Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Қуандық ТҮМЕНБАЙ: «Күнәнің бергі беті...» Әңгіме

Дөңгелек Күн жұмыр жерді айналып, батысқа қарай бет бұрғанда бір рет саябаққа шықпаса жаны тыншымайды, бір нәрсесі қалып қойғандай әйтпесе барар жеріне жете алмай қалғандай көңілі қоңылтақсып тұрады. «Зейнеткерге бұл да керек» дейді өзін-өзі жұбатып. – Егер қара жерге табан тигізе алмай қалсам қайтер едім? Құдай сондайынан сақтасын. Жүр ғой анау сексеннен  асқандар құйтырқы сөзге ауыздарын малып, бозбала күнінде кімге қырындап, кімнен ұпай жинағанын жыр ғып айтып».  Ажарбай соларға таңқалады.  Кемі министр, Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі, ең нашары – сектор меңгерушісі болған солар бір түйінді мәселені тарқатып айтпайды ғой, шіркіндер. Бар білгені – «анау хатшы қай жылы туды, оның қолтығынан демеушісі кім еді, мына хатшы қай жылы өлді, кімнің үстінен арыз жазып, қай жүздің перзентін тағынан тайдырды, ана министрдің көңілдесі кім еді, кімнің түбіне қай ұрғашы жетті». Беттері жып-жылтыр, сақал түгілі мысық мұрты жоқ сәнденіп жүргендер еуропаша сақал-мұрт қойған бұған сақтана қарап: «Пенсиядасың ба?»  деді. «Жақында шықтым». «Әртіссің бе, суретшісің бе?» «Скульптормын». «Бәсе, бұл жерде сақал қойғандар жүрмеуші еді»  деді әйел бет ерні шүртиген біреуі. «Үлкен Үйде сектор меңгерушісі болған екен, жүрісіне қарасаң, аспанды тіреп тұрғандай. «Үйді қалай алдың?» «Сатып алдым». «Ә-ә, ақшасы көп біреу болдың ғой». «Мен де біреу, сен де біреусің» деп жөппелдеме жауап беріп еді, анау тартынып қап одан әрі тіл қатпады. «Апырмай, мыналар өмірдің өзекті мәселесі – халық қамы, ел болмысы, шарықтап бара жатқан нан бағасы туралы бір ауыз сөз айтпайтын кандай адамдар? Осылар да елдің үстінен қарап отырды-ау кезінде. Бір апта болды, қаңтар қырғынының біткеніне, ешқайсысы еске алып, жақ ашпайды. Сол күндері ел-жұрт сыртқа шыға алмай қалды. «Қашанғы қамалып отырамын, қызыл тілім бар, ұстап әкетіп бара жатса айтармын «осы жердің тұрғынымын» деген серт қойып, кештетіп саябаққа шықты. «Атып кетеді, барма!» деп жұбайы Майра қанша шырылдаса да, «Тәуелсіздікті не үшін алдық» деп қиқар сөздің тігісін жатқызып тартып кетті. Айнала тым-тырыс. Тау өзені мұз боп қатып, қабағын түйіп жатыр. Өмірді ағын су ғана тазартса, оны енді көктемге дейін күту  керек. Арлы-берлі аяңдады. Топталып жүріп, «ха-ха-ха»-лап күліп, Төртінші басқарма ауруханасындағы қай медбикенің бітімі қандай екенін айтып, тамсанып тұратын ұсақ шенеуніктердің қарасы көрінбейді. Жиырма бес қабат қонақ үй де марғау тіршілікке мойын бұрғандай. Әр терезеден жылт-жылт еткен шам бірде жанып, бірде сөнеді. Ажарбай кері бұрылды. «Бір күнде өмірдің сұрқы кетіп қалғаны ма? Оу, адамзат тіршілік үшін туған жоқ па?» Дөңгелек алаңқайдағы өз қолымен жасаған ботасын ерткен аруананың скульптура  бейнесіне қарап біраз тұрды. «Қой, қарашаңырағыма барайын. Майра да дегбірсізденіп отырған шығар «біреу атып кеткен жоқ па?» деп. Қиқар көңілі жанына серік, қисық сөз айтса көңілі сергиді. «Мына алып шаһарда әзіл айтып, күліп қарайтын да ешкім қалмаған ба өзі?» Қалада күйік иісі аңқиды, танауды қытықтайтын бір ащы леп бар. «Кеше қалалық әкімшілік өртенді деп еді. Бүгін ел Президенті халқына Жолдау арнайды, соны тыңдайын. Жақсы сөзді сонан басқа кім айтар дейсің?» Құлазып қалған саябақтан сытылып шығып, он жыл тұрған тұрағына қарай аяңдады. «Президент не айтар екен, кімді айыптар екен?  Оған да оңай емес. Баяғыда,  әлі скульптор аты шығып, санатқа қосыла қоймаған кезде, Мәдениет министрлігінде барып кел, шауып кел боп жүрген шағында, Орталық Комитетке нұсқаушы ғып шақырғанда бармай бас тартқанына сондай қуанып келеді. «Қара айғыр тартқан бас жібі жоқ ұзын-шұбақ эшелонға ілігіп кеткенде не етер едім. Қызмет адамды өзгертеді, «қызмет – қолдың кірі», кір сабынмен қайта-қайта жуса да кетіре алмай әуреге түскен кір жұқтырып алғандарды көріп жүрміз ғой» деп тәубесіне келіп, тынысын кең алды. Бес қабат үйде лифт жоқ, екінші қабатқа табаны тигенде Маршал Жуковтың ойынан кетпейтін сөзін еске алды. Рейхстагқа шабуылдап жатып, генерал Чуйков «Екінші қабатты алдық!» деп қуана хабар бергенде, «Өте баяу, өте баяу, тездету керек!» деп дүрсе қоя береді. Өліп-тіріліп Рейхстагты да алдық, бірақ сол Жеңіс Маршалы Жуков қандай адам өзі? «Солдат – үндемейтін автомат» деп тірі жанды аямайтын көрінеді. «Нағыз ет турағыш» деген де аты бар екен. «Мейлі, Ажарбай, солар соғыспаса біз осылай кердеңдеп жүрер ме едік» деп екінші қабаттан да асты. Әлі үшінші мен төртінші қабат бар. Тізесі де сыздап, сыр бере бастаған сияқты ма? Оу, анау сексендегі сақал-мұрт қоймағандар шошаңдап жүр ғой әлі. Олар лифтісі бар үйде тұрады, құрылыс ережесіне сай келмесе де «күштінің дүмі диірмен тартып», лифт орнатып алды. Бәленің ақырын берсін, бір күні апат бола қалса, ережесіз тірлікті бір-біріне жауып, беттері шиедей болмаса неғылсын. ЦК мен Совминнің сөзі сөз-ақ болды ғой кезінде» деп төртінші қабатқа аяқ басқанда жұбайы Майраның тостағандай дөңгелек жүзі көз алдын көмкеріп тұрды. Екі қолына ұстаған ас-су толы сөмкесін аһылап-уһілеп әрең көтеріп жеткенде: «Уһ, бір лифтісі бар үй бұйырмай-ақ қойды ғой» деген қара аспанды суға алдырған сөзі жүрегіне инедей қадалады. Зейнетке шыққалы шала қазақшасымен сол сөзді жиі қайталайтын болды. Ол қалада өссе, өзі ауылдың өскіні. Үйіне келін боп түскенде есік алдында жайылып жүрген жылқыны көріп, «Ат тамақ жеп тұр» деген сөзін қу тілді қайнысы әліге дейін айтады. «Язык мой – враг мой» деп қазір бұртиып қалады.  «Не де болса, болары болды, қала мен деревняның арасына сына қағылды» деп бесінші қабатқа шығып, құлыптаулы есікке қоңырау соққанда жұбайы есікті екі бұрап ашып, «Живой!» деді алабұртып. «Әзірге тіріміз» деп бұл да шағып алды. 
***
«Жау жағадан алғанда бөрі етектен алып», мына Ресейдің Украинаға соғыс ашқаны да басымызға бәле болды, «қырда бұқа сүзіссе, ойдағының мүйізі сырқырайдының» кері кеп тұр қазаққа.Түшкірсе «жәрекімалла» айтып үйренген тату көршіміздің тірлігі жанымызға қатты батып тұр, сақинасы ұстаған кемпірдей басымызды қос қолдап ұстадық та қалдық. Кемпір араласқан ертегінің ақыры жаман, ол не мыстан, не үйіңді тонап кеткен ұры боп шығады. Қазір біз де ертегі оқыған баланың кейпіндеміз. «Өгізге туған күн бұзауға да тумаса» деген күдік бар, осындай алай-түлей көршіге тап қылған бір Құдайға наз айтпасақ кімге сөзіміз өтеді деп көгілдір экранға қараған сайын іштен тындық. Сондай алабұртқан қазақтың бірі – Ажарбай жиырма бес қабат қонақ үйдің қасынан өтіп еді, зәулім үйдің алды-арты мен саябақтың іші түр-түсі бөлек адамдар, бала-шағасын ертіп тәкаппар басқан сары шашты көк көздер, тіпті, тау өзені бойында да қоларбаға сап бала тербеткен бөтен әйелдер. Бөтеннің аты – бөтен, оны көз қарасынан білесің, бірақ мыналар басқа топырақты басса да, кісіге осқырына қарайтын сияқты. Бұрын да жан бағып, серуендеуге шыға қоймайтын қазақтар тосын қонақтарға көздерін сата қарайды. «Арпа ішінде бір бидайдай» боп көрініп, сақал қойып, білегін түрініп ап, омырауларын ашып тастаған еркек пен джинсы киіп бұлтиған әйел денелер шақырылмаған қонақ болса да, айналасына шамырқана  көз тігеді. 
Ажарбай жүргінші жолымен төмен түсіп, саябақты қақ жарып өте бергенде көкірегі жүндес, білегі сидиған сары орыс бұрылып кеп:
- Друг, ты местный? – деді орысшалап.
- Не боп қалды? – деді бұл да орысшалап.
- Давай, танысайық, Жуков Артем Иванович, - деді сып-сидам алақанын ұсынып.
- Бір Жуков аз еді, - деді бұл қазақша қитұрқылығын орысша аударып. Мәскеудің Архитектура институтын бітірген Ажарбайға бір орысты орысшамен қаңтарып тастау түк емес.
- Біз, мәскеулікпіз. Пәтер іздеп жүрміз. Жайлы пәтер керек. Үшеуміз. Әйелім мен балам бар, - деп қоларбаны тербетіп тұрған жуан санын бұлтитып джинсы киген тұлғалы келіншекті нұсқады. Өзі отыздың о жақ бұ жағын бұғаулаған жігіт. Тік мінезін көрсетіп, жат жерде емес, атамекеніне табан тірегендей атырылып тұрысына қарап, бірден қарымта сауалға көшті.
- Бұнда неғып жүрсің?
- Соғыстан қашып жүрмін.
- Отанды кім қорғайды?
- Путин бастады, өзі қорғасын...
- Қашқындар көп пе?
-Жетеді. Алматыға келгендер көп, мына жиырма бес қабаттың жартысы қашқын, - деп ол да қайсар кейпінен қайтпады. – Ташкентке кеткендер де бар, бірақ...
- Не, бірақ?
- Олар өз тілдерін білмегендерді жолатпайды екен. Қазір барлығы Алматыға қарай ағылуда. Ауа райы да, адамдары да жайлы, дейді. Ақшаны аямаймын. Баспана табылса, жұмыс та табылар. 
- Олар үшін прописка керек емес пе?
- Босқынға жеңілдік көп қой. Қайырымды ел емессіңдер ме? Әуелі баспана керек, - деп кірме екпіндеп сөйлеп, екіленіп барады.
Ажарбайдың шешесі айтушы еді, «соғыс кезінде жер ауып келген шешендерді үйімізге паналатып, аузымыздан жырып беріп жүргенде мал-мүлкімізді ұрлап, тақырлап кетті. «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген. Өздерін соғысқа да алмады...» «Ал, бұлар соғыстан қашып жүр, демек, әділетсіз соғыс үшін Отанын тастап жүр». Ажарбай үйіне бет алып, жұбайын көргенше дегбірі кетті. «Майра «Крыша»-ға хабарландыру бердім» деп еді, лифтісі бар үйге көшсе арманы орындалып, «Самал»-ға  орналасса өнбойынан самал есетіндей боп жүр ғой». Жұбайы екеуі тайталасқа түсіп, «Ақыры көшкесін жер үйге көшейік. Мен деревнямын ғой» деп еді, «Менен енді деревня шықпайды, інің әлі күнге «Ат тамақ жеп тұр» деп мазақ қылмай ма? Мне стыдно!» деп қарсылық білдірді. Жұбайының жүзі көз алдын көмкеріп, қырық жыл бірге түтін түтеткен қосағын көргенше асықты. Өмір бойына гранит тас пен ағаш балға ұстап, гравюраға үңіліп, иіліп-созылған зейнеткер Ажарбай бес қабат басқышты ентікпей бес-ақ аттады.
- Мен Жуковты таптым, - деді есіктен бас сұға бере.
- Какой Жуков? – деп соғысты айтса зәре-құты қалмайтын жұбайы шошып кетті.
***
Жұбайының қалта телефоны безілдеп қоя берді.
- Иә, иә, бердім. «Крыша»-ға бердім. Қазір, қожайын сөйлеседі, - деп бір жағынан қуанып, бір жағынан сескеніп, жіңішке білегі дірілдеп, алақандай қалта телефонды қосағының қолына ұстата салды. 
- Мен «Крыша»-дағы хабарландыру бойынша хабарласып тұрмын, - деді қатқыл дауыс. – Сіздің үйді барып көрсем деп едім, - деді міндет арта сөйлеп.
- Сіз қайда тұрасыз?
- «Қазақстан» қонақ үйінде...
- Тұрғылықты мекеніңіз қонақ үй ме?
- Иә, солай...
- Келіңіз, көріңіз.
Кіреберіс есіктің сантаңбасын айтып еді, іле бейсауат қонақтың шыр-шыр еткен қоңырауынан соң бесінші қабатқа қарай ентіге сөйлеп, әредік шарананың қыңқылдаған даусы шығып, біреулер көтеріліп келе жатты. Ажарбай шыдамай кіреберіске шығып, төмен қарады. Әне, екінші қабаттан да өтті біртүрлі таныс сұлба. Бесінші қабатқа табан тигізгенде тайға таңба басқандай таныды – әнеукүні саябақта танысқан Жуковтың өзі. Мына жүрістеріне қарап, скульптордың санасында «Баспана іздеген босқындар» деген жаңа бір картинаның жобасы жылт ете қалды. Суретші мен скульптордың атасы бір, әрдайым көз алдын сурет көлегейлейді де тұрады, бір сәт кеме сүйреткен «Волгадағы бурлактар» да көз алдын кес-кестеп кетті. Сәбидің арбасын еркегі алдынан, әйелі артынан көтеріп, пәтер іздеп келе жатқан үшеуі тақырып боп көкейіне жабысты да қалды. 
- Уһ, - деді жұбайы. – Какая высота!
- Дом отлично, - деді еркегі жұбатқандай боп. – Подъезд чистый, обширный.
«Мынау Жуковтың өзі. Қайда барсаң бір Жуков» деп Ажарбай өзін-өзі түйреді. – Кездескен деген осы. 
- Жуков, - деп еркегі алақанын ұсынды да, көзін қадап тұрып қалды. Елін тастап, соғыстан қашқан еркектің көз алдына бұлдыр-бұлдыр бір бейне жинақтала бастады. – Біз бұрын кездесіп пе едік?
- Жуковты кім білмейді.
- Онда үйді көрейін, - деп босқын орыс бірден төрге озды. Жылт-жылт еткен паркет еденге қара туфлиін шешпей табан тигізе бергенде Ажарбай көкірегінен итерді.
- Аяғыңды шеш. Мәскеуліктер мәдениетті келмей ме?
- Мен Алматыда бұрын болмағанмын. Қалада мін жоқ. Айнала қалың ағаш, көк жапырақ, - деп сөйлеп, жылтыраған паркет еденге таңқала табан тигізіп жүріп, үш бөлмені түгел адақтап шықты. Ұзыннан ұзын созылған қос балконға да көзін сүзді.
- Үйде мін жоқ. Үкімет үйі сияқты, - деді таңқалып.
- Совминовский, - деп орысшаға жаны жақын жұбайы тақылдап жауап берді.
- Қалай? – деді Жуков әйеліне қарап.
- Жақсы. Әрі орталық, әрі кең, паркет еден, - деп жол азабынан зәразап болған жұбайы тезірек тұрмыс тауқыметінен құтылғысы келгендей жайылып жастық боп тұр.
- Тұрамыз, - деді Жуков.
- Қанша уақыт тұрасың?
- Білмеймін, соғыс біткенше тұратын шығармыз. Қанша сұрайсың?
- Соғыс біткесін не істейсің? – Ажарбай сауалды төтесінен қойды.  Анау қипақтап қалды да, «Кезінде көрерміз» деп күмілжіді.
- Айына 700 доллар.
- Келістік, - деп Жуков жұбайына қарады.
Ол күлімдеп, «өз үйі – өлең төсегінің» көрпесін жамылғанша дегбірі кетіп, емізулі әйелдің кеудесі исініп тұр.
- Ертең нотариусқа барып, келісім-шарт жасаймыз, - деді қоныстанушы үйден шығарда. – Ертеңнен қалдырмайық. Әлде құжатсыз-ақ қолма-қол төлей бермейміз бе? Сіздер даладай кең халықсыздар ғой, - деп қуақылана қарады.
Ажарбай тістеніп, тойтарыс беруге әрекет жасай бергенде ас та төк ақшаға аузын майлауды сәт сайын күтіп жүрген жұбайы жеңінен тартты.
- Асығуын қарашы, - деп күбір етті кірмені шығарып сап тұрып.
- Қайтсін енді. Соғыс деген жаман ғой, - деп жұбайы қонағының тағдырына аянышпен қарап, кедір-бұдырын жуып-шая бастады.
- Ал, енді, өзіміз қайда тұрамыз? – деді Ажарбай Майраға қарап.
Клеопатраға (Құралай) барып тұрамыз. Жиған-тергеніміз бар, бір жылда во, үй аламыз, - деп бас бармағын шошайтты.
- Үйіме орыс жіберіп... кәпір сияқты қыздың қолында тұратын болдық қой.
- Ажука, бұл бизнес, квартирный бизнес, - деп жұбайы мойнына асылды. – Ештеңеге тимейміз, киім-кешекті ғана аламыз, - деп балконда томпиып тұрған арба-шабаданның аузын ашты.
Әйелі ішкиімінен бастап, қыс киер қалың пальтосына дейін дөңгелегі бар мешкей шабаданға қиуын келтіріп сала бастады.
Еркегі пәлен жыл қоныс тепкен қара шаңырағын қимай жылтыр еденге қарап іші жылап тұр.
***
- Ассалаумағалейкүм! – деп өзінің он жыл тұрған қайырлы қонысына кіріп келгенде ұлты бөлек қожайын үрке қарсы алды. Босағада тұмсығы бүлкілдеп қарала күшік жатыр. Дәліздің дәл төріне креске керілген Иисустың қол-аяғы салбыраған тыр жалаңаш бейнесін іліп қойыпты. Мына үй өзі он жыл тұрған баспанасы емес, тіпті, бөтен босаға, бөтен есік боп көрінді көзіне. Кірме қожайын Жуков бір апта мұрсат сұраған, құрал-сайманымды жөндеп алайын, алғашқы пәтерақымды сосын-ақ төлейін деп өтініш айтқан. Терісі кең қазақ қой, оның үстіне иіліп- бүгілген әйелі мен уілдеп қоларбада жатқан шаранасын аяды, сосын қанды соғыстан бас тартып, елінің ережесіне қарсы тұрып, топырақ ауыстырған жігіттің бойында бір жігер бар-ау деп бәріне көнді. «Жұмыс тауып ал» деді жұқалап ғана. Ал енді «Ассалаумағалейкүм!» десе, «Вы, что!» дейді ерінін шүйіріп. Бұрынғыдай емес, бір аптада босқынның өнбойында өрлік пайда болыпты, буыны бекіп, көкірек кере бастапты. Сол сәт босағадағы қарала күшік бөтенді жатырқағандай шәу ете қалды. Осыны естіп, өзінің қараорманында орыстың күшігіне дейін сес көрсеткені жүйкесіне тық етіп тиіп, тістеніп тұрып, зіл арта сөйледі.
- Мұнан былай мен «Ассалаумағалейкүм!» деп кіріп келгенде, «Әликсалам!» дейсің.
Анау өршелене бастаған қожайынның көзіне қарап, «Алик...» деп тоқтап қалды.
- Бұл «Здравствуйте»-ден қиын емес, - деп қосып қойды. – Жұмыс таптың ба?
- Мына «Қазақстан» қонақ үйінің пресслужбасы аламыз деді де, бас тартты.
- Себебі?
- Себебі – жергілікті халықтың тілін білмейді екем.
- Енді үйренесің.
- Оны қайтем.
Ажарбай түсін суытып тіке қарады.
- Сен соғыстан неге қаштың?
- Айдалада, хохолдардың жерінде өлгім келмеді. Олардікі де дұрыс емес.
- Несі дұрыс емес?
- Орыстарды тықсырып... орыс мектептерін жауып... бізді екінші сортқа теңеп...
- Орыс тиіспесе, олар тиіспейді. Жетпіс жыл орыстың нұсқауымен жүрдік. Так, Алматыда тұрғың келе ме, қазақ тілін үйрен.
- Сендер біздің жерді иеленіп отырсыңдар, - деп Жуков «сен»-ге көшті.
- Әй, сен неге әкеңдей адамға «сен» дейсің. Бізде ондай мәдениет жоқ. Енді мен есіктен «Ассалаумағалейкүм!» деп кіріп келгенде «Әликсалам!» деп жауап бересің. Әйтпесе үйден қуыласың, - деп көзі шатынап кеткенде орыс жігіті тағы да «Алик...» деп мүдіріп қалды. 
- Ертең географияны әкеп қолыңа ұстатам, кімнің қай жерде отырғанын жатқа айтпасаң үйден қуыласың, - деп тағы да қайталап, терезе жаққа көз салып еді, жиырма бес қабат қонақ үй бірінің үстіне бірі мінгесіп, биік болса да еңсесі түсіп, Алатау алыстан қарауыта қарап тұр екен. «Сабыр, сабыр» деді ол өзіне-өзі басу айтып. Жұдырықтасудан қорғаған кандидаттық дәрежесіне салып, ығыты келгенде жақтан бір періп талдырып тастайтыны бар еді. Өзін-өзі сабырға шақырды. «Менің бір жұдырығым сені майып қып, мені жазаға тартады, біз әлі басқыншы достықтың алауын өшіре алмай мәймөңкелеп жүрген елміз, бұл бұрыннан, сонау 1917 жылдан басталған үрдіс» деп өзіне-өзі тоқтау салды. 
- Сонда, - деді ол тістеніп тұрып, әлі өмірдің шырағын жағып, балауызын тұтата қоймаған жігітке қарап. – Украин жұрты кінәлі ме?
- Кінәсі жоқ емес. Өз беттерінше өмір сүреміз, дейді. 
- 41-жылы Гитлер соғыс ашқанда орыстар кінәлі болды ма?
- Онда мен туған жоқпын, - деп сары орыс өзі дақ тигізбейтін кітап сөресінде жатқан бір қорап темекісінен біреуін алып тұтатып, бұрқ еткізді.
- Хохолдан кейінгі кезек сіздерге...
- Әй, сен не деп оттап тұрсың. Шық үйден! – деді қаны басына теуіп.
- Шығарып көр. Біздің келісім-шартымыз бір жылға жасалған. Сіздерге келісім-шарт не керек деп едім, қоймаған өзің ғой. Үйдің қазіргі иесі – менмін.
Ажарбай қол сермеуге сәл қалды. Гүлдей үлбіреген орыс келіншектің күйеуіне қарап айтқан «Ты что, Артем?!.» деген жұмсақ даусы тойтарыс беріп, тоқтау салды. Жуков өзінің көне альбомдары тұратын тартпасынан жіңішке резеңкемен белінен буылған бір бума долларды шығарды да, терезе алдына тастай салды. Ажарбай жас әйелдің араша сұраған көзін көріп, қоларбада бұлқынған сәбидің уілін естіп тұрып ақшаны алды да, үйден атып шықты. Сол бес қабат – елу баспалдақты біртіндеп басып, төмен ылдилап келеді. Екінші қабатқа жеткенде «Азаттық» киноэпопеясындағы «Рейхстагтың екінші қабатын алдық» деген генерал Чуйковқа Маршал Жуковтың «Медленно, медленно, двигайтесь!» деген айбарлы даусы тағы да құлағына естілді. Сол дауысты ұмыта алмайды. Маршал қолына дүрбісін ұстап, адамды шыбын құрлы көрмей жауған оққа жұмсап тұр. «Осы заманда тағы бір Жуковқа жолыққанымды қарашы. Бұлар өзі адамды кісі құрлы көрмейді  екен. Бұлар тек Сталин секілді қанішерлерден ғана қорқатын сияқты». Ажарбайдың ет жүрегі езіліп келеді. Жерге табан тигізіп, бесінші қабаттағы пәтеріне қарап еді, Жуков балконда темекісін шиіре шегіп, шіреніп тұр екен. «Гравюларым, бояуларым мен қатырма қағаздарым сақтаулы балконымда тұрысын қарашы. Бір жылға дейін үй соның иелігінде. Қол қойылып, нотариустың мөрі басылған құжат осының сөзін сөйлейді. Бір жылдан кейін ше? Менің Майра деген шала қазақ нотариусым бар, соның да үлесі бар ғой бұл үйде. Айдың күні аманында қараорманынан айырылған сорлы, қашқынға үй-жайын берген далбаса». Ол өзін-өзі сөгіп келеді, тек өзін ғана кінәлап, еркек басын төмен санап, мажығып келеді. «Осыларды шекарадан неге өткізді екен?» деген ой көкірегінде сынаптай жылт ете қалды. «Бізде шекара да, мемлекет те болған жоқ» деген Елбасының сөзін естігенде ішіп отырған шәйін тастап, бір өліп, бір тіріліп еді, қазір де езілген жүрегі екі аяғына еріп келе жатыр. Жанына бір сүйеніш керек, қара су болса да сораптап, көңіліне демеу іздейді. Сол бетімен «Қазақстан» қонақ үйінің кафе-барына кіріп, бір бөтелке «Қызылжарға» тапсырыс берді. Иіскейтін де ештеңе сұрамады, «Закускеден не аласыз?» деген даяшыға бас шайқады. Іші өрт шалғандай күйіп барады, сол өртке тезірек су сепсем дейді. «Қызылжарды» әкел!» деп даяшыға дауыстады. Әпсәтте тығыны ашылған түсі күңгірт арақты жап-жалпақ фужерге толтыра құйып ап қылқ-қылқ сімірді. Иіскейтін де дәнеңе жоқ. Тағы да құйып, тағы да сімірді. Даяшы қыз сырт тұлғасы жылан жалағандай тап-таза зиялы тектес кісінің әрекетіне таң қалып, үркектей қарап тұр. 
Ажарбай «Қызылжардың» бөтелкесін түбіне дейін төңкеріп, кең етек фужерге сарқып құйды  да, сіміріп  ішіп,  жөнеп кетті. 
***
Ол кафе-бардан теңселіп шықты. Даяшының «Артық ақшаңыз» деп берген тиын-тебенін де алған жоқ, «кедейдің бір тойғаны шала байығаны» деп, қанында бар қиқарлығы қаракөлеңкеде күлкі боп езуіне жиырылды. Саябақты біраз аралап, жаяу жүріп, аяқ суытты. Шет  жақта  тұрған өз қолынан шыққан аруана мен ботасы бейнеленген қола скульптураға сықсиған жарық астында көзін сығырайтып біраз қарап тұрды. Бәрі бұлыңғыр, тек көшеден зуылдап өткен мәшине жарығы ғана аруананың айыр өркешін анда-санда анық көрсетіп қояды, ботаның ирелеңдеген мойны ғана көзге күңгірт шалынады. «Ой, уақыт-ай, біз де қыздың үйінде тұрып жатырмыз. Соңымыздан бота ерте алмадық, нарқоспақ боп бақырып-шақыра алмадық. Бұған кім кінәлі? Өзім, өзімнен басқа кімді кінәлаймын. «Кандидаттығынды қорғап ал, қатардан қалмай қорғап ал» деп әйелдің алдына түстім. Оның  соңынан докторлық  қорғау деген  жыланша  ирелеңдеген бір қиын  сүрлеу  шықты.  Ал, ол менің еркек намысымды қорғай алды ма? Қазақтың санын көбейтпей-ақ қояйын, әулетімді алға сүйрей алмадым ғой. Әй, Жуков, осы екеуміз де қатыгез емеспіз бе? Сен адамды жауған оқтың астына малша айдап, «Қорықпай-ақ қойыңдар, қатындар тумай қалмайды» деген артыңда лұғат қалдырсаң, мен артымда атбайлар қалдыра алмадым. Мұсылманды малға теңеп, Мәскеудің түбіндегі қырғынға салдың, біздің Рахымжан Рейхстагқа ту тігіп тұрғанда орнына аспаз грузин Кантарияны тауып ап, қанішер Сталиннің көңілінен шығыпсың. Біздің қазақ өлінің артынан сөз айтпайды, кінәліні күнаға қимай жанталасады. Маған айтқызып отырған өздерің. Менің күнәм біреу-ақ, соңымнан ерткен ботам жоқ». Ажарбай арлы-берлі жүрді де, такси ұстап, үйіне тартты. Бір «Қызылжарды» бір өзі сімірсе де, асқазаны әлі ащы тілеп тұр. «Кафе-барға қайтып барып, тағы бір «Қызылжардың» басын кессем бе екен? Жоқ, «қайта шапқан жау жаман». Үйге барсам, Құдай біледі, Майра қан қысымының дәрісін береді. Өлсем де дәрі ішпеймін. Сенің дәрің – уақыт, Ажеке, сені уақыттан басқа ешкім де емдей алмайды» деп өзіне-өзі жауап беріп, таксиден түсіп, қызының үйіне келді. Күйеу бала момын, қыз шәлкес, ішкен адам бұрқырап, айналасын бүлдіріп жүреді. Тап-тар екі бөлменің ішін одан бетер тарылтатын болдым-ау. Ех, «өз үйім – өлең төсегім»-ай!» Имене басып келіп, есікті тартты. Қаланың  есігі әманда құлыптаулы. Қоңырауды басып еді, екі «Бим-бум»-нан кейін ағаш есікті Майра ашты. Араққа сылқия тойған адамның өң-жүзі күлкілі ме, езуі ыржиып, дөңгелек бетін әжуа көмкеріп тұр.
- Алғашқы квартплатаңды жуғансың ба? – деді еркелей тіл қатып.
- Күнәмді жудым. Бұл – күнәмнің бергі беті, арғы бетін бір Құдайға тапсырдым.
Жұбайы қазақы сөзге түсіне қоймады, тек «атеист» деген бір сөз көмейінде шошаң ете қалды.
Қуығы дызылдап әжетханаға кіргенде Майра киімілгіштің түртиген бір шегесіне тез іле салған кәстөмнің ішкі қалтасына қол жүгіртіп еді, ортаң белінен резеңке жіппен буылған Вашингтонның жансыз бейнесі салынған бір бума американ ақшасын алып шығып, демін ала алмай үн-түнсіз тұрып қалды. Сол сәт әжетханадан үсті-үстіне лоқсыған дыбыс естілді. 
- Өлгенше ішіп... доллар көрмегендей, - жіңішке резеңкені жерге тастай сап, саусағы сидаңдап, американ ақшасын санай бастады.
Әжетхананың иісі сыртқа тепті. Лоқсық иіске шыдай алмаған жұбайы жатын бөлмеге жөнеп кетті. «Бүгін бірге жата ма екен, бөлек жата ма екен?» деген жылымшы ой тұлабойын түрткілеп бара жатыр.