Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Роза Асанова: "Ғанидың шырақшысы - Қазалыдағы мұражайы"

     Қазақ тарихында аты алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаның бірі һәм бірегейі кешегі Кеңестік дәуірдегі комсомол-жастардың жетекшісі Ғани Мұратбаев. Кіндік қаны қазыналы Сыр елінде тамған көшбасшы қамшының сабындай қысқа ғұмырында бар күш-жігерін қазақ жастарының жарқын болашағы үшін сарп етті. Жанына білім іздеп, Ташкентке ағылған қазақ балаларын жинап, олардың қамсыз білім алуына көмек қолын созды. Өткен ғасырдың 20-жылдары Ташкентте Орта Азия елдері жастарының басын біріктірген «Түркі әлемі комсомол жастар одағын» құрды. Өзінің бастамасымен 1921 жылы 22-наурызда алғашқы саны жарық көрген аталмыш ұйымның үнпарағы - қазіргі «Жас Алаш» газетінің редакторы болды. Оның Өзбекстан жерінде басталған іс-жоспарлары одан ары Мәскеуде жалғасты. Ол БЛКЖО-ның Мәскеу, Орынбор, Верный, Ақмешіт шаһарларында өткен сьездерінде сөз сөйлеп, жастардың намысын оятып, оларға мақсат-мұраттарының жүзеге асу жолдарын көрсетті. Еліміз егемендік алғаннан кейін комсомолдардың заманы келмеске кетсе де, Ғани  өнегесі өлмек емес. Бүгінде оның осы өлмейтін һәм өшпейтін мұрасын  жаңғыртып отырған  қайраткердің Қазалыдағы мемориалдық мұражайы. Біз биыл ашылғанына 55-жыл толған аталмыш мұражайдың меңгерушісі Роза Асановамен сұхбаттасқан едік.... 


  • - Роза Шорақызы, Ғанидың мемориалдық мұражайының да оның иесінің ғұмыр-белесі тәрізді өзіндік тарихы бар екеніне келісерсіз. Нысанның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталмас бұрын, ең алдымен оның алғаш құрылып-жасақталған кезіне сәл шегініс жасап өтсеңіз?  
    - Музей - тек жекелеген тұлғаларды ғана емес, тұтастай, әр халықтың ғасырлардан тамыр тартатын өткен тарихына қатысты жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа таратып-таныстыратын қасиетті орын. Бүгінде туғанына 120, дүниеден өткеніне 98 жыл болған Ғани Мұратбаев мемориалдық мұражайы да  сондай оның өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректер мен жәдігерлерді жинап, зерттеп-зерделеп, халықққа танытып отырған қара шаңырақтың бірі. 1968 жылы 7-қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылған бұл музейдің ең алғаш құрылып-жабдықталуының да өзіндік тарихы бар.  Музейге ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің  үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер  депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді.  Музей Қазалы қалалық кітапханасында 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды. Сол жылдары бұл мүйісті ұйымдастыруға өңірге есімдері белгілі М.Жанұзақов, Б.Құлсейітов, С.Төлегенов, Ж.Төлепова секілді кітапханашылар мен  ұстаздар көп еңбек сіңірді.
    - Қазіргі кезде аталмыш мұражайда Ғаниға қатысты қандай құнды жәдігерлер бар және оның мұрасының толығуына атсалысқан кімдер?
    - Кеңес уақытында Ғани ғұмырын зерттеп, кітап жазған бірден-бір зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаров. Сол себепті, алғашында Ғаниға қатысты көптеген құжаттар мен фото-суреттерді сол кезде Алматыда тұрған қаламгердің жеке архивінен сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Теңел Жұмабаев арқылы алдық. Бастапқы кезде музейде небәрі 3 зал, 200 жәдігер болса, бүгінде жеті экспозициялық, бір көрме және «Тәуелсіз Қазақстан» залы мен мұражай қорында ұзын-саны 4076 экспонат бар. Аталмыш залдарда Ғанидың балалық шағынан бастап, ақтық демі үзілгенге дейінгі өмір жолынан сыр шертетін, оған қатысты экспонаттар кезең-кезеңмен орналастырылған. Сонымен қатар музей қорында оның өз қолымен жазған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері де бар. Соңғы жылдары онымен қызметтес болған жандардың ол туралы жазған естеліктері мен кітаптары да табылады. 2002 жылы Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде оның Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды. 
    - Бұл шаңырақ келушілер үшін Ғанитануға қатысты мақсатты-тағлымды іс-шаралардың ұйытқы-ордасы болуымен де қастерлі деп ойлаймын...
    - Жыл сайын оның туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі мен үш буын өкілдерінен құралған  «Өнеге» бірлестігі жұмыс істейді. Үйірмеге оқуда озат, қоғамдық істе белсенді де, өнерлі оқушылар қабылданды. Оларға жоспарға сәйкес танымдық, шығармашылық  сабақтар өткізіліп, тағылымдық шаралар, экскурсиялық экпедициялар ұйымдастырылса, «Өнеге» бірлестігінің құрамына ел, жер, тұлғалар тарихын тереңірек білетін шежіреші-ақсақалдар мен тарихшылар, музей қызметкерлері,  БАқ және дін өкілдері мен үйірме мүшелері қамтылды. Бірлестіктің мақсаты аға буын өкілдері білетін тарихи дүниелерді орта буын өкілдерімен бірге зерттей отырып, кіші буын тәжірибесіне енгізу. Ғ. Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі көшпелі көрмелер ұйымдастыру мен лекциялар оқу арқылы да насихатталады. Музей 2018 жылы «Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі  болып қабылданды. Ақтөбе облыстық өнер музейі, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық  музейі және Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейімен өзара әріптестікті нығайту мақсатында екі жақты  меморандум  жасалып, көшпелі көрмелер, республикалық ғылыми конференциялар бірлескен шығармашылық жұмыстар жасалуда. 2018 жылы музейдің ашылғанына 50 жыл толуына орай “Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі” атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Сайып келгенде, Ғанидың шырақшысы – осы Қазалыдағы мұражайы. 
    Ғ. Мұратбаев ғұмырнамасының айшықты бір парағы «Жас Алаш» газеті. Ғасырлық тарихы бар басылыммен байланыстарыңыз бар ма? 
    - «Жас Алаштың» 100 жылдық мерейтойы аясында газеттің сол кездегі бас редакторы Қ. Мәтіреков бастаған делегация мұражайда болып, Ғани рухына тағзым етті. Біз өз тарапымыздан Ғанидың өзі мен  газеттің сол кездегі белсенді тілшілерінің басылым бетіне жариялаған мақалалары мен фото-құжаттарынан тұратын арнайы көрме ұйымдастырдық. Былтыр Ғани мерейтойы басталғанда республикалық БАҚ ішінде ол туралы ең алғашқы мақаланы жариялаған да осы жалғыз «Жас Алаш». Әу бастан Ғани бастамасын жалғастырып- насихаттап келе жатқан бұл жастар басылымының орны біз үшін бөлек.  
    - Осы кезге дейін мұражай альбомына қолтаңба қалдырғандар  саны да көп шығар?!... 
    - Қазалыға ат басын бұрған мемлекет, қоғам қайраткерлерінен бастап, ТМД елдері мен аудан, облыс қонақтарының бәрі мұражайға соқпай кетпейді. Әлі есімде сонау 2002 жылы арнайы келіп, қолтаңбасын қалдырған сондай қадірлі қонақтың бірі - «Ғани» көркем фильмінде басты ролді сомдаған актер Құман Тастанбеков еді. Сонау бір жылдары мемлекеттік қызметте жүргенде Әбіш Кекілбайұлы да арнайы келіп, альбомға жүрекжарды сөзін жазған. 
    - Айтулы тұлғаның атын жаңғыртатын дата оның туған күні десек, мерейтойларына орай сіздердің тараптарыңыздан оған қатысты қандай ізгі істер атқарылып, бастамалар көтерілді?
     - Ғ. Мұратбаевтың ешбір мерейтойы елеусіз қалған емес. Мәселен, оның 75, 80, 90, 100, 110,  120 жылдық, музейдің 30, 40, 50 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтсе, қайраткердің 105 жылдығы құрметіне ол туралы жазылған өлең, поэма-толғаулар мен әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын» атты жинақ шығарылды. 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихына арналған «Ғани тағылымы» атты кітап жарық көрді. 2012 жылы оның туғанына 110 жыл толуына орай баспасөз беттерінде жарияланған репортаждардан, Ғаниды зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектерінен құрастырылған  «Ғани» атты жинақ, 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2016, 2017  жылдары  «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» атты жинақтар және 2018 жылы музейдің ашылғанына 50 жыл толу қарсаңында «Ғанидың қара шаңырағы» атты фото-альбом  шығарылды. Қайраткердің 120 жылдық мерейтойы аясында «Бала Ғанидан, дана Ғаниға дейін» атты жылжымалы көрме, «Заманның қожасы да, тұтқасы да - жастар» атты аудандық жастар форумы, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысы, «Ғанидың ізбасарлары» атты бұрынғы жастар жетекшілерімен кездесу,   «Ғани - алаштың ардақтысы» атты  аудандық мектеп оқушылары арасындағы  ғылыми конференция, «Ғани  жүлдесі үшін футболдан аудандық турнир, «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты  облыстық ақындар мүшәйрасы өткізілді. Ғ. Мұратбаевтың қайтқан күніне орай 15 сәуірде қалалық Жастар Үйінде «Мәңгілік жас Ғани» атты еске алу шарасы өткізілді. Қуаңдария бойында Қараөзек деген жерде Ғанидың ата-бабаларының қорымы  бар. Мұратбайдың шешесі - Ғанидың әжесінің мұнарасы сол жерде орналасқан. Таяу уақытта сол қорымға ескерткіш тақта орнатуды жоспарлап отырмыз.   
       Әңгімеңізге рақмет! 
                                                                                                                                                                                                           Сұхбаттасқан: Арай Сахариева, журналист