Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
«Нобель сыйлығының лауреаты, Ыстамбулда тұратын түрік жазушысы Орхан Памуктың қазақ тіліне аударылған «Менің атым Қырмызы» және «Сезім музейі» атты қалың романдары қолыма тиді. Әсем безендірілген, томдарды 2000 данамен басып шығарған астаналық әйгілі "Фолиант" баспасы. (бас директоры Нұрлан Исабеков). «Менің атым Қырмызы» романы туралы кезінде «Frankfurter allgemaine» басылымы: «Түрік жазушысы Орхан Памук Европаға романның қалай жазылуы керектігін көрсетті» деп жазғаны бар. «Менің атым Қырмызыны» түрік тілінен аударған Амангелді Құрмет. Ал талантты ақын қарындасымыз Маржан Ершу аударған «Сезім музейі» романы түпнұсқада жарық көрген соң (2008) төрт жылдан кейін шығармада суреттелген Шұқыржұма деген жерде кейіпкер қыз Пүсін тұрған үйден шынында да «Сезім музейі» ашылғанын білуші едім. Жол түсіп, реті келсе ат басын арнайы бұрып, көруге тұратын сол музейдің ашылуына автордың өзі мұрындық болған.
2005 жылы «Қар кітабы» үшін басына қара бұлт үйіріліп, соттала жаздаған атышулы қаламгерге сол тұста Стамбул соты кешірім жасағаны да есімде. Артынша оған Швед Академиясы Нобель сыйлығын берген. Бірақ түрік дүниесінің «армян қырғыны» деген шікәмшіл тақырыпқа байланысты оған таққан айыбы бұдан азая қойды ма екен? Оның атақ-даңқының әлемге жайылуына ағысқа қарсы жүзіп, қалыптасқан қағидаларды мойындамай, түріктерден өзгеше, ерекше көзқарас ұстануы да үлкен әсер еткенін айта кету керек шығар. Кереғар көзқарасы жөнінде кім не десе о десін, мықтылығы мойындалған Мамықтың баласы - Орхан Памуктың әлемдік әдебиеттегі ұлы орнына ешкім шәк келтіре алмас. 2023 жылы Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан «Сезім музейі» романын қазақ тіліне аударғаны үшін Маржан Ершуге Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді».
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ақын
«Сезім музейі» десе, сезім музейі. Кітапты оқып отырып өз жан дүниең сезім музейіне айналып кетеді. Бір кезде өзің қызықтаған, кейінірек ұмыт еткен бір сезімдерді мұрағаттардың ішінен тауып алып мəз боласың. Сезім кітабы маған ұнады».
Мерей ҚАРТ, ақын
«Сезім музейі» романын оқып шықтым. Махаббат, адамгершілік,адалдық, ынсап тұнып тұрған өмірді ерекше суреттеген екен. Сүйсіне ыждағаттылықпен тауыстым. Бизнесмен жігіт Кемал мен һас сұлу Пүсіннің арасындағы қызық пен шыжыққа толы хикаялар тізбегі әсерлі баяндалады».
Бақытгүл САРМЕКОВА, жазушы
«Сезім музейін» оқып бастағаныма 3-4 күн болды. Түріктер түрлері жүн-жүн, қабақтары қатулы, суық көрінгенмен әйел затына келгенде жүректері тым осал, әсіре сезімтал ма деп ойлап отырмын. Қызға анандай болып ғашық болу дегенің?! Оқып отырып сонша боркемік болғанына жының ұстап, Кемалді басынан оқтаумен қойып қалғың келеді. Бірақ, шынымен біз қазір сезімнен алыстап кеткен екенбіз, тым салқынқанды, тым ақылды болып алғанбыз. Сондықтан, сезімді тосырқап қарсы аламыз, тез құтылғанша асығамыз, себебін, салдарын, пайдасын іздейміз».
Ләззат АХАТОВА , заңгер
«Орхан Памуктың «Сезім музейі» кітабын оқып жатырмын. Памук Нобель сыйлығын алған жазушы ғой. Түрік халқының әдет-ғұрпы, менталитеті біздікіне ұқсайды екен. 30 жасар жігіт пен 18 жасар сұлудың махаббат хикаясына кіріп кеткенім сонша, қолым қалт етсе болды, сол кітапты іздеймін. Баяндалуы - шынайы, тілі қарапайым. Сонысымен де жұртшылықты тартып алса керек».
Әнел МАРАТОВА , оқырман
«Орхан Памук түрік жазушыларының ішіндегі ең мықтысы болып табылады. «Сезім музейі» махаббаттың сыры мен мұңы туралы жазылған үздік романдардың бірі. Мұнда 20 ғасырдың екінші жартысындағы ыстамбулдық жігіттің махаббаты туралы айтылады. Шығармада махаббаттың азабы, қиыншылығы, сүйініші мен күйініші айна қатесіз суреттелген. Махаббаттың құдіретін ерекше стильмен түсіндірген бұл шығарма маған қатты ұнады.Оқырман ретінде оқуға кеңес беремін».
Марфуға ШАПИЯН, журналист
«Фолиант» баспасына барып, Орхан Памуктың қазақшаға аударылған «Сезім музейін» алдым. Бұл – Кемал деген жігіт пен Пүсін деген қыздың басынан өткен махаббат оқиғасы суреттелетін кітап. Кітап маған түрлі-түрлі эмоция сыйлады. Бірақ кітаптың соңы, яғни, финалы керемет! Кемалдың: «Бәрі де білсін! Мен өте бақытты ғұмыр кештім. Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін де бақыттымын!» – деуі, оның өмір бойы көрген бүкіл қайғы-қасіретін жуып, оқырманның да еңсесін басқан ауыр жүкті арқасынан аударып тастағандай болады».
Байғали ЕСЕНӘЛІ, актер
«Орхан Памук та, Маржан Ершу да бақытты!».
Қырмызы БАЙМЕН, педагог
«Күшті кітап! Алып оқыған адам 70-80 жылдарға ойша барып қайтады».
Гүлзада ИКСАНҚЫЗЫ, оқырман
«Сезім музейі» романын оқып шықтым. Əрине, бірде толқып, бірде шалқып, бірде мұңға батып кейіпкерлер өмірімен біте қайнасуыма себепкер жан, ол, əрине Маржан Ершу. THE WASNINGTON POST басылымы : «Орхан Памук осы кітабымен бәрімізге махаббаттың құдіретін ұғындырды», - деп жазған екен. Расымен де солай. Махаббат құдіретін, ғажайып сезімді сездірген аударманың жатық, жүрек түбіне жете білуі де керемет».
Фархат ӘМІРЕНОВ, журналист
«Орхан Памуктың «Сезім музейі» және «Менің атым Қырмызы» кітаптарын баспаның өзіне барып, сатып алдық. Оқырмандардың көбі кейбір кітаптарды «Бағасы удай» деп қымбатсынып жатады. Біздіңше, кітаптың құны қашанда қымбат және базардағы саудаласу кітап атаулыға мүлдем жүрмейді. Сонымен, алдымен қолымызға «Сезім музейін» алдық. Аты айтып тұрғандай, тақырыбы – махаббат. Дәлірек айтсақ, дәулетті отбасыдан шыққан Кемал есімді жігіттің Пүсін атты бойжеткенге деген өшпес сезімі. Кітап жеңіл оқылады. Әу баста Кемалды психикалық дертке шалдыққан жан шығар деп ойладым. Бірақ, романның соңына жеткенде бұл ойымнан түбегейлі өзгердім. Қайта Кемалға деген құрметім артты. «Сезім музейін» оқып болған соң, ойыма өзімнің Естай атам оралды. Ғашығы Қорлан сыйлаған жүзікті 51 жыл қолынан тастамаған бабамның өмір жолы да тамаша романға сұранып-ақ тұр. Әрине, Естай мен Қорлан тақырыбына Мұзафар Әлімбаев, Қасым Аманжолов, Мұхтар Шаханов, Ербол Шаймарденов сынды қабырғалы қаламгерлер поэзиялық дүниелер жазды ғой. Ал, роман... Жоқ!.. Махаббат. Жаттанды, жауыр тақырып. Бірақ О.Памук осыны басқа қырынан баяндаған. Жазушы бұл шығармасы арқылы қалың оқырманға махаббаттың құдіретін ұғындырып қана қоймай, болашақта махаббатты музейден іздеп жүрмейік деген ой айтады. Кітаптың негізгі түйінін біз осылай түсіндік. «Сезім музейін» оқып болған соң, көкейде бір сауал қылаң берді. Кітапты жазған - ер адам, роман бірінші жақтан, яғни ер адамның - Кемалдың атынан баяндалады ғой... ал аудармашы – әйел адам. Маржан Ершу. Орхан Памуктің бұл кітабын аудару қаншалықты қиынға түсті екен?.. Айтпақшы, Түркияға барып жатсақ, Орхан Памук ашқан музейге міндетті түрде соғу керек екен».
Ая ӨМІРТАЙ , журналист
«Сезім музейі» - тірлікте жолы тоғыспаған ынтық жүректер үшін көрсетілген құрмет, сүйе білетін жандардың кіршіксіз сезіміне орнатылған ескерткіш сыңайлы. 4 қабатты шағын музейді оңай тауып аламыз дегеніміз бекершілік болыпты. Картаны бағытқа алғанымызбен, ыстық күнде жүрісіміз өне қоймады. Оның үстіне тар көшеде біресе көлік, біресе мотоцикл ағызып өте шығып әбден берекені алады. Көшеден көше кезіп келе жатып, Музейге жеттік. Сонымен алғашқы қабатқа кіре қалғанда сізді тұтас қабырға толы темекінің тұқылы түкті кілемдей қарсы алады. Карамель кәмпиттей тәтті мұңмен қатар көңілсіз күндердің елесі көлбеңдегендей болады. Екінші-үшінші қабатқа өрлегенде сіз роман желісіне қаныға түсесіз. Нишанташының бай отбасынан шыққан Кемал мен дүкенде сатушы болып істейтін Пүсіннің ынтыққа толы өмірі көз алдыңызда шындыққа айналады. Бәлки, әлдеқашан ұмытуға айналған көмескі сағынышыңыз да су бетіне шағылысқан күн сәулесіндей жүрек түкпірінен жарқырай елес беруі де ғажап емес! Көркем музей қонақтарға «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Ыстамбул өмірінен» таңғажайып сыр шертіп тұр. Әйнек артында қатырылған қою түрік кофесі соның дәлелі».
МЕН НЕГЕ «СЕЗІМ МУЗЕЙІ» ДЕП АТАДЫМ ?
Түрікше түпнұсқасында кітап «Бейкүнә музей» деп аталады, ағылшынша аудармасында «Кінәсіздік музейі», қытай аудармасында «Кіршіксіз музей», орысша аудармасында «Музей невинности» деп аталыпты, тағы басқа тілдерге аударылғанда осы атаудың маңайынан алыс кетпепті. Мен неге «Сезім музейі» деп атадым? Романның тақырыбы мені ойландырды. Қазақ тілі- өте бай тіл. Мақалдап, өлеңдетіп сөйлейтін халықтың өкіліміз. Тікелей аударма «Бейкүнә музей» деген сөз құлаққа әдемі естілмейді әрі түсініксіздеу. «Саф музей» немесе «Пәк музей» деген сөздер де көңіліме қонбады. Әлемдегі музейлердің бәрі сол жерде жинақталған жәдігерге деген құрметтен, ынта-ықыластан, махаббаттан туған. Яғни, сезімнен туған. Памук бұл шығармасында осы заман келбетін, қоғам дамуындағы адамдардың материалдық игіліктерге құмартуы, адам бойындағы жағымсыз мінездердің тез өріс алуы, тіпті күндердің күнінде махаббат деген аяулы сезім де музейде калады-ау, бір замандардағы қылыш, дулыға сияқты деген үлкен ой айтып отыр, бірақ ол ойын ашық бажырайтып айтпай, музей тақырыбымен көрнекілендіріп жіберген. Бұл кітаптың бір сиқыры бар. Оқиғаға бай. Орхан Памук - көрместі көретін, сезбесті сезетін жазушы. Өткен шақ пен осы шақты байланыстырып, болашаққа болжау жасай алатын қасиеті қаламгердің фантазиясының ұшқырлығынан, жадының мықтылығынан хабар береді. Осы романнан кейін маған бір ой келді. Тәуелсіздік алғанымызға биыл отыз жыл толды. Тоқсаныншы жылдардың басында адамдар қандай бәтеңке киді, қандай музыка тыңдады, қалай сөйлейтін еді? Сол жылдардың суреті неге біздің жазушыларымыздың романында жоқ? Сол кездегі адамдардың пейілі, ықыласы ғана емес, сол уақыттағы қыздардың киген мода көйлегі мен туфлиі де өткен күннен бір белгідей қызықтырмай ма? Біздің әдебиетте осындай детальдар жетіспей жатыр. Памук осындай фактілерді қалтарыста қалдырмай, жан бітірген. Шетелдік басылымдар дәл байқағандай, «Памуктың сырлы әлемінен шыққыңыз келмей қалатыны» рас. 2016 жылдың караша айында, Астанада, Еуразия Халықаралық Кітап көрме- жәрмеңкесі кезінде «Сезім музейінің» тұсаукесері өткен еді. Памуктың атына қанық оқырман қауым бұл кітапқа қатты қызығушылық танытты. Сол кезде іштей ойлағам «Қазіргі елдің сезімі бірер апталық қой, уау» дейді де, бір толқып басылар. Сосын ұмытып кетеді ғой» деп. Бірақ бұл кітап оқырмандарға ұнайтын сияқты. «Фолиант» баспасының тапсырысымен аударылған бұл кітап интернет желісі бойынша сатылымда алғашқы орында тұр екен. Баспадан бірнеше рет басылып шықты. Әлеуметтік желілерде оқырмандар «Сезім музейі» парақшасын ашып қойыпты. Онда жүзден аса пікірлер, пост жазылған. Оқығандар пікірлерін қалдырса, бұл кітапты оқымағандар оқуға асық екенін жазады, сатып алудың жарнамасы да қызады екен арасында. 2019 жылы Ыстамбулдағы «Сезім музейіне» жолым түсті. Сол жылы ақпан айында Анкарада, Ыстамбулда «Дина –Dina» («қазақша-түрікше), «Қожанасыр жырлайды» (Махмут Каядан аударма), «Сезім музейі» (Орхан Памуктан аударма) кітаптарымның тұсаукесері өткен еді. Сол сапар барысында мен осы Музейге бардым. Музейде түрлі экспонаттармен бірге Орхан Памуктын 45 тілге аударылған «Masumiyet muzesi» («Сезім музейі») кітаптары қойылған. Бұл қатарда 46- шы болып, «Сезім музейі» қазақша кітабымыз да орын алатын болды. Кітабыма қолтаңбамды жазып, музейге сыйладым. Музейге келушілер көп болады екен. Әсіресе туристер көрмекке құмар дейді. Ұлықбек Есдәулет ағамыз жазғандай, Орхан Памуктың басына 2005 жылы «Қар» атты саясат тақырыбында жазған кітабы үшін басына қара бұлт үйірілгені рас. Түркия жазушыны осы кітабы үшін қатаң айыптап жатты. Орхан Памук қалың түрікке ренжіп, Нобель сыйлығынан алған мол қаржысына малданып, елден безіп, Америка асып көшіп те кетпеді. Ыстамбулында отырып, романдарын жаза берді. Ол өзі ерік-жігері өте мықты қайраткер тұлға екен. Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. 2011 жылы Түркияға поэзия фестиваліне барған едім. Шара барысында қатысушы ақындарға кітап дүкенінін аралатты. Кітап дүкеніне барғанда, ең алдымен белгілі қаламгерлердің кітаптарын іздейміз ғой сөреден. «Орхан Памуктың кітабы бар ма?» деп едік, сатушы Памуктың қызыл кірпіштей қалың кітабын алдымызға қойды да, жаратпаған пішінмен «Бағасы-1 лира» деді. 1лира –1теңге деген сөз ғой. Сонда таңырқап қараған едік.
Түркияда «Сезім музейінің» алғашқы басылымы 2008 жылы шыққан. 2012 жылы Орхан Памук Шұқыржұмада «Сезім музейін» ашқаннан кейін, 2012 -2014жылдар аралығында бұл кітап Түркияда үш рет басылып шыққан екен. Памук шындығын «Сезім музейі» кітабының 2014 жылы шыққан басылымында роман туралы соңғы түйін деген бөлімде өзі былай деп жазған ғой. «Кемал да, мен де қоғамнан шеттетілдік. Кемал сезімінің кесірінен, мен саяси көзқарасымның кесірінен» деп. Бұл - оның шындығы. «Өлең өзі тулайды қайшылықта» деген Мұқағалидің жырына ден қойсақ, Памуктың ішкі жан арпалысы мен шығармашылық азабын ұға аламыз. Памук кітабының атын «Бейкүнә музей» деп атауы, музей ашу идеясы бәрі бір бірімен қабысып жатыр. Памуктың сұңғылалығы соншалық , өз тағдыры - өзі мұңын алыстан орағытып әкеліп, «Пүсін-Кемал» деген әдемі ертегіге айналдырып, кітаптың соңын музейге ұластырып, әдебиетте бұрын соңды болмаған жаңалық ашып, түріктің ғана емес әлемнің басын айналдырып, ойлантып қойды. Автор Кемалдың аузына «бұл хикаяны жазатын жазушы іздедім» деген сөз салады. Бұл Памуктың «мен бармын , жазушылық үнім бар» деген айқайындай естілмей ме? Кітаптың соңғы тарауында Кемалдың аузымен айтылатын мынандай сөздер бар: «Орхан мырза, сіздің «Қар» атты романыңызды оқыдым, – деді. – Мен саясатты жақсы көрмеймін. Сондықтан ренжімеңіз, біраз қиналдым. Бірақ соңғы тарауын ұнаттым. Мен де сол романның қаһарманы сияқты, оқырманға бір нәрсе айтқым келеді. Оған хақым бар ма? Олай болса, кітаптағы соңғы сөзім былай болсын! Осы сөзіммен аяқтаңыз романыңызды. Орхан мырза, өтінемін ұмытпаңыз!
– Ұмытпаймын, Кемал мырза!
Пүсіннің суретін сүйіп, күртесінің жүрек тұсындағы төс қалтасына салды да, маған жанарын мұңға емес, нұрға толтырғандай күлімсіреп, былай деді:
– Бәрі де білсін! Мен өте бақытты ғұмыр кештім. Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін де бақыттымын». Памук басы бәлеге қала жаздаған өзінің «Қар» романы туралы үкімін кейіпкерінің тілімен естіртеді. Осы диалог сұмдық қой! Бір сойқан басталып кете ме деп шошына бастасаң, Кемал сөзінің соңында жайбарақат риза қалыппен :«Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін бақыттымын!» дейді. Ойпырмай , неткен жоғары дауыс, қандай көңіл шалқуы дейсің?! Кемалдың Пүсін сұлуы - дүкенде сатушы. Памук Пүсінді неге басқа мамандық иесі қыла салмаған? Мәселен, гүл өсіруші немесе тігінші. Памук бас кейіпкерін сатушы қыз қылуы да тегін емес. Барлық жаңалық дүниеге дүкеннен тарайды. Тіпті кітап та! Өзім ақын болғандықтан, дүниенің көбіне ішкі жағына, қатпарларына үңілгенді жақсы көремін. Неге олай? Мұнда не жұмбақ, құпия бар деп тереңдерден сыр іздеп, өзімнің де басым қатады. «Сезім музейі» деп кітаптың атауын түпкілікті өзгертіп жіберуім сондай қиялымнан туған. Сезімі азайған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Қазаққа не жетпейді? Сезім жетпейді. Сондықтан «сезім» сөзін басты назарға ұстап, эмоциялық күш, реңк бердім. «Сезім десең, сезім екен» деп оқырмандар да құлап түсті. «Сезім музейі» құлаққа жағымды сөз болып тарады, сезім деген сөз талай поэзиялық әңгімеге тақырып болды.
«Менің дінім - әдебиет. Әдебиет те адамзат баласының сезімін тәрбиелейді» деген екен Орхан Памук бір сұхбатында. «Сезім музейі» кітабы жайлы ағыл-тегіл сезіммен ақтарылып талай оқырман әлеуметтік желілерде ой-пікірлерін білдірді. Солардың ішінде жас жазушы Бақытгүл Сармекованың пікірі ұнады. Сөзімнің соңын Бақытгүлдің сөзімен аяқтағанды жөн көрдім. «Біз қазір сезімнен алыстап кеткен екенбіз, тым салқынқанды, тым ақылды болып алғанбыз. Сондықтан, сезімді тосырқап қарсы аламыз, тез құтылғанша асығамыз, себебін, салдарын, пайдасын іздейміз...».
Маржан ЕРШУ, ақын-аудармашы