Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА: «БАТПАҚТАҒЫ РАУШАН» (Әңгіме)


–    Бұл құстар маған қарағанда аса бақытты. Олар еркіндікте өмір сүреді. Ал, мен сазбалшықтағы гүл сияқтымын. Тамырымды қанша тереңге жайсам да, өнім бермейді, – деді Раушан көзі жасқа шыланып. 
–    Бір күні сазбалшықтағы гүл де қауызын  жарып,  гүл ашады. Сөзіме сеніңіз, – деп Азамат Раушанның жақұт көздеріне мейірлене қарады. 
***

        Көкшетау. Күздің қара суық, құлазыған күні. Ақ жаңбыр сіркіреп жауып, дүниенің астаң-кестеңі шыққан аласапыран уақыт. Сілбірей жауған жауынның таусылар түрі жоқ. Төңіректітұнжыратып қойғаны аздай, айналаны сазбалшық қылып былғап, әбден діңкені құртып бітті. Анда-санда көк жүзін тіліп жіберетін найзағайы да нөсерден қалыс қалар емес. Әдейі жарқ-жұрқ ете түсіп, көшеге шыққан әрбір жанның үрейін ұшырады. Адам түгілі екі аяқты жануар да тұнжыраған ауа-райының қас-қабағын ұғып, қауіпсіз жерге тығылғандары анық. Бұндай қара суық күні ең дұрысы – жан сауғалап, үйде тыныш отырып, шаруаңды істеу шығар, сірә. Осыны ойлап Жауқазын терезеге телміре қарады. Әлденеден үміт күткендей, солғын жүзімен әйнекке назар салды. Бірақ құрғыр жауын байыз тауып таусылмады. Шыны әйнектен сіркіреп аққан жаңбырды көріп, Жауқазын нөсердің әзір бітпесін болжады да:
–    Әкеміз қашан келеді? – деді аяқ астынан үй ішіндегі меңіреу тыныштықты бұзып.
         Қонақбөлмеде гүлді кесте тігіп отырған анасы Айша үндемеді. Жұмысына шындап берілгенде, анасының айналадағы құбылыстарды шыбын-шіркей құрлы елемейтінін Жауқазын өте жақсы білетін еді. Аспан айналып, жерге түссе де анасы жұмысын соңына дейін жасап бітірмей, жауап бермес... Сондықтан тумысынан еңбекқор анасына аса ренжи қоймады. Ал, кітап десе, ішкен асын жерге қоятын әпкесінен мүлде жауап күтпеді. Кітап тұңғиығына батқан адамнан не қайыр? 
–    Жұмыстарымен жүрген шығар, – деді кенет әпкесі Раушан кітаптан әзер басын көтеріп.
–    Жаңбыр астында қалатын болды ғой, – деп Жауқазын терезеге үңіле түсті.
      Бір кезде бейтаныс қоңырау соғылды. Жұмбақ қоңырау үй ішіндегілердің үрейін шақырғаны рас. Осындай құралайдың салқыны күні кім келуі мүмкін? Кенже қыз Жауқазын көп күтірместен есікті барып ашты. Ішке беймәлім кісі жүзі жадырап кіріп келді. Үйдегілер еріксіз бастарын көтерді. Әлгі кісіге бір қарады да әркім өз жұмысына қайта құлшына кірісті. 
–    Жиналыңдар. Баллға барамыз, – деді әкелері екі аяқты бір етікке тығып.
–    Көтек! Дүниенің астан-кестені шығып жатқанда ма? – деді Айша өз құлағына өзі сенбей.
–    Саймасай Ақылжай мырзаның өзі шақырып жатыр...Бармасақ, ұят болады дейді, – деді Халел Омар ақталуға тырысып.
–    Қыздар, киініңдер, – деп  Айша орнынан атып тұрды да, киім ауыстыруға кетті.
      Кірпіш үй. Жарқырауық қоңызындай жарық әйнектер. Бойы көгілдір аспанның күмбезіне де жетпейтін; тас үйде барша Көкшетаулық бай-бағыландар жиналған.  Майшам жарығы күн нұры іспетті айналаға шуақ шашады. Салтанатты залда  әсем күй ойналып,  қонақтар рахаттана демалуда. Бөлмедегі беделді қонақтарға арналған шар үстелдерді айнала қоршап, әңгіме-дүкен құрған бай отбасылар бұнда аз емес. Әсіресе, әскери шені жоғары мырзаларды бала-шағасымен жиыннан көру – қалыпты жағдай болатын. Болашақта балаларының өздері сықылды әскери шенді адам болатына нық сенімді мырзалар ұлдарын әдейі кешке ертіп әкеліп, жаңа таныстармен байланыстыратын. Тек аға дәрігер Халел Омардан басқасы. Ол жақында ғана өзі құлан таза емдеп шығарған, тұрақты емделушісі, әскери бастық Саймасай Ақылжайдың өтінішіне бола сауық кешке келген. Өзі ғана емес, жары мен айдай сұлу, хакімдердей ақылды қос қызын думанды тойға ерте әкелген...
–    Бар жүрегіммен ант етейін, Халел Омар мырза! Бай бағыландар ойлап тапқан бұл сауыққа келгеніңізге еш өкінбейсіз! Сізді ем ақысын менен екі есе қылып  асып төлейтін бас мырзамен таныстыруға асықпын! Әзірше бос үстелге жайғаса беріңіз, – деді Саймасай Ақылжай аузы-аузына жұқпай сөйлеп.
–    Жақсы, көп-көп рахмет, – деп Халел Омар бас изеді де отбасымен бірге бос үстелге жайғасты.
Зал іші ырду-дырду. Қай шетке қарасаңыз да, бір бітпейтін әңгіме. Құлақтарына алтын құйғандай, тыңдаушылары да әңгіме айтушыларына бар болмыстарымен төселіп алған. Сырттай қарағанда, бұл байлар бір-біріне өсек тасып жатқан сияқты. Өсек емей, немене? Қарындары тоқ, көйлегі көк адамның жасайтын ісі осы болғаны ма?
–    Мына «сайқымазақтар кешіне» келгенше, үйде тыныш кітап оқып отырғаным мың есе артық еді, – деп Халел Омардың жиырма жасар қызы Раушан мұрнын тыржитты. 
–    Кейде аздап демалып тұру керек, – деді әкелері шанышқымен салаттан ауыз тиіп жатып.
–    Оның үстіне бұл жерден болашақ жарыңды кезіктіруің әбден мүмкін ғой, – деді дәрігердің  екінші, он сегіз жасар қызы Жауқазын отқа май құйғандай болып, бар болмысымен ыржия.
–    Не?! Мен ешқашан тұрмысқа шықпаймын дедім емес пе?! – деп тікмінез Раушан қабағын түйді.
–    Бәлкім, дүбірлі кештен кейін ойың өзгерер, – деді Жауқазын әлі де ойнақы сөйлеп.
–    Маған ешбір ұл қарамайды. Әрі оларға қарауға мен де ынтық емеспін, – деп Раушан ыстық тамақтан ауыз тиді.
–    Керісінше, жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, тыңбай еңбек ететін өзіңдей сұлу қыздарға ұлдар аса құмарта қарайды, – деді Жауқазын бір көзін қыса.
–    Анашым, бірнәрсе десеңізші, – деді амалы таусылған Раушан анасына үміттене қарап. 
–    Қойыңдар! Одан да тамақтан ауыз тиіңдер, – деп аналары Айша дастархандағы тәттілерді қыздарының алдына тосты.
Дәрігер әйелінің бар тапқан амалы осы бір-ақ ауыз сөз болды. Бірақ аналары айтқан сол майда сөздің өзі олардың лезде тынышталуына жететін еді. Қыздар одан кейін үндеген жоқ. Бәрі үндеместен дастархан басында ауқаттанумен болды. Шар үстелге бесмармақ та әкелінді. Иісі мұрын жауып, залды түгел еліктіріп әкетті. Алайда асаба осы мамыражай кештің шырқын бұзып, бар назарды өзіне аудартты.
–    Құрметті ханымдар мен мырзалар, бері назар аударуларыңызды өтінемін. Кештің аса маңызды қонағы келді, – деді есік алдында сопиып жалғыз тұрған асаба.
 Бір сәтте жұрттың көзі тегіс көлеңкеге түсті. Дәл осы сәтте кештің ең бай адамы да заллға кіріп келді. Бұл – кең жауырынды, қалың қара мұртты һәм суық жүзді Қарлаг еңбекпен түзеу лагерінің НКВД бастығы – Мырзағали Орынбай еді. Қаһарынан жұрт «қасқыр» көргендей қорқатын, соғыстағы жау үніндей дауысынан адам шошитын бұл бастыққа көбісі барынша жоламауға тырысатын. Өйткені, қырсық мінезді бастық өзімен ерегескен әрбір жанды «Қарлаг» лагеріне қаққан қазықтай отырғызып салатын қояншық әдеті бар еді.
     Бастық ішке кіре салысымен, залдағы ырду-дырду халық лезде тыныштала қалды. Көбісінің жүзіндегі жайдарлы күлкі отқа су шашқандай бірден өшті. Құдды біреудің жаназасына жиналғандай, жұрт іштерінен дұға оқуға кірісті...Бұл жаналғыш баллда қайдан жүр? Ол былай болған. «Көкшетауда балл ұйымдастырылды» деп әдейі Мырзағали Орынбай отбасымен ішкі саясатты білу үшін баллға келген. Отбасы дегенде, ер жеткен қос ұлы мен жары ғана. Адуынды бастық екі ұлы мен жарын  сыртта, күймеде қалдырып кетіп, өзі ішке батыл кірген. Жан-жаққа көз тастап, жемтігін  айналасынан іздеген...
–    О-о-о! Амансыз ба? Жыл он екі ай! Сізді де көретін де  мезгіл туып па? Қалыңыз қалай? – деді Саймасай Ақылжай ескі танысын көргендей жадырай күліп.
–    Халім бе? Қалай болушы еді. Түрмедегі «сасыған қойлардың» иісін ескермесек, бәрі бәз қалпындай жақсы, – деп бастық кекете сөйледі. 
              Түрме бастығының «сасыған қойлар» сөзін бірден ұғып қалған Саймасай Ақылжай оның бұл жауабын жақтырмай қалды. Бетін тыржитып, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Өзінің көптен бері сырқат болғанын, алайда бір «сиқыршының» арқасында жазылып шыққанын баян қылды. Саймасай мырзаның «сиқыршы» дегені – аға дәрігер Халел Омар еді.
–    Сол сиқыршыңызды маған таныстырыңызшы. Мың рет естігенше, бір рет өз көзімізбен көрейік, – деді Мырзағали Орынбай мысқылдай сөйлеп.
–    Әрине, бері жүріңіз, – деп Саймасай Ақылжай бастықты Халел Омардың үстеліне ертіп әкелді.
Көптің арасынан Халел Омар да жанұясымен көрінді. Мырзағали Орынбайдың іздеген жемі де, тайқазанында қайнайтын сүрленген еті  де сол жазықсыз дәрігер еді. Ешбір қылмысы жоқ бейкүнә кінәсіздерді қылмысты етіп лезде шығаратын бастық бұл жолы да ескі әдетін тастамады. Қайта құмар ойнын ойнағандай, байырғы  тергеуші жұмысына құлшына кірісті...
–    Халел Омар мырза, таныстыруға рұқсат етіңіз, – деді Мырзағали Орынбай дәрігердің қолын алмақ болып.
–    Рұқсат, – деді Халел Омар орнынан ат тұрып, қолын ұсына.
–    Қарлаг еңбекпен түзеу лагерінің бастығы Мырзағали Орынбай, – деді Мырзағали жүз грамм сыра ішіп алған кісіше ойнақы сөйлеп.
Халелдің жүзі қобалжып кетті. Маңдайын суық тер басып өтті. Неге екенін өзі де түсінбеді. Бірақ қол берген кісінің тегін жан еместігін бірден ұқты. Әйелі де судан шыққан тауықтай үрке шошып, бастыққа жүзін тайдыра қарады...
–    Жүзіңіз абыржулы көрінеді, – деді Мырзағали даяшы әкелген су құйылған стақанын бір ұрттап қойып, көзін қыса.
–    О не дегеңіз?! Қайдағы абыржу?! Қуану деңіз. Бақыттан бал-бұл жайнап тұрмын, – деді Халел Омар ішкі уайымын жасыруға тырысып.
–    Ай, қайдам! Менің атымды естіген кісілердің бәрі осы неге қобалжиды?! – деді Мырзағали Орынбай қарқ-қарқ күліп.
Осы сәтте ата-анасының жанына бойы орташа, шашы қарақаттай қою қара, беті желтоқсанның ақша қарындай аппақ, өңі аққұба, талдырмаш қыз Раушан түфлиін тықылдатып, ханымдар бөлмесінен жетіп келді. Бұл көзінде оты бар, жалындап тұрған жас сұлу – Халел Омардың жиырма жасар тұңғыш қызы Раушан. Жасынан өжет те қайсар, білімді де саналы Раушан өз ойын әрқашан бүкпесіз, тура бетке айтып салатын. Бүгін де сол байырғы мінезіне көшті. Шыны керек, анасы бұл жолы қызынан дәл бұндай тәуекелшілдікті еш күтпеді...
–    Қобалжымай қайтсін?! Жазықсыз он адамды ату жазасына бұйырған сіз емес пе? Енді әкемді атуға келмеген шығарсыз?! – деді Раушан адуынды дауыспен.
–    Қой... – деді анасы Айша шошып.
–    Охо! Қызыңыздың тілі наркескен қылышының жүзіндей осыншалық өткір болар ма? – деді Мырзағали Орынбай.
–    Айыпқа бұйырмаңыз, қызым әлі жас, – деді Халел Омар.
–    Түсінемін, түсінемін. Бірақ менің ұлдарым да жас. Естуімше, тұңғыш қызыңыздың жасы әрі кетсе жиырмада. Ал, менің ұлдарымның екеуі де - он сегізде. Он сегізде болса да, екеуі де - аға дәрежелі лейтенат, – деді Мырзағали Орынбай кеудесін кере сөйлеп.
–    Ұлдарыңыз үшін өте қуаныштымын, – деді Халел Омар өзін зорлай күліп.
–    Сондықтан, мырза, арасында қызыңыздың қаққанда қанын, соққанда сөлін алып тұрыңыз! – деп Мырзағали Орынбай қалтасынан ең қымбат  шылымын алып шығарып, дәрігердің алдында көк түтінін бұрқыратып тартты.
         Адуынды бастық Мырзағалиға Раушан кек ата жиіркенішпен қарады. Оның көзқарасын сырттай көріністі бақылап тұрған үлкен ұлы Сайлау мен кіші өгей ұлы Азамат бірден ұғып қалды... 
           Қымбатты меймандарын біраз уақытқа оңашаға қалдырып кеткен Саймасай Ақылжай залға қайта оралып, қытымыр бастықты бос үстелге дейін шығарып салды. Қасқыр бастықтың үйірі де сол жерге жайғасты. Бұл кезде Халел Омардың үй-іші өңдерінде көрген «қорқынышты түстерін» ұмытуға барынша тырысты.
–    Кетуіміз қажет, – деді Халел Омар.
–    Жүріңдер, – деді Айша жүктерін алып жатып.
        Олар аты өшкір баллдан шығып, күймеге отыруға сәл-ақ қалғанда тұңғыш қыздары Раушан қымбат затын ұмытып кеткенін еске түсірді. Шамасы, залда қалдырып кетке керек. Басқа қайда болуы мүмкін? Соны ойлап Раушан кілт тоқтады.
–    Қап! – деді Раушан.
–    Не болды? – деді анасы Айша.
–    Алқамды үстел үстінде ұмытып кетіппін, – деді Раушан өкінішті үнмен.
–    Сондай маңызды затты қалай ұмытуға болады? Бар, жылдам алып кел, – деді анасы қабағын түйіп.
–    Жақсы, – деді де Раушан ғимаратқа кіре сала, шапқылап жүгіріп кетті. 
Ол екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп бара жатып, бір жігітке байқаусызда қатты соғылып қалды. Басын жігіттің кеудесіне қатты соққаны сондай, ми қаңқасы зуылдап қоя берді. Сымбатты да жайдарлы жүзді жігіт бірінші болып кешірім сұрап, бойжеткенге жымия қарады. Алайда жігіттің тәрбиелігі Раушанға жақсын ба? Ашуланып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
–    Көзіңізге қарамайсыз ба? – деді Раушан бәріне өзі кінәлі екенін біле тұра ашулана сөйлеп. 
       Күлімкөз жігіт бұндай жауапты қыздан еш күтпесе керек. Не дерін білмей, бір орында аузы ашылып тұрып қалды. Адуынды қыз бойын тіктеп, залға зып етіп кіріп кетті. Алқа мойын бойжеткен Раушанға соғылған жігіт қытымыр бастықтың кіші, екінші әйелінің ұлы Азамат еді. Азамат – Мырзағали Орынбайдың Ғазиза есімді қалың малмен сатып алған екінші әйелінің ұлы-тұғын. Азамат Раушанды көзімен соңына шейін шығарып салды...
       Раушан бір затын ұмытып кетіп залға қайта оралғанда бағанағы өздері отырған үстелде беймәлім жігіттің  барын көрді. Бейтаныс жігіт әлде біреуді тосқандай жан-жағын барлап отыр. Бұл жігіт мына үстелде қайдан жүр деген оймен Раушан үстелге жақын келіп, жігіттің жөнін сұрады. Жігіт Раушанның келгеніне разы болғандай, орнынан бірден тұрып, бикешке ізеттілік танытты. Дәрігердің қызы оған қарама-қарсы отырып, бастапқы сауалын қайталады.
–    Алқамды қайтарыңыз! Ол - әжемнен қалған жалғыз асыл мұра! – деді Раушан қабағын қарс жауып.
–    Алдымен, маған тұрмысқа шығыңыз! – деді Сайлау стақан ішіндегі қызыл шампанын ортасына дейін ішіп болып.
              Дүниеде ешкімді өзіне тең жолдас етіп көрмеген Раушан бұндай жауапты түрме бастығының тұңғыш ұлынан еш күтпеген еді. Өз құлағына өзі сенбей, есеңгіреп, бір орында сазарып тұрып қалды. Одан соң ес жиып, тілге келді. 
–    Есіңізден адасқан шығарсыз! – деді.
–    Әйтпесе, әкеңізді «халық жауы» деп түрмеге қамауға мәжбүр боламыз, – деді Сайлау беті шіміркеместен.
–    Сіз мен ойлағанан да нашар адам екенсіз! Керісінше, сіздің дүбара қылығыңызға мына мен таңқалуым қажет! –  деп Раушан  стақан ішіндегі қызыл шампанды Сайлаудың үстіне әдейі шашып жіберді де, залдан жыламсырап шықты.
          Жолда бағанағы өзіне соғылып қалған түрме бастығының кіші өгей ұлы Азаматты қайта кезіктірді. Азамат іші бірнәрсені сезгендей, қыздан мән-жайды сұрамақ болды.
–    Бәрі дұрыс па? Қандай да көмегім қажет шығар? – деді Раушанға жанашырлық танытып. 
–    Сіз маған көмектесе алады деп еш сенбеймін! – деді Раушан көзі жасқа оралып.
             Дәрігер үйі. Біреу Раушанның ата-анасы үйде жоқтығын пайдаланып, қоқан-лоқымен хат жіберген. Хатта не сыр жазылғанын білу үшін Раушан кітапханаға кіріп, мамық диванға жайғасып отырды. Күн жарығы аз түсетін; әкесінің бай кітапханасында Раушан хатты асықпай отырып оқыды. Оқыды да өкіріп жылап жіберді. Алма беті жасқа оралып, көзінен мөлтілдеп жас ақты... Кітапхана жанында зәуіқайыр өтіп бара жатқан сіңлісі Жауқазын кенет кілт тоқтап, әпкесінің жанына жылдам жетіп келді.
–    Не болып қалды? Жылаған көрінесің, – деп Жауқазын әпкесін иығынан түрпектеді. 
–    Бәрі жақсы, – деді де Раушан бойын тіктеп, қолындағы қарғыс атқыр хатты лапылдап жанып жатқан отқа лақтырып жіберді.
Маржан жазулармен тізіліп әдемі жазылған хат бір сәтте жоқ болды. Күлмен қоса, жалын жетегінде тұтанып кетті. Бойын ашу кернеген Раушан сіңлісін алып, емханаға тартты.
2
Емхана. Палатада науқас адамның қарасы көп. Бірінің аяғы, енді бірінің қолы сынған. Ауыр жарақаты барларды емдеп, қыздардың ата-анасы ұлардай шырылдап жүр. Жауқазын да жай тұрмай, басқа медбикелерге көмектесуге кеткен. Бір кезде Раушанның көзі палата шетінде ыңырсып жатқан Азаматқа түсті. «Азамат осында емделуге бір келер» деп кім ойлаған? Шыны керек, «Азаматты емханадан кезіктіремін» деген ой Раушанның үш ұйықтаса да түсіне кірмепті.
–    Қызым, ана баланы емдеп жіберші,– деді анасы Азаматты иегімен меңзеп. 
–    Анашым, басқа кісі емдесе болмайды ма? – деді Раушан Азаматты емдегісі келмейтінін ашық білдіріп.
–    Бәріміздің қолымыз бос еместігін өзің көріп отырсың ғой! – деп анасы қолына ақ мата салынған себетті алып, палатадан асығыс шығып кетті.
Үй киімін медбикенің ақ халатына ауыстырып, Раушан амалсыз Азаматты емдеуге шақырды. Палата есігін жұлқып ашып, ем-домын асықпай дайындады. Сұңғақ жігіт беліне дейін шешініп, палата үстеліне сергек отырды. Бойы аңсағай жігіттің сымбатты мүсін денесін көріп, Раушанның беті қызанақтай қызарып кетті.
–    Спирт жағылған дәкемен орауыма тура келеді. Жараңыз тым ауыр, – деді Раушан амалы таусылған кісіше сөйлеп.
–    Менің жарам тәнімде емес, сіз деп соққан жүрегімде,  – деді жігіт болмашы жымиып.
–    Не ойлап отырсыз өзі? Кішкене салмақты болсаңызшы! – деді Раушан жігіттің қиялданып отырғанына ашуы келіп.
–    Сізбен отауласқан сәтімді, – деді Азамат қиялданып.
–    Армандапсыз! – деп Раушан спирт жағылған ақ дәкені алып, Азаматтың арқасынан мықтап орады.
         Әр ораған қадамынан Азамат көз алмай, Раушанға тұтқиылдан қарап отырды. Әне-міне дегенше, бозғылт дәке де оралып бітті. Раушан палата есігін жауып, тезірек шығуға ыңғайланды.
–    Көп-көп рахмет сізге! – деді Азамат асықпай киініп жатып.
–    Оқасы жоқ. Тезірек шығыңызшы, – деді Раушан екі аяқты бір етікке тығып.
         Келесі күні дәрігер үйіне баса көктеп НКВД әскерилері келді. Олар Раушанның әкесін кісендеп, түрмеге жедел алып кетті. Алып кетер алдында Раушанға «бұл - Сайлау мырзаның соңғы ескертуі еді» деді. Раушан әкесінің соңынан түрмеге кетті.
–    Әкемді дереу босатыңыз! – деді Раушан Сайлауға шарт қойып.
–    Жайдан-жай ма? – деді Сайлау беті бүлк етпестен.
–    Жайдан-жай түрмеге қамадыңыздар ғой! – деді Раушан ашуға мініп.
–    Бірдеңе беру үшін бірнәрсе алу керектігін еш ұмытпаңыз! – деді Сайлау шарт жасасып.
–    Бұнымен не демексіз? – деді Раушан түк білмегенсіп.
–    Бостандығыңызды әкеңіз үшін құрбан ету – түк емес шығар деп ойлаймын, – деді Сайлау стақандағы сырасынан бір ұрттап алып.
–    Оңбаған! – деді Раушан Сайлауға жиіркене қарап.
–    Дәл солай. Тағы не дейсіз? Маған бұл қылығыңыз қатты ұнайды! – деді сыраға әбден масайрап қалған Сайлау.
–    Жексұрын! – деді Раушан дүниедегі барша жаман сөздерді есіне түсіріп жатып.
–    Үйрене бергеніңіз жөн. Қанша дегенмен бір шаңырақ астында тұратын боламыз ғой, – деді Сайлау мысқылдай сөйлеп.
–    Сұмырай! – деді Раушан Сайлауға кек ата қарап.
–    Тұрмысқа шықпай жатып, басынайын дедіңіз бе? – деді Сайлау шыны стақандағы сырасын қайта алып ішіп.
–    Үйрене бергеніңіз жөн. Қанша дегенмен бір шаңырақ астында тұратын боламыз ғой, – деп Раушан болашақ күйеуінің сөзін кекете қайталады да өзінен кейін есікті тарс жауып, бөлмеден шығып кетті.
     Той. Беташар. Қарғыс атқыр тойды Азамат бір өзі басқарып өткізді. Жарқыратып өткізгенімен, іштей Раушанды Сайлауға қия алмады. Қия алмай, әбден күйзеліске түсті. 
       –     Кешір бізді – деді іштей Азамат домбырамен сәукеленің шымылдығын ашып жатып.
         Сәукеленің шымылдығымен бетін тұмшалап алған Раушан «Осы үшін әлі-ақ жауап беретін боласыздар» дегендей Азаматқа кек ата қарады.
        Сәрсенбінің сәтті күні үйге қытымыр бастықтың жесір тәтесі Кәрима Орынбай келді. Ол жаңа түскен келінін бастан-аяқ түгел сынады. Раушанның Гүлбаһрам сұлудың тырнағына да татымайтынын үй ішіндегілерге  естірте айтты. 
–    Сөйлей алады ма, өзі? – деді Кәрима салаттан ауыз тиіп жатып.
–    Ұялып отырған болар, – деді Азаматтың анасы Ғазиза Раушанды жақтай сөйлеп.
–    Сөйлесем, аузы жабылмайтын біреу дейсіздер ғой! – деп Раушан Кәримаға жиіркене қарады.
–    Онда үндемей отыра бергенін жөн! – деді Кәрима дүңк етіп.
    Осы сәтте Азаматтың жүзінде болмашы күлкі білінді. Раушанның қайсарлығына қатты таңғалып, іштей тілеуін тіледі.
–    Тағы не істей алады өзі? – деді Кәрима салатын аузында қарс-қарс ете шайнап.
–    Тамақ пісіре алмаймын. Кір жуу – мүлде есте жоқ! Ал, киім пішу біздейлерге – асқақ арман! – деп Раушан орнынан ат түрегеліп, бөлмеден ашуланып шығып кетті.
–    Қайдағы жоқ албастыны қайдан тауып алғансыңдар өзі? Осы қызды алған - қай ақымақ?! – деді Кәрима бойын ашу кернеп.
–    Өзіңіздің бөлеңіз, – деп Ғазиза орнынан атып түрегелді де бөлмеден шықты.
      Кенет бөлмеге түк білмегенсіп Сайлау келді. Жұмыстан әбден қалжыраған адамдай, орындыққа сылқ отырып, үстелге жайғасты. 
–    Сайлау, құлыншағым, ана бет-аузы кедір-бұдыр, шашы айбақ-сайбақ албастыңды лашығына қайта апарып тасташы! – деді Кәрима Сайлауға жалына сөйлеп.
–    Апа-ау, отау құрғанымыз кеше ғана ғой, – деді Сайлау Раушаннан айырылғысы келмейтінін ашық білдіріп.
–    Мейлі, маған десеңдер, мыстанның қызын алыңдар! Өздеріңді пісіріп жесің! Мәдениеттен адыра қалыңдар! – деп Кәрима үстелден оқша атып тұрып, өз жөнімен кітапханаға кетіп, ол жерден қайта шықпастай болды. 
          Қарқаралы. Кәрима Орынбай өзінің алпыс жылдық мерейтойына арнап сауық-кеш ұйымдастырған. Кешке талай меймандар келіп, Кәриманың шашбауын көкке көтерген. Бұл әдеби кешке сиқырланып, Кәрима өлердей мақтаған Гүлбаһрам сұлу да келген-ді. Гүлбаһрам  – офицердің жалғыз ерке-тотай қызы болатын. Қылықты қыздың ажарын байқап, Сайлау биге әдейі шақырған.
–    Сізбен билеуге рұқсат па? – деді Сайлау Гүлбаһрамға. 
–    Әйеліңіз қарсы емес пе? – деді Гүлбаһрам сиқырлана күліп.
–    Одан рұқсат сұрамаймын да, – деді Сайлау Раушанға мысқылдай қарап.
Шетте бәрін үнсіз бақылап тұрған Раушан кетуге ыңғайланды. Абырой болғанда, Азамат тоқтатып қалып, биге шақырды. Қос ғашық залда көбелектей шыр айнала билеп, жұрттың таңдайын қақтырды...
–    Жеңгесі мен қайын інісінің арасы тым жақын емес пе? – деді Азамат пен Раушанның биін сырттай тамашалап тұрған Қанипа Кәримаға.
–    Қалай жақын болуы мүмкін? Қойшы, қайдағы жоқты айтпай! – деп Кәрима қолын ауада бір сілкіді де, қызыл шампаннан ауыз тиді.
–    Жақын болғаны дұрыс. Сайлауға Гүлбаһрамды әпереміз, – деді Бәтима шиқ етіп күліп.
–    Қыздар, не деп тұрсыңдар өзі?! Мен сендерді шаңырақты бұзуға шақырдым ба?! – деді Кәрима жан құрбыларына қабағын түйе қарап.
         Осыны айтуын-айтқанымен, Кәрима іштей құрбыларының сөзіне ойланып қалды... Бәлки, олардың сөзі шын болар... Алла сақтасын! Өсек ақиқатқа айналса, ертеңгі күніміз не болмақ! Қарт әйел зал ортасында фаруанадай шыр айнала билеген Раушанға сақтана қарады... 
        Кент.  Кірпіш үй. Мырзағали жаңа түскен Раушан келінін «нағыз келін» қылу үшін қой соңына жіберген. Байғұс қыз мал артынан бір өзі шауып кеткен.
–    Раушан қайда? – деді жұмыстан түс ауа келген Азамат анасына.
–    Қой бағуға кетті, – деді кесте тігіп отырған анасы Ғазиза салмақты үнмен.
–    Жалғыз өзі? – деді Азамат қатты таңғала.
        Мың қой түгілі үш қой бағып көрмеген Раушан әбден қиналып бітті. Таңертеңнен бері нәр татпастан қойларды ырыққа көндірумен болды. Қырсық қойлар да адам айтқанына көнбей, әрі-бері шапқылап, көшені басына көтере зулайды. Соны алыстан көріп,  Азамат дереу Раушанның жанына жетіп келді.
–    Әкеліңіз өзім бағайын, – деді Азамат жылы дауыспен.
–    Не үшін көмектескелі жатырсыз? – деді жүдеп кеткен Раушан. 
–    Сіз де маған көмектестіңіз ғой, – деді Азамат болмашы жымиып.
–    Қашан? – деді әлсіреп қалған Раушан ешнәрсе түсінбей.
–    Ақ дәке... – деді Азамат.
–    А-а...
  Олар үйге жүздері жайнап кіріп келді. Жаз күлкілі туыстарын Сайлау қатулы қабақпен қарсы алды. Қабағын қарс жауып, дастархан басында ашуын әзер жиып отырды... Кешкі асын ішіп болып, Раушан тұруға оқталғанда Сайлау қолынан тартып қалды. 
  –  Қайда барасың? Үлкен кісілер тұрмайынша, сен де тұрмайсың!  – деді. 
   Ешкім тіс жарып, тіл қатпады. Азамат бұл кезде іс-сапармен жұмыста еді. Әйтпесе, қиянатты көрсе, үндемей отырмас болар... 
Байғұс бойжеткеннің көзі мөлтілдеп жасқа толды. Қанын ішіне тартып, қабағы қатуланған күйеуіне көзі жасаурап қарады да орнына қайта сылқ отырды... 
3
  Күн шуағын мейірлене айналаға шашады. Шуақты күннің жылы сәулесіне беті орнанып,  Раушан жидек термек ниетпен тоғайға шықты. Тоғай ішін аралап жүріп, алма ағашына кез болды. Алмалар тым биікте екен. Қайсар қыз ағаштың биіктігін қайтсың, өрмелеп жоғарыға шығып алды. Бәйтерек биігінде отырып, аспанға үміттене қарады. Күндердің күнінде бостандыққа шыққан азат құс боларына нық сенді...
–    Раушан?! – деді біреу. 
–    Мен мұндамын, – деді Раушан Азаматқа қол бұлғап. 
–    Қалай шығып алғансыз? – деді Азамат ағаш басына таңырқай қарап. 
–    Қазір, – деп Раушан ағаштан түсуге ыңғайланғанда, домалап, жерге ыршып түсті. 
–    Қағып аламын! Байқа! – деп Азамат Раушанды қолымен қағып алды. 
          Олар қызыл алманы себетке толтыра жинап, бақшаға келді. Бақша ішін жақсылап суарып, көгөніс терді де шарбаққа жайғасты. Ғалым қыз кітапқа үңілгенде, қызыл алманы жылтыратып жуып, Азамат Раушанға ұстатты. Қыз жүзінде қуаныш білінді. Бұл  –  оның осы үйге келін болып түскендегі алғашқы шынайы күлкісі еді... 
–    Бүгінгі еңбегіңізге, – деді Азамат. 
–    Рахмет, – деді Раушан алманы қолына алып жатып. 
            Жары мен өгей інісін сырттай терезеден бақылап тұрған Сайлау қатты ашуланғаннан жұдырықпен үстелді бір ұрып қалды. Қолы қансырап, жерге тамшылап қан ақты. Бұлай жалғаса берсе, жарынан айырыларын біліп, Сайлау қулыққа көшті... 
–    Келіннің отбасына қоқан-лоқы көрсеткенімен, ешнәрсе ұтпайсың,  – деді Кәрима Орынбай. 
–    Бұнымен не демексіз? – деді Сайлау. 
–    Өгей ініңді іс-сапармен алысқа жібер, – деп Кәрима жыландай ысылдап, бөлмеден шығып кетті. 
    Бұдан артық қорлыққа шыдай алмасын біліп, Раушан қашу жоспарын құруға бекінді... Терезеге үңілгенде  сіңлісінің елесін көргендей болды. Тоқта! Мынау шынымен сіңлісі ғой! Өзінің сүйікті сіңлісі Жауқазын! Жаным-ау, бұнда қайдан жүр... 
–    Әкеміздің іс-сапарымен Түркияға қоныс аудармақшымыз. Мәңгілікке сонда кетпекпіз. Бұнда тұру қауіпті. Өзіңе белгілі. Халық жауы екенін білсе, тыныштық бермейді, – деді Жауқазын барынша ақырын сөйлеп. 
–    Дұрыс. Заман тынышта қоныс аударып кетіңдер. Кім білер, батпақтан шығар күн де туар, – деді Раушан көзі жасаурап. 
–    Біз сені жалғыз қалдырып кетпейміз. Бірге кетесің. Түркияда емделеді деп сылтауратып, алып кетеміз, – деді Жауқазын әпкесінің қолынан ұстап. 
–    Қашан? – деді Раушан сасқанынан. 
–    Шыда. Жалған құжат жасалып болған соң... Басқа амалымыз жоқ. Өзің де аурушаң болуға тырыс. Бұл күдікті сейілтеді, – деді Жауқазын нық сөйлеп. 
–    Жақсы, – деп Раушан бірнеше апта бойы ауру-сырқау болуға барынша тырысып бақты. 
        Киім-кешектерді далаға жайып жүріп, өтірік талықсып қалды. Құлаған орнынан Азамат үйге көтеріп әкелді. 
–    Байғұс-ай, күндіз-түні демалмайды! – деді Ғазиза жаны шығып. 
–    Денсаулығы қалай? – деді Азамат медбикеге қарап. 
–    Сырқат. Ауруы асқынбай тұрғанда, ем қабылдауы қажет, – деді медбике. 
         Бұл – Халел Омардың шәкірті, таныс медбике қыз Айгүл еді. Әдейі Мырзағали үйіне тыншы есебінде жіберілген. Абырой болғанда, тыңшы қыздың қу ісін үй-іші сезбеді... 
–    Емделеуіне қанша уақыт кетеді? – деді ішке баса көктеп кіріп келген Сайлау. 
–    Елдегі ем жарамайды, – деді медбике. 
–    Сонымен не демексіз? – деді Кәрима. 
–    Түркияда емделуі қажет. Түркия елінде медицина қуатты дамыған, – деді медбике сендіре сөйлеп. 
       Кенет үй-іші жым бола қалды. Тіл қатқан тірі жан болмады... Біраздан соң Сайлау келісімін берді... 
–    Ғылыми еңбек жазып жүргенінді білемін. Бүгін әдеби кешке беделді ғалымдар келеді. Бірге барып қайтсақ қайтеді? – деді Сайлау жылы шырай таныта сөйлеп. 
            «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» деп Сайлау Раушанды алдап, өзіне қаратып алғысы келген. Алайда, бұл ісінен түк шықпады. Қырсық қыз бой бермей, бастапқы шешімінде қалды... Бойжеткен жауап берместен, бөлмеден үнсіз шығып кетті.
              Сыртқа шыққанда Раушан қайын апасын кезіктірді. Бақша ішінде Ғазиза гүл суарып жүр екен. Бойжеткен апасының қасына жүгіріп келіп, гүл суаруға көмектесті. 
–    Шынынды айтшы, Азамат саған ұнайды ма? – деді Ғазиза. 
Раушанның жүзі қызарғаннан бұрқ ете қалды... 
–    Қайын інісін кім жақсы көрмейді? – деді Раушан жөпелдемеде жауап тауып. 
–    Махаббат – бәріне ем табады. Ұлым екеуін қосылсаңдар, еш қарсылығым жоқ. Қайта шын ғашықтар қосылғанына ризашылық білдеремін, – деп Ғазиза апа ішке кірді. 
        Раушанды жоғалтып алса, жүрегінің бөлшегін жоғалтып алғандай құса болып, байыз таппай кететін Азамат сыртқа атып шықты. Айналада ешкімнің көлеңкесі көрінбейді. Тек қызыл көйлектің қарасы болмаса... 
–    Раушан, қараңыз, құстар, – деді Азамат шарбаққа қонған торғайларға жымия қарап. 
–    Бұл құстар маған қарағанда аса бақытты. Олар еркіндікте өмір сүреді. Ал, мен сазбалшықтағы гүл сияқтымын. Тамырымды қанша тереңге жайсам да, өнім бермейді, – деді Раушан көзі жасқа оралып. 
–    Бір күні сазбалшықтағы гүл де қауызын  жарады,  гүл ашады. Сөзіме сеніңіз, – деді Азамат Раушанның жақұт көздеріне мейірлене қарап. 
–    Әмин, – деді Раушан. 
–    Білесің бе, құстарды тамақтандырған адамның тілегі орындалады, – деді Азамат жымиып. 
–    Рас па? – деп Раушан іштей тілек тіледі. 
–    Не тіледіңіз? – деді Азамат Раушанның құпиясын білуге құмартып. 
–    Бостандықты, – деді Раушан. 
                 Құстарға жасалған жақсылық Раушанға бостандық болып оралды. Көп ұзамай балшықтағы гүл де тәуелсіздік алды. Емді сылтауратып Түркияға аттанған бойжеткен бұл отбасыға қайтып келмеді... Әрине, бұны Сайлау қабылдай алмады. Билігі арқылы Раушанды қорқытты да. Алайда заңға келгенде дәрменсіз болып шықты... Қайсар мінез Раушан айтқандай, сазбалшықтан босап, жанұясымен қауышты. Отбасымен аман-саулықта жүздесіп, Түркияда шексіз бақытқа бөленді. Бақытты сәтінде Ғазиза апасын алып, Түркияға Азамат та келіп, отау құруға ұсыныс жасады. Келесі күні Раушан ұзақ ойлана келіп, Азаматқа тұрмысқа шықты. Елдегі ахуал бәсеңдегенде, дәрігер отбасысы елге оралып, Қазақстанда бақытты да баянды ғұмыр кешті. Шын ғашықтар қосылды...