Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Гүлмайдан СҮНДЕТОВА: «Ақмаңдай әже – пір Бекеттің қарындасы...»

          Жарық нұрға шүпілдеген ғажайып дүние адамзат баласы түсінбейтін тылсым сырға толы. Әсіресе, қазақ баласы үшін кие, қасиет деген ұғымдар жат болмасы анық. Ата-әжелеріміз жастайымыздан құлағымызға сіңірген әулие-әмбиелердің керемет қасиеті, киелі адамдар туралы ертегіге бергісіз аңыз-әфсаналар «өзіңнен өзгені әулие сана» деген тәмсілді ұмытпауға шақырып тұратындай. Туған жердің әрбір тасына жұмбақ сыр жасырылған іспетті. Әрқайсысы бізге дейін жер бетін мекен еткен, армандаған, сенген, үкілі үмітін ұрпағына жалғаған жандардың бізге тастап кеткен мұрасы секілденеді де тұрады. Сол бір қастерлі қазынаға қалай ие болып жүрміз, сол бір көреген ата-әжелердің үмітін ақтауға жарадық па? Ол енді басқа әңгіменің арнасы. 
       Біз бүгін Нарын құмын жайлаған елге тылсым қуатымен күш берген, жылағанды жұбатып, құлағанды тұрғызған, ауруды сауықтырып, мың түрлі дертке мың бір түрлі дауа берген бір Алла берген қасиетімен соңындағы ұрпағын имандылыққа тәрбиелеген әз Ана Ақмаңдай Мырзағұлқызы туралы әңгіме өрбітпекпіз. «Сарайшық» журналының редакциясына зәуімен бас сұққан Жетісудың Сарасы, Керекудің Майрасы атанған жезтаңдай әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақмаңдай әженің ұрпағы Гүлмайдан Сүндетқызымен сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
-    Гүлмайдан Сүндетқызы, "Сарайшыққа" қош келдіңіз! Сіз түркі жұрты пір тұтатын Бекет Мырзағұлұлының қарындасы Ақмаңдай әженің ұрпағымын деп қалдыңыз бір сөзіңізде. Сол әңгімені тарқата отырсаңыз. Ақмаңдай әже Нарын құмына қалай келген? Адайлардың негізгі қонысы Кең Жылыой, Үстірт маңы сияқты еді...   
-    1801 жылы Бөкей хан бастап келген елдің ішінде « Жеті баулы Берішке» кіретін себек руының Бөрібас атасынан өрбіген Тума, Жанбай деген аталарымыздан тараған ұрпақ болыпты. Қазақтың соңғы ханы болған Жәңгір Ресей мемлекетінің ел басқару саясатына сәйкес Еділ мен Жайық - қос өзен аралығындағы Ордада территориялық әкімшілік басқару жүйесін жүргізеді. Әрбір руға, қала берді жеке дүние танымы мол,адамгершілігі зор азаматтардың жанұясына қоныстайтын жер берілген. Ауыл аймағына қоныс сұрай барған Жанбай ұрпағы Саржала батырдың немересі Бекбайұлы Қойбасқа Жәңгір хан: «Тайдың бір күнде оралып шығатынындай жер ал»депті. Осыны айтарын алдын ала сезген Қойбас би күні бұрын жаратып, дайындап қойған қысырақтың тайымен бір күн оралып түлік малды бағып-өсіруге қолайлы шөбі шүйгін, құдығының суы тұщы жерді алыпты. Кейінен бұл жер Қойбас қорығы деп аталған. Жанбай ұрпағының жазғы жайлауы осы Қойбас қорығы болған.  
         Қойбас қорығын мекендегендердің ішінде Жанбайдың Бозай атасының Орыс, Шорман, Мұңал,Жақсыбай және Мәмбет аттты балалары болған. Шорманның зайыбы руы Адай Мырзағұл қызы, Пір Бекеттің қарындасы Ақмандайды  ел арасында «Әулие әже» атаған. Шорман ата мен Әулие әженің Сарт, Көдебас, Жылқышы деген балалары болыпты. Көнекез қариялардың айтуына қарағанда, Ақмандай әже бұдан 220 жылдай шамасы бұрын дүниеден өткен, «Қожыр төбе» деген жерде жерленген. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ХІХ ғасырдың басында Бөкей хан басталған ел Жайықтың бергі бетіне қоныс аударған кезде жолдасы Шорманнан жастай айырылған Ақмаңдай әже үш баласын ата жұрты-Нарын құмына жеткізгісі келеді. Бергі бетке көшкен халықпен бірге өткісі келген Ақмаңдай анаға төркіндері: «Жолдасың осы жакта жерленді, көшпей-ақ қойсайшы» дегенде, ол: «ұрпақтарымды туыстарынан бөліп жетімсіретпеймін, қайнағамен бірге көшемін» деген екен. Қайнағасы - Шорманның ағасы Орыс. Балалары өз алдында отау тігіп шыққаннан кейін Әулие әже Жылқышы есімді баласының қолында қалған деседі ел аузынан жеткен әңгімеде.
-    Есімі сан ғасырды артқа тастап, жиырма бірінші ғасырға дейін жеткен Ақмаңдай әже тегін адам болмағаны анық. Ол кісінің әулиелік қасиеті қалай байқалыпты?
-    Аты аңызға айналған, аруағына қалың жұрт тәнті болған Ақмаңдай әженің әулиелік қасиеті бойжеткен кезінен байқалса керек. Жазғы жайлауда шөп тапшылығын көрген соң, жұрт аударуға мәжбүр болыпты. Көп жүрістен кейін көш тоқтап, мал-жан ішетін суға тарығыпты. Осы кезде бойжеткен Ақмаңдайдың керуен басы мен қасындағы көмекшілеріне мал-жан басынаң аман –сау болуы үшін болжап айтқандары дәлме-дәл келген. Міне,осы кезден бастап әженің бойында ата қанынан барған қасиеттері бар екені байқала бастаған. Алдағыны болжап, ауырған малға да, адамға да ем жасаған. Тіпті өзі өмірден өткенен кейін де ұрпақтарына шапағатын тигізген, бейітінен шырақ жанып тұрған. Адамдар оның басына барып ниязын байлап, аруағына сыйынып, түнегенде ауруынан айығып кететін болған. Осындай қасиеттерін сыйлаған Шорман ұрпақтары, жалпақ Нарындағы ел- жұрт «Әулие әже, Ақ шеше» деп атаған.
       Мұндай ерекше қасиет Ақмаңдай әжеге ата-бабасынын дарығаны анық. Туған ағасы - әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, бүкіл Адай ұлысына ұран болған пір Бекет. Ендеше Беріш-Себек Бозбай келіні Ақмаңдай әже рухына Шорман әулеті тағзым етіп, ас берді. Бұл енді имандылық жолындағы іс екені даусыз.
 Әр ауылдың аракідік кездесіп қалатын, азу тісін ақситып айбат шегетін, астындағы атымен ашық ауланың басына шығатын адырақпай тентектерін әулиелік қасиетімен тәубеге келтіріп, күбір-сыбырсыз жөнге салған. Өзінің даналығымен бір рулы елдің басын біріктірген деседі. Бүгінде оның басына арнайы барып, ақ ниетпен түнеп шыққан жандардың барлығы да ауруларынан құлан-таза айығып кеткендерін де білеміз.
-    Жаңа бір сөзіңізде Шорман әулетінен тараған ұрпақ Ақмаңдай әжеге ас бергенін айтып қалдыңыз. Имандылыққа баулитын шараны ұйымдастырушылар туралы айта отырсаңыз. Шара кезінде әз ананың әулиелігіне дәлел болатындай есіңізде қалған естеліктермен бөліссеңіз.
-    Осындайда «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұлағатты сөз ойға оралады.  «Көп түсірсе-көл» деген емес пе, ынта-ықылас болса адамның қолынаң келмейтін ешнәрсе жоқ. Жер бесікте мәңгіге жайғасқан Әулие әжеге жергілікті кәсіпкер , әженің Сарт баласынан өрбіген шөберелері Әубәкір Елемесов, зейнеткер Мұхит Айтжановтың материалдық жағынан қолдауларымен кесене тұрғызылды. Ақ кірпіш тастың үстіне мәрмәр тасқа есімі ойылып жазылған белгі орнатылды.  Әулие әженің кесенесі басында батыр баба Исатай атындағы ауданының сол кездегі әкімі Зұлбұхар Мақсотұлы Сүйінішев, Бекет атаның Жылыойдағы «Ақмешіт» кесенесінің шырақшысы, Пір Бекеттің шөбересі Ислам қажы қатысқан ас беру рәсімі өтті. Мен алыс Жетісу өңірінде жүрсем де үнемі Ақмаңдай әже туралы дерек іздестіріп жүретін едім. Соның куәсіндей Ислам қажы Мырзабековтің: «Әжесін іздеген қыз» деген мақаласы да жарық көрді. Ол кісі менің Ақмаңдай әжеге деген құрметім мен ілтипатыма қатты разы болды. Ақын Бәтима Батырбекқызына «Ақмаңдай әже» деген өлең жазуға ұсыныс беріп, әнін өзім жаздым. Сөйтіп, бүгінде ел аузында орындалып жүрген «Ақмаңдай әже» әні дүниеге келді.
      Ас беруге қатысуға адамдары бар автобус түн ішінде Әулие әженің қауымына баратын жолдан адасып, басқа жолға түскен. Біршама жүргенен кейін автобустың моторы өшіп, тоқтап қалады. Соңында келе жатқандар оның басқа жолға түскендігін түсіндіріп, қауымға апаратын жолға салыпты. Айта кету керек, ас беруге қатысқандардың жер шалғайлығына қарамастан, бірде-біреуінің көліктері бұзылмаған және қайта жолда тоқтап қалғандары болмапты. Шапағатын тигізген шығар жарықтық!
-     Шорман ата мен Ақмаңдай әженің ұрпақтары туралы айта отырсаңыз. Олардың ішінде есімдері елге әйгілі жандардың да болуы әбден мүмкін ғой. Мәселен, өзіңіз сияқты... 
-     Жалпы жұрт аузында Жанбай атаның сабасы - Бозайға, мылтығы - Жанұзаққа, қылышы - Саржалаға мұраланған деген сөз бар. Соған қарағанда Бозбай ата заманында шаруалы болғанға ұқсайды. Құдасы Мырзағұл да байлығымен беделдері шамалас, сыйластықпен өмір сүрген адам бола керек. Бозбай атадан Орыс (Өтеғали), Шорман, Жақсыбай, Мұңал, Үмбет, Мәмбет атты алты бала өрбіген. Ал, Шорман мен Ақмандай әжеден Сарт, Көдебас, Жылқышы есімді үш ұл өмірге келгенін жоғарыда айтып кеткен болатынмын. Қазіргі кезде осы атадан өрбіген ұрпқта 200-дей шаңырақ бар көрінеді.
     Шорман ұлдарының ішінде Көдебес әнші, атбегі, өнерге бейім адам болған, өмірін серілікпен өткізген. Бұл атадан елде аты құрметпен аталатын балық кәсіпшілігінде еткен Қамзағали мен оның баласы Мұрат, Көдебастын ұлы Ахметтің қызы Зейнептен туған жиен Үлкенбайұлы Нариман мен одан туған Айгүл Нариманқызының есімдерін атауға болады.
     Шорманның кенже ұлы Жылқышыдан Сатыбалды туған. Одан Сапар мен Ізбасқан есімді екі ұл болған. Сапардан Құлшар және Қуаныш атты екі ұл дүниеге келген. Құлшар ұзақ жылдар автоинспекцияда еңбек етсе, Қуаныш «Ембімұнайбайланыс» АҚ басқарған. Ал, Ізбасқаннан өрбіген Әйтім мен Тұрғанбайдан екі ұл өмірден өтсе де, артында бірнеше ұрпақ қалған. Үлкен үйдің құрымы осы Тұрғанбай ұлдарында қалған. Сондай-ақ, Ақмаңдай әженің пайдаланған ұршығы да сақталып келген. Ұршықты Тұрғанбай зайыбы Бәтима мен қарындасы Әйтімқызы Әнәпия жиынға қатысушыларға әкеліп көрсетті).
     Ал, Сарт атаның әулетінен Қожыр ата 100жыл ғұмыр кешіп, бақи болған екен. Меккеге барып, қажы атанған,онын баласы Оразғали сұпы болған. Оның немересі Уәп Жағыпашұлы колхоз, совхоз өндірісінде басшы кызметтерде болған.
Қожыр немересі Айтжанов Мұхит пен оның ұлы Бисеғали осыдан бірер ай бұрын әже басына ескерткіш белгісін дайындап койса, кенжесі Ғайниұлы Шәмәли әже бейіті басына ас беруге жиналған қонақтарды бастап апарып, тәу еткізіп, түнетіп, өз үйінен қонақ етіп шығарып салды. Сарттың ұрпағы Мәннен Исақұлұлы әже қорымын құм басып бара жатқанын көріп, орны жойылмас үшін бірінші болып белгі қойған кісі екен. Ал, оның ұлы Әбубәкір - ауданымызға танымал шаругер. Әжені еске алу, ас беруді ұйымдастырушы да осы Әбекең. Жалпы, Сарт атаның ұрпақтарынан зергер Нұх, әйгілі күйші, домбырашы СағынЖалмышев, алғашқы мұғалім Қабдел, оның балалары Ибат, Закария, жылқышы Шұға, шопан Оқила,   имамдар Үмбет пен Махмеден секілді есімдері көпшілікке танымал азаматтар шыққан.
-    Әңгімеңізге мың да бір Алғыс! Шығармашылық табыс тілеймін.
Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА