Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ: «ЖАМАН ПСИХИКАЛЫҚ ӘДЕТ - ӨМІР ӨЗЕГІҢЕ ТҮСКЕН ҚҰРТ»

Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ 1967 жылы  Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында дүниеге келген. 1983-1989 жылдары ҚХР СУАР Медициналық Университетінің емдеу факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1989 жылы Қытайдың Іле Қазақ автономиялы облыстық Күйтін орталық ауруханасынан бастап, 1995 жылға дейін осы орталықта дәрігер-хирург және инемен емдеуші аға дәрігер қызметін атқарған.
 Қазір Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры, Бас дәрігер.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы.
Халықаралық «Сократ» орденінің иегері және Халықаралық Шығыс емдеу академиясының академигі.
Ресей медицина ғылымдарының докторы және Вена халықаралық университетінің Құрметті профессоры.
Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Оксфорд Академиялық Одағының және Еуропа медициналық қауымдастығының Докторы, Құрметті профессоры және Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Атағынан ат үркетін медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жасан Зекейұлының Атырау өлкесіне келген сапарында кейіпкерімізбен әңгімелесіп, "Сарайшық" журналының оқырмандары үшін арнайы сұхбат алған болатынбыз. Аталған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Қымбатты Жасан Зекейұлы, халықтық медицинаның бүгінгі таңдағы ірі өкілісіз. Әлбетте, қазақ даласында ғасырдан ғасырға, атадан балаға жалғасқан емшілік өнер бар екенін бәріміз де білеміз. Негізі, қазақ халқы – қасиетті халық. Әлемнің өзге халықтарында кездеспейтін сынықшылық қасиет, айтыс өнері немесе суырып салма ақындық, домбырамен, қобызбен күй тарту, яғни, күйшілік және көріпкелдік – қазаққа ғана тән. Міне, осындай тәңір берген талант пен құдай берген қабілетке ие халықты тегін деуге бола ма? Әрине, осы айтылған қасиеттердің бүгінгі таңда жұқанасы да жоқ екеніне жүрек ауырады. Бұл да бір бізге берілген Жасаған Иеміздің сынағы демеске лаж жоқ. 70 жыл бойына қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі жоғарыда айтылған киелі қасиеттің тамырына балта шапты. Емшілер, сынықшылар мен ақындар, күйшілер бәрі де жер аударылды, өлтірілді, атылып кетті. Ел тіптен осындай адамдардың ұрпағы екенін айтуға қорқатын халге жетті. Алайда, 1991 жылы Тәуелсіздік таңы атып, рухани мұраларымызды іздей бастадық. Сол кезеңде елге келіп, шығыс медицинасы мектебін тәуелсіз Қазақстанда қалыптастырған алғашқы қарлығашсыз. Өзіңіз туралы, арғы ата тегіңізден басталатын емшілік қасиет туралы оқырманға айта отырсаңыз?
–    Әрине, Сіз айтып отырған жоғарыдағы адам болмысында сирек кезігетін көптеген қасиет, тек біздің қазақта ғана бар дегенге келіспеймін. Бұл - жалпы адам баласына ортақ құндылық. 
Бірақ әр елде, әртүрлі деңгейде дамыды. Алайда, сіз айтқандай, осы өнерлердің жұқанасының да қалмай бара жатқаны - біздің жазу-сызу мәдениетіміздің өзгелерден кеш жетілуінде. Көшпелі өмірде бізде баспа ісі деген мүлде болған жоқ. Тек атақты Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегі ғана осы ғасырға аман жетті. Жарты әлемді уысында ұстаған ұлы халықтың тек бір ғана перзентінен ғана осындай мұра қалуы ішіңді ашытады. Оның үстіне ол да толық нұсқа емес. Тағы бір себеп – өзіңіз айтқандай, патшалық Ресей мен Кеңестік кезеңдегі қудалау, жою, өртеу. Әйтпесе, неше жүз мыңдаған алып қолдың (аламанның) сондай мөлшердегі қарсы тараппен жан алысып, жан берісіп, қиян-кескі шайқасқа түскеннен кейінгі жасақтардың ауыр хәлі, денсаулық жағдайы өз-өзінен қалпына келген жоқ. Сөзсіз, небір емшілер, оташылар жорықта олармен бірге жүрді. Олардың адам емдеу ісіндегі тәжірибесін, оташының шеберлігін жазып-сызып отыратын адам болғанда біздің ұлттық медицинамыз әлдеқайда басқа деңгейде дамитын еді. Тура осындай тарихты басынан өткерген, ежелден отырықшы көрші Қытайдың 5000 жылдық жазба тарихы бар. Олардың тарихында болған небір емші, оташыларының кітабы сол күйінде бүгінгі ұрпақтарына жетті. Ал, біз «Шипагерлік баяннан» бастап бері есептесек, тек бес-ақ ғасыр. Оның үстіне ол - осы дәуірге аман жеткен бір ғана кітап...
    Біздің әулетте емшілік дәстүрі атадан балаға жалғасқан деуге де болады. Арғы бабамыз - Бек әулие деген адам. Қоржынына түрлі шөптерден жасалған дәрі-дәрмектерін салып алып, ел аралап науқас емдейтін адам болыпты. Баба жолын қуып, мен де дәрігерлік кәсіпті таңдадым. Менен үлкен ағам да - денсаулық сақтау саласында белді қызметкер. Шыңжаңда қазақтар ең көп қоныстанған үш үлкен облыс болды. Іле, Тарбағатай, Алтай. Осы үш облыстың жолдары Жоңғар ойпатындағы Күй Түн деген қалада тоғысатын. Ондағы орталық  аурухана - сол үш аймақтағы қазақтардың арнаулы келіп ем алатын мекені. Мен сонда хирург болдым. Кейін емхананың бөлім меңгерушісі болып істеп жүріп, осында қоныс аудардық. Жастық шағымыз өткен сол мекемеде сан мыңдаған қаракөз қандастарға аянбай қызмет еттік. Көбі ауыр халде бізге жететін. Жеңіл-желпі дерттенгендері жергілікті облыстық, аудан, ауылдық емханаларында емделеді. Ал, бізге келгендерінің басым көбіне ота жасалатын. 
Мен Қазақстанға келгенде егемендік алған жас мемлекеттің есін енді жиған кезі еді. Атамекенге алып-ұшып жеткенімізбен, мұнда бірден қарқын алып кеткен жоқпыз. Мен үшін сол кездегі ең басты кедергі – медицинадағы ғылыми тілдің түгелдей орысша болғаны. Сондықтан орыс тілін меңгерудің маңыздылығы бірінші орында тұрды. Бұдан бөлек, шығыс медицинасын дәстүрлі медицинадан бөлек қарап, тіпті шаманизммен шатастырғандар да көп екен. Алғашқы кезде шығыс медицинасының шын мәнінде ғылымдық тұрғыдан мойындалған медицинаның бірегей саласы екенін халыққа жеткізуге тура келді. Сол үшін қытайда алған білімімді осында жалғастырып, орысша тіл үйреніп, С. Ж. Асфендияров  атындағы медициналық университеттің аспирантурасына түстім. Ғылыми жұмысымды да ине терапиясы тақырыбында қорғадым. Шығыс медицинасын Қазақстанда ғылым ретінде таныта бастадым. Шығыс медицинасының қазаққа жат емес екенін, біздің тарихи емшілік дәстүрімізбен сабақтасып жатқанын, шығыс медицинасында кездесетін көптеген емдеу жолдарын бабаларымыз қолданғанын жалықпай жазып, шаршамай айттық. Бүгінде көптеген азаматтар мейлі қазақ, мейлі басқа ұлт өкілі болсын шығыс медицинасының артықшылықтарын ұғына бастады.
«Орал өңірі» газетіне берген сұхбатыңызда: «Қытайда медицина мамандарын даярлау барысында ине салу, шөппен емдеу секілді уақыт сынынан өткен әдіс-тәсілдерге жете мән беріледі. Осы бағытты жеті атасынан бері ұстанып келе жатқан әрі осы саланы індете зерттеп, бірнеше кітап жазған Құң Сұн деген керемет ғалым-дәрігер бар. Оның мыңдаған шәкірттерінің ішіндегі жалғыз қазақ - менмін» деген екенсіз . Бұның өзі Сіздің бойыңыздағы тылсым күшке, киелі өнерге меңзейтіні ақиқат. Білім мен Алла берген қасиетіңізді біріктіре отырып, соны адамдардың игілігіне жарату да оңай емес. Осы орайда ине салу, шөппен емдеу сияқты әдістердің қайсысын өміршең деп айтар едіңіз? Өзіңіздің емдеу тәсілдеріңізге тоқталып кетсеңіз?
–    Дәстүрлі медицинадағы емдік тәсілдерді бір-бірінен жеке бөліп қарамаған дұрыс. Себебі олар - денсаулық сақтау ісіндегі біртұтас жүйе. Жүйе бұзылса, емнің негізі бұзылады. Өміршеңдік тұрғысынан қарасақ, әрине, шөппен емдеудің тарихы ұзақ. Бұл -  адамзат жаралғалы бері бар ем. Қасиетті Құранда да шөптердің түрлі дерттерге бірден-бір ем екені жазылған. Қазір адамдар жиі қолданатын түйіршек дәрілердің көбі шөпті мәнерлеу арқылы жасалады. Кейін қоғамдық дауға ілесіп, адам емдеу ісі түрлі сала бойынша дамыды. Адамдар шөппен ғана емес, түрлі құрал-жабдықтар ойлап тауып, оны емдеу ісіне сәтті пайдалана бастады. Яғни, бірін-бірі толықтырып отырды. Сөйтіп, медицинаның сан-салалы дамуы адамдардың өмір сүру орташа жасын айтарлықтай жоғарылатты.
    Менің науқас емдеудегі басты ерекшелігім – тамыр арқылы диягноз қою. Қазір жастар алдына келген науқастың дертін анықтау мақсатында ондаған анализдердің көрсеткішін алып келуді тапсырады. Анализдердің нәтижесін қолыңа алғасын, дертіңнің не екенін дәрігеріңнен бұрын біліп алдына барасың. Бұл, біріншіден, уақытты жоғалтады, екіншіден, науқастың жүйке жүйесіне салмақ салады. Кезек көп, бүгін тапсырған қанның анализін ертең, не одан кейінгі күні алуың керек. Қарап отырсаңыз, барып тұрған әурешілік. Әрине, диагноздың нақты болуы үшін бұл - керек қадам. Бірақ дәрігер міндетті түрде дәстүрлі емнен сауатты болғаны дұрыс. Кейбір жағдайда бұл жоғарыдағыдай көп анализ тапсырып, кезек күтпей-ақ емдеуге болатын жеңіл-желпі дерттің белгісі болуы мүмкін...
Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, 2020 жылдан бастап, әлемді жайлаған жұқпалы дерт адамның тәнін ғана емес, жанын да емдеуге мәжбүрлеуде. Қаншама адам күйзелісте жүр. Осы ретте науқасты әуелі психологиялық тұрғыдан емдеудің қандай қажеттілігі бар деп ойлайсыз?
–    Көп адамдар көңіл-күйді тұрақты ұстау денсаулық сақтаудың бір жолы екенін
түсіне бермейді. Өздеріңізде байқаған болуларыңыз керек, пандемия кезінде көңіл-күйін жақсы ұстап, үрейге берілмеген көп адамдар дерттің зардабын тартқан жоқ. Үрей, ашу, қорқыныш ағзаға улы гормон бөледі. Бұл әуелі сіздің ауыруға қарсылық қуатыңызды әлсіретіп, ғұмыр жасыңызды қысқартады. Яғни, жаман психикалық әдет - өмір өзегіңізге түскен құрт. Керісінше, көңілді жүру, салауатты өмір салтын сақтау ағзаңызда «бақыт» гормондарын молайтады. Мұндай адамдар түрлі түйткілді мәселелерге тез шешім қабылдап, психикалық тұрғыдан тұйықталып қалудан аулақ болады. Олардың өмірге деген құлшынысы артып, айналасының қошаметіне бөленетіндіктен, ұзақ өмір сүру мүмкіндігі де айтарлықтай жоғары болады. Бұл - бізде медициналық тұрғыдан ғылыми дәлелденген жағдай. Сондықтан адамдар қандай ем қабылдаса да сеніммен қабылдағаны дұрыс. Ол бойға қонады. Үрей мен күмәнмен басталған істен нәтиже шықпайды.
Сіз бір сұхбатыңызда: «Рухани байлығы жұтаң, рухы әлсіз адамның иммунитеті де әлсіз келеді» деген екенсіз... Оны әлемдік деңгейдегі Дейл Карнеги сияқты психологтар да атап айтқаны баршаға аян. Ал, Сіз үшін рухани жұтаңдық дегеніміз не? Рухы биік деп қандай адамдарды айтар едіңіз?
–    Мен үшін рухы жұтаң адам – ана тілін менсінбейтін адам. Ол - ұлттың өзегіне
түскен құрт. Ондай адамдар ұлттық санаға, дәстүрге кері жұмыс жасайды. Мұхтар Шахановша айтсақ, адам қай тілде сөйлесе, сол тілде ойлайды. Ол – рухани мүгедек. Ұлттық құндылықтарды ардақтап, одан қуат ала білген кез келген қарапайым адам – рухы биік адам. Ұлтты үлкен бір машина деп есептесек, мұндай рухы биік адамдар сол машинаның бойында бір бөлшекті жібермей ұстап тұратын болт сияққы. Шашау шығармайды, мәңгі қызметіне адал, тұрақты. Яғни, ұлт болмысының қорғаны, жанашыры.
Шығыс медицинасы бойынша тәжірибелі әрі танымал емшісіз. Шығыс медицинасында жұқпалы індеттерге қарсы күресудің қандай әдістері бар? Қарапайым халыққа қол жетімді болатындай қандай кеңестерді берер едіңіз?
–    Шығыс медицинасы бөлек бір қоғамды емдейтін сала емес, бұл жалпы медицинаның бір бөлшегі. Сол үшін медицинадағы ортақ талаптарды біз де құптаймыз. Әлемді коронавирус жайлағанда жұмыр жер бетінде дәстүрлі емнің мамандары да, заманауи медицина өкілдері де барлығы ортақ дерттің құпиясын іздеді. Әр сала өз бағыты бойынша қызмет етті. Заманауи ем бойынша адамдар емханада ағзадағы вирусты жою үшін дәрі ішіп, укол қабылдаса, бізде түрлі шөп дәрілер арқылы ағзадағы уды жойып, денеге қуат жинап, алтын ине арқылы иммунитет қуатын арттырды. Көп жағдайда сол баяғы қазақы ұлттық емнің әсері өтімді болды. Адамдар сорпа ішіп, қойдың құйрық майын жеп, шұбат-қымыз арқылы әлденді. Осындай әдіспен алдымызға келген мыңдаған науқасты нәтижелі емдеп отырдық. Бірақ барлығының соңғы түйіні алдын ала сақтық үшін вакцина қабылдау болғанын көрдік. Кезінде сүзек, оба, туберкулез сияқты дерттердің барлығы осы вакцина арқылы ауыздықталды. 
Өзіңіз негізін салып, бүгінгі таңда басқарып отырған «Жас-Ай» халықаралық медициналық орталығы туралы айта отырсаңыз? Қарапайым халық, ауылдарда тұратын, өте қиын тұрмыс кешіп отырған жұртшылық Алматыға, Астанаға барып емделе алмайды. Халық үшін қызмет етемін деп үнемі өзіңіз айта жүретініңіздей, халықтың осы әлеуметтік әлсіз тобы Сіздің клиникаңызда емделу үшін жағдай туғызу керектігі туралы ойландыңыз ба? 
–    Біз клиника болып құрылғаннан қазірге дейін тек қарапайым халықтың
ыңғайына, талабына сәйкес жұмыс жасап келеміз. Бізге деген  сұраныс артып, алыс аймақтан келіп жатып емделуді қалайтын науқастар үшін арнаулы аурухана тұрғыздық. Ондағы бөлмелер заман талабына сай жабдықталды. Монша, телевизор, жұмсақ төсек, асхана, сопрот залы бәрі емделушілер үшін қызмет жасап тұр. Дәрігер тағайындаған кешенді емінен бөлек, оларға емхананың ішінде жатып, тұрақты түрде бұлауға түсу, тұзды бөлмеде отыру, емдік массаж алуға қолайлы. Кейін науқастардың алыс аймақтан келіп емделуін жеңілдету мақсатында Шымкент, Астана қалаларынан осындай бірегей орталықтар аштық. Ұлы отан соғысы ардагерлеріне, зейнеткерлерге, студенттерге, әлеуметтік жағынан хал-күйі төмен отбасыларға емхана әкімшілігімен ортақ келісіп, 50 пайызға дейін жеңілдіктер жасап отырамыз. Кейбір науқастардың жатын орнын тегін ететін жағдайлар да кезігеді. Жергілікті әкімшілікпен, «Аманат» партиясы өкілдерімен, мешіттермен өзара қол қойылған меморандум негізінде солар тарапынан жіберілген науқастарды да түрлі жеңілдіктермен емдеп жатамыз. Жалпы, Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығы құрылғаннан қазірге дейін 90000-нан астам науқасқа медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде 25 мың адамға тегін қызмет жасалды, 5000 отбасына бала сүю бақытын сыйладық. 7000-ға жуық сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларды емдеп жаздық. Инсультпен ауырған 4000 адам қайта қалпына келіп, жұмысқа жарады. 1-2,5 см-ге дейінгі беломыртқа жарығы бар 3 мыңға жуық науқас отасыз емделіп, толық сауықты. Орталықтың осы еңбегін әлемдік БАҚ жоғары бағалап, 2016 жылы желтоқсанда «Жас-Ай» медициналық орталығы жұмысының толымды нәтижелері үшін ОКСФОРД Академиялық одағының және Еуропа медициналық қауымдастығының шешімімен «Жас-Ай» - Халықаралық үздік клиника» деген атақ берілді...
-Сұхбатыңыз үшін мың да бір алғыс! Алдағы уақытта да сырқаттардың жаны мен тәнін емдеуден жалықпаңыздар. Халықтың ақ батасы Қыдыр болып дарып, бақ болып қонсын!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
 республикалық «Сарайшық» журналы