Балапан Дәреже Нәбиқызы заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Т. Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету.
Әл-Фараби
Күй қазақтың асылы, аза, жаны,
Әлмисақтан болмысы, ақ-адалы,
Әлемді әлдилеген әуенімен,
Екі ішектің құндақты қу шанағы.
Домбыраның жаны бар сан тараулы,
Ғарышта үні, сыр-мұңы ай қонағы.
Қыранның қанатымен хаса сұлу,
Сыны кетпей, қалықтап шың қонады.
Жүрегіңнің лүпілі жұлдыз барып,
Үлпершекке үлпілдеп үр қонады.
Жан пернесін басқанда қос ішегі,
Денең балқып, көңілің шаттанады.
Дыбыстың сыңғырымен сүзгіленіп,
Қарасудың түбіне қақ тұнады.
Құдіретті қарашы, күй желпісе,
Қоламтадан жалындап от жанады.
Әуен-сарын арбасса иіріммен,
Теңіздердің толқыны тоқталады.
«Көбік шашқан» екпіні айдын көмсе,
Су жадында сұлбасы сақталады.
«Жұмыр қылыш» жарқылдап қос ішекте,
Сиқырымен перненің шыңдалады.
Айбатын асқақтатып батырлардың,
Белдігінде киелі қын қалады.
«Ақсақ құлан» ызасы жай таптырмай,
Күйшінің саусағымен жан алады.
«Тіл бітіп, балаң өлді деп тұрғасын»,
Қу шанақтан Жошы хан құн алады.
Қазанғап күй төресі «Көкілім»,-деп,
Қасіреті пернемен жоқталады.
Бауыр еті баласын еске алғанда,
Қу ағаш күңіреніп мұңданады.
Төрт аяғын тең басқан «Қара жорға»,
Құйрық жалы төгіліп паңданады.
Сауырдан су төгілмес жорғалардың,
Шашасына жұға алмай шаң қалады.
«Шидеме, шегелеме» Науша қыздың,
Айлы түн аялаған ақ тамағы.
«Ақсүйек» іздеп жүріп сынып кеткен,
Өкшесі етігінің саптамалы.
Шегелеген шиіндей күй сазынан,
Ер жігіт сезіміне бақ тамады.
«Нар идірді» жібітіп тас желінін,
Күйшінің кие, дарын, жан амалы.
Ботасы өлген жарықтық, күйге елтіп,
Үрпі айрылып, моншақтап сүт тамады.
«Сарыжайлау» самалды алтын бесік,
Әр қазақты әлдилеп, аялады.
Түтіні түзу шыққан текті жұрттың,
Күй толқытқан жамбасы, жан самалы.
«Сарыарқаның» сарыны ұлт рухы,
Арғымақтың дүбірі ай тағалы.
Дүлдүл демі домбыра кіндігінде,
Қос ішекпен үндесіп бапталады.
Динаның «Бұлбұл» күйі - бұлбұл үндес,
Әнші қыздың дауысы, тас-таланы.
«Адай күйде» - тумыштың тұлпарлары,
Ауыздықпен алысып шаттанады.
Отпан таудың оттары пернеде ойнап,
Дұшпанынан қайтпаған бақ-талабы.
«Көңіл ашар» көл-көсір ұлт көңілі,
Көк орай бүгін, кешегі «Ақ табаны».
Жан еріткен тұяқтың дүбірлері,
Ой-санаңда мәңгіге жатталады.
«Аққу күйі» айдында аймаласқан,
Ғашықтардың ынтызар жұп-тағаны.
Күймен бірге үзіліп, үздігеді,
Қосақталған қыл мойын, ақ сағағы.
Қанатын қағып-қағып мөлдірейді,
Аршылып ақ айдында жан азабы.
Айта берсем күйлердің сыры мұхит,
Айға жетер астары сан-салалы.
Күй дегенің тіршілік кереметі,
Жалықтырмас ешқашан, бір ғажабы !!!