Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Мағрупа ҚАЗИХАН: "МЕН АЛАЯҚТЫҢ ҚҰРЫҒЫНА ҚАЛАЙ ТҮСТІМ?"

Бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы

Болған оқиға       
                                                                                                    Танысу

       Әсіресе, соңғы кездері әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде бөтеннің мүлкін алдап арбау жолымен иеленіп, пайдаланып кетушілер жөнінде жиі жазылуда. Жалпы, халық арасында  алаяқтық сияқты қылмыстық оқиғалардың құрығына ілінушілердің қатары азаймай отыр. «Алаяқ кім, ол қалай іс әрекет етеді?» деп ойлаушы едім. Ақыры, мен де сол алаяқтың құрығына өзімнің қалай түскенімді аңдамай да қалдым.
        Халқымыз «Ағайынның қызығы - алыс-беріс, құдалықтың қызығы - барыс-келіс» деп тегін айтпаған ғой.  Үстіміздегі жылы қаңтар айында   Алматы қаласында тұратын сіңлімнің қызы тұрмысқа шығатын болып, жолға шықтым. Той мен құдалық өтіп, Атырауға қайтуға жиналып, «Тальго» жүрдек поезына билет алдым. Халық көп. Сол нөпірмен бірге вагонға кіріп, купеме жетсем, жасы елуді орталаған қазақ әйелі қол жүктерін орналастырып жатыр екен. Қысқаша амандықтан соң екеуміз купенің төмендегі орындарына  қарама-қарсы жайғастық. Ол әйел де Атыраулық болып шықты. «Бес қызға өмір сыйлаған анамын» деп мақтанып қояды әңгіме арасында. Арада бір жарым күн де зыр етіп өте шықты  Поезд Атырауға да келіп жетті. Ол әйел келген соң күнде телефон шалып, хабарласып тұрды. Маған бірнеше ұсыныстар айтты. Мән бермегендей болып тыңдадым да қойдым. Ылғи да «Апатай, бір жерге барып шәй ішейік» дейді де, ертесіне уәдесінен айнып кетеді. Сөйтіп жүргенде, жаз айы да аяқталуға жақындады. Тағы да телефон шалып: «Апатайлап» ақша сұрады. Сұраған ақшасын «Каспий голдына» аудардым. Менің оған сенгендігім сонша: «қаржыны қашан қайтарасың?» деп те сұрамаппын. «Іс бітті, қу кетті» демекші, содан кейін-ақ ол бұрынғыдай хабарласпай, сирете бастады. Бірде: «Исатай ауданына кетіп барамын» десе, енді бірде: «Белім қақсап, орнымнан тұра алмай жатырмын» деп ойбайлап, зарлай бастайтынды шығарды. Енді мен де оның дауыс ырғақтарынан «өтірік ауру» екенін сездім. Тағы да телефон шалдым. Телефонды амалсыздан көтерген ол: «Басым айналып, көшедегі орындықта жатып қалыппын, көзімді ашсам бір танысым келіп тұр екен» деді де телефонды тастай салды. Сан түрлі сылтаулар көбейіп, кейінгі кезде мүлдем телефонын көтермейтін болды. 
   Менің күнделікті уақытымның көбі сол әйелге телефон шалумен өтетін. Ақыры, мен телефонды шалып қоймаған соң телефонын көтерді. Қаржымды қайтаруын талап еттім. Ол долдана бастады. «Мені полиция қызметкерлері ұстап алып, бір миллион бес жүз мың теңгеге тығып жіберді» деп қарап тұр.
     Қазақ халқы «жақсы екен деп жүрерсің, күнің түскенде білерсің» деп тегін айтпаған екен. Өзімнің де алаяқтың құрығына ілінгенімді түсіндім. «Бастан құлақ - садақа» дегім келді. Алайда, ол әйелдің бұдан былай да  адамдарды алдап-арбап, ақшасын алып, жұрт ақысын бермей кетуіне жол бергім келмеді. 
                                                                                          Жақсыдан - шарапат
       Сөйтіп, Атырау қалалық полиция басқармасына келіп,арыз жаздым. Полиция қызметкерлерінің қырағылықтары мен байыпты іс қимылдарының нәтижесінде, алаяқтық жасап,  бөтеннің мүлкін пайдаланып кетуді көздеген әлгі әйел қолға түсті. Полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында алаяқ әйел қаржымды қайтарды. Міне, осындай қиын күндерде маған қолдау білдірген Атырау қалалық полиция басқармасының анықтау бөлімінің аға анықтаушысы, полиция аға лейтенанты Диар Мұхамбетұлы Шапиғоллаға айтар алғысым шексіз. Ол  өзінің білімін, жинақтаған іс тәжірибесін шебер қолдана білді. «Жақсының шарапаты тиер тар жерде, жаманның кесапаты тиер әр жерде» деген халқымыз не деген көреген еді?!
   Диар Мұхамбетұлы - әке жолын қуып, осы қиындығы мен қызығы мол мамандықты жүрек қалауымен таңдаған абзал жан. Отбасында ұлы мен қызын тәрбиелеп отырған өнегелі әке. 
   Диардың әкесі - запастағы полиция майоры Мұхамбет Шапиғоллаұлы Қарамолдин де ұзақ жылдар қалалық полиция басқармасында абыройлы еңбек етіп, халықтың ақ алғысына кенеліп, атақ пен абыройға ие болған  ерекше адам. Қазір зейнет демалысында. Үлгілі шаңырақтың иесі. 
   Диар Мұханбетұлы 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап қалалық полиция басқармасында еңбек етіп келеді. Ол - өзін тек қана жақсы жағынан көрсетіп келе жатқан үздік қызметкер. Диардың балалық шағы Атырау қаласында өтті. Қаладағы №  31 орта мектептің түлегі.  Оқу ордасын тәмәмдаған соң Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы  Қостанай Академиясына оқуға түсіп, өзінің қабілетін, білімге құштарлығын көрсете білді. Үздік дипломға ие болды.
  Бүгінгі таңда Академия қабырғасында алған білімін іс жүзінде тәжірибемен, жігерлі еңбекпен ұштастыра білген Диар Мұхамбетұлы әрқашан биік белестерді бағындыруға ұмтылады.
  Жүзінен нұр төгілген, аққұба өңді, ашаң жүзді полиция қызметкерінің әрбір күні мазасыз тірлікке толы. Ол үнемі «ақылың болса, арыңды сақта, ар, ұят керек әр уақытта» деген қазақтың нақыл сөзін жадына серік етеді.
   Бұл оқиғаны әңгімелегендегі басты мақсатым – өзім сияқты адал да ақкөңіл жандарды сақтандыру.  Алаяқтардың құрған торына түспеу үшін «оң көзің, сол көзіңе қарауыл болсын». «Жақсы - жаныңа жолдас, жаман - малыңа жолдас» екенін естен шығармайық, ағайын!
                                                                                                                                                                                                           Мағрупа ҚАЗИХАН,
                                                                                                                                                                                                         Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.   
                                                                                                                                                                                                         Атырау қаласы.