«Ел мен елді қыз біріктіреді» дейді қазақ атамыз. Екі рулы елді татуластыру үшін қыз алысып, қыз берісудің астарында үлкен саясат жатыр. Ел мен ел арасындағы қанды қырғынды, дауды, соғысты тоқтату үшін де қыздарын беріп, құдалық жоралғыларын жасаған халқымыздың осынау әрекетінің астарынан үлкен көрегендікті көруге болатыны рас. Деректерде, Әбілқайыр хан жетпіс немересін өзі үйлендіріп, тұрмысқа берген екен. Мұның өзі - үлкен саясат. Ары қарай күшін мықтай түсу үшін құдалық мәселелерін қарастырып отырған. Еуразия сахарасында өмір сүрген қазақтар қыздарды алты айшылық жерлерге де тұрмысқа берген. Қазақтың аңыз, ертегілерінде «Ұлы - Ұрымға, қызы - Қырымға қараған» деген сөз тіркестері кездеседі. Мұндағы Ұрым - Рим, Қырым - Ресей деп айтуға болады. Қазақ қоғамында алыс жерлерге тұрмысқа шыққан қыздар баласын тербетіп отырып туған жерін сағынып әнге қосқан, қазақи салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты балаға сіңірген. Осы қыздар, аналар, әйелдер арқылы Еуразия халықтары бір-бірін түсініп, ортақ тілде сөйледі. Әйел бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербеген деген ұғымды осы қырынан да ашуға болады.Ел арасында дау-дамай болмай тұрмайды, жанжалдар орын алады. Сол кезде орамалын ортаға тастап, ел ішіндегі келіспеушілікті тоқтатқан әйел болғаны рас. Мысалы, сонау 1970-ші жылдары шыққан «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген мен Бекежанның жекпе-жегін көрсетеді. Сонда Жібек орамалын тастап екі жігітті сабырға шақырады. Фильмде осы көрінісі өте әсерлі шыққан. Қазақ қыздарының өзінің ер азаматын қатты қолдағаны, босағадағы ерді төрге сүйрегені жайлы аңыз-әфсаналар да аз емес. Оған Домалақ Ана туралы аңыздарды мысал ете аламыз. Біздің заманымызда да ел мен елге дәнекер болып, ұлт пен ұлттың арасындағы ынтымаққа негіз болып жүрген қазақ қыздары аз емес. Туған халқының дәстүрі мен салтын дәріптеп, ұлттық рухани құндылықтарды Ресейде тұратын қазақтар арасына насихаттап, ана тілінің жоқшысы болып жүрген замандасымызды мақтанышпен оқырмандарға таныстыра аламыз.
Ғұмарова Әлия Елеусінқызы 1969 жылы 5 қаңтарда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. Таңдай орта мектебін 1986 жылы бітірген. Сол жылы Гурьев педагогика институтының филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түскен. 1991 жылы институтты бітіріп Атырау қаласындағы Исатай Тайманов атындағы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастаған. Атырау қалалық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек жолын жалғастырады. 1993 жылы облыстық білім басқармасының жолдамасымен Ресей Федерациясы Астрахан облыстық білім басқармасының және «Жолдастық» Астрахан қазақтарының мәдени қоғамының шақыртуымен Астрахан педагогикалық училищесіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызметке тағайындалады. Сол оқу ордасында 23 жыл сабақ беріп, Ресей жеріндегі Астрахан өлкесінде тұратын қазақ жастарын қазақ тілін сүюге тәрбиелеп, бойларына қазақтың ұлттық рухани құндылықтарын сіңіруге қызмет етті.
Өкінішке орай жалпы қосымша бөлім жабылып, қазақ тілі де жабылып қалды. Мұғалімдік қызметпен бірге «Атамекен» телехабарында үш жыл, «Ана тілі» радиохабарында он жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап, Астрахан өңірі қазақтарының салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, тынысы жайлы телехабар, радиохабарлар жүргізді. Осы жерде тұратын еңбек адамдары, тіл жанашырлары жайлы да өз хабарларында танытқан еді. Екі тілде, яғни, қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Ақ арна» газетінің тілшісі болды. Астрахан қаласында білім бөлімінде қазақ тілінен әдіскер болып та қызмет етті.
Өмір жолында оған басшы ретінде, аға ретінде ақыл беріп, жол көрсеткен сол кездегі «Жолдастық» қоғамының төрағасы Никита Сейітұлы Ысқақов, Шаушиев Қатимжан Әліпқалиұлы, Сүгіралиев Қайса Аманғалиұлының, Әрешов Нариман Мәженұлы бойындағы адамгершілікті, кімге де болса, "болсын" деп тұратын қасиеттерін, қазақ тілін дәріптеп, ұлтын сүйген жүректерін ерекше айтады кейіпкер. Соның ішінде елге танымал қаламгер, ақын, «Ақ арна» газетінің Бас редакторы, «Ана тілі» радиохабарының Бас редакторы Мәжіліс Өтежанов сияқты ұстазы болғанын да мақтан етеді. Қоғам қайраткепі, қаламгер Ильясов Аманжол Көзерұлы сол кезде «Атамекен» телехабарының Бас редакторы болды. Ол кісінің де қолдауын көп көрді. Жас маман ретінде жолдамамен бес адам Атыраудан келіп еді, дәм бұйырған шығар, тағдырдың о баста маңдайына жазғаны да шығар, Әлия Елеусінқызы Ресейге табанын тіреді.
Міне, содан бері Астрахан қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып, 30 жылдан астам еңбек етуде. Қазір Астрахан техникалық университетінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқиды. Астрахан облысындағы қазақ тілі және мәдениетінің «Жолдастық» қоғамы төрағасының орынбасары.
«Екі елдің достығының арқасында, тарихи Отанымыз Қазақстан Республикасы, атап айтсақ, Атырау облысы бізге үнемі қолдау көрсетіп отырады» дейді Әлия Елеусінқызы тебіреніспен. Көптеген іс-шараларға, Халықаралық байқауларға қатысып та жүр. Махамбеттің ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген 200 жылдық мерейтойына, Әбіш Кекілбаевтың мерейжасына орай өткен Халықаралық конференцияға қатысқан болатын. Қазақстан мен Ресей арасында өткен «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» деген үлкен Халықаралық конференцияда баяндама жасады.
Қазақ тілінің оқытылуы, қазақтың дәстүр-салты туралы насихаттап та жүр. Қазақ тілі Астрахан облысы мектептерінде пән ретінде, факультатив ретінде өткізіледі. Сол мектептердегі қазақ тілі мұғалімдерімен тығыз байланыста. Өйткені, ол мұғалімдердің көбі - Астрахан педагогика училищесін бітірген өзінің шәкірттері. Міне, ұстаз еңбегінің жемісі деген сол емес пе?! Өзі сабақ берген шәкірттерінің әр жерде жемісті қызмет жасап жүргенін көргенде, айрықша қуанып, жүрегін бір мақтаныш сезімі кернейтіні де жасырын емес.
Қазақ тілі мен қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, көне ғұрып пен салтына Астрахан өңірі қазақтары ерекше көңіл бөледі. Оның бір дәлелі – облыс орталығындағы қазақ тілі мен қазақ мәдениетінің «Жолдастық» қоғамының филиалдары барлық аудандарда ашылған. Сол аудандардағы «Жолдастық» қоғамы төрағаларымен де қоян-қолтық қызмет етуде. Жергілікті тұрғындар, «Жолдастық» қоғамындағы үлкен аға-апаларының қолдауы мен көмегін көріп жүргенін де жасырмады. Биыл Жайық өзені ерекше көтерілді, арнасынан аса жаздады. Осы өр суының тасуы кезінде Астрахан өлкесі қазақтарын біріктіріп тұрған «Жолдастық» қоғамы тарапынан да гуманитарлық көмек ұйымдастырылды. Осы жұмыстың мінсіз атқарылуы үшін таңды таңға ұрып Әлия Елеусінқызы да өзі туып-өскен Атырау жерінің амандығын тіледі, жанкештілікпен қызмет етті.
Бірнеше жыл қатарынан Ресейдің Астрахан облысы қазақтарының балаларын қазақстандағы демалыс орындарына жолдамамен демалдыруды да ұйымдастырып жүр. Көкшетаудағы «Айқанат», «Балдәурен» лагерьлеріне балаларды алып барды. «Астраханнан Атырауға ұшып келген кезде марқұм Өтепберген Әлімгереев, оның жанындағы Сәкен бізді күтіп алып, «Достық» үйінің жанынан Ләззат Кеңесқызының ұйымдастыруымен Атырауды аралатып, қонық етіп, құрмет көрсетті, көмектесті. Осындай адамдар қазақ халқының дархан көңілін, кең пейілін танытқандай» дейді ол бізбен әңгімесінде.
Суретте: Астраханда өткен Наурыз тойы
Ресей жерінде жүріп, қазақ тілін оқытудан жалықпаған, жас ұрпаққа ана тілін ұмыттырмауды мұрат тұтып, қазақтың салты мен дәстүрін насихаттап жүрген Әлия Ғұмарованы «Жолдастық» қоғамы тарапынан «Құрманғазы Сағырбаев» медалімен марапаттады. Бұл марапат – ол үшін ерекше ыстық. Өйткені, ол - күй дауылпазы Құрман-баба атындағы медаль. Еңбегінің еленгені, әрине, адам ретінде де, маман ретінде де бағаланғаны - көңілге жылылық құятыны жасырын емес.
Биыл Астрахан қаласында өткен «Үлгілі жанұя» конкурсына «Жолдастық» қоғамының жолдамасымен қатысып, түрлі ұлттардың ішінде «Ең үлгілі жанұя» деген атаққа ие болды. Отбасымен, яғни, жолдасымен, қызымен, ұлдарымен түскен суреттері Астрахан қаласының көрнекті жерінде баннерде тұрғаны, әрине, қазақтар үшін де мақтаныш!
Суретте: Астрахан қаласында өткен "Үлгілі отбасы" байқауының жеңімпаздары.
«Ер бұзылса – отбасы бұзылар, әйел бұзылса – ұлт бұзылар» демекші, ұлттың діңгегі мықты, ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне тікелей ықпал жасайтын әйел-ана екеннін ескерсек, Ресейде жүріп те өзінің туған тіліне, салт-дәстүріне перзенттік махаббатын арнап жүрген Әлия Елеусінқызының еңбегі айтарлықтай! Қыз болса, осындай болсын! «Қазір оқу орындарында қазақ тілінен факультативтік курстар жүргіземін. Өзіңіз де білесіз, қазіргідей нарық заманында факультативтік курсқа төленетін жалақы мардымсыз. Кейде қолымды бір сілтеп, басқа жұмыстарға кетсем деп те ойланатыным рас. Пендемін ғой. Алайда жеме-жемге келгенде, егер мен қазақ тілін үйретпесем, ана тіліміз үшін қиындықтарға төзбесем, онда ол жұмыстарды кім атқарады деп ойлаймын. Маған сенім артқан Мәжіліс Өтежанов, Аманжол Ильясов сияқты асыл ағаларымыздың аманатына қиянат жасағандай болатыным да рас» деп ағынан жарыла ақтарылады ол.
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Хатыран қазақ тарихындағы беделді әйелдерді заман туғызған адамдар екенін айтқан еді: «Ер адам сияқты мінезі бар, нақты шешім қабылдай алған қазақ әйелдерін бүгінде «апа» деп құрметтейміз. Әйел адамның орны өте жоғары. Ананы сыйлауға қазақ ерекше мән берген. Бұған қазақ жаратылысты,табиғатты, дүниені сыйлау тұрғысынан келген. Дау арасында әйел жол тауып кеткен мысалдар көп болған. Бұл - таза қазақы мінез. Әйел адамға жүгінбейтін халықтар да бар» дейді ол. Ендеше, біз де Әлия Елеусінқызын Астрахан мен Атырау арасындағы алтын көпірге баласақ, несі мін?!
Суретте: "Балдәурен" лагерінде демалушылардың бір тобы.
Әлия Еленусінқызының қазақ тілін оқытуда қолданатын әдісінің бірі аударманы ұйқас түрінде, өлең түрінде оқыту. Біз өз оқырмандарымыздың назарына кейіпкеріміздің өзі үнемі сабағында қолданатын аталған әдісті ұсынуды жөн көріп отырмыз:
Әрі оқу , әрі ойын
Выбирать - қалау ,
Пламя - алау .
Положение - қалып ,
Исполин - алып .
Сахар - қант,
Клятва - ант.
Снежный - қарлы ,
Стыдливый - арлы .
Оружие - қару ,
Красивая - ару .
Кредит - қарыз ,
Заявление - арыз .
Неприятель - қас ,
Еда(пища) - ас .
Мёрзнуть - қату,
Стрелять - ату .
ӘРІ ОҚУ , ƏРІ ОЙЫН
Отдалённый - қашық ,
Открытый - ашық .
Добавление - қосу ,
Хлестать - осу .
Выемка - қуыс ,
Горсть - уыс .
Воздвигнуть - құру ,
Колотить - ұру .
Румяный - қызыл ,
Жужжание - ызыл .
Давить - қысу ,
Нагребаться - ысу .
Запад- батыс,
Стрельба -атыс.
Бегать рысью - желу ,
Пятьдесят - елу .
Әрі оқу, әрі ойын
Недостаточно - кем,
Исцеление - ем.
Уменьшение - кему,
Сосать грудь - ему.
Ярость - кер,
Мужчина - ер.
Спорить - керісу,
Следовать - ерісу.
Комок - кесек,
Осёл - есек.
Вырезать - кесу,
Веять - есу.
Вечерний - кешкі,
Коза - ешкі.
Надевать - кию,
Трогать - тию.