Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлнәзира МҰХТАРОВА: "Антына адал АСҚАР"

Ғасырдан ғасыр жалғасып, дәуірлер мен заманалар алмасып, жер бетінен жылдар жылжып, күндер көшкенімен жақсылық пен жамандықтың күресі әлі де тоқтаған емес. Адамзат көші ілгерілеген сайын әділет үшін күресіп, шындық үшін шамырқанған, адам баласының өмірі қыл үстінде тұрған сәтте ойланбастан  өз өмірін қиған батырлардың есімі тарихқа алтын әріптермен жазылуда. Қоғамдық тәртіпті күзетіп, жерлестерінің тыныш ұйқысы үшін, сәбилердің алаңсыз күлкісі үшін жанын қиған милиция майоры Асқар Түсіпұлы Бисекеновті жерлестері ешқашан ұмытқан емес. 
       Асқар Бисекенов сол кездегі облыстық «Коммунистік Еңбек» газетінің Бас редакторы Түсіп Бисекенов пен ұстаздардың ұстазы атанған, талай жылдар бойы облыстық білім беру басқармасын басқарған Сара Мусағалиеваның отбасында 1955 жылы дүниеге келген. Зиялы отбасында Отанға, елге деген ерекше сүйіспеншілік рухында тәрбиеленген Асқар кішкентайынан зерек бала болды. Оқуға құмар ол қазақ, орыс классиктерінен бастап, шетелдік Теодор Драйзер, Александр Дюма, Эрнест Хэмингуэй, Оноре де Бальзак, Шекспир сынды айтулы жазушылардың шығармаларын құныға оқыды. Артур Конан Дойльдің «Шерлок Холмстің бастан кешкендері» хикаяты оның болашақ мамандығын таңдауда нағыз бағыт-бағдар берушіге айналғаны шындық. 
«Алдымда – толған мақсат, толған таңдау,
Алайын анасын ба, мынасын ба?» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, жасөспірім шақта адам баласының алдында өмірдің ашылмаған ақ парағы жатады. Сол ақ парақты қалай толтырады, ол енді адамның өзінің жанының қалауына байланысты. Калинин атындағы орта мектепті ойдағыдай бітірген Асқардың да алдында ұшы-қиырына көз жетпейтін өмірдің көкжиегі керіліп жатты. Оның логикалық ойлауға мықтылығы, кез-келген оқиғаның тереңіне бойлап, жан-жақты сараптама жасауға бейімдігі де ата-ананың қырағы көзінен тыс қалған жоқ. Ақырында,  «бар ғылымның атасы – математика»  деген Лобачевскийдің жалғыз ауыз афоризмі оны Гурьев педагогика институтының физика-математика факультетіне жетелеп алып келді. Жоғары оқу орнында оқи жүріп, студенттік шағының өзінде курстастарының арасында белсенділігімен, әділетті сүйгіш жүрегімен көзге түсті. Институтты сәтті тәмамдаған талапты жас мектепке өз мамандығы бойынша мұғалім болып орналасып, қызметіне кірісіп те кетті. Жас шәкірттерге математика мен физиканың қыры мен сырын үйретіп, қызыға жұмыс жасай бастаған сәтте оны Кеңес Армиясы қатарына шақырып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. 


   Асқар осы екі жылдың ішінде әскери тәртіпке үйреніп, алдағы уақытта елдің қоғамдық тәртібін сақтап, қадағалайтын, азаматтардың өмірін қорғайтын тәртіп сақшысы болуға белін бекем байлаған еді. Сөйтіп, әскерден оралғаннан кейін сол кездегі Гурьев қалалық ІІБ-на қызметке орналасады. Ол 1980 жылдың желтоқсанына дейін қылмыстық іздестіру бөлімінің инспекторы қызметін атқарады. Өзіне тапсырылған тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, не нәрсені болса да сараптап, мұқият талдау жасайтын дағдысы оның жаңа жұмысына керек қасиет еді. Жақсы жағынан көзге түскен жас маман 1980-1991 жылдары ұдайы өсумен болды. Жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, бөлім бастығының орынбасары бола жүріп, қылмыскерлерді құрықтауда жаңа тәсіл мен ізденістерді үйренді.1991-1993 жылдар аралығында облыстық ІІБ-да жедел уәкіл, аға жедел уәкіл болып, қызмет баспалдағымен жоғары көтеріліп келе жатты. Иә, бұл кезеңдер - әділетті ту еткен Асқардың жұлдызы жарқырап туған жылдар еді. Әсіресе, қылмыс болған жерді мұқият қарап, қылмыскерді табуға ілік болатын дәлелдемелерді іздеуге ерінбей-жалықпай кірісетін. Басынан бастап зерттеп-зерделенбеген қылмыстық істің ашылмай қалуы мүмкін екенін білетін ол бар күш-жігерін аямай өзі жанындай қалаған мамандығы үшін алтын уақытын қиятын, тіпті демалмастан қылмыскердің ізіне түсуге де бар еді. Міне, осындай ерік-жігерінің арқасында талай қылмыстық істердің беті ашылып, қылмыскерлер құрықталды. Әрине, аталған мамандық абыройлы болғанымен қауіп-қатерге толы мамандық екені де жасырын емес. Әсіресе, адам өміріне қауіп төндірген қылмыскерлердің темір торға тоғытылуы олардың Асқарға тістерін қайрауына, кек алуды жоспарлауларына да себепкер болғаны шын. Қылмыскермен ешқандай мәмілеге келмейтін, өтірікке, ұрлық-қарлыққа, мемлекет мүлкін жымқыруға, табиғатқа зиян келтіруге жаны қас милиция майоры өзін алда күтіп тұрған қауіпті сезінбеген еді. Өзі өмір бойына үлгі еткен атақты із кесуші Шерлок Холмс сияқты Асқар да туабітті ізшіл, өте сезімтал жан болатын. Қылмыскерлердің қолтаңбасынан-ақ олардың келесі әрекетін айтқызбай танып, құрықтауға жан-тәнімен кірісетін. Тіпті сол жолда ол өзіне өлім қатері төнуі мүмкін екендігін ойына да алмайтын. Оның сол ержүректігін, әділетті ту еткен адалдығын, шыншылдығын әріптестері өздеріне үлгі етті. 
       Сол бір 1993 жылдың 18 сәуірі күні Асқар ертемен қызметіне асыққан. Отбасымен "кешке дейін" деп қоштасып тұрып, жары Роза, қызы Айнұрдың бетінен сүйіп жұмысқа кеткен ол енді қайтып осынау аяулы жандармен көріспейтінін білген жоқ. Жедел-іздестіру шаралары барысында аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдарды қуып жетті. Соңынан көмектің келетініне сенген ол қылмыскерлердің қашып кетуіне жол бермеу үшін соңына дейін аянбады. Күш тең емес еді. Бұрын сотталған қылмыскерлер жалғыз өзі келіп тұрған милиция майорына көптен тістерін қайрап жүрген еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бірнешеуі жабылып ұрып-соғып көліктеріне салып алады. Оңаша жерге апарып өлімші етіп соққыға жығып, он жерінен пышақтап, Еркінқала ауылына баратын жолдағы бейіттердің арасына лақтырып кеткен. Бірақ қанішерлер ұзамай қолға түсті. Амал не, батырлықтың үлгісін көрсеткен, алдындағы ағалары сенім мен үміт артқан жап-жас милиция майоры ерлікпен қаза тапты. 
    Соңында қайғыдан жүректері өртенген, қасіреттен еңкіш тартқан ата-анасы зар еңіреп қалды. Нала мен шерге тұншығып жары Роза Иғалиқызы жастайынан қара жамылып, жесір атанды. Кішкене қызы Айнұр қамқор әкенің мейірімен айырылды. 
     Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Бірақ Еркінқаланың тас жолының бойындағы сол бір қанды оқиға жерлестерінің әлі де есінен кеткен жоқ. Негізі адам қаны төгілген жер, ауа, аспан кеңістігінің жадында қатыгездікпен жасалған қылмыс қалып қояды деседі. Адам қолымен жасалған айуандық әрекетке табиғат та, жер-Ана да түршігіп, лағынет айтып тұрады екен. Мүмкін, ол сөздің де жаны бар шығар. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген ғой. Асқар Түсіпұлы Бисекеновке облыс орталығы Атырау қаласынан көше аты берілді. Есімі Атырау облысы ішкі істер органдарында қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық ескерткішке жазылған. 
       Асқар Түсіпұлының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ол әділеттің ақ туын желбіретіп, шындықты шамырқана іздеді. Антына адал болды. Соңынан ерген жас буынға әрдайым оның батырлығы туралы айтылып келеді және ол осылай жалғаса бермек. Батырлардың рухы өшпесін!
Гүлнәзира МҰХТАРОВА,
Ішкі істер органдарының ардагері,
полиция полковнигі