Өкінішке орай, біздің халқымыздың тарихында орны толмас қасіреттер өте көп болды. Олардың басым көпшілігі 70 - жыл ғана өмір сүріп, тарих сахнасынан біржола кеткен совет өкіметі үстемдік құрған жылдары орын алған еді. Әрбір өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте барлық қоғам мүшелеріне игілікті, сауапты істерімен көмек көрсетіп, мызғымас бедел жинаған бір таптың болатыны белгілі. Көшпелілер қоғамын атам заманнан бері алға сүйреген сондай тап - қазақтың байлары еді. Соған қарамастан, 1928 жылдан бастап, совет үкіметі өзінің пәрменімен қазақтың байларын жоспарлы түрде құртуға құлшына кірісті. 1928 жылы 27 тамызда Қазақстан үкіметінің аса ірі байларды тәркілеу туралы «Бай шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті жарияланды. Ал, үш күннен соң, яғни, 30 тамызда «Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы қаулысын қолдану жөніндегі Ережесі» қабылданды.
Ережеге сай үкімет адамдары тәркілеу жұмысын 5-ші қыркүйекте бастап кетті. Мұндай зорлыққа көнбеген халық бас көтеріп, өз наразылықтарын көрсетті. Дегенмен, халықтың бұл әрекетіне де байланысты тиісті қаулы шығарылды. Сол жылдың 17-ші қазанында Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің «Жартылай феодал ірі байлардың тәркілеу мен жер аударуға қарсылығы үшін қылмыстық жауапкершілігі туралы» қаулысы шықты. Біздің өлкемізде 1928 жылы басталып, үкімет тарапынан ешқандай ымырасыздықпен жүргізілген ірі байлардың мал мүлкін тәркілеп, өздерін басқа өңірлерге жер аудару мәселесімен университет ғалымдары, тарих ғылымының докторлары Ж. Таңатарова, А. Ахмет, тарих магистрі Н. Жеңісов және осы жолдардың авторы әр жылдары айналысып, республикалық және облыстық басылымдарға өздерінің зерттеулерін жариялаған болатын. Ал, біздің бүгін оқушы назарына ұсынғалы отырған мақаламызда қазақ байларының басына түскен ауыртпалыққа жұртшылықтың сол кездегі көзқарасын архивтік және халықтың жадындағы деректер арқылы жеткізгіміз келді. Себебі, совет үкіметі жылдарында таптық көзқарасқа негізделген коммунистік идеологиямен қаруланған барлық деңгейдегі мекемелер ақ адал меншігінен бір күнде айырылған қазақтың байларын барып тұрған қанаушы, құбыжық ретінде бейнелей отырып, олардың қоғамды біріктіруші, әрі қалың көпшілікке деген қамқорлық, прогрессивтік ролін мүлде ескермеуге, тіпті жоққа шығаруға тырысты. Шындығында, қазақ қоғамында Европа мен Ресейдегідей кедейлерді сүліктей сорған бай-феодалдардың болмағандығын орыс зерттеушілері, профессор Кушнер мен Полочанский 20-жылдары атап көрсеткен болатын. Мәселен, Кушнер қазақ ауылында тап күресі өршіп тұр дегенге қарсы өз пікірін былай деп жазды: «Мен тап күресін және әлеуметтік таптарды босқа іздеппін, нақты тап түсінігіне сәйкестікті іздедім, бірақ таппадым». Қазақ қоғамындағы ауқатты мен қара шаруаның тұрмыстағы айырмашылықтарының шамалы екенін, ал бұл олардың өзара қарым-қатынасында елеулі рөл атқаратынын 1926 жылы Е.Полочанский де жазған еді. Қазақ ауылындағы байлар мен ауқаттылардың үлкен ұйымдастырушылық беделін байқаған ол былай дейді: «Бұқарада таптық сананың мүлде болмауы жағдайында, ол (бай), жайылымдық мал шаруашылығы жағдайында, ешқандай қанаушы ретінде емес, керісінше шаруашылықтың-рулық негізде қалыптасқан қоғамның орны толмас және пайдалы мүшесі ретінде құрметтеледі».
Қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтарда бай мен кедейдің арасында таптық қайшылық жоқ, оларда рулық мүдде немесе жалпы қазақтық мүдде таптық мүддеден басым түсіп жатады» деген пікірлері кейіннен большевиктер тарапынан «реакциялық теория» ретінде өткір сынға алынды. 20 - жылдары қазақ даласында байлар көп болған. Ол ешкімге қазір жасырын емес. Ленин бастаған большевиктердің ең ауыр қылмысы - кез келген адам үшін ең қасиетті құндылық – біреудің жеке меншігіне қиянат жасаулары. Қазір байыптап қарасақ, географиялық тұрғыдан алғанда шағын ғана біздің Атырау өлкесінің өзінде аталған әлімжеттікке ұшырамаған отбасылар аз болған. 2006 жылы жасы 100-ге келіп қайтыс болған өзімнің анам, маған: «сендердің мектепте тарихтан оқып жүрген мәліметтерің мүлде қате, оқулықтарыңда қазақтың байлары ешқандай себепсіз қаралап жазылған, олар сендердің мұғалімдерің айтқандай кедейлерді қанаған жоқ, қайта кедей руластарына алдарына мал салып қамқорлап отырды» дейтін еді. Жарықтық анамның шындығында өзінің жас кезде көрген білгенінің негізінде осындай әңгімелерді айтқанын қазір біліп отырмын. Себебі, біздің жанұямызда 1927 жылы туған Қабдықалық деген ағамыз тәрбиеленді. Біздің үйдің балалары оны «кішкентай ақа» деп атайтын едік. Ол кісі 1928-1929 жылдары Мәмбет өңірінің ірі байы ретінде тәркілеуге ұшыраған әкесі Елештен тірілей айырылып, жетім қалғандықтан, менің мамам баланы бауырына басыпты. Менің атам Едрестің туған інісі Елеш бай болғандықтан, 1929 жылы бүкіл малы тәркіленіп, өзін басқа өңірге жер аударып жіберіпті. Сол жақтан көкеміз оралмаған.
2021-2023 жылдар аралығында Атырау өңірлік комиссиясы мүшелері жүргізген архивтердегі зерттеу жұмыстары мен саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарымен болған сұқпаттар мен сауалнамалардың нәтижелерінде облыста әлі де болса ақталмаған байлардың бар екені анықталды. Олардың арасында ақталмаған ірі байлардың саны жиырмаға жуық екені қазір анықталып отыр.
Атырау өңірінде XX ғасырдың 20 жылдардың аяғына дейін өмір сүріп, аса ірі мөлшерде төрт түлік малға ие бола отырып, өздері өмір сүрген өлкенің халқына қамқор болған Мұқырлық Оразалыұлы Саптаяқтың, Толыбай елді мекенінің ірі байы Төрешұлы Ізімнің, Жармыш елді мекенінің ірі байы Исатайұлы Тумыштың, Есболдық ірі бай Сейітұлы Керейдің, Қызылқоғалық ірі байлар атақты Есболай бидің ұрпақтары Шауқарұлы Көреғұл мен оның ұлы Көреғұлұлы Патшағұлдың, Забурындық ірі бай Бапатақұлы Мұқамедияның, Ботақан ауылының байы Жүнісов Оразалының, Жембетов Жандолланың, Жылыойлық Мыңбайұлы Боқайдың, Жұмалыұлы Ахаттың, Тұщықұдық елді мекенінің ірі байы Омаров Нағымның тәркіленген малдарынан сол кездегі Гурьев округіне қарайтын Қызылқоға, Есбол, Жаманқала, Жылыой, Новобогат, Теңіз аудандарының әуелі артельдері, кейін колхоздары құрылды.
Атыраулық осы байлардың әрқайсысында тәркілеуге ұшырағанға дейін мыңдаған түйе, жылқы, сиыр, он мыңдаған ұсақ жандығы болған. Сол байлардың малдарының ырыздығы мен пайдасын кезінде қазақтың қалың жұртшылығы мен кедей жақын-жуығы молынан көрген. Бұлардан бөлек,1928 жылғы тәркілеу науқаны басталмастан бұрын, Атырау өлкесінің 149 байы 1921-1922 жылдары болған ашаршылық кезінде 3000 мыңның үстінде адамға өздерінің мал өнімдерімен көмектесіп, олардың жанын сақтап қалған. Осыған байланысты тағы бір дерек: 1921-1922 жылдағы ашаршылық кезінде совет үкіметі арнайы ашаршылыққа қарсы күрес комиссиясын құрып, Атырау өлкесінің ашыққан халқына азық-түлікпен көмек ұйымдастырып, жұртты аман алып қалуға көп көмектескен. Міне, соның айқын дәлелі – сол комиссия өзінің шешімімен атыраулық байлар мен ауқатты адамдарға кеңес үкіметі 1921-1922 жылдары ашыққан адамдарды тіркеп, олардың жандарын сақтап қалуға міндеттеген. Ол жөнінде облыстық архивтің №109 қорының №№31, 32,37 істерінде толық мәліметтер жазылған.
Мысалы, 1922 жылдың тамыз айында Гурьев уезі Плотивинск болысының №11 ауылының ашаршылыққа ұшыраған 160 тұрғынының тізімі жасақталып, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге сол жердің байлары Жұбанов Есімді, Ертілеуов Көбенді, Жұбанов Есенкелдіні, Балмұқанов Ерниязды, Асаубаев Қолбекенді, Қатимиров Ақбайды, Бекешев Сакенді, Дүйсалиев Төкешбайды, Кенғанов Махамбетті, Макенов Ізбанды, Қарабалин Нұрды, Биманов Шәріпті, Есниязов Тынымқұлды, Жанғалиев Қапалыны, Аймағанбетов Сәбитті, Аймағанбетов Кенжені әрқайсысына 5-10 отбасыны асырауға міндеттеген. Мысалы, Жұбанов Есімнің қамқорлығында Алмағанбетов Баймұқан, Жолдыбаев Ахмет, оның әйелі Зүбайда, Жолдыбаев Бөрібай, әйелі Збира, баласы Есмағанбет, қызы Әлия болса, оның туысы Ескелді Жұбановтың «мойнына» Ібішев Сайлау, Жұманов Қазбек, Жұманов Қазғұл, фамилиясы белгісіз Темірбай, Есов Жадай, оның әйелі Зағипа, Исов Қойшыбай, Исов Накен, Отанов Құлымбет, оның әйелі Қапиза, Қожамқаев Тасбай, оның әйелі Сұлу және басқа да ашыққандарды іліп қойған. Келесі 1922 жылдың 12 мамырында жасақталған ашыққандар мен оларды құтқарған байлардың тізіміне Гурьев уезі №1 ауылының азаматтары енген. Бұл ауылдың ашыққан 61 азаматына азық-түлік беруге Амандосов Бошан, Тыныштықов Дошан, Есетов Сәлім, Ибраев Нарынбай, Оразов Тәжігерей, Беркетов Бисембі, Оразов Сембай, Тілегенов Жұман, Қобдабаев Базар, Тәжіғалин Мұрат, Пұсырманов Бисен, Көлеков Шынтас, Исатаев Жұма, Жалғасов Шора, Жалғасбаев Өтеғұл есімді бай азаматтар тіркелген.
1922 жылы Гурьев уезі Ақжал болысы №2 ауылының ашыққан 75 азаматына сол өңірдің ауқатты азаматтары Төребеков Бөкенді, Қарабасов Құтқұлды, Қарабасов Сұлтанды, Жарықов Қанатты, Мырзаев Әмірді, Жаналиев Сәрсенді, Жасынов Сағынды, Жаналиевті(аты көрсетілмеген), Алманов Бекқұлды тіркеген.
1922 жылы сол болысқа қарасты №3 ауылдың ашыққан 67 азаматына көмектесу үшін Қодабаев Дәуітті, Өтемісов Қойбағарды, Алишанов Хасанды, Таңбаев Шаштыбайды, Бүркітов Қабиды, Көшенов Исламды, Бибатов Рахипті, Іргежанов Қайреденді, Жайыновты, Дәулетов Ақанды, Балтабаевты, Қылышбековты, Алиевті, Аманиязов Баймағанбетті, Шойтасов Шағамбетті, Жайкүтов Нұғманды тіркеген.
Сол жылы Ақжал болысының №4 ауылының 35 азаматына Шорқанбаев Өмірзақ, Бекбосынов Тілеген, Нысанов Махамбет, Махамбетов Жүнісқали, Бурабаев Оспан, Шығанақов Ниязбек, Әбілхайыров Құрман есімді ауқатты адамдар жәрдемдескен.
1922 жылдың 13 тамызында жасақталған Гурьев уезі Бестөбе болысы № 3 ауылының ашыққандарының тізіміне 115 азамат еніп, оларға азық-түлік беруге міндеттелген Санбаев Сүймағанбет, Көптілеуов Манабай, Үздібаев Битен, Аманжүсов Бақытжан, Бөриев Жолдыбай, Темірбеков Боран, Жауғаштиев Ізтелеу, Бұқарбаев Рысқали, Үздібаев Қоздыбай, Орысбаев Темірбай, Темірбеков Бесбай, Биманов Сапи тіркелген.
Сол болыстың №4 ауылының ашыққандары мен ауқаттыларының тізімі 1922 жылдың 10 тамызында жасақталыпты. Бұл ауылда аштыққа ұшыраған 100 адамға азық-түлікпен Самбетов Ақшулақ, Самбетов Боқан, Машанов Бекмұқан, Төлеманов Ағис, Төгілгенов, Атанғарин Мәмбет, Иманқұлов Ернияз, Айтөриев Алпысбай, Айтілесов Рақым есімді жандар көмектескен.
Бестөбе болысының №5 ауылында 1922 жылы тамыз айында тізімде көрсетілген 90 ашыққан адамдармен өздерінің қолдағы бар азық-түлігімен Мамбетниязов Машкерім, Кешербаев Сарық, Қазиев Жанай, Алжаров Ақуан, Айтенов Қази, Сарбөпиев Байгелді, Есов Бисекен, Тілеубаев Тілепберген, Қарағолов Алтынбай, Жорамұратов, Өтекенов Қауеп, Аманбаев Нұрғали, Қыбалиев Ербақсиық есімді ауқатты адамдар бөліскен.
Сол болыстың №6 ауылында ашыққандардың 1922 жылдың 10 тамызында тізімі жасақталып, оған енген 122 адамға Жанайбаева Атабике, Жанайбаева Шағира, Мұқанов Оразбай, Соқырсариев Қапан, Майғанов Бимұқан, Шакиров Ермұқанбет, Қарабаев Ожамбай, Қарабаев Жақия, Ниязова Аққыз, Наурызов Ораз, Сұлсейітова Айтжан, Қарымсақов Бижан көмектескен.
Бестөбе болысының №8 ауылында 1922 жылдың тамыз айында 158 ашыққан адамның тізімі жасақталып, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге Қалбаев Сары, Бітімбаев Ақтан, Наурызов Жұбанияз, Құтжанов Жұман, Жанаев Сисенбай, Есетов Әділ, Аманиязов Қосымбай, Қошанов Мыңбай, Аманшиев Өсербай, Тажиева Мүрипа, Ищанов Төлен, Сауанов Есенғазы, Тажиев Әбіш бекітіліпті.
Келесі тізімге 1922 жылдың 6 тамызында Бестөбе болысының №9 ауылының 104 тұрғыны енгізіліп, оларға көмектесу үшін Жанәділов Күнбай, Асекнов Лекер, Кеңесбай, Шөңке, Мұқан, Аманов Мырзақұл, Иманов Жұмағазы тіркелген.
1922 жылдың 7 тамызында жасақталған тізімге болыстың №2 ауылының 141 ашыққан адамы енгізіліп, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Наурызов Әбдірақман, Ершіманов Дүйсен, Наурызов Абат, Ботаев Тұрыш, Аманиязов Шоқпар, Шолпанов, Қауақов Қазбай, Бірманов Оңайқұл, Бірманов Жаманқұл, Жаманов Төлеу, Құлмағанбетов Сары міндеттелген.
Барлығы Гурьев уезі бойынша ашыққан 1285 адамға 149 ауқатты, бай адам қол ұшын беріпті.
Өздерінің кедей ауылдастарына қиын қыстау кезде мал мүлкімен бөлісіп көмек бергендеріне қарамастан, 1928 жылы Атыраулық жоғарыда аталған байлардың бірқатары тәркілеу шараларының құрығына ілігіп, малдарын тартып алғаннан кейін басқа өңірлерге жер аударып жіберген, бірқатары ІІХК қызметкерлерінің қолынан қаза тапқан.
Ірі байлардан тартып алынған малдардың есебінен 1928 жылдан бастап, Гурьев уезіндегі әртүрлі ұжымдық шаруашылықтар шұғыл түрде көп жағдайларда күштеп құрыла бастады. Мысалы, 1928 жылы Оразалыұлы Саптаяқ 1928 жылы кәмпескілеуге іліккенде, оның меншігіндегі 10000 койы, 3000 жылқысы және 1000 түйесінен Қызылқоға ауданындағы Бірлік, Алғабас артельдері (кейін атаулары басқа колхоздар мен совхоздарға айналған) құрылған көрінеді. Ал Толыбай елді мекенінің байы Ізім Бөтешұлының 1000 түйесі тәркіленіп, өзі айдауда өте қиын жағдайда қайтыс болса, Оразалыұлы Саптаяқ пен оның інісі Қыздарбай ешқандай сот үкімінсіз атып өлтірілген.
Әрине, кім-кімге де, өзінің малын күні кешеге дейін бағып, қағып көзінің қарашығындай сақтай отырып, сол арқылы отбасын асырап отырғанда бір күнде бейне бір қылмыскер сияқты жұртқа жаманатты болып бүкіл қара орманынан айрылу үлкен драма болғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан тәркіленген байлардың арасында неғұрлым сауаттылары жоғары жаққа арыз беріп өздерінің ешқандай жазығы жоқтығын дәлелдеуге тырысқан.
Осыған байланысты Теңіз ауданында ақ патша кезінде 10-15 жыл ел басқарған Құрманбаев Қайырлы деген азаматтың Совет үкіметіне жазған арызын оқушы назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Гурьев округтік кәмпескелеу комиссиясына Гурьев округі Теңіз ауданы
Забурун аулының азаматы Құрманбаев Қайырлыдан
Арыз
Жергілікті комиссия мен окрисполкомның уәкілі Қазақ үкіметінің үстіміздегі жылғы 28 тамыздағы байлар мен феодалдардың мал- мүлкін тәркілеу және өздерін жер аудару туралы Декреттің негізінде мені кәмпеселеу туралы шешім шығарды. Жергілікті комиссия мен уәкілдің бұл шешімін дұрыс емес деп есептеймін.
Мен қарапайым қазақ жанұясынан шыққан адаммын, руым Беріш, оның Есен бөлімі. Ауыл мектебінде оқыдым. Кейін хатшы болып түрлі болыстарда істедім. Кейін әртүрлі әкімшілік қызметтерде болып, учаскелік болыс басқарушысына дейін көтерілдім. Барлығы патша кезінде 17-18 жыл қызметте болдым. Ерекше марапаттар алған емеспін. Тек маған зорлағандай қылып берген Романовтардың 300 жылдығына орай белгімен, обаға қарсы күрес үшін, 1897 жылғы халық санағына қатысқаным үшін берілген 2 медаль, оның несі айып? Патшалық кезеңде мен идеологиялық құлшыныс көрсетіп таптық жағдайға байланысты қызмет еткенім жоқ, ол кезде басқа ешқандай жұмыс болған емес, тамақ асырау үшін ғана еңбек еттім. Мені сауатты адам ретінде қызметке пайдаланды. 1917 жылғы қазан төңкерісін барлық қазақ еңбекшілері сияқты үлкен үмітпен және қуанышпен қарсы алдым. 1919 жылы біздің ауданды ақгвардияшылар басып алып, біздерді патша үкіметінің бұрынғы қызметкерлерін жергілікті халыққа салық салу ісіне зорлап пайдаланғысы келді. Олардың тапсырмасын шарасыз орындай отырып, біз халықтың тауқыметін қалай болса да жеңілдетуге тырыстық. Ал қызылдар біздің ауданды ақгвардияшылдардан азат еткеннен кейін, мен кеңес үкіметінің маған тапсырған барлық жұмысын адал атқаруға тырыстым. 1920 жылы мен үгіт-насихат бөлімін басқаруға сайландым, одан кейін юстиция органдарында, ал 1920 жылдан 1922 жылға дейін халық соты болып істедім. 1923 жылдан қазірге дейін Кеңес үкіметі органдарында адал қызмет еттім. Қазір менің жасым 54-те, жанұямда 9 жан бар, олардың 3-еуі 14-ке толмағандар, 3-і аурулы. Алып бара жатқан мүлкім жоқ, жерүйден басқа, 36 бас малым бар, меншігімде ешқандай жер жоқ. Біздің тұратын жеріміз егіске де, малға да өте қолайсыз. Қарамағымда жалданып жұмыс істейтін ешбір қызметшім жоқ, ешуақытта болған емес. Менің тарапымнан ауылда Кеңестердің саясатына қарсы іс-әрекеттер болған емес, болмайды да. Осы айтылғандарды ескеріп, мені тәркілеумен, жер аударудан босатуыңызды сұраймын. Шындығын айтқанда, менде кәмпескелейтін ештеңе жоқ. Ал, Петропавловск округіне жер аудару мен үшін өліммен тең, себебі жанұя мүшелерінің жартысы ауру, оның үстіне соншалықты алыс аймаққа көшіп баруға оның қисапсыз шығынын көтеруге біздің экономикалық мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан мені өзімнің туған жерімде қалдыру мүмкіндігі табылмаған жағдайда, округтің атқару комитеті менің ауыр жағдайымды ескеріп, ең болмағанда бізге жақын көршілес орналасқан орыс аудандарына жер аударса екен деп жалынып сұраймын. Осы арызыма жауапты төмендегі адреске хабарласуыңызды сұраймын:
Гурьев округі Теңіз ауданы
Забурун ауылы Қ.Құрманбаевқа»
Біздің кейін білгеніміздей, сол кездегі билік Құрманбаев Қайырлының бұл өтінішін аяқсыз қалдырып, ол кісі жер арқасы қияда Қазақстанның солтүстігінде орналасқан облыстардың біріне отбасымен жер аударылыпты. Содан ол кісі көп жылдардан кейін азып тозып елге оралғанын белгілі жазушы Берік Қорқытовтың естелігінен білдік.
Атырау өлкесінде ірі байларды тәркілеу шарасына байланысты жұртшылықтың пікірі екі ұдай болғанын облыстық архивтің №2,3 қорларының материалдары көрсетті. Байларды тәркілеуді барып тұрған қиянат дегендер де болыпты. Мысалы, Теңіз ауданында 1928 жылдың 28 қыркүйегінде Госрыбпромның есепшісі Аполихин деген кісі жұмысшылар жиналысында байларды тәркілеу туралы мәселені талқылау кезінде байлардың малын тартып алу барып тұрған тонаушылық деп бағалап, өкілге жұртшылықты қарсы қоя отырып, елдегі байлардың малдарын тәркілеуге жол бермеуге шақырған. Осындай әрекеті үшін Аполихин дереу жауапқа тартылып, оның ісімен айналысу Теңіз ауданының қауіпсіздік комитетіне жүктелген. Осы ауданның Зормата №10 ячейкасының хатшысы Оразбаев Айыптың, Ботақан ауылдық Советінің хатшысы Алекешовтың, №14 Госрыбтрестің кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұғымановтың тарапынан кәмпескеге тартылған байлар Самиев Нұрғалиды, Жұбатыров Шәмішті, Әбішов Хайдарды азат ету туралы үзілді-кесілді түрде талап етулері комиссия жұмысына кесел келтіргендіктен оларды шұғыл түрде жұмыстарынан босатуға шешім шығаруға тура келіп, ал Нұғмановтың ісі Аудандық партия комитетіне жолданып, оның партия қатарында болуы туралы мәселені қарау жіті тапсырылыпты. Облыстық архивтің №2 қоры, №9 ісінен төмендегі мәліметтерді кездестірдік: Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының бұрынғы мүшесі Әбдірахманов Бақтияр, Новобогат мұнай саласында жұмыс істейді. Ол 100-ден астам ірі қарасы бар туысы бай Төлемісов Әбдірахманның тағдырына қауіптеніп: «Қайнағам Төлемісовтың малы тәркіленбесе екен, 9 бастан асқан ірі қара мал болса, бәрі алынып, ферма жұмысшыларына таратылады екен деп естідім»- депті. Сол кен орнының жұмысшылары Бекмұхамедов Досмұхан мен Көпжасаров Марал байларды тәркілеуге байланысты өз пікірлерін : «Жақында байлардан алынған мал шаруа қожалықтары жұмысшылары мен кедейлерге бөлінетін көрінеді, бірақ біз оны алмаймыз немесе оны билік мәжбүрлеген жағдайда ғана аламыз, өйткені бөтеннің малы бізге мал болмайды. Өзіміз таппаған кез келген пайда біздің бойымызға сіңбейді , себебі біздің еңбегіміз оған жүктелмеген және «Құран» бойынша басқаның мүлкін еңбексіз алу дұрыс емес»- деп жеткізіпті.
Бақсай ауылында кедейлер жиналысында кедей Мақметов Әбен сөз сөйлеп: «Бізде жарлықта көрсетілген байлар жоқ, оның үстіне байлардан жамандық көрген жоқпыз. Олар туралы жалған деректі нақақ көрсетудің қажеті жоқ»-депті. Мақметовтен кейін сөз алған кедей Мұсаев Жүніс оны қолдап: «Байлар бізді әрқашан қолдап, бізге сауынға сиыр, жылқы, ешкі бергені үшін оларды сынауға немесе себепсіз қаралауға бармаймыз» деп қосыпты. Кедейлерден кейін сөз алған ауылдық кеңестің депутаты Сналиев Әубекер алғашқыларды қолдап: «Бізде зиянды байлар жоқ, біздің барлық байларымыз жақсы, өйткені олар бізге үнемі көмектеседі, ал егер біз оларға қазір жамандық көрсетсек, байлар да кейін бізге жамандық жасайды»,-депті. Міне, ауыл адамдарының осындай әділдігі мен ауыз бірлігінің арқасында Бақсай ауылында тәркілеуге жататын байлар жоқ деген шешім шығарылыпты.
Қызылқоға ауданында облыстан жер аударуға бекітілген бай Жұлдызов Жұмақұл тұтқындалғаннан кейін Қосшы және кедейлер одағы мүшелерінің жиналысы шақырылып, онда с/к төрағасының баяндамасында Жұлдызовты зиянды элемент ретінде атағанда, жиналыста «Жұлдызовты қуып жіберуге болмайды, ол бізге жамандық жасаған жоқ» деген айқай басталған. Нәтижесінде жиналыс: «Біз с/к мүшесі Бектеміров Жолдастың және с/к төрағасы Кушабаевтың ақпараттық есебін тыңдай отырып, шешті:
1) Жұлдызов Жұмақұл патшалық кезінде жауапты қызметтерде бола жүріп, басқа аймақтарда болды, одан біз еш жамандық көрмедік.
2) Кеңес өкіметі тұсында біз оның тарапынан антисоветтік құбылыстарды байқамадық, сондықтан біздің ұсынысымыз оны депортацияламау, егер жоғары органдар оны көшіруді қажет деп тапса, оған қарсылығымыз жоқ».
Бақсай ауылының орта шаруа қазағы Сүйіндіков Аманғали 18/IX-28 күнгі жиналыста былай депті: «Біздің байлар Жанисанов Қали, Иманғалиев, Төлемісов және басқалар бізге ешқандай зиян келтірген жоқ, сондықтан оларды тәркілеуге болмайды деп ойлаймын. Олар бізге үнемі жақсылық жасады: несиеге ақша берді, сүтке сиыр берді және т.б. (Көрсетілген байлардың ешқайсысы тәркіленбеген).
Бірақ байлардың басына іс түскенде, олардың күні кешеге дейінгі кедейлерге жасаған жақсылықтарын ұмытып, ауылдастарының арасында оларды неғұрлым терең батыруға тырысқандар да аз болмаған. Мәселен, Новобогаттық кедей қазақ Бөлесов Айтмағамбет 1 – қазанда жиналысқа жиналған басқа кедейлерге: «Біз азапқа тойдық, енді байлар азапқа салынсын, түрмеде отырсын, сосын оларды қой бағуға мәжбүрлеу керек, олардың бізді қорлауға мәжбүр еткені сияқты, біз оларға осындай жағдай жасайық, сосын біз олардың сынақты қалай қабылдайтынын көрейік» деген. Отырысқа қатысқан басқа кедейлер Бөлесовтың сөзін құптап, күлісіпті. (Бұл жерден біз қазағымыздың таза ақылсыздығы мен ашықауыздығын көріп отырмыз).
Сол ауылдың кедейлері Есалиев Хамза, Исхахов Сатан, Нұртазин Әйтем тіпті одан да әрі кетіп: «Енді біз бай Жармағамбетов Ерғалидың малын тартып аламыз, оның үстемдігі жеткілікті, енді бізде кедей халықтың билігі, оның малын кедейлерге бөлеміз» деп бөскен көрінеді. (Бұл пәтшағарлар, бірқатар уақыт өткесін өздері «жерден жеті қоян тапқандай» қорлаған Ерғали байдың баласы Хамит Ерғалиевтың бүкіл республикаға даңқы жайылған халық жазушысына айналалатынын, білсе ғой, шіркін! ). Теңіз ауданында: Ботақан ауылында №14 Мемлекеттік Балық тресі және Өлеңті ауылында «Каспий» №4 серіктестігі жұмысшыларының жиналыстарында бай-феодалдарды кәмпескелеу жөніндегі округтік өкілдің баяндамасын талқылай отырып, Совет үкіметінің саясатын толық қолдайтындарын, барлық жұмысшылар мен кедейлерді бүкіл байлар мен атқамінерлерге қарсы Қазақстан еңбекшілерінің жаулары ретінде тап күресіне шақырды. Өлеңті ауылына қарасты «Шылбыр» елді мекенінде өткен жиналыста делегат Наурызова Жаңыл өз сөзінде конфискациялау компаниясының аса маңызды шара екендігіне тоқтала отырып, жұртшылықты оған белсене қатысуға шақырды. Өз тарапынан экпроприацияға Самиев Жұмағалиды, Алиев Өтеғали мен Алиев Сұлтанғалиды ешқандай ымыраға келместен жатқызу керектігін қадап тұрып айтыпты. Совет үкіметінің әйел теңдігіне байланысты он жылдық жұмысының «жемісін» осы мысал айқындап тұрғандай. Ол заманда бұл заман, қазақ қоғамында көпшілік жиналған жерде әйел адамның ер адамды жерден алып жерге салғанын бұған дейін кім көріп еді? Десек те, болар іс болды, бояуы сіңді. Осы мақаланы көпшілік назарына ұсынғандағы мақсатымыз - қазақ қоғамындағы байлардың прогрессивтік ролін шамамыз келгенше ашып көрсету арқылы оларды ақтауға өз үлесімізді қосу.
Мақаланың соңын М. Сервантестің «Тарих – біздің іс-әрекетіміздін қазынасы, өткеннің куәгері, қазіргі кезеңге үлгі және ақыл, болашаққа ескерту» деген сөзімен аяқтағымыз келеді.