Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Орхан ПАМУК: «Інжу» кафесі» («СЕЗІМ МУЗЕЙІ» РОМАНЫНАН ҮЗІНДІ) (басы өткен санда)

... Сәуір айының  жаңбырлы күні болатын. Таңертең  үйде анамен таңғы ас ішіп, аз-кем әңгімелескеннен кейін, «Сатсатқа» бардым. Кофе ішіп, газет оқып отырғанымда, Пүсіннің анасы Несібе тәте телефон соқты. Бір уақыт олардың үйіне бармауымды,  ыңғайсыз өсек әңгіме шыққанын, қазір телефон арқылы ешнәрсені түсіндіре алмайтынын, бірақ мен үшін жақсы хабар болатынын айтты. Хатшым Зейнеп ханым көрші бөлмеде менің сөзімді тыңдап отырғандықтан, Несібе тәтеге бұл жайында қызығушылығымды білдірмедім әрі не болғанын да сұрамадым. 
    Өз теріме өзім сыймай, дегбірсіздене қоңырау күттім. Екі күннен кейін, түскі уақытта Несібе тәте «Сатсатқа» келді. Хатшым Зейнеп ханым келген кісінің мен үшін маңызды екенін, менің халімнен сезген болатын. Біздерге «Нескофенің» қалай ішкіміз келетінін сұраған кезде, Несібе тәте: – Түрік кофесі бар болса, жақсы болар еді, қызым, – деді оған.
Арамыздағы есікті жаптым. Несібе тәте үстелімнің қарсы жағына отырып, көздеріме тіке қарап сырын ақтарды. 
– Бар нәрсе шешілді, – деді сүйінші сұрағандай емес, өмірдің негізінде қаншалықты оңай екенін көрсеткен пішінмен. 
– Пүсін мен Феридун ажырасатын болды. «Лимонфильмді» оған, Феридунға қалдыратын болсақ, бәрі ұрыс-керіссіз болады. Осыны Пүсін де қалап отыр. Бірақ алдымен екеуіңіз сөйлесіп алсаңыздар.
– Феридунмен бе?
– Жоқ, Пүсін екеуің.
Менің жүзімдегі қуаныш табын көргеннен кейін, хикаясын айта бастады. Екі күн бұрын кешке үйге Феридун келіпті, шамалы мас екен. Пүсін екеуі керісіпті, өкінішке қарай көршілер олардың айқайласқан дауыстарын естіпті, содан тәтеміз қатты ұялыпты. Несібе тәте кешке қарай сол үшін үйлеріне келгенімді қаламапты... Кейін Феридун телефон соғыпты, Несібе тәте екеуі келісіп Бейоғлыда кездесіпті, сөйтіп ажырасу туралы шешімді қабылдапты. 
Бір үнсіздік орнады. 
– Төменгі есіктің кілтін ауыстырдым, – деді Несібе тәте, – өткен шақтағы күйеубаламыз  Феридун енді үйімізге  кіре алмайды.  Ол балаға алғашқы күннен бері еш ашуланбадым, – деді, – иә, жүрегі таза, бірақ өте әлсіз адам. Қай ана өз қызын ондай кісіге бергісі келеді, – деп бір сәтке үндемей қалды. Одан кейінгі сөйлемді «Иә, солай етуге мәжбүр болдық қой» деген бір нәрсе айта ма деп күтіп отырғанымда, мүлдем басқаша өрбітті әңгімесін. 
– Өзімнің де басымнан өтті. Бұл мемлекетте сұлу әйел болу қиын, сұлу қыз болу одан да қиын. Еркектер, өзің  білесің Кемал, қолына түсіре алмаған сұлу әйелге жамандық жасайды. Феридун Пүсінді осындай жамандықтардан сақтады...
«Осы жамандықтардың біреуі мен емеспін бе» деп ойладым бір сәт. 
– Әрине, осы жағдай осыншама ұзақ болмауы тиіс еді, – дей салды кейін. 
Өмірімде болған осы қызықты жайтты алғашқы рет көріп тұрғандай жартылай таңғалып, жартылай үнсіздікпен қимылдамай отырып тыңдадым.
– Әрине, «Лимонфильмда» Феридунның қақы бар! – дедім, – мен онымен сөйлесермін. Ол маған ренжулі ме?
– Жоқ, – деді Несібе тәте.
Содан соң сәл қабағын шытты да: – Пүсін сенімен сөйлескісі келеді. 
Бірден сол жерде Пүсін екеуміз үш күннен кейін, түскі сағат екіде Бейоғлыдағы «Інжу» кафесінде кездесетінімізді шештік. Несібе тәте сөзді көп созбай, осы бөтен бір ортада өзін жайлы сезіне алмаса да, бірақ бақытын жасыра алмай  орнынан тұрып кетті.
    1984 жылы 9 сәуір, дүйсенбі күні, түске таман Пүсінмен кездесу үшін Бейоғлы жаққа шыққан кезімде, айлар бойы армандаған бір лицейдегі қызбен кездесетін жас жігіт секілді бақыттан басым айналып, толқып тұрдым. Түнде сабырсызданып ұйықтай алмадым. «Сатсатта» отырғанда да түскі уақыт болғанша қайта-қайта сағатқа қарап, Четинге мені «Таксимге» апаруын ертерек ескертіп қойдым. «Таксим» алаңы күннің астында, бірақ әрдайым көлеңкеде болған «Истиклял» проспектінің салқындығы, витриналар, кинотеатрға кірістер, бала кезімде анаммен барған пассаждардың ылғал иісі байқалып тұрды. Естеліктер мен  бақытты бір келешек елесі басымды айналдырып , жақсы нәрселерді ойладым.Тамаша бір кино қарау, сауда жасағысы келген жұртшылықтың жақсы пиғылы маған керемет әсер етті. Пүсінге бір сыйлық алу үшін «Вакко», «Беймен», басқа да бір - екі дүкенге бас сұқтым. Бірақ не алатынымды шеше алмадым. Толқығанымды басу үшін «Тунельге» қарай жүріп, кездесу уақытынан жарты сағат бұрын «Мысырлы» тұрғын үйдің алдында тұрған Пүсінді көрдім. Үстіне қымбат көрінетін ақ түсті көйлек, көзіне қара көзілдірік және құлағына әкемнің берген інжу сырғасын таққан болатын. Дүкеннің әйнек сөрелеріне қарап тұрған ол мені байқамады.
– Қандай кездейсоқтық, солай емес пе? – дедім жанына келіп.
– Ааа... Сәлеметсің бе, Кемал! Қалайсың?
– Керемет бір күн, жұмыстан қаштым, – дедім, тура жарты сағаттан кейін кездесетін адам секілді емес, жол жөнекей кездескендей. 
– Жаяу жүреміз бе?
Үнсіз алға қарай  біраз жүріп, «Сарай» кинотеатрына келдік. Мұнда Папатия бас рөлді сомдаған «Бәле болған шығарма» деген кино жүріп жатыр екен. Папатия соңғы екі аптада, газеттердің жазғанына сенетін болсақ, тура он жеті кинода және фотороманда бас рөлде ойнап, дүниенің рекордына қол жеткізіпті! Журналдар оған Голливудтан да басты рөл ұсыныстары келіп жатқаны туралы өтірік хабарлар жазып, Папатия да ағылшын тілін үйрену үшін оқып жатқандығын, Түркияны әлемге таныстыру үшін қолынан келгенін жасайтыны туралы өтірігімен өзі туралы жазбаларды одан сайын рекорд дәрежесіне көтеретін. 
– Бұл жерден кетейік, жаным, – дедім.
– Уайымдама, Папатияны қызғанып жатқаным жоқ, – деді Пүсін. 
– Саған қара көзілдірік жарасады екен, – дедім, – ішке кіріп, профитроль жейік пе?
Анасымен белгілеген кездесу уақытымызда тура «Інжу»  кафесінің алдында тұрдық. Ішіне кіріп, түпкі жағындағы үш күн бойы армандаған бір үстелге отырып, осы жердің атақты профитроліне тапсырыс бердік. 
– Көзілдірікті жарасқаны үшін тағып жүргемін жоқ, – деді Пүсін, – кейде әкемді ойлаған кезде, көздерім жасқа толып кетеді. Көз жасымды ешкімнің көргенін қаламаймын. Папатияны да қызғанбағанымды түсіндің, солай емес пе?
– Түсіндім.
– Бірақ ол мықты қыз екен, – деп сөзін жалғастырды, – Алдына мақсат қойды. Мен Папатия секілді әртіс бола алмағаным үшін емес, ол секілді өміріме жақсы жоспар құра алмағаным үшін өкінемін, өзімді кінәлаймін. Феридунмен ресми түрде ажырасқаннан кейін сенің барлық достарыңмен, отбасыңмен танысқым келеді, – деді, болашақта не болатынын армандаған бірінші сынып оқушысы секілді.
– Асығыс жоқ. Жайменен болады... 
– Феридунмен ажырасқаннан кейін, әрине, алдымен сенің анаң келіп маған құда түсуі керек. Анаң анаммен тіл табысып кетеді деп ойлаймын. Бірақ одан бұрын, сенің анаң  менің анама телефон соғып, әкемнің жаназасына келе алмағаны үшін көңіл айтып, қайғырғанын білдіруі керек.
– Анам қатты ауырған еді.
– Әрине, білемін.
Бір сәт үндемей профитрольдерімізді жедік. Пүсіннің тәтті шоколад және крем толған аузына қызыға қарадым. 
– Мынаған сеніп, соған қарай әрекет етуіңді қалар едім. Ерлі-зайыпты болған уақытымызда Феридун екеуміздің арамызда жұбайлық қарым-қатынас деген болмады. Осыған сенуің шарт! Бұл мағынадан алғанда мен әлі де қызбын. Өмірімде тек ғана сенімен төсектес боламын. Тоғыз жыл бұрын басымыздан өткен сол екі ай туралы біреулерге жариялап айтудың қажеті жоқ. 
– Түсінемін, – дедім. 
– Осылайша бақытты бола аламыз, – деді Пүсін, – Тағы бір талабым бар. Бұл негізінде менің емес, сенің ойың болатын. Барлығымыз бірге Еуропаға қыдыруға барғанымызды қалаймын. Анам да Парижге менімен бірге барады. Музейлерді аралап, суреттерге қарармыз. Үйленбестен бұрын үйіміздің заттарын, яғни, қалыңмалын сол жақтан сатып алғым келеді. 
«Үйіміздің» деген сөзіне аздап күлімсіредім. Пүсін сөзін бұйырған түрмен әрі бір төменгі шендегі әскериге бұйырған капитан сияқты күлімсіреп айтып жатты. Одан кейін, «Хильтон» мейрамханасында, елдің бәрі жасап жатқанындай салтанаттты үлкен бір той болсын!» деген сөзді қабағын түйіп айтты. «Барлық нәрсе дұрыс әрі орынды болсын!», – деді қатал бір түрмен. 
– Әрине, мен де соны қалаймын, – дедім.
Үндемей біраз отырдық. 
Кафеде сиқырлы үнсіздік орнаған кезде, бір сәтте сыбырлап Пүсінге оны қатты жақсы көретінімді, бар қалауын орындайтынымды, қалған ғұмырымды онымен бірге өткізуден басқа бұл өмірде еш арманым жоқ екенін айттым. 
– Рас па? – деді математика сабағына дайындалған баладай. 
Осы сөздеріне өзі де күлгенмен, өз шешіміне өзі риза болғандай пішінде еді. Қолына темекісін алып тұтатты да, басқа талаптарын да тізе бастады. Одан ештеңе жасырмай, бар сырымды оған айтуым әрі өткенім туралы сұраған сұрақтарына шын жауап беруім керек еді. Атастырылу рәсімін Парижге бармай тұрып, жақындарымыздың арасында жасауды шештік. Феридун туралы құрметпен сөйлестік.  
Үйленбестен бұрын арамызда жыныстық жақындықтың болмайтыны туралы тағы да айтып өтті.
– Мені қинама, жарай ма? Бәрібір еш нәтиже шығара алмайсың.
– Білемін, – дедім, – мен де негізінде сенімен «күнде көріп жүру» әдісімен үйленгім келер еді.
– Өзі де солай! – деді ол өзіне сенімді түрде.  
Енді үйлерінде еркек болмағаны үшін әр кеш (әр кеш!) оларға келуім аудан тұрғындары үшін дұрыс қабылданбайтынын, әсіресе көршілерден ұят болатыныны айтты: 
– Әрине, аудан, көршілер деген бір сылтау, – деді кейін, – Әкем болмағасын бұрынғыдай жақсы әңгімелесіп, ұзақ отыра алмаймыз ғой. Сол үшін де қатты қайғырамын...

                                                      ***
  Пүсінмен «Інжу» кафесінде сөйлескеннен кейін, Шұқыржұмаға барып оны көре алмайтынмын, бірақ арасында Бейоғлыда  кездесіп киноға баратынбыз. 
Күн жылынған кезде, «Бейоғлы» кинотеатрындағы салқындықты бала кезімнен бері жақсы көретінмін. Пүсінмен алдымен «Галатасарайда» кездесіп, афишаларға қарап, кино таңдап, билет алып, қараңғы, салқын әрі бос салонға кіріп, сахнадан келген жарық арқылы артқы жаққа орналасып, қолымыздан ұстап, киноны бос уақыты көп адамдардай сезіммен қарайтынбыз. Жаздың басында кинотеатрдың  үлкен салонының креслоларында бүгіліп, бүктеліп,  тіреліп отырған, қолдарында мыжылған газет, қыртыстанған көйлек киген еркектерге, бір бұрышта ұйықтап қалған қарттарға, киноның елес дүниесінен шамды, шамсыз салонның дүниесіне өтуге қиналған қиялшыл көрермендерге қарап отырып, Пүсінмен ең соңғы өзгерістер, анау-мынау туралы сыбырлап сөйлесетінбіз (Арасында қолдарымыздан ұстамай). Сегіз жылдан бері аңсаған арманымның орындалғанын, Феридуннан заңды түрде айрылғанын Пүсін маған «Сарай» кинотеатрының ішінде, бір киноның арасында сыбырлап айтты:
– Адвокат шешім қағазын алыпты, – деді, – енді, міне, ресми түрде ажырастым.
Феридунмен  кездесуім жақсы өтті, бірақ күткенім мен елестеткенім теріс болғандай, мен үшін жаман естелік болды. Пүсіннің «Інжу» кафесінде сегіз жыл бойы Феридунмен жұбайлық өмірінде  төсектес болмағаны туралы айтқаны және менің осыған сенуімді талап етуі мені таңғалдырған болатын. Феридунның көздерінен Пүсін екеуміздің келешекте кешетін бақытымызды қызғанған нағыз еркектің көзқарасын көрдім. Бірақ «Диван» қонақ үйінде ішкен сол күнгі түскі аста екеуміз де көп ракы ішіп рахаттанып, «Лимонфильмді» Феридуннің атына ауыстыру ерекшеліктерін сөйлескеннен кейін бұл шешім екеумізді де қуантқан еді. Осы қуанышты күйімізбен келесі тақырыпқа өттік. Феридун «Көк жаңбыр» атты өнер киносын жақында түсіретін болған еді. 
   Феридунмен сол күні көп ішкенім соншалықты, «Сатсатқа» соқпастан, жайменен үйге барып ұйықтап қалыппын. Уайымдап төсегіме дейін келген анама, ұйқыға батпай тұрып, «Өмір тамаша!» дегенім есімде. Екі күннен кейін, аспанда найзағай ойнап, күн күркіреген кештердің бірінде, Четин жүргізген көлікпен анамды Шұқыржұмаға апардық. Анам Тарық мырзаның жаназасына келгісі келмегенін ұмытқандай әрекет жасап жатты. Бірақ тынышсыз еді, бірдеңе мазалаған кезде жасағанындай жол бойы аузы еш жабылмады: «Ааа, мына жерде жаяу жолаушылардың жолдарын қалайша тамаша жасаған», – деді Пүсіннің үйіне жақындаған кезде. «Осы аудандарды әрдайым көргім келетін, қандай тамаша төбе, қандай тамаша жерлер!» – деп самбырлап сөйлеп жатты. Үйге кіріп келе жатқанда, соққан дауыл жел, тас жолдардың шаңын аспанға көтеріп жіберді. 
     Анам бұдан бұрын телефон соғып Несібе тәтеге көңіл айтып, бірнеше рет сөйлескен болатын. Дегенмен біздің «құда түсіп» келуіміз, ең басында Тарық мырза үшін көңіл айтып келуімізге айналды. Бірақ көңіл айтудан да терең бір нәрсені барлығымыз сезіндік, алғашқыда тәтті, жылы сөздерден соң, «Мына жер қандай тамаша! Қатты сағыныппын, қатты уайымдадық» – деген көңіл жұбатар сөздерінен кейін, Несібе тәте мен анам бір-бірін құшақтап жылай бастады. 
    Кейін жаңбыр жауып селдетіп күн күркіреген кезде, күйеуінен ажырасқан жиырма жеті жастағы Пүсін, он сегіз жасындағыдай «қыз көру» рәсімімен келгендерге көрінген қыз секілді подноспен кофе алып келді біздерге. 
– Несібе, Пүсін тура сен болыпты! – деді анам, – Сенен аумайды. Күлкісі қандай әдемі! Қандай ақылды өзі! 
– Жоқ, ол менен де ақылды, – деді Несібе тәте. 
– Марқұм Мұмтаз да, Осман мен Кемалдың да өзінен ақылды екендерін айтатын, бірақ білмеймін өзі сол айтқандарына сенетін бе еді? Жаңа ұрпақ бізден гөрі ақылды ма? – деді анам.
– Қыздар өте ақылды, – деді Несібе тәте, – Білесің бе Веджие ?(неге екенін білмеймін осы жолы анама әпке демеді. Анам мен Несібе тәтенің туыстық жақындығы болатын),-  Өмірде өкініп қалған нәрсемнің не болғанын ?! Өзінің тіккен киімдерін сататын, атын шығаратын бір дүкен ашуды қатты қалағанын, бірақ батылдығы жетпегенін айтып жатып, кейін «қолына дұрыстап тіпті қайшы ұстай алмағандар қазір сән үйлерінің иесі болды», – деп арызын айтып, мұңын шақты.
– Марқұм күйеуім Тарық мырза Кемалды қатты жақсы көретін, – деді Несібе тәте дастарханда отырғанымызда, – Кеш сайын: «Шамалы күтейік, Кемал мырза да келіп қалар», – дейтін еді.
Бұл сөздер анама  ұнамағанын сездім.
– Кемал не қалағанын біледі, – деді анам.
– Пүсін де өте шешімді, – деді Несібе тәте. 
– Олар бәрін шешіп қойған, – деді анам.
Бірақ «құда түсу» сөздері осыдан алға жылжымады. Мен, Несібе тәте, Пүсін бір-бір стақан ракы алған болатынбыз. Анам сирек ішетін, бірақ  екі ұрттағаннан кейін әкем айтатындай ракының өзінен емес иісінен бірден көңілденді. Бір кездері Несібе тәтемен бірге таң атқанша жұмыс істеп өзіне көйлек тіккізгенін есіне түсірді. Бұл тақырып екеуіне де ұнады, сол кездегі тойларын, көйлектерін естеріне түсірді. 
– Веджиенің бір көйлегі соншалықты атақты болғанынан, тура осындай көйлек тігіп бер деп Нишанташының әйелдері де келді, тіпті Парижден тура сондай мата сатып әкеліп, алдыма қойды, бірақ мен тікпедім, – деді Несібе тәте.  
Одан кейін отырысымыз көңілді болмай, аузымыздан шыққан әр сөзге абайлап қарап, тамақты жеп бітірдік, жаңбыр тоқтаған кезде орнымыздан тұрып кеттік. 
– Анашым, қызға құда түсуді ұмыттың, – дедім қайтар жолда көлік ішінде келе жатып.
– Сен осы жылдар ішінде олардың үйіне қанша рет бардың? – деп сұрады анам. Сегіз жыл қатарынан кешкі асқа бардым деп айта алмадым. Менің бір сәт үндемей қалғанымды көрген кезде былай дей салды: – Қанша жыл қатарынан барсаң да бардың. Несібе бірдеңе деді, ішімде түйіліп қалды. Жылдар бойы анаңмен кешкі асты өте аз ішкенің үшін шамалы жүрегім ауырды.
Анам күрсініп, қолымды сипады. 
– Уайымдама, балам, саған ренжімедім. Бірақ лицей бітірген бір қызға құда түскендей, әрекет  жасай алмадым. Ол үйленген, ажырасқан, әдемі бір әйел. Ақылы көп, не істеп жатқанын өте жақсы біледі. Өздерің сөйлесіп, бар нәрсені шешіп қойыпсыңдар. Өтірік сөздер айтып, әртіс болудың не қажеті бар?! Маған десең атастырылу рәсімінің де керегі жоқ. Бұл істі созбай, ел-жұрттың аузында өсек болмай тұрғанда, бірден үйленіңдер. Еуропаға да бармаңдар. Нишанташыдағы дүкендерде барлығы бар. Парижге неге бара жатырсыңдар?
Менің үндемегенімді көрген кезде тақырыпты жапты. Жатын бөлмесіне кірместен бұрын, анам: 
– Пүсін - жас сұлу әйел. Саған жақсы жұбай болады. Басынан көп нәрсе өткен секілді. Мен, әрине, білмеймін, бірақ ішінде  ашу, өш, ыза-кек бар сияқты. Не болса да, балам, саған залалы тимесін,  өміріңді уламасын , – деді.
– Уламайды! - дедім не айтарымды білмей.
Пүсін екеуміз күннен күнге жайменен бір-бірімізге жақындай түстік.
Кинотеатрларға барып,  Еуропаға сапар дайындықтары, адамдардың арасына шығу туралы әңгімелесетінбіз, бірақ анамның атастырылу рәсімі туралы айтқан пікірін оған  айта алмадым. Атастырылу рәсімінің жақсы болмайтынын, өсек-әңгіме көбейетінін, жұртшылық арасында да ыңғайсыз жағдай туатынын, «көп шақырсақ көп шақырды, шақырмасақ ешкімді шақырмады» деген әңгіме айтатынын түсініп, Пүсіннің де сол пікірге ойыса бастағанын сездім. Ол да сондай оймен атастырылу тақырыбын әңгіме қылмады. Еуропадан қайтқан кезде бірден үйленуге шешім қабылдадық. Еуропаға сапарымыз туралы сөйлесу екеумізге де ұнайтын. Пүсін «Автомобильмен Еуропаға» атты түріктер үшін жазылған кітапты сатып алған екен, киноға келгенде сол кітабын қолына ұстап келетін. Кітап парақтарын ауыстырып жатып, маршрут туралы сөйлескеніміз есімде. Алғашқы түнді Едирнеде өткізгеннен кейін, Парижге Югославия, Австрия арқылы баруды жөн көрдік. Пүсін менің анықтама кітабымдағы Парижге қарауды ұнататын, «Венаға да барайық», – дейтін. Кейде кітаптардағы Еуропа көріністеріне қарап, біртүрлі мұңды үнсіздікке сүңгіп кететін.  
 – Еш нәрсенің қажеті жоқ, әуелі үйленіп алыңдар, саяхатқа содан соң барыңдар, – деп ренжіді  анам. Сен жақсы көретін қызыңмен саяхат жасауға бара жатырсың. Бірақ Несібе мен Четин эфенді сендердің жандарыңда не істейді? Алдымен үйленіңдер, сосын екеулерің бал айын өткізу үшін ұшақпен Парижге барарсыңдар. «Ақшамның» журналисі «Ақ қалампырға» мен айтармын, газеттің айқара бетіне сендердің сапарларыңды романтикалық хикая секілді жазып, елдің құлағына жағатын тәтті бір өтірік-өсектер ойлап тауып, көңілсіз оқиғалардың бәрін ұмыттырып жіберер. Дүние онсыз да күн сайын өзгеріп жатыр емес пе?! Мен Четинсіз, машинасыз қалай жүрем? Мені анда-мында кім апарады? 
– Анашым, бүкіл жаз бойы «Суадиедегі» үйден және бақшадан сыртқа екі рет шықтың. Уайымдама, біз қыркүйек бітпей Еуропадан Ыстамбулға  қайта ораламыз...
                                    (жалғасы бар)
  
Түрік тілінен аударған: Маржан ЕРШУ