Асылтайдың әжесі - кербез кемпір. Жасында сиыр-миыр, қой-ешкі дегенмен ісі болмаған. Күйеуі атақты жылқы зауытында зоотехник болды. Қазір, міне, Асылтайы биыл он беске толады. Бұл туғалы Аллаға шүкір, Мәскеуге төркініне қатынағандай емін-еркін келіп қайтады, «бизнесін» биыл, қызы «докторски» қорғаған соң доғарды...
Үлкендердің «жастық дәурен демде өтер, аққан судай» деп отыратыны қате болмай шықты. Бірақ әлі де жол жүру, тіпті Мәскеуге жалғыз келіп-кету оған түк емес!
Жалғыз қызы Алматайды үлде мен бүлдеге бөлеп өсірді. Мәскеуде оқып жатқан қызы соңғы курста «денсаулығыма байланысты академ алғалы жатырмын» дегесін, шыдап жата алмай, ұшып жетіп еді. Әкесі де ілесе келмекші болған, іші бірнәрсені сезгендей, «жол-пұлды үнем қылайық, Алматайға қаражат керек болып қалар» деп, өзі келген.
Мұндай абырой болар ма. Ер адам, әрі бұлардың заманы басқа, қазіргілердің заманы бөлек дегендей... Оның үстіне қырықтан асқан шағында көрген жаман немесі, жалғыз демей-ақ қояйын, жалқы бала болған соң бетінен қақпай өсірген қыздары еді...
Самолеттен түскесін, такси жалдап жатақханасына келген-ді. Ана жылы бірінші курсты бітірген каникулда Алматайымен ілесіп келіп жаз бойы үйінде жатқан бадырақ көз Лима алдынан шыққан.
«Апашкілеп» жүріп, қолындағы сөмкілерін ішке орналастырып, Алматай жатқан ауруханаға алып келген... «Құлынымдап, құлдығымдап» ерні жыбыр-жыбыр етіп тәубесі мен шүкірінен аузы босамай, бадырақ Лиманың артынан томпаңдап ере берген...
Зәулім шарбаққа кірген соң біраз жүріп, есігі қай жағында еді деген бұған Лима «терезесі мына жақта» деп, көп қабатты сұр үйдің бұрышын айнала берді. Бұл ілесіп келеді. Қызының жоғары жақтан шыққан «Мамоч-ка-а-а-лаған» даусына жалт қарап, «қарғашым, кішкентайым, өңі құп-қу екен» деп, сол екі арада оған көрсетпей, көзін сығып алды. Қандай аурухана, қай жері аурып қалды деп те сұрамапты-ау, жол бойы. «Тәубе, тәубе, тұмау-сұмау-дағы деп, қызының терезеден қарап тұрғанына да шүкіршілік» дегенінше болмады, «апашка» деп екі қолының сұқ саусақтарын бірдей жоғары қарата шошайтып мәз-майрам болған Лиманың жүзіне қарап, аң-таң қалған бұл екінші қабаттың айнадай жарқыраған үлкен терезесінен қарап тұрған Алматайының қолындағы құндақтаулы шарананы көргенде жоғары қараған бойы сілейді де қалды...
- Мама, бүгін бізді шығарады...,- қызының жылап тұрғанын енді көрді.
- Әрине, балам, әрине, - дей берді...
ЫМГУ-дың жатақханасы сапырылысқан жастар. Шеттерінен көңілді. Сабақ оқып, кітап тасынып, бас қатырып жүрген біреуін көрмейсің. Дәлізге шыққан бұған бәрі күліп амандасады. Құдды бәрі Жылғасайдан кеше келген сияқты. Алматайдың мамасын бәрі танитындай. Әлде бадырақ Лима сырттай айтып, бәріне таныстырып үлгерді ме екен деп ойлады. Кейбірінің тілін түсінбек түгілі, қай елдің қара домалақтары екенін ажырата да алмайды екен. Әйтеуір, «хэл-лэу», «дғасьте» дегендеріне мәз.
...Есік алдында біраз байырқап жүрді де Алматайы балаға медбике келеді деген соң сыртқа шығып, әрі-бері жүрді. Жақын маңдағы бір аялдамадан троллейбусқа отырды. «Нан дүкендері алыс болмас, күлше әкеліп (көрші келіншекке сауғызып жүрген сары құнажынның кілегейін ала келгені дұрыс болыпты), майсөк жасап, кілегеймен шай берейін, сүті молығады» деп, өзіне өзі іштей риза болып отырғанында есіне өткен-кеткен оралып... Лиманың шешесі де кезінде ЫМГУ-дың түлегі құсайды. Соңғы курста байғұс қыз Ливаннан келген өзіндей студент жігіттің етегінен ұстадым деп жүргенінде... Екінің бірі біздің қазақтың жігіті дейсің бе? Олардың елінде «ұрпағым жетім болмасын» деген қағида болмай шығады. Содан... содан жаңа туған Лимасын жатақхана вахтерлары – жалғызбасты жергілікті әжейлер кезекшіліктен тыс уақыттарында кезек-кезек бағып өсірген көрінеді. Көз алдарында университетке түсіп, озат студент атанған, өз ата-анасынан еш дерек білмейтін, сонысына қарамай кішіпейіл де есті қыз Светаны – Лиманың анасын адамгершілігі, әсіресе жалғызлікті осындай үлкен кісілерге деген ерекше ілтипаты үшін бәрі жақсы көрген құсайды. Адам тағдыры қызық қой. Ақыры, кандидаттығын қорғап, шетелге тағлымдамаға барып келгенде, болашақ жарын со жақтан кезіктіріп, ақыры сонысымен қол ұстасып, шетелге кете барады. Лима кезінде мұның анасын қамқорлаған Александра шешейдің немересіндей болып бауыр басып кетеді де, соның қасында Мәскеуде қала береді. Бүгінде шешесі мұхиттың арғы жағында, Мәскеуге келгенінде Александра шешей мен қызына қаражат, сәлем-сауқатты үйіп-төгіп әкеледі... Кезінде балалар үйінде тәрбиеленген жалғыз басты Саша әжейге Лима көктен түскен демеушідей көңіліне медет. Бір-біріне сүйеніш...
Терезеден нан дүкенін көрсем түсіп қалармын дегені демде есінен шығып кеткенін қарашы!..
Оймақтай аузын ерін-мерінімен дөңгелетіп алқызыл далаппен айқырта бояп алған кондуктор шикіл сары қақсап, ойын үзбегенде... «коне-еечная, конечная» деп, бұған қарап тұр екен. Сасқалақтап, нан іздеп шыққанын да ұмытып қалды. «Ыптарая конешная где?» деді жөпелдемде аузына өзге сөз түспей... Онысы «қарсы бағытқа, келген жағына қарай жүре ме» дегені гой, анау «қызыл ерін» міңгір етті де, астыңғы ернін әнтек қисайтып, бұған тыжырына бір қарап, троллейбустың ашық есігінен шығып кетті.
Анадай жерге барып темекісін тұтатқан «қызыл ерін» күжірейген жауырымен-ақ жақтырмаған пиғылын танытып, мұнымен ісі де болған жоқ, дөңкиіп, түтінін будақтата өліп-өшіп шылымын шегіп тұра берді.
- Әдірем қал, бүкіл Мәскеуді жаяу араласам да жөн сұрайтын бір қазақ табармын-ақ, - деп, жан-жағына қарап келе жатып, «ВДНХ» деген жазуы бар зәулім де добалдай сырық-бағандардың алдында жағалай отырған бақалшылардың ішінен қаптан гөрі шағындау, дорбадан қомақты ақ қапшық пен екі жүз граммдық мөлшерлегіш стаканды қатар қойып сауда жасап тұрған қалың қасты қараторы жігіттің қасына келіп:
- Семічке один стакан, - деп, орысшасын «түзетіңкіреп», рублін ұсына беріп еді, анау:
- Тате, пісте менде емес, анау қатарда, - дегені.
- Құдай өлтірсін бе мені, айымның оңынан туатынын білгем! – деп, әлгі сатушы қалың қасты жігітті шап беріп құшақтай алмасы бар ма... Ол байғұс сасқалақтап:
- Тате, сіз мені... – дей беріп еді, бұл енді оны шөпілдетіп алма-кезек екі бетінен сүйе бастады. Жігіт аң-таң. Содан екеуі жөн сұрассын...
- Тате, менің сатып тұрғаным, әмбе..., қи, - деді ыңғайсызданып.
- Қиы несі, Мәсквәда тезек қалап, пеш жағатын үй бар ма?
- Тәте, удо-бре-ния, гүл өсіруге алады. Былай ғой, енді... Мен студентпін. Қарным ашқанда үйден ақша сұратқанша деп... Бірінші курсты бітірген жылы «цветочныйға» кіре қалсам, қала кісілерінің «бөлмеде, балконда өсіретін гүлге тыңайтқыш ретінде ұсақ малдың қураған қиы таптырмайтын тыңайтқыш. Оны Қазақстанға барғанда естігем» деп бір-біріне айтып жатқанын құлағым шалып қалғаны. Тап бір Мәскеуде үйім бардай, гүл өсіретін кісіше әңгімелеріне араласа кеттім. Жергілікті халықтың өкілі азиялық тұрқымды соншалықты жақтырмай тұрса да, өз тілдерінде таза сөйлеп, «бөтен ойымның» жоқтығына көздері жеткендей болып, сәл ғана іштартты. Содан әлгі екі жүзтаныстың қай маңда тұратынын өздеріне білдірмей жобалап біліп алдым да, «бизнесімді» бастауға ниеттендім.
Кезекті каникулдан соң қышлақтан қайтарда шағын қорапшаға қойдың кепкен құмалағын салып ала келейін. Жатақханаға апармадым. Бір күнге сақтау камерасына қалдырып, төрт-бес стақан «тыңайтқышты» әлгі жобамен есімде қалған кварталға апарып, гүл дүкенге жақын жердегі жер асты өткел жолының езуіне бақалшылардың қасына тұра қап, орысшаны бұзыңқырап, «мақтай» жөнелейін. Жұрт жұмыстан тарап жатқан, күн жарық кез, бірлі-жарым адам бұрылып қарады да, бағасын сұрады. Әнеукүні гүл дүкендегі пакетке салынған тыңайтқыштардан бес есе кем бағаға ұсақ пакетке салынған, «мақтау қағаз» жапсырмалары бар тауарды демде өткіздім де, нан, шайымды алып жатақханаға оралдым...
- Е-ее, - Алматайдың мамасының аузы ашылып қалды. Нан дүкеннен демде оралармын деп аз уақытқа шыққанын да, қазір Мәскеудің қай түкпірінде тұрғанын да ұмытып, бір сәт басына пайдалы ой орала кетсін... «Қабаттасып қайтем, студент шіркіннің бизнесіне ортақтасу қиянат, кәнкүрентті кім жақсы көреді, әлде Мәскеудің етек-жеңі кең, басқа бір шалғайынан орын көздейін» деп іштей ойға беріліп тұрғанында, жігіттің:
- Қазір диплом жазып жатырмын, құда қаласа, екі айда қорғап, еліме ораламын, - дегенін естігенде, жігітпен дереу қоштаса бастады.
- Ә, әлгі, атың кім еді?
- Фазил...
- Иә, иә. Сен маған мынаны айта ғой. ЫМГУ-дың жатақханасына не көлік апарады?
Жігіт әлгінде тәтесінің өзі түскен троллейбус жақты нұсқады.
- Әдірам ғана қала қойсын, осымен-ақ жетіп алайын, мен жақтырмаған екен деп кәндөктірін ауыстырмас, тәжікелесіп онда нем бар-ей,- деп өзіне өзі күбірлеп, алдыңғы орынға теріс қарап жайғасқан «болашақ бизнесмен» кемпір «бизнес жоспарын» ойша құруға, әзірше ешкімге тіс жармауға бекінді іштей.
Сондағы құрған бизнес жоспардың жобасы мынау болатын.
«Өнімнің өзіндік құны – тегін, қойдың құмалағын теріп-ақ алады қора-қопсыдан;
Шығындары – Алматайына енді ұшақпен емес, пойызбен жиі келіп тұрады (жолақыны шығынға санамайды, өйткені, титімдей немересіне шал онсыз да жібереді, барған соң тілін табады-ақ! Қайда безеді дейсің, жүдә?), целлофан пакеттер аса қымбат емес;
Тәуекел фактілері – жолда езіліп, күбірге айналғандарын арзанырақ бағамен сатады;
Таза пайдасы 100 пайыз өзінде қалады, өйткені шикізатты тікелей өзі табады, делдалсыз;
Таза кірісі – таза пайдамен теңбе-тең десе болады!».
Суперский!!!
"Асылтайым ырысты нәресте екен, тіпә-тіпә" деп, Алматайының сәбиі көз алдына келіп, түсетін аялдамадан тағы асып кете жаздаған «болашақ бизнесмен» троллейбустан түсе салып, жан-жағына көзін көлегейлеп «Хлеб» деген маңдайшасы бар үйге қарай құнжың қағып, томпаңдай жөнелген...
Содан бері де он бес жыл зырлап өте шығыпты!