Жанар Елтайқызына ата қанымен берілген емшілік қасиет алғашында Ақбай атада болған. Ақбай ата 1836-1908 жылдары өмір сүрген, қазіргі Құрманғазы ауданындағы Қызылтөбеде жерленген. Аталған мекеннің ел арасында Қызылтөбе аталуының себебі, әр көктем сайын қызғалдақтар төселген қызыл кілем секілді көп өседі және де осы төбеде емдік қасиеті бар көптеген өсімдіктер өседі, байырғы халық сол өсімдіктерді емдеу барысында, күнделікті тіршілікте де пайдаланған. Ақбай атаны ел арасында Бабай ата деген. Сол маңайдағы ауыл тұрғындары Ақбай атаның бейітінің басынан шырақ жанады деседі.
Ем алушылар бұрын Ақбай атаға 1 сом 13 тиын арнайды екен. Ақбай атаның дүниеден өткеніне 113 жыл болған кезде Жанар апа өзі осы аталарға арнап кітап шығарды.Ақбай атамыз көріпкел, сынықшы, көтеріліп ауыратын әйелдерді емдейтін болған.Ақбай атаның шырақшысы туралы айта кететін болсақ,1960 жылдардың аяғына қарай бұл аталардың ұрпағы да емес,Ресей Федерациясы құрамындағы Дағыстан республикасында тұратын Ақкенже апамыздың түсіне:«Қазақтың жерінде, Телячье ауылында жерленген Ақбай атаның шырақшысы болып, халықты емдейсің» деп аян беріп, содан ол кісі Телячье ауылына әдейілеп көшіп келіп, қасиет ұстап, біршама уақыт халықты емдеген. Ауырып, шипа іздеген халықты Ақбай атаның басына түнетіп, ол кісінің әруағына Құран бағыштап, ем жүргізген.Жанар апаның сіңлісі Индира апа кішкентай 2-3 жас кезінде, қатты ауырып, жүдеп, әлсізденіп, ауруын анықтай алмай, осы Ақкенже апаға апарып қаратқанда, ұщықтап, содан тәуір болған. Атадан ұрпаққа қанмен берілетін қасиетке дәлел ретінде осы пікірлерді айта аламыз.
Ақбай атаның ұлы Сабыр сол маңайдағы «Көлденең» деген төбеде жерленген. Сабыр ата оқуын оқыған молда болған. Сабыр атамыз 1800 жылдары өмір сүрген. Сабыр атаның сол кезге лайықты сауаты болған, соның бір дәлелі 1810-1816 жылдары болыстың песірі (писарь), яғни, қазіргі тілмен айтқанда, хатшысы болды. Сабыр атаның ұлдары - Жармұхамбет, Беймұханбет (Ақпейіш ата), Төлеген, Дүйсенғали, қыздары - Сақыпжамал, Гүлжамал.
Ақбай тегі Беймұханбет (Ақпейіш) Сабырұлы ата 1896 жылы өмірге келген. 1973 жылы 77 жасында 22 ақпанда қайтыс болған. Орта бойлы, жайлы мінезді болған деседі. Жүрісі шапшаң, Жанар апамның жүрісі осы атаға ұқсаған деп үлкендер айтып отырады. Сара апайдың әңгімесінен білгеніміз, жеңгелері атамызды «Ақпейіш» деп атап кеткен екен. Медресе оқыған, оқуы күшті, арабша таныған. Бес мезгіл намазын қалдырмаған, ат арбамен жүрген.
Ақпейіш ата туралы ұрпақтарынан аңызға бергісіз әңгімелер естіген едік. Дүйсенғали атаның кенже қызы Сара апайдың айтуынша, Ақпейіш ата алдына емделуге келген жандарды ешқандай алалаламай, мынау бай, мынау кедей, мынау қарапайым шаруа, мынау басшы демей, сырқатынан айықтырған. Көптеген ауруларды емдеген, соның ішінде сынықты, сүйек ауруларын, кішкентай балалардың ауруын, бала көтере алмай жүрген әйел адамдарды, көтеріліп ауыратындарды (орамалдарын жыртып, шаштарын жұлып) үшкіріп емдеп, өзінің әкесі Сабыр атаның басына апарып, түнететін болған. Айналасы далалық, басында үй жоқ болса да халық сол жерге зиярат қылып, тәу етіп, дерттеріне шипа, жандарына тыныштық тілеп түнеген.
Ұрпақтарының, сол кісілермен замандас болып, көзі көргендердің айтуынша, атамыз әрқашан өзімен бірге қалампыры мен қара бұрышын орамалға орап алып, төс қалтасынан тастамайды екен. Балалар, үлкендер қызылша ауруымен ауырған кезде, емдеп, жазған. Ақпейіш ата шапанмен жүреді екен.Жаздың күнінде аппақ шалбар, толықтай киімі аппақ көрінеді.
Ганюшкино селосында Көбелек ауылының 90 жастан кеткен тұрғыны қасиетті Хадиша апамыздың әңгімесінен естігеніміз, Ақпейіш атаның кемпірі Ибағида шешей байдың қызы болған, би, айтқанын орындататын, әдемі болған. Ақпейіш ата таңертеңгісін ерте тұрып, дорбасына ас суын алып, ауыратындарды өзі біліп, сол адамдарды емдеуге кетеді екен. Әруақ, бір күш отырғызбайтын көрінеді. Бір басты мылтығын өзімен бірге алып жүретін. Мылтығын арқасына салып жүреді екен. Жаяу жүреді. Біз көшіп келгенде Ибағида шешейдің көзі көрмейді. Ақпейіш ата таңертең үйден шығып кеткеннен, кеште бір келеді келеді екен үйге. Ауыл айналасы қоршаған су болса да, суға батпай, адаспай келеді.Жатар алдында бір сағат бойы Құран оқиды. Ибағида шешей Ақпейіш атаның осы Құран оқығанына:«Қирағатының дыбысы қандай жақсы» деп тамсанып отырады екен. Бұл кісінің ұшығы өте жеңіл. Ақпейіш ата үш ұрғашы бұрыш, төрт еркек бұрышпен емдеген. Көтерілген ауруларды ұшықтайды, екі-үш рет ұшықтағанда толықтай ем қонады.Ақпейіш атаны ақшайтанды деген, жаман нәрсені алды-артына қаратпай ұшырады. Содан емделген адам жеп-жеңіл болып қалады. Кішкентай балаларды емдеген. Көп әңгімеге жоқ адам. Мылтығымен қасқалдақты атады. Мылтығы қара, жалғызауызды, қасиетті ғой, жаман нәрсені жолатпайды. Қорғасын құяды. Оқуы терең молда болған. Ішірткі жазады, дұғалық оқып береді.
Құлмажит ата адамды да, малды да емдеген, 41 тас ашқан, мәстемірмен емдеген. Өзімен-өзі жүретін, жайлы мінезді адам болған. Сабыр ата - Көлденеңде, Ақбай ата – Қызылтөбеде мәңгілік мекендерінде жатыр.
1972 жылы Ақпейіш ата Астрахань облысы Ресейдегі Затондағы апасының үйіне барады. Ол төмендегіше өрбіген:Сабыр атамыздың қызы Сақыпжамал апай өмір сүрген. Сақыпжамал апамыз - Ақпейіш атамның апасы, Астраханьға қоныс аударған. Сол кездегі қатынас құралдары, көліктің жоқ кездерінде Ганюшкиндегі тумаластарымен арада қатынас болмай қалған, бірталай жыл көріспеген. Содан бір күндері Ақбай атамыз Ақпейіш атамызға аян береді: «Ресейде сенің жалғыз апаң бар, сол сені күтіп жүр. Камызяк елді мекенінде, артынан ерген сенсің. Сен соған бар» дейді. Содан ояна сала Ақпейіш ата үстіне қоңыр шапанын киіп, белін буып, ол кезде көлік жоқ мезгіл, Ресейге жолға шығады, жаяу кетеді, жолда 13 күн жүреді. Володаровскіге паромға келіп тоқтайды, сол уақытта жолай қонады. Кеш батып кеткесін, бір кісінің үйіне қонады. Ол кісі әйелі орыс, өзі қазақ аруақты адам екен. Ақбейіш атаны қонақтайды. Дастархан басында әңгімелесіп отырып, үйдің иесі аруағын ұстай алмай, қиналып жүргенін айтқан. Сонда атамыз аруағын ұстауына бағыт-бағдарлама сілтеп, батасын берген.
Осы кезде Сақыпжамал апайдың көзі соқыр болып қалған уақыты екен. Ол апамызда да қасиет болған. Алдына келген адамның тамырын ұстау арқылы, ауруын анықтаған, ем берген. Ешкімді жатсынбай, басқа ұлт адамдарын да емдеген. 41 тас ашады, көріпкел болған, Құран сүрелерін оқып, қалампыр пен бұрышты үшкіріп ем берген.Тап осындай қасиет Жанар апамызда. Астраханьда тұратын Сақыпжамал әженің, қазіргі сол қарашаңырақта отырған жиені Қайсар аға ол кісі туралы әңгімені көп айтады:
«Сол кісінің бауырында 12 жасқа дейін болдым. Нағашы шешем үлкейгенде көзі көрмей, бұл дүниеден өткенше мен жетектеп қасында жүрдім, аппақ көркем басына ақ жаулығын таққан адам болған. Көзі көрмесе де, купюрды танып білген, санап отыратын болған екен. Сүйек ауруларын сипап, үшкіріп дем салып емдеген. Келіп қаралған адамдар ризашылықтарын білдіріп, тәуір болып кетеді екен».
Жанар апа Сақыпжамал апайдың қызы Рысханым апайды көре қалыпты. Қолына таяғын ұстаған. Рысханым апай, орташа бойлы, ақ сары, ешкімнен қаймықпайтын, турасын айтып қарап отыратын, сондай батыл адам болған. Рысханым апайдың келіні Машаның айтуы бойынша, Рысханым апай үшкіріп, тамыр ұстап ем жүргізген, бала көтере алмаған әйелдерді ырым арқылы да емдеген, бала көтере алмаған әйелді одеялға орап, Рысханым апай екеуі екі жақ шетінен ұстап тербетіп, ұл бола ма, қыз бола ма айтып, соған есімін де қойып жіберетін болған. Тап осы қасиет Жанар апамызға да дарыған, оны емделген адамдардың пікірінен оқуға болады.
«Маманың айтуынша, кішкентай кезімде үйге қонақ келгенде талма аурумен ауырады екенмін. Содан басқа ауылға қоныс аударыппыз. Сонда да ауруым қайтпай, ауыра беретін болғанмын. Мамам Ақпейіш атама Ганюшкинге ауылға хат жазады, «келіп ем жасасын» деп, содан Ақпейіш атамыз келіп, басында шляпа, ақ бешпет шалбары бар, мені ертіп алып ауылдың жанындағы орманға апарып, теректердің кеуіп кеткен шыбықтарын (веткаларын) жина деп, жинатып, соны жағып, қолымнан ұстап сол отты екі-үш рет айналып, «болды айналайын, тәуір болып кетерсің» деп емін жасады. Сол мамамның айтуы бойынша, содан кейін талма ауруымен ауырмадым» деп алыс қалған балалық шағына ойша саяхат жасады Қайсар аға.
Ақпейіш ата осы сапарында, 4-маусым күні жиені Қайыржан ағаға (сол кезде жасы 30-дағы бойдақ жігіт) Ақкөлде тұратын ағайын жеңгесі Маруся апаның үйіне көрші тұратын, үйінен қашық емес Кировский селосында туған, сол ауылдан орталыққа жұмысқа қатынап жүрген қара торы, аласа бойлы, екі ортада жүрген қыз туралы айтып:«біреуге ілесіп кетіп қалмаса, сол қызды келін етіп алып кел, сен сол қызды алып келмей, мен кетпеймін» деген екен. Көріпкелдік арқылы қарақыздың мекен-жайын, жұмыс орнын бәрін айтқан. Анасынан ерте қалған екі жетім баланың бірі, әр ағайынның үйінде тәрбиеленген (жетімдіктің қиыншылығын көріп өскен 18 жасар қыз), өзінің пысықтығы арқылы Камызякқа орталыққа келіп, райкомға, райисполкомға барып, учетқа алып, профтех училищеде строительныйда оқыған, қашықта Енотаев ауданында практикадан өтіп, құрылысшы болып жүрген. Содан: «құрылыс біткесін елімізге қайтамыз Камызяк ауданына» деп сұранған, бірақ елге келгенмен, жатақханада орын жоқ болғасын қасындағы құрбысы «біздікіне орналас» деп өз үйіне, Ақкөл ауылына алып кеткен. Сол орналасқан үйі жоғарыда айтылған Маруся апамен көрші болғандықтан, бір күні кешкісін қарақыз үйдегі тірлікті бітіріп:«Маруся апам шайға шақырып жатыр» деп сол үйге келсе, Маруся апамыз шай басында:«мына жігіттің сенде сөзі бар» дейді. Содан Қайыржан ағамыз әңгімені қысқа қайырып:«сені алып кетем, Ақпейіш атам алып кел деп айтты» деген әңгіме өрбіген. Содан сол қарақыз:«алдымда атам бар, әкем бар, апаларым бар, ағаларым бар. Олардың рұқсатынсыз қалай кетем? Мен сені танымаймын» деп реніш білдіріп, ойланайын деген екен. Қайыржан ағамыз: «жақсы жақсы үйіңе барамыз, апарып тастаймын» деп, содан водовозбен қарақызды алып қашып кеткен. Екеуі де бір –бірін көрмеген, танымайтын жандар. Бұл жерде айтпағымыз - Ақпейіш атамыздың мықты көріпкелдігі. Бүгінгі күні Қайыржан ағамызбен сол банағы қарақыз, қазіргі Галя жеңгеміз ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеген, елге сыйлы, үлгілі отбасы. Галя жеңгеміз үлкен Байбақты руының аяулы ақ жаулықты анасы болып отыр. Ақпейіш атамыздың Камызякка сол келуі - соңғы келуі екен, осы келгенінде өзінің құмалағын, яғни, 41 тасты осы Қайыржан ағамызға табыстап:«енді ары қарай сен ашарсың» деп тастап кеткен екен. Қайыржан ағамыз одан кейін бір екі-рет тасты ашып сол айналадағы малы жоғалған адамдардың ірі-қара малын тауып берген. Галя жеңгейдің тағы бір қызықты әңгімес айтқан болатын: «Ақпейіш атам Елтай әкейдің үйіне қонаққа келіп отырғанда, Жанар апаның нағашы шешесі Ханым әжеге: «құдағай, сандығыңыздың бұрышында осындай нәрсе тұр» деп, және сол кезде әркімнің қолы жете бермейтін «шамның тұрбасы тұр, соны әкеліп берерсіз» деген екен. Соны құдағайы әкеліп берген деседі. Бұл көрегендік болжамы - Ақпейіш атаның көріпкелдік қасиетіне тағы да бір дәлел.
Дәл осы Ақпейіш атаның оқиғасындай оқиға Жанар апаның көріпкелдік қасиеті арқылы қайталанды. Иесі тіпті ұмытып кеткен сандықта жатқан маталарды түр-түсімен суреттеп айтып, сандық иесінің есіне салған. Көріпкелдігі жайлы пікірді осы кітаптан оқуға болады.
Ақпейіш атаның көзін көрген Бақыш апайдың қызы,әулеттің жиені Жұлдыз Тілешқызы да ата өмірінен қызықты әңгімелер айтқан еді.Ол кезде Жұлдыз - 7 жастағы бала, Ақпейіш ата «атпен келдім» деп айтады екен.«Сенің балаларың ақылы оқуда оқиды» деп сол кезде айтып кеткен. «Сымсыз телефондар болады. Адамдар саусақтарымен жұмыс жасайды» деген.Оны апамыз:«халықтың бәрі пианинода ойнап кете ме?» деп ойлаған екен.Сол айтқаны - қазіргі заманның толықтай компьютерге және ұялы телефондарға көшуі.
Бұрынғы С. М. Киров атындағы ұжымшар, қазіргі Дәшін ауылының тұсынан кетіп бара жатқанда Ақпейіш ата:«мына жердегі су тартылып кетеді» деген. Содан кейін ақырзаман жақындайтынын айтып кеткен.Сол айтқанындай, сол жерде қаз»р су тартылып кетті. Дәл осындай табиғат құбылысы арқылы қоғамға байланысты тағы да бір қызық оқиғаны Жанар апамыз айтқан. Ол әңгімелерді де осы кітаптан оқуға болады.
Жанар апалар 2021 жылы тойдан келсе, Сәрсенбай кайынағасы бір әңгіме бастапты. Ақпейіш ата мен Сәрсенбай ағамыздың әкесі екеуі жандай жолдас болған көрінеді. «Бір күні Ақпейіш атамыз Көбелектегі үйінен жолдан Қарақамысқа, біздің үйге жаяулатып келді. Бір шай ішіп жаяулап, Котяевкаға барып, ол уақытта көлік жоқ, кешке қайтып келді, бетінде дым шаршау да, ынтығу да жоқ. Мен 6-7 класта оқитын баламын. Біздікінен Ақпейіш атам шығып кеткені сол еді, артынан жүгіріп шыққан мен, жетіп үлгермедім, ол кісі көзге көрінбей кетті. Ол кезде Ақпейіш ата үлкейген, таяқпен жүретін уақыты еді. Жете алмадым деп үйге әкеме кірсем, әкем күліп отырып, оның өзінің көлігі бар басқамыздың көзімізге көрінбейтін деді» деп, Ақпейіш атаға байланысты басынан өткен жағдайды айтты.
Ақпейіш атаның үлкен немересі Тасима апайдың айтуынша,жазғытұрым мезгілінде ауылға өр суы келіп, жайылма су жайылып кетеді, Көбелек пен ганюшкин ортасындағы ауыл арасына, үйге жету үшін сол су арқылы өткенде жыландар жүргізбей, аяққа оратылғанда Ақпейіш ата «көзіңді жұм» деп, таяғымен түртіп, «түш-түш» деп жыландарды кері қайтаратын көрінеді, содан жыландар бөгет болмай кері шегініп кететін көрінеді.
Аталар жатқан Ақтөбе жері - киелі, шұрайлы, сан алуан емдік шөптер өскен құнарлы топырақ. Қасиетті шөптер қызыл мия, меңдуана, қына, адыраспан, жусан, жаңғақ және басқа да шөптер осы жерде өседі. Жанар апаның аталарының қауымы қазір осы жер. Калиман әжеміз «соғыс уақытында тіп-тіке өсетін ұзынша қызыл келген шайды атып іштік» деп отыратын. Ақбай атаның жатқан жерінде қына өседі. Сол қынаны емдік шөп ретінде пайдаланған. Сара апамыз бала кезінде мамасы Калиман әже ауырған кезде, Ақбай атаның басына барып, қынаны теріп шай етіп бергенін әңгімелеп отырады.
Кішкене кезінде ойнап жүріп, бала мысықты сындырып тастайтын. Бір ғажабы, қайтадан арқасынан сипағанда, әлгі мысық ұшйп тұрып, жүгіріп, қашып кететін еді. Бірақ оған ешкім көп мән де берген жоқ. Әрі Кеңес өкіметінің кезінде бақсы-балгер, сынықшы, емші дегендерге қырғидай тигені белгілі. Содан да шығар, қасиетін көрсетпей, ішінде тұмшалап ұстады. Жиі ауырып қалатыны да соның әсерінен болса керек.
Дүйсенғали ата шаңырақтың кенжесі болғандықтан, медресеге, яғни, молданың оқуына бермей қалған. Дүйсенғали атасы кішкентай кезінде арқасына арқалап жүріп: «Жаман болсаң - панарсың, жақсы болсаң – Жанарсың» деуші еді. Жанар апаның әжесі Калиман әже Аққали деген байдың қызы болған. Калиман әженің ата-анасы кәмпескеге ұшыраған.Калиман әжеміз ол кезде сегіз жасар қыз екен. Аққали әкесі итжеккенге айдалып бара жатқан жолда осы сегіз жасар қызын құтқару мақсатында, жол- жөнекей бір үйдің тұсынан ешкімге көрсетпей, итеріп тастап кеткен, сөйтіп сол ауылдағы кедей шаруаның үйінде тәрбиеленген. Жоқшылық кезде, қарапайым адамдар шыт көйлек таба алмай жүрген уақытта, Калиман анамыздың киген көйлегінде зергерлікпен әдемі етіп жасалған, қымбат тастардан әлде қымбат металл бұйымдарынан тігілген ілгектері болған. Артынан сол көйлегі ұрланып кеткен дейді.Қарапайым көршінің үйі өртенгенде, сол қымбат ілгектер сол үйдің орнынан табылған. Қалиман әже сол ауылдағы бір шаруасы жақсы адамдардың үйінде үй жұмысшысы болып жүргенде, сол үйдің қожасы өзінің жалғыз ұлына келін етіп алған.
Елтай атаның кенже қарындасы Сара апа аталған жағдай туралы төмендегіше әңгімелейді. Кенже апамыздың есінде қалғаны, Калиман әже құранды жақсы оқыған, емдік шөптерді білетін болған. Өзінің балалары кішкентай кезінде жағада өсетін қоғадан, судың түбінен иір алады, тамырын сындырып, үйге әкеліп кептіреді, одан пешке кептіріп, моншақ етіп тізіп жайып қояды. Тамақ, баспа ауруына дәрі ретінде сорғызады. Қазір сол иір аптекада сатылады, «аир» деп аталады, іші толған ментол майы. Тағы бір емінің түрі - күзде жыландар қабығын тастағанда, әкеліп байлап қоятыны.Соны көз ауруларымен ауырған кезде, коньюнктивит болғанда сипап отыратын көрінеді. Ақтөбе жері - жалпы осы аталар жатқан жер киелі жер. Соғыс кезінде күркеде отырғанда үлкен-үлкен жыландар шығып жатады екен. Сол кезде Елтай атамыз мамасының мойнына мініп алғанын өзінің қарындасына Сара апаға әңгіме арасында айтып отырады екен. Калиман әжеміз «қорықпа» деп, Құран сүрелерін оқып, жыландарды кері қайтарған: «балам, қорықпа, мен жыланның оқуын оқыдым, енді жылан біздің үйге жоламайды» деп Елтай атамыздың қорқынышын басқан. Жылан қайтаратындай сонда Калиман әжеміздің оқуы мықты болған болып тұр ғой.
Сол жерде бадаш шөбі өседі. Қыркүйекке қарай бадаш өсмімдігі10 см-ге дейін биіктеп өседі және қурайды. Бадашты өртейді, ол күл болып түспейді, қан болып жанадыда, тас-тас көмір болып түседі, соны тұрмыста сабын есебінде пайдаланған. Елтай атамыз Отан алдындағы борышын өтеп, Кеңес армиясы қатарында қызмет етіп келіп, шофер болып. Бадаш өсімдігінен алған сабынды Елтай ағамыздың киген комбинезондарын жууға пайдаланған, көмірдің күліндей тас болып қалған бадаш сабыны май киімдерді тап-таза етіп жуатын. Соғыс уақытында бүкіл ауылдың ер-азаматтарымайданға шақырылып, әскерге аттануға дайындалып, бір фермада күркенің ішінде жиын болып, енді әкетеді деген кезде Дүйсенғали атамыз да қолдорбаларын дайындап соғысқа аттануға бел байлайды. Бірақ, әскери военкоматтан келген кісілер қолына ақ билет беріп, тек теңізшілерді балықшы болғасын, жауынгерлерді тамақпен қамтамасыз ету үшін соғысқа жібермей алып қалған. Үш айдай теңізде жүріп, Астрахань облысына балық тапсырады екен. Дүйсенғали ата сол балықшы болып, қызмет етіп,пенсияға шыққан. Сара апамыздың естелігіне сүйенсек, Дүйсенғали атамыздың мінезі өте жайлы адам екен. «Қара жердің кемесі» атанған, сондай жуас, көп сөйлемейтін, әділ жан болған. Крестіден үй салған. Елтай ата мен Мәрия әжеміз Көбелек ауылында тұрғанда үйленген. Калиман әжеміз келінін сыйлап өткен. Калиман әжей Сабырұлы Дүйсенғали атаға тұрмысқа шығады. Екеуінің Елтай, Мағура, Сара атты ұл-қыздары дүниеге келеді. Калиман әженің ағасы Сүйініш деген кісі ауқатты болған. Сүйініш ағасышетел киноларда көрсетілетін екі тегершікті рессор арбамен жүрген. Бұл дегеніміз – сол кезде волга машинасымен тең, волга машинасы бергі уақытта бір ауданда тек біреу, басшылықта болатын. Ол уақытта болған жоқ, шамамен ХІХ ғасырдың аяқ кезі сияқты.
Калиман әжей іс тігетін, шебер адам болған. Ол уақытта үтік жок, оқтау тәріздес ағашты үтік ретінде қолданып, ысып, үйкелеп пайдаланған, бірнеше көрпенің астына салып, киімдердің қыртысын кетіреді екен. Ағаш бөшкеге (бочка) қияр, помидорларды тұздайтын болған, сосын қарбызды пішен арасында сақтап, қаңтар, ақпан айларында тап жаз мезгіліндегідей балғын түрде дастарханға қояды. Қамыс қораның төбесіне жететіндей жерге дейін сазанды қақтайды. Отбасындағы бала-шағаға осы балықты асып береді. Балықтың басын бөлек қайнатып, қайнатылған сорпасының бетіндегі майын ожаумен қалқып алып, жинап қойып, қыс бойына сол майға балық қуырып беретін. Дүйсенғали ата шүйлім (морской орех) алып келеді. Теңізде лотос өседі. Осы шүйлім тек лотостың маңайына өседі. Бұл жаңғақ жұлдызша секілді сырты тікенекті өсімдік, соны қазанға пісіріп асады, жегенде тәп-тәтті, дәмді. Оны кептіруге де болады. Кептірген уақытта грек жаңғағы секілді сырты қатаяды, іші де сондай дәмді болады. Құмаршықты қырдан алып келеді, оның орнына балыққа, жаңғаққа, шайға (төртбұрышты, престелгеншай), биіктігі бес см кептірілген жапыраққа ауыстырады. Құмаршықты кеуегінен аршып, тазалап, диірменге (асты үсті тас шетінде ағаш) тартып, ұн етіп алады. Құмаршықтың ұнынан нан илеп, екі табаға күлге пісіреді.
Калиман әженің байдың қызы болғанын жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Жалғыз інісі Сүйініш оқымаған адвокат болған, барымташы болған, яғни, байлардың аттарын тартып алып, жарлыға берген. Бірнеше рет түрмеге түскенде, өзін-өзі ақтап шыққан. Гурьев түрмесінде отырған. Елтай атамыз талай іздеп келген, құжаттары архивтен табылмаған. Сүйініш нағашысы сол түрмеден бақилық болған.
Екінші әжесі Зейнеп Арыстанғалиқызы, басынан кемешек-жаулық тастамаушы еді. Мал енді туып бастаған уақытта бүйенге қаймақ жинап, бүйен толғанға дейін ешкімге бермейтін көрінеді.Бірақ әжесі бауырына басып, меншіктеген Жанарына, өзінің еркесіне бірінші береді екен. Малды жайылысқа айдап апарып келеді, ыссы таба нанды қолмен үзіп, ағаш табақшаға араластырып бәрінен бұрын Жанарға дайындап қояды.
Нағашы атасы Мағым - 1941 жылы соғысқа аттанып, қанды қырғынның қақ ортасында болған, қанқасапты көзімен көрген кісі. 1945 жылы соғыс біткен кезде майданнан елге оралған. Соғыс ардагері. ҚазіргіЖыланды ауылы, бұрынғы Құрманғазы ұжымшары соғыстан кейін В. И. Чапаев атындағы колхоз деп аталған. Сол колхоздың негізін салушы, төраға болған. Соғысқа Сәрсенбай інісімен бірге аттанған, немістермен атысып, окоптан рациямен сөйлескенде, жаулар байқап қалып, оқ жаудырған. Сәрсенбай інісі сол жерде опат болады. Нағашы атаның аяғына, яғни, табанына оқ тиген, үлкейгенде өлімі сол оқтан болған көрінеді. Совет үкіметі кезінде арабша құран аяттарын оқыған, молда, прораб болған. Нағашы әжесі - ақсүйектің қызы. Нағашы әжесі Ханым жолдасының жағдайын жасап, қонағын атқарып, бала тәрбиелеумен айналысқан. Нағашы әжесі оразасын тұтып, 41 тас ащқан, бес мезгіл намазын оқыған, әппақ кимешек- жаулықты басынан тастамайтын. Нағашы әжесі ауыз ашарда мұз секілді азғыр тұзын жалап ауыз ашады, нағыз ыстық уақытта ораза ұстаған. Жанар апаның қолындағы қос білезікке 100 жыл болған, нағашы әжесінен қалған мұра. Нағашы әже келін болып түскенде қайынағасы Салық сыйлыққа берген, таза күмістен құйылған.
Калиман әже және нағашы әжесі - екеуі де намаз оқыған адамдар. Екі әжесі де, Зейнеп әжесі де, нағашы әжесі де, бірдей киініп, кимешек-жаулықтары бірдей болып, пештің түбінде отыратын еді. 1995 жылы нағашы әжесі қайтар алдында өзінің пайдаланган тасбихын, ол тасбих адыраспанның басы сияқты киелі шөптерді теріп, кептіріп, сол шөптерді лактеп жасаған. Өзінің қызына бермей, күйеубаласына табыстап:«түбі сен намазға жығыласың» деп айтып кетті.
Әкесі Елтай Дүйсенғалиұлы ауылдың беделді азаматы болды, қарапайым халық шаруалары үйлеспегенде осы кісіге келіп, солардың шаруалары үшін әкімдіктерге барып жүретін еді. Өзі қоныстанған кресті ауылында ескі жаяу көпір болды, екі жағы жаяу жүргіншіге ыңғайсыз, мектепке, бала-бақшаға баратын балаларға аса қауіпті болды. Соны халық әкімдікке көп барып, шағымданып, нәтиже шығара алмаған соңЕлтай Дүйсенғалиұлына келіп көмек сұрайды. Ол кісіхалықтың айтқанын жерде қалдырмай, әкімшілікке қайта-қайта шаруа етіп барып, ұзақ уақыт жүріп оны аяғына дейін жеткізді. Жаңа көпір салынды.
Анасы Мәрия өте салмақты, ақылды, байсалды, ағайынға қамқор, бала тәрбиелеуде өзіндік ерекшеліктері бар, данышпан болған.Қолынан іс келетін бесаспап адам еді. Өнерден де алшақ емес, әуенін әндетіп, жүрген жерінде халықтың ықыласына бөленіп жүретін. Әр сөзіне қазақтың қазынасы мақал-мәтелдерін қосып жүретін. Аузынан айналайыны түспей, әрқашан пейілі кең, дастарханы жаюлы болатын. Қайын атасымен пен үш бірдей әжені бағып, алғыстарын алған. Рентгенолог болған, типографияда қызмет еткен.
Тек батыс өңірде тойланатын көрісу мерекесін Елтай әке мен Мәрия ана өз шаңырағында 14 наурыз күні айырықша тойлайтын еді. Анасы Мәрия осы мерекені ерекше дайындықпен қарсы алатын, таңертең ертемен көрісуге келген қонақтарға дастарханы жайылып, еті қазанда қайнап, асы дайын тұратын еді. Осы бір жақсы қасиеті - әлі де ел аузында.
Әкесі Елтайдан естігені, ол кісі орысша оқыған, үш класс бітірген. Бір қызықты әңгімесінің арасында сабақтан 4 немесе 5 деген баға алып, үйге жүгіріп қуанып келіп, Калиман анасына айтса, анасы таяқ алып үйді, қораны айналып қуып: «жұрттың баласы 2 деген баға алады, сен неге 2 алмайсың?» деп ұрсатын. Көбелекте адамдар жұмысқа кіруге, өтініштерін жазуға іздеп келетін. Ол уақытта іс- қағаздары бәрі орысша жүретін. Сонда сол аймақтағы халық, арыз-шағымдарын әкесіне келіп жаздырып алатын болған. Өзі: «Үш кластық білімім болса да, нан жейтін қабілетім бар» деп әзілдеп айтып отыратын.
Тағы да бір қызық жайт, әкесі армияда Германия елінде екі жыл әскерде болды. Содан ауылға үш-төрт айда хат келіп тұрады. Соны Дүйсенғали атамен Калиман әже өздері оқи алмағасын, көршінің баласына оқытатын көрінеді. Армиядан келер уақытта ауылға соңғы жазған хатында:«шамалы қалды, енді ауылға қайтам» деп, амандығын білдіріп, қуанышын жазып жіберген екен. Осы хатын көршінің баласы оқи келе, тәмамдап, ата мен әжеге әзілдеп:«Екі метр бойлы неміс қызын алып келемін, үйді биіктетіңдер» деп ойдан қосып оқып жібереді. Ол кездегі халықтың көпшілігі шатырсыз үйде тұратын.Содан ата мен әжекөп уайымға түскен екен:«бұл үйді қалай кеңейтеміз, биіктетеміз?» деп. Аталары бірнеше ағайынды, бірауызды, бір біріне жақын мекен еткен, сыйластықтары мықты адамдар еді.