Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «ӨЗІ ТӘРБИЕЛІ АДАМНЫҢ СӨЗІ ДЕ ТӘРБИЕЛІ»

Қазақта «сөз қонған» деген сөз бар. Сөзді сүйетін халықпыз. Сондықтан да бәріміз сөзге жақын боп, сөз тудырып не сөз таратып жүргенді ұнататын халықпыз. Сөз химиясын меңгерген елміз. Мұны өткен ғасырдағы шетелдік саяхатшы-зерттеушілер де жазып кеткен.Қазақтың сөзі терең, мағыналы, сұлу деп. Киелі деп. Қазақта сөз қонғанды «киесі бар» дейді. Зейнеп Ахметова жай адам емес. Сөз қонған жан. Мұны мен ол кісінің өзіме тарту еткен кітаптарын оқып, тоқығанда сезіндім. Ертеден бір данышпанның сөзі бар. «Бұрынғының адамдары көп оқитын, көп ойланатын. Қазіргінің адамдары көп оқиды, бірақ көп ойланбайды» деген. Зейнеп апайдың кітаптарын оқыған соң, ойлана бастайсың. Сөзі сүйекті, ойы жүйелі. Сүйекті сөз - ойдың жемісі. Ал да кемір. Зейнеп Ахметова апамыздың «Бабалар аманаты», «Күретамыр», «Теңбіл тіршілік» кітаптары шынымен кеміріп оқитындай кітаптар екен. 

    Әр жазушының, әр жазғыштың өз машығы, мақамы бар. Ал біреулерде машық та, мақам да жоқ. Сылдыр сөз бен мағынасыздықтың  шарқатын орай салып, кітап жазғыш атанып жүргендер көбейді бұл күнде. Самсаған баспалары мен кітаптары көп, оқырманы аз пиаршыл елге айналып барамыз. Сөздің дәмі мен мәні жете бағаланбаған жерде, сөз де тозады. Тозаңға айналады. Бұл-қасірет. Ал Зейнеп Ахметованың баталы сөзден бастау алған кітаптары  әр қазаққа керек дүние. Зейнеп апай тақырыбын тапқан жазушы. Оның тақырыбы - Бауыржан батырдың  ұлағаты және ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидалары. Осы екі желіні мықтап ұстайды да, тереңнен тартып, халықтың өткені мен бүгінін саралап, ертеңіне көз тастайды. 


    Зейнеп апайдың атасы Бауыржан Момышұлы туралы жазғандары қазаққа тән тәрбие мен ибаның биік мәдениетін танытады. «Менің биік дәрежем – «Момышұлының келіні» деген атағым», -дейді Зейнеп апай. Расында солай. Атасы туралы жазбаларында  Бауыржан Момышұлының  өр мінезі мен шыншыл туралығын баяндайды. Зейнеп апайдың өзі жазғандай, асүйде үнемі жанында қаламы мен дәптері болған. Бауыржан батырдың үй ішіндегі әр сөзін қолы қалт еткенде жазып отырған екен. Кейін мұның бәрі жинақтай келгенде, кестелі орамалдай  көз тартар әдемі туынды боп шыққанын өзі де байқамай қалған екен. Зейнеп апай былай деп жазады:
«Бақытжан бір жазушының кірпіштей қалың кітабын қолына салмақтап ұстап тұрып:
- Мен де осындай үлкен шығарма жазғым келеді, - деді тамсанып.
- Әй, Черновик! - деді ата баласын өзіне жақын тарта сөйлегенде мырзалық жасап, осылай атайтын әдетімен. - Мәселе – көп жазуда емес, не жазуда, қалай жазуда. Александр Сергеевич Грибоедов өзінің «Горе от ума» деген жұп-жұқа кітабымен өзіне дейінгі орыс әдебиеті тарихын шалқасынан түсірді. Ал талайлар 10-15 томдарымен өздері шалқасынан түсіп жатыр, - деді». Езу тартар шындық. Енді бір жазбасында былай деп жазады:
«Бақытжан телефонда біреуге ащылау сөз айтып, тұтқаны тарс еткізіп орнына қойды. Осы көріністі байқап қалған әкесі:
- Неге сонша дауыс көтеріп өрескел сөйлейсің? - деді жаратпаған раймен.
- Өзі кінәлі. Адам секілді айтқанды, жұмсақ сөйлегенді түсінбейді. Бір емес, екі емес, тіпті төбеме шығып кетті, - деп Бәкең ақтала жауап берді.
- Ол кінәлі емес. Кез келген оп-оңай шығып кететін сенің жалпақ төбең кінәлі, - деп бұрылып жүре берді әкесі». Ойландыратын сөз. Бауыржан Момышұлы тек батыр адам  ғана емес, психолог, философ.Табанда тапқыр жауап табу санаулы ғана адамдардың маңдайына жазылған ба деп қаласың кейде. Бауыржан Момышұлы қазыналы адам. Ол- ұлтымыздың айбыны, сесі, ақыл-қайраты. «Ең бейшара адам – дұшпаны жоқ адам. Ең бақытсыз адам – жан досы жоқ адам»,- деген екен Баукең. Бұл сөзден кейін адамға кейде дұшпан да керек пе деп қаласың ойланып. Керек екен.Қандай адамның дұшпаны болады? Ойы озықтар мен батыл жүректілердің жанында топырлап топ -тобыр толып жүргенмен, солардың бәрі шын дос емес. Баукең осы тұрғыдан айтқан шығар. 
      «1982 жылдың жаз мезгілі еді. Атам қайтыс болғанда Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының  250 жылдық мерейтойын тойлап жатқан. «Қосылсаңдар, өздерің қосылыңдар, мен кеттім» дегендей атам сол күні қайтты. Той тойланды. Ертесі РСФСР әдебиеті мен мәдениеті күндері басталды. Бүкіл танымал орыстың бәрі келді. Солай той тойлап жатқанда атамды жерлей алмады. Құдай басқа салмасын. Қазір ойласам, әлі күнге жүрегім ауырады. Ол кезде Кеңес Одағының кезі. Біз араласа алмаймыз. Қазір болса, аулақ жүріңдер дейтін едік қой. Солай төртінші күні дегенде атамды жерледі. Бірінші Кеңсай деп аталатын жерде жоғары жағына, көкмайса гүлденген оңаша төбеге атам жалғыз қойылды. Атаны жерлеп жатқанда ауа райы күрт бұзылып, найзағай ойнап, қара бұлт үйіріліп, астаң-кестең болды. Әскери адам болған соң сарбаздар аспанға үш рет оқ атқан. Бәрі содан деп ойлады. Бірақ, меніңше, ол басқа тылсым дүние. Табиғаттың тылсым күші ме деймін. Алланың атаны төрт күн жатқызып қорлағанына кейігені ме, табиғаттың ерекше тосын мінезі ме, адам түсінбейтін құбылыс болды. Көпшілік қатты таңғалды. Оның алдында ғана күн ашық еді. Тосыннан бұзылды. Бұл басқа тылсым күш», - деп жазады Зейнеп Ахметова. Табиғаттың тосын мінез көрсетуі де тегін емес шығар. Құдай сүйген Момыштың ұлы Бауыржанға  жердегі екі аяқты пенделердің  көзжұмбайлыққа барып, қырын қарауы аруақты да қозғаған шығар. Табиғаттың тылсым сыры көп қой ашылмаған. Бір білеріміз, Бауыржан Момышұлы есімі алтын әріптермен жазылып, ел тарихында қазақпен бірге мәңгі жасай береді. 
     Зейнеп апайдың екінші тақырыбы- маңызын жоғалтпайтын мәңгілік дүниелер ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбиеміз туралы толғанысы. «Тәрбиенің өзі - имандылық. Қыз тәрбиелі болмай – ұлт тәрбиелі болмайды. Бала кезінде ұлттық тәрбиемен сусындаған қыз бала бойжеткенде де сол әдебін сақтайды» деп  бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне аса мән беру қажеттігін жазады. Жаһандану заманында  қазақ ұлты  жаһанданудың тамағына  жұтылып кетпес үшін қам жасап,  ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырады. Ол үшін ұлттық құндылықтарымызды  сақтайтын туған тіліміз екенін және тіліміз арқылы ұлт ретінде өзімізді күшті, қуатты сезіне алатынымызды жазып та, сыр-сұхбат, кездесулерінде жағы талмай айтып, насихаттап келеді. Қазақтың ырым-тыйымдары, салт-дәстүрлері туралы да жазып, олардың мән-мағынасын бүгінгі заманауи оқырманға түсіндіреді. Қазақтығымыздан ажырап бара жатқан шақта бұл өте керек әңгіме.
   «Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын. Әсіресе, батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы – қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Бұл Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Ерлер қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады», - деп жазады кітабында Зейнеп апай. Заманмен бірге адам да өседі, өзгереді. Өзгермейтін қағидалар да болуы шарт. Әр халықтың салты басқа.Өздеріне тән әдет-ғұрпы, дәстүрі бар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, жер бетінде ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ата-бабасының дәстүрін ұмытпай сақтап, қастерлеп келе жатқан халықтар бар. Қазақ халқы еліктегіш халықпыз. Жаңа ғасырда бұл мінезіміз  асқына түсті. «Ұлттық тәлім-тәрбие мемлекеттің діңгегі болғанда ғана, ұлт та өседі. Тамырынан адаспайды» деген ой салады Зейнеп апай. Ұлтқа, ұлттың болашағына, тәрбиесіне байланысты ойларын жаны ашып, жүрегі күйіп отырып баяндайды. Тәрбие тек сөзбен ақыл айту емес, тәрбие көрсетуден даритынын  тәмпіштеп жазады. Шынында солай. Сөзі басқа, ісі басқалар кімге тұлға болмақ ? 
     Зейнеп Ахметова өзінің мағыналы -мәнді  кітаптарымен осылайша оқырманға  ағынан ақтарылып отырып, дәстүр мен жаңашылдықтың арасын саралай отырып, ұлттық педагогикамыздың  темірқазығын бекіте түседі. Зейнеп апайдың үлгісі кейінгіге өнеге, сабақ. «Тіл не ойласа, жүрек соны айтады» деп Абай айтқандай, даналық та, тазалық та, ғибрат та Зейнеп апайдың өз бойынан табылады. Өзі тәрбиелі адамның сөзі де тәрбиелі.