Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «ЖОШЫ ХАН» мистикалық поэма

СӨЗ БАСЫ 
... Ақын болып бекерге жаралдым ба ?
Сан сұрақтың жауабын таба алдым ба?
Жошы ханның  жолбарыс бейнесіндей
Ғажайып бір түс көрдім таң алдында. 

Тауым биік! Тауға қарай аяңдадым,
Көрмеймісің бұла күш оянғанын ?!
Тарихтың тамырынан тіні тартып
Келеді баяндағым, баяндағым...

                          ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ  ШЕРІ

Уақыттың жеткендей сын-сынағы,
Сыбыр үнді тыңдайды түн құлағы.
Тордағы арыстандай аласұрып
Шыңғыс хан -
терісіне сыймай бұлқынады.

Не дерің бар тарихтың қазанына?
Сыйды ғой сұмдығы, азабы да.
Жошыны шақыртқанда келмей қойды
Басына шыққаны ма, әлде мазағы ма?

Деген ойлар Шыңғысты түтіп жеді,
Тек өзіне бас июді күтіп еді.
Сөзіме де, өзіме де қайрылмайтын
Бұл Жошы қайдан шыққан тұқым еді?

Шыңғыс хан ауыр ойдан сауыт киді,
Қасарып, қаны шапшып қабақ түйді.
Көз алдында: өткен күн, бітпейтін дау
Жүрек шаншыр оқиғалар қилы-қилы.

О бастан ержүрек болып қалыптасты,
Айырды ерте жастан дос пен қасты.
Атастырылған жан жары Бөрте қызды
Меркіттер орта жолдан алып қашты.

Бір кезде меркіт жасы жерге тамған,
Әлі құрып шамасы келмей қалған.
Меркіт ру басының-
Өлэндей қалыңдығын
Есугей күшпенен тартып алған.

Есугей мен Өлэнннен өзі туған,
Ес білгелі қасіретін қанмен жуған. 
Он сегіз жасында ер Темужин
«Бөртені қайтарам» деп белін буған.

Намыс-найза кеудесін жарып өтті,
Темужиннің ызалы жаны кек-ті.
Тұғырыл, Жалмұқамен одақтасып 
Бөрте үшін «Бугур кегер» шайқасы өтті.

Әйелін қорғай алмай қор бола ма?
Одан да өлген артық маң далада.
Тәңіріне сыйынды қайта-қайта
Сәтін салып жолын сірә, оңғара ма?

Бөрте сұлу Темужиннің мінезін танып,
Ырза болды алаулап жүзі жанып.
Орта жолда  қиналды, толғақ қысып,
Әйелдің айы-күні жеткені анық.

Жолда туған сәбиге таңғалар көп,
Бір үміт бір үмітке жалғанар деп.
Жолшы! «Жошы» деп ат қояды
Жолда туды! Жолымызды оңғарар деп.

Қанша қыр, тау, белі бар ел де шалғай,
Нәресте шыңғырады сүтке тоймай.
«Бұл бала маған әсте ұқсар ма екен?»
деді Шыңғыс Бөртеден көзін алмай.

Жас сұлу Бөрте қандай, бала қандай!
Бөртенің көзінен мұң тарағандай,
Темужинге ойланып сұрақ қойды
Сезімін ақылымен орағандай:

-Ақ сөзім-ниетім бар тыңдашы ұдай,
Мен болармын жанашыр, сырласың да.
Сен үшін бағам қандай?
Шыныңды айтшы,
Жүрегіңнің түбіне кір жасырмай.

-Бағаң қымбат мен үшін! Жаның да асыл!
Сен мен үшін ең қымбат қазынасың!
Шырай беріп өңіме, көңіліме
Саз қосасың жанымның сазына шын!

Бөртенің жанарына жас іркілді,
Есіне түсіргендей тасыр күнді.
-Білесің бе, жарылып өлгім келген
Қылышпенен тілгілеп қос ұртымды.

Қанша  күн уайымнан жапа шектім,
Қанша түн қара тасқа жасым төктім.
Қанша ай сағыныштан сарғаюмен
Келер деп, құтқарар деп сені күттім.

Қыз-мұңлық шерін төгіп жұбана ма?
Тағдырың не береді сыбағаға?
Маған қымбат жанымның бөлшегіндей
Ып-ыстық бауырымдағы мына бала!

-Бұл бала менің балам Жошы деген,
Сөз бітті! - деді Темужин -осыменен.
-Бөрте, сен, бұл баланы ер ғып өсір!
Алтын дулыға кигізем басына мен.

Екеуі бірін бірі түсінгені,
Жошының басына мұң түсірмеді.
Ең мықтысы Жошы болды ел таңырқар
Шыңғыстың төрт  ұлының ішіндегі.

Мұрагері қағанның кім болады?
Дайын ба тағдыр дейтін сынға бәрі.
Хорезм жорығына аттанарда
Шыңғыс хан шынымен ойланады.

Жинады төрт бөрісін кеңес ашып,
Көзінен от, сөзінен жалын шашып.
«Жошы балам, сен қалай ойлайсың?» деп
Ішіне сырын бүкті тамыр басып.

Қас қағым сәт. Уақыт қандай жүйрік еді!
Қандай тәтті көрінер билік өрі.
Шағатай шамырқанып айқай салды:
-Бұл- «Меркіттің шатасы» не біледі?

Айтар сөзім, айқын да осы дер ем,
«Меркіт» кетсін алысқа қосыменен.
Қағандыққа лайықты Үгедей бар
Үгедей қатар тұрмас Жошыменен.

Шыңғыс ханның жүзіне жылу кірді,
Үгедейдің мойнына міндет ілді.
Арпалысқан сан ойдың дауылынан
Жошының алғаш рет сағы сынды.

-Ұқсайды  бала өскенде бабасына,
Қалмайын деп ел-жұрттың табасына.
Жошыны  енші беріп аттандырған
Қиырдағы Дешті Қыпшақ даласына.

Талай елге тізесін батырғанда,
Жасампаз боп жерге таң атырғанда.
Жошы ұлы «аурумын» деп келмей қалды
Шыңғыс хан ордасына шақырғанда.

Жошының бұл мінезін ұнатпады,
Сөнгендей көз алдында шырақтары.
Сала құлаш хабарлар алып келді
Өзінің аттандырған «көз-құлақтары».

Шыңғыс хан мән-жайға әбден қанып,
Біресе мұздап, біресе оттай күйіп жанып.
«Әдейі келмеген ғой» деген сөздер
Жүрегін бара жатты шоқтай қарып.

Ұлы қаған кей кез болар бақыр басты,
Өрлігінен бойынан ақыл қашты.
Ішіндегі өрт-жалынын басу үшін
Шақырып Шағатайды ақылдасты.

-Жер бетінде жоқ сіздей асыл адам,
Өзіңіз ғой ғой бөрі ғып асыраған.
Шағатай шімірікпей айта салды:
«Жошыны жүндей түтіп, басын алам!».

Шыңғыстың тұла бойы мұздағаны-ай!
Өзінен асқан қатыгез бе, қызба қалай?!
Бектір інісін өлтіргені есіне түсіп
Ескі жара  ашылып сыздағаны-ай!

Үнсіздік. Шағатай тұр әмір күтіп,
Шыңғыс хан  қатып қалды жалын жұтып.
Оң қолын көтергені: «Кет!»- дегені
Көзіне қан толғандай  сөзі бітіп.

Орда ауасы кейде қатал, кейде мұңды.
Қабырғалар жұтады сұмдық сырды.
Әке менен баланың әңгімесін
Құлан қатын керегеден тыңдап тұрды...

                         ЖОШЫ ХАННЫҢ  ӨЛІМІ

Шыңғыс хан іштей үнсіз күңіренді,
Батар ма деп жарқыраған күнім енді.
Бір-біріне жаулық қылса ұрпақтарым
Бет жыртысып, қырқысып бүлінер-ді.

«Көкте-Тәңір болғанда , жерде –қаған»,
Айтшы Тәңірім! Болды ғой көңіл алаң.
Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан ем
Бір біріне жау болған ұрпақ жаман.

Қара жер! Қыртысың көп ашылмаған,
Шер жұтып енді кімге ашуланам?!
Бір ұлымды бір ұлым жүндей тұтып
«Әкелемін» дейді ме, басын маған.

Жошы сұм құрығымнан шығып кетті,
Арам ойын кеудесіне бұғып кепті.
«Әкемдей қанышер болмаймын» деп
Қыпшақтың даласында  мені сөкті.

«Көз-құлағым» тыңшының хабары бұл,
Өр көңілім шикі өкпеге таланып жүр.
Жошының асқақтаған көңілі мен
Қалай ғана басармын аранын бір?!

Сан сұрақтар миында тізбектеліп,
Тістенеді тағында жүз бүктеліп.
Шыңғыс хан алай-дүлей күй кешеді:
Жошы сәлем бермеді-ау іздеп келіп...

Бір жылылық таппады жұбанардай,
Аспан да тамшы тамбай тұра қалды-ау.
Қара тастай қатып қалған сұп-сұр өңі
Тек Құланның тәтті үнінен қуанардай.

Құланның жамалынан нұр шашқандай,
Сұлулығына ай мен күн таласқандай.
Ерке қылық назымен есін алды 
Жанына жаны үндесіп жарасқандай.

-Хан ием, сенің мұңың-менің мұңым,
Айтайын айтарымды саған бүгін.
Күңіреніп іштей қатты күйреп жүрсің
Жеңілдетсем қайтеді соның жүгін?

Жошының бір амалын мен табармын,
Сенің тағың, аңсары, байқағаным.
Бауырымда ұлым бар ержететін
Содан шығар ,
 шалабымды бос шайқамадым.

Жошы анасын сізден де артық көрер,
Анасы да қаймағын қалқып берер.
Осы Жошы бір күні дауыл -күшпен
Шайқалтса  шаңырақты қайғы төнер.

Жошының болды елге сыры мәлім,
Естіген жазықты емес, ұғынамын.
«Көз-құлақ», жұлдызшы да айтар бәрі:
Тілейді ол бәрінің де құрығанын.

Хан ием, тілімді алсаң, сақтан бұдан!
Алып шығар айқасса, оттан Құлан.
Хан ием, жауымызды жеңу үшін
Жошыға жаушыларды аттандырам.

Осы болды екеуіне анық шешім,
Тоқтатты Шыңғыс солай ойдың көшін.
Ақ төсекте жас қатынын қатты қысып
Аймалап сүйе берді аппақ төсін...

                             ***
«Монғол  ұлысы» - 
Шыңғыс құрған ұлы ел еді,
Төрт ұлы жан жағының тірегі еді.
Жошысына лауазымдық  атақ беріп
Солтүстік батысқа басшы ғып жібереді.

1224 жыл. Тарихшылар ұғынады,
Мұндай ұлыс болмаған бұрын әлі.
«Ақ Орда, Алтын Орда» деп аталған
«Жошы ұлысы» осылай құрылады.

«Жошы ұлысы» кең алап, қос қанатты,
Тарихтан орнын алып жолын тапты.
Ертіс, Арал, Ұлытау, Қараталдан
Түмен, Жент, Барчкетке дейін алып жатты.

Шыңғыс ханның болғасын өктем күші,
Келеді жан біткенді бөктергісі.
Көкірек, менменшілдік, тәкапппарлық
Боржігін -қият ұрпағының бетпердесі.

Асау жылдар алысқа ала қашты,
Жошы хан менмендікті қаламас-ты.
Ат жаратып, күй тыңдап, аңға шығып
Қыпшақ елмен досындай араласты.

Кім ойлаған Жошыны тілбұзар деп,
Жүрегін тербейді ме сырлы саз көп.
Қалың қыпшақ ішіне сіңіп кетті
Өнері мен тіліне ынтызар боп.

Болғанмен мейірімді ел тірегі,
Аңғалдық –батырлықтың дерті ме еді?!
Аңдып жүрген Құланның он адамы
Аңға шыққан Жошының кең маңдайын 
Аямай тасқа соғып өлтіреді.

Өткен күннің несі бар, несі қалды?
Арамзалар осылай өшін алды.
«Құландайын ханымның бұйрығы» деп
Жошының оң жақ қолын кесіп алды.

Қызыл күннің көзінен қан тамады,
Өткен күннің бар еді айтары әлі.
«Аңға шыққан Жошы хан мерт болды» деп
Сыбыр менен күбір кезек қайталады...

ҚЫПШАҚ-ДОМБЫРА

Жазмыш солай маңдайға бұйырған ба?
Қателік те болады-ау үйір жанға.
«Жошы өлді» деген сөз тарап кетті
Қыпшақ асып небір алыс қиырларға.

Бір сұмдық болған еді мына күзде,
Ап-айқын көрінеді мына із де.
Аң аулаған Жошыны абайсызда
«Ақсақ Құлан» құлатыпты құла дүзде.

Шындық деген кеудеде бұлқынады,
Шындықтың құлыптаулы құлпы әлі.
«Ақсақ құлан» дегені астарлы сөз
«Ақсақ құлан» күй болып бұрқырады.

Күй дегенің тылсым терең тұңғиық,
Тіршіліктің бар тынысы тұрды ұйып.
Қыпшақтардың аспабында сол бір күй
Күңіренеді ай нұрындай  мұң құйып.

Сазға батып толарсағы, тобығы,
Естілгендей Жошы ханның зор үні.
Көрінгендей қылыштардың  жарқылы
Сезілгендей бір кездегі жорығы.

«Жалғыз жолшы!» Сом алтынның сынығы,
Жетті ме оған арсыз ажал құрығы?
Қаншама рет үйірінен безініп
Қаншама рет лайланды тұнығы?

Жанарынан тамшы жасы төгіліп,
Жалғыздықтан қабырғасы сөгіліп.
Көкжиекке сіңіп бара жатқандай
«Жалғыз жолшы!» Жошы атын тебініп.

Күйдің тілі мұңды сөзбен жыр айтты,
Тыңдағанды жылатты да, мұңайтты.
Белді басып, таудан асып сұмдық күй
Өкіндірді ожарды да, суайтты.

«Ақсақ құлан» аңыз болып тарады,
Ал, «Қыпшақтың» бұлт күрейді шанағы.
Бітеу жара аузы ашылып кеткендей
Көмейінен зарлы әуен тамады...

Шыңғыс отыр сан мың ойды қазғылап,
«Қыпшақ» аспап!
Әмірін де жазды ұзақ:
«Қыпшақ» деген аты өшіп жойылсын!
Көмейіне қорғасын құй! Созғылап!

Осы күйді кім шертсе де тағы да,
Басын кесіп әкелесің қолыма!
«Қыпшақ» деген аспап енді құриды
Аспап емес, құр дабыра! Дабыра!

Көздің жасы қара жерге тамар-ды,
«Қыпшақ» аспап! Аты солай жоғалды.
Қаһарлы хан көз жұмған соң мәңгілік
«Дабырасы» -
Домбыра боп оралды.

Өткен күнге көңілде бар базына,
Өнер деген - жұтамайтын қазына.
Аспан асты жердің үсті ұйып тұр
Күмбірлеген домбыраның сазына ,
Күмбірлеген домбыраның сазына...