Сағыпазова Зерек Көбесқызы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Кудряшов селосында дүниеге келген. Кудряшов селосындағы Н.В.Гоголь атындағы орта мектепті 1976 жылы тәмамдаған. 1976 Гурьев теңіз балық өнімдері техникумында оқып, 1979 жылы «Балық өсіру технигы» мамандығын алған. Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін бітірген («Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша БАКАЛАВРЫ академиялық дәрежесі берілген). Мемлекеттік қызмет ардагері.
...Алла Тағала тылсым күшін, тек қалаулыларының ғана жан сарайына ізгілендіре дарытып, оларға жандауа киелі қасиетті бойтұмар етіп, аманаттаса керек. Ата баба аруағы да осы санаулыларды таңдап, қолдайтын шығар. Бұл қасиетті жан, тек бір шаңырақ, не бір әулет, не үш жұрт немесе жеті атаның алдындағы перзенттік борышын өтеуді ғана мүдде тұтпаған. Алланың аманатын өмірбойы бойтұмарындай сақтап, Әз Ана, қоғам дамуының қай кезеңінде болмасын, әсіресе, соғыс жылдары және соғыстан кейінгі жылдарда елдің жанына дауа, дертіне шипа боп қана қоймай, елдіктің туын тіктеген.
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Кудряшов ауылдық округінің «Арна» ауылында, киелі қасиетімен ерекшеленген қасиетті жан, бүгінгі ұрпақ үшін де, халқымыздың салт-дәстүрін салмақтау мен ата-бабаны ардақтау, ұлтжандылық пен елжандылықты тәрбиелеудегі ұлағат пен өнегенің мөлдір бұлақ көзі болып қалары шүбәсіз.
«Жұмақты бұл дүниеден іздемеңдер, бұл дүниеден іздегіш болсаңдар, иман іздеңдер» деген дана халқымыздың ұлағатына сай өмір кешкен Әз ананың, атақонысымызда, елі мәңгі мойынұсынар Алла аманаттаған бойтұмардай аруағы, ізгілік рухының лебі, табанының ізі, аялы алақанының табы (жылуы) қалды...
Иә, «Адамға қиямет-қайымға дейін жолдас болатын –оның тіршілікте істеген игі істері..» деген емес пе еді асыл дініміздің алтын діңгегі Мұхаммед Пайғамбар с.а.у.
Хабиболла әулие қызы Ғазиза, 1871 жылы туған. Туған жері Татарстан деп айтылады, нақты туған өңірі беймәлім. Әкесі Хабиболла әулие - оқыған, мешіт ұстап, медресе ашқан адам болған. Ғазиза әжеміздің кезіндегі өз естелігі бойынша, әкесі үш рет Мекке-Мединеге барып қайтқан екен. Әкесінің ұйғарымымен, Ғазиза Мәскеу қаласындағы Мұсылман қыздары оқитын семинарияда тоғыз жыл оқыпты. Оқуын бітірген соң, өзіндей жас азаматпен көңіл жарастырып, Астрахан қаласына келген. Осы қалада жолдасы кенеттен қайтыс болады. Ғазизаның Астрахандағы тұрақтаған үйіне, біздің елдің ауқатты азаматтары түрлі шаруаларымен жиі келеді екен. Олар Ғазизаның білімді екенін естіп, ауылға бала оқытуға шақырып, қайта-қайта қолқалайды. Алмағайып заман, туыстары шалғайда, жолдасы дүниеден озған Ғазиза амалсыздан сол адамдармен бірге ауылға келген екен.
Хабиболлақызы Ғазизаның кезінде өз тұстарына айтып кеткен естелігі бойынша, қазақ жеріне, ауданымыздың Бірлік, қазіргі Кудряшов округінің «Тәрібай» ауылына келуі, шамамен 1900 жылдар болса керек. Сөйтіп, Ғазизаның мұғалімдік еңбек жолы осы «Тәрібай» ауылында басталады. Елде оқыған адамдар өте аз болғандықтан, ол кісі балалардың мұсылман дініне сусындап өсуіне қажыр-қайратын жұмсап, оларға намазға жығылуды да үйреткен. Осы кезеңдерде, ол емшілік қасиетімен де танымал болып, мұқтаж жандарды емдей бастаған. Осы жылдардың бірінде, елдегі Мақсұт деген азаматпен тұрмыс құрып, екеуінің Ескендір деген баласы болған көрінеді. Ауыл тұрғындарының естелігі бойынша, Ғазиза өте таза, кірпияз, ақкөңіл, адал, қарапайым, кісіге қиянат жасауды білмейтін және өте қайырымды болған. 1911-1912 жылдары елде холера және обамен ауырғандар көбейген, көптеген адам қаза болған, отбасымен түгел бақилық болғандар да аз болмады. Ол кезде ауданда дәрігерлер өте аз, қажетті медициналық құрал-жабдықтар да тапшы, дәрі-дәрмекке де зәрулік қалыптасқан еді.
Елдегі жалғыз дәрігер Шолтыров Махмут - 1884-1965 жылдарда өмір сүрген алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазан университетінің Медицина факультетін бітірген; 1920-1946 жылдарда Құрманғазы ауданында дәрігер болып қызмет істеген адам. Міне, осы дәрігерге өзі мейірбике есебінде көмек көрсеткен қиын кезеңдерді Ғазиза әжеміз есіне алып отыратын еді деседі көзін көргендер. Ел басына төнген осындай нәубет жылдарда жолдасы Мақсұт та, баласы Ескендір де дүниеден озған. Ғазиза елге алғаш келген кезде, тұрақтанғанға дейін, жергілікті тұрғын Иманәлінің отбасынан қолдау көріп, өзара сыйласқан, кейіннен көрші болған деседі. Иманәлі жолдасы Мақсұтпен рулас болған, сондықтан бұл отбасы Ғазизаны жеңге тұтқан. Кейіннен, нәубат жылдары Иманәлінің жетім қалған бес баласын, яғни, екі ұл, үш қызын бауырына басып, қамқорлық көрсетіп, аштықтан аман сақтап қалған. Қыздарды ұзатып, ұлдың үлкені Уәлиді үйлендіріп, барлығын да өз балаларындай қамқорлаған.
Уәлидің інісі Иманәлиев Әнуар 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Иманәліұлы Уәли 1938 жылы, Уәлидің жұбайы Нәзипа тифтен 1944 жылы қайтыс болады. Нәзипаның аманаты бойынша, әкесінен екі жаста, анасынан жеті жаста қалған Уәлиқызы Жанзияны Ғазиза анамыз бауырына басқан. Соғыс жылдарында, өте ауыр кезеңдерде, аштық-жалаңаштық, түрлі аурулар өршіген және басқа да қиын жағдайлар өріс алған шақта, елге жан-жақтан келген босқындар саны көбейген екен, яғни, бәрі де «өзен жағалағанның өзегі талмас» дегенді мүдде тұтқан. Сондай адамдар алдымен Ғазизаның үйін паналайтын болған. Сонда, Ғазиза пана іздеп келген босқындарды, соның ішінде әйелдерді жуындырып, шаштарын алып, тозығы жеткен киімдерін өртеп, мүмкіндігінше ескі киімдерді беріп, ауруларына еш ақысыз ем-дом жасайтын болған. «Айналайын, Алладан қайтсын» дейді екен. Өзінің иелігіндегі жалғыз топал сиырының сүтін, келгендермен бөлісіп ішкен. Тұрғындардың естелігі бойынша, Ғазизаға тек ауыл тұрғындары ғана емес, ауданның, облыстың түкпір-түкпірінен келіп емделеді екен. Ол кісі көп жағдайда Құранның қасиетті сүрелерімен, асқазан, ішек ауруларына жеті түрлі шөптен қайнатып жасалған дәрімен, кейбір ауруларды қойдың майымен емдеген, тіс, тамақ ауруларының дауасын тапқан.
Әсіресе, Ғазизаға аяғы ауыр әйелдер көп келетін болған, тіпті елдегі акушер Галина Винокурованың өзі ауру әйелдердің кейбіреуіне, сырқаты күрделі болған жағдайда, «Идите к бабушке» деп жіберетін болған. Жас нәрестелерде болатын «кірне», «талма», «қой ауруы», яғни, «рахит» ауруларын емдеген. «Қой» ауруын бұрынғы күміс 20 тиындықпен қияды екен. Жаңа туған сәбидің дүниеге келгенде, жылағанынан –ақ, оның тілінің мүкістігін байқап, тиісті мерзімінде ем-домын жасаған. Өзі дүниеден озарынан бұрын: «Менің осы төңіректе 300-дей кіндік ұлдарым мен қыздарым, сосын менен мұсылманша дәріс алған шәкірттерім бар, естігені келер, оларды кіргізетін үйлерді дайындап қойыңдар» деген екен.
Әжеміздің адамның дене мүшелерінің шыққан, сынғандарын сипап жіберетін де қасиеті болған. Міне, Әз ана, алмағайып, нәубетті кезеңдерде, денсаулық сақтау мекемесінің қызметіне тең жұмысты бір өзі атқарып, халықтың денсаулығы үшін, нардың жүгін арқалаған. Хабиболлақызы Ғазиза өгейсінбей, қазақтың салт-дәстүрін қатаң ұстанған, ұлттық қасиетімізге сай қанағатшыл болған. Ол кісінің: «Үйіңде татымдық тұзың болса, болды, жоқ деген сөзді айтпа. Әр нәрсені қанағат тұт, қанағатсыздық адамды жарға жығады» немесе «Көпті құдай берсін, адамның ала жібін аттамаңыз» деген ұлағатты кеңестері ауыл тұрғындарының жадында сақталған. Сондай-ақ, ол кісі аттаған ақ босағасын қастерлейтін, өз босағасына беріктігін және жарына деген адалдығын өмір бойы сақтаған. Жолдасы Мақсұт, баласы Ескендір қайтыс болғаннан кейін, 1925-1927 жылдары Қазан қаласынан туыстары келіп: «Елге жүр, топырағың туған жерден бұйырсын» деп, алып кетпек болғанда да, «Аттаған алтын босағамды тастап кетпеймін» деп ауылда қалған екен.
Ғазиз ана: «Мен бақилық болғанда, қазақша жерлеңіз, тақтайға (табыт) салмаңыз» деп, мұсылмандық дәстүрмен барлық қажетті бұйым-жабдықтарын өз қолымен дайындап, тіпті қаделерінде орындалуы тиісті іс-шараларын ескеріп, «тайға таңба басқандай» әзірлеген... Мәңгілік сапарына.. Бақилық тылсым құшағына жұмбақ болмысымен қауышатынын сезіп, Алланың Әміріне бойұсына білудің үлгісін көрсетіп кеткен. Тұрғындар естелігіне сәйкес, Әз ананың жерлеу рәсіміне 1000-нан астам адам қатысқан екен.
Әдетте, әкенің қамқорлығы мен ананың аялы алақанын, саялы тәрбиесін, ешнәрсе алмастыра алмайды деген қағида бар. Осы қағиданы марқұм Әз ана Ғазиза жүрек жылуымен өзгертіп, Жанзияны өгейсітпей, өз анасындай тәрбие беріп, жоғары білім алуын қолдап, ұлағатты ұстаз атануына қосқан үлесі зор еді. Кейіннен өз қолынан ұзатып, отбасында бақытты өмір сүруінің куәгері болып, келіні Нәзипаның аманатын кіршіксіз орындай білген дархан көңіліне бүкіл ел риза болған еді. Ғазиза әжеміз, діни кітаптарын Астрахан қаласындағы мешітке тапсыруды аманаттаған екен. Ол кезде ауданда мешіт болмаған. Кітаптардың сирек кездесетін тарихи жәдігерлер қатарында екендігін түсінген мешіт қызметкерлері сапалы сақталуына таңдана отырып, құндылығы жоғары тарихи қазынаны зор ықыласпен қабылдаған екен. Қабырғалы елдің рухани ұйтқысы, нәубет жылдарда мұқтаждарға пана, сырқаттар дертіне шипа бола білген Ғазиза әжеміз 1976 жылы 105 жасында дүниеден озды. Бейіті Құрманғазы ауданы Кудряшов округі көлеміндегі «Тәрібай» қауымында.
Жеті атасына да бейтаныс қиыр шеттегі жұртқа келіп, өгейсінбей, қабырғалы елді исіндірген, елі ұлықтаған Ғазизадай дүниеге ұрпақ әкелген ата-анасы мен ата-бабасының рухына мың тағзым. 2021 жылғы қыркүйек айында, Әз Ананың дүниеден озғанына 45 жыл толды, текті жанның рухына мың мінәжат, тағзым. Атап өткен жөн, Әз ана Ғазиза туралы негізгі деректер, көптеген ауыл тұрғындарының естеліктері мен Уәлиқызы Жанзияның кітабынан алынған.
P. S. Уәлиқызы Жанзия 1937 Құрманғазы ауданы, Кудряшов округінде дүниеге келген. Ол кісі өз анасындай болып, аялап өсірген Ғазиза ананы еске алып, ас берген, рухына құран бағыштап, мәңгілік мекенін зиярат етіп отырған. Өз ұрпақтары үшін, бұлжымас қағида болып қалыптасуын мүдде тұтқан. Перзенттік парызының белгісі ретінде әз ана Ғазизаға арнап, ел жадында өшпес ескерткіш, тарихи шежіре іспеттес «Сөнбейді, Әже, шырағың» атты естелік жазып қалдырған.
Жоғары білімді мұғалім. Ұстаздық жолын Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы (бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы) Котяев ауылындағы мектепте бастап, 1961-1971жылдары Шортанбай ауылындағы мектепте жалғастырған. Кейіннен Атырау қаласындағы Ғ.Мұратбаев, Ә.Жангелдин, Аманкелді атындағы мектептерде ұстаздық ізгілік іздері қалды.
Азаматы Қайыржан Әлиевпен бірге, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, перзент қызығына бөленді. Ұлағатты ұрпақтары өркен жайды. Жоғарыдағы өлкетану тұрғысындағы ақпаратты дайындау кезеңінде, әз ана Ғазиза туралы деректермен танысуға мүмкіндік берген ұрпақтарына, Атырау қаласындағы Әлиев Қайыржан Ізтілеуұлына, оның ұл-келіндері Қабылжан-Нұрсұлуға және Сабыржан –Мартаға алғысымыз шексіз.