Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: ИСАТАЙ – МАХАМБЕТ (поэма)

 «ШІЛТЕРЛІ ТЕРЕЗЕ»
Аспандағы бозторғай,
Көктен көзің не көрді?
Қонысынан айрылып,
Елдің ерні кезерді.

Аспандағы бозторғай,
Жақынбысың бұлттарға?!
Қалай ғана төзермін
Халқым қайғы жұтқанда.

Аспандағы бозторғай,
Қайыңның басы шулады.
Жел соққанда күңіреніп,
Топырақ – тамыр тулады.

Аспандағы бозторғай,
Орай да борай қар жауды.
Езгіге көнбес жүректің
Жарылмасы болмайды.

Аспандағы бозторғай,
Уатармысың даланы?!
Ағыны күшті дәрия
Қаһарланып ағады.

Судан жүзген ақ балық –
Шағала құстың жемтігі.
Атадан қалған ақсауыт
Көрінер ме екен кемдігі?!

Төрдегі Жәңгір ханымыз,
Тұлпары алтын тағалы,
Хандығынан  не пайда –
Туралығы таусылып,
Көбейді айла, амалы.

Маңқиған далам – сормекен,
Тарыққан біздің ел ме екен?
Барымтаға түскен малды ойлар,
Қара қазан – қамды ойлар
Аруақты ерлер бар ма екен?!

Қорамсаққа қол салып,
Қозы жауырын оқ алып,
Күреске шығар күн қайда
Ыза мен кекке оранып?!

Қасарысқан бұл жауға
Қанды көбік жұтқызып,
Құрулы керген шынжырын
Айбалтамен нық үзіп.

Асылдан болат ұл туып,
Ел үшін белін мың буып,
Ер дініне беріктік
Керек-ақ.
Бұл кез қым-қуыт.

Аспандағы бозторғай,
Көңілден ауып жаз көшкен.
Тағыдай тарпаң мырза едік,
Толарсақтан саз кешкен.

Домбырамды шертермін,
Өзегімді өртер мұң.
Білермісің, Исатай,
Не болар екен ертең күн?!

«Шілтерлі терезе »
Кірлейді,
Суық лебін үрлейді.
Исатайдай ағам-ау,
Тіл қатсаңшы бір рет:
Бүлінгенді кім дейді?
Бүлдіргенді кім дейді?

Қарауылда қамшы бар,
Боқтан алтын аршылар.
Бұла күйдің үнінде
Махамбеттің даусы бар!
*«Шілтерлі терезе»- Махамбеттің күйі

ҚАЙРАН НАРЫН!...
Қайран Нарын!
Жерің – шүйгін, суың – балдай,
Қамыс, қоға, адыраспан нуың қандай?!
Ел аңсаған ерлердің сағынышын
Жүрегін боласың сен суырғандай.

Қайран Нарын!..
Жайықтың суы шәрбат, жағасы тал,
Мыңғырған мың сан көлдей байлығы мал.
Жегеннің таңдайынан бір кетпейтін
Тағы бар төңкерілген жая мен жал.

Қайран Нарын!..
Қасіреттен қара жерге қаны тамар,
Жапырақ та мезгілінен ерте солар.
Зәбірлігін тигізген дүйім жұртқа
Жәңгір деген атышулы ханы да бар.

Қайран Нарын!..
Қонысынан айрылып ел көшкенде,
Қайғысы қара бұлтпен теңдескенде.
Жасыл ала үйрек, қаз көзден ұшып,
Қара мұздар жарылды сең көшкендей.

Ел еңіреп, кеткенде көші ауып,
Жасықтықтың жігітке несі лайық?
Тіл-жақтан айырылардай күн туғанда
Арнасынан тасыды асау Жайық.

Исатай көтергенде ақ алмасты,
Махамбеттің от ауызы жалын шашты.
Соңынан ерген көп әскер қойдай шулап,
Бөрідей ұлып соғысқа араласты.

Ереуіл атқа ер салып,
Еңку-еңку жер шалып,
Беркініп садақ асынып,
Біріндеп жауды қашырып.
Қақақулап шақырып
«Аруақ!» деп ақырып.
Жебені оттай боратып,
Желге бетті қаратып,
Найзаны күнге ыстатып,
Қол-аяғын мұздатып,
Жолбарысша жорытып,
Қабыланша жөнелтіп,
«Нарынды талақ етпейім» деп,
Мұз болса да жер үсті,
Есіл ерлер соғысты.
Еділ үшін егесті,
Жайық үшін жандасты.
Қиғаш үшін қырылды,
Тептер үшін тебісті.
Теңдік үшін қан жұтты,
Бермеу үшін өрісті.
Қайран Нарын!..
Күй – Нарын!
Бұзылды ма ырғағың?!
Өткен күннен белгі көп,
Шаң баспайды сырларың.
Қалың елі жатқа айтты
Махамбеттің жырларын...

 ИСАТАЙ БАСШЫ
Көтеріліс.
Озбырлыққа үн қатқан көптің үні,
Исатай боп алысқа жетті үні.
Исатайдың астында ақтабаны,
Дулығасы басында. Кекті үні.

Жайық бойы анталап дүбірлесті:
Махамбеттің қылыштай жырын есті!
Қалың қолға айналған алып үннен
Шошыды үстем таптар. Сыбыр өшті.

Қара дауыл дүниені сапырғанда,
Қаймана ел мұңсыз таң атырған ба?
Жәңгір хан орысқа бір хабар берді,
Қауіптеніп қарадан, батырдан да.

Бекетай құм. Соғыстың селі жүрді,
Кім ойлар қиналғанда торығуды?!
Исатай – басшы,
Махамбет – қосшы болып,
Қалың әскер күтеді жолығуды.

Орыстың добы қандай қаһарлы еді!
Жалпағынан түсіріп жұтар демі.
Оттай ұшқан жебелер зуылдайды,
Қаймықпас қайсар күштің қара желі.

Күн жадында жеддінің құралайы,
Қақтырмайды кірпікті күн орайы.
Халық үшін қан төккен есіл ердің
Көрінбеді-ау жиектен шырақ-айы.

Қатын-бала аңырап жер құшқанда,
Көз жасы айналғандай қарғыстарға.
Қорлыққа басы сыймас талай ердің
Ошағының оты өшті тар қыстауда.

Азайса да қалың қол, үміттері,
Әр жерде көтерілді шығып демі.
Исатайдың айбарын естігенде
Дұшпанының шыққан екен суық тері.

Қиқу үні боздатқанда боз даланы,
Қара жер тебіреніп қозғалады.
Халық мұңы, ел мұңы – ердің мұңы,
Махамбет жырларының сонда мәні!..

    ЖАЙЫҚ АСУ
«Дауыл үдеп ақ түтек», күн дүрлікті,
Дауыл мұңнан мылқау дала сыр жұтты.
Асу бермес асау Жайық алдында
Көкірек түртіп, оятты оны бір мықты үн.

Қою, қара кірпігін де қар басты,
Өмір сыны сақалына жармасты.
Қалтылдаған асау Жайық үстімен
Ақ семсерін серік қылып, алға асты.

Тәуекелге басты батыр,
Ақын басы – қалың ой.
Тағдыр қатал тасып жатыр,
Түспей тұрды жарық ай.

Тебіренді ақын жүрегінен жыр құса,
Кішірейіп кеткендей ме тұрқы сәл?..
Исатайдай серкесінен айырылып,
Іште – дұшпан, сыртта – жау көп қырқысар.

От жанары суланады бір ауық,
«Адыра қалған Нарын» деді қуарып.
Батыр болып туғаннан соң о баста,
Батыр болып өлу ғана лайық!

Бұлттар қамап,
Бұлттай мұңнан қашқан ба?
Өткір жүзбен қарайды ол аспанға.
Қоғалы көл лайланды, не шара,
Мұңды жұтып қалғып қалды тастар да.

Есіне алды Нарындағы ел-жұртын,
«Жыртығына ем болам» деп сендіртіп.
Ат үстінде кешкен ғұмыр ғұмыр ма,
Тарылады кендір-күн.

Қара мұздар кірш-кірш етіп сөгілді,
Жүректен – жас, арқадан тер төгілді.
Айналайын асау Жайық жағаға
Алып шықты ел қорғайтын ер ұлды.

Көкірегінде намыс қайнап сұрапыл,
Етігімен су кештірді мына күн.
Бұққан жауы көп еді, әттең, бірақ бірі болмады
Тым құрыса жекпе-жекке шығатын.

Қан тамыры тыншытпайды,
Төпелейді шекені.
Желге қарсы шауып келед.
Желбірейді етегі.
Жер қайысқан мол қолынан айырылып,
Ауыр мұңға кетеді.

Ащы азапты өмір ме, әлде өлім бе?
О, Жасаған! Берер ме екен тілектен?..
Күңіренгенде күй туады көңілде,
Ашынғанда сөз шығады жүректен...

МАЗА – МҰҢ

Патша салып лаңды,
Хан бастады тепкіні.
Ау, қызғыш құс,
Қызғыш құс,
Мұңданумен өтті ғой
Махамбеттің көп күні.

Көкте сен де мұңайдың,
Лашынның батып тырнағы.
Жерде жалғыз бір Аймын,
Мені көмбек мың жаны.

Заман – үлкен, хан – күшті,
Қараның бермес тілегін.
Кім айтар маған алғысты,
Жалғыздан-жалғыз жүдедім.

Батырмаса тырнағын,
Басқа шабам деп пе едім?!
Өмірімнің ырғағын
Тастан табам деп пе едім?!

Елімнің тілегін ұғам деп,
Жәдігөй көңілді жығам деп,
Азаттық – арман ұран деп,
Ақ күнім алдан туар деп,
Атқа қонған жан едім.

«Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім».

Басым қалды зор дауға,
Халқым көнді қорлауға.
Қайран жұртым көшкен бе
Құр күлкіге, алдауға?!

«Ау, қызғыш құс!
Қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос».
Мұңайғанмен не шара,
Еңбегім – еш, тұзым – сор
Жаным – мұңды, көңілім – бос.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Тағдырымыз егіз бе,
Ұмтыласың нені іздеп?!
Бас сауғалар тірлігің,
Кетесің ғой жем іздеп.

Ау, қызғыш құс,
қызғыш құс!
Екеумізде жол басқа,
Жарамайсың жолдасқа.
Үркіп, басты бұқпайтын
Ер едім ғой мен қасқа!..

БАС
   I
Аласұрып құм, дауыл,
Жел құтырып ысқырды.
Үрей тұнып тұрды ауыл,
Ақын түнде түс көрді.

Алаулаған күншығыс,
Қызыл өрттей жанады.
Қызыл өрттің ішінен
Басын тауып алады.

Қып-қызыл шоқ көзінен
Қара қан боп тамып тұр.
Кеудесінің өзі де
Неге бөлек қалып тұр?

Ойлағандай сан-сақтан,
Бас қарайды. Бөлек боп.
Аяқ-қолын жан-жаққа
Ұшырады жел өкпек.

Ақын шошып оянды,
Көңілінен күй тамып.
Сүйген жардың аяулы
Қолаң шашын сипады.

Қарайды ақын бұрылып,
Ойы қалды үзіліп.
Ұйықтап жатқан ұлының
Келбетіне қызығып:

«Балапаным, торғайым!
Панаң болып қорғайын.
Сен өскенде ержетіп,
Қартайып мен қалмайын».

Тағы да шомды бір ойға,
Қабақ шытып сәл тұрды.
Исатай қайда, жыр қайда?
Сағынған жаны алқынды.

Сағыныш меңдеп жүрегін,
Ақ жүрек досын аңсады.
Бермеді Тәңір тілегін,
Арқалап жүр-ау қанша мұң...

«Ер Маха! – деді өзіне, –
Жабырқау әсте болмасын.
Сужүректердің сөзі не,
Еркектік – менің жолдасым!»

Алласына бір сыйынып,
Қара шанақты қолға алды.
Көкіректен күй құйылып,
Күй-сезімге арбалды.

Домбыра үні жүректі,
Қозғалды шерлі ағыстай.
Күйлердің сазы үдеп бір
Барады алып алысқа...

II
Қалбаңдайды көлеңке,
Қараңдайды көп кісі.
Әлденеге елеңдей,
Келетіндей жеткісі.

Түн қойнына ұрланып,
Бүкшең-бүкшең етеді.
Қалың жұрттан сыр бағып,
Оңашалау кетеді.

Кеңестері шолақтау,
Шешімдері суық-ты.
Мұң болды ма әрі аттау,
Үнсіз бұғып тұрыпты.

Батылдауы қозғалды,
Топтан шығып озған-ды.
Қалғандары қалбаңдай,
Ұмытты енді сөз-дауды.

Ақ шаңырақ киіз үй
Көрінеді алыстан.
Көздеріне жат емес
Таныс мекен, таныс маң.

Үнсіз бәрі ішінен,
Қасіретін ішеді.
Атты байлап белдеуге,
Кім бірінші түседі?

Қорқақтың да соры мың,
Дір-дір етті тізелер:
Бәрі айналып тобығын,
Қазір, қазір үзеді.

Осы ой кетті сумаңдап,
Сұр жыландай ысқырды.
Аттан түсті. Келген жақ
Қылыштарын қыстырды...

Ақынның айтып өлеңін,
Үйіне беттеп келеді.
Көңілдерінде – қараң ой,
Қылыштарына сенеді...

Үрейі сұмдық бір күшті,
Батылдар кетті. Түс қашты.
Әзәзіл үміт тынды ішкі,
«Кері қайтаммен» ұштасты.

Жалғыз жаны жабығып,
Ақын мұңды. Дертті еді.
Жырын айтқан сағынып,
Аймалады жұртты енді.

Төріне биік шығарып,
Ақ жастықты жастады.
«Дәм әкел» деді қуанып,
Қуанышы әрі аспады.

Батыр да аңғал бір бала,
Ақын да аңғал бір бала.
Ұрланып келген қорқаулар
Қылышпен шапты ұрлана.

Болмады ешбір сақтығы,
Ақ жел де үрді аптығып.
Батырдың басын шапқанда,
Ақынның басын шапқанда,
Айнала, аспан жатты ұлып.

Ақ киіздің үстінде
Шабылған бас нық тұрды.
Ерден ауып түскендей
Ер мінезін ұқтырды!

Екі көзі шоқтай боп
Дүниені қариды.
Күйдіреді оттай боп,
Жігерлерін жаниды.

Кілең қорқақ аһ ұрды,
Көздерінен жас шығып.
Қорыққаннан батырға
Кетті ұмытып қастығын.

«Қайран» деген сөз тұрды
Өр ақынның жүзінде.
Қандай күйге кез қылды,
Кету керек ізімен.

Ақын басын дорбаға
Кім бірінші салады?
Қарысқандай қолдары,
Көтерілмей қалады.

Қарайды бәрі сүзіле:
Жанары ашық. Тұр батыр...
Қасқайып тұрған жүзі де
Дегендей болды: «Тыңда, тұр!»

Үркектеп қашты қояндай,
Бұтаны іздеп, тасалап.
«Не деген сұмдық, ой, Алла-ай!
Не істедік, – деді, – Жасаған?!»

Үрейдің киіп қамытын,
Бәрі де болды есалаң.
Киілмей қалған сауыты
Дегендей болды: «Өш алам!»

Үрейлі аймақ. Сол күні
«Қап», «әттеңмен» оянды.
Батырдың кең қолтығы
Қып-қызыл қанға боялды...

ТАРЛАНЫМ

Мерт болды
Қайран ақын ұл!
Мерт болды
Қайран батыр ұл!
Жиырыла түсті...
Жоқ болды
Тарих-Ананың жатыры...

Алданды ақын
Соңғы рет –
Алдаған аппақ ниеті.
Алаулы аппақ жанымен
Қазағын, халқын сүйетін.

«Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген».
Тарлан жырдың киесі,
Басым бар саған иетін!

«Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ
Көлінде жатып көркеймес,
Өртенсе көлдің қоғасы».
Ақыреттік болды ма
Қазақтың Махамбет сынды ағасы?!

«Хат оқиды молдалар
Қалам мен тартан сиядан.
Екі кісі тең барса,
Оңды-ай төре береді,
Ақылға жетік би адам».
Оғы тиіп тағдырдың,
Махамбеттей ақсұңқар
Өткені ме дүниядан?!

«Аттанған жан ең көп үшін,
Көптің жинап мол күшін,
Қылыштай қиғыр алмас ең»,
Қабырғалы еліңнің
Ақыны едің, Махамбет!

«Беркініп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық жалын шарт түйген»,
Қасиетті еліңнің
Батыры едің, Махамбет!..

ҚАРОЙ

Ел ішінде.
Ел көзінен тым алыс
Бір сыр жатты бұғып сандық-кеудеде.
Уақыт қатал! Көтермейді бұлаң іс,
Сан тағдырлар сарсаң қақты сенделе.

Жоқтауды да іштей айтты бұл елі,
Қансырады, жаншылады жүрегі.
Махамбеттің сүйегін де жасырып,
Көмген жандар кім еді?..

Көкжиек те ашылады әлі алдан,
Өткен күннің құпиясына оранған.
Дөңгелейді айлар менен жылдар да,
Тас та мұңын шағатындай әр алуан.

Үнсіз ғана мүжитіндей айды күн,
Көздің жасы кебетіндей қайғының.
Уақыт өтті зымыраған оқтай боп,
Ұмытқан жоқ ел ардақты айбынын.

Сол өңірде бір қария тұратын,
Тіршілікті тынысынан ұғатын.
Құлазығанда сол төбеге баратын,
Әлдекіммен кеңескендей оңаша,
Серпіліп-ақ қалатын.

Сол қарт бір күн өздігінен томсарды,
Естиярлау немересін ап,
Сол төбеге жол салды.
Естімей ме, тас керең бе құлағы,
Немересін таяқтап кеп ұрады.

Тәтті етіне ащы тиген алақан,
Шырылдайды, шырқырайды балапан.
Көгереді үсті-басы қанаған,
Қашады енді атасына жоламай.

Ата кенет бауыры сыздап, жүрегі,
«Ұлым! – дейді. – Айналайын тірегім!
Мына төбе – қасиетті төбе,
Махамбет бабаң жатқан шың,
Жадыңда әр кез сақтарсың!

Жасым да келді! Менде қандай шама бар?
Бабаңды іздер уақыт туар! Қарап ал!
Сен ботадай боздаған жер,
Жүрегіңнің намысын қозғаған жер,
Махамбеттей бабаңның
Топырағы тозбаған жер!
Бұл – Қарой ғой! Қарағым!
Менің сырым сен арқылы
Болашаққа барады...
ӘУМИН!


 ЕР МЕН ЕЛ

Желп-желп еткен ала ту
Жалаулатқан Күн бүгін!
Күміс-көз Күнге қырандай
Қанатын қаққан күн бүгін.

Атаның ұлы – Қазақтың,
Қаһарман ұрпақ жаны бар.
Апшысын жеген азаптың
Тарихы қанмен жазылар,

Бақытын бастан ұшырмай,
Бүгінге жеткен неткен ел!
Ерлері – қыран құсыңдай
Сергелдеңмен өткен ер!

О, неткен ер, неткен ер!
Тағдыр тезге салғанда,
Табынуды да жек көрер.
Кек қайнап, қан тасыса,
Шарболатша қақ бөлер.

«Елім» десе еміренер,
«Жерім» десем тебіренер.
«Түн қатып жүріп түс қашып»,
Қасиетті Жер-Ана
Қамын жейтін көрінеді Ер!

Маңдайынан күн өтер,
Жауырынынан жел өтер,
Оттай ыстық Отанның
Отқа түсер ұлдары
Егемен елдің ертеңін
Ақыл-ойымен күзетер.

Заманым тайғақ, тұңғиық,
Ғаламым киген сұр кейіп.
Күнге қол созған еліме
Мұнартады биіктен
Биігінен бір биік!

Табиғат-Ана – тал бесік,
Замана зулар сан көшіп.
Арман қуып арда өсіп,
Қызыл аяқ қар кешіп,
Жалаң аяқ жар кешіп,
Қалқан болған халқына
Қайран да біздің Ерлер-ай!
Қайран да біздің Ерлер-ай!

 ЖЫР-ТҰМАР

Ей, Махамбет!
Сені күтіп көп мекен,
Жайық бойы малға қоныс от па екен?
Ақындарға ықыласпен қарайтын
Бүгінгінің ықыласы жоқ па екен?!

Жайық бойы қыбырлаған мал ма екен?
Еділ бойы сыбырлаған тал ма екен?!
Иір бұтақ біткен шығар еменге,
Өз көзіңмен көріп қайтшы, Жан Көкем!

Баяғыдай сарай да жоқ сары ала,
Жәңгір де жоқ жол тосатын жағада.
Исатайды басшы қылып ал-дағы,
Исі қазақ ауылдарын арала.

Аралаңдар сан отауды, сан үйді,
Тану қиын кейінгі ұрпақ-сәбиді.
Бірақ олар, Алла атымен ант етем,
Бабаларын сақалынан таниды.

Шақырып ал елесі мен ер есін,
Содан кейін ақ батаңды бересің.
Қой үстіне ұя салса дейтұғын
Армандаған заманымды көресің.

Кешір, баба, білгенімді жаңадан,
Ойын емес ұрпақтарың қалаған.
Нарында да болып жатыр жарылыс,
Күкірт исі күллі әлемге тараған.

Далаң осы –
Өзің барда зар шеккен,
Заманалар одан бері қанша өткен.
Бұлтқа қарап ыңырсиды әлі де
Бұйра құмдар Нарындағы нар шөккен.

Әулие атам! Қай кезде де ойлысың,
Еске түсіп Ордадағы кей мүсін.
Исатайдың қақ алдында жарылған
Баяғының зеңбірегі деймісің?!

Киелім-ау! Кеңеселік кәне бір,
Күдігімді күл татыған деме құр.
Игілікке пайдаланып жатсақ та,
Иесіздік орнататын пәле бұл.

Маңғаз Маха! Көріп тұрып төбеңді,
Осы арадан аяқтаймын өлеңді.
Заманыңа жауап беріп кетіп ең,
Заманыма жауаптымын мен енді...