Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Нұрболат ӘБДІҚАДЫР: «Бұлтым жүр менің басымда...»

1971 жылы 20   маусымда ҚХР, ШҰАР,  Іле қазақ облысы Текес ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Іле педагогика инстутының филология факультетін  бітірген. Қазақша, Қытайша көптеген альманахтарда өлеңдері жарияланған.
«Жарыққа ғашық осы адам» (2001), «Сәулем маған шөлдесе» (2004), «Ауаға жазылған жыр» (2009), «Ауаға жазылған жыр» (2014, Алматы «Атажұрт» баспасы) жыр жинақтарының, «Жанғабыл шешен» (2013) танымдық кітаптарының авторы. «20-ғасыр Қытайдағы қазақ жазушылары» (2007) және «20 - ғасыр Қытай қазақ аудармашылары» (2010) томына өмірбаяны  енгізіліп, суреті басылған.
Қытай мемлекеттік аз ұлт жазушылары одағының, Шинжияң жазушылар қоғамының, Іле облыстық жазушылар қоғамы мен фольклоршылар қоғамының мүшесі. «Іле кеші» газеті мекемесі қазақ редакциясының әдеби редакторы. 

ЖАРЫҚСЫҢ О ДҮНИЕ, БҰ ДҮНИЕ...

Өлең жазу ақынға арман деуші ем, 
Нұрлымын, 
атымда нұр бар болған соң. 
Әуелгімше өнбейтін дауды қуып, 
Жанжалға еріп жөн бе еді жалғанда өлсем. 
 
Мен өлген боп, 
өлмеймін барып – барып, 
Қабырымнан тұрамын жарықтанып. 
Жаным гүлдей құлпырса, 
Көргім келмес 
Түндемін деп тұншыққан ғарыпты анық. 
 
Түу бастан тұлғаландым жарықты ішіп, 
Өлді дер өңкей білмес табыт құшып. 
Түннен күнге шықсам ғой, 
жауларымның 
Жүрмес пе екі көзі ағып түсіп?! 
 
Періште, 
Жын, 
Адамға кімім ие?! 
Жарықсың о дүние, бұ дүние! 
Хақ мені бір тылсымның қорғайтыны, 
Көктегі рухым райыс - тірі кие. 
 
Түнді сүйсе жын сүйсін, 
жаным жарық, 
Оянам бір ұйықтап ап, 
тәнім қалып. 
Мәпеден бір кенде емес мен баласын, 
Екі әлем сонсоң тербет бауырыңа алып! 
 
ЖАН МЕН РУХ
 
Жүрегіне қайғы тұнған еркекпін, 
Қайғы отынан жаратылған мөлтекпін. 
Тамып кетіп тамшылары қайғымның, 
Жанып кетіп, өңіріңді өртеттің. 
 
Түгесілмес тамып қайғым тамшы боп, 
Тамшы нұрдан ақ ауаға ән сіңед(і). 
Көкірегіме қайта қайтқан күй құрлы, 
Қайғым қонар қуанышқа қоңсы кеп. 
 
Қуанышым – қуанышы жырымның, 
Қайғымды, рас, қайғысы біл бүгіннің. 
Қайғым менің қуанышым сондықтан, 
Қуанышы құндақталған кіміңмін? 
 
Жыртық – жыртық шаттықтарын пенденің, 
Малданбаспын таусылғанша өз демім. 
Рухы өлмес өр оғылан бола алсам, 
Жанды ағашпен тең емеспін, сезгенім. 

ТАМҰҚ ПЕН ЖАРЫҚ

Жырыма түннен қуат алғаныммен, 
Түн құрлы отаспаймын жалғаныңмен. 
Мен жарыққа ғашықпын! 
жарық ауа — 
Ертеңгі еркіндігім, 
арманым ба ең?! 
 
Ей, ақ бұлақ, сөзім жоқ бұған бола, 
Тастан тамыр іздей жүр құмарлана. 
Табытқа бас ұратын болмаған соң, 
Жарыққа ғашық ақын — біреу ғана! 
 
Тәнімді тапсырсам да түн –көріме, 
Рухым тамызар нұр күн – жеріме. 
Тағдырымда тамыр бар, 
жапырақ бар, 
Жерде яки аспанда бүрледім не? 
 
Болмаса, өмір сүріп түнде жүрмін, 
Жарымы түн ғой өмір күндерімнің. 
Тамұқ түн маңайлама жын құсамай, 
Жарықтың құн – қымбатын білген ұлмын. 
 
Менікі болады әлі ай да, күн де, 
Айға, күнге қол жетсе арманым не? 
Түнге айналмай тұрғанда өзіңді тап, 
Үнімді үнсіз ұрттап ап самға бірге! 
 
БАСЫМДА МЕНІҢ БҰЛТ ЖҮР

Бұлтым жүр менің басымда, 
Мұзарттың бір шоқ бұлтындай. 
Бұл бұлтым солай қап қойған, 
Ыдырап барып жыртылмай. 
 
Жаусаң жау тағы от сілтеп, 
Жасындай құдды өткірлен! 
Басымдағы бұл бұлтымның, 
Жауғанын ешкім жоқ білген. 
 
Бұлтыңнан айырам дегенің, 
Айырам дегенің ұлтыңнан. 
Бұлтымнан мені айырма, 
Айырма мені рухымнан! 
 
Бастағы бұлтты бақ көріп, 
Қыдырдай қарсы алдым ғой. 
Бұлт бергенге беретін, 
Бір құдай өзің мәңгім ғой! 
 
Болайын мен-ақ бейбағың, 
Басынан бұлт кетпеген. 
Басымнан бұлт кетпесе, 
Тұтасып кетем көкпенен. 
 
 Жарыққа ғашықпын!
 
Өлімді түн десем құп көргін, 
Өмірім - күн көсем, нық белгім. 
Арымды махаббат нұрлантып, 
Бақидан шапағат күткенмін. 
 
Ал, мені нұрлы ақыл көктетті, 
Ғапылдар айкәпір боп кетті. 
Жиегім көр емес екені 
Мағлұм боп, 
махшарға беттетті. 
 
Түу бастан періште қалып қап, 
Адам боп туғанын парықтат! 
Жарыққа ғашықтың жамалын, 
Жібергін иллаһи жарықтап. 
 
Жырыма рухым жан басар, 
Кәрі жан жасарып әнге сал. 
Жарығым жарқырап мәңгіге, 
Ақырет нұрымен алмасар.

ЖАРЫҚҚА ҒАШЫҚ ОСЫ АДАМ

Күн - ана жалғыз, Жер - ана жалғыз, жалғыз Ай,
Табиғат жалғыз, әрине, жалғыз, ал, Құдай!

Ана тіл жалғыз, жалғыз ғой жалғыз Құран да,
Бір өмір жауап табылмас жалғыз Сұрауға.

Туған жер жалғыз, Отан да жалғыз, Ар жалғыз,
Ана да жалғыз, Қара да жалғыз, Хан жалғыз.

Батыр да жалғыз, Ақын да жалғыз, Әке де,
Жасайды жалғыз Пенделік атты пәкене.

Уақыт, Арман, Ақиқат, Тозақ, Ұжымақ,
Халық та жалғыз, Ғаріп те жалғыз, қызық-ақ!

Өмір де жалғыз, Өлім де жалғыз, Тағдыр да,
жалғыз екенін мойындау керек Санның да.

Жалғыз Жүрекпен жарыққа ғашық осы Адам
Жап - жалғыз Махаббатына бола жасаған!

ҚОЙ ҚОЗДАҒАН

Қой қоздаған,
Қой қоздаған қараша үй ой қозғаған.
Қозымен бірге ұйықтасам қойным көншіп,
Бір күні жоқ шешемнің мәз болмаған.

Үйге 
аяз құшақтап
атам кірсін,
Атам мені «малсақ ұл» атандырсын.
Кедір – бұдыр қолымен, ауызғы үйде
От көсеп, қиын жағып апам жүрсін.

Қараша үй деп айтқаным жай, әншейін,
Берекемен күн кештік оған шейін.
Астына көгендегі қозылардың,
Бопыр төгіп, бәйек боп қараушы өзім.

Мен үшін далан үй де, қораң да – бір,
Қозы жырлар маңырап санамда жүр.
Ендеше көңнің исі, төлдің исі,
Сағыныш болды айықпас маған қазір.

СІЗДІ МЕН КӨРГЕНІМ ЖОҚ...
Қалмақан Әбдіқадыровқа!


Мен сізді көргемін жоқ, көрмесем де 
Сізді ойлап оңашада ой кешем де . 
Бір әйтеуір жақындық бардай сезем, 
Сіздей еңбек бітіріп өлмесем бе . 
 
Қара сөздің қаймағын қалқып алған, 
Бұл қазақта Қалмақан даңқы бар жан! 
Бар қазақ бір қазақтың романын , 
Бір кем көрмей қастерлер бойтұмардан. 
 
Танымас күш атасын палуан егей, 
Қажымұқан қанға күш, жанға мерей. 
Қалмақан да немене тауды жазған, 
Өзі де тауға айналған арман емей?! 
 
Түк жаза алмай, бөлгенмен түнгі ұйқымды,
Жастанып жатырмын мен “Мың бір түнді”. 
Кенен бір керемет жыр жазбаған соң, 
Менен жыр мың жазылып – мың жыртылды... 
 
«Тәржіманшыл» біреулер, әй, қотарды 
Үлгі етпей Шаһаризада - Қалмақанды. 
Тілдің тұр ғой десі өрлеп, аудармада 
Күн кешер кім мешел боп, ал, қашанғы. 
 
Кім әуел не Махамбет, Қасым болды, 
Адастырып ақылын ашу жеңді . 
Болам-болам деп жүріп, болмай мен де 
Сындырып алар болдым басымды енді. 
 
Біреу ғой Мағжанға ұсап желді жазды, 
Екінші Мағжан тумас – ау енді мәңгі. 
Жек көрмеймін жазғанды мен де өзімдей, 
Өзіңдей Жұмекен шашты мол мұрады. 
 
Жыр айтса Шаһаризада дәл мың бір түн, 
Өң мен түс арасында мәңгірді рухың. 
Кәсіп еткен жоқ едім осы дертті, 
Тұншыққан түк айта алмай қайғым құрсын. 
 
Мойнымды тұрғанында қылыш кеспей, 
Жүрегім тынба, сөйле дұрыс гәпті- ей! 
Жер жастанғыр жауыздық, 
басылман мен, 
Жандағы жақсылығымды ырысты етпей. 
 
ҰШАҚТА
 
Аспанға ұшақ ұшты темір қанат, 
Көлбеген көк жүзіне жаным қонақ. 
Кең сарай көкірегім толды күйге, 
Шабыты шалкөденің жалынға орап. 
 
Бұлықсып, бұлттан төмен жатыр, әні 
Алатау, Алтай, арқа, атырауы. 
Арқаның ақ бұлттары қарсы жүзді, 
Жер болды жердің қара топырағы. 
 
Төсінде сары арқаның ойларым жүр, 
Есілге барып қонып қозғайын жыр. 
Астымда нура тулап, балқаш күлді, 
Шудың зау биігінде самға күмбір. 
 
Аспанға ұшақ емес, өзім ұштым, 
Жадымда жарқылдайды сезім ұшқын. 
Жетісудан шарқ ұрған сары арқаға, 
Көңілі көкті айналған сері құспын. 
 
Деп айтпа енді мені қанаты жоқ, 
Қанатыммен көкке ұштым ораты кеп. 
Таудың көріп келемін тамырларын, 
Даласы жетісудың жанатым боп! 
 
Пай! пай! қазақ даласы, кең өлкеңді 
Шарлап келем бетке алып мен ертеңді. 
Үстінен ұшып келем бұлттардың, 
Түсірмей жер - анаға көлеңкемді. 

АҚ ШАҒАЛА

Сен мені, 
мен де сені танып қалам, 
Шағала! 
есенбісің? 
шарықтаған. 
Қараймын кірпік сүзіп, жел көтерсе 
Бір қақпай қанатыңа қалықтаған. 
 
Есілде қанат қаққан ақ шағала, 
Кел бермен, 
жақындай түс, 
жат санама. 
Адасып келмегенім анық саған, 
Қондырған мені де әкеп, хақ тағала. 
 
Арқадан жел еседі еркелеткен, 
Айналып сен ұшасың «Бәйтеректен». 
Тәбиғат бір тағдырға бізді теліп, 
Өзіңдей өзімді де көркем еткен. 
 
Қонақтап бұлт отыр шар басымда, 
Үзілмес үмітімді жалға шыңға. 
Сен мен боп, 
мен сен болам ақ шағала, 
Танымай, 
ақ шағала! 
қалғасың ба? 
 
Шығысты шыр айналып келгем саған, 
Білсең ғой, 
мен де есілмін ой қоршаған. 
Адаммын, 
ақ шағала, 
арманы асқақ! 
Ғашық боп мен де аспанға қалғам содан.

ХИКМЕТ

Сәби ғой, өзінде жоқ әсілде ерік,
Бір тұқым адамзаттан ашылды өніп.
Ең кішкене тұрғыны жер шарының,
Фәниге түседі екен басын беріп.

Бәрібір атомың не, әлемің не,
Барлығы кезегінде теңелуде.
Қаласа бардан жоқ қып өзі әкетіп,
Пақырын АЛЛА әкелер және өмірге.

Жазмыш оны жас дей ме, кәрі дей ме,
Аз мұнша сап қояды әбігерге.
Әбігері түгесе тұзы бітіп,
Шығады мәңгі ұйықтауға тәні дөңге.

Аттанғанда ғайыптың аянымен,
Ашады үнсіз құшағын баяғы дөң.
Соңында пенде байқұс еркінен тыс,
Ақымды аттайды ақыр аяғымен.

Аяғымен кетеді басымен кеп;
Ақыреттің, хикімет, тасын өрлет!
Жырларыммен жатырмын соған дейін, 
Миым мен жүрегімді қосып емдеп.

ҮШ БЕСІГІМ

Тұқымы екені анық тегім жердің,
Әуелі, жанды бесік, өмір бердің.
Айналып өз өсімде, жер форымдас
Анамның құрсағына көмілгенмін.

Анамның құрсағынан жерге түстім,
Тал бесікке сап, Анам, тербетістің.
Жерді Анаға, Ананы Жерге теңеп,
Есейіп, естілермен төрлетістім.

Мен де жердің жер құрлы пендесімін,
Үшінші де тербейді жер бесігім.
Жерден өндім, жерге енді қайта қайтсам,
Торқалы топырақтың теңдесімін.

Анамның құрсағында, әуел, қалқам,
Көміліп көргеннен соң неден қорқам.
Тал бесікте аспанның асты көмді!
Сосын, елді толқытқан өлеңді айтам.

Жүрек сенген жырымда жан бар бөгде!
Таластым тәбиғат боп таңдармен де.
Мен үшін үш бесігім бәрі ұжымақ,
Қара жер құшағына алғанмен де!

АТЫМТАЙ

Ақындарға Атымтайға бармау – мін!
Атымтайды іздейді ылғи ой, қайғым.
Өзімді өзім жеңу ауыр маған да,
Сонда атымтай аңызына бойлаймын.

Атымтайдың аты аңыз боп әлі жүр,
Өсті дейді уызына жарып ұл.
Бір емшегін бір сәбиге бермесе,
Көнбейді екен анасына ол, бәрібір.

Әз ананың омырауын кең ашып,
Екі сәби емсе керек таласып.
Халық айтса қалт айта ма, ал, сонан
Жомарттықпен жолы бопты бағы асып.

Қуанышын бөліскен ғой бүла, пәк
Лезімде елге таралыпты бұл атақ.
Анау әйбәт ауызданып жатса егер,
Атымтай да сорады екен рахат.

Ешкім енді атымтайдай бола алмас,
Соны ойласам жаным жадау, санам мас.
Жомарттықтың не екенін де, анасы,
Атымтайдан үйреніпті ең алғаш.

Өлең жайлы шертілгенде әңгімем,
Сөз бастадым атымтайдай мәңгіден.
Әр жолы жыр жазарымда толғанып,
Атымтайды есіме алам алдымен.

СӘЖДЕМ ҚАРА ЖЕР

Аспан болсам дей ме екен бәрі – бәрі,
Аспан қойға қозы боп маңырады.
Адамның аспан жаққа аузы аңқайып,
Өмірін өткізбей тұр мағыналы.

Қара деп астыңдағы қара жерге,
Өзімше албарынды болам «елге».
Күнде өздері дәлелдеп шалқаяды,
Құдайы болмайтынын одан өңге.

Ұмытып қара жерге қайтарын да,
Мейлінше қара аспанға шалқайуда.
Жер әлдйлер салып ап бесігіне,
Жатқызып шалқасынан ең соңында.

Ақымға кірер және табан жағы,
Жабылғанда пенденің жанарлары.
Әуелі асқақтамай босқа адамзат,
Жерге қарап кіші бол онан−дағы. 

Жер, қызықта! Жоныңнан зар желгенін,
Топырақтан жаралған зәндемдерің.
Еңкейіп маңдайымды тийгізетін,
Қасиетті қара жер — сәждем менің!

МЕН ДЕ БІР ЕГЕМЕН

Жұлдыздар – түндерде,
батады күн неге?!
Ақыным, бірдеңе білмесең, үндеме.
Сағыныш,
санама ұя сап,
құйқылжы!
Махаббат жүректе мәңгіге бүрле де.

Оқырман – ертеңге өлеңім ас деймін,
Ақ қағаз аспанға мен шындап бас қойдым.
Жырымда – бар шыным,
ойымды аршыдым!
Өтінде майданның жан кешкен әскермін.

Ізімді байқар кім?
әр жолмен тайпалдым,
Ақылсыз сезімді өзіне қайтардым.
білгенге өлеңде мен де бір егемен!
Өмірдің бетіне өзім боп айта алдым.

ҚҰЛЖАДА ҚАРАША
  
Құлжада қараша жүр баяу, сылбыр,
Қара күз қысқа ұстатар жоқ - ау шылбыр.
Ең ақырғы еменнің жапырағын,
Жұлмалайды қара жел аяусыз бір.

Жастығыммен, жаныммен өміршеңмін,
Қазанда желтоқсанның лебін сездім.
Өкпегін қарашаның елең көрмей,
Даламның дауылына қолым создым.

Білгенге бірдей емес қыстың кәрі,
Ақ қар кейде көктемнің ұшқындары.
Ақсуға әлде қашан түскен қыстың,
Құлжаны қарымай тұр күшті ызғары.

Арбиған қарағаштың сүйектері,
Мені тәлкек ететін ниеттері.
Ғажабы, құлжадағы қарашаның
Бораны шоқты үрлейді жүректегі.

Қиялыммен құлжада оңашамын,
Кез келген кеңістікпен таласамын.
Бұрмаймын бүйрегімді қарашаңа,
Желтоқсанда жүрген соң болашағым.

 ОН БАЛАЛЫ КЕМПІРГЕ

Бір кемпірдің ақырын,
Айтпақ енді көңілім.
Он баласы бар тұрып,
Місе етпепті өмірін.

Сұрамағам шынында,
Жал – құйрықсыз өлдім, ах!
Ұжымақтың есігі,
Берік болар деп жылап.

Бір болжаусыз тілегі,
Орындалмай, тіпті өлмек.
Он бірінші перзенті,
Шетінесе хұп көрмек.

Кемпірге бұл жақсыдай,
Армансыз боп өткенге.
Өздігінен шейіт боп,
Бір – екеуі кеткенде.

Қу бас бара жатырмын,
Жер түбіне, бәлесі.
Мені ақтайтын балам жоқ,
Деп қиналған жан- осы.

Өз жазығым дейді екен,
Жәннат бақты тар қылған.
Шықпас болды деп кейіп,
Мұның бәрі алдымнан.

Біз білгенде, кемпірдің
Бұнысы не, күнә ма?
Арғы жағын білмеймін,
Сен де, оқушым, сұрама.