1975 жылы ҚХР, ШҰАР, Атай аймағы Қөктоғай ауданының Шәкүрті деген жерінде, Ұлыүңгір өзенінің бойында дүниеге келген. 1997 жылы Іле оқу-ағарту институтын бітіріген. Қазір Шәкүрті малшылық орта-бастауыш жатақты мектебінде ұстаз.
Мектеп қабырғасында жүрген шағынан өлеңге әуестенген ақынның қазірге дейін «Өр Алтай алшындары», «Ақ иық» және басқа да альманахтар мен мерзімді басылымдарда 200 ден астам өлең, әңгіме, сын мақалалары жарық көрген. Бір қыдыру өлеңдері мен әңгімелері қытай тіліне аударылған. «Тамырымда тулап аққан өзендер» (2012), «Алтайға қар жауып тұр» (2015) атты жыр жинақтары шыққан.
Қуаныш ДӘЛЕЙ 2008 жылы «Қазақ-қырғыз дүлдүл әдебиет сыйлығының», 2011 жылы бүкіл дүние жүзі қазақтары 4-ші құрылтайы аясында өткен жыр мүшәйрасының 1-ші дәрежелі жүлдесін алған.
Шинжияң Жазушылар одағының мүшесі.
* * *
Алтайға қар жауып тұр...
Миллион періштелер ұшып жүр қанаты Аппақ,
(Еһ, қайран періште-өмір...
қайтсам ба бала шаққа?! ..)
Жетелеп әлеміне қиялдың шалғай да асқақ,
Жауып тұр қараша-қар тоқталмай торғайбастап!
Алыстан мұнартады ақ сұлба шыңдар биік,
Жаныма сағыныштың балы бар улар құйып.
Қараймын терезеден, айнала тұманды алап,
Буалдыр бар әлемді көрсетер мұнарға орап.
Терезе...
Терезелер...
Мен нені армандадым?!
Мәңгілік терезенің ішінде қалған жаным...
Алтайға қар жауып тұр...
Үн-түнсіз, сыбырсыз да,
Дала ұйықтап...
Орман әнсіз...
Сұп-суық ғұмырсыз бақ!
Жауып тұр аппақ гүлдер, әлемнің еркесіндей,
Еһ, Алтай...
Алтай,
Алтай-
Сағыныш өлкесіндей!
Қар жауды, білем, ертең соғады бораны да,
Сен кеткен сүрлеулердің қалмайды сорабы да...
Сол жолдар жетелеп ап жоғалған сені кеше,
Оралар еді ғой бір шынымен мені десе!
Білемін, оралмайды,
Келместің кемесімен-
Кетсе де өткен күндер өшпейді неге есімнен?!?
Оралмас жолдарды алыс аппақ қар баса берсін,
Келмеске кеткен бақыт шалғайға қаша берсін!!
Жан сәулем, мезгілдерді жаралап тастасақ та,
Жетерсің бір күні сен жетелеп басқа соқпақ.
Алтайға қар жауып тұр...
Ақ мұнар-бұлт ашылмай,
Айнала аппақ әлем-сағыныш ұлпасындай.
Ақ мұнар арасынан айтады таңдар нені,
Басталар табанымнан ертеңгі жолдар мені-
Осынау қарлы Алтайдың мұнарлы даласында,
Жетелеп ап кет солай мәңгілік адасуға...
Сүйрелеп әлеміне қиялдың шалғай да асқақ,
Жауа бер қараша-қар тоқталмай торғай бастап!
Алтайға қар жауып тұр...
* * *
Жүзіңе қарап мұңайдым, көктемнің иісі аңқыған,
Өткен бір сонау...у күн-айдың, қарадым ұзақ артынан...
Аңқыған жұпар лебінен, бұл көңіл тағы мастанар,
Мұнартқан мұңның демінен, кірпіктерімнен жас тамар!
Жарық қой жасыл аспаның, қиқулап талай құс келер,
Ап-ашық тұрып қас қағым, ап-ауыр бұлттар түстенер....
Көгілдір көңіл айдының, көгілдір судай тұп-тұнық,
Жоқ онда ауыр қайғы-мұң, қарсы алар таңды тік тұрып...
Бақтарға барсаң білерсің, өмірдің өтіп кетерін,
Жыларсың дағы күлерсің, сезгенде күздің жетерін.
Айналдым аппақ жаныңнан, алдауға әлі көнбеген .
Көктемсің жасыл сен деген, көгілдір нулар тербеген.
Жүзіңе қарап мұңайдым, ауырды қанша жүрегім,
Тағдырдан соны сұраймын, сыйлағай бағын бұл өмір!
Даланың ескен самалы, шашыңды сенің тарақтап,
Көктемнің нұрлы жамалы, бөлесін гүлге сені аппақ.
Мәңгілік өмір қайда бар, мәңгілік көктем жоқ тағы,
Махаббат болып аймалар, жастықтың жалын оттары...
Бізден де міне өтті ақпан, желбіреп ертең желегі,
Алтайдың басы аппақ қар, оған да көктем келеді...
Жүзіңе қарап мұңайдым, кеткені көктем шын шығар,
Ізіне өткен күн-айдың, көктеп тұр жасыл бір шынар!!,
* * *
Сағындым ғой...
Несін үнсіз жоғалдың сен шалғай қашық,
Соншама айлар тұманына судай сіңіп, балдай батып!
«Ынтызармын... Мәңгі солай...»
Айтқан сертің есімде әлі,
Сені күтіп жайқалып тұр жанның жайлау-жасыл бағы...
Үнсіз күткен соншама жыл орындалып бар арманың,
Бақытты бір күндер өтті...
Бірақ алып қала алмадым!
Екі айырылып кеткен жолдар қосылмады кезіндегі,
Қалғаны тек - жүректерде толқып жатқан сезім көлі...
Бақытыңа жеткізбестен күніне сан өтіп жүрер,
Аңғал басқан бір қадамың ғұмыр бойы өкіндірер!
Бұл әлемнің бақ-байлығы шын сүюге жетпейді екен,
Шын сүйген жан ғұмыр бойы көз алдыңнан кетпейді екен.
Жүректі езер сағыныштың сарынын да баса алмайсың,
Қанша алыстап кеткен сайын-сонша жақын...
қаша алмайсың!
Дәл осылай жыр жаздырып, бітіретін сезімге тіл,
Қайтем енді, мұңлы жанар үнсіз жылап көзімде тұр...
Дәл осылай түн кіргенде бір мұңлы әуен есік ашар,
Елемейін десем дағы сендік сүю десі басар.
Дәл осылай жүрегімде бір дария толқып ағар,
Ай жүзеді айдынында, айнам менің, жалқы ғана...
Екі дүние шетіндегі екі нүкте-екі сенім,
Мәңгі осылай тұрар лаулап, қалғанша өмір оты сөніп!!
Сағындым ғой...
Сөзден басқа не бере алам енді саған,
Мен бір бейбақ алыстаудан бақыт тапқан жол құсаған!
Тауып алып, жоғалтудан қасыретті мезгіл бар ма,
Жүрегімнің дауасы жоқ өзің жайлы сөзге уланған...
Сәл қалғысам адастырып әкетердей сұры тұман,
Сен аттанған соқпақтардың ұстап жатам бір ұшынан.
Қайырыла соғармысың... Ол да үміттің нышаны да, .
Үнсіз өксіп тұрармысың тағы менің құшағымда...?! ... !?.
Сен сүйетін сол түнгідей жарық, көркем, айнала бақ,
Тағы жалғыз тосып тұрмын толықсыған айға қарап!
* * *
Келеді тағы міне іңір кіріп,
Белгісіз бір үрейді тірілдіріп!
Тосамын...
Көздерімнен бұлақ ағар,
Сен жоқсың,
Келмейтінің түңілдіріп!
Баяғы жалғыз қайың,
Жалғыз менмін,
(иісі мұрныма кеп жалбыз көлдің.) .
Батыстың жанып түскен жарқылынан,
Ендігі ататұғын таңды іздермін.
Қоюлап бара жатыр түн бояуы,
Іңгәлап қоя берді мұң да оянып...
Байғыздың дауысынан қуат алып,
Белгісіз көлеңкесін үн жаяды.
Көзімде қалды соңғы сөнген арай,
(іңірдің шып-шып толып мелдегені-ай!) !
Мендегі сағыныштың қуатынан,
Жұлдыздар жамырайды жерге қарай...
Сәуледей құс жолынан жатқан құлап,
Біздерге атпас енді ақ таң бірақ!
Сонау да бұлдыраған ақ қайыңдар
Сонау да құлдыраңдап аққан бұлақ...
Қою түн.
Жұлдызды аспан қосар көрік,
Бойыңды улайды бір масаң желік...
Апыр-ау, тосқаныма мың жыл болды,
Мені ертіп әкетесің қашан келіп?
Келеді тағы міне іңір кіріп,
Белгісіз бір үрейді тірілдіріп!
Тосамын...
Көздерімнен бұлақ ағар,
Сен жоқсың,
Келмейтінің түңілдіріп!
* * *
Қыраулы Алтай.
Ымырт.
Жалғыз...
Жым-жыртта,
Оңашалау ой кешемін өзімді жеп, түнді ұрттап...
Жер көтермес жалғыздықтың тастан да ауыр салмағын,
Жан дертімді, қасыретімді, жүрегімнің арманын-
Кімге айтармын...
Өзім үшін жаратылған өзімнің,
Мұң-қайғысы қандай батпан
Сезіндім!!,
Сені іздер ем «тос» дегенсің, «тос,-дегенсің,-қайырын!» !
Тоса-тоса күнге қаңсып тозып бітті қайығым...
Мың жыл бойы күттім сені, мың жыл бойы сағындым,
Және мың жыл қасіретіңнің ошағында жағылдым...
Күндер зулап... Айларды аттап, жылдарды алға сырғытып, .
Сені іздеген бір зағип жан ескі аулаңда тұр күтіп!
Күту...
Күту...
Еһ, қаншама тозбайтын бұл тағаттар,
Тоса-тоса қалғып кетті қанша минут, сағаттар?! ... !?.
Кәрі уақыттың да маңдайына әжім түскен жыпырлап,
Кері қайтуға дәрмені жоқ, озады алға тыпырлап...
Мендік арман шексіздікке созса да әлсіз қолдарын,
Бастап жетті бұл ғасырға мың жылдықтан жолдарым!
Жырға қосып көктемдерді, күрең күзді, ақ қарды,
Сен туралы ойландырып кеттім қанша бақтарды?
Сен туралы жырымды оқып тыңдаған жан бал жұтар,
Маған ынтық болып қалған іңірде сан сәмбі тал...
Қызғанарсың қылығынан құрсауында үндердің,
Маған ернін төсеп тұрған көктемдегі гүлдердің?!
Сендіріп ем мәңгі сүйер махаббаттар жайлы оны,
Аяулысы деп білді екен қанша түндер ай мені?!
Тоңдыра алмас мезгілдерден ұшқан суық қар-ызғар,
Еһ, сен жайлы қыраулы Алтай айтады сан аңыздар...
......................................................................
Сені іздер ем «тос» дегенсің, «тос,-дегенсің,-қайырын!»
Тоса-тоса күнге қаңсып тозып бітті қайығым...
Тоса-тоса қара шашым ақ селеудей ағарды,
Қарай-қарай жолдарыңа мұнар басты жанарды.
Жылай-жылай тарс ұмытып күлкіні,
Ойлай-ойлай мәжнүн болып бір күні-
Сенің емес, қара жердің қойнын ақыры ашармын,
Тосам сосын...
Қабіріме гүл шыққанша тосармын!! ..
* * *
«Шыңында өскен Алтайдың сіз бір шынар»,
Жүрегімді осы әуен күнде бұрар.
Біз кездесер шақ алыс қалыпты ғой,
Өткен дәуренге өкініп жаным жылар.
Мың жыл бойы сағынып жүргенімде,
Тым болмаса түсіме кірмедің бе?
Сенің үшін туылып,
Өмір үшін,
От басып кеткенімді білмедің бе?
Жанарыңнан сағыныш тамса көлі,
Жырымды оқы,
Жаныңмен аңса мені!
Дидарыңа суарып рухымды,
Тым болмаса бір көріп қалсам еді?! ...
О, соншама нап-нәзік жүрегіңнің,
Орындамай кетті екен тілегін кім?!?
Саған титтей қиянат қимас едім,
Қаталдығын білсем де бұл өмірдің...
Періштедей бейнеңнен мәңгі айналдым,
«Сүйем» деген сөзіңе қанбай қалдым.
Таңы болып аттың сен қай өлкенің,
Жары болып кеттің сен қандай жанның?!?
Музам менің, жаныма ән себелер,
Жалғызым ең, өлгенше аңсап өлер.
Жараланбай жүрегім қалар ма еді,
«Іздеп келме» демеген болсаң егер...
* * *
Сағындым ғой,
Сарғайдым ғой,
Қайда жүрсің,
Қайдасың?!?
Қайсы гүлдің күлтесіне нұр боп қондың, айнашым?!?
Атар таңға үміт артып, үзілердей елжіреп,
Қайсы ағаштың жапырағында тұрсың, айнам, мөлдіреп?!?
Жалғыздықтан қажыдым мен, жалықтым һәм тарықтым,
Сенсіз мынау бұл жалғанның не мәні бар-
Жаңа ұқтым!
Құшағынан қашып шығып, тыным бермес ой-құздың,
Жасырынып қалдың ба, әлде, әуенінде байғыздың?
Мұңға жақын нәзігім ең, сағыныштар сарғайтқан,
Сағыныштар сарғайтқан сол әнді үзбей мәңгі айтқан...
Жоқ, әлде сен мен сияқты сапарларға аттанып,
Зарыға аңсап жүрдің бе екен өзегіңді шоқ қарып?!?
Асулардан ассаң-дағы, ұзақ сапар бассаң-дағы,
Жалғызым,
Шаршадың ба сағыныштың жолдарынан мәңгі ұзын...?! ....
Аңсауларға тосулардан туған қайғың жамалып,
Аңсауларға тосулардан туған қайғың жамалып,
Қайсы түннің құшағында тұрдың екен қамалып?!?
Мен жолдаған хаттардағы жаның иіп сөзге асыл,
Өзен болып ақты ма, әлде, жастығыңа көз жасың?!?
Қорықтың ба, жоқ, мезгілге жасырынған,
(әй, қайдам...?! ...)
Үнсіздіктің ішіндегі жан шошытар айғайдан?
Көкірегіңе байланған шер, жанарыңа қайғы алған-
сол сәттерің,
Сағынышпен толтырдың ба ғұмырыңның дәптерін?!
......... ....... ............... .......
Сағындым ғой,
Сарғайдым ғой,
Қайда жүрсің,
Қайдасың?!
Қайсы бақтың құзырына гүл боп өндің, айнашым?!?
Аңсадым ғой,
Сол аңсарым-кристалдай мөлдір мұң,
Жалғыз сөздей дамылдаған ұшындағы ерніңнің?!?
Сен келер деп жол біткенді тосып жүрмін қырларда,
Сен келер деп күн біткенді қосып жүрмін жылдарға...
Сен келер деп гүл біткенді үзіп алдым бөктерден,
Сен келер деп нұр біткенді жиып алдым көктемнен!
Сені сүйген жүрегімнің тіл қатам деп үнімен,
Сен келер деп ұйықтағам жоқ, айнам менің, түнімен...!! ...
* * *
Тосам сені кешкі ымыртта, сол қайыңның түбінде,
«Сүйем...» дейтін сол дұғамды мың қайтара күбірлеп...
Жапырағымен жанымды орап, саясына ап жалғызды,
Бірге күтіп тұр қайың да маған ғашық сол қызды.
Шашып жусан әтірлерін айналама уыстап,
Алуан шөптер тосуда үнсіз қолдарына гүл ұстап!
Сен адасып кетпесін деп еш қыбырсыз, алаңдап,
Ақ қайыңның жапырағына қонып отыр самал да...
Көбелектер көлбең етіп, ебелектер елбең етіп,
Елеңдеп,
Сені тосып жүрміз тілсіз бәріміз де «келер» деп...
Жетсеңші енді, желге мініп, жетегіңе ап мың пырақ,
Дидарыңнан ай оянып, жұмақ иісің бұрқырап!
Сонау жұмбақ мекендегі сонау жұмбақ тұраққа,
Айналайын, айнам менің, кел,
Келе ғой,
Кір, аттап...!! ...
Тосам сені кешкі ымыртта, сол қайыңның түбінде,
«Сүйем...» дейтін сол дұғамды мың қайтара күбірлеп...
Аспан да үнсіз аңырады, тастар тілсіз бағынады,
Жолыңа,
Сені күтіп тұр-ау бәрі жүрегін ап қолына!
Маған қашан жүзін келіп жуады деп айнашың,
Бұлақ тіпті мазамды алды,
Айтшы, сәулем, қайдасың?!
Тоса-тоса тағатынан қалған сынды қалжырап,
Біздің ана-самырсын да бұтақтары салбырап-
Мүлгіп отыр қарт әжемдей айғыз-айғыз әжімі,
Әттең, жылдам жеткеніңде күлер ол да жазылып...
Сен келер деп қарап шаршап, көзін алмай жолға көп,
Оркестрін дайындаумен қара шегіртке ол да әлек!
Әупілдекте үн жоқ қазір, сабырынан тозғандай,
Ұясында сені күтіп жатқан шығар қозғалмай.
Сені іздейтін сыңарына қолы жетпей шөлдесе,
Байғыз да енді шақырмайды, айнам менің, келмесең...
Көңіл шіркін, тағат таппай, өмір таңы атпастай,
Елеңдеп,
Сені тосып түрміз тілсіз бәріміз де «келер» деп...
Сонау жұмбақ мекендегі сонау жұмбақ тұраққа,
Айналайын, айнам менің, кел,
Келе ғой,
Кір, аттап !!!
* * *
Алтай.
Түн.
Қыраулы түн.
Сұп-суық түн....
Мұңлы түн,
Сағыныштың кесесінен у жұттым ба бір жұтым?!?
Далада қар-
Аппақ арман,
Аппақ...
Аппақ...
Кіршіксіз-
Онда өмір көктеп жатыр жапырақсыз, бүршіксіз...
Бір ғана түс-мың бояуға бергісіз сол аппақ гүл,
Қаңтар түнін нұрға бөлеп келеді өсіп қаптап бір!
Жүрекшесі ай нұрынан, күлтесінде-ақ уыз,
Иіскегісі келеді оны мынау қаңтар тәні-мұз.
Баяу сырғып ағып өтсе үнсіз жаяу бұрқасын,
Сағағына қар қонақтап, аяз сүйген ұлпасын...
Бұтағынан аспан бүрлеп, жапырағынан ай тамған,
Тамырынан жер қуат ап, жұлдыз біткен жайқалған-
Еһ, қар гүлі!
Сені қайдан көрдім екен,
Азабым-
Енді сені аңсауменен білем жанның тозарын...?!.
Онсыздағы сағыныштар өлкесінде күн кешкен,
Менің мұңлы тағдырыма қаншама сор мінгескен?
Жапырағыңа жаным жанар, топырағыңа қаным тамар,
Қайғылым-
Сені іздермін жер бетінен серік етіп ай нұрын.
Қара түннің қабатынан, қам-қайғының тағатынан
Үзілген,
Көрдім ғой мен зарығуды, сағынуды жүзіңнен...
Мені тапқан іздеп жүріп осы түннен сен емес,
Осы түнде іздеп жүріп жолыққан да мен емес!
Күннен де асқақ, түннен де зор, жырдан сұлу, нәзігім,
Менің қаңтар көңіліме құйдың қайдан жаз үнін?!
....... ........ ......... .........
Әлемдегі әсемдікті құшағына ап паңдана,
Ай астында жатыр ұйықтап кермиық сол кең дала.
Түн.
қарт Алтай...
Бозғыл мұнар ішінен
Жоғалтып ап сені бүгін іздеп жүрген мен ғана...
* * *
Есігіңді мен қағайын,
Саусағымен үмітімнің.
Төгер ме екен жанға арайын,
Махаббаты нұрлы түннің?
Ашармысың,
Әлде, үнсіз,
Қалар ма еді сол босаға?!
Сөйлер ме еді саған тілсіз,
Жаныңа ешкім бармаса да...
Әлде, көңіл қаяуымен,
Аттанарда жүрек сазып-
Сағыныштың бояуымен,
Босағаңа өлең жазып...
Сарылған сол сағынышын,
Жамылып ап аязда асқақ,
Аулаңа айтып жалынышын,
Мұңға толы бір ән бастап...
Үнсіз мүлгіп отырармын,
Қарсы ап қала нұрсыз түнін.
Теңізіне батырар мұң,
Сенің ескі үнсіздігің!
Сен де оны сезінерсің,
Көзің жұмсаң, мен көлбеңдеп.
Түйсігіңмен езілерсің,
«Келші енді...
Келсең...
Кел...» деп.
Айта алмайсың оны бірақ,
Айтқызбайды ұяңдығың.
Ескі мұңға жаның құлап,
Саумалап тек қиял жібін...
Есігіңді мен қағайын,
Саусағымен үмітімнің.
Төгер ме екен жанға арайын,
Махаббаты нұрлы түннің...
* * *
Қар қызы...
Қыраулы Алтай...
Ай да аппақ,
Қар бетінде миллион сәуле ойнақтап,
Сағыныш боп жүгіріп жүр,
Жүгіріп
Шақырады мені сонау-у...у айлаққа!.
Мұз шатырлап, өзен сынған суықта,
Қарт тоғайдың құшағына түн ықтап...
Еһ, қар қызы,
мені тосып тұрсың сен,
Жасырынып ай жұтылған ымыртқа!
Кірпіктерің ақ қыраудан,
Деміңнен--
Өзен бойы...
Аппақ тұман себілген!
Ән саласың, сенің әнің ауада
Мың миллион күміс шықтар төгілген!
Ән саласың, бар әлемді жаулаған,
Сиқырлы саз...
жүрегіммен ауланам!
Сағыныш боп кеткен, сосын, бұл дүние,
Ыңырсиды-ай өзен, тоғай...
Тау... Далам.!! ...
Аспан астын ұлпа мұңың қабыздап,
Қара тас та үнсіз жасын тамызған...
Жер бетінің тірілтуге мейірін
Біз оралып қайта келдік аңыздан!
Алтын кесе айдан мөлт-мөлт тамып кіл,
Бұл әлемді нұр-сұлулық қағып тұр.
Жүрегімнің құлпын аштым...
Жоғалам
Өзімді осы жұмақ түнге алып бір!!
Сонау-у қырдан жеткен осы аймаққа,
Әуен де аппақ, әлем де аппақ,
Ай да аппақ...
Еһ, қар қызы...
Аппақ нұрдан жол жасап,
Мені тосып отырсың сен айлақта!
* * *
Сен ән салшы...
Тым мұңлы, терең... Ауыр...
Ойға батсын ой дағы,
Өлең...
Ауыл...!! ...
Ән салшы,
Мынау шулы дүниенің,
Екеуіміз бөліп алып бір үйегін -
Елең етпей еш үнге, еш дүбірге,
Өткізейік оңаша кешті бірге!
Басқа дауыс, әуеннің бәрін басып,
Қалсын сазың биікте дамылдасып!
Қасқа бұлақ суындай мөлдіретіп,
Сен ән сал, бар әлемді елжіретіп!
Көгілдір көктемдерді жасыл қанат,
Алып кел сонау-у мұңлы ғасырға орап...
Сенің зарлы сыбызғы дауысыңнан,
Сеземін ғұмырымды тауысылған...
Сен ән салшы,
Атар таң келер қашан,
Осылай кешкі ымыртты жеңер ме сам?!
Жалғанның жалғандығын сезіне алмай,
Сарқып ішіп сайтанды сөзі балдай-
Осылай өмір сүре береміз бе,
Осылай сенбей тұрып сенеміз бе?!
Сен ән салшы,
Қуылсын тәмәм күдік,
Тұрар дейсің қашанғы қараңғылық?!?
Бақыт жайлы айтармыз аман болсақ,
Бұл дүниенің ұяты бозарғанша...
Қорғасындай ауырлар қайран жүрек,
Жанына жалғыз түйір тозаң қонса!
Сен ән салшы,
Айтылмас сөз қалмасын,
Қараша бұл...
Кетер ме жазға алмасып...?! ..
Жыл құсының келерін-сағынышын,
Қайтқан шағын қайғыдан қанып ішіп...
Мезгілдердің мекенмен қауышуын,
Бояулардың мәнерін, дауысы, үнін...
Жыл құсы жылына бір ұшып келіп,
Қайта кетер мекенін құшып болып!
Ал, сағыныш бір кетсе оралмайды,
Жаралы аққу...
Көліне қона алмайды...
Сен ән салшы,
Бақытты сезінейін,
Егілейін, жылайын, езілейін!
Әлдеқайда ұмытқан жоғым бар-ды,
Іздей-іздей жоғымды көңіл қалды...
.............................................
Сенің зарлы сыбызғы дауысыңнан,
Сеземін ғұмырымды тауысылған...
Сен ән салшы...!! ...
* * *
Сені тағы сағындым.
Жоқсың бірақ...
Қарағым,
Сен келмеген сайын мен тағатсыз боп барамын.
Қайсы ағыстар ағызып, бет алдың қай бағытқа,
Әлде, ұшып жүрсің бе кеңістігімде қалықтап?!?
Ізгіліктің алдында аласарған, кішірген,
Мынау дулы аламан...
білем, жоқсың ішінде...
Табиғаттай тап-таза аңқау, адал көңілмен,
Тілейтінің-тыныштық, ақша қардай себілген.
Азандағы
Және де қараша айын қымтаған,
Әлі таптап өтпеген қадамы ауыр мың табан...
Бар жалғыздық және де ымырт жапқан таулардай,
Тауға жалғас жападан-жалғыз қалған баулардай!
Таң атқанда ең соңғы қалған жұлдыз нүкте боп,
Бар жалғыздық,
Тыныштық...
Одан басқа түк те жоқ!!
Мен аңсаған өмірді сен жүресің қиялдап,
Ол ғой алыс,
Тым алыс...
Бізді әкетер қиянға ап!
Еһ, сол күнге жетем деп, мен келемін тепеңдеп,
Суық қолы мезгілдің қай мәнімді көтермек?!?
Жеткізбейтін жолдарды қуалаудан жалықпан,
Себебі: оның бойында мен тынығар табыт бар...
Сені тағы сағындым...
Жоқсың бірақ, алтыным,
Жүрегіңді жып-жылы,
Жанарыңның жарқылын
Атқан таңнан іздедім,
Батқан күнмен батармын,
Қарға оранған Алтайдай үнсіз тосып жатамын...!! ...
Сені тағы сағындым...
* * *
Қыраулы Алтай.
Қарлы кеш.
Мұздай іңір....
Жаны-құс,
Кезіп жүр сол Алтайды қанаты аппақ сағыныш!
Қара түнде адаспас,
жанарында таң нұры,
Таң нұрының ішінде бір ақынның тағдыры!
Қағылғанда қанаты тұмандарда от өріп,
Сол ақынның жүрегін келеді ұшып көтеріп...
Махаббаты іздеген әлемде жоқ бір ұлы,
Бұл әлемде және жоқ қонақтайтын тұғыры...
Тәңір өзі ақ қанат көбелек қып ұшырған,
Тамылжыған көктемдер гүлден сауға ұсынған!
Жаздың жасыл дәптерін мың бояумен толтырған,
Жаңбыр болып себелеп, самал болып алқынған.
Жағаласып күзбенен жапырақты құлатқан,
Бояулармен сарғылтым мұңлы өмірді жылатқан.
Жырдай таза кіршіксіз, нұрдай жеңіл үлпілдек,
Қалың қар боп Алтайды басып қалған бір түнде...
Әлі ешкімдер айтпаған әуездер бар даусында,
Кеткен сосын айналып өзі бесінші маусымға.
Уақытқа тәуелсіз, кеңістікке тән емес,
Әрі мұңлы әрі асқақ, әрі шындық, әрі елес...
Мың жылдықтар керуенін жеткен мұнда жетелеп,
Мезгілдерге айтары симайтындай өте көп!
Үнсіз кеткен қалқаның хабарындай тым сирек,
Аз шаттығы өмірдің алға қарай жүр сүйреп....
Қыраулы Алтай.
Қарлы кеш.
Мұздай іңір....
Жаны-құс,
Кезіп жүр сол Алтайды қанаты аппақ сағыныш!
* * *
Сенің қара шаштарыңдай қою, сүмбіл, тұңғиық,
Келе жатыр ақырындап нөсерлете түн құйып...
Тосам үнсіз жүрегімді жөргек етіп жаям да,
Мелдеп келген қасиетті қара барқын бояуға!
Төгіліп бір зәу биіктен құлап жатқан өзендер
Ағып әлі жетпеді ме еріндерге кезерген?!?
Мың миллион шолпыларың тағып алған шашыңа,
Жұлдыз ба әлде, алтын Алтай тасы ма?!?
Болмаса әлде маңдайыңнан сорғалаған лағыл ма,
Үміт пе екен көздерімнен жанып түскен жалындап?!
Мейірімді дидарында ынтық жанның бәйіті бар,
Сенің нұрлы көздеріңдей қашан күліп ай туар?!
Нұрлы күлкі...
Және мұң бар перделенген аз ғана,
Мен ғашық жар сол жанарға өмір оты маздаған?!?
Онда менің іздеп жүрген тағдырым бар бір бөлек,
Шалғайларда жанар солай үнсіз сөйлеп түндегі от!
Ай туғанда сонау-у аспан дидарыңдай өзгерер,
Симайтұғын сұлулық ол әлемде еш бір сөзге де...
Мені өзіне құлатады құштарлықпен үйіріп,
Бетіңдегі күлген кезде мың құбылар иірім.
Жанымменен жатам сүйіп, жүрегіммен сенем де,
Мынау дүние саған қалай өзгерді екен е, демде?!?
Сенің қара шаштарыңдай қою, сүмбіл, тұңғиық,
Келе жатыр ақырындап нөсерлете түн құйып...
Енді менде тағат та жоқ, ақыл да жоқ,
Безінген,
Өмір сүрем жалғыз ғана өзіңе ынтық сезіммен!
Бақыт жайлы айта берсін көпіршіген еріндер,
Маған бақыт-көзіңдегі мені сүю төгілген...!! ... !
Жалғыздығым өзің жоқта дәл өзіңдей ес қатар,
Бола берсін енді маған ағайын-жау, дос-қатал.
Мені сақта, ұйықтайыншы құшағыңа тығылып,
Өлең жаза берем енді кірпігіңе сүрініп!
Мен ешкімге сенгенім жоқ дәл өзіңе сенгендей,
Мен ешкімді көргенім жоқ дәл өзіңді көргендей...
Жанымдағы от па, су ма, күй ме, ән бе, өлең бе,
Бәрі саған...
Бәрін саған бердім...
Маған «сенем» де.
Сенің қара шаштарыңдай қою, сүмбіл, тұңғиық,
Келе жатыр ақырындап нөсерлете түн құйып...
* * *
Алтайға қар жауып тұр...
Көбелек қанаттарын қағады тынымсыз дамыл таппай,
Сансыз ақ парақтарға жүрегім жазған хаттай.
Аттанып баратырсың тағы да сапарға сонау алыс,
Өзіңе беймәлімдеу, бірақ та етене маған таныс!
Ақ мұнар арасына біртіндеп сіңіп кеткен,
Бейнеңді сезінемін-қарайды күліп көктем...
Жүзіңде тұрған ұйып жастықтың нұрлы шағын,
Сағына еске аламын-сарғая мұң жұтамын.
Қасыңа барушы едім көгілдір көктемді іздеп,
Саған кеп қонақтаған, алыстап кеткен бізден!
Уыздай ерніңдегі елітер гүлдің дәмі,
Ара ма, көбелек пе, ақын ба, кім жырлады?!
Әлемнің бар бояуы бір соған бағынышты,
Көзіңе қайдан құйып алғансың сағынышты?!
Алтайға қар жауып тұр...
Кеңістік көз жеткісіз көміліп ақ тозаңға,
Ақырет алдына кеп бас иіп жатты азанда!
Тұрғаным-ескі бекет.
Талайды аттандырған,
Еденін сан жолаушы асыға таптау қылған.
Сан жігіт аттандырған сүйгенін өз қасынан,
Сан қыздың куә болған төгілген көз жасына...
Қараймын терезеден ақбас тау-қарлы Алтайға,
Ақ тонын қаусырына ұйқыда, шал жантайған...
Ғасырлар қасіретін, қайғысын, қуанышын,
Шаршаған ақырында қарсы ала құрақ ұшып!
Болғаны— бұл күндері өмір-мұң, көңіл-сіреу,
Есігін қақты ақырын мүлдем жат бөтен біреу...
Алтайға қар жауып тұр...
Аппақ қар-шағалалар қаумалап сені құшып,
Барасың тым шалғайға солармен бірге ұшып...
Білгейсің, аппақ қарға сіңген сол көлігіңнің,
Ішінде бірге кетті бар мәні өмірімнің!
Білмеймін, құшағыма қыстым ба, қыспадым ба,
Ұшынан саусағыңның қоштасарда ұстадым ба?!
Баяғы ескі бекет, кете алмай қиналамын,
Жаныңа мұндай шақта бәрі де жиналады...
Медеу қып жанарыңмен «тос» деген лебізіңді,
Өшірдім сансыратқан санадан көп ызыңды!
Өзімді алып қалдым, сол сөзді тоқтау қылып,
Оралар сапарыңа қойдым да аттандырып!! ...