Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Орхан ПАМУК: "РОМАН МЕН МУЗЕЙ" (басы өткен санда)

«Сәлематсыздар ма? Мен - Орхан Памукпын! 2008 жылдың тамыз айында «Сезім музейі» романым жарық көргеннен кейін, арада төрт жыл өткен соң, 2012 жылы Ыстамбулдың Шұқыржұма ауданындағы Пүсін тұрған үйде «Сезім музейін» аштым. Бұл музейді көргісі келетіндер осы кітапты қолдарына алып, кітаптағы билет суретіне мөр бастырып, музейді тегін аралай алады. 
   2012 жылы ашылған бұл музейде тек Пүсіннің ғана емес, анасы Несібе мен әкесі Тарық мырзаның, Кемалдың да тұтынған заттары бар және романдағы кейіпкерлердің күнделікті қолданған заттарын, сыйлықтарын, отшақпағы мен темекі тұқылдарын, романда суреттелген Ыстамбулдың көріністерін,открытка, фотосуреттер, фильмдер т.б заттар қойылған.1990 жылдардың ортасында махаббат тақырыбында роман жазуды жоспарладым және роман кейіпкерлерінің музейі болса деп ойлай бастадым. Басыма музей идеясының қалай келгенін «Заттар музейі» атты кітабымда түсіндірдім. 
   1996-2000 жылдар арасында таңертең қызым Рүйяны мектебіне апаратынмын. Жол бойы жазам деп жоспарлаған «Менің атым Қырмызы», «Қар» атты кітаптарымдағы оқиғаларды ойлай жүріп, кеңсеме келетінмін. Шұқыржұма көшесінде ұсақ-түйек сататын «Бит» базары болатын. Мен романымды жазып бітіріп, музейді ашқанымша көптеген жылдар өтті, бұл кішкентай базарлар қазір үлкейді. Бұл «Бит» базарында ескі үстелден күлсалғышқа дейін, қасық-шанышқыдан бастап бала кезімде ойнаған ойыншыққа дейін, айва үккіштен тұздықсалғышқа дейін сатылатын дүкендер бар еді. Сондай-ақ, ескі журналдар, кітап, карта және фотосурет сатқан жерлерді ескілігін бұзбай сақтап қалсам деген тілегім болды.  Осы дүкендерден сатып алған ескі заттар мен өз отбасымның өмірінде қолданылған ескі заттарды жинастырып бір «Үй музейін» жасауды сол жылдары ойлап, Музейге айналдыратындай бір ескі үйді табу үшін Шұқыржұма  көшелерін  көп араладым. Музейге айналдыра алатын үйді (қазіргі «Сезім музейін») сатып алған кезде, ішімдегі арманшыл кішкентай коллекционерге жан бітті. Бұрын коллекцияға қызығушылығым болмаған еді. Сөреден көрген ескі тұзсалғышты, ескі сигарет трубкасын,ескі бір таксометр немесе ескі бір иіссу құтысын, осы заттардан коллекция жасау үшін, осы заттарды оқыған романыңыздың бір бөлімін жазу үшін сатып алғанмын. Осы романда аты аталған қазір пайдаланудан шығып қалған ескі заттарды сатып алып, үстелімнің үстіне қойып қызық ойға шоматынмын. Бұл қызығушылығым күн сайын арта түсті. Романыма тақырып тапқандай болдым. Бұл ескі заттарға деген сезімім мені түрлі ойларға жетелейтін. Мен кейіпкерлерімнің отбасым тұтынған заттарды қолданғанын ұнаттым. Мысалы, әкемнің таққан галстугі Кемалдың әкесінің галстугы болып, анамның тоқыма инелері Несібе тәтенің қолында жүрді. Бала кезімде ас үй дастарханында тұратын су құятын сары әдемі құмыраны коллекцияға қоспай, романымның бас кейіпкері Кемалдың үйінің дастарханына қойдым. Сатып алған көптеген көне заттарым да романыма жан бітірді. Қазіргі романның жазылуы қандай болуы керек деп ойласақ, бір кітаптың рухани күшін адамзат әлеміне жеткізу үшін жинаған заттарымызбен байланыс құру керек. Біздің сезімтал поэтикалық ойларымызды оятқан заттарды бір қатарға тізіп, бір романның  композициясына сала аламыз. Нобель сыйлығынан алған қаржымды түгелімен осы музейді құруға жұмсадым. Ешкімнен қаржылай көмек алмадым. Бұл музейімді ашқан соң, қалам мен қағазыммен қалдым, бұған еш өкінбеймін. Өзімнің суретшілік және архитекторлық өнерге жақындығым бар. Бұл музейге көп күш жұмсадым десем де болады. Суретші, архитектор, дизайнер, құрылысшылармен көп жұмыс жасадым. Режиссерлермен романдағы эпизодтарға арнап, видеороликтер дайындап, фотографтардың да еңбегіне сүйендім. Музейді  біреу-міреу бүлдіріп кетпесін деп көптеген күзетші де жалдадым. Ақырында арманым  жүзеге асты. «Сен жазушысың, саған музей неге керек» дегендер де болды. Кітап жазсам, сол кітап негізінде, кітаптағы кейіпкерлерім туралы музей болса деген ойымның жүзеге асуы қиындықпен келсе де, бұл ісім маған  қуаныш сыйлайды. Осы Музей арқылы шығармашылығыма өзім инвестиция салдым десем де болады. Мен жас кезімнен жаза бастадым. Менің бағыма орай, әкемнің үлкен кітапханасы болды. Әкем жазу-сызуға  жақын адам еді, өлеңдер жазды. Бірақ өлеңдері  көңіл жұбатарлық қалыпта болғанмен, кәсіби ақындықтың денгейіне жете алған жоқ. Маған  ата-анам «сен жаза алмайсың, жазба» дейтін еді. Бұл сөз мені төменге емес, өрге қарай сүйрейтін. Мен ешкімді тыңдамадым, жаза бердім. Менің жақсы көретін жазу машинкам, қалам мен қағазым болды. 
     Махаббат - шығарманың тұздығы. «Сезім музейі» романын  музей сезімін түсіндіру үшін емес, махаббат сезімін ұғындыру үшін жаздым. Бұл романда махаббат деген ұлы сезімді  психологиялық, мәдени-антропологиялық тұрғыдан түсіндіріп жаздым. Махаббатты жеңіл-желпі баяндағым келмеді. Мысалы: «Мен саған ғашықпын, көргенше асықпын» деген сөз сияқты. Махаббаттың сүйініші мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасіреті мен жан азабын да сезіндіргім келді. «Сезім музейі» ең алдымен, махаббат туралы роман. Махаббат адамның өресіне, дәрежесіне, жынысына, ішкі мәдениетіне, мемлекетіне, тіпті дініне қарай бөлінеді. Романдағы махаббат хикаясы – 20 ғасырдың екінші жартысындағы ыстамбулдық бай бір жігіттің басынан өткен махаббаты. Оқырманның махаббаты Кемалдың да махаббатынан терең болатынын ойладым. Роман жарыққа шыққаннан кейін кейбір оқырмандар Кемалдің эгоистілігін ұнатпады, романтик және сезімтал емес деді, ал басқа бір оқырмандар хикая шиеленіскен сайын Кемалды жақсы көргендерін айтып, романтик кейіпкер санайтындықтарын айтты. Мен бұл екі ойды да қолдаймын. Осы романым шыққан соң маған :«Орхан мырза, сіз осы Кемалдың өзі емеспісіз?» – дейді жұрт. «Жоқ! Мен Кемал емеспін. Ол- менің кейіпкерім» деу өте оңай. Кемалдың ғашықтық, құмарлық сезімдерінің менің басымнан өтпеді деу қиындау. Жазушы болу  дегеніміз – өз сезіміңді өзгенің сезімі не өзгенің сезімін өзіңнің сезіміңдей ғып жеткізу емес пе?! Мен Кемалдың ойдан шығарылған кейіпкер екендігін айтсам да, оны өмірде болғандай ғып сендіруді қалаймын. «Орхан мырза, сіз өміріңізде кейіпкеріңіз сияқты жақсы көрген заттарды жинаған кезіңіз болды ма?» деп сұрағандарға: Кітаптың өмірден нәр алатындығын айтамын. Жақын ағамның  «Шевролеті» болғандығы, оның Четин деген жүргізушісі болғандығы рас. Харбие ауданындағы «Сатсат» кеңсесінің орнында әкемнің бас директор болып қызмет еткен «Айгаз» кеңсесі болған еді. Кітабымдағы кейіпкерлердің прототиві өмірде бар адамдар деуге болады. 
     ... 2012 жылы «Сезім музейін» ашқаннан кейін маған «Орхан мырза! Сіз  осы Кемалдың өзі емессің бе?» деген сұрақтар тағы да қойылар еді. Бәлкім сол үшін осы жауапты ойлап таптым. Балалық шағымды, жастығымды 
1950-1990 жылдар арасында Нишанташы ауданында өткіздім. Кемалдың отбасы да, достары да менің отбасыма, қоршаған ортама өте ұқсас. Кейін мен де, кейіпкерім Кемал да өмір сүрген ортамыздан шеттетілдік. Екеумізге ой мен жалғыздық жар болды. Романымдағы Кемал ғашықтық сезімінің кесірінен, ал мен саяси көзқарасымның кесірінен жалғызбын. Екеуміз де бұған өкінбейміз...» 
 Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ                        

 Редакциядан: Түріктің атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың «Сезім музейі» романынан оқырмандардың сұрауы бойынша үзінділер жариялаған едік. Әлемнің елуден аса тіліне аударылып, « үздік махаббат романы» атанған бұл кітапты қазақ жұртшылығы да жылы қабылдады. Оқылым жағынан алдыңғы орында болғанын да оқырман қауым жақсы біледі. «Сезім музейі» кітабын оқыған оқырмандардың ой- пікірін күтеміз.