... Себилмен атастырылу күніміз жақындаған сайын дайындық жұмыстары көбейді. Клубта әкемнің жолдастары, кәсіпкерлері, достарымен, «Хилтонда» берілетін шампан шарабы мен «Еуропа» ішімдіктерін қайдан алатыным жөнінде ақылдасқаным, ұзақ-ұзақ сөйлескенім есімде. « Сезім Музейімді», көп жыл өткеннен кейін аралаушыларға, сол жылдары Түркияда шетелдік ішімдік экспорты үкімет тарапынан қатаң бақылауында болғанын және үкіметтің импортерге беретін шетелдік валютасы болмағандықтан мемлекетке ресми жолдармен өте аз мөлшерде шампан шарабы, виски және басқа алкогольді ішімдіктер әкелінетінін ескерткім келеді. Бірақ бай аудандардағы гастрономия дүкендерінде, контрабандалық тауарлар дүкендерінде, люкс қонақ үйлердің барларында және қаланың бұрыш-бұрыштарында іздесең шампан, виски және басқа ішімдіктер табылатын. Мен секілді той-томалақ жасап жатқандар болса, қонақтарына ұсынатын Еуропаның атақты ішімдіктерін өздері тауып, қонақ үйдің ресторанына тапсыру керек еді. Қонақ үйлер қожайындарының көбісі бір-бірімен дос болған бармендермен ұйымдасып, бір-біріне арақ-шарап құтыларын жіберіп, керемет үлкен қабылдаулардың (тойлардың) кемшіліксіз өтуін қамтамасыз ететін. Қабылдаудан кейін, газеттер мен журналдардың із кесуші кәнігі кәсіпқой журналистері дастархандағы ішімдік тақырыбын талқылап, ішімдіктің қаншасы нағыз «шетелдік», қаншасы жергілікті Анкара вискиі болғанын жазып, айдай әлемге масқара қылатын. Сол үшін де журналистерден абай болуым керек еді.
Атастырылу рәсімінің жұмыстарынан шаршаған кезімде, Сибелдің өтінішімен Бебекке, Арнавуткой ауданының сыртқы жақтарында немесе сол кездері Этилерде жаңадан тұрғызылып жатқан үйлерді көруге баратынбыз. Әлі құрылысы бітпеген, әк пен цементтің иісі шыққан пәтерлерде қалай өмір сүретінімізді, қай жерде жатын бөлме, қай жерде ас бөлмесі болатынын армандау, Нишанташында көрген ұзын диванды Босфорды ең жақсы көре алатындай жерге қою туралы сөйлесу маған ұнай бастаған болатын. Кейде кешкілік уақытта барған қабылдауларда, Cибел осы үйлерде көрген көріністерді, жақсы немесе жаман жақтарын достарымызға айтатын. Ол өмірдегі жоспарларымызды басқаларға айтуды ұнататын, мен болсам қызық бір сезіміне бөленіп, тақырыпты ауыстырып, Заиммен «Мелтем» шығаратын газдалған су, футбол матчтары, жаз үшін ашылған жаңа демалыс орындары туралы әңгімелесетінмін. Пүсінмен арадағы құпия махаббат хикаясы мені достарымның басқосуларында үнсіздікке үйретті. Сөйлегендерге қарап үнсіз тыңдау өзіме ұнай бастады. Дегенмен ішімде өкініш пе, мұң ба бір өксік орнай бастаған болатын, бірақ сол күндері оны онша байқамаған болатынмын, хикаямнан кейін көп жыл өткен соң, мұны байқап отырмын. Сол күндері көпшілік арасында үндеместігім байқалатын.
– Кейінгі кезде аз сөйлейтін болдың,– деген Сибел маған түннің бір уағында, оны көлікпен үйіне апара жатқан кезімде.
– Солай ма?
– Жарты сағат болды, үндемей келе жатқанымызға.
– Әкеммен бірге өткенде түскі ас ішіп едік ғой. Сол кездегі әкемнің айтқан сөздері ойымнан кетпей қойды. Аузынан шыққан сөздерінің барлығы өлім туралы,- дедім ойдан оқиға құрастырып.
***
Өмірде ең маңызды мәселе бақыт болатын. Біреулер бақытты, біреулер бақытсыз. Кейбірі екеуінің арасында жүр. Ал мен өте бақытты болатынмын сол күндері. Бірақ бақыттың не екенін сезінбеппін?! Қазір жылдар өте келе, өкініш пен бақыттың арасын ұққан кезде, бақыттың көзге көрінбейтінін ойлап қамығамын. Бірақ мен бақытымды, оны қорғау үшін емес, тереңнен жақындаса түскен бір бақытсыздықтан Пүсінді жоғалту қорқынышын аңғармаған болатынмын. Мені сол күндері үнсіз және сезімтал еткен осы ма еді?! Атастырылу күні жақындаған сайын Пүсін екеуміздің арамыздағы үнсіздік ұлғайып, екі сағаттық күн сайынғы кездесуіміз бен төсекте қауышуымыздың соңы осы ұлы күш – үнсіздікпен уланып жатты.
– Атастырылу рәсіміне анама шақыру билеті келіпті, – деді бірде, – анам қатты қуанды. Әкем де: «баруымыз керек!» – деді. Менің де баруымды қалап отыр. Құдайға шүкір, келесі күні университетте тапсыратын сынағым бар. Үйде ауырып қалған болып, өтірік айтуыма болатын шығар.
– Шақыруды анам жіберген, – дедім, – келмейтін шығарсың?!
– Менің еш барғым келіп тұрған жоқ.
Пүсіннің теріс бір жауап беруін, «бармаймын» дегенін қалаған едім, бірақ ол ештеңе демеді. Атастырылу рәсімі жақындаған сайын, бір бірімізден алыстамақ түгілі, сиам егіздеріндей жақындай түстік. Жылдар бойы бірге тұрып жатқан ғашық кісілердей әдетке айналған аяқ-қол, дене әрекеттерімізбен бір-бірімізді қаусыра қатты құшақтап, кейде еш қимылдамай, үн қатпай ашық тұрған балкон есігінен соққан самал желдің пердені қимылдатқанына қарап, жүрегіміздің дүрсіл қаққан соғысын тыңдап үнсіз жататынбыз. Атастырылу рәсіміне дейін күн сайын сол белгілі түскі уақытта «Мерхамет» тұрғын үйінде кездесіп ұзақ рахат теңізіне шомылып, махаббаттың бал дәміне масайрап, буынымыздан әл кетіп, өң мен түстің арасында маужырап, төсектен тұра алмай жататынбыз. Жан-жүрегіміз қан жылап жатса да, ендігі күніміз не болатыны туралы ойлауға қорыққандықтан осы шексіз үнсіздікті қалайтын ек. Тіл мен тіл үнсіз аймаласып, көз бен көз қимастықпен бір-біріне қарайтын. Жылап жібермес үшін көздер де жұмылатын. Даладан футбол ойнаған балалардың айқайлаған дауыстары мен былапыт сөздері естіліп жатты. Алғашқы ләззаттанған күнімізде де жағдайымыздың не боларынан емес, анау-мынау, ортақ туыстарымыз, әдеттегі Нишанташы өсектері мен жаман еркектері туралы айтып қалжыңдасқан болатынбыз. Қазір осы әзіл-қалжыңдарымыздың тез бітіп қалғаны үшін мұңды болатынбыз. Мұны ғайыптың бір түрі, бір бақытсыздық екенін сезетінбіз. Бірақ осы бір ішімізде жанған түсіндіре алмайтын құмар сезім, бір-бірімізді алыстатпай, таңқаларлықтай жақындатты. Атастырылудан кейін де Пүсінмен байланысымды үзбеймін деп ойлайтынмын. Әр нәрсенің осылайша жалғасқан жәннаты, жайменен бір фантазиядан ақылға сай бір болжамға айналды. Рахат сезімге бөленіп жатып, Пүсіннің мені ешуақытта тастамайтыны туралы ойлар жаныма жағатын. Қиялымның ұшқырлығынан бір жағынан, Пүсіннің сөздерінен, әрекеттерінен не ойлағанын табуға тырыстым. Пүсін бұларды байқағанымды сезбегендей қалып танытқанмын. Менің күрсінісімді көзімнен көре білетін. Көру мен сезу үнсіздікке одан әрі жалғасып жатты...
***
Атастырылу рәсімі де келіп жетті. Сол күні алдымен виски мен шампан тақырыбында шыққан сәтсіздікті (бір сатушы ақшасын қолма-қол төлемедіңдер деп бөтелкелерді бермей жатқан) шештім, кейін Таксимге шықтым, балалық шағымның буфеті «Атлактикада» гамбургер мен айран іштім және балалық шағымның шаштаразы сөйлемпаз Жеватқа бардым. Жеват 1960 жылдардың соңында салонын Нишанташыдан Бейоғлы ауданына көшірген болатын. Біздің үйдің еркектері Нишанташыда өзімізге басқа шаштараз Басриді тапқан болатынбыз. Бірақ жол түскенде, қалжыңдап күлгім келгенде, Аға мешіт көшесіндегі шаштараз салонына барып, шашымды қиғызатынмын. Жеват атастырылу рәсімі болатынын естіп қатты қуанып қалды. «Күйеу балаға бұл ерекше сән» деп ерекше етіп сақал-мұртымды алып берді. Сақалға арналған импорт көпіршікті және иісі жоқ деген қымбат ылғалдатқыш әтір жақты. Жаяулатып Нишанташыға, «Мерхамет» тұрғын үйіне келдім. Пүсін күндегі уақытында келді. Бірнеше күн бұрын сенбі күні түске дейін кездесуіміз керектігін, өйткені келесі күні университетте сынағы бар екендігін айтқан болатынмын. Пүсін болса соңғы күні, соншама көп дайындалғаннан кейін басын шамалы демалдырғысы келетінін айтқан болатын. «Сынаққа дайындалып жатырмын» деп сылтауратып, екі күннен бері «Шанзелизе» дүкеніндегі жұмысына бармапты. Үйге кіре сала үстелге отырып, темекі шекті.
– Сені ойлағанымнан басыма түк математика кірмей қойды, – деді езу тартып. Бұл ешқашан болмайтын жағдайдай, киноларда айтылған жаттанды сөздер секілді сықылықтап күлді де, қызарып кетіп, мұңайып қалды. Жүзі нарттай қызарып, мұңға батпағанында мен мұны қалжың деп қабылдар едім. Екеуміз де атастырылу рәсімі болатынын есімізге түсірмегеніміздей қылықтар жасайтынбыз. Бірақ бұл жолы олай болмады. Екеуміз де бір ауыр қайғыны сезіндік. Қалжыңмен қашып құтылуға болмайтын, сөйлесумен азаймайтын, бөліскеннен жеңілдемейтін осы бір жанға батқан қайғыдан екеуміз тек ғана төсекте ләззаттанумен ғана құтыла алатынымызды түсіндік. Бірақ жүректі басқан мұң-қайғымыз ләззатымызды да улай бастады. Пүсін басындағы қайғы – бұлттарына оранып алғандай ойланып, үнсіз төбеге қарап жатқан. Қасында құшақтап жатып, мен де төбеге қарадым. Футбол ойнаған балалардың үні естілмеді, тек ғана доптың қозғалған даусын естіп жаттық. Кейін құстар да тынышталды, терең бір үнсіздік пайда болды. Қашықтан бір кеменің, кейін екіншісінің дауысы естілді. Әр кез болғандай ұзақ-ұзақ сүйісіп, еріндерімізді бір-бірінен ажырата алмай жаттық. Ыстық сүйістер екеумізді де рахатқа бөлейтін. Қайғымызбен сіздерді ренжіткенше, Пүсіннің ерні менің ернімде қалай еріп кететінін айтқым келеді. Уақыттарға созылған сүйісулеріміз кезінде, аузымыздың үлкен үңгірінде бал секілді тәтті су жиналатын, кейде еріндеріміздің шетінен төмен қарай ағатын, көздеріміздің алдында да, тек балалық пәктікпен сезіне алатын, түстегідей жәннат бір өлке пайда болатын. Басымыздың ішіндегі калейдоскоппен көрінген осы түрлі-түсті өлкені, жәннатты көргендей қарайтынбыз. Кейде біреуіміз інжуді абайлап тұмсығына қыстырған құстай, екіншіміздің төменгі немесе үстінгі ернін жайменен еміп, өз аузының ішіне тартатынын сезіп отырған осы ерін бөлігін тістерінің арасына қыстырып алып екіншісіне «енді менің қолымдасың» дегендей, екіншісі де еріндерінің қызықты қимылдарынан рахатты сезініп, ғашығының тәтті дәмін жұтудың қаншалықты тартымды болатынын өмірде алғашқы рет сезінген едім. Дәл сол кезде сабырсызданып бұратылған тілдеріміз, тістеріміздің арасында тездетіп бір-бірін тауып кезектесіп сору тәтті күйге бөлейтін.
Ұзақ ләззаттанудан кейін екеуміз де қалғып кетіппіз. Ашық тұрған балкон есігінен соққан самал жел пердені көтеріп, жалаңаш денемізге жібектей етіп тигізгенде екеуміз де шошып ояндық.
– Түсімде күнбағыс бақшасында екенмін, – деді Пүсін, – күнбағыстар самал желмен тербеліп шайқалып тұр екен. Неге екенін білмеймін сондай қорқынышты болды, айқайлағым келді, бірақ үнім шықпады.
– Қорықпа, – дедім,– мен қасыңдамын!
Төсектен қалай тұрып, қалай киініп, есіктің алдына қалай келгенімізді айтпай-ақ қояйын. Оған сынақта сабырлы болуын, кіру карточкасын ұмытпауын, барлығының жақсы болатынын, ештеңеге алаңдауын мың қайтара айттым.
– Ертең тағы да осы уақытта кездесейік, жақсы ма?
– Жақсы! – деді Пүсін көздері жасаурап.
Пүсін жүгіре басып, сатымен төмен қарай түсіп бара жатты. Мен соңынан қимастықпен қарап тұрдым. ..
***
Мені мұңға батырып, Сибелмен атастырылу рәсіміміз де өтті. Пүсін сол күнгі кездесуімізден соң «Мерхамет» тұрғын үйіне келмеді. «Өткінші бір өкпесі болар» деп ойладым. Маусым айының ыстығы перделердің арасынан өтіп бөлмені қапырық қылған кезде, әдеттегі кездесу уақытынан екі сағат асқан болатын. Терезеден қарап, Пүсінді күту мазамды кетірген соң тағы да көшеге шығып біраз жүрдім. Жексенбі күні саябақта демалып отырған әскерлерге, көгершіндерге жем берген балалы-шағалы бақытты отбасыларға және теңіздің жағалауындағы орындықтарда отырып кемеге қарап газет оқығандарға қарап, келесі күні әдеттегідей кездесу уақытында Пүсіннің келетініне өзімді сендіруге тырыстым. Бірақ келесі күні де, одан кейінгі төрт күнде де ол келмеді. Күн сайын «Мерхамет» тұрғын үйіне, кездесу уақытында барып күтетінмін. Ол жерге ерте барып күту маған азап болғандықтан, «екіге бес минут қалғанда баруым керек» деп шешім қабылдадым. Сабырсыздықтан өн-бойым қалтырап ішке кіретінмін. Алғашқы он- он бес минутта ғашықтық сағынышым: «Келер-ау» – деген үмітпен араласып, ми мен жүрегімнің шаншуы мен көз бен құлағымның толқуынан ішімде алапат күрес жүретін. Қайта-қайта перделердің арасынан көшеге қарап, біресе есіктен тың тыңдап , есім шығатын.
Бөлмелердің ішінде жүріп, терезеден қарап тұрып, кейде бір бұрышта қозғалмастан ішімдегі азаптың толқуын тыңдайтынмын. Кездесу уақытымызға аз минут қалғанда ішімнен: «Бүгін, иә, дәл қазір есікті қағып кіріп келеді» – деген сезімім көктемнің қауыз жарған гүліндей өздігінен ашылатын. Сол сәттерде, уақыттың тезірек өтіп сүйіктіме қауышқым келетін. Бірақ сол он бес минут сағыздай созылып өтіп болмайтын. Негізінде, өзімді алдағанымды, Пүсіннің келмейтінін енді шындап ұғына бастағандай болдым. Сағаттың тілі тура екіні көрсеткен кезде «қауышу сағатым келді» – деп қуанарымды не Пүсіннің келуі екі талай деп қайғырарымды білмей мазасыз күйге түсетінмін. Кемеге мініп порттан қашықтаған жолаушы секілді, өткен әр секундтың негізінде сүйіктімнен айрылғанымды білгенім үшін, өткен минуттардың соншама көп еместігіне өзімді сендіруге тырыстым. Сол үшін сәттерден, минуттардан құралған кішкентай карта жасадым. Әр секундта, әр минутта емес, бес минутта көңіл-күйім түсу керек еді. Осы әдіспен бес минуттың ауруын соңғы минутқа дейін созған болдым. Алғашқы бес минуттың өткенін қабылдау мүмкін емес болған кезде, қайғым шеге секілді жүрегіме батып, жаным қиналатын. Кейде Пүсіннің кездесулерімізге бес-он минут кешігіп келетінін ойлап, содан кейінгі бес минуттық карта алғашқы минуттарындағы ауруымды жеңілдеткендей, біраздан кейін есікті қағатын шығар деп армандайтынмын. Есікті қаққан кезде, қанша күннен бері оған ашуланғанымды немесе оны көре сала кешіретінімді ойлайтынмын. Мұңға айналған осы армандарға естеліктер де еретін. Сол кезде көзіме түскен Пүсінмен алғашқы кездесуімізде шай ішкен кружка немесе қолына ұстаған кішкентай гүл құмыра , үйдегі барлық заттар Пүсінді есіме түсіретін. Бес минуттық картаның төртіншісі мен бесіншісінің де өткенін қабылдау үшін үмітсіздікпен біраз ерегескеннен кейін ойым ең соңында Пүсіннің сол күні де келмейтінін қабылдауға мәжбүр қылады. Сол кезде ішімдегі құса-дертім жанарымды жасқа толтырып, жастыққа құлайтынмын...
***
Сүйіктіңнен көз жазып қалу қасіреті жай махаббатты өшіреді, зор махаббатты өсіреді. Өмір мен үшін мәнсіз болғандай. Бар шынайылығынан айрылғандай күн кешіп жаттым. Мағынасыздық, бос әурешілік боп көрінді. Қызықтыратын ештеңе қалмағандай. Көңілім көңілсіздікпен достасты. Бір күні осындай қамыққан кезде қолыма француз ақыны Жерар Де Нервальдің бір кітабы түсті. Поэзияны жанымның емшісіндей қабылдадым. Махаббат қасіретін сезінген ақын, өзінің аяулы махаббатын жоғалтқанын білген кезде, «Аврелия» атты кітабының бір бетінде, өмірдің оған тек ғана «Анайы алдандыру» сезімін қалдырғанын айтады. Мен де өзімді солай сезініп, Пүсінсіз өткізген күндерімде жасаған нәрселерімнің дөрекі, мағынасыз болғаны анық еді. Айналамдағы адамдарға ішімнен себепсізден себепсіз ашуланып тұратынмын. Бірақ ең соңында Пүсінді тауып алып, онымен сөйлесетінім, құшағыма басатыным, бұлар арман емес, кәдімгідей көңілімді аулар сенім болатын. Сол ең қиын күндерімнің бірінде, шіліңгір шілденің ми қайнатар бір күнінде, жұмысыма ағам Осман телефон соғып, бизнестегі әріптесіміз Тұрғай мырзаны неліктен атастырылу рәсіміне шақырылмай қалғанын сұрады. Тұрғай мырзаның шақырусыз қалғаны үшін бізге ренжігенін , тіпті төсек-жаймаларына қатысты тендерде төсек-жаймалар экспортында бізбен одақтас болудан бас тартуы мүмкін екенін де жеткізді. Осман Тұрғай мырзаның есімін құрметті қонақтар тізімінен сызып тастағанымды анамнан естіпті. Мен оған еш уайымдамауын, Тұрғай мырзаның көңілін сабасына түсіре алатынымды айтып сендірдім де, Тұрғайға телефон соғып, келесі күні түскі уақытқа кездесуге шақырдым. Тұрғай мырзаның Бахчеливлердегі фабрикасына келе жатып, көліктің ішінде қаланың қоқыстармен толып, сүйкімсіз көріне бастаған жаңа тұрғын үйлеріне, қоймалар, кішкентай фабрикаларға қараған кезде, ішім махаббаттың қызғанышынан оттай лаулай бастады. Тұрғай мырзаның бір кездері Пүсінмен таныс болғаны жаныма тыныштық берер емес. Бірақ бір жылы толқыныс бар еді жанымда. Осыған ұқсас басқа жағдайларды бұрын да бастан кешіп ем. Кенанмен сөйлесіп жатқанда немесе Шенай ханымды кездейсоқ «Таксимде» кездестіргенімде ішімді жылытқан толқыныстың себебін өзімнен жасыратынмын. Құдай-ау, Пүсінді танитын адамдар да менің көзіме ыстық көрінетіндей?!
Кешірім сұрау үшін келгенім, Тұрғай мырзаның көңілін жайландырды. Мені жылы шыраймен қарсы алып, жүз шақты тоқымашы қыз жұмыс істейтін тоқыма фабрикасына апарғанда, текстиль машиналарының жанында жұмыс істеп тұрған жас қыздарды көргенде жүрегім соғып кетті. Машиналардың арасында маған арқасын беріп тұрған Пүсін елесі көз алдымда тағы да жалт етті де жоқ болды. Тұрғай мырза жаңа әрі заманауи әкімшілік ғимараты мен гигиеналық кафетерияларды бір тәкаппар кейіппен емес, өзімен бірге жұмыс істеуіміздің қаншалықты маңызды екенін көрсеткендей әріптестік тілекпен аспай-саспай аралатып, көрсетіп шықты. Тұрғай мырза түскі асымызды жұмысшыларымен бірге кафетерийде тамақтанғанымызды қалады. Бірақ мен «бұл жер одан кешірім сұрауға жеткіліксіз» деп өзімді сендіріп, арамыздағы «терең тақырыптарға» өту үшін біраз ішімдік ішуіміз керек екенін айттым. Тұрғайдың мұртты қара торы жүзінде ешқандай ашудың ізі жоқ еді. «Мұндай кем-кетіктер болып тұрады өмірде, ұмытайық, сөз етудің еш реті жоқ» – деді. Түсінбегендей болдым да бар назары жұмыста болған еңбекқор адамды, Бақыркойдегі балық мейрамханалардың біреуінде түскі ас ішуге мәжбүрледім. Оның «Мустанг» маркалы көлігінің ішіне кіре сала осы орындықтарда Пүсінмен құшақтасып құмарланып сүйіскені айнадан көрінгендей болып өз өзімнен қалтырап кеттім. «Әлі де Пүсінмен байланысы бар ма екен» деген ойдан өзімді ұстай алмай, ыза мен қызғаныштың кегі көзімде жарқ етті. Тезірек мейрамханаға жетсек деп ойладым.
Мейрамханада көзіме ең жексұрын адам секілді көрінген Тұрғай мырзаның қарсы алдында отырып, оның жүн-жүн қолдарымен аппақ орамалды алдына төсегенін көрген кезде, кең танауына, жаялықтай аузына жақыннан қараған кезде, көңілім нілдей бұзылып, жүрегіме қайғы мен қызғаныш толып кетсе де, өзімді әзер ұстадым. Өзімше ұстамдылық танытып, сабырлы қалыпқа ендім. Бірақ ішімдегі алапат бұлқыныстан құтылу үшін ішкен ракы ішімдегінің бәрін сыртқа шығарды. Тұрғай мырза сыпайы ілтипатпен төсек-жайма шығару ісіндегі аз-кем келіспеушіліктеріміздің шешілгенін, енді серіктестер арасында ешқандай даулы мәселе қалмағанын, бизнесіміздің алға басатынын айтып жатқан кезде: «Жұмыстарымыздың жақсы болғаны емес, біздің жақсы адам болуымыз маңыздырақ» – дедім.
– Кемал мырза, – деді қолымдағы ракыға қарап, – сізді, әкеңізді, отбасыңызды қатты құрметтеймін. Барлықтарымыздың да басымыздан қиын күндер өткен. Біздер мынандай әдемі әрі кедей мемлекетте, еңбегіміздің арқасында бай атанып отырмыз. Алланың тек ғана сүйген құлдарына беретін бақытына иеміз, шүкіршілік етуіміз керек. Дөрекі болмайық, дұға етейік, солай ғана жақсы бола аламыз.
– Мен сіздің осыншама тәубешіл екеніңізді білмеген екем, – дедім мазақ қылғандай сөйлеп.
– Кемал мырза, менің айыбым не?
– Тұрғай мырза, менің отбасыма туысқан боп келетін жап-жас қыздың жүрегін жараладыңыз, оған «ғашықпын» деп ақша беріп қолыңызға түсіргіңіз келіпті. «Шанзелизе» дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген жас қыз – Пүсін анам жағынан өте жақын туысымыз болады.
Тұрғайдың жүзі күреңітіп кетіп, төмен қарады. Сол кезде оның Пүсіннің менен бұрынғы махаббаты болғандықтан емес, осы махаббаттан кейін қайғысын ұмытып, әдеттегі буржуазия өміріне жетістікпен орала алғаны үшін Тұрғайдың осы салмақты сабырлы қалпын қызғанғанымды түсіндім.
– Кешіріңіз, сіздің туысқаныңыз екенін білмеппін, – деді таңқалған бір кейіппен. Қазір қатты ұялып тұрмын. Мені отбасыңыз болып көргіңіз келмесе, атастыру рәсіміне осы үшін шақырмасаңыз бұған хақыңыз бар еді. Әкеңіз, ағаңыз да осылай ойлай ма? Не істейміз енді, серіктестігімізді бұзайық па?
– Бұзайық, – дедім. Аузымнан осы сөздің шыққанына өкініп қалдым ішімнен.
– Онда келісім шартты бұзған сіз боласыз, – деді де, қолына қызыл «Мальборо» темекісін алып тұтатты.
Махаббаттан туындаған қызыл ит – қызғаныш қасіретіме, өзім аяқ астынан жасаған шешімімнің ұяты да қосылып ішім алай-дүлей боп жатты. Қайтар жолда, әжептәуір масайып қалсам да көлікті өзім жүргіздім. Ыстамбул да, әсіресе жағалау жолында көлік айдау, он сегіз жасымнан бері мен үшін ең үлкен бақыт болған бұл сезім, ішімдегі апатты ойдың кесірінен қазір бір азапқа айналды. Дәл қазір қала да сұлулығын жоғалтқандай боп көрінді көзіме, одан қашу үшін газға бастым. «Эминонунде», «Жами» мешітінің алдындағы жаяу жүргіншілердің көпірінен өтетін жерде, аман есен өттім, әйтеуір.
Кеңсеге келген кезде, Тұрғай мырзамен серіктестігіміздің біткенін одан соншалықты келіп кетер ештеңе болмағанын өзіме және Османға айтып түсіндіру керек екенін шештім.Тендер тақырыптарын жақсы білетін Кенанды өзіме шақырдым. Ол менің әңгімемді зейін салып тыңдады.
– Тұрғай мырза жеке себептермен бізге әдепсіздік жасап келеді, – деп сөзімді аяқтай салдым да, – төсек-жайма экспортын өзіміз үлгеріп жасай аламыз ба, әлде жасай алмаймыз деп сұрадым. Кенан бұған мүмкіншілігіміздің аздығын айтты. Негізгі мәселенің не екенін сұрады. Тұрғай мырзамен енді бизнесте серіктес бола алмайтынымды айттым.
– Кемал мырза, бұл серіктестікті бұзу шарты бізге қолайлы емес, – деді Кенан, – ағаңызбен сөйлестіңіз бе?
Мұның тек ғана «Сатсат» үшін ғана емес, басқа компаниялар үшін де ауыр болатынын, келісім шартта төсек-жаймалар уақытылы келмеген жағдайда, Нью-Йорк соттарында бізге қарсы ауыр тармақшалар іске қосылатынын айтты.
– Ағаңыздың бұл жағдайдан хабары бар ма? – деп тағы да сұрады.
Өйткені ол тек компанияның ғана емес менің де жағдайымды уайымдауға құқылы екендігін сезгендей.
– Айтылған сөз – атылған оқ! – дедім, – Тұрғай мырзасыз жасаймыз жұмысты. Қайтеміз. Мұның мүмкін емес екенін Кенан айтпаса да жақсы біліп тұрмын. Сөзімнің ақылға қонымды жағы тоқтап, төбелескісі келіп тұрған қызғаныштың бір шайтанына ілесіп кеткен болатын. Кенан ағаммен сөйлескенім дұрыс болатынын қайталай берді. Үстел үстіндегі «Сатсат» логотипы бар күлсалғышты және қағаз қысқышты сол кезде Кенанның басына лақтырғым келді. Бірақ лақтырмадым. Өзімді ұстадым.
– Кенан мырза, сіз менің ағамның компаниясында емес, менің жанымда жұмыс істейтініңді ұмытпағайсың! – деп айқайладым.
– Кемал мырза, өтінемін, мұны білемін, – деді қызарақтап, – бірақ атастырылу рәсімінде мені ағаңызбен таныстырдыңыз. Осы маңызды тақырып бойынша оған хабарласпасаңыз , ол кісі сізге қатты ренжиді. Соңғы күндеріңіздегі қиыншылықтарыңыз туралы ағаңыз білгісі және сізге жәрдемші болғысы келеді барлығымыз секілді.
Осы «барлығымыз секілді» деген сөз мені ашуландырып жынымды қоздырды. Сол сәтте оны қуып жібергім келді, бірақ есалаңдығымнан қорықтым. Басым бір жартысымен көрсоқыр болып, махаббаттан, қызғаныштан дұрыс нәрселер жасамай жатқанымды сездім. Қақпанға түскен жаралы жолбарыс секілді қатты қасірет шегіп, мені тек ғана Пүсінді көру бақыты ғана жаза алатынын біліп тұрдым. Дүние мені қызықтырмады, өйткені менің жаныма дәл қазір ештеңе керек емес еді.
***
Байғұс жүрегім-ай! Сенің де сорың бес елі. «Дүкенде Пүсін де бар шығар» деген ой алға қарай сүйрей берді. Басым айналып көзім қарауытып бара жатса да, дүкеннің әйнек терезесінен ішке көз салсам, Пүсін тұр. Дүкеннің есігін жұлқи тартып ішке енгенімде, Пүсін емес, басқа сатушы қыз екенін көрдім. Сол кезде аяғымнан күш кеткенін сездім. Түнгі клубтарда, қабылдау, шақыру кештерінде өзімді алдаусыратып ойнап-күліп өткізген өмірім қазір маған сондай жиіркенішті болып көрініп кетті. Жан дүниемнің бөлшегі, жүрегімнің жартысы боп жолыққан бір аяулы адам бар еді, жоғалттым оны. Арзан – қылық, арсыз – күлкімен өзімді-өзім алдағаным, өзімді қадірлей білмегендіктен болатын. Атастырылу рәсімінен кейін сезген өзекті өртер өкінішпен араласқан кінә сезімі жанымды қинап барады. Қайтейін, саған адал болуым керек еді! Сибелмен атастырылудан бас тартуым керек еді! Менің көзім тек сені ғана көруі керек еді, Пүсін! Аяғымды жеделдете басып, екеуміздің «жұмақ мекенімізге» жеткенше асықтым. «Мерхамет» тұрғын үйіне келіп, Пүсіннің төсекке сіңіп қалған иісін аңсадым. Оны жүрегіммен сезінгім келді. Төсектегі иісі азайып, тіпті жоғалып кеткен бе, исін сезіне алмадым. Төсек жапқышты бар күшіммен құшақтадым. Көзім кішкентай үстелдің үстіндегі әйнектен жасалған сувенирге түсіп, оны қолыма алып иіскедім. Пүсіннің қолындағы, денесіндегі және мойнындағы иісі жайменен сіңіп қалыпты және иіскеген сайын жанымды рахатқа бөледі. Осы иісті искеп, мауқымды бастым. Бұл кішкентай сыйлықты Пүсінге екінші маусым күні кездескенімізде сыйлаған болатынмын. Анасына күмән туғызбау үшін, сыйлаған басқа да сыйлықтар секілді, мұны да тастап кеткен болатын.
***
«Мерхамет» тұрғын үйіне барып, Пүсін екеуміз қауышқан төсекке жатып, тәтті күндерді ойлау, оның қолының ұшы тиген заттарға қарап оны сағынышпен еске алу көңіл-күйімді көтерген болатын. Бірақ бір жарым күннен кейін ауруым басталды. Үш күннен кейін сол жаққа барып төсекте жатып Пүсіннің қолы тиген түсті бояу кептірілген бір майлы бояу жаққышқа жаңа ойыншыққа қызығып аузына салған баладай құмарттым. Пүсіннің өзі болмаса да, көзіндей көрінер бұл жансыз заттар менің сағынышымды жұбатқандай болатын. Содан соң оптимистік оймен, жан- тәніммен жан дертімнің жеңілдегенін ойлайтынмын. Осы оптимизм маған батылдық беретін, ескі өміріме оралатынымды, жақында Сибелмен қайтадан көңіліміз жарасымын тауып шаттыққа бөленетінімізді, онымен үйленетінімді және ел қатарлы бақытты бір отбасы болып өмір сүре алатынымызды әрі қуанып әрі қайғырып армандайтынмын.
Бірақ бұл оптимизм сәттері өте аз болатын. Бір күн өтпей сағынышым үлкен бір қайғыға, екі күнде жан шыдатпайтын азапқа айналып, «Мерхамет» тұрғын үйіне, сағынышымның сарайына қайта келетінмін. Ғимаратқа кірген кезде стакан, Пүсіннің ұмыт қалдырған шаш түйреуіші, тарақ, өшіргіш, қаламсапқа қарап отырып, бірге математикаға дайындалғанымыз, құшақтасып, аймаласқанымыздың бәрі-бәрі көз алдыма кеп, жанарымды жасқа толтыратын. Ол қолына ұстаған барлық зат менің көзіме ыстық. Оның денесі тиген мына жастық, мына жаймалар, мына төсек маған қымбат.
***
Дүние дөңгелеп, күндер зулап, айлар аунап ,Алланың бізге берген сыйы – өмір осылайша жанымды өртей жаздап өтіп жатты. Ойым кейде «Көшеден өткен алғашқы қызыл көлік сол жағымнан келсе, Пүсіннен бір хабар алатынымды, оң жағымнан келсе , әлі де күтетінімді» айтатын. Кейде «Сатсаттың» терезесінен жолдан өткен көліктерді санайтынмын. Бір кеменің гудогін естіп қалсам, мұны жақсылыққа жоритынмын, кемені елестететінмін. «Жер үстінің өтпе жолының баспалдақтары тақ сан болса, Пүсінді жақында көремін» дейтінмін. Баспалдақтың жұп сан болуы ызамды келтіретін.
***
Ең жаманы – түннің бір уақытында шырт ұйқыңнан оянып алып, қайтадан ұйықтай алмау. Сол кезде орнымнан тұрып ракы ішіп, амалсыздан үстіне тағы да еселеп бірнеше стакан виски немесе шарап қосып ішетінмін. Шарапқа әбден мас болған кезімде дертіме бір тыныштық табатынмын да, менің өмірім кітаптарға, киноларға, операларға лайықты өмір ғой деп қарқылдап күлетінмін. «Суадиедегі» саяжайға барғанымызда, тағы да көз іле алмайтынымды түсінген кезде, қараңғыда теңіз жағындағы жолға шықтым. Ұзын орындыққа шалқамнан жаттым да қарағайдың хош иісі ішінде «Аралдардың» жалтылдаған шамдарына қарап ұйықтауға тырыстым.
– Сен де ұйықтай алмай жатырсың ба? – деп сыбырлады әкем. Қараңғыда, қасымдағы орындықта жатқанын байқамаппын.
– Соңғы кездері кей түндері ұйықтай алмаймын, – деп сыбырладым кінәлідей адамдай.
– Уайымдама, өтіп кетеді, – деді мейірімділікпен, – әлі жассың, қайғы-қасіреттің кесірінен ұйықтай алмауға әлі ерте, қорықпа! Бірақ менің жасыма келген кезде өмірде өкінген нәрселерің болса, таңға дейін жұлдыздарды санап жатасың. Өмірде өкініш тудыратындай ештеңе жасама. Ақырын жүріп, анық бас.
– Жақсы, әке! – деп сыбырладым. Біраздан кейін «ауруымды» ұмытып ұйықтап кетіппін.
***
Кей күндері өзім тыныш жағажайда, толқынсыз әрі желсіз күндері теңіз жағасындағы саяжайына, кейде Бейкоздан кейін шығанақтың біреуіне барып, басымды еш судан шығармай ойларымның мені апарған жеріне дейін асықпай жүзетінмін. Одан соң жағаға шығып күннің астында қыздырынып жатқан кезде, мұның бәрі де – құмарлық, ғашықтық, намысты жүрегі бар еркектің басында кездесетін жай шығар деп өзімді жұбатып оптимистік сенімім оянатын. Осы күндердегі бұл көңіл сергітер көріністердің бәрібір махаббат дертімді баса алмағаны қиын болды. Кейде осы жағдайды рухымның кемшілігі ретінде көрсем ауруымнан құтыламын деп ойлайтынмын. Жанымды жаулаған Пүсін-сезімге қарсы тұрар күшім жоқ па?! Өзімше күрессем де, өзімді-өзім алдағанымды өте жақсы білетінмін. Қыркүйек айының сол жаймашуақ күндерінде Сибелден емес, өзімнен де қашқандай, сағынышымды басқым келіп «Мерхамет» тұрғын үйіне үш рет бардым. Ах, Пүсін-ай!
***
Америка киноларындағыдай жеке детектив кеңселері ол кезде Ыстамбулға әлі келе қоймағандықтан (отыз жылдан кейін ашылды) Пүсіннің ізіне адам сала алмадым. «Бір ұрлық оқиғасына қатысты құпия түрде сұрастырып жатырмын» деп өтірік айтып, одан бұрын Пүсінді, әкесін және шешесі Несібе тәтені тапсын» деп жан-жаққа жіберген әкемнің қара жұмыстарын атқарған және аз уақыт оның оққағары болған Рамиз де қолы бос болып оралды. «Сатсаттың» кеден, есеп мәселелерінде бізге көмектескен және өмірін қылмыскер іздеумен өткен комиссар көкеміз Селями мырза да, халықтың санын тіркейтін мекемелерінде, полиция бөлімшелерінде және әкімдіктерде іздеу салып іздегеннен кейін, іздеген кісімді, Пүсіннің әкесін, сотталмағаны үшін табу қиын болатынын айтты. Пүсіннің әкесінің зейнеткер болмай тұрып тарих пәні мұғалімі болып істеген екі лицейге «Вефа» мен «Хайдарпаша» лицейлеріне, ескі мұғалімдерінің қолын сүюге келген адал оқушы рөлін ойнап барған кездесулерім нәтижесіз болып шықты. Анасына хабарласудың жолдарының бір ғана жолы «Нишанташы», «Шишлиде» үйінде іс тігетін әйелдердің бар-жоғын анықтау болатын. Әрине, бұл сұрақты анамнан сұрай алмайтын едім. Заим болса, анасынан білген мәліметі бойынша үй тігіншілердің соңғы кезде азайғанын айтты. Тігінші Несібеге хабарласу үшін делдалға да айтыпты, бірақ таба алмапты. Көңілді қалдырған бұл хабарлар жан ауруымды қоздырта түсті...
***
Пүсіннен көз жазып қалғандығымнан қамыққаным соншалық, қаншама қателіктер жібердім, махаббаттан шеккен азабымнан қабырғам қайысып қаталдықпен де одақтас бола жаздаппын. Пүсінмен қайта қауышар болсам, бәрін де қайтадан бастар ем, тіпті Сибелден бас тартар ем. Пүсіннің құрбысы Жейданы хатшым Зейнеп ханымның көмегімен тауып алдым. Пүсіннің менімен болған қарым-қатынасымды әу бастан білетін сол еді. Маңызды бір тақырып бойынша сөйлескім келгенін айтқан кезімде таңғалмады. «Мачкада» кездескен кезде, махаббат азабымды Жейдаға айтудан еш ұялмағанымды байқадым. Екі күн бойы жүрегімнің тілін ұғар деп, Пүсінге 4-5 хат жазып, солардың ішіндегі біреуін ақылға қонымды деп таңдап, «Сатсаттың» сары хатқалтасына салған болатынмын. Алдын ала жоспарлағанымдай қабағымды түйіп өте маңызды шаруа екенін, бұл хаттың міндетті түрде Пүсінге жеткізілуі керек екендігін айтып, Жейдаға бердім. Сүйген жүрегімнің оны тағы да көргісі келетінін, бірге бақытты өмір сүргісі келетінін қуанышпен Жейдаға жеткіздім. Жейда хатымды Пүсінге беретінін, оның да маған міндетті түрде жауап жазатынын жақсы ниетпен айтқан кезде, ішімде үлкен бір үміт оянды. Уақыттар өтіп жатты. Күткен жауабым келмеді. Жан дертімнің еш жазылмағанын, керісінше күннен күнге үдеп бара жатқанын ұққандай болдым. Кеңседе жұмыс кезінде айқай салсам да, телефонда біреумен керісіп сөйлесіп жатсам да, ойымнан Пүсін шықпайтын. Есіме жиі-жиі Жейдамен сөйлескен сөздерімізді түсірдім. Жейда менің Сибелмен атастырылу рәсімінің бұзылғаны туралы хабарды Пүсіннің естігенін айтқан еді. Пүсінге жазған хатымда оның жоғалтқан сырғасының сыңары табылғанын, бала кездегі үш аяқты велосипедпен бірге баяғы бағалы інжу сырғаны әкеліп бергім келгенін жазған болатынмын. Бұрыннан да жоспарлағанымыздай әке-шешесі, Пүсін және мен, барлығымыз бірге отырып кешкі ас ішудің уақытының да келгенін айтқан болатынмын.
Мамырдың ортасында, қарбалас бір жұмыс күні кеңседе ауылдардағы филиалдардан келген көптеген қолдан жазылған дос, ризашылық, шағымдану хаттарын оқып жатып, қысқаша бір хатты көргенімде байғұс жүрегім аттай тулап кетті:
«Кемал мырза! Біздің де Сізді көргіміз келеді. Сені 19 мамырда кешкі асқа шақырамыз. Үй телефоны жоқ. Келе алмайтын болсаң, Четин эфендіден хабар жібер.
Құрметпен әрі сүйіспеншілікпен, Пүсін.
Мекен-жай: «Далгыч Чыкмазы» көшесі, 24. «Шұқыржұма».
Хатта күннің датасы жазылмаған болатын. «Галатасарай» поштасынан 10 мамырда шыққанын мөрінен көрдім. Шаттанған көңілмен «Шұқыржұмадағы» мекен-жайға қарай құстай ұшқым келді сол сәт. Бірақ өзімді ұстадым. Екі күндей уақыт бар әлі. Аңсарым болған Пүсінмен үйленіп, оны өзіме қайтадан құштар еткім келетін болса, бәріне де шыдаймын. Шыдамаған нем қалды?!
(жалғасы бар)
Түрік тілінен аударған: Маржан ЕРШУ