Әр адамның өмір жолы «балалық, жастық шақ, орта жас, қарттық» атты айтулы кезеңдерден тұратыны белгілі. Бір қарағанда жұмыр басты пенденің осы түрлі белестерден тұратын ғұмыр жасы - балдәурен балалық - көктемді, жайраңдаған жастық шақ – жадыраған жазды, байырқаланып, ақыл тоқтата бастаған орта жас – қоңыр күзді, ал адамның асарын асап, жасарын жасап, ақыл-парасаты кемеліне келіп, толысқан шағы – қысты көз алдыңа әкелетіндей. Әсілі, «Адам мен табиғат егіз ұғым» деген сөз осыған байланысты айтылса керек. Бірақ, солай бола тұрса да, бәрібір жылдар өткен сайын ерекше сағынышпен еске алатын кезің, ол – сонау алыста қол бұлғап қалған, ешқашан қайтып оралмайтын және сонысымен өзіне мәңгі ынтық ететін, бейкүнә балалығың мен жалындап тұрған жастық шағың.
Дәл қазір менің де осылай толғанып-тебіренуіме негіз болған Өскеменнен қоңырау шалған Болған құрбымның: «Арай, биыл біздің мектеп бітіргенімізге 40 жыл толғанын өзің де білесің ғой. Күнделікті күйбең тірлік ешқашан бітпейді. Бәрін таста да, тезірек жет. Күтеміз!» деген сөзі. Оның осы бір ауыз сөзі мені ойлантып тастағаны сондай, бір сәт сонау оқушылық кезеңнің небір қызықты мезеттерін бірге өткізген сыныптастарымның әрқайсысының сол бір балаң шақтарындағы бейнелері құдды бір бейнетаспадағыдай көз алдымнан тізіліп өтті... Көкейіме бірден: «Күні кешегі жауқазын қыздар мен бала мұрты тебіндеп шыға бастаған бозбалалар бүгін қандай болды екен?», «Бәлкім, олардың бәрі қазір аяулы немерелерінің қызығына кенеліп, тіпті, сұлуланып кеткен шығар... Бұрынғы қылдырықтай қыздар қазір сарықарын бәйбішелерге, жіптіктей жігіттер қозықарындары шыққан аталарға айналған шығар...» деген ой келді. Ойпырмай-а, мен тіпті, кейбір сыныптастарымды мектеп бітіргеннен кейін көрмеппін-ау... Қызыл кітапқа енген ғажайып құспен аттас, өзіміз «Харчо» дейтін, Қаршыға қандай болды екен? Сүйкімді қара бала Быча мен көздері жылт-жылт етіп, жүгіріп жүретін кішкентай сары Бося, жер жылжыса жылжымайтын, маңғаз Әділжан, аржағынан күн көрінетін тыртиған арық Асқарбек, қушыкештігі мен қалжыңбастығы бір басына жетіп-артылатын Сәулебек, әрдайым ине-жіптен шыққандай болып киініп, тап-тұйнақтай болып жүретін, шаш қою үлгісі орыс жазушысы Н. Гогольдікінен аумайтын сырбаз жігіт Ержандар қалай өзгерді екен? Мектеп әкімшілігінің тапсырмасымен күзде орманға долана теруге шыққанда «Зенит» фотоаппаратын иығына іліп алып, өзін бейне бір кәсіби фотографтай сезініп, образға кіретін (Сашко) Сайранхан ше? Жұптары жазылмайтын Ақгүл мен Нәзигүл, бойшаң қыз Айнұр мен сыныптағы аттас үш қыздың бірі – Бақытгүл Смағұловаларды көргенде бірден тани алмай қалмас па екем? Одан да бұрын, біздің бақытымызды аялап, өзінің уақытын аямаған сынып жетекшіміз Гүлнар апай қайда жүр екен?
Бәлкім, зейнетке шыққаннан кейін ұзтаздықпен қоштасып, бар өмірін немерелеріне арнауды ұйғарған болар?... Десек те, алтын ұя мектебімізбен қоштасқаннан кейін әр жылдары кейбір сыныптастарыммен кездейсоқ ұшырасып қалған сәттерім де аз емес. Мәселен, Талғат пен Қазбекті сонау 1985 жылы ақпанда Үлкен – Нарынның әуежайында көрдім. Мен ұшақтың баспалдағынан түсіп келе жатсам, олар бір топ жолаушымен бірге кіруге дайындалып тұр екен. Әскери киімдегі қос курсанттың ол кезде 18-дегі кездері. Үстеріндегі етегі жер сызған шинельдері де Ресейдің әйгілі «Офицеры» фильміндегі басты кейіпкер Василий Лановойды бір сәт көз алдыңа әкелгендей. Сол жылдың қараша айында Фарида екеуіміздің Катоннан Өскеменге дейін автобуста бірге келгеніміз бар. Оны сонда екі кештің ортасында біз тоқтаған «Спорт сарайы» аялдамасынан күтіп алған, маған бейтаныс, бір кездегі көзі мөлдіреген сұлу жігіт, қазіргі жары – Алтай болатын. Әсіресе, сол кездері жиірек көріп жүрген сыныптасым Үлкен Нарында жұмыс істеген өзіміздің бұрымы тоқпақтай Баха - Бақытгүл Темірханова. Жангелдіні де өзім Еңбекке, ол Қабырғаға бара жатып, аудан орталығындағы автостанцияда жолықтырып, аз-кем тілдесіп үлгергенбіз. Ал 1988 жылы студент кезімде Өскемендегі облыстық радиоға өндірістік практикадан өтуге келген менің редакция тапсырмасымен «Рассвет» тігін фабрикасының жатақханасына барғанда Ажарды жолықтырам деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Өкініштісі сол, ол кезде бұл қос сыныптасымды ең соңғы рет көріп тұрғанымды білмеппін...
Әскерден оралғанына бір жыл ғана болған, серіліктің сегізінші шыңында жүрген Әділ де сол жылдың қыркүйек айында Катондағы мен тоқтаған әпкемнің үйіне келіп, ыстық мәнті жеп, шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып, біраз отырып кеткен-ді. Асқарды 1991 жылы қыста Алтайда Советская көшесінің бойында, сосын 2007 жылы Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде кездейсоқ кездестірсем, Ботагөзді Болған екеуміз 1990 жылы Катондағы Мәдениет үйінің ауласында қазіргі жұбайы, «А» класында оқыған Бауыржан Иманжаровпен бірге 1-мамырдағы шеруге дайындалып, шар үрлеп тұрған жерінде жолықтырдық. Жасыратыны жоқ, сол кезде «оқушы кездерінде бір-бірін көздеріне ілмейтін, мына қара жігіт пен сары қыз қай кезде табысып үлгерген?», - деп, екеуіміздің таңғалғанымыз да рас. Ал, Қайыржанды 1990 жылдың қазан айында Алматыдағы қалаарлық телефон байланысы қызмет көрсету пунктінің ғимаратында көріп қалдым. Гүлнар, Венера, Әсиялармен арада 34 жыл өткенде Өскеменде көрісіппін. Таңғаларлығы, бұл үш қыз мектеп кезінен бері аса қатты өзгермеген. Шаш үлгілері де, дене бітімдері де сол бұрынғыдай. Жалпы, барлық сыныптастарымның ішінде менің ең жиі көрісіп, қуана қауышысып жүрген құрбым тағы да осы Болған. Ол табиғаты әсем, сазан балықтары көп Марқакөлдің тумасы болса да, біздің ауданға сіңісіп кеткені сондай, қазірге дейін «Катонқарағай» десе, елеңдеп отырады.
Өзім Кенді Алтай өңіріне ат басын бұрған сайын ол істейтін «Доснар» базарына соқпай, онымен жүздеспей, одан дәмі тіл үйіретін, жылқының қазы-қартасын алмай кетпеймін. Осы 40-жылдық кездесуге ұйытқы болып жүрген оның тек маған ғана емес, басқа сыныптастарға да ниеті бөлек. Сыныптастардың бірі сырқаттанып, ауруханаға түссе, бір дорба тәтті-дәмдісін салып алып, бірінші болып жетіп баратын да, кейбіреулердің баласы үйленіп, қызы ұзатылып жатса, ең алдымен барып, құттықтайтын да, арамыздағы ата-әжелердің немерелерінің шілдеханасының ортасынан табылып, қуаныштарына ортақтасатын да, біреудің ата-анасы, не туысы дүниеден озса, бірден барып көңіл айтып, жұбататын да, тіпті, өзіміз көп араласа қоймайтын «А» сыныбының қыздарымен де жиі көрісіп, шүйіркелесіп жүретін тағы да осы Болған. Мынау қым-қуыт тірлікте оның осының бәріне дер кезінде уақыт таба білетін елгезектігіне өз басым тәнтімін.
Жасыратын несі бар, Серік, Нұрбек, Арғынбек, Жангелді, Айша, Ажар, Бақытгүл, Қадыржан секілді сыныптастарымның осы басқосуға жетпей, бұл дүниеден ертерек озғандары да көңіліме мұң ұялатқандай... Осы кездесуде олардың орны үңірейіп, білініп тұратыны маған қазірден бастап, сезіліп тұр... Осындай сан қилы ойдың құшағында отырып, бір сәт оқушы кезіме басыммен сүңгіп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Қысқасы, осыдан кейін-ақ, соңғы екі ай бойы үй бетін көрмей, бірде Қырғыстанда, бірде Батыстағы Ақтөбеде, енді бірде Оңтүстіктегі Шымкент пен Түркістанда іс-сапарда жүрген мен, телевизиялық түсірілімдерімді тезірек бітіріп, осы кездесуге үлгерсем, абырой болар еді -ау деп ойладым. Иә, дәл солай. Ойлап отырсам, шынында да, сынаптай сырғып өтіп жатқан уақыт зымыранында шек жоқ екен. 40 жыл... Айтуға оңай болғанымен, түсінген жанға бұл адам өмірінің қайталанбас бір парағы, бір азаматтың ғұмырындай айтулы уақыт бедері.
Өз басым сыныптастарға бай адаммын десем, мақтанғандық болмас. Олай дейтінім, әліппені Еңбек 8-жылдық мектебінде танысам, жоғарғы сыныптарда аудан орталығындағы Е. Рыков атындағы мектепте оқыдым. Әлі есімде, 1980-81 оқу жылының бітуіне екі апта ғана қалған. Мен белгілі бір себептерге байланысты 7-сыныпты осы мектепте аяқтайтын болдым. Кейде осы қазақтың «Баланың кішісі болғанша, иттің күшігі бол» дейтін әзіл-шыны аралас тәмсілі бекер айтылмаған-ау деген ойға келемін. Тіпті, бұл оқу ордасына келетінімді де менен сұрамай-ақ, үйдің үлкендері алдын ала шешіп қойған. Сол жылдары осы мектепте директор болған әпкем Нұрғаным маған бірден: « 7 «Б» сыныбына барасың» деді. Ал мен болсам: «Жоқ, мен «А» класына барам, онда Ерлан оқиды ғой» деймін. Олай дейтінім, «А» класында оқитын Ерлан менің құда балам. Ол мені жіті танымаса да, бұрындары Ленин мектебінде оқитын ағасы Ержан екеуін бірнеше рет көргеннен кейін бе, әйтеуір ол маған «ескі танысымдай» болып көрінеді және онымен бірге оқысам бейтаныс ортада өзімді еркін сезінетіндеймін. Мен біраз уақыт өзімдікін айтып болмаған соң, әпкем жалығып кетті ме, сөзімді бөліп, маған: «Мен сонау 70 жылдардан бастап, осы мектепте істеймін. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша «А» класында оқитындар Алтайда, «Б» класындағылар Катонда тұрады. Өзің ойлап қарашы, мәселен, сен үй тапсырмасын жазып алуды ұмытып кеттің немесе бір сыныптасыңмен сабаққа бірге дайындалғың келді делік. Сонда сен сол үшін сонау Алтайға барып жүресің бе? Міне, бізден екі-үш үйден кейін менен оқыған Талғаттың қарындасы Венера Мусина тұрады.
Одан төменірек, үкіметтің моншасынан алыс емес жерде менің тағы бір шәкіртім Жанаттың сіңлісі, көзі жап-жасыл, сары қыз Ботагөз Нүриева бар. Сол маңда тағы бір біздің мектептің оқушылары Киікбай мен Құралай Жанпейісовтердің туысы, танауы таңқиған, өзі сүп-сүйкімді Әділ деген бала, мына жолдың ар жағында Ленин көшесінде осы 7 «б»- да оқитын Әженов тұрады. Болашақта саған осындай бізге жақын тұратын балалармен аралас-құралас болған ыңғайлы емес пе?! Білмегеніңді олардан сабақтан тыс уақытта сұрап аласың. Мектептен кеш қайтсаң, үйге олармен бірге ілесіп, келуіңе болады. Ал, бәрінен бұрын 7 «Б» сыныбының класс жетекшісі Гүлнар Қайсенова менің оқушым. 10 сыныпта оқып жүргенде «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жазғанда «Нұрғаным апай секілді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді», - деп жазды және сол сөзінде тұрып, ұстаздық мамандықты игеріп, институттан кейін өз мектебіне оралды» деді. Әңгіме осымен тәмам болды да, ертеңінде мен 7 «Б» сыныбына келіп қосылдым. Маған бәрі таңсық. Жаңа сыныптастарыма мен таңырқай қарасам, олар да маған: «Бұл қандай оқушы екен?» дегендей бажайлай көз қиықтарын тастайды. Сол күні бірінші сабақ алгебра болды. Галина Ниғымашқызы журналдағы оқушыларды түгендеп, үй тапсырмасын сұрап болды да, жаңа сабақты бастамас бұрын маған: «Сен қай мектептен келдің?» деді. Мен жауап беріп, орныма отырар-отырмаста Әділ: «Оқу аяқталар кезде кісі басқа мектепке келе ме екен? Осындайда қызық болады екен ғой», - деп, мені тілімен түйреп өтті. Алдында ғана ол қолын көтеріп, сабақ айтқанда есімін есімде сақтап қалған мен, сол кезде: «Ә, кешегі әпкем айтқан Әділ деген бала осы екен ғой», - деп ойладым. Сонымен арада екі апта көзді ашып-жұмғанша өте шықты да, жазғы каникул басталысымен мен тағы да «Ауылым қайдасың?», - деп, Еңбекке тартып отырдым. Тек келесі оқу жылы басталғанда ғана 8-сыныптан бастап аталмыш мектепте толыққанды оқи бастадым. Бастапқы кезде өзімді бұл сыныпқа келген «кірме» ретінде сезініп жүрсем, маған дейін бұларға келіп қосылған ұл-қыздар жетеді екен. Сонау Марқакөлдің Горный кеңшарындағы мектептен 5- класта Болған Алханова, бастауышты Қабырғада аяқтап, 4-сыныптан бастап, бұл мектепке күн сайын арнайы автобуспен қатынайтын Әділжан Кәтішев, Асқарбек Сәрсеков, Ақгүл Жәмешкенова, Бақытгүл Темірханова, Назигүл Жаниярова, Ажар Сатыбалдиналар да бұл сыныпқа орта жолдан қосылыпты. Соларды көргенде «бұлар да мен секілді кірмелер екен-ау» деген бір ой келген көкейге. Сөз басында айтып өткенімдей, мен өз сыныптастарымның алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған, әліппені таныған, октябрят атанып, кеуделеріне бала Ульяновтың төсбелгісін таққан, одан кейін пионер болғанда ант қабылдаған сәттерін білмеймін. Ол, ол ма, мен тіпті, олардың мектеп асханасынан 5-тиындық бәлішті сатып алып, ортасынан қақ бөліп, майын ағызып жеп, ауыздарын жеңдерімен сүртіп, сөмкелерін көтере алмай, мықшыңдап жүрген кішкентай кездерін де көз алдыма елестете алмаймын. Солай бола тұрса да, менде оларды бөтенсіну сезімі жоқ. Олардың әрқайсысын құдды 1-сыныптан бастап білетіндеймін. Айтпақшы, менің осы Катондық сыныптастарымның бастауыш мектепте әліппені үйреткен мұғалімдері Күлбатша Күндебаева менің ауылымның тумасы. Әкесі Қабылбек ақсақал мен анасы Нұржамал апай қарапайым еңбек адамдары. Бұрындары кішірек кезімде демалыс күндері Күлбатша апайдың жолдасы Нұрлан мен ұл-қызы Айдос пен Ринаны ертіп алып, ауылдағы ата-анасының шаңырағына келіп-кетіп жүргенін талай көргенмін. Алайда, ол кезде бұл апайдың менің болашақ сыныптастарымның алғашқы ұстазы екенінен бейхабар едім... Иә, ол кезде бәрі қазіргідей емес, басқаша болатын. Оқу жылы басталғанда оқулықтар бізге тегін берілетін. Бәріміз бірыңғай мектеп формасын киетінбіз. Әр пәннің мұғалімдерін де әкесінің тегімен «Пәленбай Пәленбаевна, Пәленбаевич» демей-ақ, сыпайы түрде, «ағай», «апай» деп атайтынбыз. Бір сөзбен айтқанда, біз сол кездегі арманның құшағында, қиялдың жетегінде жүретін, аңғал да, аңқау, сұрапыл соғыста жанкештілікпен елін қорғаған аға буын-ардагерлердің көзін көріп, кемелді Коммунизм болатынына кәміл сенген ұрпақтың өкілдеріміз. Ол кездегі оқу бағдарламасы да, мұғалімдердің оқыту әдісі де бөлек-тін. Қазір ойлап отырсам, сол кезде оқулыққа қарамай-ақ, қара тақтаға ақ бормен жазып, дәріс берген ұстаздарымыздың білім-тәжірибелерін қазіргі заманауи лед-экрандар мен жаңа технологияларға негізделген ешбір әдіс-тәсілдер алмастыра алмайтынына еріксіз илана түсемін.
Қызыл кірпіштен қаланған үш қабатты оқу ғимаратының соңғы қабатындағы сол жақтағы 20-кабинет біздің сыныпқа бекітілген. Класс жетекшіміз Алматыдағы ЖенПИ-дің филология факультетін бітіріп келгеніне небәрі 1-2- жыл ғана болған Гүлнар Қайсенова. Қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген осы Гүлнар апайдың сабағы да, сабақтан тыс уақыттағы тәрбиелік ашық сағаттары да ерекше өтетін. Өйткені, ол сол кездері өзі педагогикалық тәжірибесі енді-енді қалыптаса бастаған жас маман болса, біздер оның ең алғаш қабылдап алған сыныбы едік. Содан да болар, қандай істе де біздің сыныптың оқушыларын қамқорлап-қорғаштап жүретін Гүлнар Ақатайқызы бейне бір біздің әпкеміздей, жанашыр анамыздай болып көрінетін. Бірақ, бұл, біз тек сынып жетекшіміздің сөзіне құлақ асып, мойындап, өзге мұғалімдерді көзге ілмедік деген сөз емес. Ол жылдары жоғары сыныпта бізге сабақ берген ұстаздарымыздың әрқайсысының орны бір төбе. Алгебрадан мінезі кең, марқұм Галина Ибраимова, зоологиядан сырбаз Шәбаз Сафина, физикадан 8-сыныпта өзі де, сөзі де қарапайым Қарлығаш Күдерина, 9-10-сыныптарда бір қарағанда өзі де оқушы секілді қағылез һәм құйттай Зайра Жадринова, географиядан үнемі жарасымды киініп, жинақы жүретін Қарлығаш Кешілбаева, орыс тілінен осы мектептің байырғы ұстазы Татьяна Матвееваның қызы – қатал әрі талапшыл Галина Тұмарбаева, орыс әдебиетінен әр тақырыпты асықпай, бір сарында баяндайтын Роза Ғабдуллина, 9-сыныпта химиядан құлын мүшесі көрер көзді қызықтыратын, соған орай оған бізден жоғарғы сынып оқушылары «фигура» деп ат қойған Жанат Нұрмолдина, 10-сыныпта химиялық реакциялық теңдеулерді тақтаға жазғанда ешқашан шатаспайтын, өз пәнін жетік білетін Еркежан Аушинова, биологиядан әр шәкіртінің жан-дүниесін көзіне қарап танитын сезімтал ұстаз Любовь Қалиева, тарихтан ойы ұшқыр, сөзі мінсіз Рымжан Бұтабаева, қоғамтанудан суық жүзді сұлу Бақыт Абрайымова, алғашқы әскери дайындықтан мінезі біртоға, қызыл сөзге жоқ Марат Тоқтажанов, «Машиноведение» пәнінен Кирилл Пятков, денешынықтырудан ер мінезді Рауза Тауданбекова мен болмыс-бітімі Азияттықтардан гөрі Еуропалықтарға көбірек келетін, еңселі азамат Сергей Ахметовтер сабақ берді. Бұл ұстаздарымыздың әрқайсысының сабақты түсіндіру әдіс-тәсілдері мен өздеріне тән тәлімгерлік дағдылары әсте бір-бірін қайталамайтын. Мәселен, Галина апай бірден артық-ауыс сөзсіз сабақты бастап, көбінесе есепке алғырларға көбірек назар аударса, Любовь Қалиқызы үй тапсырмасын сұрап біткеннен кейін біраз уақыт «эпилог, пролог» жасап, әрқайсымызға мінездеме бере отырып, «шағын тәрбие сағатын» өткізіп барып, жаңа тақырыпты түсіндіруге кірісетін. Ол кездегі оқу бағдарламасының ерекшелігі - қазіргідей шәкірт санасына аса үлкен салмақ түсіретін күрделі емес, керісінше, қарапайым болса, біздің мұғалімдердің түсіндіру тәсілдері де ұғынықты еді. Ондай сабақтардың бәріне тізбелемей, 8-сыныптағы биология пәніне тоқталсам, бір жолы «Көп жасушалылар мен бір жасушалылар» тақырыбын өттік. Сонда Люба апай: «Көп жасушалы тіршілік иелері – біздер - адамдармыз. Біз ортаңғы ми сыңарлары жетілген сүт қоректілер қатарына жатамыз. Дегенмен, табиғатта сүт қоректілер мен бірге су қоректілер және кесіртке, жылан тәрізді бауырымен жорғалаушылар да бар. Бір жасушалыларға амеба, инфузория-туфелька, жасыл эвглена секілді жаратылыстарды жатқызуға болады. Бір жасушалыларда ойлау, сезіну, сезу, түйсік атаулы атымен жоқ», - деп, түсіндіре келе, инфузория туфельканың пішіні мына менің аяғымдағы туфлиге ұқсайды», - деп, өзінің аяқ киімін мысалға келтіре отырып, жаңа тақырыпты миымызға құйып берген. Дәл осындай ынталы шәкірттің санасын селт еткізетін Жанат апайдың сабағы да өте қызықты өтетін. Тағы бірде осы 8-сыныпта химиядан «Сутектің химиялық қасиеттері және қолданылуы» тақырыбын түсіндіргенде Жанат апайдың бізге түсінікті болу үшін көрнекі құрал ретінде кәдімгі қырлы стақанға суды құйып, алып: Су - сутегі мен оттегінің химиялық қосылысы. Формуласы «Н2О». Физикалық қасиеті жағынан, түссіз, иіссіз, дәмсіз сұйықтық. Оның тіршілік үшін аса маңызды – жылу сыйымдылық, жоғары тығыздық, мөлдірлік, тұтқырлық, еріткіштік секілді физикалық-химиялық қасиеттері жетерлік. Ол жоғары көтерілу қабаты 5 - метрден асқанда ғана көгілдір түске енеді. Қалыпты қысым барысында 100°С-та қайнаса, 0°С-та мұзға айналады. Жер шарының 3/4% -ын алып жатқан су көздерінің 1%-ы ғана ішуге жарамды. Су - табиғатта теңіз, мұхит сулары, жерасты суы, өзен-көлдер, қайнар-бастаулар болып түр-түрге бөлінеді. Теңіз бен тұщы су құрамындағы тұз мөлшері бірдей емес. Теңіз суы натрий хлориді мен магний сульфатының тұздарына бай болса, тұщы суда кальций мен карбонат иондары басымырақ. Судың аса көп мөлшері жер астында жасырынған. Оның қолданыста болмайтын жері жоқ. Бір сөзбен айтқанда, су-тіршілік көзі», - деп, баяндағаны есімде. Өз сіңлісі Болғанға ғана емес, сабаққа дайындалмай келген басқа қыздарға да: «Шаштарыңды бұйралап, сәнденуге уақыт табасыңдар, ал сабаққа дайындалуға дәл сондай уақыт таба алмайсыңдар», - деп, орынды ескерту жасайтын Рымжан Зәкәрияқының дәрістері де зейінді оқушыны өзіне елітіп әкететін. Осы ұстазымыздың арамыздағы ең сүйікті шәкірті Әділжан Кәтішев еді. Ол басқа сабақтарды орташа оқыса да, тарих пәніне келгенде дүбірлі доданы көргенде делебесі қозатын сәйгүлік тәрізді желпініп кететін. Біздер кезекті үй тапсырмасына дайындалмай келіп, үндемей отырғанда, қайта-қайта қолын көтеріп, сұранып сабақ айтып, РСДРП-ның кезекті сьезіндегі Лениннің жақтастары оңшылдар партиясы мен оларға қарсы шыққан Троцкий мен Зиновьев бастаған солшылдар партиясының өзара қарама-қайшылығы мен осы жиында талқыланған мәселелер туралы толықтай баяндап, бізді құтқаратын да осы Әділжан болатын. Ал, сол кездері жаңа ғана Өскемен пединститутының тарих факультетін бітіріп келіп, алғашқы еңбек жолын осы білім ордасында бастаған жас маман Бақыт Абырайымова апайымыз аса қатал еді. Өзі де жас болғандықтан ба, ол кісі сабақ үстінде сөзін бөліп, өзіндік пікірін айтқан шәкірттерді аса ұната бермейтін. Ондай кезде ол ешбір оқушымен салиқаланып, уақытын кетіріп, мәмілеге келіп жатпай: «Кедергі жасамай, тыныш отыр. Оқысаң, оқы. Оқығың келмесе, бара ғой» дейтін. Алғашқы әскери дайындық сабағында Марат ағайдың мінезінің жұмсақтығына орай, біраз «еркелесек», денешынықтыру сабағында сөзі кесек, қимылы шалт Рәйке апайдың қаталдығынан қыздарды қойып, ұлдардың өзі сескенетін. Оған қарағанда Сергей ағай жұмсақтау болып көрінетін. Сондай-ақ, мектептің 1-ші қабатындағы түкпірдегі кабинетте аптасына бір рет өтетін, Кирилл Поликарповичтің «Машиноведение» сабағы да оқимын деген шәкіртке берері мол пәннің бірі еді. Теориялық білімімізді мектептің сырт жағындағы шаңғы тебетін ашық алаңда «Газ -51» көлігін жүргізіп-үйреніп, бекітетінбіз. Мұндай тәжірибе сағаттарында бізге арықтау келген, аласа бойлы, қараторы өңді Қалиқа ағай инструктор ретінде бағыт-бағдар беріп, басшылық жасайтын. Сөздің шыны керек, бұл пән қыздардан гөрі кішкентайларынан «Победа» ойыншық машинасымен ойнап өскен біздің сыныптың ұлдарына көбірек ұнайтын. Әсіресе, осы ұстаздарымыздың ішінде өз пәндерінен дәріс беріп, басқаша артық-ауыс сөз айтпайтын, сөзге сараң мұғалімдер Қарлығаш Қабдығаниқызы мен Зайра Жадринова десем, қателеспеймін деп ойлаймын.
Мектептегі кездерге ойша оралсам, 45 минутқа созылатын сабақтарда улап-шулап отыратын сәттер еріксіз еске түседі. Қандай да бір себептермен мұғалім дәлізге шығып кетсе, сынып бөлмесінің іші лезде айқай-шуға толып, абыр-сабыр болатынбыз. Ондай кезде әрқайсымыз кезек-кезек жүгіріп барып, журналдан алған бағаларымызды қарап алу, бір-бірімізге қағаз лақтыру секілді «шұғыл операциялар» басталып кететін. Сабақ барысында ара-арасында бір-бірімізге записка жазып, ыммен ғана сөйлесетін, бақылау жұмысында оқу озаттарынан нашар оқитындар байқатпай көшіріп алатын жәйттар да орын алып тұратын. Кейбір бозбалалардың сабақ үстінде ұнатқан қыздарына байқатпай кішкентай айнадан қарайтыны немесе өзіне назар аударту мақсатында оларға сіріңкенің шиін лақтыратын кездері де осы кезде жиі қайталанатын. Сол жылдары мектеп бағдарламасына енгізілген «тың жаңалықтың» бірі – ертерек келіп, сабақ басталғанға дейін 10-минуттай ертеңгілік жаттығулар жасау болса, күніне 6-сағат «оқып-шаршайтын» біздер үшін үлкен үзілісте мектептің асханасынан тегін тамақ ішу де бір ғанибет еді. Қателеспесем, сол кездері біздің мектеп Алтай кеңшарын қамқорлығына алған, қажет кезде қолғабыс жасайтын білім ұясы болды. Әсіресе, қыркүйек айында аталмыш кеңшардың шағын автобусына сығылысып, отырып алып, Катонның іргесіндегі алқаптарға барып, картоп жинайтын сәттер біз үшін сабақтан қашудың бір себебі ғана емес, кішігірім мереке болатын. Ол кезде каникул бастала салысымен жоғарғы сынып оқушыларына төртінші еңбек тоқсаны саналатын мектеп бақшасын суару, ағаштардың түбін арам шөптен тазарту секілді жұмыстар жүктелетін. Оны дер кезінде атқармағандар, күзде жаңа оқу жылы басталғанда күнде сабақтан кейін кешке қырманға барып, дихандарға көмектесіп, осы олқылықтың орнын толтыратын. Сол кездерде бізден біреу: «Қайдан келдің»? деп сұрай қалса, «Қ» дыбысын әдейі жұмсартып айтып, «Кырманнан келдік», - деп, үлкен іс тындырғандай бәлсінуші едік. Қыс айларында тағы да шопандардың қыстақтарына барып, қыздар олардың үйлерін жинап, ұлдар қора тазалап, шөп үю секілді жұмыстарды атқаратынбыз. Біле-білсек, бұл да оқушыларды ерте кезден еңбекке баулудың бір тәсілі. Сондай-ақ, ол кезде біздің мектепте кейбір пәннен факультатив сабақтары мен оқушылардың қабілет-бейімділіктерін шыңдайтын түрлі үйірмелер де тұрақты жүргізілетін. Әсіресе, біздің сыныптың кейбір оқушылары кешке мектептің спорт залында өтетін волейбол секциясына қатысатын. Олар кейде жоғарғы сынып оқушыларымен өзара мектепішілік турнир өткізсе, кейде көрші Черновое, Каменка, Шыңғыстай ауылындағы мектептердің жас спортшылары Катонға келіп, волейболдан мектеп оқушыларының аудандық жарысы өткізілетін. Ондай кезде жас волейболшылардың жан алысып, жан берісіп, ашық сайысқа түсетін тартысты ойындарын кейде біз де барып тамашалап, өз сыныптастарымызға жанкүйер болатынбыз.
Сол кездері сабаққа онша мойын бұрмаса да, басқа істе өз сыныбын қорғайтын, жоғарғы сыныптың ұл-қыздарына сөзін өткізе алатын сыныптың атамандары да болды. Соның бірі – шашын 70-жылдары әлемге әйгілі болған «Битлз» тобының әншілері секілді желкесіне дейін өсіріп жүретін, сол кездің өзінде бойындағы жігіттік серілігі байқалып тұратын, бойы биік, ортамызда өзін-өзі ұстауы да ерекше, көбінесе орысша сөйлейтін, өзіміз Аря дейтін Арғынбек Үмітханов еді. Оның қасында үнемі сол секілді бойшаң (Тарас) Нұрбек Нұрсапаров пен Талғат Қыдыров және қос жанары оттай жанып тұратын Қадыржан Бексолтанов жүретін. Байқауымша, бұлар басқаларға қарағанда «ерте есейген» секілді. Әйтеуір, осы бозбалалар үлкен үзілісте сыныптағы қыздардың белінен ұстап, төстерін түртіп қалуға құмар-ақ еді. Сол жылдары оқушылар арасында дипломат ұстау сәнге айналған. Қазірге дейін есіме түссе, еріксіз күлкім келетін жәйт, сонда арамызда біреу жаңа дипломат ұстап келсе, оны үзілісте бәріміз жиналып алып, айналдырып қараймыз. Бұл да бір жастыққа тән еліктеушілік-ау. Қызыққанымыз сондай, көп ұзамай, аудан орталығындағы дүкенге түскен санаулы дипломаттан үйдегілердің «миын жеп» бір-бірден алдырып тындық.
Мектепішілік мәдени шаралар да біздің оқушылық өміріміздің айнымас бір бөлігі еді. Жаңа Жыл, 23 – ақпан, 8-наурыз, 1-мамыр секілді мерекелерде бүкіл сынып арнайы бағдарлама әзірлейтінбіз. Әрқайсымыз өлең оқып, сол кездегі көп айтылатын патриоттық әндерді хормен қосыла шырқайтынбыз. Басқа оқу орындарында қалай екенін білмеймін, біз өзімізбен қатар оқитын «А» класының оқушыларымен сабақ үлгерімі жағынан да, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар өткізсек те, үнемі жарысып, бәсекелес болдық. Осы сөзімнің жарқын дәлелі, бірде, 10-класта «Күзгі бал» мәдени шарасы аясында байқау өтті. Байқаудың шарты бойынша, қос сынып әртүрлі тақырыпта білім-зердемізді сын тезіне салатын интеллектуалдық жарыс – мәдениет, әдебиет, тарих бойынша түрлі сұрақтарға жауап берумен қоса тапқырлығымызды паш ететін - жұмбақ шешу, жаңылпаш айту, ән орындау мен вальс билеуден сайысқа түстік. Біздің сыныптың барын салып дайындалғаны сондай, тіпті, сол жолы біздің жігіттер ақ түсті шалбар, қыздар бірыңғай ақ түсті көйлек киіп шықтық. Таңдайымыз тақылдап, жаңылпаш айту мен жұмбақ шешуден де мүдірген жоқпыз. Әсем сазды әнді де нақышына келтіре әуелете шырқадық. Сол жылдары хит болған «Пламя» вокалды-аспапты ансамблінің солисі Юрий Петерсон орындайтын «Снег кружится» әніне жұптасып, вальсті де биледік. Осылайша бұл сайыста біз барлық жағынан жоғары ұпай жинап, «А» сыныбын жеңіп кеттік. Бірақ, шара аяқталғаннан кейін үнемі бірінші болуды жандары қалайтын «А» класының оқушылары жеңілгендерін мойындағылары келмей, араларындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді Жайнагүл Демесінова сахнаға жүгіріп шығып, өздерін «жеңімпазбыз» деп жариялады. Дәл сол кезде қазылар алқасының құрамында отырған мұғалімдер Гүлнар Қайсенова, Амангүл Науышева, Рымжан Бұтабаевалардың бұл көрініске еріксіз езу тартудан басқа амалдары қалмаған-ды. Осы бәсекелестік дегеннен шығады, оның алдында бір жыл бұрын Өскемен пединститутынан біздің мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша тәжірибеден өтуге келген, шашын 19-ғасырдағы гимназисткалардың бұрымындай етіп өріп алатын, ақсары жүзді, мінезі жібектей Мәрияш есімді студент қызды уақытша біздің сыныпқа қосалқы класс жетекші етіп тағайындағанда да, «А» сыныбындағылар қатты қызғанған. Тіпті, үзіліс кезінде ол сыныптың қыздары оны сөзге тартып, айналшықтап жанынан шықпайтын. Десек те, ол апайдың «А» сыныбына қарағанда бүйрегі біздің сыныпқа көбірек бұрды. Оның бізбен сырласып, бәрімізді жанына жақын тартқаны сондай, тіпті, бірде 19-ғасырдағы орыс әдебиетінің классигі, ақын А.С.Пушкиннің шығармашылығы туралы тақырыпты өткеннен кейін білімімізді бекітіп, танымымызды кеңейту үшін біздің сыныптың бір топ оқушысын осы тақырыптағы бір фильмді көруге «Восток» кинотеатрына алып барды. Сонда осы сыныптағы бір-бірін ұнатып жүрген, бірақ, қатар отыруға басқалардан именіп тұрған қос ғашықтың үркек сезімдерін басқалардан бұрын оның байқап қойған сезімталдығы да қайран қалдырған. Практикасы аяқталып, оқуына кетер кезде бізбен қимай қоштасқан ол апайды, содан кейін бірде-бір рет көрмесем де, ол менің жадымда сол бір сыпайы да, сұлу қалпымен сақталып қалды.
8-сыныпқа дейін 30-ға жуық ұл-қыз оқысақ, оқу жылы аяқталарда Нұрбек Нұрсапаров, Арғынбек Үмітханов, Ержан Рақыжановтар кешкі мектепке ауысты. Асқар Абылғаязов, Талғат Қыдыров, Қадыржан Бексолтанов, Сәулебек Ибраимовтар орта кәсіптік-техникалық училищелерге бет бұрды. Десек те, олардың орындарын Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернаттан келген Талғат Тауданбеков пен Жангелді Кәтішевтер толықтырды. Әр сыныптың беделін арттырып, алға сүйрейтін оқу озаттары екені айтпаса да түсінікті. Арамызда сондай сабаққа алғыр, мұғалімдердің «сүйіктісі» атанған оқушылар да болды. Олар біздің сыныптың бетке ұстар шәкірттері, қабағы түксиген, мінезі ауыр, көп сөйлемейтін Венера Мусина, күнделікті сабақта ғана емес, өмірдің сабағынан да «2» алмауға тырысатын, барлық жағынан үлгілі, үкідей сары қыз Гүлнар Мұсабаева, сабақ айтқанда даусы сәл қарлығып шығатын, бойы биік, әзіл-қалжыңға бейім (марқұм) Бақытгүл Қоқымбаева, сол кездің өзінде қай істе де басқаларға бірден ере жөнелмейтін, өзіндік ұстаным-пікірінен әсте айнымайтын Әділ Қайыңбаев және оның жан досы, әсіресе, алгебрадан күрделі есепті шығаруда алдына жан салмайтын, бірақ, сабақта тыныш отыра алмай, үнемі мұғалімдерден сөз еститін (Қайрон) Қайыржан Сқақов. Айта кету керек, оқу озаттарымен қоса толық «4» - ке оқыған Ботагөз Нүриева, Фарида Құмашева, Бақытгүл Темірханова, Қазбек Уақпаевтар да өз сыныбының ар-намысын жоғары ұстайтындардың санатында болды. Жекелеген пәндерді сүйсіне оқитын, алгебрадан есепті тәп-тәуір шығаратын Ақгүл мен Сәулебек, тарих пәнінен қамшы салдырмайтын Әділжан секілді шәкірттердің қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін жанымдай жақсы көретін өзім де бармын. Жасырып-жабатыны жоқ, маған ауызша сабақтар оңай тигенімен, химиядан Менделеев кестесіндегі түрлі элементтердің өзара байланысу, әрекеттесу процестерін бірден қабылдап-түсінуім қиындау еді. Бәлкім, бұл менің әу бастан гуманитарлық пәндерге бейімдеу болғандығымнан да шығар. Көбінесе, сол кездері аталмыш пәндерден мен түсінбеген тақырыптарды маған қайталап түсіндіретін де Қайыржан болатын. Кейде түстен кейін ол маған келіп, екеуіміз бірге үй тапсырмасын орындайтынбыз. Бір жолы 10 – сыныпта химиядан «Көмірсутекті газдар» тақырыбын өткенде, газ тәрізді қанық көмірсутек – бутаннның химиялық құрылымын теориялық жағынан ұғынғаныммен, оның басқа элементтермен әрекеттесуінің химиялық сызбасын (схемасын) қанша оқысам да, түсіне алмай-ақ қойдым. Сонда маған оның: «Бутанның екі изомері бар. Біріншісі: Қалыпты газ, екіншісі: Изобутан немесе метилпропан. Бутанды алғаш рет ағылшын химигі иодты этилді мырышпен әрекеттестіріп алған. Бутаннан бутадиен, уксус қышқылын ал, изобутаннан жоғары октанды бензин компоненттерін алады», - деп, оның химиялық әрекеттесу сызбасын дәптерге жазып, тәптіштеп түсіндіріп, артынша: «Енді, осы менің айтқанымды қайтала», -деп, менен «шағын емтихан» алғанда, ол маған қасымда отырған өзім киноға бірге баратын қараторы жігіт емес, құдды бір түсі суық қатал ұстаздай көрінген. Оның алдында өзімді оқушыдай сезінген мен, сол сәтте оған таңырқай қарағанмын...
8-сыныпқа дейін «А» және «Б» сыныптары болса, 9- сыныпта Жаңа Үлгі, Каменка, Жоғарғы Березовка ауылдарындағы 8-жылдық мектепті бітіргендер одан ары оқуларын біздің мектепке келіп жалғастырды. Осы оқушылардың басын біріктірген тағы бір «В» сыныбы ашылды. Сонда қызық, кейде әлдеқалай ұстаздарымыздан сөз естіп, ренжи қалсақ, кейбіреуіміз біз кетсек өз сыныбымыз құрдымға кететіндей, Рыков мектебінің бір қабырғасы опырылып түсетіндей, бірден «В» сыныбына ауысамыз», - деп бұлданамыз. Ондайда сынып жетекшіміз Гүлнар апай бізге: «Түсінбеймін, «Б» сыныбынан «В» сыныбының қандай айырмашылығы бар. Жылы орындарыңды суытпай, одан да өз сыныптарыңда оқи бермейсіңдер ме? Ал енді, тіпті, кетем десеңдер, сендерді ешкім ұстамайды», - деп ұрысқан сыңай танытады. Бірақ, бәрібір ондай сәттерде апайдың бізді басқа сыныпқа қимайтыны көзінен көрініп тұрады. Өзі жетекші ретінде қабылдап алған алғашқы сыныбы болсақ, бізді қайдан қисын басқаға?! Жаны нәзік сынып жетекшіміз әр шәкірті үшін бірде мұңайса, бірде қуанып, кейде бізді аналарына емініп қарап отыратын кішкентай балақайлар секілді аяп кететін. Бір жолы қоғамтану сабағында тауар құны мен оның бағалануына қатысты сөз қозғалғанда, аталмыш тақырыпқа қатысты мысал ретінде бұлғын тон (соболиная шуба) туралы айтқан бір сөзі үшін 10 сыныптың екінші тоқсанында, 31 – қаңтар күні дәл өзінің туған күнінде ең алғашқы болып, Бақыт Абырайымованың қармағына ілініп, нақақтан нақақ күйіп, тәртібі педкеңестің талқылауына түскен ортамыздағы озат шәкіртін қорғап тұрып, Гүлнар Ақатайқызының көз жасына ерік бергені де бар. Десек те, әлгі ұғымтал оқушы сол жылғы түлектердің ішінде бірінші болып, жоғарғы оқу орнына түскенде жүрегі жарылардай болып қуанған да, осы сынып жетекшіміз. Арада жарты жыл өткенде осы шәкірті қысқы каникулға келгенде Алтайда көшеде Гүлнар апаймен кездесіп қалдық. Ұстазымыз бізді үйіне шайға шақырды. Сонда үстел басында отырып, апайдың сол шақтарды: «Жаңа оқу жылы басталғанда мұғалімдер бөлмесіне кіріп барып, бүкіл ұстаздардың алдында «Қоғамтануда қуғындалса да, орыс тілінен «5-ке» шыққан тоқсандық бағасы қасақана төмендетілсе де, менің оқушым өз білімін дәлелдеп, студент атанды», - деп, бірінші болып, бәрінен өзім сүйінші сұрадым» деп есіне алғаны бар. Гүлнар Ақатайқызы түсінігі мол тәлімгер. Ол кездері өзі де 25-тен жаңа ғана асқан жап-жас апайымыз әр шәкіртінің жан дүниесіне тереңірек үңілуге тырысатын. Әрдайым әр тақырыпта қыздармен бөлек, ер балалармен оңаша отырып сөйлесетін. Сыныптағы оқушылардың еркіндігі мен таңдауларына да өзгеше көзбен қарап, түсіністік танытатын. Сол кездері жұбы жазылмайтын, бірі есепке жүйрік, бірі әдебиеттен шығарма жазуды жаны сүйетін қос шәкіртін: «жүрек қалауларың бойынша бірге отырыңдар», - деп, бірінші қатардағы алдыңғы партаға бірге отырғызып қоятын да, ара-арасында олар сабақтан кешігіп не дайындалмай келсе, «ойпырмай-а, бұл не деген күйіп-жанған махаббат, сабақты да ойлаңдар», - деп қатуланып ұрсып та алатын. Бірақ, оның осы бір «ашуы» ұзаққа бармайтын. Артынша, қазақ әдебиеті сабағы басталғанда, оның бәрін ұмытып, өзі түсіндіретін тақырыбының арнасына тер-е-е-ң бойлап кететін. Сынып жетекшіміз бізге қазақ әдебиетінен 8, 9, 10 сыныптарда үш жыл бойы дәріс берді. Оның бәріне тоқталмай, соның ішінде, әсіресе, 8-сыныпта басталатын «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәнін айтсам, қазірге дейін Гүлнар апайдың тақтаның алдында сабақ түсіндіріп тұрған бейнесі айна-қатесіз көз алдыма келе қалады. Аталмыш пәннің беташар сабағын апайдың: «Фольклор – ағылшын сөзі. Қазақша аударғанда мағынасы «Ауызша айтылатын көркем сөз» деген мағынаны білдіреді. Ауыз әдебиеті ауыздан ауызға тарайтындықтан да ел аузында қалады. Оның түрлері көп; аңыз-әңгімелер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, эпостық жырлар. Бұл эпостық жырлар өз ішінде – батырлар жыры және ғашықтық тақырыбындағы лиро-эпостық жырлар болып екіге бөлінеді», - деп әңгімелей келе, сөзін «Ауыз әдебиетіндегі әрбір образдың әсерлі шығуы әдебиетте кең қолданылатын метафора, синекдоха, гипербола, литота секілді эпитеттік теңеулерге байланысты. Мысалы, қараңдар, «Тайбурылдың жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп» деген теңеуді алсақ, бұл хас тұлпардың бейнесін әсірелеудің бір көрінісі. Яғни, бұл жерде гипербола яғни шектен тыс әсірелеу қолданылып тұр», -деп түйіндейтін. Осылайша біз де ұстазымызбен бірге мүлгіген тыныштық орнаған сынып бөлмесінде бір сәт сонау ежелгі ғасырлардың қойнауына еніп кеткендей күй кешуші едік. Осы сынып жетекшімнің бойындағы бір ерекшелігі оның сөйлеу тілінде жасырынған ба деймін. Бірақ, оның осы «Р» дыбысын тілінің астымен сәл бұрап айтатын, басқаларға ұқсамайтын өзгеше қыры оның аузынан шыққан әр сөзіне рең кіргізіп, ажарландырып тұратынын апайдың өзі де байқамайтын секілді. Ұстазымның дауыс тембіріне басқаша бояу қосып әрлендіріп тұратын бұл ерекшелікті оның өзіне ғана тән «өзшеге табиғи шарм» десе де болғандай. Жазу өнеріне ықыласым бөлек болғандықтан ба, өзі де сөздің мәйегін жіті түсінетін Гүлнар Ақатайқызы менің сол кездері аудандық газетке жолдаған шағын мақалам жарық көрсе, ізінше оқып, маған пікірін айтатын. Кейде сабақтан кейін мені жеке алып қалып: «мектепте өткен мынадай-мынадай шаралар туралы жаз»,- деп, арнайы тапсырма да беретін. Сол кезде «Болашақта журналист болсам», - деп, армандайтын мен үшін сүйікті ұстазымның мұндай қолдау-демеуінен, қанаттандыруынан артық ештеңе жоқ секілді көрінетін...
Бір жолы күзде Гүлнар Ақатайқызының өтініші бойынша бүкіл сынып болып, апайдың үйіне картоп қазуға бардық. Сонда өзі бізді шақыруын шақырып алса да, картоп қазып жүрген ұлдарға: «қатты күштеріңді салмаңдар, шаршап қаласыңдар», - деп, қыздарға: «шелекті толтырмаңдар, ауыр боп кетеді. Ара-арасында демалып алыңдар», -деп, жаны ашып, бізді аяп жүр. Айналасы екі-үш сағатта біз аядай огородтағы картопты қазып, апайдың үйінің жертөлесіне тасып, салып бердік. Риза болған ұстазымыз бізге ыстық тамақ әзірлеп, дастархан жайды. Оның анасы Қантай әжей де: «Айналайындар, шаршадыңдар, қарындарың ашты ғой», - деп, жік-жаппар болып жүр. Біз кеш батып бара жатса да, кеткіміз келмейді. Шайды сораптап, әңгіме айтып, отыра бергіміз келеді. Ондағымыз тағы да сол «келесі күні сабаққа дайындалмай барсақ та, басқаның емес, сынып жетекшіміздің картобын қаздық, бізге бәрі кешірімді, ешкім ұрса қоймас» деген ой баяғы...
Негізі, біздің оқушылық кезіміз романтикаға толы болды. Өзіміз қандай албырт болсақ, арман-мақсаттарымыз да асқақ еді. Мен Рыков мектебіндегі сыныптас қыздардың айнаға қарап, шаштарын тарап, қырланып-сырланып, бойжете бастаған, ұлдардың шаштарын қарсы қайырып, шалбарларының қырын пышақтың жүзіндей етіп, сәнденіп, бой түзеп, қыздарға көз салып, сезімдері бүршік ата бастаған кездеріне куәмін десем, артық айтқандық болмас. Ол кездері қазіргідей, кафе-ресторанда емес, туған күндерді әрқайсымыз өз үйімізде атап өтетінбіз. Дәл осындай туған күнін саршұнақ аяз бетті қаритын қақаған қыста қаңтардың соңғы күні өз үйінде атап өтіп, бәрімізді шақырған Қайыржан. Ұмытпасам, сол кезде оның «Рекс» деген овчаркасы болды. Менің иттен қорқатыным сондай, қасымда оның өзі болса да, қақпадан кірмей, біраз кідіріп тұрдым. «Қорқам, кірмейім» десем, ол маған: «Рекс сенен қорықпайды. Әнеу күні Ержан ағам темекінің тұқылымен танауын күйдірген екен, Рекс содан ғана қорқады», - деп, мені одан ары үрейлендіріп, ыржалаңдап күледі. Содан әйтеуір сыныптастардың ішінде біреуі итті ұстап тұрып, ақырындап үйге кіргенім бар. Онда да, мерейтойлық кеш өте әсерлі өтті. Туған күн иесінің Ленин мектебінде оқитын немере әпке-қарындасы Алма мен Альмира да келіп, бізді күтіп, бәйек болып жүр. Біздің шектен шығып кетпейтінімізге сенген болуы керек, Қайыржанның анасы Сағаш апай бізбен амандасты да: «Кедергі жасамайық!» дегендей ишара білдіріп, басқа басы артық сөз айтпай, төргі бөлмеге кіріп кеткен. Әзіл-қалжың, дастархан басындағы қосыла шырқаған әсерлі әндер, ойындар, бәрі-бәрі осы басқосудың шырайын кіргізді. Арасында әсем әуен ырғағында би билесек, енді бірде досымыздың жеке бөлмесіндегі қарапайым пластик бөлшектерді төртбұрыш етіп құрастырып, ішіне қызыл түсті шамды орнатып, өз қолымен жасаған туындысын көріп, оның «өнертапқыштық» қабілетіне қайран қалдық. Осынау мойыл көзді, бұйра шашты, қараторы жігіттің туған күніне дейінгі және кейінгі сәттер әлі менің есімде...
9-класта, 2-наурызда өткен тағы бір сондай әсерлі басқосудың бірі – арамыздағы бір үйдің еркесі, Кәкім аға мен Шәмшия апайдың тұла бойы тұңғышы, қандай сәнді киім кисе де, талдырмаш денесіне құйып қойғандай жараса кететін Фариданың туған күні. Сонда таңнан кешке дейін тәтті-дәмдіні пісіріп, сол туған күннің жақсы өтуіне мұрындық болған құрбымыздың қонақжай анасы Шәмшия апайдың небәрі 40-тың ар жақ, бер жағындағы кезі. Ол біз отырған бөлмеге кіріп, туған күннің шымылдығын құттықтау сөзімен ашып, төл перзентіне жүрекжарды тілегін білдірді де, «Айналайындар, енді өздерің қысылмай, еркін отыра беріңдер», - деп, бізді оңаша қалдырды. Басқаны айтпағанда, сол жолы ол кісінің қолынан шыққан дәмі тіл үйіретін түшпараға бір тойғанымыз есімде. Сол жылы 24 – сәуірде Әділдің де шаңырағында оның 16 жасқа толған күнін тойладық. Сол кездегі сыныптасымыздың үйіндегі арнайы шынының (рама) ішіне салынған, төрде ілулі тұрған көздің жауын алардай фотолар, үй жиһаздарының орны-орнымен қойылғаны, тап-тұйнақтай боп жиналған төсектердің сәнділігі, бәрі-бәрі ең алдымен бұл отбасының отын маздатып отырған, осы шаңырақтың отанасы – Әділдің анасының қолтаңбасы екенін әйгіліп тұрған-ды. Досымыздың анасы әзірлеген дастархан мәзірін айтпағанда, туған күн иесінің өзі қоңыр даусымен гитараға қосылып ән салып, көңілімізді бір көтергені де керемет әсер қалдырған. Негізі, Әділ сабаққа зеректігімен қоса, әсіресе, тарихи кітаптарды оқуға да құмар болды. Басқаларға қарағанда өнерге де біртабан жақын еді. Тарихы сонау 6-7- ғасырларда үнді елінен бастау алып, уақыт өте сыған халқының сақтап қалуымен бізге жеткен, музыкалық аспаптардың ішіндегі төресі – алты ішекті гитараны шертіп-үйрену де орындаушыдан музыкалық есте сақтау қабілетін талап ететінін ескерсек, Әділ бұл аспапты нотаны білмей-ақ, өз бетінше оп-оңай үйреніп алған. Диапазоны аса үлкен болмаса да, ән салғанда даусының тембірі де құлаққа жағымды. Сол әншілігін жалғастыра берсе, бәлкім, ол бүгінде Ресейдегі дәрігер һәм бард әнші Александр Розенбаумдай бесаспап болар ма еді?! Сол кеште сол жылдары сәнге айналған хит әндер – Михаил Боярский айтатын «Сивка Бурка», әйгілі «Самоцветы» вокалды ансамблі орындайтын «Синий иней» әндеріне жұлқынып, барымызды салып, билегенбіз. Ал, одан да ғажабы, сол кезде бізден бір сынып жоғары оқитын, шуақты күлкісі жан-жағын сәулелендіріп жіберетін жылы жүзді сүйкімді қыз Айнұр мен туған күн иесі Әділдің ортамызда дөңгелене вальс билеген сәті. Сол бір көрініс қазірге дейін көз алдымда. Осы кеште олармен қосыла бәріміздің де «Снег кружится» әніне жұптасып, қайта-қайта вальс билегеніміз сондай, ертеңінде сәуірдің мамыражай күні аяқ астынан өзгеріп, жапалақтап қар жауа бастағанда, сабақта отырып, терезеге көз тіккен біз: «Дәуде болса, осы қарды өзіміз шақырдық-ау», - деп жорамалдағанбыз.
Шіркін, жастық шақ деген ғажап қой. Ештеңеден шаршамайтын, ешнәрседен тайсалмайтын, тауды жарып, тасты қопаруға дайын кезіміз. Жастық шақтың өзі қандай сұлу болса, сол кезде білместікпен жасалған қателіктер мен тентектіктер де кешірімді секілді. Бір сөзбен айтқанда, ноқтаға басы сыймайтын жастық атаулыға бәрі жарасымды... Бір жолы Катонды қойып, көрші ауыл Қабырғаға Әділжанның туған күнін тойлауға бардық. Қызығы сонда, сол туған күнге біреулерден естіп, түн ортасында Ленин мектебінде оқитын (Жаполя) Жанболат Касенов бастаған 3-4 бала кіріп келгенде, сенер-сенбесімізді білмей, бәріміз аңтарыла қарағанбыз. Біріміз мотоциклге мінгесіп, біріміз жол бойында өтіп бара жатқан көлікке жабысып, енді біріміз «Катон-Өрел» бағытындағы кешкі автобусқа отырып, Қабырғаға дейін жетіп, кері қарай велосипедпен қайтқан біздер, олардың арақашықтығы бақандай 7-км–ді құрайтын жолды артқа тастап, жаяу-жалпы жеткендеріне қайран қалғанбыз. Тағы бірде 9-сыныпта Болған өз үйлеріне жапсарлас тұрған Мәрзия апайының үйінде 5- қараша күні туған күнін жасайтынын айтты. Біз бәріміз қосылып, кітап, қалам секілді шағын сыйлығымызды алып, жетіп бардық. Бірақ, өкінішке орай, сол күні ол кісілер басқа жерге қоныс аударуына орай, құрбымыздың жоспары жүзеге аспай, бізге берген уәдесі орындалмай қалды. Біз сонда да бір топ ұл-қыз жиналып алып, күздің қара суығында кешкі 7-ден 8-ге дейін «Болған туған күнін бәрібір атап өтеді» деп, дәмеленіп, оның үйінің алдында «Болған, Болған», - деп, айғайлап, ұзақ тұрдық. Бірақ, сол қылығымыз үшін келесі күні сабаққа келгенде Рымжан апайдың бетіне қарауға бәріміз қатты қысылғанбыз. Бір жолы 1984 жылғы Жаңа Жылды Катонның ортасындағы бұрынғы «50 лет Октября» көшесінде орналасқан 2- қабатты үйлердің бірінде тұратын, сол кездері аудандық партия комитетінде қызмет ететін, Ботагөздің әпкесі, (марқұм) Жанат Мырзабекқызының пәтерінде қарсы алдық. Оның алдында сабақта отырып, «Жаңа Жылды қайда өткіземіз?», - деп бас қатырғанымызда, не нәрсені де жеті рет өлшеп, бір рет кесетін, мама қаздай байсалды Ботагөз біраз ойланып отырып, барып: «Апайыммен сөйлесіп, көрейін. Рұқсат берсе, оның пәтерінде өткізерміз» деген-ді. Шынымен, ол сөзінде тұрып, әпкесінің келісімін алып, желтоқсанның соңғы күні бәріміз бізге пәтерін босатып берген Жанат апайдың шаңырағында дуылдатып, вечерді бастап кеттік. Ол кезде біздің ондай басқосуларымыздың ажарын ашатын «Дюшес» лимонады, томат, шабдалы шырыны секілді сусындар болатын. Қазіргі жастардай бірден қымбат виски, виноға тапсырыс беру оймызға да кіріп-шықпайтын. Онда да мерекелік кешіміз енді қыза бастағанда тағы да Ленин мектебінің оқушылары Тимур Смамағзұмов, Жанболат Касенов, Мағрипа Әбішева, Гаухар Жанәбіловалар аяқ астынан топ ете түсті. Біздің қыздар: «Ойбай, мыналарды кім шақырған?», - деп бір-бірімен өзара сыбырласып жатқанда, мен іштей: «Бұларды бізге білдірмей шақырған ортамыздағы бір адам болса, ол Тимур мен Жанболаттың көршісі әрі кішкентайынан бірге өскен досы біздің Қайыржан болар», - деп ойладым. Ал, ол болса, үндемей, тойған қозыдай момақан күйінде жылы жымиып қана алдында тұрған оливие салатын жеп отыра берген-ді. Не керек, сол жолы түннің бір уағына дейін дуылдатып, музыканы барынша қатты қойып, бидің түбін түсіріп жатқанда Жанат апайдың сол кездегі көршісі, қазір Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұратын Мақаділов Тілеубек ағайдың әйелі Күлзипа апай кіріп келіп, бізге: «Қыздар-жігіттер, бәрін түсінем. Біз де жас болдық. Вечерлеріңде еш шатағым жоқ. Бірақ, сендер бүгін бізге ұйқы бермедіңдер. Музыканың даусын сәл басыңдар», - деп ескерту жасады. Біз, әрине, сол сәтте «Құп болады!», - деп, музыканың даусын азайтқанды қойып, мүлдем өшіріп, тастадық та, арада жарты сағат өткенде қайтадан дуылдаттық. Ол апай тағы да келіп, 1-2 рет ескерту жасады да, біз өзіміздікін істеп болмағасын «Бұларға айттың не, айтпадың не, дауа жоқ екен», - деп, ойлады ма, содан кейін үнсіз қалған. Иә, айта берсем, біздің сабақтан тыс кездегі оқушылық өміріміздің сәулелі сәттері саналған мұндай басқосулар көп-ақ. Бірақ, соның ішінде Катонның басындағы наубайхана маңындағы Бақытгүл Қоқымбаеваның үйіндегі таң атқанға дейін болған біздің мектеп бітіру кешіміздің орны, тіпті, бөлек. Ойлап қараңыз, таң рауандап атып келеді... Ең алдымен таңшолпан бой көрсетсе, одан кейін шұғыла, алау түстес шапақ, ал оның ізін ала бере таңның ең сұлу келбеті - арай туады. Одан кейін ғана күншығыстан күн көтеріледі. Осының бәрін сол кезде көзбен көріп, куә болған біз қандай бақытты едік...
Сөздің шыны керек, ол кезде біз тентек болсақ та, ақылды тентек болдық деп ойлаймын. Өрескел ештеңе істеген жоқпыз. Біз болашаққа сендік. Қазіргі кездің жастарындай «дайын асқа тік қасық» болып, әке-шешеміздің дайындаған дүниесін иемденуге тырыспадық, мүмкіндігінше бәрін өз қолымызбен істегіміз келді. Бірден баюды, бірден қызметтегі мансапты ойламадық. Біздің ойымыз қалаған мамандығымыздың иесі атанып, ата-анамыздың алдындағы перзенттік парызымызды өтеу еді. Солай істедік те. Одан жаман болмадық. Сол бір арман-мақсаттарымызға қол жеткіздік деп ойлаймын. Мектеп бітіргеннен кейін біздің арамыздан әскерилер де, дәрігерлер де, инженерлер де, мұғалімдер де, қаржы мамандары да, есеп-қисап саласының мамандары да, айтулы кәсіпкерлер де, журналист те шықты. Атап айтсақ, кешегі бұйығы қыз, облыс орталығындағы Жол-құрылыс институтын бітірген Венера Мусина Өскемендегі «Стандарттау және сертификаттау» орталығында жетекші сарапшы-маман, Семейдің мединститутын тәмамдаған, бүгінде Талдықорғанның Үштөбе қаласында тұратын досымыз Әділ дәрігер-психиатр. Алматыдағы халық шаруашылығы институтында білім алған Ботагөз Нүриева қазір Үлкен Нарын аудандық салық комитетінде бөлім бастығы. 8- сыныптан кейін оқуын Өскемен медучилищесінде жалғастырған Гүлнар Мұсабаева облыс орталығындағы жекеменшік емханада медбике. Өскемен бухгалтерлік мектебін бітірген бұрымдыларымыз Бақытгүл Темірханова Үлкен Нарын ауданына қарасты Жоғарғы Березовка ауылындағы балабақшада, Ақгүл Жәмешкенова Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданындағы бір құрылыс компаниясында бухгалтер болып қызмет етуде. Осы мамандықты игерген, 1987-88жж. Катонда балабақшада, «Алтай» кеңшарының есептеу бөлімінде істеген Айнұр Смайылова мен Әсия Тауданбековалар қазіргі кезде бірі - Жетісу облысына қарасты Текелі қаласындағы, бірі - кеншілер қаласы - Риддердегі сауда үйінде сатушы болса, Фарида Құмашева Астанада өзінің жеке кәсібін дөңгелентіп отыр. Зырян медучилищесінің түлегі Қаршыға Елубаева туған ауылындағы емханада медбике болып еңбек етсе, тура осы мамандықтың иесі Нәзигүл Жаниярова да Өскемендегі «Колос» шағын ауданындағы емханада тәжірибесі толысқан медбике. Ресейдің Пермь қаласындағы әскери училищеде білім алған, ата-анасының шаңырағындағы үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл - Қазбек Уақпаев белгілі бір себептерге байланысты өз мамандығынан сәл жырақтап, біраз жылдар Үштөбедегі теміржол саласында, Алматыдағы шағын несие беру ұйымдарында еңбектеніп, соңғы жылдары Астанаға қоныс аударса, осындай тағы бір сыныптасымыз Саратов қаласындағы әскери училищенің түлегі, алты жыл бойы Волгоградтағы атағы дардай бір әскери бөлімшеде абыройлы қызмет атқарып, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын», - деп, 90-жылдардың басында өз еліне оралып, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай, Глубокое аудандарының полиция бөлімдерінде аянбай еңбек етіп, 45 жаста еңбек демалысына шыққан, арамыздағы ең жас зейнеткер, қазірде ІІД запастағы майоры Талғат Тауданбеков. Оның қатарында 55 жасында көп балалы ана атанып, зейнетке шықса да, қазірге дейін еңбектен шет қалмаған, облыс орталығындағы емханада жұмыс істейтін Бақытгүл Смағұлова да бар. Ортамызда төл мамандықтарынан қол үзіп, нарық заманына бейімделіп, кәсіпкерлікке бет бұрғандар да баршылық. Алматы Энергетика және байланыс институтын бітірген, инженер-энергетик Қайыржан Сқақов сонау 90-жылдардың басында Катонқарағайда өз мамандығы бойынша аудандық телефон байланысы жүйесінде еңбек етсе, бүгінде сауда-саттық саласының қыр-сырын жетік меңгерген кәсіпкер. Өскемен педучилищесін тәмамдаған Болған Алханова да, бастапқы кезде балабақшада жұмыс істесе, соңғы жылдары жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Мұндай нәсібін кәсібінен тапқандардың қатарында Өскеменнің ЖМК шағын ауданындағы «Фрэш-Маркет» орталығында ет саудасының көрігін қыздырып жүрген тағы бір сыныптасымыз Гүлмира Сүлейменова да бар. Туғаннан бері кіндіктері Катонға байланған (Быча) Бақытжан Қалиев пен Талғат Қыдыровтар талай жылдан бері ірі-қара мал өсірумен айналысып жүрсе, Сайранхан Әженовтің Ұлан ауданына қарасты Саратов ауылшаруашылығы колледжінің әкімшілік бөлімінде еңбек етіп келе жатқанына да талай жылдың жүзі болды. Әділжан Кәтішев пен Ерікжан Болысаевтар - бірі – облыс орталығындағы құрылыс компаниясында, бірі – теміржол саласындағы өрт сөндіру бөлімінде еңбек етуде. Асқар Абылғаязов Өскемендегі жекеменшік бір компанияда жүргізуші болса, Асқарбек Сәрсеков Катонқарағай орман шаруашылығы мекемесінің Қабырға бөлімшесінде орманшы. Кезінде елу жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың өзі алғашқы еңбек жолын бастаған Риддерде тұратын сыныптасымыз - Сәулебек Ибраимов осы шаһардың жылу энергетикалық орталығында дәнеркерлеуші. Әлбетте, бұлардың арасында С. Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы КазГУ-дің журналистика факультетінің түлегі, бүгінде «Хабар» телеарнасының аутсорсингтік бағдарламаларының редактор-сценарисі, тележурналист-публицист, осы жолдардың авторы Арай Сахариева да бар. Тек маған қазірге дейін немен айналысатындары белгісіз сыныптастарым, олар, 8-сыныптан кейін оқуларын орта кәсіптік техникалық училище мен кешкі мектепте жалғастырған Ержан Рақыжанов пен Ләйлә Қожағұловалар. Мен ең бірінші кезекте өзім үшін емес, осынау өмірден өз орындарын тапқан әрбір сыныптасыммен мақтанамын әрі сан ұрпақты білім нәрімен сусындатып, үлкен өмір айдынына жол сілтеген парасатты педагог, сынып жетекшім Гүлнар Қайсенованың шәкірті болғаным үшін де ұстазымды мақтан тұтамын.
Қалай айтсам да, қай қырынан қарамасам да, мен үшін сілемдері аспанмен таласқан, асқақ Алтайдың етегінде қоныс тепкен, туған жерім – Катонқарағайға жететін жер жоқ. Бұл өлке қойнауын сирек кездесетін түз тағылары мен аң-құс мекен еткен, нулы орман-тоғайы сыңсыған, көк майсасы жайқалған әсем табиғатымен кім-кімді де өзіне баурап алатын жер жаннаты. Ол, ол ма, сонау Шығыстың бір түкпіріндегі жер астынан шығатын табиғи-шипалы суымен әйгілі «Рахман қайнары» мен қысы-жазы шыңынан қар кетпейтін, көркем сөздің құлагері Оралхан Бөкейдің өзі өле-өлгенше қара сөзбен жырлап өткен Мұзтауды айтсайшы?! Ал, бүгінде Қазақстанның брендіне айналған, мың бір дертке дауа - Катонқарағай маралының пантысын, балы мен қымызын ешнәрсеге теңгеруге болмайтыны бесенеден белгілі. Сайып келгенде, туған жеріміз – бізді өзіне мәңгі ынтызар етер түп қазығымыз болса, арада қанша жыл өтсе де, қайтып оралатын алтын ұя – мектебіміз бізге жол нұсқап, бағыт берген темірқазығымыз. Ұшқан ұямыз бізге сонысымен де ыстық. Бүгінде ашылғанына 92 жыл болған бұл білім ордасының өткеніне зер салсақ, аталмыш мектеп сонау 1932 жылы Алтай бастауыш мектебі болып құрылып, 1936 жылы 7-жылдыққа ауысса, 1939 жылы 8-ші сынып ашылып, 1956 жылы орта білім беретін оқу ордасына айналған. 1965 жылы мектепке жерлесіміз, Оңтүстік майдан кеңесінің дивизия комиссары, генерал-лейтенант Евгений Рыковтың аты берілді. Бұл білім ұясынан біз ғана емес, өмірдің сан-саласына талай-талай талапты да, талантты ұл-қыздар түлеп ұшты. Әр жылдары бітірген ондай шәкірттердің бәрін жіпке тізіп санамаламай, 70 жылдардан бергі уақыт бедеріне көз жүгіртсек, мәселен, бұл мектептен оқу озаты Раушан Айдарбаева 1978 жылы Мәскеуде өткен БЛЖКҰ-ның 18-сьезіне делегат болып қатысты. Кеңес заманында Ауған жерінде әскери міндетін өтеп жүріп, қапияда қаза тапқан Киікбай Жанпейісов осы мектептің 1980 жылғы түлегі болса, 1994 жылдың 28 қыркүйегінде Тәжік-Ауған шекарасында Гаюра мен Қарақол лаңкестерімен шайқаста көзсіз ерлікке барып, өз өмірін қиған кіші сержант Раджан Батырханов та осы білім ұясын 1992 жылы тәмамдаған өрен. Сондай-ақ, бүгінгі бейбіт заманда 2021 жылы 13 наурызда «Астана-Алматы» бағытында ұшып шыққан ҰҚК әуе қызметінің апатқа ұшыраған АН – 26 ұшағы ұшу тобының борттехнигі, өмірінің соңына дейін әскери антына адал болған, капитан, Ресейдің Краснодар қаласындағы әскери-авиациялық училищесін бітірген Досжан Баймұратов та 2003 жылы осы мектептен түлеп ұшқан азамат. Бүгінде бір өзі – бір дәуірге айналған Рыков мектебінің ұстаздар қауымы біз секілді барша түлектерімен бірге осынау ұландарын ұмытпай, әрдайым ұлықтап, ардақ тұтады.
...40-жылдан кейінгі кездесу... Иә, бүгінде әсем қала – Өскеменнің байырғы тұрғындарына айналған Болған, Венера, Гүлнар, Ерікжан сынды менің қадірлі сыныптастарымның ұйымдастыруымен өтетін бұл кездесу жай ғана кездесу емес, құлын-тайдай бірге өскен бір жылдың төлі – құрдастардың кездесуі... Бұл - бір кезде бір сыныптың ауасымен бірге тыныстап, бір мезетте бір ұстаздың дәрісін бірге тыңдаған ұғымтал шәкірттердің басқосуы... Бұл - бір ұядан түлеп ұшқан жастардың жүздесуі... Бұл - арада бір емес, үш мүшел уақыт өтсе де, сол бір асқақ армандары әсте аласармаған, тілегі бір түлектердің табысуы... Бұл қандай әсерлі еді!... Бұл қандай құлаққа жағымды естіледі десеңші!... «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей, мен қазір шырайлы қала – Шымкенттегі қонақ үйдің аядай бөлмесінде отырып-ақ, сыныптастарымның осынау жүздесуді аңсап, күн санап жүргендерін сезіп отырғандаймын... Ал, осы бір кездесуде олардың бір-бірімен қалай сағынысып, көрісетіндерін ойласам... Жоқ, мен оны тілмен жеткізіп суреттей алмаспын. Ендеше, Алла сыры бір сыныптастарыммен менің де тезірек қауышуыма жазсын. Өйткені, жастық шақтың жырын бірге жырлаған әр сыныптасым, менің мектеп партасында өткен балдәурен оқушылық өмірімнің куәсі һәм белгісі.
Арай Сахариева,
журналист,
Қазақстан Журналистер одағының Кенжеболат Шалабаев атындағы сыйлығының лауреаты.
Е. Рыков атындағы мектептің 1984 жылғы түлегі.