Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Орхан ПАМУК: "БЕЛКИС СҰЛУДЫҢ ХИКАЯСЫ" («СЕЗІМ МУЗЕЙІ» РОМАНЫНАН ҮЗІНДІ)

... 70-жылдар іші. Газеттер Белкис сұлудың машина апатынан қайтыс болғанын шулата жазып жатты. Газет хабарларын  Пүсін оқымаған болатын. Бірақ дүкенге келген әйелдер Белкистің арғы-бергі махаббат тарихын, оның барлық ғашықтарын түгендеп, саусақпен санап жарысып әңгіме қылысыпты.
– Шенай ханым ертең жаназаға бару үшін түсте дүкенді жабады. Мен де бірге баратын болдым, – деді Пүсін менімен кездескенде. Барлығымыз да сол әйелді жақсы көріп, сыйлағандай әрекеттер жасаудамыз. Бірақ бұл өтірік көз алдау екені айдан анық.  
– Қалайша? 
– Иә, Белкис ханым - дүкенге көп келетін тұтынушыларымыздың бірі. Еркектер түгілі, әйелдердің аузын аштыратын  бұл сұлу әйел Миланнан, Париждан әкелінген ең қымбат көйлектерді: «Үйге барып киіп көрейін», – деп алып кетіп, үлкен бір салтанатқа киіп барады да, ертеңінде: «Бұл көйлек денеге қонымды емес екен!», – деп дүкенге кері алып келетін. Жұрттар Белкистің үстіндегі көйлекті көріп, таң-тамаша болады емес пе?! Шенай ханым киілген көйлекті енді қымбат бағасына сата алмайтынын біліп, қатты ашуланатын. Бәрімізге қаһарын төгіп, айқайлағанмен, Белкиске қарсы бір ауыз сөз айта алмайтын. Себебі, ол әйелдің артында атақты, қалталы бай еркектер армиясы тұрғанын  білетін. 
– Кемал, сен оны танитын ба едің? 
– Жоқ. Бірақ бір кездері бір досымның көңілдесі болғанын естіген едім, – дедім. Пүсінмен бұл тақырыпта сөйлескім келмеді. 
– Бұл әйелдің тағдыры өте аянышты екен. Көп еркекпен байланысқаны басына бақыт әкелмегендей. Ол – өмірге еркектер үшін қуаныш, әйелдер үшін қызғаныш боп келген сияқты. Сол үшін де өз ортасында, мүмкін, көп қуанды, көп күйзеліске де түсті.  
Осы сөздерді не үшін айтқанымды да білмеймін. Сондай ауыр сөздер еді. Арамызда тыныштық орнады. 
– Уайымдама, – деді Пүсін, – өмірімнің соңына дейін сенен басқа еркекпен байланыспаймын.  
      «Сатсатқа»,  жұмысыма келген соң кешке дейін өмірімде алғашқы рет жаныммен беріліп жұмыс істедім. Еңбекқор жас маман Кенанмен арасында қалжыңдасып, фабрикаға борыштар тізіміндегі жүзге жақын кісінің тізімін қарадық. 
– Қолы ашық Элиашықты мырзаны қайтеміз, Кемал мырза? – деп күлді Кенан. 
– Қолын тағы да ашамыз. Қайтеміз аты сондай болса. 
 Кешке таман, үйге қайтар жолда виллалардың  бақшаларынан келген фикус ағашының иісін жұтып, Нишанташының бірнеше жыл жасаған шынар ағашының жанынан өттім. Кептелісте тұрғандарына ашуланып көліктерінің сигналдарын  шыңғырта басқан жүргізушілерге қарап өз өміріме риза болғаным соншалықты, көңіліме кіріп алған бір кірбің  мен қызғаншақтықтың өше бастағанына қуанышты едім. Үйге келген соң жақсылап жуындым. Шкафтан үтіктелген таза жейдемді алып жатқанымда, ойыма Пүсіннің сырғасы түсті. Пиджагымның қалтасын қарадым, таба алмағасын тартпаларды, шкаф ішін қарап шықтым. Фатма ханымның үзілген түймелерімді, қалтамнын түскен ұсақ ақшаларды, отшақпақтарды салатын тостағанға қарадым, ол жерде де жоқ болды.  
– Фатма ханым, – дедім дауыстап шақырып, – сырғаның бір сыңарын көрдіңіз бе осы жерден? 
Үйленіп, бөлек үй боп кеткен ағамның бұрынғы бөлмесі болған жарық әрі кең бөлмеден, үтік пен лаванданың иісі шығып тұрды. Фатма ханым үтіктеген менің және әкемнің таза бет орамалдарымызды, жейделерімізді шкафқа орналастырып жатып, ешқандай сырға-пырға көрмегенін айтты. Кір салатын себеттегі сыңарланып үйілген шұлықтың ішінен кінәлі бір мысықтың баласын көрсеткендей жалғыз шұлықты көрсетті. 
–Кемал мырза, өзіңізге жаңа шұлық сатып алмасаңыз, жыртық шұлықтарыңызды енді жамай алмаймын. 
– Жақсы.  
 Залдың Тешвикие метішіне қарап тұрған бұрышында әкем аппақ алжапқыш тағып, орындыққа отырыпты. Шаштараз  қайшысын сайлап, әкемнің шашын қиып жатқанда, анам әдеттегідей қасында отырып бірдеңелерді әңгімелеп  айтып отырды. 
– Келші бері, газеттегі соңғы «өсектерді» айтып жатырмын, – деді мені көріп. 
Басри шаштараз «өсек» сөзін естіп бір сәтке қайшылауды доғарды да, ақсиған тістерін көрсетіп, бұл хабар ұнағандай ыржиды. 
– Тақырыбы қандай екен? 
– Лерзанның кіші баласы каскадер болғысы келеді екен, әкесі рұқсат бермепті.
– Білемін. Әкесінің «Мерседес» көлігінің быт-шытын шығарып, кейін көлік ұрланды деп полиция шақырыпты.  
– Ал Шазиментин қызын Қараханлының баласымен үйлендіру үшін не жасағанын естідің бе? Бұл да бір қызық хикая. Әй, тоқта, сен қайда кетіп барасың? 
– Кешкі тамақты ішпеймін. Сибел екеуміз қонаққа бармақшымыз. 
– Олай болса, Бакриеге айт, кефаль балығын кешке қуырмасын. Сен үшін бүгін анау Бейоғлыдағы «Балық  базарына» барды. Ертең түскі аста жеймін деп сөз бер оған. 
– Әрине, оған сөз бар ма? 
Кірлемесін деп шеті қайрылған кілемнің астындағы еден тақтайына әкемнің аппақ жұқа шаштары төгіліп түсіп жатты. 
     Гараждан көлікті шығарып, асфальтталған жолмен келе жатып, радио қабылдағышты аштым. Беріліп жатқан әдемі әуеннің ырғағымен тербеліп, бір сағатта Босфор көпірінен өтіп, Анадолы  Хисарыға жеттім. Сибел көліктің сигналын естіп саяжайдан жүгіріп шықты. Амандасқан соң, өзімізше хабар-ошар айтыса бастадық. Жолда бір күн бұрын Эмлак даңғылында  болған жол апатынан қайтыс болған әйел, Белкис ханымның  Заимның ескі сүйіктісі болғаны туралы хикаямды айта бастадым. 
– Қайтыс болған бұл әйелдің аты Белкис болатын. Кедей отбасынан шыққан. 1950 жылы  «19 мамыр» мерекесінде өзімен түйдей құрдас бір жігітпен танысып, екеуі бір-біріне ғашық болып қалыпты. Ол жігіт сол жылдары  Ыстамбұлдағы ең бай отбасылардың бірі болып саналатын коммерциялық кемелердің иесі Каптаногуллардың ең кенже балалары Фариз болатын. Түрік киносындағыдай осы кедей қыз бен бай жігіттің махаббаты жылдар бойы жалғасыпты. Қатты ғашық болған немесе ақылдары аз болуы керек, лицейде оқып жүрген екі жас үйленбестен бұрын төсектес болыпты. Мақтанышпен сырларын өздері айналасындағыларға жайыпты. Ең дұрысы – екі ғашықтың үйленгендері еді. Бай жігіттің ата-анасы кедей қыздың шектен шыққан мыстандығына күйініп, өз балаларының ашық ауыздығына арланып, бұл қарым-қатынасты  бұзуға, екеуін ажыратуға күш салыпты. Қыздың ата-анасы жігіттің отбасындағыларға қарсы шығуға шамасы келмеген ғой. Әке-шешесі ұлды Еуропаға жіберіпті. Үш жылдан кейін Парижде бұл жігіт наркотиктен бе, әлде ғашықтықтан ба, әйтеуір, қайтыс болыпты. Сүйгенінен айрылып құсаланған жас сұлу қыз Белкис болса, бір кәрі бай француздың етегінен ұстапты. Біраз қоң жинап алған соң, оны  тастап, Түркияға қайтып келіп, Ыстамбұлдан үй жалдап, қалталы еркектерді «аулауды» бастаған. Оның бұл өмірі сәнді әрі салтанатты болғаны соншалық, әйелдер қалталы күйеулерін Белкистің өзі түгілі көлеңкесінен де қызғанып, іштерімен тұз жалағандай, тілсіз өмір сүріпті. Белкистің ең алғашқы қалталы сүйіктісі -Аю Сабих болатын. Одан айрылысып кеткен соң, біраз уақыт махаббат қайғысымен жүрегі жаралы болып жүріп, Демирбағыларының ең үлкен баласымен ғашықтық хикаясын жалғастырып кетеді. Одан кейінгі махаббаты – Рыфкы мырза. Осылайша Белкиске ғашық болған қалталы еркектер қауымы оның айналасында балға ұмтылған арадай шыр айналып жүреді. Белкис сұлу еркектерді қолғапша ауыстырыпты. Оған «Жұбаныш періштесі» деген ат қойған қалталы еркектер Белкиске ессіз ғашық болғандары соншалықты қызығушылықпен, құрметпен қараған екен. «Жұбаныш періштесі» өмірлерінде күйеулерінен басқа еркекпен төсектес болмаған әйелдердің ашу-ызасын тудырыпты. Ең көп дегенде ызаланып не қызғаныштан уақытша екінші бір ғашық тапқанмен, оған молынан қол салуға арынан ұялып немесе күйеуінен қорқып жүрген еріккен байдың әйелдеріне Белкис бір алынбас қорған болды. Ол қорғанды құлату не бұзып-жарып өту күйеулерін қызғанған әйелдердің ең үлкен арманы болды. Бәрі де бармағын тістеумен, көз-жасына ерік беретін. Белкистің ажары тозуға жақындап, жасы егде тарта бастаған шақта болған бұл жол апаты оны масқаралықтан құтқарғандай еді. 
– Оның жолына гүл төсеп, өлердей ғашық болған көп еркектің тым болмаса біреуінің оған үйленбегеніне таңғаламын, – деді Сибел. 
– Негізінде еркектер ондай  әйелдерге қатты ғашық болады. Бірақ үйлену деген басқа нәрсе. Каптаногуллардың ұлы Фариске тұрмысқа шыққанда ғой, отбасының кедейлігі тез ұмытылып кетер еді. Немесе Белкис өте бай отбасынан болғанда, оған Фаристің отбасы мыстан деп қарамас еді ғой. Бұл тағдыр ма?! Қалталы топтың бай қатындары оны жылдар бойы «Жұбаныш жүзікшесі» деп сыртынан мысқылдап күліп келді. Он алтыдағы албырт сезімі үшін, алғашқы махаббатына құлай берілгені үшін Белкиске құрмет етуіміз керек шығар. 
– Солай ма? – деді Сибел.
 – Жоқ па?! 
   Сол күнгі Суадиедегі теңіз жағалауындағы бір үйдің бетон айлағында өткен кештің қандай себеппен ұйымдастырылғанын қазір есіме түсіре алмай отырмын. Сол жерге жиналған жетпіс шамалы адам, қолдарындағы ішімдік толтырылған стакандарын соғыстырып, өзара қауқылдаса сөйлесіп, «кім келді? кім бар?» деп бір-бірін түгендеп жатты. Көптеген әйелдердің өз келбеттеріне іштей риза болмай тұрғандарын сезіп тұрдым. Қысқа юбка киген әйелдер аяқтарының қысқа әрі тым толық болғанына ренішті түрлерін жасыра алмағандай еді. Бір көңіл толмаушылық ашулы көзқарас ауасына кіргендей болады екенсің. Айлақтың дәл жанындағы қайық тұрған жерден лас су теңізге ағып, қолқаны қаптырар жағымсыз бір иіс сезілді. Қолдарына ақ қолғап киіп алып подноспен ішімдік, сусындар тасып жүрген официанттар сол иісті таратып жүргендей көрінді. Көпшілікке араласқаннан кейін менің жаныма келген адам маған есім карточкасын берді. Америкада біраз жыл тұрып, осында келген бұл «Жан дәрігері» жаңа клиникасын ашқанын айтты. Ол орта жастағы пысықсыған бір әйелдің жалынды сұрақтары бойынша, жан жағындағы жиналған кісілерге  өзінше семинар жүргізгендей болып, ғашықтықтың анықтамасын түсіндіріп берді. Мәселен бір еркектің әрдайым бір әйелмен ғана төсектес болуы – «Ғашықтық» деп аталады екен. Ғашықтық әңгімесінен кейін он сегіз жастағы әдемі қызын менімен таныстырған бір әйелмен сөйлестім. Қызын әрдайым саясат кесірінен «байкот» жариялаған Түрік университеттерінің орнына қайда оқыта алатындығы әңгіме болды. Тақырыптың басы «университетке оқуға қабылдану үшін жасалатын сынақ сұрақтары ұрланбасын» деп, оны басатын баспа жұмысшыларын ұзақ мерзімді тұтқындыққа алынатындықтары туралы бүгінгі газетте жазылған хабармен басталды. 
    Сәлден соң ортамызға ұзын бойлы, ат жақты, жігіт біткеннің көркемі Заим мен сұңғақ бойлы сүмбіталдай сылқым сұлу, германиялық манекенші Инге келді. Жарасымды жұптың әдемілігіне сүйсіну мен қызғаныш оты жанарларда қатар көрінді. Үлкен көк көзді, ұзын сирақты, аршыған жұмыртқадай аппақ, алтындай сап-сары шаштары желмен желбіреген Инге көрер көзге хордың қызындай қылықты еді. Өздерінше еуропалық болуға тыраштанған бай-манаптардың әйелдері қап-қара шаштарын сары түске бояп, қалың қара қастарын жаңа туған айдай жіңішкертіп тастаған, қымбат дүкендерден қысқа көйлек, юбкаларды киіп алғанмен, онша жараса қоймаған өздеріне іштей ренішті еді. Әйелдердің денесінің түсі мен ұлт ерекшелігінің айырмашылығы өкінішке орай осы жерде көрініп қалды. Мен болсам Ингеге ескі бір достай ілтипатпен күлімдей қарап, күлкісі мен еріндерінен жақындықты сезіндім. Әр таңда газеттердегі жарнамадан, жұмысқа бара жатқанымда, Харбиедегі бір ғимаратқа ілінген Ингенің үлкен фотосуретін көретінмін. Сұлу қыздың бұл жарнамалық кескіні маған ұнайтын, күнде көргесін ол маған сондай жақын болып көрінді. Басқаларға да ұнайтын болуы керек, Ингенің  жанына адамдар жиналып қалды. 
     Қайтар жолда көлікте келе жатып Сибел: «Сіз әр нәрсеге лайықсыз, Заим, иә!», – деді Инге түскен жарнамадағы сөздерді қайталап. 
– Кемал! Сенің Заим досыңның араб шейхтарын қызықтыратын төртінші сынып санатындағы германиялық манекеншіні зауытының жарнамаларында қолданғаны аздай, сүйіктісі екендігін елдің бәріне көрсетіп дұрыс жасады ма сенің ойынша? 
– Ең дұрысы германиялық манекенші сондай шынайы дос сезіммен, біздердің араб шейхтерінен айырмашылығымыздың жоқ болғанын түсінген болар. Газдалған судың сатылуы әзірге жақсы екен. Бұл да жарнаманың арқасы. Заим маған бірде түріктердің заманауи бір түрік өнімін егер еуропалықтар ұнатар болса, оның үлкен жетістік болатынын айтқан еді. 
– Бүгін шаштаразға барғанымда көрдім. Аптаның соңында шыққан газеттің айқара бетіне Инге манекеншінің Заиммен қол ұстасып түскен суреті беріліпті, сұхбаты да жарияланған екен. Сондай-ақ, германиялық манекеншінің жартылай жалаңаш суретін басыпты,- деді Себил. 
 Арадағы біраз үнсіздіктен соң, күлімсіреп былай дедім: 
–Ингеге жарнамада өте нәзік көрінгенін айтып жатқанымда, сол жерде оның ашық кеудесіне, біресе шаштарына сұқтана көзін қадаған ұятсыз бір үлкен адам болып еді ғой. Кешегі қайтыс болған Белкис сұлудың бір кездегі айбынды ғашығы Аю Сабих деген сол болатын. 
Сибелге қарадым, ол үндемеді... 
                                 Жалғасы бар. 

  Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ