Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ: «Қарашаның бірі» Әңгіме

Саттарбек үшін бұл тірліктің еш мәні жоқ. Ол тұратын көшенің шамдары жұлдыздардан бетер жарқырайды. Ал оның кеудесіндегі үміт оты мәңгіге сөнген. Жастық жалынның күлі тұрмақ, ізі де жоқ. Иә, солай. Атасының артымен әжесі бақыл болғаннан бері Саттарбек қуаныш пен құштарлықтың не екенін ұмытқан. Себебі, ата-әжесінің қолында өскен бозбалаға туған әке-шеше қазір бөтен кісілердей көрінеді. 
Бүгін үйге қонақтар келді. Ерлі-зайыпты қариялар Саттарбектің нағашылары екен. Байғұс бала амандасқаннан басқа тіс жармады. Дастархан үстінде қонақтар ұсыныс айтты.
-Мүмкін, Саттарбек бізбен бірге Байдаға барып қалар… 
-Бәрібір жатыс емес пе?
Анасы Венера да, әкесі Бауыржан да қарсы болған жоқ.
-Дұрыс. Есесіне демалып қайтады.
-Иә, бой жазып, таза ауамен тыныстап дегендей…
Саттарбек ата-анасын құптаған болып, басын изеді.
Сөйтіп, таң атысымен сапарға аттанған жолаушылар орталық автобекетке келді. «Атырау-Астрахань» маршруты енді-енді қозғалайын деп жатыр екен. Жетіп үлгерген үшеуге бос орындар да табылды. 
Алып автобус Зейнеден ата зиратына келіп бір-ақ тоқтады. Жас та болса, Саттарбек тәтесі мен апасының, яғни, ата-әжесінің рухтарына бағыштап құран оқыды. «Фатиха» мен «Ықыластың» әдемі мақамы бұл жолы үлкендердің көңілін босатып жіберді… Жаратқанды ойлап, көз жасына ерік беру күнә болған емес.
Жол бойы үлкендердің бірі салмақты баланы сөзге тартты.
-Сүрелерді тамаша оқуыңа қарағанда, дін жолын берік ұстанған жанға ұқсайсың ғой.
Саттарбек қарттың сауалын жауапсыз қалдырғысы келмеді.
-Рас. Санаулы сүрені ғана санам сіңірген. Бірақ, дінге қатысты білімім таяз.
-Мұндай мақамды құлағым бұрын-соңды шалып көрмепті. Ал дауысыңда еріксіз елжіреу, қайғысыз құлазу бар.
-Қателесесіз. Құлазитындай қайғым жоқ емес. Жақын деп санаған адамдарым жанымда жоқ. Өзімді дәурені көшкен, қаусаған қариядай сезінем…
-Нешені еншіледің, шырақ?
-Он сегіз. Небары сол.
-Ай-ай, ай… Басқаларды қайдам, ал жұмырбасты пенде бұл жарықта бәрін де жеңеді, жамандықты да, жалғыздықты да, қуанышты да, қайғыны да… Құдайға сенсең болды. Бұдан басқа тағы бір нәрсе бар.
-Ол не?
-Ерекше жанға деген махаббат сезімі. 
Саттарбек жымиып қана:
-Қойыңызшы, маған марқұм апама деген махаббатым да жеткілікті еді…
Әңгіме ән сағатта жол қысқартты. Көп ұзамай, алыстан жүргізушінің де үні естілді.
-«Котяевтен» түсетіндер болса, «постқа» келдік!
Автобустан түскен Саттарбек кең ауаны өкпесінен өткізді.
Үй ішінде жастар ғана бар екен. Ерлі-зайыптылар жұмыста. Саттарбектің нағашы әжесі Әсел жиенін немерелерімен таныстырды. Үйде барлығы жеті бала. Үлкені – Қайрат, одан кейінгісі – Нұркен, ортаншысы қыз бала – Самал, сосын – Асыл, кішілері егіздер – Жүзімгүл мен Гүлжүзім және ең кішкентайы – бір жастық Нұрсұлтан. 
Баяғы әдетіне басқан Саттарбек, кешке дейін үндеместен, ойларын ішіне бүкті. «Қандай бақытты отбасы. Егер осылардың біреуі мен секілді түнеріп жүрген болса, ақылға сыймас еді. Өйткені осыншама үлкен шаңырақ үшін қандай мәселенің де маңызы болмашы ғана көрінер».
Үйге балалардың әке-шешесі де келді. Олар жалғыз емес. Қастарында Асыл деген қыздары бар. Саттарбекті көрген балалардың анасы Салтанат таңдай қақты.
-Мәссаған, бұл сен бе, Саттарбек?.. Соңғы рет көргенімде бес жаста болғансың. Осы үйге келгеніңдегі кішкентай бөбек есіңде болар. Сол бүгін Асыл деген үлкен қыз. 
Асылдың асыл бейнесі сол сәт Саттарбекке ерекше көрінді... Ол ару мүсіннен бұрын қараша көздерге ғашық болды. Қысқасы, жолаушы қарияның айтқаны келді. Бұл түнді Саттарбек ұйқысыз өткізді. Әттең, сағат тілдері бір сәтке кідіріс қылса ғой. Сөйтіп жүргенде үйге қайтатын да уақыт келді. Сырттай сүйген сүйіктісімен Саттарбек қимай қоштасты. 
Үйде жүргенде де ол тыным таппады. Сол кезде, сол жерде өзінің сезімін ашып айтпағанына өкінді. Венера ұлының қапаланып жүргенін байқаған соң:
-Сәтөк, саған не болды? Сені ауылға түнеріп қайтсын деп жіберген жоқпын. Әлде біреу бір нәрсе деді ме? Айтсаңшы...
-Жоқ, әншейін, тек көңіл-күйімнің болмай тұрғаны.
Анасы бұл жауапқа да қуанды. Бұрын мүлдем тіл қатпастан теріс айналып кете баратын. Бұл жолы ойындағысын ашып айтпаса да, басып айтты ғой.
Арада бір апта өтпестен, ауылдағылар қоңырау шалды. Аздан соң, анасы Саттарбекті телефонға шақырды. Телефон тұтқасында Асыл...
-Алло, сәлем. Қалың жақсы ма?
-Сәле-е-мм...
-Мені танып тұрсың ба?
-Иә, иә. Әрине, Асыл, мен жақсымын ғой, өзің ше?    
-Күшті. Ертең біз анамызбен бірге сендердікіне барамыз.
-А-а-а. Неге?
-Түсінбедім?..
-Иә, иә. Дұрыс қой...
-Не дұрыс?
-Жақсы болған екен дейм. Келіңдер, құшақ жая қарсы аламыз, иә.
-Жарайд онда, кездескенше!
-Көріскенше сау бол!    
Саттарбектің қуанышында шек жоқ. Осыған дейін бұлай жадырап көрмеген. Ата-анасы не десе де жаймен күле салады. Ыдыс-аяқ жуып жүріп әндетіп қояды. «Ауырмайды жүрек, ауырмайды, сенсіз өткен күндер болмаса...» Венера да істің мән-жайын түсінгендей болды.
Асыға күткен қонақтар да келді. Бар сезімін ақтармаса да, сүйгенімен бірге бұл апта Саттарбек үшін тамаша өтті. Ол өзін енді аспан әлемінде қалықтап жүрген қырандай сезінді. Жастық өмір бұған тек қуаныш пен құштарлық үшін берілгендей. Албырт шақты тек келесі сәт қана бұзды.
-Қызым, заттарыңды жинақтап қой. Ертең жүреміз ғой...
Амал не, өмір алда. Демек, бақытты сәттер де алда. Бүгін болмаса, ертең. Өзін қанша жұбатқанымен, Саттарбектің көңілі көншімей-ақ қойды. Түнде ұйқысы да қашты. Асылдың ұялы телефонын алды да, құлағына «наушникті» тығындап, суреттерді қарады. Ақтармаған дүниесі қалған жоқ.. Бірде, Асылдың құрдас бір баламен аймаласып тұрған суретін көзі шалды. Асылдың өзімен қатар бауыры да, ағайыны да жоқ болатын. «Бұл кім болды екен?» деген ой Саттарбектің ішін күйдіріп барады. Көзінің қалай ілініп кеткенін де байқамай қалды.
Таңертең Саттарбек Асылды сұрақтың астына алды.
-Мына суреттегі кім?
-Досым.
-Қай досың?
-Бір сыныпта оқитын досым. Неге сұрадың?
-Жай... Саған ұқсайды екен. Жақындарың ба деп қалдым.
-Сонда не болыпты?
-Ештеңе. Сұрауға да болмай ма?
-Мен сұрақтарды ұнатпайм. Соны біліп, ешкім де меннен ештеңе сұрамайды. Ал олардың қасында сен кім едің?
-Мен...
Осы бір сәт уақыт төрелігін ұмыттырғандай еді. Асыл сөзін жалғады.
-Иә?
-Соны айтам... Біз дос та емеспіз. Сенікі дұрыс.
-Сонда да сен қызық адамсың. Сенімен демалысым қызықты өтті. Рахмет!
-Сені тағы да күтем!
-Өзің де кел!
-Мен оқуға қабылдандым. Енді оқудан босамайтын болармын...
-Ал мен оқуға қабылданғанда сен бітіріп жатасың ғой, иә?
-Иә. Тіпті, саған сабақ беруім де мүмкін!
-Қойш!..
Асыл қонақ ауылына кетті. Күндер болса, бірінің артынан бірі зымырап өте берді. Асылдардан әлі хабар жоқ. Өзінше, тосын сый жасамақшы боп, Асылдың туған күнінде Саттарбек анасымен бірге оның үйіне ескертпестен барды. 
Асыл үйде жоқ боп шықты. Барлығы шайға отырып, Венера анасынан жөн сұрасты.
-Салтанат пен Ғарифолла қайда?
-Олар қалада.
-Жай ма?
-Қаладан сатып алар үй қарап жүр.
-Не?.. Көшейін деп жатырсыңдар ма?
-Жо-жоқ. Үлкен немере Қайратымыз інісі Нұркенмен бірге пәтер жалдап тұрғылары келеді. Жатақханада жатып оқығымыз келмейд дейд. Ал пәтер бәрібір керек болады, артық етпейді.
-Мхм. Дұрыс, дұрыс. Асыл көрінбейді ғой?
-Соңғы кездері сыныптасы Алмастың жанынан кетпейтін болыпты. Екі құлын бірге ойнап, өсті ғой...
Салқын сөздер Саттарбектің жылы жүзін лезде суытып жіберді. Оның онсыз да қу беті сұрланып шыға келді.
-Әже, әлгі Алмастың үйін кім біледі?
-Нұркен біледі.
Саттарбек Нұркенді алып, Асылға аттанды. 
Міне, қызық, Алмастың бөлмесінде қос ғашық сырласып отыр. Саттарбек Асылды сыртқа шығарып алып, сөзге тартты.
-Саған айтар сөзім бар.
-Айта бер, тыңдап тұрмын.
-Асыл, мен сені сүйемін...
-Тыңда, екеуміз ағайынды адамдармыз. Арамызда басқа ештеңе жоқ.
-Сонда, Алмасты сүйетінің бар екен, менімен дос болғаның қалай?
-Сені біздің үйге әкелген мен емес. Ал Алмас екеумізде шаруаң болмасын, ұқтың ба? Мені енді мазалама! Біз бұрынғы достар емеспіз!..
Сол оқиғадан кейін Саттарбек асыл жанын ұмытуға тырысты. Алайда, дегені тез арада бола қоймады. Жауапсыз махаббаты ойлағанынан да зор боп шықты.
Бір күні үйге Салтанат пен Ғарифолла қонақтатып келді. Саттарбек болса, «Асылға берерсіңдер» деп кетерінде қолдарына хат ұстатты. Көкейіндегі бар ойларын осы хатқа түсірген-ді... 
«Жаным, асылым Асыл! Сені қатты жақсы көрем... Жүрегің кімді сүйсе де, өмірде бақытты болғаныңды қалаймын. Сеннен сұрайтын бір ғана және соңғы өтінішім бар. Мені кешір. Бұрынғыша дос болып қала берейік! Сенсіз өткен күндерім мәнсіз, мағынасыз. Сені кездестіргеннен бері құдды бір есім шығып кеткендей... Мені дұрыс түсін! Көп ұзамай, жауабыңды берерсің деп үміттенемін. Сағынышпен Саттарбек.»
Ата-анасы хатты қыздарына табыстады. 
-Досың саған хат жазыпты. 
-Ол кім?
-Саттарбек беріп жіберді.
Асыл хатты алып, ешкімге көрсетпей, оны оқымастан ұсақтап жыртты да, қоқысқа лақтырып тастады. Тұла бойын сүйіспеншілік емес, ыза мен ашу кернеді.
Марқұм Мәдина апасының салған әлдебір әнін жанына жұбаныш көреді:
"Кіресің жиі түсіме,
Деймісің дәйім ескерсін.
Кеше де кірдің түсіме,
Елесің кетпей естен шын.
Бүгін де кірдің түсіме,
Басымнан бұлттай көшкенсің.
Кірмеші жиі түсіме,
Жұлдыздай жанып өшкен соң.
Тағдырдың салған ісіне 
Не істерсің, жаным, не істерсің?.."