртіндеп басқа бір адамға айналып бара жатқандығымды сездім. Өз өмірімді жұрттан оғаштауымның себебі, құштарлығым, өз шешімдерімнің арқасында емес, осы хабар үшін қоғамнан шеттетілген жаман адам тәрізді болғанымды сезгенім болды. Әрине, хабардың соңында жазылған «БК»деген адам, мақала авторы – Беяз Каранфил еді. Оны атастыру рәсімінің салтанатына шақырғаны үшін анама ашулы едім. Мақала жазған БК-ға өсек жеткізген («Сүйіскеніне шыдай алмаймын!») деп ойындағысын айтқан Тахир Танға да ашулы болдым. Осының барлығын көзбе-көз сөйлесіп, дұшпандарымызға лағнет жаудыру үшін Пүсінмен әңгімелескім, оған қолдау көрсеткім, оның да маған қолдау көрсеткенін қаладым. Сол кезде жасауымыз керек болған нәрсе Пүсінмен қол ұстасып, «Пелюр» барға бару еді. Феридун де бізбен бірге бару керек болатын. Өсекші хабарлардың жалғандығын тек осылай дәлелдеуге болады, тек мас кино қызметкерлерінің емес, сонымен қатар қоғамның қаймақтары болған осы хабарды оқып отырған достарымыздың да ауыздарын жабар едік. Бірақ хабардың шыққан күні кешкісін, барлық жігерімді жинағаныма қарамастан Кескіндердің үйіне бара алмадым. Несібе тәтенің мені тыныштандыратындай әрекет ететіндігін, Тарық мырза болса еш нәрседен хабарсыз сияқты кейіп танытатындығынан сенімді болдым. Бірақ Пүсін екеуіміз бір-бірімізді көргенімізде, не болатындығын сезе алмадым. Көздерімізге қарағанда, бұл хабар менің де, оның да жанын алай-дүлей күйге түсіретіні белгілі еді. Бұл ой мені қатты қорқытты. Әрине, мақаладағы кейбір жағдайлар жалған болатын. Мен Сибелді Пүсінді атақты актриса қылу үшін тастап кетпедім. Феридунге сценарийді жазғызған мен емеспін. Бірақ бұлар бір бөлігі. Газет оқырмандарының және өсекшілердің түсінуі керек болғандары тек бір нәрсе: Мен көзсіз махаббатым мен Пүсін үшін ұятқа қалған едім! Барлығы мені мазақ қылып, сыртымнан күлетін, ниеттері таза адамдар менің халіме жандары ашитын. Ыстамбул қоғамының кішкентай болуы және бұл адамдардың үлкен байлықтары мен кәсіпорындары болмағандығы сияқты, бас тарта алмас принциптері мен идеалдарының болмауы қайғымды жеңілдетпеді. керісінше, епсіздігімді, ақымақтығымды бадырайтып көрсетті. Кедей бір мемлекетте, бай адамның баласы болып туу бақыты бұйырғанмен, дұрыс өмір сүру бақытын ақылсыздығым үшін жоғалтқан едім! Бұл жағдайдан құтылудың бір жолы Пүсінмен үйленіп, кәсібімді дұрыс жолға салып, көп ақша тауып, қоғамның қаймақтарының арасына жеңіспен оралу еді. Бірақ бұл бақытты жоспарымды жүзеге асыру үшін не өзімнің жігерім жетпейді, не ол «қоғам қаймақтары» деп атаған ортамды жек көретін едім. Оған қоса газеттегі хабардан кейін, Кескіндердің үйіндегі жағдай дәл мен армандағандай емес еді.
Махаббатым мен ұятымның мені осы жеткізген жерінде, одан әрі тұйық болып және еш ақталмаудан басқа шарам жоқ еді. Бір апта бойы жалғыз өзім киноға барып, «Конак», «Сите» және «Кент» кинотеатрдарында америкалық фильмдерді көрдім. Кино әсіресе біздікі сияқты бақытсыздыққа толы әлемде, өміріміздің шындығы мен бақытсыздығының көрінісін берудің орнына, бізді алдандырып, бақытты қылатын жаңа әлем жаратуы тиіс. Кино көріп отырғанымда, әсіресе бір қаһарманның орнына өзімді қойған кезде, өз дерттерімнің көз алдымда үлкейгендей болатынын сезетінмін. Газетте жазылған бір хабарда мазақ болған адамның мен екендігін аз ғана топтың білетіндігін, бұл жайдың да уақыт өте ұмытылатындығын ойлап жаным жай табатын. Хабардағы жазылған жалғанды түзетуден бас тарту қиынға соқты, өйткені оларды ойлағанымда өзімді әлсіз сезінетін едім, барлық қоғам «қаймақтары» осы хабарды талқылайтындығын ойлап, кейбір кісілердің жаны ашығансып білмейтін адамдарға хабарда жазылған жалған сөздерді өз ойларынан әсірелеп үстіне басқа өз өтіріктерін қосып айтатындарын ойлағанда ішім удай ашитын еді. Барлығының күліп бұл өтірікке сенетіндеріне, мысалы, менің Пүсінге «Сені актриса қыламын», деп Сибелді тастап кеткендігіме шынымен де сенетіндіктеріне сенімді едім. Сол уақытта, өсектің мазақ тақырыбы болып өзімнің бейімсіздігім үшін, өзіме ашуланатын едім.
Хабардағы жалған дерек ішіндегі ең көп миымнан шықпайтын өтірігі, «Пүсіннің фильмде басқа біреумен сүйіскеніне шыдай алмаймын!» деген сөз еді. Барлығының осыған ерекше күлетіндігін білетінмін және ең бірінші осының түзетілуін қалайтын едім. «Жауапсыз, ерке бір байдың баласы болып сөз салған қызды тастап кетті» дегендері де ашуымды келтірді, бірақ мені танитындар бұған сенбейтіндіктерін білген едім. Ал «Сүйіскеніңді қаламаймын!» дегеніме сенулері әбден мүмкін. Өйткені Еуропалық мәдениетте тәрбиеленгендігіме қарамастан, менің бұл сөздерді айтуым шындыққа жанасады. Тіпті кейде, «осы сөзді не мас кезде, не болмаса қалжыңдап Пүсінге айтқан жоқпын ба» деп те ойлайтынмын. Өйткені өнер үшін болса да, жұмыс бабымен болса да Пүсіннің басқа біреумен сүйіскенін шынында да қаламайтын едім.
ЗАИМ
Сол жаздың басында «Coca Cola» және сол секілді үлкен компаниялармен бәсекестікте қиналған ұлттық газды сусынымыз «Мелтемнің» жарнамасына Папатияны ойнатамыз деп шешім қабылдаған кезде, жарнаманы Феридун түсіретін болған еді. Мен қашықтағанмен еш реніштерін сездірмеген ескі достарыммен жүрегімді жаралайтын соңғы айқасыма кірістім.
Заим Папатияның біздің құрған «Лимонфильммен» қатысы барын білетін. Осы тақырыптарды онымен дос ретінде сөйлесу үшін «Фуайеде» отырып түскі ас іштік.
– «Coca Cola» дүкендерге қарызға деп сатады, ақысыз әйнек панельдер, күнтізбе, сыйлықтар береді, олармен бәсекелесе алмаймыз, – деді Заим, – Осы күнгі жастар да маймылға ұқсас қой, жарнамадан Марадоннаның (сол кездегі футбол жұлдызы) қолындағы Коко Коланы көрсе, «Мелтемнің» арзан, пайдалы, жергілікті өнім болғанына қарамастан, «Coca Cola»-ны сатып алады.
– Ашуланба, мен қырық жылда бір газды сусын ішетін болсам, кола ішемін.
– Мен де...– деді Заим, – біздің ішкендеріміз маңызды емес. Папатья біздің ауылдық жерлерге күшті жарнама бола алады. Бірақ қайдан, әйел өзі? Сенуге бола ма оған?
– Білмеймін. Айтқанынан қайтпайтын өжет, кедей бір қыз. Анасы клуб әншісі. Әкесі бұл айналада жоқ. Қай жерін қызықтап отырсың?
– Соншама инвестиция салып жатырмыз. Кейін бір порнография киносында билеп жүрсе немесе қайдан білейін бір үйленген жігітпен көзге түсіп қалса. Мұндай сорақылықты ауылдың адамдары көтере алмайды. Сенің Пүсініңнің күйеуімен жүреді екен деп естідім.
Пүсінді «сенің» дегені, сол кезде бетіндегі «сен енді ол адамдарды жақсы танисың» деген сөздері маған ұнамады.
– «Мелтем» ауылдық жерде жақсы сұранысқа ие ме екен? – деп сұрадым. Заманауи, Еуропалық әдеттері болған Заимның германиялық манекенші Ингенің жарнамалауымен, батыстың компанияларымен бірігіп нарыққа әкелген «Мелтем» газды суының, Ыстамбулдағы және басқа қалалардағы ауқатты тұрғындар тарапынан сұранысқа ие болмай қалғаны оның жанын мазасыздандырғанын ұқтым.
– Иә, солай екен, ауылдарда бізді қатты ұнатады, – деді Заим, – өйткені, ауылдық адамдардың талғамы әлі бұзылмаған, әзірше нағыз түрік солар! Бірақ сен бірден ренжіп, менімен сөз таластырма! Мен сенің Пүсінге деген сезімдеріңді өте жақсы түсінемін. Осы ғасырда жылдар бойы жалғасқан бұл махаббат хикаясы өте үлкен құрметке ие. Кім не десе о десін.
– Кім не деп жатыр?
– Ешкім ештеңе деп жатқан жоқ, – деді Заим ойланып.
Бұл сөзі «зайырлы қауым сені ұмытты» деген мағынада болатын. Екеуміздің де көңіл-күйіміз түсті. Заимды маған шындықты айтқаны және көңілімді түсіргісі келмегені үшін жақсы көретінмін.
Заимның көздерінен мейірімділікті көрдім. Достық жанашырлық пен сенім берген бір пиғылмен күлімсіреді, қастарын көтеріп: «Не болып жатыр?» – деп сұрады.
Тақырыпты өзгерте ала алатын едім, Заим да мені түсінер еді. Бірақ ескі достарым арасында ұмытылуым неге екенін білмеймін көңіл-күйімді түсірген болатын.
– Жұмыстар жақсы, – дедім, – Пүсінмен үйленемін. Онымен зайырлы әлемімізге қайтадан ораламын. Әрине, мынау жиіркенішті өсекшілерді кешіре алсам.
– Қойшы, қайтесің, соларды, – деді Заим, –өсек-аяң үш күнде ұмытылады. Сенің жақсы адам екенің көзіңнен, көңіл-күйіңнен көрініп тұр. Феридунның хикаясын естіген кезде, мен де Пүсіннің де ақылды болатынын түсіндім.
– Феридунды қайдан естідің?
– Қойшы соны, – деді Заим.
– Иә қалай, той қашан? – деп тақырыпты өзгерттім, – Жаңадан біреумен таныстың ба?
– Оңбаған Хильмидың әйелі Неслихан! – деді Заим есіктен кіріп жатқандарға қарап.
– Оооо, кімдер келіп қалған! – деп Хильми үстелімізге ұмтылды. Неслихан үстіне өте әдемі көйлек киіп алыпты. Оңбаған Хилми Бейоғлыдағы тігіншілерге сенбей, үнемі Итальядан киініп, киіміне аса мән беретін. Түрлерінен көрініп тұрған әсемдік, байлық бейнесі маған ұнады. Бірақ оларға қалағандарындай, әр әзілдеріне, мазақтарына күле алмайтынымды сезіндім. Неслихан маған қорқып қарап отырғандай болды. Қолдарын алып суықтау амандастым. Анамның оқыған журналдарындағы беттерден әсерленіп, «жоғары топ» секілді қызық бір сөзді қолданып, сөзсіз сол жерге оралатынымды қазір ғана Заимге айтқаным дұрыс болмапты, қазір соған іштей ұялып отырдым. Пүсінмен бірге кешкен әлемге, «Шұқыржұмаға» барғым келіп отырды. «Фуайе» іші бүгін де адамға толы болатын, жемістер салынған вазаларға, бос қабырғаға, жарқыраған әдемі люстраларға бір ғажайып естелікке қарағандай тамсанып қарадым. Бірақ «Фуайе» көз алдымда қартайып, бірден ескіргендей болды. «Пүсін екеуміз бір күні ешнәрсені уайымдамай, тек өмір сүргенімізге және қол ұстасып бірге болғанымызға риза болып осы үстелде отырар ма едік, шіркін-ай! Ол да мүмкін», – деп ойладым ішімнен .
– Тәтті арман-қиялдарыңмен алысқа ұшып кеттің бе? – деді Заим.
– Жоқ, сен үшін Папатияны ойлап отырған едім.
– «Мелтемнің» жарнамасына түсетін болса, осы жазда «Мелтемнің» түр-әлпеті болатын болса, ол әйел біздің жиналыстармызға, кештермізге келу керек. Оған қалай қарайсың?
– Нені сұрап отырсың?
– Жақсы болады ма, жақсы қабылданады ма?
– Неге жақсы қабылданбасын, ол – әртіс әрі жас жұлдыз.
– Мен де соны айтамын. Түрік киноларында байларды ойлағандарға өтірік күлгендер бар ғой. Солар секілді болмайық.
Заим анасының берген тәрбиесімен «болмайық!» деп отырды, бірақ меңзегені «болмасын» болатын, әрине. Тек ғана Папатия емес, ол «төменгі сатыдағы» деп шешкен кісілерінің бәріне солай қарайтын. Бірақ «Фуайеде» отырғанымызда, Заимның өте асқақ бұл пікірлеріне ренжіп көңіл күйімді түсірмес едім.
Мейрамханада ұзақ жылдар бойы қызмет ететін бас даяшысы Садиден біздерге қандай балық мәзірін ұсына алатынын сұрадым.
– Бізге келмей кеттіңіз ғой, Кемал мырза, – деді, – Анаңыз да келмейді.
– Анам әкем қайтыс болғаннан кейін мейрамханаларға барып тамақтану дәстүрін жоғалтты.
– Өтінемін, алып келіңіз ханымды, Кемал мырза. Біз ол кісінің көңіл- күйін көтереміз. Қарахандар әкесі қайтыс болған кезде, аналарын аптасына үш рет түскі асқа әкеліп, терезенің алдындағы үстелге отырғызатын. Аналары әрі бифштексін жеп, әрі өткен-кеткендерге қарап ойы бөлінетін.
– Сіздерге бүгін қуырылған лаврак беремін Заим мырза. Бүгін одан басқа ештеңе ұсына алмаймын.
– Жанына не бересің?
– Піскен картоп, роккола, не қаласаңыз.
– Одан бұрын не бересін?
– Осы жылдың лакедрасы бар.
– Қызыл пияз да қос, – деді Заим басын ас мәзірінен көтермей, «Ішімдіктер» деп жазылған соңғы бетті ашты, – иә, машалла, Пепси, «Анкара» газды суы, тіпті «Элван» да бар, бірақ «Мелтем» жоқ екен! – деп ашуланды.
– Заим мырза, сіздің Мелтем» сусынын бір рет алып келді да, кейін жоқ болып кетті. Бос шишалар артқы жақта құтыда тұрғанына біраз болды.
– Дұрыс айтасың, біздің Ыстамбулда таратуымыз нашар, – деді Заим. Маған қарады. – Сен жақсы білесің бұларды, «Сатсат» қалай жүріп жатыр,таратуды қалай жөндейміз?
– «Сатсатты» қойшы», – дедім, – Осман Тұрғаймен жаңа компания құрды, бізді құртты. Әкем қайтқаннан кейін, Осман маған ерегісті.
– Сүйікті ағаң Осман біздермен жұмыс істегісі келеді.
– Мен араласпаймын, – дедім, – Османмен серіктес боп жатыр екенсің деп саған да ашуланатын жағдайым жоқ. Қалағаныңды істе. Басқа не хабар бар?
Заим «хабар» деп зайырлы жоғары топты меңзегенімді бірден түсінді және менің көңілімді көтергісі келіп өте қызықты әңгімелер айтты. Кеме батырған Гүвен, осы жолы да Тузла мен Байрамоғлы арасындағы жағада, датталған бір кемені құмға отырғызған болатын. Гүвен датталған, табиғатты улаған кемелерді шетелден металл сынығы бағасына сатып алып, карта ойнайтын бюрократтарға кеменің шынайы және қымбат екенін айтып, үкіметтегі таныстары арқылы, пара беріп «Түрік тасымалдау дамыту қорынан» пайызсыз несие алып, кейін құмға тірелген датталған кемені де саудагер достарына сатып, үстелінен тұрмай қыруар ақша табатын. Гүвен клубтарға барып екі стақан ішімдік ішкеннен кейін «Мен өмірімде кемеге мінбеген ең үлкен кемешімін» деп мақтанатын.
– Басқа не жаңалық бар?
– Авундулар мен Менгерлилердің отбасы ақшаларын банкир Денизге беріп зиян шегіпті. Авундулар сол үшін қыздарын тездетіп, тұрмысқа бергелі жатқан көрінеді.
– Ол қыз сүйкімсіз, құны жоқ, – дедім, – әрі банкир Денизге де сенім бар ма? Бар банкирлардың ішіндегі ең нашары болу керек. Атын да естімедім.
– Банкирда ақшаң бар ма? – деді Заим, – Атын мәшһүр болған банкирға сенемісің?
Кейбіреулері бұл іске кейбір ісінен, үлкен көліктерге дөңгелек сатып, тіпті ұлттық лотерея билеттерін сатқан кісілер болатын, жаңа банкирлердің осыншама жоғары пайыз беріп шыдай алмайтынын білетінмін. Бірақ көп жарнама берген және тез өскен кейбір банкирлер батпайтын жолдарын жалғастырып жатты. Газеттерде оларды сынаған, осы алаяқтарға мұрындарын шүйірген экономика ғылымының профессорларының да үлкен пайызға қызығып, «Ең болмаса бір- екі айлығына» деп, оларға ақша бергендері жазылды.
– Еш банкирлерде ақшам жоқ, – дедім, – біздің компаниялардың да банкирлерде ақшалары жоқ.
– Соншалықты үлкен пайыз бергендерінің адал жұмыс істеуі ақымақтық болды. «Мелтем» газды суына қойған ақшамды Кастеллиге берсем, қазір ақшам екі есе өскен болар еді.
Қазір жылдар өте сол әңгімемізді «Фуайедегі» жұртшылықпен бірге еске түсіріп жатқанымызда өмірдің жалғандығы мен мағынасыз екендігін сол кезде сезгенім есімде.
– «Мелтем» еш пайда әкелмейді ме сонда?
Мұны ойланбастан айтқан едім, Заим ренжіді.
– Папатияға , Жарнамаға сеніп отырмыз, қайтеміз енді, – деді, – Бізді жерге қаратпас. Мехмет пен Нұржиханның тойында «Күміс жапырақтар» орындалғанын, Папатияның «Мелтем» жарнамасындағы әнді айтқанын қалаймын. Барлық ақпарат құралдары сол жерде, «Хильтонда» болады.
Мен ойланып қалдым. Мехмет пен Нұржиханның үйленетіні туралы естімеген болатынмын. Ренжідім.
– Білемін, сені шақырған жоқ, – деді Заим,– естіген боларсың деп ойлаған ем.
– Неге шақырылмадым?!
– Бұл тақырып өте көп талқыланды. Түсінген боларсың, Сибел ол жерде сені көргісі келмейді. «Ол келсе, мен жоқпын», – депті. Сибел Нұржиханның ең жақын құрбысы. Сонымен қатар Нұржиханды Мехметпен таныстырған да сол болатын.
– Мен де Мехметтің жақын досымын, – дедім, – екеуін мен таныстырдым десем болады. – Неге Сибелдің айтқаны болу керек? – дедім. Осылай дегеніммен, бұл істі Сибел дұрыс жасағандай сезіндім.
– Бізді білетін барлық адам Сибелді жалғандықтың құрбаны деп біледі, – деді Заим. Атастырылу рәсімін жасап, онымен Босфордағы жағалауындағы үйде бірге тұрып, кейін оны тастап кеттің. Ел мұны ұзақ жыр қылып айтты. Көптеген шешелер жын көрсеткендей, қыздарына сені мысал етіп айтты. Сені емес, бірақ Сибел үшін бәрі уайымдады. Әрине саған қатты ашуланды. Қазір Сибелдің жанында болғандардың қылықтарын қатты елеме.
– Елемеймын, – дедім, бірақ елеген болатынмын.
Ракыны ішіп, тамағымызды үндемей жей бастадық. Заиммен алғашқы рет, «Фуайеде» ас ішіп отырғанда сөйлемей отырғаным осы. Жүгіріп жүрген даяшылардың аяқтарының дыбыстарын байқадым. Әңгіме-дүкен құрған адамдардың күлген дауыстармен қоса, қасық-шанышқы, ыдыстардың дыбыстары да естіліп жатты. Ашуланып, енді қайта «Фуайеге» келмеймін деп шешім қабылдадым. Бірақ осыны ойлап отырып, осы жерді жақсы көргенімді, жаныма бұдан жақын басқа бір әлемімнің жоқ екендігін ойладым.
Заим осы жазда катер сатып алғысы келгенін, бірақ одан бұрын артынан бекітетін күшті мотор іздегенін, Каракөйдегі дүкендерден таба алмағанын айтып отырды.
– Қойшы, енді, бетіңді тыржитпашы, – деді бірден. «Хильтондағы» бір тойға бара алмайтын болдым деп адам осыншама ренжи ме екен?
– Мехмет досымның Сибелдің кесірінен мені шеттеткені ұнамайды.
– Ешкім сені шеттетпеді.
– Егерде шешімді сен қабылдайтын болсаң, не істер едің?
– Қай шешім? – деді Заим жасанды түрде, – аа, түсіндім. Мен, әрине, сенің келгеніңді қалар едім. Тойда жақсылап көңіл көтеретін едік екеуміз.
– Мәселе көңіл көтеруде емес, одан да тереңірек.
– Сибел өте әдемі, ерекше бір қыз, – деді Заим, – сен оның жүрегін жараладың. Одан зоры, елдің алдында ұятқа қалдырдың. Бетің бозарып, маған ашуланып қарағанша, жасағандарыңды мойында, Кемал, сенші сол кезде ескі өміріңе оралуың, болған жайларды ұмытуың – сен үшін дұрыс болар еді.
– Яғни, сенің ойыңша мен кінәлімін бе? – дедім.
– Сенің елемейтініңді білемін, бірақ «Ақ қалампыр» сен туралы «Ақшам» газетіне өсек хабарын жазған кезде, барлық адам осыны талқылайды. Сен де негізінде елемеймін десең де, осыған көңілің түседі, солай емес пе?!
Заим мені ашуландыратын нәрселерді, «ескі өмірің» секілді сөздерді әдейі айтқанын түсіндім. Ол мені ренжіткісі келсе, мен де оны өте оңай ренжіте алатынмын.
– Заимжан, – дедім, – мен Папатияның «Хильтонда» Мехмет пен Нұржиханның тойында «Мелтемнің» жарнама әнін айтуын коммерциялық дұрыс шешім деп ойламаймын.
– Ойбай-ау, Папатия өзінше бір жұлдыз. «Мелтем» сусынымызға арналған жарнама үшін келісім шарт жасап жатырмыз. Қойшы енді, ашуланбашы маған. Бұл өте әдемі жарнама болады...
– Бірақ саған дос ретінде мынаны айтайын, – деді салмақты күйге еніп, – Кемалжан, адамдар сені шеттетпеді, сен оларды шеттеттің.
– Не істедім сонша?
– Өзің томаға тұйықтанып жабылып қалдың. Біздің әлеміміздегі мол қызықтан бездің. Өзіңше мағыналы бір нәрсе жасаған болдың. Бұл махаббат сенің шешімің болды. Бізге ашуланба енді!
– Одан басқа бір нәрсе бола алмайтын бе еді? Мен оны сүйдім, кейін оның жүрегіне мықтап байландым. Махаббат – осындай қиын да қызық нәрсе. Мына дархан дүниеге, мына әдемі әлемге қатысты терең бір мағынаны сезінесің. Бұл Сендерге түк қатысты емес!
«Сендерге» деген сөзім ауызымнан шығып кеткен болатын. Осы отырыста Заимның алыстағанын, менен бас тартқанын сездім. Енді менімен оңаша отыра алмайтын еді. Ол менің сөздерімді тыңдап отырып маған емес, достарына не айтатынын ойлап отырды. Мен бұл сырларды оның көзінен оқыдым. Негізінде Заим ақылды жігіт болатын, осындай нәрселерге көңіл бөлетін, іштей маған да ашулы екенін сезіп қалдым. Мені одан алыстатқан көзқарасымен бірге, мен де өзімнің өткенімнен және Заим досымнан қашықтап бара жатқандай болдым.
– Өте сезімталсың! – деді Зиам, – Сені осы қасиетің үшін жақсы көремін.
– Мехмет не деп жатыр? Осы жағдайға?
– Ол да сені жақсы көреді, білесің. Қазіргі уақытта Нұржихан екеуі біздің елестете алмайтынымыздай бақытты боп жүр. Бақыттан ұшып жүр және ешнәрсенің, ешбір дерттің бұл махаббатқа әсер еткенін қаламайды.
– Түсіндім, – дедім де тақырыпты жабуға шешім қабылдадым.
Заим осыны бірден түсінді.
– Кемал! Сезімтал болма, сабырлы бол! – деді.
– Жақсы, сабырлымын, – дедім. Бұдан әрі әрі астың соңына дейін ештеңе айтпадық.
Заим көңілімді көтеру үшін жоғары, зайырлы топтың өсек-жаңалықтарын айтып, тұрып бара жатып үстелімізге келген оңбаған Хильми мен Неслиханмен әзілдесіп, көңіл күйімді көтеруге тырысты, бірақ одан еш пайда болмады. Хильми мен әйелінің елден ерекше көрінем деген әсемдіктері тым даңғойлық, тіпті жасанды болып көрінді көзіме. Уақыт жылжыпты, өз сезіміммен арпалысып жүріп, өз ортамнан, достарымнан алыстап кетіппін. Ол ортаға мен бөтен болып барады екенмін-ау. Осы жағдай көңіл-күйімді түсірді. Кеудем бір өкпе мен ашу-ызаға толып тұрды.
Астың ақысын мен төледім. «Фуайенің» есігінің алдында алыс бір жаққа саяхатқа атанып, ұзақ уақытқа дейін бір-бірін көрмейтінін сезіп тұрған қимас достар секілді құшақтасып қоштастық. Сосын екеуміз екі бағытқа кеттік.
Екі аптадан кейін Мехмет «Сатсатқа» телефон соқты. «Хильтондағы» үйлену тойына мені шақырмағаны үшін кешірім сұрады әрі маған Заим мен Сибелдің көңіл жарастырып, біраздан бері кездесіп жүргенін айтты. Барлығы білген осы жаңалықты мен де біледі екен деп ойлапты...Заим досым мен бұрынғы сүйіктім Сибел туралы естігенде, мен шынымен де өз ортамнан, достарымнан алыстап бара жатқанымды сездім. Жанымды бір мұң басты...
(жалғасы бар)
Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ