Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2021 жылы 25 қазанда жарияланған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» № 456 Жарлығына байланысты құрылған өңірлік комиссияның құрамында зерттеу жұмыстарын жүргізген кезімізде біздің ерекше маңыз беріп айналысқан мәселелеріміздің бірі - Атырау қаласы мен өңірлерде 30-50 жылдары ату жазасына кесілген азаматтар жерленген қорымдар мен қауымдарды іздеп табу ісі.
Қазақта «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» деген сөз бар. Оның мәнісін жеке басым 90-жылдардың аяқ кезінен бастап, архивке отырып облыстың білім саласы тарихын зерттеу кезінен бастап ұққандай болдым. Сол кезде менің қолыма облыстық мемлекеттік архивтің қорларынан 1937-1938 жылдары ату жазасына кесілген халық мұғалімдері Алпан Құдайбергенов, Қазмұқаш Ибрашев, Өмірзақ Есмұрзин, Әбілғали Таңқыбаев, Сергей Сухарев, Рақымберді Тыншимов, Иманғали Адаев және басқа да ұстаздардың есімдері жазылған құжаттар қолыма түсіп, солардың негізінде «Фолиант» баспасынан «Азалы ақ кітап» деп аталатын еңбегім жарық көрген еді. Ол кезде қаза болған ұстаздардың ұрпақтары өмірде болғандықтан, ол адамдардың жоғары билікке өздерінің аталарының қай жерде жерленгендігін білгілері келіп, қайта-қайта сұрап жазған хатттарын көрсем де, олардың жанайқайларына ешкімнің де мән бермегендігінің куәсі болдым.
Отыз жылдың үстінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тағдырын зерттеуші ретінде айтарым: «өзіммен бірге осы мәселені тікелей зерттеумен айналысқан әріптестерім, тарихшылар С. Қуаныш, А. Ахмет, Г. Қайырғалиева, Д. Алипова, өлкетанушылар С. Әуелбаев, А. Кораблев және басқа да ғалымдар бар, бәріміздің көздеріміздің жеткені-саяси қуғын-сүргін құрбандарын ату кезінде ішкі істер құрылымдарының жендеттері өздерінің қанды қолынан қаза тапқан адамдардың бірде-біреуінің қай жерде жерленгендігі туралы бірде-бір мәлімет қалдырмай, құпиялықты ерекше сақтағандығы. Соның кесірінен қаза болғандардың ұрпақтары өздерінің ата-бабаларының қай жерлерде жерленгендігін білмей, ұзақ жылдар бойы дал болып, пұшаймандық күй кешкендігі ол адамдардың қабырғаларына қатты бататын еді. Алайда 2022 жылдың сәуір айынан бастап бұл мәселеде аз да болса «сең қозғалды». 2022 жылдың бас кезінде Маңқыстаулық зерттеуші Алқажан Меделханов Астана қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Орталық архивінен маңқыстаулық бір азаматтың 1937 жылы ату жазасына кесіліп, Гурьев қаласынан 7-8 км жерде орналасқан «Қаратөбе» деген жерге жерленгендігі туралы мәліметті тапты. Содан кейін біздер, атыраулық зерттеушілер «Қаратөбе» қорымына барып, ондағы ұзыннан шұбақ созылып жатқан бірнеше некропольдерді көзімізбен көріп қайттық. Бұл жерде біздің пайымдауымызша 300-400 адам жерленген болуы мүмкін.
Архивтік материалдарды зерттеу және көнекөз адамдармен әңгімелер жүргізудің нәтижесінде 2022 жылдың сәуір айынан бастап, бұл мәселені анықтауға кірісіп, Атырау өлкесінде 1921 жылдан 1950 жылға дейін өлім жазасына кесіліп, нәтижесінде атылған азаматтар жерленген 10 қорым және сол жерде рухы дамылдаған 70-тің үстінде азаматтардың есімдері анықталды. Ол адамдар «Қаратөбе» қорымы мен бұрынғы Баутин, қазіргі Нәубетов көшесінде орналасқан «молдалар қорымында» екен. «Әдебиет сияқты, ғылым да - ардың ісі» екендігін ескере отырып, біз өзіміздің тарапымыздан құрбандардың қай қорымда жатқандығын анықтау үшін өзіміздің барлық ынта-жігерімізді, ерік-қайратымыз бен денсаулығымызды, өмірлік тәжірибеміз бен кейбір жағдайда ақшаларымызды да аямай, республикадағы барлық архив атаулының бәрін қопардық. Атап айтқанда, осы жолдардың авторы 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде өзінің 10 күнін сарп етіп, қанша іздегенімен ату жазасына кесілген адамдардың қалада орналасқан 10-ның үстіндегі қорымдардың қайсысында кімдердің жерленгені туралы бірде-бір мәлімет табылмады. Бірақ біз іздестіру шараларын тоқтатпадық. 2023 жылдың тамыз айында қауымдастырылған профессор С. Қуаныш екеуміздің Алматы қаласындағы Президент архиві мен Мемлекеттік архивте бір айға жуық уақытымызды осы мәселенің анық қанығына жұмсағанымыз да ешқандай нәтиже бермеді. Алайда «жоқ нәтиже, ол да нәтиже» деп бостан бос айтылмаса керек. Бұл жолы мен осы мәселеге байланысты ең дұрыс шешім жасауға қол жеткіздім. Біріншіден, менің қолыма 30-40 жылдарда қарапайым халықты қырып-жоюға бағытталған сол кездегі биліктің механизмі мен әдіс тәсілдері түсті. Ату жазасын жүзеге асыру үшін үш құжат басшылыққа алынған.
Біріншісі: сол кезде республика астанасы болған Алматы қаласындағы ішкі істер халық комиссариатынан Гурьев уездік ішкі істер бөліміне жолданған ұсыныс-инструкция. Онда ату жазасын түнгі сағат 12-ден таңғы сағат 4-ке дейін, өте құпия жағдайда жүзеге асыру және ату туралы актіге атылған адамдардың қай жерде жерленгенін өте құпия жағдайда ұстау міндеттелген.
Екіншісі: «Өте құпия
УГБ III бөлімі бастығының
Мемлекеттік қауіпсіздік кіші лейтенанты Михневичке
23. Х. 1938 ж.
Бұйрық
Гурьев облысының УНКВД жанындағы арнайы үштіктің келесі сотталғандар туралы арнайы шешімін орындаңыз:
Барлығы - 16 адам.
1. Ермагамбетов Яхия, 1881 т.ж. Астрахань.
2. Алиев Хусаин, 1840 т.ж. Саратов.
3. Култаев Умир, 1864 т.ж. Сталинград обл.
4. Ихласов Нахан, 1865 т.ж. Есбол.
5. Сельбаев Тасбулат, 1900 т.ж. Махамбет.
6. Тагаев Есқожа, 1890 т.ж. Махамбет, №18 ауыл.
7. Есенов Калмағанбет, 1889 т.ж. Махамбет, №18 ауыл.
8. Есниязов Кенжеғұл, 1887 т.ж. Махамбет, №17 ауыл.
9. Дүйсекенов Ондасын, 1901 т.ж. Бақсай.
10.Салиев Сейткали, 1864 т.ж. Денгиз.
11.Тыншимов Рақымберди, 1887 т.ж. Бақсай.
12.Кадирмагамбетов Бакибай, 1900 т.ж. Махамбет, №7 ауыл.
13.Масатов Ибраш, 1905 т.ж. Махамбет.
14.Айдаров Садык, 1890 т.ж. №14 ауыл.
15.Сакауов Бегей, 1874 т.ж. Махамбет.
16.Оспанов Сабит, 1847 т.ж. Володар.
Ішкі істер халық комиссариатының бастығы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің лейтенанты: Михайлов»
Үшіншісі: «Бұйрықты орындау акті
Акт
1938 жыл 25 қазан Гурьев қаласы
Біз, төменде қол қойғандар Гасанов, Михневич, Дымков
осы күні 24 сағатта төмендегілерге қатысты үкімді орындадық:
1. Ермагамбетов Яхия, 1881 т.ж. Астрахань.
2. Алиев Хусаин, 1840 т.ж. Саратов.
3. Култаев Умир, 1864 т.ж. Сталинград облысы.
4. Ихласов Нахан, 1865 т.ж. Есбол.
5. Сельбаев Тасбулат, 1900 т.ж. Махамбет.
6. Тагаев Есқожа, 1890 т.ж. Махамбет, №18 ауыл.
7. Есенов Калмағанбет, 1889 т.ж. Махамбет, №18 ауыл.
8. Есниязов Кенжеғұл, 1887 т.ж. Махамбет, №17 ауыл.
9. Дүйсекенов Ондасын, 1901 т.ж. Бақсай.
10. Салиев Сейткали, 1864 т.ж. Денгиз.
11.Тыншимов Рахимберди, 1887 т.ж. Бақсай.
12. Кадирмагамбетов Бакибай, 1900 т.ж. Махамбет, №7 ауыл.
13. Масатов Ибраш, 1905 т.ж. Махамбет.
14. Айдаров Садык, 1890 т.ж. №14 ауыл.
15. Сакауов Бегей, 1874 т.ж. Махамбет.
16. Оспанов Сабит, 1847 т.ж. Володар.
Қолдары қойылған:»
Бұдан шығатын қорытынды: ендігі жерде облыс бойынша ату жазасына кесілген 700 жүздің үстінде азаматтар кім, олар қай қорымда жатыр деп іздеудің қажеті жоқ, барлығы бірдей бәрібір анықталмайды. Сондықтан ол адамдарға ортақ ескерткіш мемориал орнату қажет деп санаймыз. Осыған байланысты ерекше атап өтуге тиісті бұл жерде бір мәселені оқушы назарына ұсынғым келеді.
Құдайға шүкір, біздің өлкемізде өзінің халқына жанашыр, қайырымды азаматтар баршылық. Сондай азаматтардың ішінен бір кезде Атырау қаласының әкімі болып жемісті еңбек еткен Нұрлыбек Жұмахметұлы Ожаев мырзамен пікірлесуімнің сәті түскен еді. Мен ол кісімен өзімнің зерттеп жүрген мәселеммен бөліскенімде, кезінде қалалық әкімшіліктің бітірген тамаша шаруасы туралы айтып жеткізді. 2015 жылы Жеңістің 70-жылдығын тойлау үлкен деңгейде атап өтілгендігі белгілі. 9 мамырға ай жарымдай уақыт қалғанда, қала әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановпен бірлесе отырып, бас-аяғы ай жарым уақыттың ішінде екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жүздеген мың жауынгерлердің аты-жөндерін іздеп тауып, қаладағы Жеңіс саябағына орасан зор мемориал тұрғызып, оның қабырғаларына боздақтардың есімдерін алтын әріптермен қашап жаздырған болатын. Бұл игі, сауапты істі сол кездегі облыс әкімі, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Салахиденұлы Ізмұқанбетовтың қолдағанын біз қазір біліп, ол кісінің теңдесі жоқ қайраткерлігімен қатар, үлкен жүректі азамат екендігіне тәнті болып отырмыз! Бұл сауапты шаруаны бастан аяқ жүзеге асырғандардың арасынан сол кезде қала әкімінің орынбасары болған Гүлмира Мүсілімқызы Шакированы да ерекше атап өткеніміз жөн.
Әрине, бұл шараның қаншалықты маңызды екендігіне ешқандай да шүбә келтіруге болмайды. Себебі, қаншалықты айтуға ауыр болса да «ит арқасы қиянда», яғни, бүкіл Россия, Беларуссия, Украина және кәрі құрлық Еуропа далаларында бауырлас қорымдарда жерленген аталарымыздың басына шығантоғайда болмаса кім барып, бастарына құран оқып, тәу етпек, айтыңыздаршы! Мен, өз басым жылма-жыл болатын 9 мамырды атап өтетін кезде Жеңіс паркінде орналасқан Мемориалға келіп, оның қабырғаларына жазылған тізімдердің арасынан жас адамдардың өздерінің аталарының есімдерін тауып, қолдарымен сипап, көздеріне жас алып, күбірлеп іштерінен білгендерін айтып, тәу етіп жатқандарының талай рет куәсі болдым. Ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі, асылы, осы болар!
Сонымен, Атырау қаласында ең көп адам жерленген бірінші қорым-«Қаратөбе» қорымы.
Қазіргі кезде бізге белгілісі: Халқының саны 1938 жылы 200 мыңға жетпейтін Гурьев уезі бойынша сол кезеңде 13 мыңның үстінде адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 90-жылдардың аяғында солардың тек 3365-і ақталған еді. Ішкі істер халық комиссариаты басқармасы «үштігінің» шешімімен 2500 адам сотталып, олардың арасынан 730 адам ату жазасына кесіліп, 621 адам атылды. 2002 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Азалы ақ кітаптың» мәліметтері бойынша, қазіргі Атырау облысынан ату жазасына азаматтар 1921 жылдан бастап ілігіп, сол жылы 6 адам, 1931 жылы-6 адам,1937 жылы-216 адам,1938 жылы 355 адам, 1939 жылы-1 адам, 1940 жылы-4 адам, 1941 жылы-6 адам, 1942 жылы-19 адам, 1943 жылы-4 адам, 1944 жылы-1 адам, 1955 жылы- 1 адам атылған. Олардың ұлттық құрамы: ату жазасына ілігіп, қаза болғандардың 290 – ы қазақтар, 249-ы орыстар, 82-сі өзге ұлт өкілдері, яғни, немістер, украйндар, корейлер, еврейлер, финндер, беларустар, татарлар, литвалықтар және басқалары. Ату жазасына кесілген 621 азаматтың әлеуметтік құрамы әртүрлі болған. Ату жазасына мұғалімдер, діни қызметкерлер, партия-совет қызметкерлері, бухгалтерлер, кассирлер, малшылар, балықшылар, қойма меңгерушілері, слесарлар және басқа да кездейсоқ қара жұмыс істейтіндер кесілген. Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер басқармасынан құрылған «үштіктер», әсіресе «жұмысы жоқ адамдар» мен «белгілі бір қызметпен айналыспайтын адамдарға» қырғидай тиген. Ол адамдар біздің сараптама көрсеткендей, молдалар болып шықты.
Ату жазасына кесілген молдалар, сопылар, поптар мен священниктердің аталған кітаптағы 21 адам енгізілген тізімі толық емес. Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ғ. Нығметтің 1997 жылы «Атырау» газетінде жарияланған «Абақтыда атылған Әби» атты мақаласында 45 молда, 13 священник болды деп көрсетілген. Сонда «Рух-Памяттың» Азалы кітабына ату жазасына кесілген 37 дін иелері енбей қалған. Әртүрлі деректерге біздің жүргізген талдауымыз көрсеткендей, «Рух-Память» кітабындағы «жұмысы жоқтар» мен «белгілі бір қызметпен айналыспайтындар» деп атылған азаматтар бұрын дін жолында болған молдалар болып шықты.
Соңғы кезде профессор С .Қуаныштың зерттеулері көрсеткендей, ату жазасына кесілген дін иелерінің саны қазір 80-нің үстінде екені белгілі болып отыр. Дінбасылар мен діндарларға қатысты қуғын-сүргіндер Кеңес мемлекетінің жалпы жазалау саясатында ерекше орынға ие болды және өздерінің ерекше мақсаттары мен міндеттерін көздеді. Стратегиялық мақсат- діни қалдықтарды толығымен жою болды, ал тактикалық міндет-оларды жоюға жағдай жасау. Большевиктердің жалпы дінге және діни қызметкерлеріне қарсы іс-қимыл бағдарламасы Лениннің Дзержинскийге 1919 жылы жазылған әйгілі хатында ашық көрініс тапқан болатын : «Діни қызметкерлер мен поптардан мүмкіндігінше тезірек құтылу керек. Поптар барып тұрған контрреволюционерлер мен диверсанттар ретінде тұтқындалып, барлық жерлерде аяусыз атылуы керек. Және мүмкіндігінше көбірек. Шіркеулер жабылуға жатады. Храмдардың, шіркеулердің үй-жайлары қоймаларға айналады». Жазалау шаралары тек шіркеулерге ғана емес, мұсылман мешіттеріне де қатысты қолданылды.
Екінші қорым-Нәубетов көшесінде орналасқан «Молдалар» қорымы.
2002 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Рух- память» қорының «Живые узники сталинских репрессий» атты кітабына «молда», «жұмыс жасамайды» және «белгілі бір қызметпен айналыспайтындар» деген атаумен енген, өздері 1938 жылдың 21-29 қазаны күндері атылып, бұрынғы Баутин, қазіргі Нәубетов көшесіндегі қорымға жерленген молдалардың тізімін оқушы назарына ұсынамыз:
- Айкенов Мұқанбет, 1888 жылы туған. Қазақ, Гурьев облысы Бақсай ауданы Сарайшық ауылының тұрғыны. Белгілі бір қызметі жоқ. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
2. Ахметов Тұқпатолла, 1864 жылы туған, қазақ. Гурьев облысы Бақсай ауданының тұрғыны. Белгілі бір қызметі жоқ. ІІХК Гурьев облысы бойыншаи басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
3. Аренов Ерғали, 1884 жылы туған, Гурьев облысы Бақсай ауданынының тұрғыны, молда, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
4. Мұрзин Шамбыл, 1861 жылы туған, Гурьев облысы Сафоновка селосының тұрғыны. Белгілі бір қызметі жоқ. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 20 қазанында атылған. Гурьев облыстық соты шешімімен 1959 жылы ақталған.
5. Тұрланов Пазыл, 1869 жылы туған . Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
6. Хасанов Нұғыман, 1875 жылы туған. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
7. Хусниденов Салық, 1884 жылы туған, қазақ. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
8. Өтебаев Оразақ, 1885 жылы туған, Гурьев облысында туған. , қазақ. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
9. Бекбаулиев Қомақ, 1880 жылы туған, Жылойқоса ауданының тұрғыны, Белгілі бір қызметі жоқ. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. Гурьев облыстық соты шешімімен 1959 жылы ақталған.
10. Бекениязов Есбосын, 1883 жылы туған. Жылойқоса ауданының тұрғыны, Белгілі бір қызметі жоқ. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
11. Бакенов Бердіғали, 1895 жылы туған. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
12. Қалыбаев Нұржан, 1872 жылы туған. Гурьев облысы Бақсай ауылының тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды. . ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
13. Құлбаев Берді, 1873 жылы туған Жылойқоса ауданының тұрғыны.
ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
14. Көшбаев Санжан, 1898 жылы туған. Гурьев облысы Жылойқоса ауданының тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
15. Мамбетов Айтмағанбет, 1888 жылы туған. Гурьев облысының тұрғыны. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
16. Машағұзов Жұқаш, 1897 жылы туған. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
17. Наурызбаев Дәуітбай, 1865 жылы туған. Гурьев облысы Жылойқоса ауданының тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
18. Нұғыманов Медине, 1893 жылы туған. Гурьев облысы Жылойқоса ауданының тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 22 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
19. Шалов Жұмасақ, 1874 жылы туған. Маңқыстау ауданының тұрғыны.
ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 20 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
20. Алиев Хусайын, 1890 жылы туған, татар. Гурьев облысы Байда ауылында тұрған, молда. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 26 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
21. Дүйсекенов Оңдаған, 1901 жылы туған. Гурьев облысы Бақсай ауданының тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 25 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
22. Есенов Қалмағанбет, 1889 жылы туған. Маңқыстау ауданы 18 ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 23 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
23. Ерембетов Яхия, 1892 жылы туған. Татар. Теңіз ауданында тұрған, молда. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 26 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
24. Құлтаев Омар, 1864 жылы туған. Сталинград облысының Краснояр ауданында туған. Қазақ, Ганюшкино селосында өмір сүрген. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 26 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
25. Ықыласов Нақан, 1865 жылы туған. Есбол ауданы Қаңбақты елді мекенінің тұрғыны. Қазақ. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 25 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
26. Селбаев Тасболат, 1900 жылы туған. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 23 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
27. Садратдинов Зайратдин, 1881 жылы туған. Қазан қаласында туған. Татар. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 26 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
28. Салиев Сейтқали, 1864 жылы туған. Гурьев облысының тұрғыны, қазақ. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 25 қазанында атылған. 1961 жылы ақталды.
29. Тоғаев Есқожа, 1890 жылы туған. Маңқыстау ауданы 14- ауылында туған. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 23 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
30. Тыншимов Рақымберді, 1887 жылы туған Гурьев облысы 17-ауылының тұрғыны. Бұрын молда болған, кейін курстан өтіп, ауылдағы бастауыш мектеп мұғалімі болып еңбек еткен. . ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 25 қазанында атылған. 1963 жылы ақталды.
31. Аймолақов Тоқтасын, 1884 жылы туған. Маңқыстау ауданы 10-ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
32. Алдабергенов Қаражігіт, Форт- Александровск тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
33. Бисембиев Ниғымет, 1875 жылы туған. Гурьев облысы Бабан ауылының тұрғыны, молда. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен бүкіл мүлкі тәркіленіп, 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
34. Есжанов Тасжан, 1870 жылы туған. Гурьев облысы Бөдене ауылының тұрғыны. Белгілі бір қызметі жоқ, ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында мал мүлкі тәркіленіп атылған. 1989 жылы ақталды.
35. Нұрбаулиев Қабас, 1906 жылы туған. Маңқыстау ауданы 14- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
36. Жайлыбаев Қошанғай, 1896 жылы туған. Форт- Александровск тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
37. Жакуов Атауолла ,1885 жылы туған. Есбол ауданы Айбас ауылының тұрғыны, молда. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 29 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
38. Даулетов Жаңбырбай, 1886 жылы туған. Маңқыстау ауданы 18- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
39. Ебиев Қазтуған, 1894 жылы туған. Маңқыстау ауданы 17- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
40. Саттаров Сейтқамал, 1885 жылы туған. Маңқыстау ауданы 10- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
41. Төлеуов Бекмағанбет, 1873 жылы туған. Маңқыстау ауданы 14- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
42. Татаев Сауырбай, 1878 жылы туған. Маңқыстау ауданы 4- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
43. Есенбаев Нұрболған, 1891 жылы туған. Форт-Александровск тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
44. Төлегенов Дүйісқали, 1899 жылы туған. Форт-Александровск тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
45. Манашев Ерғазы, 1868 жылы туған. Түркмен ССР-нің тумасы, Маңқыстау ауданында тұрған. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
46. Мадамиев Бекарыстан, 1879 жылы туған. Маңқыстау ауданы 4- ауылдың тұрғыны. ІІХК Гурьев облысы бойынша басқармасы Үштігінің шешімімен 1938 жылдың 28 қазанында атылған. 1989 жылы ақталды.
Осы тізімдегі 46 адамның тек 6 –ы ғана молда деп айыпталып, «үштіктің» кесімімен ату жазасына кесілген. Қалғандары Маңқыстаулық 16 азаматты қоспағанда 24 адам «жұмыс жасамайды» және «белгілі бір қызметпен айналыспайтындар» санатында болса да, бәрібір оққа ұшқан. Бұл адамдардың бәрі осы қорымда жерленген және олар молдалар болған деген күрделі қортындыға келудің дәлелі: Біріншіден, бұл азаматтардың бәрі де бір кезеңде 1938 жылдың қазан айының 21-нен 29-ы аралығында ату жазасына кесілген. Екіншіден, «жұмысы жоқ» немесе «белгілі бір қызметпен айналыспайтындар» деп ІІХК құжаттарында көрсетілген Есжанов Тасжанның, Тыншимов Рақымбердінің, Дүйсекенов Оңдағанның, Ықыласов Нақанның, Аренов Ерғалидың, Тұрланов Пазылдың, Хасанов Нұғыманның және басқа атылған азаматтардың кезінде молда болғандығы Атыраулық зерттеушілер профессор Ғ. Нығметтің және осы жолдардың авторы Ш. Нағимовтың еңбектерінде анық жазылған.
Үшіншісі: Құспан молда мешітінің имамы Құмаров Емматтың айтуынша, қазір «Армада» деп аталатын ресторанның орнында 1930-1938 жылдары атылған азаматтардың үлкен қорымы болған, қазір ол жерге «Жерұйық» тұрғын үйлер массиві орналасқан. 30- жылдардың аяғында еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеген Жәнібек Бердиевтің айтуынша, ол адамдарды сол кезде Пугачев көшесінде орналасқан ішкі істер басқармасының жертөлесінде кешкі сағат 10-нан, таңғы сағат 3-ке дейін атып, өліктерді ат арбаларға тиеп Гурьев қаласының жан жағында «Қаратөбеде», қазіргі Нәубетов көшесінде, Маслопромда, Сутягин бағында, Мирный, Холодильник елді мекендерінде орнаналасқан, алдын-ала дайындап қойған қорымдарға апарып көміп тастаған.
Төртіншісі: Маслопром шағын ауданында орналасқан қорым.
Бұл қорымның ерекшілігі-бұнда 30 жылдары ашаршылықтан құрбан болғандар, сол кездегі саяси қуғын-сүргіндерде атылған адамдар мен соғыс кезінде ауыр жараланып, қайтыс болған жауынгерлер жерленген.
Бесіншісі: Мирный поселкесінде орналасқан. Бұнда орасан зор, ешқандай белгі қойылмаған бірнеше некропольдер орналасқан. Әлі дәл емес мәліметтерге қарағанда, бұл жерге өте көп адам жерленген болуы мүмкін.
Бұл жерге онша қашық емес аумақта соғыс жылдары НКВД- қарасты екі объект болған.
Біріншісі атышулы ГНПЗ-ны салушылардың барактары болса, екіншісі- қазіргі Гайдар көшесінде үлкен түрме болған.
Сол түрменің орнына 70- жылдары Гурьев ауыл шаруашылығы техникумының кешенін салған кезде, түрменің айналасында орналасқан шағын қорымнан басқа көптеген адам сүйектерінің шашылып жатырғанын көрген адамдар қазір арамызда жүр.
Заводты Украйнадан арнайы жер аударылған болгарлар, гректер, қырым татарлары мен басқа ұлт өкілдері 1943-1946 жылдары салған. Олардың арасында адам айтқысыз ауыр жұмыс пен жұқпалы аурулардың, азық-түліктің жеткіліксіздігінен өлім-жітім көп болған. Міне, солар сол қорымда жерленген болуы мүмкін. Өзім 70- жылдардың бас кезінде Сельстрой шағын ауданындағы № 6 мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек еткен жылдары сол оқу орнында бұрынғы арнайы көшірілген немістердің, болгарлардың, қырым татарларының балалары Фафенгут, Вирт, Кампф, Каримов, Ли т.б. балалар оқыды. Себебі, 60-жылдары сол жерден бұрынғы спецпереселенцтерге бір пәтерлік, екі пәтерлік фин үйлерін беріп, үкімет оларға жағдай жасады. Олардың көпшілігі «Сельстрой» тресінде құрылысшы болып еңбек етті.
Алтыншысы : Холодильник шағын ауданында орналасқан.
Соңғы мәліметтер белгілі өлкетанушы, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі А. А. Кораблев мырзаның айтуымен жазылып алынды.
Бұл хабардан тыс аталған қорымдарда жерленген азаматтардың ұрпақтарының мәліметтері бойынша видеохабар дайындалды.
Қорымдар:
1. Атырау аэропортынан батысқа қарай 5-6 км жерде орналасқан «Қаратөбе» қорымы.
2. Атырау қаласының Бұқар бетіндегі бұрынғы Баутин, қазіргі Х. Нәубетов көшесіндегі "Молдалар" қорымы.
3. «Армада» ресторанның орнында.
4. Маслопром шағын ауданында орналасқан қорым.
5. Мирный поселкесінде орналасқан.
6. Холодильник шағын ауданында орналасқан.
7. Афанасьев көшесінің сыртында жатыр.
8. Алиев көшесінде, үйлердің астында жатыр.
9. « Көктем» базарының астында жатыр.
10. Сарыөзекте жатыр
11. Сорочинка еңбекпен түзеу лагерінің орны. ( Бұл жердегі лагерь туралы жергілікті тұрғын Е. Тудаковамен кездесіп, мәліметтер жазылып алынды)
(Жалғасы бар)
Қаратөбе қорымы
"Молдалар" қорымы
Суретте:1938 жылы25 қазанда ІІХК-үштігінің шешімімен атылған Дүйсекенов Оңдағанның ұлы Махамбетке әкесінің жерленген жерін оқиға куәгері Дәулетиярова Тоқтаның көрсетіп тұрған сәті. Сурет 2000-шы жылдардың бас кезінде түсірілген.