«Ат баспаймын деген жерін үш басады, адам көрмеймін деген жерін үш көреді» деп бекер айтпаса керек, жақында еліміздің тағы бір қасиетті өңіріне барып, қазақ халқының мақтаныштары, 30-жылдарғы саяси қуғын-сүргін құрбандары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов және басқа да мыңдаған адамдардың сүйектері жатқан Жаңалық ауылында болдым. Қазақстанға белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» қоры мен Мейіржан Мусабаев жетекшілік ететін Алматы облыстық «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі ұйымдастырған жазықсыз жазаланған боздақтарды еске алу шарасы өткен екі күн менің санамда үлкен із қалдырарлықтай алуан түрлі жаңалықтарға толы болды десем ешнәрсе айтпаған адамдай боламын. 1956 жылғы партияның атышулы съезінен кейін 7-ші класта оқып жүрген біз сияқты өрендердің қолына шұғыл түрде жаңадан басылып шыққан қазақ әдебиетінің оқулығы тигеннен кейін, қазақтың үш ұлы ақын-жазушылары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың шығармаларынан үзінділерді жарыса оқи бастаған болатынбыз. Қазіргі кезде әлемдік әдебиетте өзіндік орыны бар қазақ әдебиетін Сәкеннің «Көкшетауынсыз», «Бандыны қуған Хамитінсіз», Бейімбеттің «Шұғаның белгісінсіз», «Күлпәшінсіз», Ілиястың «Құлагерінсіз» көзге елестетуге болады ма, айтыңыздаршы?!
Енді сол алыптардың 1937-1938 жылдары атылған жеріне келіп, Жаңалық музейінің директоры Мейіржан Мусабаевтың аузынан қазақ халқының мақтанышы Сәкенді атып өлтірместен бұрын үш ай бойы ішкі істер халық комиссариаты жендеттерінің қалай қорлағанын естігенде, өзімнің жанымды жерге қоя алмай қатты қиналдым. Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ондаған жылдар бойы жазықсыз қазаға ұшыраған боздақтарды еске алу шарасын әрбір жылдың 30-31-ші мамырында өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Биыл да сол дәстүр бойынша 30-шы мамыр күні Музейдің конференц залында «Шерлі тарих: XX ғасырдың I жартысындағы қуғын-сүргін сабақтары» атты халықаралық конференция, 31-і күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалда қаралы митинг өткізілді. 30-шы мамыр күні түс қайта конференцияға қатысушыларға музейдің зкспозициялары таныстырылды.
Музей экспозицияларын толықтай ұғыну үшін оларды көру керек. Ең бастысы, музейдегі мрамор қабырғаларға Жаңалық ауылында 30-шы жылдары атылып, мәңгілік тыныштық тапқандардың барлығының есімдері алтын әріптермен жазылып, көрнекті жерден орын алыпты. Біздің де ғалымдардың үш жыл бойы қайт-қайта жазып, айтып жүрген мәселесі Алматы облысы әкімшілігі тарапынан өз елінде осылай оңды шешілгенін өз көзімізбен көріп келіп, оқырмандарға жеткізіп отырмын.
Оңнан солға қарай: Ош өңірлік мұрағат қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Әлімбаев, Шахман Нағымұлы.
Осы конференцияның барысында саяси қуғын-сүргін мәселесімен ұзақ жылдар бойы айналысып жүрген маған ерекше әсер қалдырған жаңалықтармен оқушы қауымды таныстыруды жөн көріп отырмын.
Біріншіден, Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында арнайы кешен құрылысына мұрындық бола отырып аса маңызды мұражай, мемориал және «Арыс» қорының қаржысына «Алаш арыстары» мешітін тұрғызған қоғам қайраткері ф.ғ.д. Ғарифолла Әнестің ерекше еңбегін айрықша атаған ләзім. Қазіргі кезде «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес 2021 жылы ҚР президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен құрылған мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде үш жыл бойы Алматы және Жетісу облыстарында осы комиссияның жұмысын үйлестірушілердің бірі болып келеді. Оның басшылығымен «Жетісудың шерлі тарихы» атты авторлық ғылыми-экспедициялық жоба дайындалып, ол Алматы облысының әкімдігінен қолдау тауыпты. Жобаны жүзеге асыру барысында Алматы облысы бойынша саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық, тәркілеу мен босқыншылық, шаруалар көтерілістері мен депортация құрбандары анықталып көптеген жинақтар шығарылыпты. Ғарифолла Әнес басшылық ететін «Арыс» қоры соңғы жиырма жылдың ішінде Мұстафа Шоқайдың 12 томдық жинағын, Ә. Кекілбаевтың шығармаларының толық жинағын, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарының энциклопедиясын шығаруға қол жеткізіпті. Ең бастысы, Ғарифолла Әнес өз бастамасымен Өзбекстан, Қырғызстан республикалары ғалымдарымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын бірігіп зерттеуді ұйымдастыру мәселесін шешіп, қазір аталған елдермен осы бағытта ғылыми жұмыстардың нәтижелеріне конференцияның жұмысы барысында куә болдық. Өткен жылдың соңында «Арыс» қорының «Шерлі шежіре» сериясы аясында «Қазақ» газетінің (1913-1918) жылдардағы толық корпусы қазіргі жазу үлгімізбен жарық көріпті. Сондай-ақ, осы басылымдардың жалғасы ретінде жеті томдық «Айқап» журналының (1911-1915) алғашқы екі кітабы және «Сарыарқа» газетінің (1917-1919) қолда бар саны түгелдей бүгінгі оқырман қауымға қолжетімді болыпты.
Ш. Нағымұлының « Қасіретті жылдар шежіресі» кітабының тұсаукесер сәтінен көрініс.
Конференцияға ҚР белгілі тарихшы ғалымдары, Өзбекстан республикасынан тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік саяси қуғын-сүргін құрбандары Музейінің директоры Бақтиер Хасанов, Қырғызстан республикасы Ош өңірлік мұрағат қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Әлімбаев, ф.ғ.д. Тынысбек Қоңыратбай, Астаналық қоғам қайраткері, с.ғ.д. Әбдіжәлел Бәкір, қоғам қайраткері, меценат Жауғашты Нәбиев, сонымен қатар, саяси қуғын-сүргінге ұшырап қаза болған тұлғалардың ұрпақтары Сәуле Қожықова және басқалар қатысты. Конференция жұмысын жүргізген «Арыс» баспасының президенті, ф.ғ.д. Ғ. Әнес «Жаңалық» мемориалды кешені – тоталитаризм жылдарында Алматы қаласында атылған саяси қуғын-сүргін құрбандары көмілген қорымға қойылған ескерткіш екендігіне тоқталып қатысушыларды өздерінің осы бағыттағы отыз жылдық қызметімен таныстырды. Ғарифолла Әнестің айтуынша, ол Республикалық сакральды объектілер тізіміне енген. Бұрыннан тарихи-мемориалдық кешен ретінде Республикалық және Алматы облыстық өкілетті органдардың шешімімен мемлекетттік қорғауға алынған .Кешеннің ашылуы Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы қызметіне тікелей байланысты. 1990 жылы Алматы түбіндегі Жаңалық елді мекені жанындағы саяжайлар үшін бөлінген аумақтан бас сүйегін оқ тескен адамдардың мәйіттері табылыпты. Саяжайлық жерлерден ҚазТАҚ «Әділет» мұрындық болып қазып алынған сүйектерге соттық-медициналық сараптама жасалып, республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті олардың саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері екенін, Үлкен террор жылдары атылғандардың сол маңға, ашаршылықта босап қалған Әли ауылының орнына көмілгенін мойындапты. Сот-медициналық экспертизадан өткізілген құрбандар сүйегі 1993 жылы Жаңалық аумағында қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілген көрінеді. Қорым ретінде танылған аумақ 15 гектар жер Алматы облысы, Талғар ауданы билігінің шешімімен саяси репрессиялар құрбандарын есте қалдыруға бағытталған құрылыс нысандарын салу және тиісті еске алу әрі тарихи-ағарту шараларын жасап тұруы үшін 1997 жылы мемлекеттік актімен ҚазТАҚ «Әділетке» бөліп беріліпті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Әділет» қоғамының құрылуына он жыл толуына байланысты, 2000 жылы қабылдауында болған қоғам төрағасы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Қ. Қозыбаев бастаған делегация айтқан өтінішті тыңдап, атқарушы билікке тиісті тапсырмалар беріпті. Сол кездегі Алматы облысының басшысы Заманбек Нұрқаділовтің бастамасымен қорым басына «Жаңалық» мемориал кешенінің басты ескерткіші салыныпты. Міне, жиырма жылдан бері жыл сайын 31-ші мамыр күні осы жерде сонау 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтіп тұрады екен. Атап өтерлік бір жайт, 2017-ші жылға дейін бұл шараны Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдіктері бірлесе ұйымдастырып, кең көлемде атап өтілетін болған. 2017-ші жылы Алматы қаласында Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылған соң (ол жерде «Әділет» қоғамы орнатқан тас белгі ширек ғасыр тұрды, жақын жерде екі жыл жұмыс істеген Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі болды) қаралы жиынға қатысушылар екіге бөлінетін болған екен. Өйткені, екі жиын да бір күні (31-ші мамыр), бір уақытта (сағ. 10.00-да) өтетін болып белгіленеді.
2017-ші жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігі Жаңалық мемориалды кешеніне көңіл бөліп, облыс әкімі А.Ғ. Баталовтың бастамасымен ұзақ жылдардан бері республикалық деңгейде сөз болып келе жатқан Саяси қуған-сүргін құрбандары музейін салу жоспарланған көрінеді. «Әділет» қоғамы (төрағасы проф. Ғ.Әнес) өзіне тиесілі 15 гектар жерден заңды түрде 1 гектар жерді мемлекеттік акті арқылы Музей құрылысына бөліп беріп, 2018-ші жылы құрылыс жұмыстары басталыпты. Жоспарға сәйкес музей құрылысы 2019-шы жылы наурыз айында бітуі тиіс болатын. Әйтсе де, облыс әкімі А.Ғ. Баталовтың тікелей қадағалауының нәтижесінде құрылыс қазан айында толық аяқталған көрінеді. Одан соң М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің тікелей араласуымен Музей іші толық жабдықталып, 2018 жылы 27 желтоқсан күні Тәуелсіздік күніне орайластырып, облыс басшысының қатысуымен Музей салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастапты.
Ғ. Әнестің «Арыс» қоры бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, өзінің қаржысына музей мен мемориал аумағына «Алаш арыстары» атты мешіт салдырыпты, мешіттің жанында асхана жұмыс істейді. Сонымен Жаңалық мемориалдық кешені бүгінгі таңда үш ғимараттан, яғни, саяси қуғын-сүргін музейінен, еске алу мемориалынан және мешіттен тұрады.
Халықаралық конференция Ғ. Әнестің баяндамасынан кейін «Арыс» қоры осы маңызды шараға арнайы басып дайындаған 20 кітаптың тұсау кесу шарасымен жалғасты. Ең әуелі кітап авторлары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының жетекшісі с.ғ.д. Ә. Бәкірдің «Мұстафа Шоқай», Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Ш.Нағимовтың «Қасіретті жылдар шежіресі», Түркістандық ф.ғ.д. Т. Қоңыратбайдың «Қоңыратбаевтар әулеті» Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы Д. Байгунаковтың қысқаша баяндамалары тыңдалғаннан кейін кітаптарының тұсау кесу шаралары өткізіліп, конференцияға қатысушы көрермендерге үлестіріліп берілді. Бұлардан бөлек өте маңызды баяндамаларымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Гүлмира Райлқызы, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Сәуле Қожықова мен Аманжолова Шолпан жұртшылықпен бөлісті.
Солдан оңға қарай: « Арыс» қорының президенті Ғ. Әнес, меценат Ж. Нәбиев,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ш. Нағымұлы.
Осы айтылғандардан бөлек, конференцияға қатысқан Өзбекстан мен Қырғызстан ғалымдарының баяндамаларында сөз болған аса жағымды жаңалықтарды біздің Қазақстандық зерттеушілер үшін жеткізгім келеді.
Өзбекстан республикасынан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік саяси қуғын-сүргін құрбандары Музейінің директоры Бақтиер Хасанов өзінің баяндамасында Ташкентте орналасқан мемлекеттік архивтің қазақстандықтар үшін ашық екендігін жеткізді. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі, Х. Досмұхамедовке байланысты өте маңызды құжаттардың ол архивтен табылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, Өзбекстандық ғалым, президент Мирзоевтің өткен жылы өзінің Жарлығымен бүкіл басмашыларды ақтап жібергенін айтты. Ал, біз болсақ, өзіміздің Аманғалиды, Құныскерейді, Ерғалиды әлі күнге дейін ақтауға қол жеткізе алмай жүрміз. Өзбекстанның басмашылық қозғалысында адам қаны төгілген жоқ дегенге кім сенеді? Олардың іс-әрекетінің совет адамдарың санасында жатталып қалғандығы сондай, біз әскерде болған 60-шы жылдары орта азиялықтар мен қазақтарды, яғни, біздерді славян ұлтының өкілдері басмашыларға теңеуден жалықпайтын еді. Ғалым жеткізген тағы бір жағымды дерек деп, Ташкентте бұдан көп жылдар бұрын ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған республикалық музеймен қатар, сол музейдің Өзбекстанның барлық 14 облыстары орталықтарында филиалдарының жұмыс істеуі дер едім. Табиғи ресурстарға аса бай, сонымен бірге халқы ашаршылық азабы мен саяси қуғын-сүргіндерді өте көп көрген Қазақтанда бұндай музейдің тек үш облыста бар екенін жұрттың бәрі біледі.
Ал, Қырғызстан республикасынан конференцияға қатысқан Ош өңірлік мұрағат қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Әлімбаев 30-40 жылдары халқының саны аз өзінің елінде 40 мыңдай адамның саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты. Әсіресе, Бішкек қаласынан көп қашық емес жерде орналасқан Шоңтас ауылындағы Ата Бейіт мемориалының тарихы қатысушыларға нақты деректермен жеткізілді. Бұл жерден 1991 жылы 138 атылған адамның сүйектері табылыпты. Олардың бәрін 1938 жылы қараша айының бір күнінде бастарынан атып өлтіріп, траншеяға көме салыпты. Бұл адамдар қырғыз халқының нағыз қаймақтары, зиялы қауымының өкілдері Төреқұл Айтматұлы, Жүсіп Абдрахманов, Қасым Тынысқанұлы, Жиенбай Хасанұлы, Айдарбек Нысанұлы, Қасым Түркістанұлы, Абдрахман Оразбекұлы, Мұрат Салықұлы сынды сол кездегі елдің бетке ұстар басшылары үлкен азаппен өлтірілген. Бұлардың бәрін де аяқ-қолдарын сындырып, немесе басқа азаптарға салып, жандарын әбден қинап, өздеріне «халық жауы» екендіктерін мойындатыпты. Бұл жауыздықтың басында сол кездегі Қырғыз республикасының ішкі істер комиссариатының төрағасы Лоцманов деген болыпты. Қырғыз елінде де біздің Қазастандағыдай репресияға дін өкілдерін, жәдитшілерді, зиялыларды ұшыратқан. Ата Бейіт Мемориалы қазір республиканың ең қасиетті орындарының бірі саналады. Біздің облыс орталығына да осындай мемориал тұрғызудың қажеттігі жыл өткен сайын арта түсуде. Себебі, 700 -дің үстінде атылған азаматтардың сүйектері қаланың әр жерінде жатыр. Нұрғазы Есенбайұлының мәліметтеріне қосымша біздің қазақ халқы үшін аса маңызды деректі қырғыздың жас ғалымы Сыдықов Қылыш маған жеткізді. Сонымен оқырмандарды таныстыруды өзімнің борышым деп есептеймін. 30-шы жылдардың бас кезінде 100 мыңдай қазақ халқының өкілдері Тұрар Рысқұловтың мәліметіне сүйенсек, Қырғызстанға, оның астанасы Фрунзе қаласына аштықтан бұралып жеткен. Олардың көпшілігі қаланың көшелерінде аштықтан ажал құшқан. Ол туралы хабар Қырғызстанның сол кездегі басшысы Жүсіп Абдрахмановқа жетіп, ол кісі дереу Москваның тәртібімен товарлы поезға тиеліп жатқан астықты және ет өнімдерін өзінің халқына және аштықтан бұралып өлейін деп жатқан 20 мыңдай қазақтарға үлестіруге тапсырма берген көрінеді. Ол өзінің бұл әрекетін «Егер біз шұғыл шешім қабылдамасақ, бізде де Қазақстандағыдай халықты аштан қырып аламыз. Сталин көп болса, мені жұмыстан босатар, қайта біз халықты аштан қырылудан аман алып қаламыз» депті. Не деген адамгершілік десеңізші! Өз халқын жанындай сүйген патриот, жастықпен Сталиннің алабөтен кекшілдігі мен қатыгездігін білген жоқ еді. Көп ұзамай тап сол кісінің бұйрығымен ол жұмыстан алынып, үлкен азаппен Шоңтас ауылының жанында 138 адаммен бірге атылыпты. Қазір ол жерде Ата Бейіт мемориалдық кешені орналасқан.
Халықаралық конференция мен Республикалық Орталық музейде болған кезімізде маған бір ерекше қоғам қайраткері, меценат азаматпен танысудың сәті түсті. Ол кісі - өзіміздің жерлесіміз, Сағыз ауылының тумасы Нәбиев Жауғашты деген азамат. Орталық музейдегі отырыста ол кісі атақты ресейлік қоғам қайраткері Аманкелді Молдағазыұлы Төлеев туралы әсерлі баяндама жасады. Ол кісінің ерекшелігі Алматы қаласы мен облыстағы саяси қуғын сүргінге байланысты бүкіл шаралардың өтуіне, сол тақырыпқа байланысты кітаптардың шығарылуына үнемі көмектесіп, қаржылық тұрғыда қол ұшын берумен айналысып, жұртшылықтың алғысына бөленген жан көрінеді. Тіпті, Алматы облысының қазіргі кезде көркіне айлаған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдениеттік қорық-музейінің ғимаратын осы Жауғашты аға салып берген екен. Республикалық Дат газетінің 2022 жылдың 28 сәуіріндегі № 16 санында журналист Өмірзақ Ақжігіт ол кісі туралы «Осы жұрт Жауғаштыны біле ме екен?» атты мақаласында былай деп жазыпты: «1990-шы жылдарда аты жер жарған, «Халық банк» жұтып қойған «Казкоммерцбанкті» Жауғашты Нәбиев өз қолымен құрғанын бүгінгі ұрпақ білмеуі де мүмкін. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ерекше, айрықша, орысша айтқанда «феноменальный» адам. Несімен? Адами тұрпатымен. Бүкіл болмысымен. Жас ұрпаққа тәлім болар өмірлік үлгісімен».
Жауғашты - өте білімдар, нағыз зиялы адам. Студент кезінен бастап жиған, үйінің төрт бөлмесін түгел алып тұрган тоғыз мың кітаптың бәрін де ол конспектілеп шыққан! Конспект жазу үстінде соның бәрін көз майынан, қолынан өткізгендіктен, оқығанының бәрі жадында.
Сонымен бірге Жауғашты - өте қарапайым жан. 1990-1996 жылдары, елде ақша жок кездің өзінде ол 1,5 млн долларды демеушілікке жұмсады. Ал, қанша ғалымның, тарихшының, жазушының кітабын, көне заманнан жеткен жәдігерлерді шығарып берді, оны өзінен баска ешкім білмейтін де болар. Солардың көбісін еңбегімен танысқаннан кейін, өзі іздеп тауып алып отырған. Және ол жайлы шамасы келсе тіс жармауға тырысады.
2011 жылы «Желтоқсан» оқиғасынан кейін алдағы 70-жылдық мерейтойына деп дайындап отырған қаржысын қаза тапқандардың отбасына аударды-дағы, «ешқандай той болмайды!» деді.
Міне, осы Ғарифолла, Жауғашты сияқты сияқты ел зиялыларының арқасында жоғалғанымызды тауып, түгендеп, олар туралы том-томдап кітаптар шығарып, мемориалдар тұрғызып, игілікті шаралар өткізіп жүрген Алматылық ғалымдарға алғысымды жеткізгім келеді.
Сөз соңында осы мәліметтерді саралай отырып :
Біріншіден, біздің кейбір тарихшыларымыз бен өзге азаматтардың: «тек қазақтар ғана саяси қуғын-сүргіннен алабөтен жапа шегіп, көп қырылған, өзге орта азия халықтарының арасында саяси қуғын-сүргінге тек ондаған, тіпті одан да аз санаулы адамдар ғана ұшыраған» деген сияқты мәліметтерінің шындыққа сай еместігін айтқым келеді.
Екіншіден, біздің халқымыздың ашаршылықтан аса зор көлемде жапа шегуінің себебі, сол кезде республика басында Голощекин сияқты қазақ халқына ешқандай жаны ашымайтын адамның отыруынан еді. Ол өзінің Е.Ерназаров сияқты көмекшілерін айтақтап айдап салып, қазақ қоғамы өмірінің негізін құрайтын малын құртты, малы құрыған қазақтың өзі де құрыды. Біздің халықтың сорына қарай, сол кезде елдің басшылығының арасында Жүсіп Абдрахманов сияқты ананың ақ сүтін емген, халқына жаны ашитын бірде-бір адам табылмады.
Үшіншіден, Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және оларды мәңгі есте қалдыру ісіне аса мән берілетінін осы конференция жұмысы барысында білдік. Бұл елдерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейлер мен мемориалдардың ашылуы- соның айғағы.