(Көрнекті мемлекет қайраткері Нұғыман Манаевтың туғанына 100 жыл)
Биылғы жылды кілең бір арыстар мен алыптар жылы десе болғандай екен. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанбек Қожанов сияқты жалқымыздың біртуар ұлдарының бір-біріне жалғаса келген бір ғасырлық мерейтойларының жер-жерде кеңінен тойланып жатқаны соған дәлел.
Халқымыздың тарихында өзінің лайықты бағасы мен орнын алуға тиісті сондай ардақтыларымыздың бірі – бар күш-жігері мен білімін туған елінің болашағы жолында сарп еткен, кезінде жеке адамға табынудың құрбаны болған Нұғыман Манаев. Алайда осы бір кезінде мемлекет қайраткері деңгейіне дейін көтерілген кесек тұлғаның артында қалдырған азды-көпті мұрасының жұртшылық назарынан тасада қалып, есімінің ескерілмей келуі жанға батады. Нұғыман Манаевты білетін, бір кезде оны көре қалған көнекөз қариялар қатары бұл күнде сиреп қалды. Ал, бүгінгі ұрпақтың арасында оның тіпті есімін естімегендер де аз болмаса керек. Ол үшін, әрине, жастарға өкпе артуға болмас. Бұл арада бар кінәні кешегі қызыл империяға, коммунистік идеологияға жабудың да жөні жоқ. Өйткені, Манаевтың рухы ақталғалы да қырық жылдан астам уақыт өткен екен. Бұл – оны өзіміз ғана танып-
біліп қоймай, өзгелерге де танытуға әбден жеткілікті уақыт емес пе?!
Ендеше, Нұғыман Манаев кім еді? Ол бізге несімен қадірлі, несімен қымбат? Келешек ұрпаққа оның қандай қасиеттерін үлгі-өнеге етіп ұсынуға болар еді?
Нұғыман Сәрсенұлы Манаев – алдымен айтулы ағартушы, ұлағатты ұстаз. Бұл жолға оны өмірдің өзі әкеліп салған. Осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын қыркүйектің бозқыраулы бір таңында шыр етіп дүниеге келген сәбидің мектеп жасына жеткенде Зәки Батраш сынды көкірегінде көзі бар аяулы жанға кезігуі – тағдырдың оған тартқан сыйы десе болғандай. Қазақ арасына Қазаннан келіп, Нұғыманның кіндік қаны тамған Жанбай ауылындығы медреседе ұстаздық қылып жүрген Зәки Батраш тумысынан зерек баланың бойында табиғат берген алғырлықпен қоса білімге деген құштарлық та барын қапысыз байқапты. Содан болса керек, 1907 жылы еліне қайтарда ол Нұғыманды да өзімен бірге ала кеткен екен. Ал бар өмірі сиыр соңында өткен, өзі әліпті таяқ деп танымайтын Сәрсен бақташының білімге талпынған кенже ұлына оң батасын беріп, қайдағы бір «көлденең көк аттыға» ілестіріп жіберуі сол кездің көзімен қарағанда шын ерлік емес пе?! Оның мұндай тәуекелге баруына Нұғыманның қаршадайынан орыс балаларымен ойнап өсіп, орыстың тілін де, әріптерін де өз бетінше әжептәуір үйреніп алғандығы себеп болса керек.
Қияндағы Қазанға қол ұстасып бірге аттанғанда ұстаз бен шәкірттің көздегені – сол бір тұста талай қазақты білім нәрінен сусындатқан «Ғалия» медресесі екен. Алайда олардың бұл ойы бірден іске аса қоймап еді.
Нұғыманның арманы тек 1912 жылы ғана орындалады: сол жылы күзде «Ғалия» медресесіне қабылданады. Бұл оның он сегізге аяқ басып, оң-солын танып қалған кезі ғой, қыс бойы оқып, жаз айларында баспаханада әріп теруші, әрі корректорлық қызметін атқара береді.
Медресенің қоғамдық жұмыстарына Бейімбет Майлинмен, Мағжан Жұмабаевпен, Сәйфи Құдашпен, Шайхзада Бабичпен бірге атсалысты. Тым еркін ойлары үшін Нұғыманның қысым көрген кездері де аз болмаған сияқты. Алған бағытынан кайтпаса, медреседен қуылатындығы да ескертіліпті.
Нұғыман Манаевтың «Ғалия» медресесінде өткен шәкірттік жылдары жайында башқұрттың халық жазушусы Сәйфи Құдаш өзінің «Ұмытылмас сәттер» («Незабываемые минуты», 1964г., Москва) атты кітабында тебірене сыр шертеді. Сәйфи Құдаш пен татар ақыны Хасан Туфан «Нұғыман абзиды біз өзіміздің ұстазымыз санаушы едік. Ол жай бастап, барған сайын көсіле шабатын дала жүйрігіндей, мейлінше шешен сөйлейтін адам болатын. Нұғыман сөздерін біз бүкіл жан-үниемізбен ұйып тыңдар едік», - десіп отыратын.
Нұғыман Сәрсенұлының журналистік, жазушылық қаламы да медреседе оқып жүріп Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» журналын шығарысуға құлшына кіріскен жылдарында ұшталды. Бұл тұста тек «Садақ» қана емес, басқа басылымдарға да жазып тұруға уақыт таба біліпті. 1915 жылы «Айқап» журналында «Аяқталмаған романнан үзінді» деген атпен жарияланған көркем туындысы соған куә.
«Ғалия» медресесін 1916 жылы тәмамдаған Нұғыман Манаев өзінің ұстаздық жолын Орал губерниясының Елек уезінде Мұқаметқалиұлы Қасым деген мырзаға жалданып бала оқытудан бастайды. Бұл – патшаның ел ішіне лаң салған атышулы маусым жарлығының шыққан кезі. Халықтың қайнап-тасқан ашу-ызасын, қайғы-қасіреттін көзімен көре тұра қолынан келер дәрменнің жоқтығына Нұғыман қатты күйзеледі. Ел қайғысын қайтсем жеңілдетем дегенде оның бар ойлап тапқаны – майданның қара жұмысына алынатын қазақ жігіттерімен бірге аттану. Бул туралы ол өзінің «Он алтыншы жыл лаңы» атты естелігінде былай деп жазады: «...Біздер Ақтөбеге келгенде мыңдаған адам жиналып қалған екен...Съезге «Қазақ» газетінен Міржақып келіпті. Азамат басына күн туды. Патша құрығы ұзын, құтқармайды. Ал қазақ жігіттеріне сауаттары да шамалы, орысша тілге де шорқақ. Қазақ оқығандары жігіттермен бірге кетіп, соларға қамқор болу төңірегінде ойлануда. Мен Міржақыпқа осы ойларымды айттым. «Егер жігіттер амалсыз алынатын болса, солармен бірге аттанып бас-көз болайын. Осыған көмектесе көріңіз», - деген тілек білдіріп едім. Міржақыптың жанындағы қарындылау келген сом тұлғалы қара кісі бетіме үніле қарады да: «Денсаулығың көтермейді ғой», - деді. Қара кісінің пікірін Міржақып та қостады. «Дұрыс айтады. Тым жүдеу екенсің. Әуелі өзің жазылып ал...» Бұл менің өкпе ауруынан жүдеп жүрген кезім болатын». («Еңбекші қазақ» газеті, № 2, тамыз, 1926ж.).
Сол жылдың күзінде Нұғыман өзінің туған жеріне – Бөкей облысының Теңіз уезіне (бұл күнде Атырау облысының Құрманғазы ауданы) қайтып оралады. Ел іші мұнда да дүрбелең, жігіттермен бірге аттануға денсаулығы жоқ. Сонда не істеуі керек?
Алдымен ауылдың Ерғали сияқты аузы дуалы ақсақалдарын жинап кеңес құрды. Өзі оқыған «Ғалия» медресесінің халықтан жиналған қаржыға ашылғанын әңгімелей келіп: «Келешек ұрпақ қамын ойлайық, олар оқитын мектеп ашайық», - деп тоқтады. Ақсақалдар бас изесті.
«Көп түкірсе – көл!» Бірер айдың ішінде үлкен мектептің алғашқы бөлмелері де дайын болды. Қалың жұртшылықтың өзінің талаптануымен тұрғызылған мектепке «Талап» деген ат берілді. Нұғыман өзімен ала келген бірер оқулықтың алғашқы беттерін қолмен бірнеше дана етіп көшіріп, шәкірттеріне үлестірді де, алғашқы сабақты бастап кетті.
1917 жылғы ақпан төңкерісін біреу үмітпен, біреу күдікпен қарсы алғаны белгілі. Оған дәмелене қарағандардың бірі Нұғыман Манаев болатын. Өйткені ол «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде-ақ түбі осындай бір өзгерістің болмай қойматындығы жайлы емескі хабарды татар, башқұрт зияларынан талай естіген. Сондықтан ол 1917 жылдың сәуір айында Орда қаласында өтетін бөкейлік қазақтардың губерниялық съезіне жерлестері өзін делегат етіп сайлағанда қарсылық білдірген жоқ.
Нұғыманның бұдан былайғы өмір жолын түгелдей жаңа бір арнаға бұрып жіберген бетбұрыс кезең осы съезден басталған еді. Съезде өзге мәселермен бірге, «Ұран» газетін шығару жөнінде шешім қабылданады да, газеттің редакторы болып Мұсағалиев, орынбасары болып Манаев белгіленеді. Ал газет шығару дегеніңіз қай кезде де оңай шаруа болмағаны белгілі. Көз шырымын алуға да мұршасы келмей баспаханада өткерген азапты күндері мен түндері Нұғыманның онсыз да сырқат өкпесін одан әрі әлсіретіп, ақыры ол Астрахань емханасынан бір-ақ шығады.
Қазан төңкерісінен кейін өмірдің өзі де қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан тұста Нұғыман да ауруханадан шығып, қат-қабат қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға қайтадан сүңгіп кетті. Әр қайраткердің бағасын уақыт, тарих береді десек, Нұғыман Манаевтың қашанда өз халқына адал болып, қалтқысыз қызмет еткенін ешкім де жоққа шығара алмас.
1919 жылы Астрахань қаласына шақырылып, төңкеріс комитетінің жұмысына белсене аралсқанда да, 1920 жылы Коммунистік партия қатарына өткенде де оның көкейінде жас Қазақ республикасының қаз тұруына қайтсем қол ұшымды берем деген бір-ақ ойдың тұрғаны анық. Сол жылдары Ресей федерациясы мен Қазақстан шекарасын белгілейтін комиссия құрылғанда оның құрамына Нұғыман Манаев еніп табандылық көрсетпесе, Қиғаш өзені де ежелгі Еділдің тағдырын құшып, жаттың қолында кете барар ма еді, кім білсін... «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылған» ата-баба аманатына бұдан артық адалдық болар ма?!
1920-1922 жылдары Нұғыман Сәрсенұлы Бөкей губерниясына қарасты уездік партия комитетінің хатшылығына сайланды. Ал 1923 жылы Ордаға шақырылып, губерниялық атқару комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі төрағасының орынбасары, губерниялық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды. Сонымен бірге оған «Кедей туы» газеті редакторының міндетті де қоса жүктелді. Газеттің алғашқы санында бұл басылымның алдына қойған мұрат-мақсаттарын жұршылыққа кеңінен түсіндіріп жазылған мақала авторы да Манаевтың өзі болатын.
1925 жылы Орал мен Бөкей бірігіп Орал губерниясына айналғаны белгілі. Осында губкомның үгіт-насихат бөлімін басқарған аз уақыт ішінде іскерлік қабілетімен көзге түскен Манаевты Қазақстан өлкелік партия комитеті енді Жетісу губерниялық партия комитетінің бірінші хатшылығына жұмсайды. Сол жолы ол Жетісу өлкесінің бүгінгі мен ертеңі жайындағы ой-толғаныстарын ортаға сала келіп губерния халық шаруашылығын өркендетудің кең құлашты бағдарламасын ұсынған. Орталық базар, ет комбинатын салу сияқты мәселелерге дейін қамтыған Манаевтың баяндамасы бойынша ВКП (б) Орталық комитеті арнаулы қаулы қабылдап, онда Түркістан – Сібір темір жолы құрылысын тездету міндетін алға тарты.
«Тауды бұзып, тасты жарып» 1475 шақырымға күре тамырдай созылатын темір жолдың үштен екі бөлігі Жетісу жерін басып өтетін болса, оған алдымен губерния жетекшісі бас ауырта толғанбағанда кім толғанады?! Дамыл-тыным дегенді ұмытқан Нұғыман Сәрсенұлы бұл тұста ерте демей, кеш демей құрылыс алаңдарынан, мамандар даярлайтын мектептерден, жұмысшылар арасынан табылатын. Өлкелік партия комитетінің VI конференциясында сөйлеген сөзін де ол негізінен осы жұмыстардың барысын баяндауға арнады.
1929 жылы өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланып, Қазақ республикасының халық ағарту комиссары боп тағайындалғаннан кейін Нұғыман Сәрсенұлы бұл қызметте бас-аяғы екі жылдан сәл ғана астам уақыт істесе де, осы қысқа мерзім ішінде көптеген мәселерді тиянақты шешіп үлгерген еді. Бұл орайда оның басшылығымен жасалған «Оқу жұмысының бесжылдық жоспары» ерекше көзге түседі.
Халық ағарту комиссары жалпыға бірдей білім беру жұмысын жалаң күйінде алмай, оны шаруашылық, тұрмыс, мәдениет салаларымен тығыз байланыстыра, сабақтастыра жүргізуге айрықша көңіл бөлген. «Біз халық ағарту майданында революция жүргізгелі отырмыз, - деп жазды Нұғыман Сәрсенұлы 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған мақаласында. – Бұның өзі шаруашылық майданындағы адамдарды да қайтадан баулу, қалыңқы адамдарға жалпы білім беріп қана қою емес, оларға белгілі мамандық беру, сонымен бірге тұрмысқа да жаңалық енгізу, сол адамдардың қызмет әдістеріне де, жұмыс істейтін шаруашылықтарына да әлеуметтік негізге бағытталған жаңалық енгізу деген ұғым... түйіп айтқанда, мәдениет революциясын шаруашылық саласы, тұрмыс жүйесіндегі мәдени мақсаттарымызбен байланыстыра жүргізу керек...»
Нұғыманның артында қалдырған азды-көпті әдеби мұраларының ішінде жоғарыда аталған аяқталмаған романынан басқа ақын Тайыр Жароковпен бірігіп жазған «Ұлан даусы», кезінде «Қазақ» газеті жылы лебіз білдірген «Иман ислам» атты кітаптары, «Жастар арасында», «Азамат» деп аталатын пьесалары бар. Сонымен бірге ол төл әдебиетіміздің тарихын зерттеуге, ертеректе өткен ақындар мұрасын жинастыру жұмыстарына да атсалысып отырған. Шәңгерей Бөкеев өлеңдері, Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы туралы зерттеулері қазірде де байыпты ғылыми еңбек саналады.
Нұғыман шығармаларын, әсіресе ғылыми зерттеу еңбектерін оқығанда, оның батыс пен шығыстың арғы-бергі әдебиетінен мол сусындаған білімдарлығы бірден көзге түседі. Шәңгерей өлеңдерін талдағанда ол ақын жырларының астарын Пушкин, Толстой, Гоголь, Герцен ойларымен сабақтастыра, салыстыра отырып ашып, сыншылық, зерттеушілік биік өре танытады. Оның мына бір пікіріне құлақ түріп көрейікші. «...Кейбіреулердің ханды дәріптеген керітартпа ақын-жырларының бізге керегі не деулері мүмкін. Олай ойлаудың өзі керітартпалықтан бетер зиянды, солақайлық» («Қазақ әдебиеті» газеті, 24 тамыз, 1934ж.). Жалғыз Шәңгерей емес, «кер заман», «зар заман» ақындары жайында күні бүгінге дейін көбіміздің осылай ойлап келгеніміз шындық қой.
Бүгінгі күннің таным-білігі биігінен қарағанның өзінде де Ңұғыман Сәрсенұлының еңбектері өз маңызын жойған жоқ. Соның ішінде оның 1934 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Тіл жайында» деп аталатын кітабының орны ерекше. Аты қарапайым болғанымен, оның көтеріп тұрған жүгінің салмақтылығына оқи келе көзіңіз жетеді. «Жалпы ұлт мәселесінде, оның ішінде ұлт мәдениетінде тіл мәселесі, негізгі мәселелердің бірі болып саналады», - деп жазады ол. Сондай-ақ оның «...мектептерді қазақыландыру мәселесі еріккеннен щыққан ермек емес, социалды құрылыс тудырып отырған, қашсаң құтылмайтын жалғыз жол» деген пікірін бүгін ескірді деп айта аламыз ба?!
Атырау университетінің профессоры Қ. Сейталиев «Халық кеңесі» газетінде жариялаған мақаласында айтқан «Манаев жұмыс істеген Атырау, Орал, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы оқу орындарына, қала көшелеріне оның есімі берілсе, туған жерінде оған ескерткіш орнатылса, еңбектерін жүйеге келтіріп, басылып шықса» деген ұсыныстарды біз де құптаймыз. Нұғыман Манаев – ондай құрметке әбден лайық, халқына сіңірген еңбегімен өзіне өзі мәңгілік ескерткіш соғып кеткен соғып кеткен ірі тұлға. Ал сол ескерткішті ертеңге тоздырмай, жүдетпей жеткізу – оның бүгінгі ұрпақтарының парызы.
Әбу СӘРСЕНБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы,
Сатыбалды ДАУМОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
(3 қараша 1994 жыл)
ЕСКЕРТУ: 1994 жылдың 3-ші қарашасында жазылған бұл мақала Сәрсенбаевтар әулетінің отбасылық мұрағатынан алынды.