Халықтар достығы
Кириллова Елена Михаилқызы 1979 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Атырау қаласындағы №18 Н. К. Крупская атындағы орта мектепті бітірген. Алматы қаласындағы экономика және құқық университетін экономика мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір «Теңізшевройл» ЖШС-де қызмет атқарады.
Күтпеген кездесу
Қарсы алдымда отырған – бұлғар қызы. Бірақ қазақша әңгіме тиегін ағытып отырғанына қарап, танымайтын, білмейтін адамның оны қазақ қызы деп қалуы да ғажап емес. Біз ойда-жоқта жүздестік. Жанымда отырған түрі еуропалық нәсілге келіңкірейтін қызға қарап қай тілде тілдесетінімді ойлап отырғам. Менен бұрын өзі тіл қатты. Қазақша. Өте кішіпейіл, инабатты да ибалы жан екен. «Түсі игіден түңілме» деп халқымыз қалай дәл айтқан?! Иманжүзді де сыпайы қалпымен алдыма әртүрлі тағамдарды салып, танымайтын, білмейтін жанға қызмет көрсете бастағанына қарап: «иманжүзді жан екен» деп ойладым. «Қай тағамды қалайсыз? Қолыңыз жете ме?» деп қазақша сөйлегенде, түріне қарап қаттым да қалдым. Күтпеген жағдай! Өзге ұлттың шынашақтай қызы түгілі, өзіміздің ұл-қыздарымыз менсінбей, өзегінен тепкен қайран ана тілімізде сайрап тұрған оны бас салып құшақтап, сүйіп алғым келгені! Қай жерде де цивилизация берген тәрбие қолбайлау болады ғой. Өзімді –өзім бұл жерде де сабырға шақырып, ұстап қалдым. Ішкі дауысым: «Осы жасандылығың кімге керек? Қазақ тілін өз тіліндей көріп тұрған мына қыздың бетінен неге сүйіп-сүйіп алмайсың» дегенмен, «сап-сап көңілім» деп, сабама түстім.
Батыр Бауыржанды еске алдым...
Есіме халық батыры, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы түсті. Әруағыңнан айналайын Баукең айтысқа шыққан өрімдей орыс қызы Надежда Лушникова қазылар алқасының әділетсіздігінен орынға ие болмағанда, қолынан жетектеп отырып, алтын сағат сатып алып, оған «Надежда Лушниковаға! Бауыржан Момышұлынан» деп жаздырып берген ғой. Ірілік деп, мықтылық деп осыны айт! Нағыз ұлтын сүйген, ана тілін сүйген хас батырдың ісі!
Осының бәрі санамда сәулеленген сәтте жанымдағы қызбен танысып, сұхбаттасып, есімін елге жария етуім керек деп шештім. Не үшін қаламды серік етіп жүрміз? Ұлтқа, ана тілімізге қызмет етпесек, пайда тигізбесек, қаламгерлігіміздің құны бір тиын екені ақиқат. Аты-жөні - Елена Михаилқызы. Ұлты - жоғарыда айтып кеткеніміздей, болгар. Қазаққа келін екен. Аталары - 1938 жылы Қырымнан Индербор жеріне репортацияланып келген бұлғарлар екен.
Қырым бұлғарлары...
Қырым бұлғарларының тарихына үңілер болсақ, оның тамыры әріде жатыр. ХVIII және XIX ғасырдың соңында Ресей билеушілері Қырым татарларының Түркияға көшіп кетуіне және оған тартуға болатын барлық түбектерде қоныс аударудың кең ауқымда ұйымдасуына көп күш салды. Бұған себеп болған жағдай - аталған түбекке Украина мен Ресейден қоныс аудару, сондай-ақ Қырымға Еуропа елдерінен және Түркия аумағынан православиелік халықтың қоныс аударуы. Соңғыларының арасында болгарлар айрықша көп еді. Бұлар - Ресей империясы шегінде діни сенім бостандығын іздеген түрік сұлтанының бұрынғы бодандары.
1802 жылдың жазында Қырым түбегіне 63 бұлғар отбасы көшіп келіп, қоныстанды. Олар ескі Қырым бұлғар қонысын құрды. Бұлғар қонысы Кишлав — татарша «кышлак» деген атау алды. Бұл жерде бұлғарлар орналасқан табиғи котловина болды. Түркиядан Қырым бұлғарларының қоныс аударуы Петербургтен көптеген материалдық, қаржылық, жер жеңілдіктермен ынталандырылды, ол туралы жергілікті халық тіпті армандай алмады. Қырым жағалауларына түскеннен кейін қоныс аударушылардан мемлекеттік әмиян үшін салық ұсталынды: әрбір ересек адамға 10 тиын мөлшерінде, ал «жас жанға» 6 тиын. 1773-1774 жылдары орыс әскері Болгарияда түрік әскерін талқандады. Румяндықтардың қолбасшысы - Задунайский кючук-Кайнарджий еркіндік сүйгіш елді тастап кетуге мәжбүр етті, бірақ янычарлар шегініп, бейбіт бұлғар халқын өлтіруге және тонауға ұмтылды. Бұлғарлар Ресей шекарасына өтіп, оның оңтүстік шетінде қоныстануға мүмкіндік алды. 1804 жылғы ережеге сай қоныс аударушылар үшін бұлғарлар губерниялық әкімшіліктің белсенді көмегімен, әсіресе, жүзім шаруашылығымен, бағбандықпен, табақ шаруашылығымен, жібек шаруашылығымен, жақсартылған қой тұқымдарын өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы түрлерімен айналысатын болады деп белгіленген. Қазақтар оларды Қырым бұлғарлары деп атаған.
Күштеп көшірілген...
Міне, осындай тарихында қысталаң жағдайлар көп болған Қырым бұлғарларының басына 1938 жылы қайтадан қара бұлт төнді. Қырым бұлғарларын бір түнде жүк пойызына тиеп, өздері көріп-білмеген алыс өлкеге аттандырды. Иә, қоныс аударуға мәжбүр болған одарды жергілікті қазақ халқы қонақжай дәстүрімен қарсы алды. Сөйтіп, олар бірте-бірте қазақ ауылының өз балаларына айналған еді. Менің алдымда отырған Елена осындай тағдырлы ұлттың қызы болып шықты.
«Әкем - Индерборда туып-өскен адам. Ол кісі қазақтарды сондай қадірлейді, қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Біздің бәріміз де отбасында өзара қазақ тілінде сөйлесеміз» дейді Елена Михаилқызы әңгіме арасында. Ал, анасы - Мақатта туып-өскен неміс қызы. Оларды кездестірген – қазақ жерінен өндірілген қара алтын, мұнай кені. Екеуі де мұнай кәсіпшілігінде қызмет етіп, зейнеткерлікке шығыпты. «Бұлғар халқының салт-дәстүрі қазаққа өте ұқсас. Қонақжай, үлкенді құрметтейтін, кішіні қамқорлайтын бауырмал халық» екенін айтады кейіпкеріміз.
«Қазақтың салтын сақтаймын...»
Ал, қазақтың салты мен дәстүрін бес саусағындай білетіні көрініп тұр. Әсіресе, Наурыз мейрамы Еленаның өте сүйікті мерекесі көрінеді. «14 наурыз – көрісу Айт. Бұл күні жасы кіші адамдар үлкендерге барып сәлем салады, көрісіп, батасын алады. Мен кішкене кезімнен осы салт-дәстүрді біліп өстім. Көрісуге келген адамдардың алдынан дастархан жайылып, оған бауырсақ, түрлі тәттілер қояды, наурыз көже пісіріледі. Маған наурыз көже пісіруді үйреткен көршіміз Сағида әже» дейді Елена күлімсірей сөйлеп. «Қазақ халқы, жалпы мұсылмандар ораза айын қатты қадірлейді, ораза ұстайды. Отыз күн оразада ерекше қасиетті бір түн бар, ол – Қадыр түні. Сол түнде ояу отырып, тілек тілеген абзал» деп әңгімесін жалғастырды ол.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлы мұрат
Елена Кириллова «Тенгизшевройл»ЖШС-де жұмыс жасайды. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Жолдасы Александр екеуі ұлы мен қызын тәрбиелеп өсіруде. Жұбайының есімі Александр болғанына қарап, орыс екен деп ойламаңыз. Жұбайы – қазақ жігіті. Есімін ата-анасы Александр қойған. «Ұлым Артурды үлкенге құрмет көрсетуге, отансүйгіштікке, ұлтқа бөлінбей, барлық ұлтты қадірлеуге, білім игеруге тәрбиелеп келемін» дейді Елена Михаилқызы толғана сөйлеп. Ал, қызы Эмилия - би және ән клубтарының мүшесі. Би тобымен Қазақстанды аралап шығыпты, үлкен концерттерде Эмилияның «Top Dance kz» тобы Гран-При алып, Атыраудың атын шығарып жүрген көрінеді. «Айман-Шолпан» студиясында әншілік бейімділігін сынап жүр екен. Эмилия жеке дауыста ән шырқап, құлақ құрышын қандырады.
Қазақ тілін өз тіліндей қадірлеп, қазақша сайрап тұрған бұлғар қызы Елена Михаилқызы Кирилловаға сүйсіне қарап, қимай қоштастым.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
"Сарайшық" журналы