Қазіргі кезең «сөз көп, жасалып жатқан нақты істер аздау...» деген пікір қоғамда белең алып тұрған уақыт сияқты. БАҚ беттерін ашып қалсаңыз, теледидарды қосып қалсаңыз, әлеументтік желілердегі пікірлер өз алдына бір төбе, толып жатқан шаруаларды қырып тастағандай, тауды қопарып тастағандай, әсіре хабарлардан көз сүрінеді. Әсіресе, "хәләулайлап" жүрген ақындар, "әләулайлап" жүрген әншілер, қырқысып, қыңыр пікір айтысып, таласып жүрген қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың бұлбұлдары дейсің бе, әйтеуір, жетіп артылады. Ғалым туралы, ғалымдар туралы материалдар өте сирек кездеседі. Осы арада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл – Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі Ербол Сахитұлы Махмұтов туралы бір үзік әңгіме өрбітіп, оның азаматтығы мен атқарған істері туралы аздап та болса сыр шертсек деген ниеттеміз.
Ол - Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ұзақ жыл абройлы ғылыми – педагогикалық жұмыстар атқарған және еліміздің өндіріс саласында, оның ішінде мұнай химиясы және мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдауда аса жемісті ғылыми- инновациялық қызмет жасаған азамат. Қай жерде, қай қызметтер атқарса да, Ербол Сахитұлының бір ерекшелігі - жаһанға жар салмай, дабыраламай, солай болуға тиісті шаруа сияқты, үндемей іс бітіретіндігі. Бар мақсаты - ойға алған ісін үнсіз жүріп жасап, аяғына дейін еңбектеніп, оң нәтижеге қол жеткізу. Ол кісінің өзінің істеген жұмыстары туралы баспасөзде дабырлатып жариялап, кейбіреулер құсап теледидардан болмаса әлеументтік желіден жылтыңдап, ақсақты сау қылғандай, хабарлама жасап, сөйлеп тұрғанын да көрмеппіз. Ол кісінің өмірдегі және ғылымдағы ұстанымын үштаған деп атауға болады. Үштаған деген не? Ол – білім, ғылым, өндіріс. Осы үш салада да еңбек еткен, іштей де, сырттай да зерттеп, көзбен көріп, қолмен ұстаған адам. Осы үштағанның біреуі болмаса, екіншісі мен үшіншісі де толық болмайды дейді. Ерекеңнің үштаған туралы жеке пікірі бар: "Білім – ғылым мен өндірістің алғашқы желісі. Ғылым – білімнің жемісі, өндірістің жеңісі. Өндіріс – білім мен ғылымның өрісі".
Ерекең, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Дәшін (қазіргі Хиуаз) ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті жақсы бітіріп, сол кездегі Қазақстандағы жалғыз университет, С.М. Киров атындағы мемлекеттік университеттің химия факультетіне құжаттарын тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтіп, студент атанады. Сол университетті үздік бітіріп, қолына қызыл дипломды алған соң, әкесі Сахит Махмұтұлының кеңесімен өндіріске жол тартады. Ерекеңнің әкесі, Сахит Махмұтұлы: «Жалпы ғылымның қай саласы болмасын, нағыз маман, әрі ғалым болу үшін өндірісте жұмыс жасау керек, оның технологиясын түсініп және оны ғылым жетістіктерімен байланыстыра білу керек. Пробиркада сынама жасау арқылы ғалым болу алысқа апармайды. Сондықтан ғылым мен өндірісті әрқашан тығыз байланыста ғана зерттеген дұрыс. Бірінен бірін бөліп қарауға болмайды. Ғылымға таза адамдар, еңбекқор адамдар балуы керек. Елге, жерге керекті білім алуларың керек. Өз жолың болғаны дұрыс. Байлық ешкімге жолдас болмайды» дейді екен. Сахит ағайдың бала-шағасына берген тәрбиесі осы. Өзі көкірегі ояу, көпті көрген, көп тоқыған адам екен, інісі Хайреден мен Ерболды ғылым жолына бағыттапты.
Ербол Сахитұлы Махмұтов өзінің өндірістегі еңбек жолын 1981 жылы Ақтау қаласындағы пластмасса заводында инженер – технолог болып бастады. Өндірісте жұмыс жасай жүріп, Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым академиясының Н. Д. Зеленский атындағы органикалық химия институтының профессор С. Л. Киперман бастаған ғалымдармен бірлесе отырып, өндіріске қажетті алкилдеу үдірісінде қолданылатын гетерогендік катализаторларды синтездеу бағытындағы іргелі ғылыми жұмыспен айналысты.
Ол кездері зауытта бензолды этиленмен алкилдеп этилбензол алу процесіне қажетті «Алкар» және этилбензолды сутексіздендіру арқылы стирол алу процесіне қажетті «Гирдлер» катализаторлары АҚШ пен Германиядан сатып алынатын. Сондықтан да оларды отандық катализаторларға алмастыру өндіріс тиімділігі үшін ауадай қажет еді. Осы бағытта жүргізілген ғылыми жұмыстарға зауытта қызмет істеп жүрген Ерекең белсене атсалысып, түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай тер төкті.
Кеңес Одағында ғылымға ерекше көңіл бөлінетін, әсіресе жастардың ғылыммен шұғылдануы, аспирантураға оқуға түсуі тек білімді де талантты жастарға бұйыратын. Оның үстіне, кеңестік ғылымда тек шынайы әрі білгір ғалымдар көптеп саналатын. Дей тұрғанмен, Кеңес Одағы кезіндегі шовинистік саясат өндіріс орындарында қызмет жасайтын ұлттық кадрларға қатысты бұндай бағытты ұстануға құлықсыз болды. Сонымен бірге өндірісте ұлттық кадрларды қызмет сатысында көтермелеу, басшы орындарға тағайындау мәселесі де назардан тыс қалып жататын.
Жас маман, болашақ ғалым Е. Махмұтовтың өндірісті дамытуға байланысты айтылған кейбір орынды ұсыныстары кәсіпорын үшін аса тиімді болса да кәсіпорын басшылығы тарапынан тиісті қолдау таппады. Осындай солақай көзқарастың кесірінен зауыт аз уақыттың ішінде тоз-тозы шығып, банкротқа ұшырап, жабылып тынды. «Жаны ашымастың қасында, басы ауырмастың» нағыз кері келді. Білімді ұлттық маман кадрларды кешенді түрде дайындамайынша, елімізде ғылым мен өндірістің байланысын саралап, жоспарлы түрде жүйелі жұмыс жасамайынша, еліміздің экономикасының дамуы екіталай екендігін сол кезде Ербол Сахитұлы жүрегімен ұққан еді.
Ол позициясын қазір де өзгерткен жоқ: «Осы мәселе тәуелсіздік алған елімізде де өзінің өзектілігін жоймай келеді. Алыс және жақын шет елден шақырылатын мамандардың пайдасы жоқтың қасы, олар қалтасы толған соң еліне тайып тұрады. Кеш болмай тұрғанда ұлттық кадрларды жан-жақты көптеп дайындап және батыл қолдауымыз қажет. Әрине, бұл жерде кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу процесінде бойымызға сіңіп кеткен таныстық, ағайыншылық пен жерлестік критерийлерін пышақ кескендей тоқтату керек». Әрине, өз ұлтына жаны ашитын адам ғана осылай айта алады.
1985-1987жылдары Актау қаласында Маңғыстау мұнай өндірістік бірлестігіне қарасты Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу және жобалау институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет етті. Ербол Сахитұлы сол жылдары негізінен экологиялық проблемалармен, батыс өңірінде өндірілетін мұнайды дайындау және тасымалдау төңірегінде ғылыми тұрғыдан зерттеулермен айналысты. Өзінің болашақта қорғалатын ғылыми диссертациясының тақырыбы сол қасиетті Маңғыстау түбегінен бастау алды. Қаламқас, Қаражамбас, Жетібай мен Өзен кеніштерінің мұнайын дайындау мен тасымалдаудағы жаңа инновациялық тәсілдер мен әдістерді саралап, оларды өндіріс талабына жақындастыра түсудің тиімді жолдарын іздестірді. Сол жылдары Алматы, Мәскеу, Грозный қалаларында шығатын ведомстволық беделді журналдарға ғылыми мақалалары жарияланды. Әрине, ол кездері ведомстволық зертханаларда тиісті зерттеу кондырғылары жеткіліксіз еді. Енді ғылыми жұмыстарды академиялық институттарда жалғастыру қажеттігі туындады.
Арада бірнеше жыл салып, Ербол өндірісте көзбен көріп, қолмен істеген жұмыстарын ғылыми тұрғыдан негіздеу мақсатында, Алматы қаласындағы Қазақ ССР Ғылым академиясының Д.В. Сокольский атындағы «Органикалық катализ және электрохимия институтының» аспирантурасына күндізгі бөлімге түсіп, академиялық зертханада зерттеу жүргізіп, фундаментальдық ғылыммен шұғылданды. Аспирантураны ойдағыдай аяқтап, 1991 жылы «Көміртектің шала тотығын құрамында рутений бар катализатордың көмегімен сутектендіру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сол институттың ғылыми кеңесінде сәтті қорғап шықты. Осы кезден бастап, Ербол Сахитұлы ғылым мен өндірістің тығыз байланысын түбегейлі зерделеуді алдына мақсат етіп қойды.
Ерекең әрдайым халқымыздың бір туар ұлдары академиктер Қаныш Сәтпаев, Шахмардан Есенов және Дінмұхаммед Қонаевты өзіне үлгі тұтты. Олар ғылым мен өндірісті бірдей меңгерген данышпан, ғалым-өндірісшілер еді ғой. Аспирантурадан кейін, химия ғылымдарының кандидаты Ербол Сахитұлы өндіріс пен ғылымды педагогикамен ұштастыру мақсатында, Республиканың сол жылдардағы білім министрі, елжанды азамат-ғалым, қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметовтың ұсынысымен Актау қаласындағы жоғарғы оқу орнына 1991 жылы қызметке келді. Сол жылдары мұнай-химия факультетінің жетекшісі ретінде Қазақстанның мұнай өндірісі саласында қажетті жоғарғы білімді мұнай инженерлерін дайындауда көп жұмыс атқарды.
Атап айтқанда, Оңтүстік мұнай құбыры бірлестігінің (қазір «ҚазТранс Ойл» АҚ ) ұсынысы негізінде және Ербол Сахитұлының тікелей араласуымен Ш.Есенов атындағы Актау университетінің құрамында құрылған, мұнай-газ және мұнай-химия өндірісіне қажетті мамандар даярлайтын «Органикалық химия технологиясы» (кафедраның тұңғыш меңгерушісі болды ) және «Жобалау, мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану» кафедрасының базасында бүгінге дейін жүздеген жоғарғы білімді маман дайындалды. Қазір олар «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының орталық аппаратында және құрылымдық бөлімшелерінде, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ, «Қазақстан- Қытай құбыры» ЖШС, «МұнайТас» СБҚК АҚ, «Магистральды су құбырлары» ЖШС және тағы басқа өндірістерде табысты еңбек етіп жүр. Білім және ғылым министрлігі университетке 1994 жылы ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметін енгізген кезде осы лауазым Ербол Сахитұлына ұсынылды және университеттің алғашқы ғылыми проректоры ретінде абройлы қызмет жасады.
Ербол Сахитұлы университетте ғылымды жолға қою, ғылыми зертханалар ашу, аймақтағы өндіріс орындарымен байланысты нығайту, жас ғалымдарды дайындау сияқты толып жатқан жұмыстың басын біріктіріп, аброймен іске асыра білді. 1994- 2000 жылдарда Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы университеттің базасында, проректор Ербол Сахитұлы еліміздің батыс аймақтарындағы өндірістерді дамыту проблемаларын шешуге қажетті, ғылым мен өндіріс жетістіктерін талдауға арналған бірнеше республикалық, халықаралық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырды және оларды жоғарғы дәрежеде жемісті өткізді. Сол конференциялар мен симпозиумдарға еліміздегі және шетелдік белгілі ғалымдардың қатысуын қамтамасыз етті.
Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университеттің проректоры Е.С. Махмұтовтың ұсынысмен Батыс Қазақстан өңірінде шетелдік компаниялармен тікелей байланыс жасау және ғылыми мамандарды аспиратура арқылы даярлау жұмыстары өз жемісін бере бастады. Сонымен бірге өндіріс орындарына қажетті мамандарды даярлау үшін керекті жаңа кафедраларды университет құрамында ашу қатар жүргізілді. Кафедраларды, зертханаларды жаңа қондырғылармен жабдықтау ісі де қызу жүріп жатты. Маңғыстау өңіріндегі жоғарғы оқу орындары мен білім ошақтарын шетелдік және жергілікті өндіріс орындарының көмегімен заманауи жаңа технологиялық кондырғылармен жабдықтауда Ерекең сүбелі үлес қосты. Ш.Есенов атындағы университет еліміздің шетелдік компаниялар (соның бірі ОКИОК компаниясы ) жариялаған конкурсқа қатысып, Ербол Сахитұлының тікелей араласуымен және жергілікті өндіріс басшыларының қолдаумен, конкуста жеңіп, құны қымбат, ондаған мың АҚШ доллары тұратын қондырғылар университет зертханаларына орнатылды. Университетке сол кездері отандық және біріккен шетелдік компаниялардың басшылары: Оңтүстік мұнай құбыры бірлестігінің бас директоры Тарас Мәжитұлы Қасымов, Қазақ-Түрік мұнай компаниясының бас директоры Бақтығожа Салахатдинұлы Ізмұханбетов және басқалар көмек қолын созған еді. 1990 жылдардың ортасында Ш.Есенов атындағы Актау университеті өзінің білім беру мен ғылыми жұмыстағы жетістіктерінің географиясын кеңейтіп, ауқымды кешендік жобаларды халықаралық деңгейде іске асыру үшін, көрші мемлекеттерімен арақатынасын дамыта бастады. Ресей мемлекетінен – екі университет (Астрахань мемлекеттік техникалық университеті, Қалмақ мемлекеттік университеті) Иран ислам республикасынан - Гилян университеті, Әзірбайжан республикасынан - Әзірбайжан техникалық университеті, Түрікменстаннан - Түркімен мемлекеттік университеті бар Каспий маңы мемлекеттері университеттерінің ассоциациясына (КМУА) мүшелікке өтті, көптеген халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға бірге қатысып, жүйелі де ауқымды жобаларды бірлесе атқарды. Бұл абройлы жобалардың халықаралық денгейде іске асуының басында ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Ербол Сахитұлы жүрді. Қазір КМУА құрамындағы университеттер саны әлдеқайда көбейген үлкен халықаралық ұйымға айналды.
Е.Махмұтов 1994-1999 жылдар аралығында Актау қалалық мәслихатының депутаты және оның әлеументтік мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде еліміздің батыс өңірінің ғылымы мен өнерінің, өндірісі мен экономикасының дамуына сүбелі үлес қосты. Оның өмірбаяны «Өңірдің белгілі адамдары», «Маңғыстау» (Алматы, «Атамұра», 1997, 348.б. ) энциоклопедиясына енді. Сонымен бірге ол 1996-1997 жылдары өзінің мамандығын жетілдіруді де ұмытпай, ғылыми-технологиялық кешендермен танысу мақсатында Америка Құрама Штаттарының Бостон қаласындағы Соффолк университетінде бір жыл оқып, халықаралық тәжірибеден өтіп те келді.
Бір сөзбен айтқанда, Ербол Сахитұлы Махмұтов, 1981 жылдан бастап 2001 жылға дейін, 20 жылдан астам уақыт бойы, Қазақстанның батыс облыстарындағы ғылыми-өндірістік жұмыстарын және Ш.Есенов атындағы Ақтау университетіндегі ғылыми-педагогикалық және басшылық қызметтерін абыроймен атқарған, жан-жақты білімді, азамат-тұлға. Е. Махмұтов 2001 жылдан бастап, ғылым мен өндірістің байланысын одан әрі тереңдету мақсатында, арнайы шақырумен «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында (Қоғам) қызмет жасады.
Ол Қоғамның құрамында Алматы қаласындағы «Ғылыми-техникалық орталық» филиалын құруға белсене араласты және оның дамуына өзіндік зор үлесін қосты. Ербол Махмұтов "Қоғамда тұтқырлы жоғары және жоғары парафинді мұнайларды және суды қосым арқылы тасымалдау технологиясын жетілдіру" үшін жүргізілетін ғылыми және инновациялық - технологиялық жұмыстарды ұйымдастырумен тікелей айналысты. Тұтқырлығы жоғары және жоғарғы парафинді мұнайларды тасымалдау саласында Ербол Махмұтовтың үлкен өндірістік және ғылыми тәжірибесі бар.
Ол 2002-2019 жылдар аралығында магистральдық мұнай құбырларында депрессорлық және турбуленттікке қарсы қосымдардың, сондай-ақ коррозияға қарсы ингибиторлардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарын жүргізуге жауапты орындаушы ретінде тікелей қатысты. Ербол Махмұтовтың авторлық ұжыммен бірге жасаған «Мұнай құбыры бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» атты ғылыми жұмысы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл- Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығын алды.
Профессор Ербол Махмұтов «Қазақстанның құбыр көлігі» журналының ұйымдастырушысы. Сонымен бірге «Нефть и газ» журналының және екі шетелдік журналдың- «Наука и техногогии Трубопроводного транспорта нефти и нефтепродуктов» (Москва қ) және «Pipeline Science and Technology” (Лондон қ. ) халықаралық редакциялық кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Ол Қазақстан Республикасы мұнай және су тасымалы саласының аса білікті мамандары санатында. Ерекең - білім-ғылым саласының да, өндірістік-техникалық жүйелердің де мәселелеріне жетік, жан-жақты әрі жоғарғы деңгейлі ғалым-маман. Ол ғылым мен өндірістің өзара байланыста дамуына және олардың біріккен жетістіктерін Қазақстан Республикасында жоғарғы білімді мамандар дайындауға, мұнай мен су тасымалы саласының проблемаларын шешуге пайдалануда зор үлес қосты.
Оның синтетикалық, табиғи және композициялық көп функциональды қосымдарды алу жөніндегі ғылыми еңбектері Қазақстанның тұтқырлығы жоғары парафинді мұнай және мұнай қоспалары үшін тиімділігі жоғары қосымдарды табуға мүмкіндік береді. Е.Махмұтовтың тікелей араласуымен және белсенді қатысуымен Алматы қаласында өткен халықаралық KIOGE мұнай және газ көрмесінің аясында 2002-2019 жылдары жыл сайын ғылым мен инновациялық технологияларға арналған «Қазақстан Республикасындағы мұнай ж»не су құбыры тасымалының проблемалары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференциялар ұйымдастырылды, онда қаралған материалдар мен шешімдер елімізде мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдау кезінде болатын қиындықтарды шешуде ұтымды пайдаланылды.
Ол Қазақстанда шығатын отандық химиялық реагенттердің өндіріске тәжірибелік сынамадан өтуіне және қорытындысы оң нәтиже көрсеткен жағдайда, ол өнімдердің өндіріске енгізілуіне көп еңбек сіңірген ғалым. Әсіресе мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдау саласында отандық қосымдар мен ингибиторлардың өндіріске енгізілуі жолында көп еңбек етті. Бұл салада да, Ербол Сахитұлы Махмұтов, 2001 жылдан бастап 2020-жылға дейін, 20- жылдай уақыт бойы, «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында абыройлы еңбек етті. Ербол Сахитұлы туып-өскен өлкесімен де байланысын ешқашан үзіп көрген емес.
Ерекеңнің бастамасымен Атырау облысында 1019 жылы«Білім, ғылым, инновация және өндіріс» атты ғылыми-практикалық конферецияны өткізді.
Конференцияның қорытындысы бойынша мақалалар мен ғылыми баяндамалар жиынтығы жеке жинақ болып жарық көрді. Негізгі мақсат, өздері білім алған, туған өңірлеріндегі ұшқан ұяларын қолдап, оның абройын биіктетіп, кейінгі шәкірттерге үлгі көрсету болды. Сонымен бірге өзінің бай ғылыми-өндірістік тәжірибесімен бөлісу мақсатында «Білім, ғылым және өндіріс сабақтастығы» атты семинарлар циклін өткізіп тұрады. Мысалы, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасында, Атырау қаласындағы Х. Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінде және кейбір өндірістік мекемелерде семинар-кездесулер өткізді. Шығармашылық кездесудің басты мақсаты - «Білім, ғылым және өндіріс» үштағанының маңызы мен тиімділігін түсіндіру, ғалым еңбектерін көпшілік оқырманға таныстыру, өмірі мен шығармашылығы туралы өз замандастары арасында пікір алмасу, сол арқылы жастарға үлгі өнеге ету. Шара аясында ғалым Ербол Сахитұлының талай жылдық зерттеу еңбектері мен кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.
Ербол Сахитұлының ғалым ретіндегі басты қасиеті - «Білім-Ғылым-Өндіріс» ұштағанын ұштастыра білуі. Осы синтезді өзінің еңбек жолында басты арқау етіп алған ол - ғылыми өмірінің мәнін дәл тапқан оқымысты. Өйткені ол жаратылыстану ғылымының өндіріспен тығыз байланысын орнатпай және соның бәрінің басында өзің жүріп, зерделемей, оның үстіне осы салаға маман дайындау ісінің қыр-сырын меңгермей органикалық тұтастыққа жетудің тіпті де мүмкін еместігін дәлелдеді.
Ғылыми инновациялық менеджер Ербол Сахитұлы Махмұтов - шын мәнінде білім, ғылым мен өндірістің өзара сабақтастықта дамуына зор үлес қосқан ғалым. Жоғары оқу орындары мен мұнай саласында пайдалануға қосылған ауқымды ғылыми еңбектері мен практикалық жұмыстары үшін елімізде және алыс-жақын шетелдік ғылыми-өндірістік ортада өзінің тиесілі бағасын алған.
Ербол Махмұтов өзінің білім, ғылым және өндіріс саласындағы қолы жеткен жетістіктерін жас ғалымдар мен өндіріс саласындағы мамандармен әрдайым бөлісіп отырады. Оның көптеген ғылыми жетістіктері мен инновациялық жаңалықтары өндіріспен тығыз байланыста шешімдерін тапты. Сонымен бірге, ол еліміздің білім дәрежесінің сапасын арттыру мен жас ұрпақты отан сүйгіштік рухта тәрбиелеуге де жоғары деңгейде атсалысып келеді. Ерекең, өмірде де, қызмет бабында да аспай-саспай, ештеңеге алаңдамай, үнсіз жүріп еңбек еткенді жақсы көреді. Бұл, жалпы алғанда, адам баласына, оның ішінде ер азаматтар үшін, таптырмас мінез деп ойлаймыз. Дана халқымыз айтқан ғой: «Жан дүниесі бай адам салмақты, ал іші бос адам әрқашанда бірдеңеге алаңдайды».
Дәл осы сөз Ерекеңе қарата айтылған сияқты. Ол кісінің жан дүниесі шынымен де бай, ғылымнан бөлек, өнердің қай түрімен де таныс (домбыра, баян), кей кездері шағын әңгіме-очерктерін, арасында поэзиялық шумақтарын да жазып тастай беретініне куәміз. Жас кезінен спортқа да кет әрі емес. Соңғы жылдары, әке-шешесі Сахит Махмұтұлы мен Үздік Сапарқызына, ұстазы Бекболат Абатовқа, алдындағы үлгі болған ғалым ағасы Хайреденге (дүниеден ерте өтті) арналған «Мен сенің өміріңнің жалғасымын», «Ұлы ұстаз», «Ғылыми-өндірістік соқпақ», «Ғалымның дара жолы» атты кітаптарын баспадан шығарды. Химия мен мұнай тасымалы инженері мамандықтарын таңдап, сол салада ғылым мен өндірістің байланысын зерттеп, ғылыми еңбектер жазып, олардың қортындысын өндіріске енгізуді өзінің өмірлік кредосына айналдырған Ербол Сахитұлы іздемпаз жастарға жол көрсете жүріп, ел ішінде болып жатқан саяси және әдеби-мәдени шараларға да белсене қатысып жүретіні оның еліне деген сүйіспеншілігі мен махаббатын білдіретіні даусыз.
Республикалық «Мұнай-газ кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің (Бірлестік) белсенді мүшесі ретінде де, профессор Ербол Сахитұлы көптеген қоғамдық істерге араласып тұрады. Мысалы, Ерекеңнің тікелей араласуымен, Бірлестік 22.08.2022 жылы «Ембімұнайгаз» Акционерлік қоғамының 100 жылдық мерей тойына орай «Ғасырлық дәстүр-тұрақты даму» атты семинар өткізді. Семинардың негізгі мақсаты - Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: "кемел болашаққа табысты қадам жасау үшін ғылым мен өндірістің тығыз байланысын орнату керек" деген сөзін басшылыққа ала отырып, еліміздің мұнайгаз кешені саласындағы қол жеткізген жетістіктерді, соның ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ ғасырлық тойындағы табыстардыда саралай отырып, алдағы жылдарға жоспар құру. Семинарға «Қазмұнайгаз» АҚ басшылары, мұнайгаз кешенінің ардагерлері, филиал өкілдері қатынасты. Семинар туралы Егеменді Қазақстан және Айқын газеттері кеңінен жазды. Ерекеңнің ойынша, бұндай семинарлар алға қарай да формасы жаңартылған форматта жалғасын табады.
Ербол Сахитұлы Махмұтов мұнай-химиясы және мұнай мен су тасымалы саласы бойынша 170-тен астам ғылыми мақаланың, 50-ден астам патенттердің, оның ішінде, Кеңестер одағының, Евразиялық және Қазақстан Республикасының патенттері бар және 15-тен астам кітаптің авторы. Оның жетекшілігімен және тікелей араласуымен мұнай мен суды құбыр арқылы тасымалдау саласы бойынша мынадай кітаптар жарық көрген (қазақ, орыс және ағылшын тілінде ) «Магистральды құбырлар», «Қазақстан Республикасы мұнайларының физикалық-химиялық және реологиялық параметрлері», «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды мұнай құбырлары бойынша тасымалданатын мұнай қоспалары», «Мұнай және мұнай қоспаларының реологиялық сипаты», «Суды «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырымен тасымалдау», «Депрессорлық присадка (синтезделген, табиғи және композициялық)», «Қазақстан Республикасында мұнай қоспалары мен суды тасымалдау» және т.б.
Бұл кітаптар Қазақстанның техникалық бағыттағы жоғарғы оқу орындарына, атап айтқанда, С.Өтебаев атындағы Атырау мемлекеттік мұнай және университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне және басқа да жоғары оқу орындарына оқу құралы ретінде ұсынылған. Әр жылдары Ербол Сахитұлы білім, ғылым, өндіріс саласындағы қызметі үшін талай марапаттарды иеленді. Ол бірнеше халықаралық академиялардың мүшесі, ғылым докторы, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ерекең Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеументтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Сондай ақ, өзі туып өскен өлкенің – Құрманғазы ауданының құрметті азаматы.
Ербол Сахитұлының еңбегі қоғамда, мемлекеттік деңгейінде лайықты өз бағасын алға қарай да ала береді деген нық сенімдеміз. Ұлы Абайдың: «Сүйер ұлың болса, сен сүй..» деген ұлағатты сөзі - бар білімі мен қабілетін, мүмкіндігі мен қымбат уақытын, саналы ғұмырын деседе болады, шәкірттері мен өндіріс мамандарын дайындауға, ғылым мен өндірістің инновациялық дамуына, туған ауылы мен өлкесінің көркеюіне, іні-бауырлары мен туыстарына, жерлестері мен достарына көмектесуге жұмсаған Ербол Сахитұлына арналғандай көрінеді.