Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Серік ЖҮНІСБАЙ: «БIР АҚЫН БАР...»

Жүнісбай Серік Сүлейменұлы 1975жылы 31-ші қаңтарда  Жетісу облысы, Ескелді би ауданы Екпінді ауылында дүниеге келген. 
Мамандығы құрылысшы. Алматы қаласының тұрғыны. Отбасылы. Ақын. 
 «Зиялы қазақ»  шығармашылық бірлестігінің жетекшісі. 
Балаларға арналған 2022 жылы жарық көрген «Мөлдір бұлақ», 2023 жылы 
«Шамшырақ», 2024 жылы «Балдәурен»  жыр жинақтарының құрастырушысы. 
Осы жинақтарға балаларға арналған өлеңдері енген. Республикалық бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

  МЕН ҚАЗАҚПЫН!

Мен қазақпын, көкжалмын, көкбөрiмiн,
Қиын-қыстау кезеңнің өткелiмiн.
Азуыммен ғаламды мойындаттым, 
Биiгiнде тарихтың бөктерiнiң. 

Мен қазақпын, скифпін, ғұнмын, сақпын, 
Заманымнан көш озып бұрын шаптым. 
Аттила боп жауладым жарты әлемдi, 
Мысын талай сындырдым ұрыншақтың. 

Тарғытаймын, адамға бiле-бiлген, 
Батыс, шығыс сескенген бiлегiмнен. 
Бейбарыспын Мысырды қиырдағы, 
Бағындырған айбатты жүрегiмен.

Мен қазақпын, бiр атым монғол-татар, 
Ат үстінде ғасырлап төктiм қаhар. 
Түйреп тағып жанымды найза ұшына,
Шыңғысханмен бiр сапта тұрдым қатар. 

Биiк ұстап келемін тұғырымды, 
Арым үшін сарп еттiм ғұмырымды. 
Баса алмаған мысымды қилы заман, 
Қасіретті Ақтабан шұбырынды. 

Елiм үшін ешқашан аянбаймын, 
Намысым бар, ешкiмге таланбаймын. 
Жоңғар, қалмақ атымнан именетiн, 
Бөгенбаймын, Наурызбай, Қабанбаймын! 

Қарасаймын, жауының ебiн бiлген,
Жекпе-жекте дұшпаны кебін киген.
Райымбекпiн қаптаған қалың қолды,
Тас-талқан қып жерiмнен шегiндiрген.

Жас Шоқанмын, ғылыммен жолдас болған, 
Ыбыраймын, бiлiмге жол бастаған. 
Ұлы Абаймын, ұлтымның данышпаны, 
Махамбетпiн елiм деп қол бастаған. 

Арашашы бола алмай шыбын жанға, 
Аштық жайлап ел-жұртым қырылғанда. 
Мойымадым, қазақ боп қала бердiм,
Алқымыма өксiгiм тығылғанда. 

Қызыл қырғын сорыма айналғанда, 
Бетке ұстарым Сiбiрге айдалғанда. 
Қазақ болып сонда да қала бердiм, 
Отан үшін от кешiп қан майданда. 

Алашымның бірлігі ең басты арман, 
Көрсем деймін елімді енді асқардан. 
Қонаев боп қырық үш қала салып, 
Адалдықпен қырық жыл ел басқарғам.

Желтоқсанда арымды қамшыладым, 
Таусылған соң бойдағы бар шыдамым. 
Бұзып-жарып кеңестің қыл бұрауын, 
Мұз үстінде талықсып, қансырадым. 

Тәуелсізбiн мен бүгін, енді азатпын, 
Туды, мiне, аңсаған ең ғажап күн. 
Көк туымды көгiмде желбiреткен, 
Тарихы бар өшпейтiн, мен ҚАЗАҚПЫН!!!

ДОСЫМА  СЫР

Қысылып жүрмін,ойымды саған айта алмай, 
Өтiп жатыр-ау уақыт та сырғып, байқалмай.
Көш озып алға кете алмай жүрмiн тартынып,
Жүзетін шақта толқынға қарсы тайсалмай.

Өмiрiм мынау, бiр қуану мен бiр жылау,
Ұмтылсам алға, бiр көтерілу мен бiр құлау.
Қайтiп мен енді ақсеңгiр бұлтпен таласам,
Мойныма әкеп тағдырым салса қыл бұрау.

Өзiң де менi түсiнiп іштей жүрсiң ау,
Жаз көңiлiмдi басып кеткенiн мұз-қырау.
Ақ адал досым, қолыңды маған созбасаң,
Тартып барады құрдымға мына шыңырау.

Сергелдең болды көңілім таппай тұрағын,
Дайындап тұр ма тағдырым тағы сынағын.
Досым-ау менің,табылсаң әркез жанымнан,
Төгілтер еді жүрегім әсем жыр әнін.


НЕ БIЛЕСIҢ МЕН ЖАЙЛЫ? 

Уа қазағым, не бiлесiң мен жайлы?
Сынайсың кеп көрмей жатып мән жайды.
Өсекке ерiп ту сыртымнан тон пiшпей,
Сұраған жөн алдыменен жағдайды.

Бiреуге мал, ал бiреуге жан қайғы,
Осыны ұқпай қағасың кеп таңдайды.
Ақиқатсыз осынау бір заманда,
Мына маған бақыт емес, ар қайғы.

Шамаң келсе мендей өмір сүріп көр,
Iшiң жылап тұрса да сен күлiп көр.
Менiң киген етiгiмдi ки дағы,
Менiң жүрген жолдарыммен жүріп көр.

Қаяу сала бермейiкшi жүрекке,
Ол да тозар iште қалса бiр өкпе.
Мейiрiмнен алшақ мына қоғамда,
Адам жаны зәру iзгi тiлекке.

Бiлейiкшi сыйластықтың қадiрiн,
Өркендесiн кеңге жайып тамырын.
Iштарлық пен қызғанышты жалғанда,
Бойымыздан аулақ қылсын Тәңiрiм!

ӨМІР-ӨЛЕҢ

Мәңгі емеспiн, бiр күні мен де өлемiн,
Өлмесiн деп келемiн бiрге өлеңiм.
Аяқпенен тапталып қалмаса екен,
Күл-қоқыста шашылып жыр-дерегiм.

Алаш деген ұлы елдің ұрпағымын,
Қалса деймін артымда жыр тағылым. 
Қыран құстай көгiмде самғар ма екем,
Құлатар ма шыңынан бұл тағдырым.

Қайран көңіл, сен неткен жайдары едiң?
Жыр жазайын кеудемде барда демiм.
Жанартау боп тағы бір атылайын, 
Қалың елiм деп жүрсiн қайран ерiм.

Болжай алмай бұлыңғыр ертеңiмдi,
Жүрсем дағы арқалап серке мұңды.
Толқындатып тасыған мына өмiрде,
Бiр құлатпай келемін желкенiмдi.

Үмітім бар менiң де бiр бақыттан,
Күндер қайда шабытым жыр тасытқан. 
Ренiшiм жоқ кереғар тағдырыма, 
Он қуантса артынша жүз жасытқан.

Үлесiм бар алмаған бұл өмiрден,
Бақытсыз да өмірді сүре бiлгем.
Әр таңымды шүкір деп бағалаймын,
Түндiгiмдi нұрлантып түре кiрген.

ЖАЛМАУЫЗ ЖАР

Бала кезден  жүректе қалған із бар, 
Ауыл шеті бар еді  "жалмауыз жар" 
Қорқушы едік расымен үрей билеп, 
Жүргендей ақ ішінде жалмауыздар.

Жаратылыс қалпынан күй сіңіре, 
Естелігін сақтаппын түйсігіме. 
Кескінімен ұқсайтын айқыш-ұйқыш, 
Жардың сұрқы жалмауыз
үйшігіне. 

Жардың жанын жағалап ойнайтынбыз, 
Қорықсақ та ойынға тоймайтынбыз.
Аты солай жағымсыз аталған соң, 
Жалмауыздың жары деп ойлайтынбыз. 

Ойын құмар шақтарға тізгін бар ма? 
Жетелейтін бір тылсым шың құздарға. 
Терең сайға төгілген күл-қоқысқа
Жүруші еді шүйлігіп құзғын қарға.

Балалықтың шалалау айыбы ма? 
Болып еді жұмбақтау жайы мына. 
"Жалмауыз жар" үрейлі атауының, 
Бара алмаппын сол кезде байыбына. 

Уақыт өтті зымырап болмай тыным, 
Жалмауыз жар атауын болжай күнім. 
"Араны кең" сол жардың  енді білдім
Қанша қоқыс төксе де толмайтынын.

 БIР АҚЫН БАР... 

Бір ақын бар елі үшін еңіреген,
Қазағым деп жүрегі елжіреген.
Өлеңінен намыс пен рух қайнаған,
Ұлттың шығар жасампаз көгін көрем.

Бір ақын бар махаббат жайлы жазған, 
Мөлтілдеген жанары қайғы, наздан. 
Лириканы жанына серік етіп, 
Үміт күткен сезімі айлы жаздан.

Бір ақын бар шырқатып тойлап жүрген, 
Өлең жазып арзанқол, ойнап-күлген. 
Тойдан тауып, күндегі нәпақасын, 
Ар санамай күнкөріс ойлап жүрген.

Бір ақын бар сүрлеулі жырда жолы, 
Жетелейді қиялы шыңға оны. 
Ұшқыр ойы ғаламды шарлағанда, 
Жазған талай шедевр сырға толы.

Бір ақын бар сыйдан құр  қағылатын,
Шындық іздеп, шарқ ұрып сабылатын. 
Шырқыраған ақиқат жетім қалып,
Тар қапасқа, сұраусыз жабылатын.

Бір ақын бар мақтаған билікті мың, 
Асты-дейді Абайдан жүйріктігім. 
Бірде түлкі, біресе тазы болған,
Санамызға заманды түйдік бүгін

Бiр ақындар көшiрме қып жазады,
Өз ойымен жоқ оның нық жазары
Талғамында оқырман шаруасы жоқ,
Ауса болды ,әйтеуір жұрт назары.

Арамызда бар әлi тiрi ақындар,
Көп iшiнде еленбей жүр асылдар.
Осы жазған өлеңім жалған десең,
Қақ маңдайдан менi кеп бiр атыңдар.

 СОҒЫСТАН ҚАШҚАН ОРЫСҚА

Ей, Ореке!
Тағы келдің алдыма пана сұрап, 
Қазақ саған қашанда жанашыр-ақ. 
Еске аласың сен мені бауырым деп,
Шыққан кезде алдыңнан жаңа сынақ.

Жүрегімнің куәсің кеңдігіне, 
Тағы да бір көз жеткіз елдігіме. 
Сәл семірсең калбит деп менсінбеуші ең, 
Мысық құсап кеп тұрсың енді міне.

Алалықты арада тиямын деп, 
Жанымды да сен үшін қиямын деп. 
Ант та бердің қанша рет алдыма кеп, 
Бірақ сенің пайдаңнан зияның көп.

Есіңде ме?
Басып кіріп Наполеон бас қалаңа, 
Отқа оранған қарамай астанаңа. 
Қашып кеп ең сол кезде жан сауғалап, 
Жанарыңды көл қылып жасқа мала.

Бородино жазығын құйын қылып, 
Өз қанына дұшпанды жуындырып. 
Қуып тығып Парижге французды, 
Қайтқан едім жеңістің туын тігіп.

Сыпырмақ боп фашистер бас теріңді, 
Тас-талқан қып қырғанда әскеріңді. 
Жиырма сегіз солдатпен ғана барып, 
Мен емес пе ем қорғаған Мәскеуіңді.

Қиын сәтте қылғандай бір керемет, 
Бар ерлікті өзіңе сілтемелеп. 
Жаудың бәрін жеңдім деп жалғыз өзім, 
Ақиқатты бұрасың бүркемелеп. 

Осы саған айтамын несіне сын, 
Ойсыратқан басқаның несібесін. 
Күнің туса момақан бола қалып, 
Шешілгесін  мәселең есіресің. 

Шаша бердің әйтеуір жатқа уыңды, 
Қоймадың-ау кемсітіп даттауыңды. 
"Ұлы халық" деп атап өзіңді өзің, 
Асырасың  өтірік мақтауыңды. 

Доспын дейсің, артында айлаң жатыр, 
Шыға қойсын дәл сенен қайдан батыр. 
Іштарлықпен не көрсе қызығатын, 
Сенің ізің тарихта сайрап жатыр. 

Еш сескенбей шығыстан, батыстан да, 
Жәрдемімді берейін шатысқанда. 
Жақын сені ұстайын өз жанымда, 
Үйренген жау ыңғайлы атысқанға.


 АЛМАТЫМ-АРМАН ҚАЛАМ
(Мұқағалиға сыр) 

Қайран, Мұқа!
Жатырсың - ау, Кеңсайды мекен қылып,
Жүрмiн мен де сабырды бекем буып.
Үзiлердей жұқарып тарықсам да,
Көрсетпедiм тағдырға бөтен қылық.

Ақиығым, қарама, қырын маған,
Шағым айтып көрмеп ем бұрын саған.
Қалам жайлы айтайын бiр үзік сыр,
Тыңда, менiң үнiмдi шырылдаған.

Өзiң барда Алматым өзгеше еді,
Осы күнi туғандай өзге шерi.
Бәз қалпында сақтамай, Алматымды,
Өскендей ме? - билiктiң көзге шелi.

Пана болған, бұл қалам, қанша жанға, 
Саябағы ем болған шаршағанға. 
Сұлуланып жайнайды түнгі қала, 
Жұлдыздары көгінде самсағанда.

Осы жерден қанша жан сая тапты?!
Шаhарымды уақыт та аямапты.
Символына айналған Алматымның,
Ұмытпаған шығарсың, Саяхатты?

Орнында жоқ Саяхат бұл күндері,
Сайраным да қалғандай құр сүлдерi.
Тарихы бар ғимарат бiрi қалмай,
Кететiндей ғайыпқа бiр күндерi.

Шипажайым, Түрксіб ол да кетті, 
Ебін тапқан жымысқы қолға өтті. 
Қонақ үйім, әйгілі Қазақстан, 
Қалт-құлт етіп бүгінге зорға жетті.

Жүйіткіген трамвай есіңде ме? 
Алматының таңы мен кешінде де. 
Көзге күйік болды ма? - ол да кетті, 
Келіскендей өрескел шешімдерге.

Алмабағым, Алатау баурайында,
Құрып кету қаупiнiң жағдайында.
Аты әлемге әйгілі апортымның,
Бәрі оталып, қалдырды таудай мұңға.

Алматымсыз, елiме бақ қона ма? 
Қиқар iске Жаратқан жақ бола ма? 
Өзің барда Астана болған аты,
Алматыдан ауысты Ақмолаға.

Әй, бiрақ та...
Сыр болмасын, айтайын арамызда,
Жаңаруды сiңiрдiк санамызға.
Зәулім үйлер жарысып, көк тiреген,
Көрiк бердi сымбатты қаламызға.

Көрсең ғой, сен қазіргі көшелерді. 
Көлiктер де көбейіп, еселендi.
Мақтан етіп айта алам, халқым үшін,
Бой көтерген спорттық кешендерді.

Кептелiстен бүгiнгi туындаған,
Мәселені шешкендей қиындаған.
Метроны айтайын бiр тоқтаусыз, 
Жер астымен жүйткiп зуылдаған.

Қуантады қазақша аталғаны,
Көшелердiң өзгерiп атаулары.
Ана тiлдiң көтеріп мәртебесін,
Арайланды қаламның атар таңы.

Ынтымақтың шарықтап асқақ әні, 
Жадырады елімнің қас-қабағы. 
Тарихына куә боп Алматымның, 
Сыр шерткендей Алатау асқаралы.

Мiне, Мұқа!
Бiздiң қала осылай жасаруда,
Айналғандай сымбатты жас аруға.
Кеңсай жақтан сала жат көз қырыңды,
Өзiң сүйген Алматы шаһарыма.


 КЕНШIЛЕРГЕ АРНАУ

Маңдайымнан шыққандай боп ақ терiм,
Жаңа өлең  дүниеге ап келдім.
Қазағымның мақтанышы  бүгінгі,
Кеншілердің мейрамына тап келдім.
Жүрегiмдi жарып шыққан ақ тiлек,
Арнауымды өздеріңе  шақ көрдiм.
Шалқар шабыт жырлап өтсiн мендегі,
Абыройға лайық жырын шахтердiң!

Дерек жайлы жазар болса қаламым,
Байжановты бiрiншi еске аламын.
Мың сегіз жүз отыз үшінші жылы,
Тапқан екен алғаш көмір алабын.
Жоғарыға жетiп аңыз жаңалық,
Бағалапты жас жігіттің талабын.
Қарағанды қаласында бой түзеп,
Сән берiп тұр мүсіні Аппақ бабаның.

Ер жiгерiн жетелейді мың арман,
Жаңа екпін, ойлар туар тың алдан.
Содан кейін жиырма үш жыл өткен соң,
Қара тастың пайдасы көп сыналған.
Қараңғыдан, тар үңгірден тайсалмай,
Қолға ұстаған тас түнекте шырағдан.
Жер астына түзiлген тау байлығын,
Жер үстіне еңбекпен ер шығарған.

Сәтбаевтай ғалым атам тау сынды,
Iз қалдырған болашаққа ауқымды.
Көптеп ашып кен орынын елiме,
Қанша адам жұмыспенен қамтылды.
Қазағымның даласынан дөп тауып,
Жез де, мыс та, күмісті де, алтынды.
Академик атағына ие боп,
Бiр марқайтып тастап еді халқымды.

Кеншiлерiм мақтанышы елiмнiң,
Өндiретiн шикiзатын жерiмнiң.
Қарағанды басты өңiрi қашан да,
Орталығы қара алтындай кенiмнiң.
Жетiстiгiң жылу болса әр үйде,
Кеншiлерiм, сенiң маңдай терiңнiң.
Зейнетiне жете берші бейнеттiң,
Халқың үшін жазбай бүккен белiңнiң.

Кен өндiрiп, ен байлықты игерген,
Ынтасынан ауыр жұмыс именген.
Майталманы болып жүрген шахтаның,
Ризық тауып қайла менен сүйменнен.
Марапаттың төресiне лайықты,
Ықыластың өзiн ерек сый көрген.
Кеншiлердiң асқақ әркез мерейі,
Маңдайында жарық шамы түйрелген.

Кеншiлердiң сыйлы жан боп қалуы,
Еңбегiн ел қажетті деп тануы.
Мамандардың ептiлiгi пайдалы,
Қазба кенiн өндiрiп тез алуы.
Қарамастан қауiп пенен қатерге,
Жан аямай еңбекке күш салуы.
Индустрия берiктiгi Отандық,
Кен өндіру саласының дамуы.

Байтақ жерiм, байлық толы жатырың,
Несiбесiз етпес Алла пақырын.
Қойнауыңда сарқылмаған қазынам,
Қанша қазсақ көре алмадық ақырын.
Қайсарлығы қайласына байланған,
Қыспаса да жауға шауып тақымын.
Бейнесінен көремін мен кеншiнiң,
Ержүректi бейбіт күннің батырын!!!

АҚЫН ТАБИҒАТЫ

Шын ақын көрдім кеше бір жерден, 
Қара өлеңнің кесегін терген.
Талғамы биік, көзінде ұшқын, 
Асау шабыты жетегінде ерген.

Мен ақындардың нешеуін көргем, 
Естісін көргем, есерін көргем. 
Дәл мұндай ақын көрмегем бұрын, 
Биік жартаста  жеке гүлдеген.

Қатулы екен қабағы оның, 
Иыққа іліп жабағы тонын, 
Алысқа қарап ойланып тұрды...
Қамшылап жатты талабы жонын.

Тағдырдың қатал мойындап шерін, 
Іздегендей боп мойымас жерін. 
Кенеттен қолын қалтаға салып, 
Суырып алды қойын дәптерін.

Жаза жөнелді қаламын алып, 
Отына жырдың жанарын қарып. 
Сәл тынышталса жоғалардай боп, 
Жалындап тұрған саналы шабыт. 

Құйылып келіп өлең жолдары, 
Ой кернеп жанын терең толғады.
Сол сәтте кетті найзағай ойнап, 
Күн көзін бұлт кеп дереу торлады. 

Осы бір  сәттік күйге құмартқан, 
Тылсым күш пе екен бейне сын артқан. 
Құйынды дауыл бұлттарды қуды, 
Ақын сөзімен үйлесім тапқан.

Сәл саябырсып қалғанда ақын, 
Өлең соңына барғанда жақын. 
Тылсым табиғат қосылып бірге, 
Айтып жатқандай жалғанға датын. 

Маржандай өлең төгілді шапшаң, 
Саф ауа кілтін көңілдің ашқан. 
Күн көзі күліп шыға келді де, 
Жарқырай берді көгілдір аспан.

АҚЫН IНIМЕ!

Бiлемiн iнiм, махаббат деген алып мұң,
Әйтсе де сенiң лирикаңнан мен жалықтым.
Сүйем де күйем, сағынам сені дей бермей,
Бiр уақыт жазшы жағдайын қара халықтың.

Кем-кетiгiн жаз күйзелген мына елiңнiң,
Тозығы жетiп, тоз-тозы шыққан жерiңнiң.
Сол кезде ғана өтелер деймін борышы,
Ұйқысыз өткен түндерде төккен терiңнiң.

Алапатын жаз қатыгез мына қоғамның,
Осыны жазсаң қой дейді енді оған кiм?
Қоқыста жатқан сәбидi жазшы аянбай,
Оқталсын соған ақ парақ пенен қаламың.

Жетiм-жесiрдiң көз жасын жазшы бауырым,
Көтерген тағдыр тауқыметiнiң ауырын.
Өзегiңдi өртеп, жаныңа сенiң батпай ма?
Жат дiнге ерiп адасып жүрген қауымың.

Қарындасты жаз келiмсектерге қол болған,
Орамалды жаз жол болмай бүгiн тон болған.
Жiгiттердi жаз қыздарға ұқсап боянып,
Кiм екендiгiн айыра алмай қор болған.

Тiлiңдi жазшы мазағы болған әркiмнiң,
Домбыраңды жаз,
көрейін күшiн парқыңның.
Бабаңнан қалған салт-дәстүрiң бар ибалы,
Махаббатты емес, осыны жазшы жарқыным!

БIЛIМСIЗ КҮНІҢ ҚАРАҢ!

Айтарымды ұғынсаң бүгін, балам,
Бұл өмiрде бiлiмсiз күнiң қараң.
Ашып кеткен сауатын бұқараның,
Ұлылар бар көтерген жүгiн заман.

Ала бiлген ғылымнан берешегiн,
Болжай алған, оқып ой теңесерiн.
Дара жолы Ахмет пен Ыбырайдың,
Ойлағаны ұрпақтың келешегiн.

Айқын болса қалауы жүрегiңнiң,
Биiк болар мақсаты тiлегiңнiң.
Бiлiмге сен, бiлiмдi мыңды жығар,
Сенiм артпа күшiне бiлегiңнiң.

Бар ғылымды жинасаң бiр басыңа,
Сонда ғана шығарсың шың басына.
Бола аламын мен кепіл бұл жалғанда,
Қу шыбық та бiлiмсiз сынбасына.

Рухы биік, көзі ашық, оты жалын,
Санасына бiлiмдi тоқығанның.
Терең құдық инемен қазғандай боп,
Шамшырағы жағылар оқығанның.

Ғылым-бiлiм дiңгегi замананың,
Немқұрайлы жарамас қарағаның.
Баспалдағын. 
бiлiмнiң қаламасаң,
Жеңу қиын өмiрдiң аламанын. 

Нық басарсың ертеңге қадамыңды, 
Iзденiске бағыттап талабыңды. 
Кiтап сенiң ең жақын досың болса, 
Қарсы аласың сенiммен жаңа күндi.


БЕКЗАТҚА 

Жыр толғаса тарихымның тереңi,
Сиднейлiк олимпиада кезеңi.
Алғаш алтын қазағыма әперген,
Бекзат iнiм батыр еді, ер еді.

Жiгерiңе таңдай қағып қанша адам?
Елiң күттi осы күндi аңсаған.
Тiзе бүгiп қарсыластар шетiнен,
Жеңiсiңдi мойындады шаршы алаң.

Қайсарлығың жетеледi асқарға,
Үлгі болып бокс сүйер жастарға.
Сөне бердің бiр мезетте талықсып,
Жарық жұлдыз жарқ еттің де аспанда.

Ащы зары жоқтау айтқан анаңның,
Дүр сiлкiнттi төрт бұрышын ғаламның.
Мұңға батты қазағымның даласы,
Құтқара алмай тырнағынан ажалдың.

Бар жазғаны жиырма жас Алланың,
Бар еді ғой алда талай арманың.
Тiрi болсаң қырық бiрге келер ең,
Аламанда оза шапқан тарланым.

Есiмiңдi дәрiптедiм ұлықтап,
Чемпионын елiң қалай ұмытпақ?
Жарқын бейнең көз алдымнан кетпейдi,
Жатсаң дағы мәңгілікке ұйықтап.

 

 О, ТӘҢІРІМ, АЙЫРМА ИМАНЫМНАН!

Адалдыққа мен әлі сенеді екем,
Алдағанның соңынан ереді  екем.
Арам ойын сезбестен ешбір жанның,
Қолымдағы барымды береді екем.

Адасқанның сыртынан күлмейдi екем,
Арсыздықтың барын да бiлмейдi екем.
Iшкi ойын көре алмай жымиғанның,
Дос боп бәрі шынайы жүр дейді екем.

Ешкiмдi де алалап бөлмейдi екем,
Жаман ойлап тұрғанын көрмейдi екем.
Мазақ етіп тұрса да ту сыртымнан,
Орындарын ұсынған төр дейді екем.

Үлкенге де, кiшiге сiз дейді екем,
Жақын тартып жаныма iздейдi екем.
Достығымыз арада мәңгілік деп,
Үмiтiмдi  ешқашан үзбейді екем.

 Жайбарақат мен өмір сүреді екем,
Жүрегiмдi кең ашып жүреді екем.
Iшiм жылап тұрса да  қайғы мұңнан, 
Бiлдiрместен жымиып күледі екем.

Бәрін бойға не пайда жиғанымнан, 
Жасамаймын жасанды  иба нұрдан. 
Жаным барда кеудемде тілейтінім, 
О,Тәңірім айырма иманымнан!

СЕН - ЕРКЕКСІҢ, БАУЫРЫМ! 

Еркекпін деп жар саламыз әлемге,
Жасандылық жарасады қай ерге?
Сәл қиналсақ,қу басымыз салбырап, 
Неге осы жәутеңдеймiз әйелге?

Болмайықшы еркектер-ау тәуелді,
Шығармаңдар бастарыңа әйелді.
Бiр сатыға биiксiңдер олардан,
Қанша жерден тербетсе де әлемді.

Намысы мен қайсарлығы сай өрген,
Еркек үйдiң отағасы әуелден.
Бақа басты еркек артық деп кеткен,
Бабаларым алтын басты әйелден.

Еркек түздiң адамы ол егемен,
Елдiң жайын, мұң мен зарын елеген.
Қауiп-қатер төнген шақта құрбан боп,
Өз басының құныменен төлеген.

Бас ием деп, ердi асқарға теңеген,
Әйелдер бар қолтығынан демеген.
Еркектер-ау тiк ұстасаң еңсеңдi,
Берiк болар шаңырақ пен керегең.

Ер өмірі ерлiксiз еш сүреңсіз,
Асауға бас бiлдiргендей жүгенсіз.
Әйелiне бас имеген бабаңның,
Демесiншi әруағы "жiгерсiз"

Сала бермей бiр сарынды әуенге,
Жалтақтамай құр бекерге әйелге.
Тiзгiнiңдi қолыңа ал бауырым,
Нағыз еркек екенiңдi дәлелде!


АЗУЛЫ КӨКЖАЛ АРЛАНМЫН 

Шатастырмағын иттермен менi,
Азулы көкжал Арланмын.
Ит құсап ғұмыр кешпеген едiм,
Тағысы едiм жалғанның.

Шынжырға әсте ерiк бермедiм,
Байқаған менi байлап та.
Шәуiлдеп, иттей үрiп көрмедiм,
Жүгiрмедiм де айтаққа.

Бөрі тұрпатым ұнамай көпке,
Таң қылаң бере атқанда.
Ызадан ұлып шыдамай көкке,
Қанға да бөктiм қақпанда.

Аюыңнан да сескенбегенмiн,
Тұтқиылдан кеп бас салған.
Айдаhарға да дес бермегенмiн.
Тауларды бұзып тас жарған.

Шынжыр байлауда жатпаспын тегi, 
Ен дала менiң тұрағым.
Жетектен ешбір таппассың менi, 
Бостандық менiң ұраным!
Бостандық менің ұраным!

 БОЙШАҢ КӨКЕМ 
(Әзіл өлең)

Айдың нұры көзіне шағылысып, 
Қадамынан атпұттап жаңылысып. 
Алма бақтың ішімен бойшаң көкем, 
Тойдан қайтып келеді алып ұшып.

Құлқын шіркін сол тойға бара қысып, 
Құдалармен сылқия арақ ішіп, 
Бір мезетте масайып шыға келді, 
Қалатындай ішпесе тамағы ісіп.

Масайраған көңілдің қошы қарып, 
Бір әуеннің санада оты жанып. 
Ыңылдатып әндетіп келе жатыр, 
Автопилот режимін қосып алып.

Итермелеп самал жел арқасынан, 
Өте бере өріктің қалқасынан. 
Кішкене бір арықтан секірем деп, 
Омақаса құлады жалпасынан.

Құлады да көкемді қара басты, 
Тойда ішкен арақ та араласты. 
Тұманданып көз алды, бір есінеп, 
Ұйықтап кетті қорылдап табан асты.

Енген екен түсіне жұмақ бағы, 
Құшып жатыр хор қызын жұмақтағы. 
Батса дағы ләззатқа шығармады, 
Көкейінен жеңгейді жырақтағы.

Шіркін сұлу елітіп барады анық, 
Қалғандай ма жүрегі жараланып. 
Құшырлана хор қызын сүйе берді, 
Жан жағына ақырын қарап алып.

Бойшаң көкем бір сұмдық бастады ма?
Жетті көңіл махаббат асқарына. 
Шалқып-балқып жатқанда байқамады, 
Жетіп келген қатынын қастарына. 

Әйел емес жүретін айдағанға, 
Келе салды ойбайлап байбаламға. 
Қорқып кеткен көкешім зытып берді, 
Тап болғанын түсінбей қай ғаламға.

Енді анық бәлеге ұрынғаны, 
Зәр түбіне кеткендей шыбын жаны. 
Қызық болды дым таппай, жан сауғалап, 
Әжетхана ішіне тығылғаны. 


 КӨҢІЛ КӨКЖИЕКТЕРІ

Ғанибеті сол  жалғанның шіркін, 
Ізіңді ұрпақ жалғаса.
Сұрапыл сәтте жаныңа жақын, 
Ағайының кеп қолдаса.
 
Қайғының бұлты еңсеңді басып, 
Жүрекке салмақ салмаса.
Қиялмен көкке ұшарда самғап, 
Қанатың әсте талмаса.

Ұшқыннан лаулап ұласқан  өртті, 
Пәк сезім өшпей жалғаса. 
Риясыз бақтан айналып басың, 
Құмарың ешбір қанбаса.

Өткеннен қалған өкініш кернеп, 
Көңілді кірбің шалмаса. 
Шырғалаңы көп өмірде мынау, 
Басқаның бәрі далбаса.


 БЕСІНДЕ ТУҒАН БЕСТІ ӨЛЕҢ 

Бесінде туған бесті өлең, 
Есімді алған есті өлең.
Үдере көштің ілесіп, 
Қарттыққа тартқан көшпенен.

Уақыттың көнбей ырқына, 
Келдің бе тағы сыр тұна.
Сый етіп қалдыр деп мені, 
Қазақы мынау жұртыма.

Шідерде тұрған шабыттың, 
Шідерін тағы ағыттың. 
Бойымды баурап барасың, 
Түбіне тартып тамұқтың. 

Тасырқап қалған жүректің ,
Түрлентіп түгін түлеттің. 
Жұрымы жұлым жан едім,
Жан кіріп қайта дір еттiм. 

Бір кезде ерке тай көрдім, 
Еркіме менің сай болдың. 
Құнанда тіпті құлпырып, 
Сезімге елтіп жайлы өрдім.

Дөненде болдың мықтылау, 
Бестіге енді шықтың ау. 
Шабытым тайған шағымда, 
Бүйірден келіп қыстың ау. 

Алмасып мінген мықты лау, 
Тұяғын тарпып нық тұр ау. 
Бестіде жазбай есті өлең, 
Көңлімді басар шық қырау. 

Бесті өлеңім ау!
Ертең ақ тұлпар боларсың, 
Жетіліп жалың толарсың. 
Арғымақ болсаң сын бермес, 
Тұғырға бір күн қонарсың.