Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Айнагүл КЕМАЛИЕВА: «КҮЗ ҒОЙ ҚАЗІР...»

Күз ғой қазір..
Кәдуілгі қоңыр күз,
Бақтарда - күз, шақтар да - күз, көңіл - күз.
Қыркүйекті қарашаға жалғаған
Өтіп жатқан, кетіп жатқан Өмірміз.

Күз ғой қазір..
Кәдуілгі сары күз..
Күз - кешіміз, күз - күніміз, таңымыз.
Ақырапты, қарашаны қуалап,
Күзден күзге асығамыз бәріміз.

Неге солай...
Асығамыз күзге біз?
Көрісеміз күзбен күнде жүзбе-жүз.
Сізге айтпаған, Күзге айтпаған сырымды
Қаламымның сиясынан іздеңіз..
                                 ***
Не деген керемет күн, керемет күн!
Келіп тұр кереметке ере кеткім.
Өлеңімнен даланың иісі аңқиды,
Бетеге, боз, жусан мен ебелектің!

Не деген тамаша күн, тамаша күн!
Тамаша күннен асып, таң асамын.
Өлеңшөп, мүк, қараған, бидайықпен,
Өлең боп, əн боп, жыр боп жарасамын.

Не деген ғаламат күн, ғаламат күн!
Даламнан иісі аңқиды бала шақтың.
Құшағыма қыр гүлін толтырдым да
Жастықтың жайлауында бара жаттым..
Керемет!
Тамаша күн!
Ғаламат күн!
                          
                                          ***

Бір бақытты ұзатып, бір бақытты қарсы алып,
Жылдар жылжып өтуде үнсіз, кейде жар салып.
Жетегінде жылдардың ай, күндермен алмасты,
Қанша арман,қанша бақ, қанша сезім, қанша үміт?

Бір арманым аяулы сырлас қылды аспанмен.
Бір үмітім үкілі мұңдас етті дастанмен.
Жастығымды жауқазын аралатты бір бағым,
Қуалады бір сезім жылға ілесіп қашқанмен.

Ой теңізін кешемін тереңіне шым батып.
Үміт, арман, бақ, сезім күлімдейді, тіл қатып.
Сөйтсем мені құшақтап, тербетіп тұр екен ғой,
Мен күтетін өмірде шетсіз, шексіз бір бақыт!
                   ***

Періште емен,
жəне пері емеспін,
Мен жай ғана «өлең» деген елеспін.
Қылаң берем кейде сағым қырлардан
Жалт беремін кейде үстінен дөңестің.

Қайбір сəтте төрлеп кетем аспанға,
(Жə,жə, көңіл, тым биіктеп мастанба..)
Жерде жүріп сыбырласып айменен
Айналамын жырланбаған дастанға.

Мекенім -жер,
Қиялым -көк бір жанмын,
Арманыммен жұлдыздардай нұрландым.
Қарапайым...,
періштесіз, перісіз,
Болайыншы ханшайымы бұл маңның.

Періште емес,
«Əйел» болсын есімім.
Тербелсінші өлеңіммен бесігім.
Көк тəңірі,
тілім тисе байқаусыз,
КЕШІРІМ!!!
                                     ***

Күз жақын..
Жанарымда жасырын мұң,
Керегі не сол күзге асығудың?
Өлеңімде жырланып болған жоқ қой
Көктемге менің әлі ғашық үнім.

Мен әлі..
Ғашықпын ғой жазға мына,
Іңкәрмін ғой өмірдің саздарына.
Асықтырмай тұра тұр күзге мені
Көктемге айтар сырым бар ақтарыла.

Асықпа..
Күз, енуге есігімнен,
Сескенбе сен де мендей кешігуден.
Өмір деген өзімдей көңілшек қой,
Қарайды екеумізге кешіріммен.

Солаай, КҮЗ,
Тек көрсет те құралай-түр,
Сыр тұнған көздеріме ұялай тұр...
Аа-сық-паа!
                         ***

Жазылмай көптен бір өлең,
Көрсетті жүзін жүдеген.
Тұлпары шабыт қайдасың,
Азуын айға білеген?

Өкпелімісің көктемге,
Өкпелімісің өткенге?
Еркелік қайда есілген,
Адасып жүр ме көк белде?

Қабағың неге қатулы,
Сезімің неге сатулы?
Қимағаның ба өзіме,
Өлеңнен шəрбат татуды?

Бақытты қойшы күлегеш,
Уақытта жатыр мың елес.
Қайтарып берші шабытты,
Өлеңнің бəрі мұң емес.

Сағыныш сазға бөленген,
Ақтарып сырды өлеңмен.
Ұшырғым келіп тұрғаны-ай,
Жібектей жырды желеңнен.
                               ***
Көрдім де көкте көшкен ала бұлтты, 
Көңілім әлденеден алабұртты.
Күн қабағын түйсе де жасып қалар,
Жүрегім нәзіктіктен жаралыпты. 

Қыс та биыл ақ қарын бүркімеді, 
Тоңдырып қара суық сілкінеді.
Қараша қаз қайтадан қона алмай жүр,
Сонау күзде өлеңнен үркіп еді.

Қылаусыз жаным бар-ды қарға ғашық, 
(Күз де жүріп алды ғой қарбаласып.)
Дүниеде тек мен ғана секілдімін, 
Жүретін әлденеге жанталасып..
                         ***
Айнадан бір мүсін мұнартып,
Қарайды жылдарға жыл артып.
Жүрегім үздігіп үңілер,
Жастығын іздей ме, құмартып?

Жастығым..
жанарын жасырып,
Мұңаяр үн-түнсіз аһ ұрып.
Ал, айна..
бейкүнə кейіпте,
Қарайды айласын асырып.

Кінəлі,
жылдар ма, айна ма?
Күндерім өтуде жай ғана.
Менің еш қыларым жоқ екен,
Айларға, айлаға, айнаға.

Айнадан жастығым мұнартып,
Қарайды өзіме сын артып.
Жə, кешір,
айнашым, жүзіңе
Үздіге қарауым тым артық.
...Жылдарым келеді жыл артып...
               ***

Кездер-ай, шіркін, қайда екен,
Көңілдерде жоқ алалық?
Қай жерде бүгін қалды екен
Су кешіп жүрген балалық?

Əнеубір жерде, мүйісте,
Тоғытта,
қойды қайырғам.
Сыр айтар ма екен сылдыр су,
Ерке күнімнің жайынан?

Мына бір жерде, жағада,
Атымды жазғам саз, құмға.
Көкірегімнен бір өлең,
Сол кезде, бəлкім, жаздым ба?

Жылдарым кетті алысқа,
Жарыса қуып толқынды.
Жайыққа келсем,
сағынам,
Балалығымды - сол күнді...
                               ***
Жаза алмай қалдым.
Жазылмай қалды,
(шындығы),
Ішімде солып, қурап барады жыр гүлі.
Мекені - аспан ақын емеспін мен енді,
Жай ғана қара жердің тұрғыны..

Қаламым енді суарылмайды сезімге,
Жүрегім енді елең етпейді лебізге.
Буалдыр бұлт боп көшпеймін көкте көгілдір,
Қоңырқай жерден мені ізде.

Өлеңім енді селт еткізбейді жүректі,
Шаршаулы шабыт шаттықтарымды жүдетті.
Періштесі емес, пендесі болам сұр жердің,
Сыбағасына тым епті.

Көтеріп болдым қаламның зілдей наласын,
Емдеп те болдым жанымның жанды жарасын.
Кезіп жүреді жазылмаған жыр-жаңғырық,
Аспан мен жердін арасын.

Жаза алмай жүрмін.
Жазылмай қалды.
(шындығым..)
Хош, аман бол!
ӨЛЕҢ деген мұңдығым! 

                              ***
Өлең, 
Сен үндеме! 
Сөйлесін көздерім, 
Сен босқа сырын айтасың, өзіңнің емес өзгенің. 
Сен тек қызыл сөзді ғана таразыға тартасың, 
Екшей алмайсың көз бен көңіл безбенін. 

Өлең,
Сен тыным ал,
Сөйлесін жанарым, 
Сол ғана айыра алады жүректің ақ пен адалын. 
Сен жырмен жазасың әйгілеп ғұмыр ғажабын,
Ол мұңмен жазады сезімнің әрбір қадамын.

Өлең , 
Сен дым деме, 
Мылқаудың кеш күйін, 
Ал, мен көзіммен көкіректің күмбір күйін естиін. 
Білесің ғой, өмірді өлеңсіз-ақ сүруге болар бәлкім,
Бірақ, 
жанарсыз өмір сүрудің құны - бес тиын! 

Өлең, 
Сен енді үндеме!
Сөйлесін көздерім! 
Мен енді ӨЛЕҢ емеспін. 
Өз-гер-дім! 
Солаай! 
                         

                                ***
Көшін түзеп көктем кетіп барады,
Бұла шағым өткен менің көшемен.
Жастығымның жасаурайды жанары,
Бозаң тартып, бозғылданып кешеден.

Сонау мүйіс жылыұшырап көзіме,
Жалт етеді жымиысы құрбының.
Анау талдар сыбырлайды өзіме,
Бір жігіттің жасырып қалған «ұрлығын».

Жымың етіп көше шамы қарайды,
«Куәгермін» дегендей ме: «сертіңе?»
Тас асфальттан ып-ыстық леп тарайды,
Айналғандай сезімімнің өртіне.

«Менің әлі көктем – көркім» дегендей,
Сәнденеді көше бойлап теректер.
Орындық тұр саябақта еленбей,
Менің алғаш өлеңіме себепкер.

Көпір жатыр қос құрлыққа асылып,
Сол баяғы сырбаз кейіп..
Апыр-ау!
Көктемімді қайта әкелші жасырып,
Құшағыңа құндақтап ап, Атырау! 
                  ***
Иығына түн ілгенде көйлегін, 
Түсініксіз тілмен мен де сөйледім. 
Дәруіштен дос іздеген жан едім,
Жанашырым жалғыз ғана ой менің.

Айға ғана айтатұғын сырымды, 
Сүттей аппақ түндер қайда бұрынғы? 
Жауыр бұлтты жауырынымен тасалап,
Жырым менің қара түнге сұғынды.

Түн үн-түнсіз өлеңімді жасқады,
Көшіп жүрген бұлттардың да басқа әні. 
Мен Ай едім,
Аймен табар жарасым,
Ашылмады мына түннің аспаны. 

Қоя алмаймын мұң кернеген шаққа сын, 
Ойларымда шұғылалы бақ басым.
Мен Аймын ғой,
Таңға қарай талықсып, 
Жырмен жабам түннің тылсым қақпасын

                            ***
Көзімде көктем күнім дөңгеленіп,
Сыр айтады өлеңім желге желік.
Алыстап барасыңдар, жаз күндерім
Жанарымда мұң қалды еркеленіп.

Қоңыр күз қоңырайды төбесінде
Жылдарым, қоңыр күзге ересің бе?
Өлеңінен өмірдің самалы ескен
Қоңыр қыз жүрсе деймін ел есінде..