Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті, «Саф студенттер театрының режиссері Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ:«Бір шәугім шәй» Әңгіме

Кеш басталса, бөтелке тасып, үй жертөлесіне достарымен  Мейірбек кіреді. Әдеттегідей бас қосу, жеңілдеу үшін. Өйткені қалада тұру оңай емес. Оның үстіне төрт балаң, қыз жасауындай несиең, жағаласқан дертің болса. Күйбең тіршіліктен тек сыра ғана босатып, эйфория сыйлайтындай. 
     Үш бөлмелі пәтер. Бір бөлме - балалардікі, екіншісі - қонақ бөлме, үшіншісі - Мейірбектің ауылдан келген балдызынікі. Баста балаларға қарасады деп қуанғанмен, аса бір пайдасы жоқ екен. Үй ішінде үйшік құрды деуші ме еді?  Есігі де үнемі кілттеніп тұрады. Кітабы болса, болды. Күндіз  университетте, яки, ұйықтап жатады. Ал, түнде кезекті  радиоспектакль тыңдайды. Аты -  «Отбасылық ұрыс». Әуелі Мейірбек достарымен көңіл көтеріп, шекілдеуікті жалаңаштап, бөтелкелерді босатып қояды. Әйелі Майра бөлмесінде марғауларымен пысылдап жатқан мысықтай ұйықтап жатады. Кейін Майраның көлеңкесі бірдеңе деп кеткендей, орынсыз ашу басталады. Бұрын Майра, емізулі баласын сылтауратып қорғанатын еді. Қазір ол да емшектен шықты. Амал жоқ, онсыз да қатқан миды ашытуға келген жолдасын тыңдауға мәжбүр. Кезінде, бір-бірін: «жігіттің төресі», «қыздардың жөндісі» деп қосылған еді екеуі. 
     Мәселе былай: «Сен кімсің? Кімсің сен мен шақырғанда келмейтін?! Сен мені сыйламайсың!» деп Майраның атын түнімен қарғап шығады. Жек көріп жатса, аяғынан теуіп кетеді. Балдызы әпкесін қорғап, басында араласатын. Тек келесі күні, екеуі түк болмағандай шәй ішіп отыратынын көріп, жаманатты болармын деп қаһармандықты қойған. Бірақ не үшін бір сырадан кейін жездесінің «Майра» деп  айқайлап шығатыны, қабырғаларды соғып, орындықтарды лақтырып, дәретханада өзімен-өзі сөйлесіп отыратынын түсіне алмай келеді. Студент қыз «Неге бір адам секілді сөйлесіп алмайды. Дүниеде ұрыстан басқа қызық нәрсе көп қой. Уақытты шайтанға құртып не керегі бар?  Сөйлесе салу қиын ба?» деп ойлайды. Шәкеңдер болса, «Оразада біз жоқпыз. Бүлінсеңдер бізсіз де бүлініп жатсыңдар» деп күбірлейді. Оларға да бұл үй қызық емес. Мейірбекке сырадан кейін өткен-кеткенді еске алып, әйелінің миын жеуді бір рет қана үйретті. Одан кейін үй иелері (домовой) басқа жұмыстарымен көшіп кеткен. Бірақ, рас, Мейірбек пен Майра - жеке сезімдерін бөліспейтін, бірге шығып қыдыруды қойған, болашақты жоспарлап, алғыс айтудан бас тартқан жұп. Нақты реніштің себебін айта алмай, екеуі де  бала секілді ұрысады. Қашан қарасаң да болмайтын  түйме әрекетті түйе етіп жатады. Жеке өмірлері бір шаңырақтың астына біріккенмен, ортақ өмірлері таңғы, түскі, кешкі асқа қана арналып кеткен. Ал,  сырт көзге, екеуі де үнемі күліп, әзілдесіп, проблемасыз бақытты жанұя секілді көрінеді.  Әйткенмен, бір-біріне қатігез, тәкәппар, күйбең тірліктен шаршаған жандарына шуақ сыйлар жайлылығы жоқ. 
    Студенттің ойынша, орда бұзар жасқа келіп мына үш сұрақты қою жездесі мен әпкесі үшін – ақырзаман. «Сенде бәрі дұрыс  па?», «Қандай проблемалар болып жатыр?», «Менен не қалайсың?». Осы үш сұрақ бүкіл проблеманы жойып, берік қарым-қатынас орнатар еді. Қиялы ерек, арманшыл студент қыз бәрін тыңдап, көріп жүріп «неге  осы  уақытты тоқтататын, жан дүниесінің сырын ақтарып,  барлық өкпе-ренішін, болса алғысын айтып екі жұптың шындығын мойындататын бір шәугім шәй пайда болмайды екен?» деп ойлайды.   
    Қазір, адамдар осы сәтте өмір сүруді ұмытып, тірі болары белгісіз алдағы күндерін уайымдап, адам секілді сөйлесуді қойғалы қашан?! Бәрі асығыс. Бәрі өзімшіл. Бәрі ақылды. Көп шаңырақтың бұзылуына да әкелетін осы бір-ақ себеп. Бір шәугім шай. Тас жұтып қойғандай сөйлесе алмайтын отбасыларда студент қыздың сиқырлы шәйі болса ғой... Әке мен ұл, ене мен келін, шеше мен қызы. Ех...! Бәрі тіл табысар еді. Ал, сіз қандай шәйді армандайсыз?!